banner-top12

Сұхбат no image

Қосқан уақыты Наурыз 19, 2012 | 1  260 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

   «БАҒЗОРДЫҢ» БАҒЫ ЗОР

            

IMG_2460

      Бағызор Шотайбай қызы 1984-1989-жылдары Шаңхай медицина униврситеттінің пластикалық хирургия мамандығын тамамдаған. 1989-1999- жылдар аралығында ШҰАР – дық бірінші емханада және әскери емханада жоғары дәрежелі дәрігер қатарына көтерілген. Сонымен қоса жоғары деңгейдегі психолог. 1997-1999- жылдары ине салу мамандығы бойынша, 1999-жылы жоғары дәрежелі стилист-визажист, косметолог-дәрігерлікті, 1998- жылы татуаж бойынша жоғары білімді Шаңхайда қосымша алған. 2002-жылы Оңтүстік Кореядан, 2004 -жылы Гонконг қаласында пластикалық операциядан кейінгі кемшіліктерді жою (әрлеу), сондай-ақ нүктелер бойынша массаж жасау, антибиотиктерсіз шөптер арқылы жастықты сақтауды үйренген. Бағзор үнемі өз білімін толықтауды жоспарлы түрде күн тәртібіне қойған. Тіпті, аптасына не айына бір рет өзінің білімін жаңалықтармен толықтау үшін кез-келген елге барудан жалыққан емес. Мен осы сұхбатты алып жатып, оның тағы да жол жүргелі отырғанына куә болдым.

Қай кезде болмасын білгенің адамзат үшін керек. Бірақ, оның қадіріне жете білу, ол тіптен керек. Бұлай деп отырған себебім, көп адамдардың бойынан кездесетін, білгенін өзі де көрсете алмайтын, өзгеге де үйретпей кететіндер көп өмірде. Бұл бір жағынан немқұрайдылық болса, ал енді бір жағынан ұрпаққа жасаған қиянат екені даусыз. Ондай жауапкерсіздіктен аулақ болу әр қазаққа тән болғай.

Ал, Бағзор Шотайбек қызы өзінің білгенін (өз мамандығын) кез-келген ынталы қазақтың жастарына, тіпті үйренгісі келетін үлкендерге де үйретуді мақсат етіп отыр. Ол өзінің біліміне сенеді. Сосын  өзінің ұрпақ алдындағы жауапкершілігін басты орынға қойып отырған ұлт жанды қазақ қызы.

Мен, Бағзордың ел аузында жүрген жақсы сөзін естіп едім. Сол себепті, оның істеп жатқан жұмысы жайлы білуге әдейі бардым. Расында, айналасында адамдар көп екен. Мені шын ниетімен қарсы алды. Біз бұдан бұрын еш жерде кездеспегенімізді білем. Сонда да бұрынғы таныстардай мені төріне шақырып, жылы жүзбен қошеметтей төрін ұсынды. Оның бұл көңілінен нағыз қазақтың мінезін, әдеп-ибасы мен салтын көресің. Барған адам шынымен разы болып шығатындай. Мен өзімнің келген жұмысымды, келе жатқан «Әйелдер мерекесіне» орай арнайы сұқбат алуға келгенімді айттым. Ол бірден келісіп, маған шынайы ойы мен істеп жатқан жұмыстары туралы ағынан жарылды.

     –  «БАҒЗОР» шығыс сұлулық орталығын ашқаныңа біраз жыл  болғаны көрініп тұр. Бұл жаққа қашан келдің? Өз мамандығыңа сәйкес болғандықтан ба? Жоқ, «бәз біреулер» сияқты еліктеуден туған жұмыс па?

Жоқ, мен өзіңіз айтпақшы «біреулер» сияқты еліктеп, не ақша табу жолын ойлап ашқан емеспін. Менің оқыған мамандығымның өзі – пластикалық хирургия. Шаңхайдағы ең жоғарғы медицина университетінде оқыдым. Бұл менің мамандығым. Мен тек бұл жолмен ғана шектеліп қалмай, өз білімімді жетілдіріп, адамдардың денсаулығы мен әдемілігі үшін қолғабыс тигізе алатын алтын ине салу, нүктелер бойынша массаж, пластикалық операциядан кейінгі әрлеу, т.б. көптеген қосымша мамандықтарды үйрендім. Бұл менің осы орталықты ашуыма себеп болды. Бір сөзбен айтқанда, менің оқыған салам – осы. Сондықтан, менің еш шүбаланбай, еш көмексіз бастауымның өзі-өзіме және мамандығыма сенгіндігімнен.

Мен келгелі де 10 жылдан асып барады. Бұл былай қараған адамға аз уақыт сияқты болғанымен, бір ортаға келіп жаңа бір жұмыс бастап, қиындығы мен жапалылығын көрген адамға біраз жыл.

2004жылы дағдарыс басталып жатқан кезге тура келдім. Оның өзі маған сынақ болды. Сондай жағдайлардың болғанына қол қусырып қарап отырмай, өзімнің алдыма қойған мақсатымды іске асыруға тырыстым. Ол – осы ашылған орталық еді. Алғашқы қиындықтарын атпай-ақ қояйын, қазіргі жұмысымның өнімі де, сапасы да келіп жатқан адамдарымның алғысы дер едім.

–    Қазіргі кезде көбейіп бара жатқан осындай орталықтардың ішінде сен қандай ерекшеліктермен дараланасың? «Бәрі бір…» дейтін сөздің айтылмауы үшін, немен сендіресің деген сұрағыма тұшымды жауап берерсің?

Расында, дәл қазіргі кезде осындай орталықтар көбейіп кетті. Олардың да өз көздеген мақсаты мен мүддесі бар деп ойлаймын. Мен олардың емес, өзімнің орталығымның ерекшеліктерін толық айта аламын.

Сұлулық әр адамның  ішкі жан дүниесінде жатыр. Бұл жаратылыс. Ендеше, осы жаратылысты қалай баптау, қорғау керек. Осыны көбіміз біле бермейміз. Сұлу болып жүрудің өзі- денсаулығыңыздың жақсы болуы. Денсаулықтың жақсы болуы- көңіл-күйдің көтеріңкі болуы. Сол себепті де адамдар денсаулығы үшін, дәрі ішпей өзін сақтауға болатынын білмейді. Біз осыны дәлелдеп, көрсетіп жүрміз.

Шаршап жүрген кез-келген адамның өңінен, міндетті түрде өзіне қарамағаны көрініп тұрады. Бұндай адамдар тез қартаюмен бірге, ауруды да тез тауып алады. Өзіне күтім жасамайды, ұйқысы азайып, мазасыздыққа душар болады. Бұл түрдегі адамдарға әрбір нүктелер арқылы шаршағанды басатын массаж алу керек. Ал кейбір адамдардың шамадан тыс семіріп кетуі де ауруды тудырады. Бұндай адамға да дәрісіз арықтататын нүктелерді басу ардылы массаж міндетті түрде керек. Көп адамдар жастайынан өмірдің ауыр тауқыметіне ұшырап, не болмаса уайым мен жоспарсыздықтан қартаюға көше бастайды. Бұндай адамдар өте көп. Олар ең әуелі өзіне деген сенімнен айрылып, сол салмақтар жүрек пен аяққа түсе бастағандар. Бұндай кезде ұйқының көмегі зор. Мезгілімен ұйықтау- қартаймаудың дәрісі деуге де болады. Мысылы: бетіңізге бір бөрткен не жара пайда болса, сен ұйықтап тұрғаннан кейінгі кезін көріңіз. Ол недәуір жақсарып, кішірейе бастайды. Мен мұны бір жағынан психолог ретінде де айтып отырмын. Жаны жай таппай шаршап жүрген, жүйкесі жұқарып, мазасыз халде жүрген  адамдар күнделікті нервті оятатын массаж алуы керек. Ерлерге қарағанда, әйел адамдарда осы айтқан жағдайлар көп болады. Өйткені, әйелдер жұмыс басты, уайымға тез берілгіш келеді. Әсіресе біздің қазақта тым көп кезігеді. Әйтпесе, қазақ әйелдеріндей әдемі, қайратты, төзімді әйелдер жоқ деп айтар едім.

Қысқасы адамдардың көбі өзіне-өзі қарсылық жасайды деуге болады. Менің мұны айтып отырғаным, әрбір адам, әрбір қазақтың қыздары мен жігіттері өзін толыққанды адам сезінсе, еш күйзеліске өзін тастамау керек. Ондай кезде міндетті түрде осындай орталыққа бару қажет. Демалудың түрі көп, оны осы қоғамда жасап жатқандықтан айтудың қажеті шамалы шығар. Дей тұрғанмен, сіздің денеңіздегі нүктелерді тауып, сіз іздеген демалысты көрсету ол осындай орталықтардың ғана қолынан келеді десем артық деп ешкім айтпас-ау. Ол оның денсаулығы мен әдемілігіне көмегін тигізеді. Қысқасы, күнделікті әдемі болу керек болса, сіз өзіңізді «дұрыс тәрбиелеңіз» деген кеңесімді алдымен сөз жүзінде айта кетер едім.

Мен өзім ашып отырған орталықтың атына еш дақ келтірмеймін деп тырысып келемін, керісінше мәртебесі биіктемесе аласармас. Кім көрінген «қол шошайтып» айта салатын жағдайға түсірмеуге құлшынып жүрмін. Шыны керек, барған сайын сапасын жоғарылатуға жанымды салып жатырмын. Мен өзіме қандай жауапкершілік жүктесем, шәкірттеріме де сондай талап қоямын

   –  «Шәкірттерім» деп қалдың, бұл орталықта шәкірт дайындауға бола ма? Шарты қандай? Ақысы қанша тұрады? Уақыт мерізімі бар ма?

Иә, алғашқы жылдардың өзінде ұсыныстар болғандықтан, біз шәкірттер тәрбиелей бастадық. Олардың негізі  қызығушылық танытып, әдейі осы саланы үйренуге келетіндер. Қазақстанның кез-келген жерінен қабылдаймыз. Әсіресе, батыс өңірінен бізге көп келеді. Біздің шартымыз әдемілікті, жан саулығын қалап келген кез-келген адамға жақсы қызмет көрсетуден бастап, қазақы мінезге лайық болатын өз ұлтымыздың ерекшеліктерін ескере отырып қабылдауды үйретеміз. Келген адамның қажетінен шығу үшін, әуелі оның жан дүниесін ақтару керек. Сонда ғана, ол адамның ойынан істеген жұмысың өнімді шығады. Міне, соны бірден оларға үйрету деген оңайлықта қолға келмейді. Көп санды балалардың бұл жұмыстан еш хабары жоқ болып келеді. Бұлардың үйрену уақыты ұзақтау болады. Ал кейбірі біздің жұмысымызға жақын мамандықтардан болып қалады. Мұны тез игереді. Бұларға уақыт ұзақ болмайды. Біздегі үйренетін білімнің өте жіңішкелікпен басталатыны, олар үшін қиындық әкеледі. Олар қызығып келгендіктен, дерлік игеріп қайтады. Нәтижесі жақсы болып жатқан шәкірттерімізді өз талаптары бойынша орталыққа алып та қалатын кездер көп. Ол үйренген жастардың өзіне байланысты.

Ақысына келсек, бізде тым жоғары емес. Кейбір ақшасы жоқтарға 50 пайызға дейін жеңілдіктер де береміз. Кебіне төлей алмаған жағдайда, оқып болған соң, сол жердің өзіне алып қалып, жұмыс беру арқылы ақысын төлеуге мүмкіндіктер жасалады.

Уақыты екі аптадан бстап, екі ай көлемінде болады. Сертификат беріледі. Осы уақытта оқитын адам талай нәрсені игеріп алады. Қысқасы, ынтасы бар адамға еш қиындық туғызбайды.

– Қасыңда өзіңнің шәкірттерің бар ма? Осы орталықтың басқа да бөлімшелері бар ма?

 Бар. Мендегі әрлеуден тартып, нүктені басып емдеуге дейінгі барлық жұмыстарды атқаратындардың бәрі өзімнің оқытқан шәкірттерім. Олардың алды жоғары деңгейде қызмет жасап жатыр. Оларға  еш алаңдамаймын.

Жақында тағы бір осындай орталық аштым. Сонымен қазірше үшіншісі. Негізі, әр обылыстардан ашсам ба деген ой да жоқ емес. Өйткені, ұсыныстар түсіп жатыр. Бізге сырт аймақтардан келетіндерде көп. Бар адамның әдемі болғысы келеді ғой. Келешектегі жоспарда біраз атқаратын жұмыстар тұр, Алла қалап жатса.

    – Көңіліңнен шығып, үйреткен ісіңді жалғап келе жатқан шәкірттеріңнен кімді айтар едің? «Ұстаздан шәкір озады» дегенді білесің, келешекте өзіңнен асып кетсе қызғаныш тумай ма?

  Менің маңайымда жүрген 8-9 шәкіртім бар. Олар өзіммен бірге жұмыс жасайды. Шынында бірінен-бірі асып тұр десем қателеспеспін. Олар менің таңдап алғандарым. Соның бірі – Гүлім Толғанбай қызы. Ол өзінің ісіне өте жауапкершілікпен қарайды. Келген әрбір адамдарды жылы шыраймен қабылдап, олардың әдемі болып шығуына, жақсы демалуына қолында бар өнерін салып жұмыс істейді. Оған келетін адамның шегін айта алмаймын. Жоғары дәрежеде жұмыс атқаратынына өте сенемін. Бізге, расында, неше түрлі адамдар келеді. Олардың ойынан шығуға өзіміздің қабылетімізге сенсек те, бір сұрақ ойда тұрады. Мысалы: бетінде безеуі бар бір адамды алып айтайық. Міне қараңыз. Ол талай жерге барып, кейде уақытты өткізіп алып келеді. Ондай адамды әрлеп көріңіз. Міне, Гүлім осындай адамның талайына көмек қолын созды. Өйткені, ол туралы толық біледі. Қалай емдеу керектігін, сол аурудың неден пайда болғанын білу керек. Сонда ғана толық ем жасауға, дақ қалдырмай әрлеуге болады. Гүлім бұл туралы жақсы кеңестер беріп, алдын алу мен қалай болдырмау туралы үнемі айтудан жалықпайды.

Ал, Мақпал Диктеренің жұмысына келсем, ол да өзі таңдаған мамандықтың шебері. Ол әйелдер мен қыздардың жүзін, көзі мен қасын және басқа да мүшелердің әрлеуін істейді. Қолы жеңіл болғандықтан Мақпалды іздейтіндер де көп. Жалпы, бізде толық қанды мамандар жұмыс істейді.

Сіз, өзіңнен асып кетсе қызғаныш тумай ма? дедіңіз. Жоқ, еш қызғанбаймын. Мен керісінше қуанамын. Өйткені олар менен оқыды ғой. Сондықтан оларға бақ пен бап тілемесем, жолына жатпаймын.

– Сендердегі ұстаным мен көздеген мақсаттарың туралы сұрауға тура келіп тұр. Қандай жауап аламын?

  Біздегі ұстаным қазақы қалыпта тұрып, қазақтың әдемілігін сақтап қалу және қанымыздағы бар ерекшеліктерді көрсету дегенді тағы да айта кетейін. Өйткені, қазақтың нағыз өмірінен алып айтсақ, қазіргі массаж бізде байяғыдан бар. Мысалы: қазақ әйелдері киіз басып, жүн сабап, ұршық иіріп, бау-шу тоқып, саба пісіп, еш тыным алмай күнделікті өмірдің массажын алып отырған. Ал ерлеріне келер болсақ, тау-тасты аралап малын бағып, атқа мініп-ақ денесіне массажын жасап өткен халық. Тіпті, олардың тұтынған тамақтарының да кереметтігін қай халық білер дейсіз. Мен осындай жауаптармен сөзімнің қорытындысын қазірге тоқтата тұрайын.

Сенің сұхбатыңның өзі мен үшін үлкен массаж болды деп айтар едім. Қолға алған ісіңе үлкен жауапкершілік тілеймін. Өйткені, атауы жай болғанымен, істеп жатқан ісің ұлттың мүддесі үшін. Рахмет саған, бағың зор болсын!

 

Лаззат ИГІСІН

 

   

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑