banner-top12

Поэзия photo

Қосқан уақыты Желтоқсан 6, 2014 | 1  215 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Азамат үні

Асқар Татанайұлы
УАҚЫТ, САҒАН ТІЛ ҚАТТЫМ
Уақыт, саған тіл қаттым,
Кеңіте түс өрені.
Өмір – менің қымбаттым,
Жасай бергім келеді.

Тіршіліктің барында
Қалай қалам сөз алмай.
Жазатұғын шағымда
Армандамын жаза алмай.

Ойларымның шырқын ап,
Ойрандадың қаймағын.
Талай жылдар жұлқылап,
Ойлануға қоймадың.

Мәнсіз өткен күндердің
Толтырсам деп орынын.
Мен ғанибет білгемін
Жасауды ой жорығын.

Тамшы қанын жүректің
Алып кетіп жүрмейін.
Аялдамай жыр еттім,
Кәрілік, сен тұр кейін.

Келмейді деп бұл өлім,
Өзімді – өзім алдаман.
Уақыт, сенен тілегім –
Тыныш өмір бер маған.
1982 жыл

МҰҒАЛІМДЕР

Мұғалімдер,
Алдыңда ұлы міндеттер,
Сендерден көп үміт күтеді қалың ел.
Надандық – түн, жыртып тастап пердесін,
Жарық күнге жол ашатын тек сендер.

Үйрет білім, надандық – жау, соғыс аш!
(Түйре жауды, қаламыңмен қарсылас).
Бүгінгі ел шаттық жырын шырқасын,
Өнер – білім өресіне жай құлаш.

Еске алсаң өткен күнді кешегі,
Надан қалыу – кер заманның кесірі.
Кеше қазақ құрық алып қырда өтсе,
Бүгін міне, білімменен өседі.

Надандық – жау, аямаңдар, жойыңдар,
Қаруыңды ал, қайрат көрсет, қарсы бар!
Түсіріңдер нұрлы өмірдің жарығын,
Білім – бұлақ, қайнар көзін ашыңдар.

Кел, білімнің ордасына кіріңдер,
Білім алып, өмір заңын біліңдер!
Білім – өнер, білім – өмір тұрағы,
Білімменен келешегің көгерер!
Үйрен білім, үйрен өзің тағыда,
Өлмейтұғын сонда еңбегің көрінер.
1938 жыл. Қараша.

ЕГІС КҮНІНДЕ
Айланды қырық екінші егіс жылы,
Еңбекпен көтерілді көктем үні.
Тоң жібіп, мұз-қар еріп, су сарқырап,
Ашылды сахараның тегіс гүлі.

Балбырап барлық алап күн шуақтап,
Сағымдап, түсіп жатыр ыстық-аптап.
Мал қунап, қыран шырқап, торғай шырлап,
Бой жазды жатқан аң да інін сақтап.

Еңбектің ен даласын жатыр алып,
Еңбекші шаруақор батыр халық.
Күрсілі күшті қолдың тоңды айырып,
Атыздар түрленді көз жауын алып.

Күн сүйіп, көктеп егін басын жарды,
Жайқалтып көкшіл мұнар сағым шалды.
Ыстық леп, майда желі желпіп сүйіп,
Толықсып сұлу қыздай мың бұралды.

Кәсіпқор шаруаның қан мен тері,
Дүнйені жасартады, көгертеді.
Шаруалар көктемменен тәбиғаттас,
Бір ниеттес,
ұлы еңбек – өмір тегі!
1942 жылы

ТАҢ ҚАЛАМЫН
Тасқын соққан салынды боп,
Күнде ағып сандаламыз.
Жарға ұрылып жағадағы,
Тал шыбыққа қарманамыз.

Сарғаямыз сағым қуып
Шөлейтінде сар даланың.
Шағуымен уланамыз
Шыбын-шіркей, қандаланың.

Өмір – үміт тағы тербеп,
Жақсы оймен қарманамыз.
Ескегі жоқ қайықтайын,
Қалт-қалт еткен жан ғанамыз.

Қайсы біреу біле алмай жүр
Алдамкөстің жалмағанын.
Қайсы біреу мақтанғып жүр
өз туысын қандағанын.

Кейбіреулер қан жұтып жүр,
Құрбаны боп құр жаланың.
Адамға адам неге өшігед?
Міне, осыған таң қаламын!. . .
1943 жылы
МЕКТЕБІМ МЕНІҢ ОСЫЛАР
Оқыдым біраз 《әліп, би》①,
Жұмсадым талай ақыл,ми.
Сауат аштым қой хаттық-
Құраннан маған тиген си.
Таппады дауа бұл жүрек
Тыншымады көңіл-күй.

Ғылымға тіпті кендемін,
Құралақан пендемін.
Қолымдағы кітапқа
үңілем,
осы сенгенім.

Досым да болды бұл кітап,
Жасымда серік бұл кітап.
Қолымда күндіз,
Ұйықтасам
Басымда болды бұл кітап.

Үйрендім, жаздым сан рет,
Өрнегім жатыр қағазда.
Оқыдым, жаздым тағы кеп,
Ұйыған жандай намазға.

Оқудан қаза кетпеді,
Оқитын кітап болғанда.
Сонда да көңіл күпті еді,
Сонда да қалдым арманда.

Абай сөзі – ұлы сөз,
Сондай боп дана туса адам.
Ұлы тау, ұлы дариядан
Қанады шөлің сусаған.

Қараңғы Қазақ көгінде
Күн болып Сұлтанмахмұт②-
Сәулесін шашты,
жыр жазып-
білімге жұртын шақырып.

Дария ғой ұлы ғалымдар,
Оқысаң шөлің басылар.
Алдым мен білім осылай,
Мектебім менің осылар.

1943 жылы
САРҚЫЛМАС БІЛІМ БҰЛАҒЫ
Сарқылмас білім бұлағын
Төгіп-шашып жатырмыз.
Табамыз қайдан тұрағын,
Тақырлап алсақ ақыр біз.

Қоймастан қағаз, кітапты,
Сақшылар жинап алып жүр
Мұрасын елдің жұтатты,
Алғанын отқа салып жүр.
.
《Советтен келген кітапты
қоймаймыз》десіп бөседі.
《Тініткенде шықса үйіңнен,
Түбіңе жетем》деседі.

Өртеген, құртқан басына –
Паленің мынау басыма?
《Әділетті》 айтып жатады,
Әділет деген осы ма?!
1944 жылы
КӘРІ ДҮНИЕ
Кәрін төгіп кәрі дүние,
Зіркіреді зікір салып.
Жын шақырған бақсылардай,
Қалтырады буырқанып.

Неге мұнша кәрленеді?
Ұшынды ма ішкен астан?
Сүйрелеген ол қандай жын,
Қол-аяққа тоқтатпастан?

Ажал дауыс – оның дауысы,
Ақпаннан да суық тәні.
Елегізіп көзі аспандап,
Жаны алқымға жуықтады.

Ауру-ажал жалмап жатты
Ашаршылық елге батты.
Кәрі дүние кәрленді де,
Бұқараны атты – шапты.

Оны қапты, мұны талап,
Қан жалады осы күні.
Болды уақыты, кетті халы,
Мұнысы – өлім есірігі.
1944 жылы

КҮЗГІ ШАҚ
Сала-сала Алтай тауым сағымдап,
Тас бастаудан мөлдір бұлақ ағындап.
Белін басып,
Ойыны асып,
Көбік шашып –
Саласынан сағасына құлдилап.

Жағасында ел отырған жадырап,
Жылқы өрісте,
Қой қотанда жамырап,
Қалың орман,
Гүлге оранған,
Самалданған,
Көз тартады көл жағалай көк құрақ.

Шөп жетілген күзгі науқан мезгілі,
Дәні толып, толықсыған егіні.
Кіріс енді,
Шырқап әнді-
Шашпай, төкпей
Жинау үшін өнімді.

Осы алапта жаңа қоғам ерледі,
Еңбек десе алға ұмтылып өрледі.
Мынау жатқан,
Алқа таққан,
Көзді тартқан –
Егіндігі, пішендігі жайнап жатқан жерлері.

1948 жылы

ЖАЗҒЫТҰРЫМ
Ышқынып жарға соғып асау Ертіс,
Толқыны толқын ұрып өркеш-өркеш,
Кұн нұры жерді құшып селдеді қар,
Көбігін көкке атты өзен ертелі-кеш.

Алысып арнасына симай тулап,
Көк ирім көбіктене жатыр шулап.
Жағада желмен тулап толықсиды,
Жаңадан көтерілген жасыл құрақ.

Аспанда топ-топ қалқып құстар ұшып,
Жатады жас балалар көлге түсіп.
Мәуелеп тұрған орман жапырағы,
Құмарта алтын сәуле нұрды құшып.

Жаз – шуақ, жадырады жырақта мал,
Жас төлді тербеткендей желпіп самал.
Қуаныш құшағында шаттық үнмен
Жасарып ел өмірі,
жан жадырар.

1952 жылы.
НЕМЕНЕ
Немене
мөлтең-мөлтең,
жас баладай,
От шашып екі көзің,
жалт қарамай.
Хал сұрамай,
Нан сұрап мөлимек пе ең,
Тойынған қожайыннан мес қарадай.

1960 жылы.
АСЫЛ ТАС
Асыл тасты ұра берсең от шығад,
Ұрған сайын жалын атып өрт шығад.
Уатылып жойылама шын асыл,
Жатпай ма ол жарылса да жарқырап!

Асылдардың асылы – адам нәсілі,
Дүниені жасартады ол әсілі.
Қорлауғада, зорлауғада көнбейді,
Мынау ғасыр – білім – өнер ғасыры.

1961 жылы.

ӘТЕШ ПАТША
Әтеш бір кез патша бопты,
Тұрған екен билеп көпті.
Дүниенің төрт бұрышына,
Әділ деген даңқы кетті.
Ақиқатын аңсаған жұрт,
Әр тараптан іздеп кепті.

Құс маңғазы қазды ертіп,
Құс төресі аққу келді.
Биік самғап әлем кезген,
Сап түзеген тырна ерді.
Шөліркемей шөлде өскен,
Дуадақ та салем берді.
Әсем жүнін мың құбылтып,
Тоты құстар жайнап келді.
Сан бұралтып, мың құлпыртып,
Құмыр бұлбұл сайрап келді.
Гүл бақшалы, хош иісті,
Сонда сарай шалқып тұрды.

Дүз даладан бүркіт кірді,
Момынға зіл сілкіп кірді.
Ұлан таудан құзғын кірді,
Көп тырнақты ызғын кірді.
Шықылықтап сауысқандар.
Жарқанаттар жара кірді.
Сүйір тұмсық,
Иір тұмсық.
Шөп қоректі,
Ет қоректі,
Сарай толып сейіл құрды.

Әтеш бір күн баққа кірді,
Бақша ішінде таққа мінді.
Сарайында лықсыған жұрт,
Патшаны әбден танып,білді.
Патша сонда бұйрық етті∶
-Ку…кар…ра…ку…ку…летті.
Мойынын йіп,тіжін төгіп,
Қарқарасын дірілдетті.
Тахтымды тәпсірлеуге,
Тағызымшы келсін! –депті.

-Батырмын-деп,бүркіт барды,
Кеңесшіге құзғынды алды.
«Айбарлы»деп шақырыпты,
Күшіген мен тазқараны.
Қаршыға,лашын,сұңқар,тұйғын,
Тағы сондай қан құмарды.
Тұмсығынан у егетін,
Ара,сона,өре-пөре.
Хан тахтын қоршай қалды.
-Ку…кар…ра…ку…ку…тағы гу…гу,
Мәнсәп–даңқ тағы у-шу…
Мақтан толы бұл күндері.
Масаттанған хан,дүрліккен ел.
Бұл сарайда бұрын талай,
Мекен еткен маңғаздарды,
Тырнақтылар,тістілердің,
Күшіменен айдап салды.
Сарайда өзі жалғыз қалды.

Патша тіпті асқақтады,
Басқаларға тіл қатпады.
Сарай толған сарбаздарға,
-Басқар-деді,жан-жақтарды.
-Бар алемнен бір үн шықсын!
-ку-кар-ра-ку-ку-ды ұқсын!!
Біреу қиқ-қиқ,
Біреу шиқ-шиқ7
Ол не керек, бәрі бітсін.
Атым шықсын,даңқым ассын!
Наполиондай айбар шашсын!!
Болсын бәрі бас ұратын.
Айбарымнан адам қашсын.
Ку-кара-ку-ку дегенде,
Тәжім күн боп шықса алемге.
Қар қарамынан қап тауындай,
Тау орнасын дүниеге.
Құзарымнан құлап өлсін,
Шайтан,дю,перілер де.
Мұхит,теңіз,дариялар,
Болсын менің билігімде.
Табынатын болсын олар,
Ку-кар-ра-ку-ку-дегенде.

Құс патшасы сүлеймендей,
Тұмсығынан тесіп тізген.
Көк еркесін өткізіпті,
Қыл көпірдей бір-ақ ізбен.
Қит еткенін қырқып түскен,
Қырғи болды мойынын үзген.
Еркін ұшқан еркі қайда.
Самғап алем жапан кезген.
Ханға бір күн үйрек келді,
Бір қанатын сүйреп келді.
Лашыннан көргенім деп,
Мұңын шағып,сөйлеп келді.
Қаз маңғаздар ақсап келді,
Шағаланы бастап келді.
Түтеленіп балақ жүні
Сұңқар сұм-деп қақсап келді.
Шыл,кекілік топ-тобымен
Қаршығаны қас- деп келді;
Барлығы да ханға барды,
Хан жұмысты заңға салды.
Заңды түзген бүркіт,сұңқар,
Қаршығалар қарсы алды.
-Әр кім өзін қорғамаса,
Ешкім оны қолдамасын.
Таста үңгір,
Суда балдыр.
Барсын соған паналасын!
Сөйлеп кетті үйрек тұрып,
Көрсең патшам өзің жүріп.
Сарайыңнан бір шықсаңшы
Сахарада сейіл құрып.
Аққу сабаз саңқ-саңқ етіп.
Ол тебініп келді жетіп.
Патша санда бұйрық етті.
Ашық емес мыңқ-мыңқ етіп.
-сіздің жерге тұйғын барсын.
Ақ сұңқарды үйрек алсын.
Шыл,кекілік Т.б. ларға
Бөктергі мен лашын барсын.
Бүркіт,құзғын,қаршығалар,
Сахараны бақыласын.
Ку-кар-ра-ку,ку-ку бітті.
Жарлықты естіп құстар кетті.

1961жыл
КЕМЕШІ

Кейде гүл,кейде дауыл өмір сиын
Көрсетіп,естіртеді жылдар күйін.
Құшам деп жаз шуағын алға ентелеп,
Қашам ба дауылынын әлде кейін.

Жетем бе асыққанмен келмегенге,
Шөлде сусын табылмас шөлдегенге.
Көппен бірге көргеннің бәрі қызық,
Сергелдең де серуен өлмегенге.
1961 жыл

БОЗША ТОРҒАЙ

Қазақ деген бір аумақты
Ел болғанда салтанатты,
Қобызына күй түсіріп,
Боз торғайды сонда тартты.

Талай жүз жыл күй шыққалы,
Ел есінен бір шықпады.
Жерге тамған боз торғайдың
Жалғыз тамшы ыршып қаны.

Беюаз,әлсіз бозша торғай
Кейде зарлап,кейде жылай,
Таңнан шырқап,болғанша ымырыт
Ұшады екен дамыл алмай.

Қызыл шақа балапанын-
ерке,тәтті бала қанын
қорғайды екен шыр айнадып,
ортаға сап ана жанын.

Төрт шақаға рызық жиған
Шаруа құмар сол беюаз жан-
Жүргенінде дамыл алмай,
Басты ұяасын улы жылан.

Зәрін төгіп ысқырады,
Арбап сұмырай күш қылады.
Бас бармақтай боз торғайдың
Шыбындай боп ұшты жаны.

Ұясын кеп жылан басты,
Жйнақтады жын-албасты.
Бозша торғай шыр айналып,
Сонда көзден төкті жасты.

-көз жасыңды төкпе бекер,
Жаның кейіп,зықың кетер.
Жұтам сенің әз жаныңды,
Болады енді,сол да жетер.

Топыраққа таралғамын,
әлсіздерден нәр алғамын.
Мен осы бір дүниені
Құрту үшін жаралғанмын.

Маған кімнің таласы бар? –
Деді жылан қарашыбар.
Жалын шашып,демін тартты,
Жұту үшін ол асығар…

Ысылдады жылан қатты,
Көрсетем деп шарапатты.
Балапанын жұтты келіп,
Қасырет барма мұнан қатты?!

Жасын төріп жыламай-ақ,
Жаудан медет сұрамай-ақ,
Балапаны өртте қалса,
Жанын қайтсын бұдан аяп.

Тарс жұмды да екі көзін,
Жыланға кеп ұрды өзін.
Шырқыраған бала алдында
Есіл ана етпей түзім!

Дәл осындай қасыретті
Күй шықты,
Сан ғасыр өтті.
Біздің залық одан бері
Талай тарих басып өтті.

Шұбырынды болған талай-
Соғысқанда жау анталай.
Шындық,сұмдық және ізгілік
Жоқ боп ізі қалған талай.

Талай ханның молалары,
Қамалдары,қалалары-
Құм астына құлап түсіп,
Төбе болды даладағы.

Кешіп өткен сан тарихты
қай-қашан да халық мықты.
Тар жол тайғақ кешулерден
Талай мұра алып шықты.

Кішкене құс бозша торғай,
өзі асықтай,ісі қандай?!
Ұясы үшін жанын үзген
ол-жауынгер,батыр сондай.

бұл-халқымыз күйге қосқан
жатқан дастан басталмастан.
Ұрпағына тыңдатады
Қобыз үнін бала жастан.

Ерлікті ел жырғып өткен,
Сүйіп-құшып шын жүректен.
ол-медеуі,сүйінші
кездерінде азап шеккен.

Азап тартқан біздің залық
Көзін жасқа шылап алып,
Күй естілсе,
Тыңдар еді
Атын тежеп тұра қалып.

күй-гауһары халқымыздың,
күй-символы салтымыздың.
күй-жасампаз құдыреті
күйге құмар халқымыздың.
1963 жыл
ӨСЕК
Қаптаған дүниені қалың өсек,
Өсекке әділетті баға берсек.
Тілейді өзіне өмір,өзгеге өлім,
Адамдық ақиқатты көрмейді өлшеп.

Бақыт деп ер намысын сатқандарын,
Тәтті деп өсекпенен тапқан нанын.
Желбуаз,жел өкпелер қамданып жүр,
Адалдық қасиет деп қапқандарын.

Шындықты сескеніп жұрт айта алмайды,
Пәле ғой,айтар болса бас қалмайды.
Әділ соттың есігі ашылғанша
бұл арсыз надандарың жасқанбайды.
1969жыл

БАҚА МЕН ШАЯН

Шаян бір кез сапар шекті,
Көрмекші екен кезіп көпті.
Жаз да жетті топырақ қызып,
Кетті жүріп жерді сызып.
Сап-сары боп түгі теуіп,
Табиғаттың сөлін еміп.
Қастасына арнап ісін ,
Қару етіп у дың күшін.
Жек көргенін алды еске,
Болар емес күндемеске.
Сөгетұғын ол бақаны,
«Көлге қосар жоқ- деп- сәні.
Басы жалпақ, бойы талпақ.
Сиықсыз деп бұты талтақ.
Бақылдаған үні жаман,
Ыршып жүрген жолы да арам.
Сескенемін көрген жерден,
Көрер ме еді қазған көрден»-
Деп кіжініп жүретұғын,
Тым бұзылып ниеті оның.
Кез боп алдан қоғалы көл,
Таба алмадым өтуге жол.
Сонда судан бақа шықты,
Шаян оған жолығыпты.
– Амансың ба?
бақа достым!
Сені көріп өте хошпын.
Өте алмадым терең судан,
Аумақты екен құдай ұрған.
Мына судан өткізіп қой,
Көп қой сенде ақыл мен ой.
Жаратқан ғой тәңірім артық,
Жүріп жүрсің көлде шалқып.
Ғазиз басың артық менен,
Сен бар ғой деп шалқып келем.
Өткізіп қой осы судан,
Үлкен екен мына антұрған.
Деді бақа:
– Ей, шырағым!
Емес пе еді сырың мәлім.
Өзіңді елден артық санап,
Теңгермеуші ең шеке қарап.
Жүруші едің сырттан сөгіп,
Жамандықты үйіп- төгіп.
Емессің бе сен де күшті,
Енді маған ісің түсті.
Жалбарынып қысылғанда,
Қас ойлама құтылғанда.
– Алла, досым, ант ішемін,
Досқа достық ісім менің.
Жұрт алдында айта аламын,
Жақсылығың қайтарамын.
Талабыңды көрсет маған,
Си көрсетем мен де саған.
Бақа оған кетті нанып,
– Үстіме шық,-
депті барып.
Шаян қарғып шықты басқа,
«Бекіп-ақ» тұр қас қылмасқа.
Суда қалқып келе жатып,
Әлгі сертін жат қып айтып,
Құдайғада жалбарынып, ,
Төбесінде жатты бұғып.
Жағаға кеп бақа тұрды,
– Ал енді түс!- деп бұйырды.
Көтеріп ап шаян басын,
Қарап көріп айналасын,
Шыққаннан соң көл шетіне
Опа қылмай ол сертіне,
Тұмсығынан қалды шағып,
Анадайға түсті қарғып.
Бақаны кек кернеп кетті,
– Берген антың қайда- депті.
Шаян тұрып сақ- сақ күлді,
Шашыратып удан уды:
-Ұмытпайтын ата салтым-
Депті- шағыу тәбиғатым.
1975жыл
ЖЫЛДАР

Жылдар жылжып,
өмір жатыр бұлдырап,
Мен келемін айды арқалай зымырап.
Түнді өткізсем, күндік тірлік басталып,
Сағат «тық- тық» үн қатады сыңғырлап.

Оның үні:
«өмір ұт!» деп зырлайды,
Өмір оған әсте тоқтап тұрмайды.
Минут, сағат өткеніне өкінбен,
Табыспенен ұзата алсам күн-айды.

Өмірім таза болса бастау суындай,
Шаң мен тозаң тұрмайды әркез жуылмай.
Ұлы ақиқат жеңеді деп қашан да,
Үміт артып келемін мен суынбай.

Болашаққа көз жіберіп қараймын,
Тар жол, тайғақ асуларын санаймын.
Ащы-тәтті өтіп жатқан өмірге
Телмірумен өтіп кетті талай күн.

Қабылдағам өктем күштің сабағын,
Татамын деп тәтті өмірдің тағамын.
Қуанышқа жетер ме екен құшағым,
Тарта берші , тарта бер, оң қабағым!
1976 жыл
ЖАҢА РУХ

Жаңа рух- жаңа өмір, жаңа қадам,
Жаңа рух- жаңа идея, жаңа адам.
Жаңа рухта көктеген көк қауландай,
Жаңалық бой көтерді отанымнан.

Жаңа рух ұлы бойға жүгіртті қан,
Жаңа рухтан ұшталды барлық қалам.
Жаңа рух жұңхуамызды жасартады
Әрі ақ, әрі кедей тарихтан.

Жаңа рух жасағанда жаңа тарих,
Жаңа рух жарқын өмір ашқаны анық.
Жаңа рух күллі әлемге күле қарап,
Тарих- қа тың бет қосты таңданарлық.

Елімнің барлық елге есігі ашық,
Іргесі жақын мейлі болсын қашық.
Кеуде керіп жаңа ұрпақ алға аттады,
Кейбіреулер шошыды есі қашып.

Мейлі олар шошысын, қорықсын да,
Мейлі олар түңілсін, торықсын да.
Партям жаңа рухпен парасатты,
Түседі ел алдында ауыр сынға.

Кедергі- бөгеттерді бұзып-жарып,
Аттанды ұлы жорыққа ұлы халық.
Әр түрлі бүраң жолдар болғанымен,
Әрине, туы анық, сенімі айқын.

Қашанда ұлы халқым мұраты анық,
Бақ күндес изімдерді жыға танып.
Қаптаған идеялар арасында,
Жасайды жаңа рухпен жаңа тарих.
1980 жыл
АРАЛЫМ

Айналайын, аралым-
Ата-бабам өскен жер.
Жауын қуып, шайқасып,
Қызыл қанды кешкен жер.
Боз інгенді боздатып,
Анам көшті тартқан жер.
Ақтылы қой қоздатып,
Атам бақыт тапқан жер.
Тобышақты құйғытып,
Топ алдында шапқан жер.
Көш алдында сызылтып-
Жеңгем әнге басқан жер.
Қыз-боз бала жиналып,
Қызығыңа батқан жер.

Қаптал- қаптал қарағай
Қайыстырған беліңді,
Кең қоныста ақ боз үй,
Көруші ем дарқан елімді.
Шалғыныңа жасырып,
Тарттым талай желімді.
Бесті асаумен алысып,
Тарқатушы ем «шерімді».
Айналайын, торғайтым,
Айналаңда бал бұлақ.
Жасыл ала жағаңда
Жайқалады бал құрақ.
Бұлағыңнан су ішіп,
Жылқым өрген шұрқырап.
Қыратыңда мыңғырып,
Қойым өрген жамырап.
Сарбаз атан, саулы інген
Сар жоныңда самалдап.
Қандай жерде ,қай тауда
Сендей аумақ жаралмақ?!

Қорығыңа қамалап,
Әкем аю атқан жер.
Жылқы іңірттеп жесек сап,
Таң атқанша шапқан жер.
Ат апарып серне алып,
Тартыспенен өскен жер.
Ойдан қалай шығасың,
Қызығыңды кешкен жер!
Қыз ойнақты қыздырып,
Алтыбақан тепкен жер.
Әнге шырқап сызылтып,
Жүрек қылын шерткен жер.
Көйлегін жер сыздырып,
Сүйген жарды ерткен жер.
Жас өмірді өткізген-
Ыстықысың-ау өріттен,
жер.
Қуат берген дәуірім,
Әлі талай асам бел.
Балалары ауылдың
Алдан шығып:
«атам» дер.
Бал бұлаққа бас қойып,
Құшағымды ашқан жер.
Өмірімді көркейткен-
Қымбатсың туған жер.
1981- жыл

ЖАСТЫҚ ШАҚ
Тайнша қуып, тай мініп,
Талпынып өскен жастық шақ.
Әр неге жатпай қаймығып,
Шарық ұрып өскен жастық шақ.

Той- думанды қыздырып,
Арысқа түскен жастық шақ.
Ақ отаулар түндігін
Жабыуын күткен жастық шақ.

Үмітпен таңды атырып,
Әр нені қуған албырт шақ.
Іңіртте «жесек» шақырып,
Сернесін қуған жастық шақ.

Ойнағаннан- күлгеннен
Басқаны білмес есер шақ.
Ат жалын тартып мінгеннен,
Дуылдаттық- ау «кесел» сап.

Ұшырып ойды алысқа,
Қандай деп болжап болашақ!…
Ұрылып көрді әр тұсқа
Талаптың аты ұрыншақ..

Барлығына да үңіліп,
Ұрылып бағып, байқастап.
Өткелін таппай түңіліп,
Шығып та жатад ойқастап.

Дүние деген бірге- бір,
Жығылып бірде бір жығып-
Жататындығын бұл ғұмыр
Жығыла жүріп ұғынып.

Талайдан жеріп суынып,
Талайдан безіп түңіліп.
Бүгіннен қайтса бұл көңіл,
Ертеңге тартқан үдіріп.

Тоқтай да білмес жаусырап,
Жастық ай деген жау жүрек.
Жатса да жансыз қансырап,
Тұрады туы желбіреп.

Түрі жоқ әсте дамылдар,
Көктемгі тасқын құла ала.
Жарға да тауға ұрылар,
Барар деп қайда сұрама!
1981жыл
АЙЫРЫЛҒАН ЖЫЛДАР

Жиырма бес жылда оралдым.
Торғайтым,сақым,
Сағынып.
Салемді қабыл ал,
Ақбас шал келді алқынып.
Партия берген табыспен
Ақ кіреуке жамылып.
Басыма тәжі кигенім
Алғам жоқ оны
жағынып.
Әділет сенде,
Ар сенде,
Ақиқатыңмен танылып.
Туған жер сенің сенімің
Бас ием саған табынып.
Көре алмай өлер ме екем деп
Күңіренген ем қайғырып.
1981жыл

БИШІ ҚЫЗЫМ ҚЫМБАТҚА
Қымбатты қызым–Қымбатым,
Халқыңа жансың тым жақын.
Көрсеттің ата–бабамның
Ғасырлар өткен сымбатын.

Би деген халық мұрасын
Жаңғыртып алып шығасың.
Сахна сәні би болса,
Шолпаны болып тұрасың.

Жүрсек те ауыр сан күйде,
Тербелген еліміз ән– күйге.
Сахна–дала,сайран жер,
Мен күй тарттым,сен биле.

Сүргінде жүріп билеген,
Үргінде жүріп билеген,
Айдалып жүріп билеген,
Байланып жүріп билеген;

Жылап та жүріп билеген,
Күліп те жүріп билеген,
Билемей өмір сүрмеген,
Туысқан бірге бименен–

Қырмызы гүлі даланың,
Ілгері болсын талабың!
Ал биле!мәңгі билей бер,
Би болып туған қарағым!
1981 жыл,Арал жайлауы
БЕРЕКЕ

Береке деген ұлы күш,
Ынтымаққа көңіл қой.
Тірлікте дау- керіске,
Кербеқпа жаққа ұрма бой.

Орнатсаң сен береке,
Ұрпақтарға ол мереке.
Сенен қалса әреке,
Ұрпақ елге келеке.

Жікшілдіктің буымен
Өткізгенде өмірді.
Араздықтың уымен
Аз шайдық па көңілді;

Алалықтың ала иті
Жүректі талай қалдырды.
Араздықпен арсылдап,
Қанатты да балтырды.

Өршігенде күндестік,
Ерегестік, егестік.
Өріс- қоныс таластық,
Өмір сүрдік күнде өстіп.

Үзеңгілестік, теңдестік,
Ерегестік, егестік.
Бақ күндестік, бақастық,
Қалмай келед неге өстіп.
Өткеннің күні өткенде,
Ол өткен мен кеткенде.

Арпалысып өткенде
Арманда кетті көп пенде….
Таң қаламын , япыр- ау,
Бүгінге тағы жеткенге.

Ойқой, қазақ қайран ел!
Саған осы не болған?
Бірлік деген ойға кел,
Бірліктен бақ таралған.

Алалықты ту қылған-
Ала ауыздар не көрген?
Ол сергелдең тудырған,
Ел бақытын шегерген.

Бірлік деген ұранға,
Бір жеңінен қол шығар да!
Сапқа тұр досым сайланып,
Жікшілдікті жығарда.

Оған өткен жыл айғақ,
Бүгінгі күн бізге сын.
Берекені кім ойлап,
Бекемдер ел іргесін!

Ой жіберіп қарасақ,
Заман,уақыт өзгерді.
Қазық қағып, қала сап,
Ірге көмер кез келді.

Ойқой қазақ баласы,
Айналаңа қарашы!
Жазылар күн жетті енді,
Алалықтың жарасы.

Кезіңде бұл бағың бар-
Араздықты шағыңдар!
«Ырысымның қайнары-
Береке»- деп таныңдар!
1983жыл

ҚАРА ЕРТІС ЖАҒАСЫНДА

Қара ертісім күркіреп-
Жатырсың ба бұрқанып?
Жағаңа кеп бір түнеп,
Суыңды іштім шөл қанып.

Арасанды ойға алып,
Жетеміз деп сол күні,
Қара орманды қақ жарып,
Жағладық жолтыны.

Мекен етіп тау ішін,
Далада өскен халықпыз.
Жайлаудың кең тынысын
Сағынып та қалыппыз.

Пері тауы осы нақ,
Кеудемді аштым салқындап.
Гүлдің исін қосып ап,
Соғады жел аңқылдап.

Табиғаттың құдыретін
Қойды ма екен көрмеге.
Айналаның суретін
Сақтап келем кеудеме.

Сескенді екен ол неден?
Өзін қорғап сақтапты.
Лапай жартас төбеден
Төніп келіп тоқтапты.

Бір- бірімен таласып,
Біріне-бірі ұнасып,
Жайқалады жарасып,
Дала сансыз гүл ашып.

Дауыл сағып тербесін,
Уақытқа еркін берместен.
Бой сазыпты қарағай,
Желге ашып кеудесін.

Жауып тұрған жағаны,
Қайың- терек өрімдей.
Сылдыр- сылдыр шолпысы,
Биледі келіндей.
Құтылмайсың қашқанмен,
Жаз жаңбырын төгем деп-
Қара бұлт аспаннан
Келе жатыр төмендеп.

Таулар ашты құшағын,
Бізде өрледік қарысып.
Бұлт
жаңбырдың қосағын
Қоя берді ағытып.

От қамшысын үйіріп,
Аспан кетті күркіреп.
Қара бұлт жиылып
Өте шықты сіркіреп.

Жуындырып даланы,
Бұлттар кетіп барады.
Енді күннің жанары
Күліп бізге қарады.

Батыр тартқан садақтай
«Кемпір қосақ» иіліп,
Күн бейне алып шар айна,
Тұр тауларға нұр құйып.

Айнала тау ну орман,
Жасыл дала жайнап тұр.
Тым ерекше жаралған
Тау емес- ау жаннат бұл!
1983жыл

БАҚЫТЫМДЫ ТАБАМЫН

Жыл жасағы көтергенде туларын,
Зор жеңістен екпінді күй тыңдадым.
Жыл легінің қосылдым да сабына,
Алға аттадым, аял етіп тұрмадым.

Жыл туралы терең еді талғамым,
Жыл легіне жай ілесе салмадым.
Келеді ылғый көңілімдегі арманды,
Ұрпақтардың ұрпағына жалғағым.

Менің қайсар, қажырлы еді бұл елім,
Елімменен армандас ет жүрегім.
Бүгін жылдар көтереді ту етіп,
Еліміздің замандасу тілегін.

Бұл жылдардың әр секунты талғамды,
Ол тілейді адамдарды толғамды.
Ол бойына жан екен деп дарытпас,
Көне жұртта жылжый алмай қалғанды.

Жылдар марышын тартса жаңа жорықтың,
Демеймін мен жасаппын да, арыппын.
Мен жеңісті қосыннан табылам
Бақыт үшін күрес ашқан халықтың.

Жыл жасағы көтергенде жалауын,
Соңына ерем менің осы қалауым.
Құшағынан махаббатты жылдардың
Еңбегіммен бақытымды табамын!
1983 жыл
ЖОЛ БОЛСЫН

Жаңа жорық батырлары- бауырлар,
Бұл өмірде өз орныңды табыңдар!
Ғылым болса бұл өмірде бәрі бар ,
Үйреніңдер, өмірден нәр алыңдар!

Ауызға алса осы біздің қазақты,
Қан менен тер дей алмайсың аз ақты.
Надандықтың кесірінен, дертінен-
Тарих куа- аз көрмеді азапты.

Надандықтың кесірінен, дертінен
Ол айрылған өрісі мен еркінен.
Ұйтқысы мен берекесі шайқалып,
Әр елеске түс көргендей елтіген.

Атқан кезде социялизым нұр таңы,
Теңдіктің ол асқақ әнін шырқады.
Жаңа заман құру керек жаңа адам,
Бауырларым, қатарға кел, тұр тағы.

Ал, жол болсын! жаңа заман ерлері,
Уақыт саған тұр сыбаға бергелі.
Заманыңа үлесіңді қосуға
Атыңды ертте, беліңді бу, кел бері!

Өнер-білім күресі бұл заманның,
Жаңа жорық ғылымға жол алған күн.
Қажырлы еңбек, асқақ үміт, өр сенім
Биігіне апарады арманның.
1983 жыл

ЖАЗ

Шілде мен тамыз
Ұжымақ қой нағыз,
жайқалып орман жапырағы,
Егіні, малы…-
Жарасып бәрі,
алаңсыз шаруа отырады.
Сағымдап күннің шуағы,
Жетілген жаздың құрағы.

Жаз жанға жайлы-
Құшағын жайды,
жазылып жатыр бұл өмір.
Ерекше жайнап,
Бұлбұлы сайрап,
Жап- жасыл өңір- гүл өңір.
масатыдай құлпырад,
тоғысып ой- қыр шұрқырап.

Құс біткен көлде,
Аң ойнап белде-
асырсап кетіп барады.
Бір- бірін тапқан,
Тоғысып жатқан,
жарасты дүние, жарады!
Жас ғұмырдай жаз деген,
Өткенін ешкім сезбеген…
1984 жыл
ҰЖМАҚ ПЕН ТОЗАҚ

Ұжмақ пен тозақты ешкім көрмеген,
Кеткендер де қайта оралып келмеген.
Ұжмақ, тозақ өлген де емес тіріде,
Ар алдында күніне сан тергелем

Жанып жатыр адамдардың арасы,
Тозақ деген-мәнсәп, абырой таласы;
Бір-біріне жағып жатқан күйесі,
Бір-біріне жауып жатқан жаласы.

Ұжымақ деген-адамдардың тірлігі-
Махаббаты, берекесі, бірлігі;
Бір-біріне мейірімді достығы,
Нағыз адал, арға толы қимылы.

Тозақ-
Соғыс жасайды адам баласы,
Өртенеді жер мен аспан арасы;
Жанға батқан бар халықтың наласы,
Жер анаға салып жатқан жарасы.

Ұжмақ-деген бейбітшілік әлемі,
Тыныштықтан байлық бақыт келеді.
Ұжмақ деген-адамдардың еңбегі,
Жер бетіне шашып жатқан өнері.

Ұжмақ-тозақ адамдардың қолында,
Өз қолыңда бақытың да, сорың да.
Тозақ емес, ұжмақ үшін күресіп,
Гүл егіп кет тіршілігің барында.
1985-жыл
АРДАГЕР КҮЙШІ
(халық күйшісі Тайыр Белгібай ұылының
қазасына арнаймын)

Ұрпағына мұра болып таралған-
Атамыздан қалғанда осы не қалған?
Шанағына ел тарихын сиғызып,
Сан өнерпаз ардагер деп саналған.

Қос ішектен өмір үнін жыр қылып,
Тыңдаушыны күйіндіріп, күлдіріп.
Ардагерлар күйдің туын көтерген.
Жігер беріп, көңіл шерін жудырып.

Жасап өткен талай-талай күйшінің-
Зар күйінен ұғынасың жыл сырын…
Қуаныштан құлап түсіп қайғыға,
Қасыреттен жас іркесің бір сығым.

О-дариға, теңдесі жоқ бұл өнер,
Ол ғылым ғой бүкіл халық сүйінер.
Жауыздықтың ізінен қан аққанда,
Өнерлінің өмірінен гүл өнер.

Еліміздің өнері өлмес, күші ұлы,
Тайыр еді-ау сол өнердің бір шыңы.
Өз кезінде шанақтан күй шалқытқан,
Өр өнердің жеңімпазы, өршілі.

Тасып, шалқып төгілгенде «ақ-арал»
Күйші Тайыр биік шыңға бара бар.
Күйін тартып төрімізде отыр ол,
Арамыздан әкетсе де оны ажал.
1985-жыл
КҮЗЕТШІ АЮ МЕН ҚОЖАСЫ
Дүниенің шет шегінде,
Йен таудың бөктерінде-
Бала аю қолда өсіпті,
Адалдықпен күн кешіпті.
Қожасы оның үлкен бастық,
Ете алмайды ешкім қастық.
Барлық қауым құлдық ұрып,
Иілетін қол қусырып.
Бала аю да ұқты соны,
Қақпайламай ешкім оны.
Кірсе кірді, шықса шықты,
Сенім артты қожа тіпті.
Бала аюды қолда жүрген
Жыныс орман, жымсыз бұрген,
Зеріктірді мына кәсіп,
Көрмеген мен қарны ашып.
Еркіндікті сағынып жүр,
Байға еркісіз бағынып жүр.
Қам-қайғысыз қожайынға,
Ойлау қайда ол жайында.
Біреу аю, біреу адам,
Біреуінен біреуі алаң.
Болсадағы қанша мықты,
Қожасы оны басқарыпты.
Аюына сенім күшті,
«Тындырыпты»ол талай істі.
Бір күні кеш батқан кезде,
Жұрыт ұйқтауға жатқан кезде,
Қожайын боп дем алмақшы,
Депті аюға:- сен бол «сақшы»!
Қыбыр еткен жан келмесін,
Сырттан ешкім үйге енбесін.
Бұзсаң егер тәтті ұйқымды,
Бола алмайсың сен сүйкімді.
Аю оны мақұл тапты,
Мықтап тұрып есік жапты.
Отырды ол қозғалмастан,
Қожайынын ұйқы басқан.
Ызыңдаған қара шыбын –
Бермеді тек оған тыным.
Шыр айналып ұшып өтті,
Қожайынға барып жетті.
Ұшыруға таппай амал,
Болмады еш айла табар.
Қара шыбын жорғалады,
Көз, құлақты талғамады.
Оянса енді болды пәле,
Аю састы ойлай келе.
Сасқалақтап есік ашты,
Баспалдақта жатқан тасты –
Арбаң етіп қолына алды,
Қожасына жақын барды,
Шыбынды таспен ұрды қатты,
Қожасы оның тіл тартпапты…
Ақымақтан дос тапқанша,
Хауып-қатер қас қаққанша.
1987-жыл
БІЗДІҢ ҚАЗАҚ

Біздің қазақ бір құндақтан тараған,
Мейріміне сыйып жатқан бар адам.
Көз айасы кең аспандай халықпыз,
Бұл дүние де игілікті қалаған.

Біздің қазақ әдепті де, ибалы,
Жасы үлкенді жолын беріп силайды.
Қалайтыны кішпейілдік, татулық,
Ұнатады жол- жораны қуғанды.

Біздің қазақ мейманына адал- ақ,
Жатпайды оны бай- кедей деп саралап.
Атың арып, тоның тозбас жыл бойы,
Осы елді жүре берсең аралап.

Біздің қазақ той- думанды қуған ел,
«Дау шықпасын, ән шықсын» деп тұрған ел.
Аспандағы аққуменен ән қосып,
Ай астына алтыбақан құрған ел.

Біздің қазақ ас- суы бір дастан- ды,
Қызы жасар құрбысына бастанғы.
Атымтайдай жомарттықты әйгілеп,
Ағайынға кең құшағын ашқан- ды.

Біздің қазақ шешен сөзге бой ұрған,
Кісесінен кісілігін айырған.
Бітімсіз дау, бітпес керіс дегенді
Жалғыз ауыз сөзбен орап қайырған
.
Біздің қазақ ел еді тым үйірсек,
Кім болса да құлай сүйдік сүйінсек.
Аңқылдақ та, ақ көңіл де, аңқау ел,
Жүрегіне сақтамайтын түйіншек.

Біздің қазақ уайымды дерт деген,
Кешу бар ма осы қазақ кешпеген.
Тар жол, тайғақ кешу туса басына,
Тәуекелдің тайбурылын ерттеген.

Біздің қазақ ұлы отанның бір елі,
Ұл өсірген – ұлы таулар түлегі.
Туған жерден айрылмастан бір табан,
Ұлы тау деп соғады оның жүрегі.
1986 жылы

 

АТАМЕКЕН АЛТАЙЫМ

Көкке ұласқан шыңыңнан қар кетпеген,
Баурайыңнан жайқалып дән кетпеген.
Ұрпақтар ауылдан әнін қосып,
Алуан гүлмен өңіріңді өрнектеген.

Құшағыңа ап шалқйсың құстаыңды –
Сағынышпен оралған құштарыңды.
Құс жоқ жерде сен жаралы,
Сен жоқ жерде
Мекенінен айрылған құс та мұңлы.

Өзендерің бурқанып күркіресін,
Сай-салаңнан мың бұлақ дүркіресін.
Сұмдайрықтың көк толқын жағасында
Күркіреген толқыннан шықсын есім.

Ормандарың қауласын қарағайлы,
Ормандары құлпырған дала жайлы.
Қарағайлар өседі мұз төсеніп,
Биіктерді талғайды, саралайды.

Көл болса егер болса екен қанасыңдай,
Мың қарасам, көңілім, қанасың ба-ай!
Уа, байырғы қарт мекен- алтын алтай,
Бар тірліктің мейрімді анасындай.

Жан иесі бауырыңда сайрандасын,
Үлбіреген жүрегін қайғы алмасын.
Сап – сап болып құстарың қайтса күзде,
Бір қанатын сүйретіп қаз қалмасын.

Ақсақ кйік айрылып серігінен ,
Жүрмесін құс көлінен жеріп үнем.
Балалармен қыранның бойын бойлап,
Бірге ойнап кетушем елігіммен!

Сол елікті көрейін сол мекеннен,
Қамыстары иілген көлге төмен.
Шолпылдаған шортанды шабақ қуған,
Бірге қуып айдынға сен кетер ме ең.,

Құс патшасы аққулар- асыл сері,
Жұбайымен таңда әнге басушы еді.
Топ-тобымен жайылған қоңыр аңдар,
Жарысушы ед, дүркірей қашушы еді.

Араласам далаң мен тауларыңды,
Сол құсыңды көрейін, аңдарыңды.
Қоймен бірге өретін қоңыр аңың
Қоршап алып жатушы ед жан – жағымды.
Уа, алтайым, байырғы атамекен,
Алтын таңың ән болып атады екен.
Орман сыңсып, күркіреп өзендерің,
Аң мен құсың асырсап жатады екен.

Қатар өссін бар тірлік баурыңда,
Орманыңда, ойың мен сауырыңда.
Өтейікші бәріміз алаңсыз боп-
Дүниенің жалт еткен жарығында.
1986 жыл

ЖЕР МЕН АСПАН
Әлемде айрылмас дос жер мен аспан,
Келеді жаралғалы ажырамастан.
Шексіз-шетсіз ғарышты кезіп жүріп,
Жылжиды өз жолынан бір жазбастан.

Дүние тіршіліктің жер анасы,
Қоршаған атмосфера айналасы,
Самсаған планеталар арасында,
Әлемде жан біткеннің баспанасы.

Әлем шексіз-шетсіз деп жаңсақ баспай,
Ол зулайды қажымай, аспай-саспай,
Жұлдыздар сан-санақсыз жымыңдайды,
Байырғы көз үйренген көне достай.

Зулайды жер,зулайды көрмес талып,
Тіршіліктің көлігі асқан алып.
Біз адамзат жатамыз құшағында,
Бірінде қар,бірінде гүл жастанып.

Бізге жер көрген емес артық беріп,
Не зәбір,не жапаны тартып келіп.
Адамзат келе жатыр құшағында,
Сан алуан игілігін шалқып көріп.

Кей даңғой мақтанады,тасиды кеп,
«Табиғат бізге бүгін бас иді»деп.
Осындай даңғазаны көргеніңде,
Жүрегің у құйғандай ашиды кеп.

Адамзат өнері асқан мына бір шақ,
Жиырманшы ғасырдың соңын алсақ.
Табиғат заңын біліп күніңді көр,
Дүние қаһарынан былай жасап.

Уа,адам қояр болсақ мініңді алға,
Бөсесің де бөртесің тілің барда.
Ашуы он бес балға көтерілген,
Ал айтшы бір борандық күйің барма?!

Біреулер атом бомба сайланады,
Дүниені шеңбектеуге ойланады.
Бірақ та,табиғатта ұлы алып күш,
Жетеме бұған күшің ойлан әлі.

Ей,адамдар,соғысқа болма құмар,
Алысбақтың тең түсер салмағы бар.
Силай біл жер ананы қастерлей біл
Жоюға тіршілікті болма құмар.

Көзіңнің қалсам да айтам аласына
Жол болсын қян-кескі таласыңа.
Зар болып қалып жүрме табиғаттың
Бір тамшы су,бір демдік ауасына.

Уа,жер ана,жер ана,асыл да алып,
Тұрсың ба сен құлпырып жасылданып.
Аялап бір гүліңе бір гүл қосып,
Өтейін ғасырлардан ғасырға лып.

Жасауды атом бомба даңқ деме,
Ол жерден,күннен жарық алып деме,
Екология заңы тек тірлік жолы,
Басқасын ол сақталса хауып деме.

Сенімен бір жасасын құстар аңдар,
Жәбір-жапа келтіріп ұстамаңдар.
Еркін өссін олар да,еркін жүріп,
Оның атамекенін қыстамаңдар.

Біліп алдық біз бүгін бәрін дейміз,
Табиғаттың құпия заңын дейміз.
Шындап келсе әлемнің қарсы алдында,
Жаңа көрген дүниені сәби дейбіз.

Жер зулайды өзінің көш жолы бар,
Оны сүйреп көрген жоқ еш жануар.
Дүниені басқару бір әңгіме,
Ей,адамдар,өзіңді басқарып ал.

Бұл табиғат көл- көсір болған емес,
Ағыл- тегіл байлықты ел көрген емес.
Жоқшылық тек адамды талпындырған,
Баршылықтан бұл қоғам келген емес.

Қажеттілік жетелеп адамдарды,
Бұл өреге биіктеп санаң барды,
Соғысты емес ойлаңдар жаратуды,
Ұрпақтарды,бақытты қоғамды алғы.
1986жыл

ЖОҢҒАР ЖАРНАМАСЫ

Мынау жоңғар даласы
Сан қурады, сан гүлдеп.
Сонда да бұл дүниеге
Нала айтпайды «солдым» – деп,
Зар шекпейді «өлдім»- деп.
Тіс жармайды көрдім деп
Жоңғар осы өмірден-
Нені ойлаған, не білген?
Жоңғар талай шаңдады,
Ұлы дүбір- тасырдан.
Тарғыл- тарғыл тасында
Талай қан бар шашылған;
Талай дауыл басылған,
Талай толқын тосылған,
Талай пәле өрбіген,
Шыға келіп тосыннан.
Соның бәрін қарт жоңғар
Өз басынан асырған.
Сонда да сыр ашпайды,
Сонда да мұң шақпайды.

О, сары жон, сар дала,
Аңың қайда жүгірген!
Айрылыпсың гүліңнен,
Айрылыпсың түріңнен.
Қаралы бір жандайсың
Адамдардан түңілген.
Суық түспен қарайсың,
Япырау, сен қалайсың?!

О, сары жон, сарғайып
Қаламын ба демейсің.
Бара жатыр мұжылып
Жасыл дала, егей шың.
Орманыңа таласты,
Қорғаныңа таласты,
Алдығыңа талысты.
Арманыңа талысты
Сенің ыстық қойныңа
Суық қолын салады.
Жамылғыңды алып жап- жасыл,
Жалаңаштап барады…
Не айтасың заманға?
Не айтасың ғаламға?
Не істейсің , не дейсің?
О, сары жон, егей шың!

О, сары жон, сар дала,
Қараймын мен таңдана,
Көрін, тіл қат, айқайла.
Тіл қатпайсың паңдана,
Адамдардың тірлігін
Тірліктегі сұмдығын,
Зұлымдығын, құбыжығын
Біліксіз де екенін,
Білімсіз де екенін
Құрып бара жатқанын,
Құт ырысты мекенін.
Шашып жатқан қандарын,
Алып жытқын жандарын,
Гүл даланы күл етіп,
Бұрқыратқан шаңдарын.
Гүл жайнаған даланы
Жойуға дәс қалғанын
Мынау әлем алдында
Шаш осылай жарнама!
1988жыл
ҚЯН АСУ

Қян асу, бел- белес сапарында,
Достардың үзеңгілес қатарында,
Ұланғайыр өмірдің кешуінде
Өткіздім шаршауында, шалқуында.

Қақ тіліп қыйындықтың толқындарын,
Ащы- тұщы дәмінің татып бәрін,
Жыр етіп құдырет сйын мен қалдырдым,
Арттағы қаласа алсын ұрпақтарым.

Өмірге тұрғамын жоқ бүгін туып,
Қусырып бір ғасырды келдім жуық.
Жарығы өшкен дүниеде жасағам жоқ,
Адамдық еркіндікке жаным жуық.

Өмірімнің өткеніне жоқ амалым,
Арманым- жазар кезде жаза алмадым.
Бар еді көңіліме алған бір биігім,
Жетем деп сол биікке көп қармандым.

Күрес бар қашандағы әлмисақтан,
Тартыссыз өмір жоқ қой жеңіс тапқан.
Алдағы нысанасы дұрыс болса,
Жол алар өрен жүйрік талмай шапқан!…
1989жыл

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑