banner-top12

Поэзия фотоъ

Қосқан уақыты Сәуір 15, 2019 | 174 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Байтақ ел, дархан дала, саған келдім!..

Болат Құрманғажыұлы

Тауларым – ару

Тауларым – ару көсілген,

Ақ көйлек киген, ақ бөрік.

Қара орман – шашы өсірген,

Моншағы – сүңгі, нақ көрік.

 

Ашуы – шымшыр аязы,

Бұлт қонса өкпелегені.

Көк етік – өзен аяғы,

Тәңір – құт төкпелегені.

 

Жартастар – жақұт таққаны,

Хантәңір – аршын төсі еді.

Жарасар ару жатқаны,

“Жыққам” деп аспан бөседі.

 

Оянар, күтем, сілкініп,

Жамылып пүліс қайтадан.

Аспаным қалар тіксініп,

Нәпсісін әзер қайтарған.

04.01.2013

    Саған келдім

Махамбет, Абай, Жамбыл төккен жырын,

Аблай, Баян батыр өткен қырын,

Іздерін сайрап жатқан іздеп келдім,

Қолдай көр, атамекен, көктен пірім!

 

Егемен елдігіңе батайын деп,

Көк майса шалғыныңа жатайын деп,

Алматы мен Астана, саған келдім,

Ағарып таңдарыңдай атайын деп!

 

Сарарқа, самалыңды өбейін деп,

Көктемгі ақ жаңбырдай төгейін деп,

Қайралған алдаспандай намысымды

Жасындай жарқылдатып көрейін деп!

Байтақ ел, дарқан дала, саған келдім,

Борышты азаматтық өтейін деп!

18.04.2018

     Жүректер бар…

Жүрек, таңмын дамылсыз дүрсіліңе,

Жаралдың ба қуаныш, күрсінуге!?

Шеше алмадым сырыңның жұмбақтарын,

Кеудесінде пенденің жүрсің күнде.

 

Жүректер бар ар үшін жалын атқан,

Берекенің қаймағын қалыңдатқан.

Ел мен жердің тағдыры қан жылатып,

Әділеттің төріне барып жатқан.

 

Жүректер бар жылайтын, сүйінетін,

Жетім көрсе жебейтін, күйінетін.

Ана сүтін ақтауды борыш санап,

Арсыздыққа кектене шүйілетін.

 

Жүректер бар нұр, иман ұялаған,

Жамандыққа оларды қияма адам!?

Жүректер бар тәні мен сәбилерін

Саудалаумен бақытты қиялдаған.

 

Жүректер бар “сайтан су” жетегінде,

Кісі өлтіріп, өрт қойған сетеріне.

Хайуаннан да тым бетер,мәңгүрт олар,

Жамандықтың жабысар етегіне.

 

Жүректер бар тажалдай аласатқан,

Адамдығын дүние аласартқан.

Көлшігінде доңыздай малтықса олар,

Байағы – ақ тоналған парасаттан.

 

Жүректер бар сұрланған, сұмаңдаған,

Адам тұрмақ оған таң тау мен далам!

Нәрестесін дақтырып дәретхана,

Жауыздықтан жанары тұмандаған.

 

Жүректер бар жарқанат түн ұшатын,

Түн ұшатын, сәбиі мұң құшатын.

Жетімдерді толтырып бақшаларға,

Хайуанға да ашатын сұм құшағын!

 

Жүректер бар байлыққа елітетін,

Қасиетін жемқорлық кемітетін.

Зағиттардың қымқырып нәпақасын,

Кенезесін кезерген кеңітетін.

 

Жүректер бар шен қонса махамдайтын,

Махамдайтын, май берсең қақалмайтын.

Отаныңды обуға пейіл олар,

Шетел қашып, арт жағын майқандайтын.

 

Жүректер бар қасыңда жүрген жылан,

Сусылынан түңілер көрген ұлан.

Тіл қаттырмай бір күні шағады екен,

Ысқырғанда ұркетін өрген құлан.

 

Жүректер бар жып – жылы жылмағайлы,

Кететін арқалатып жынға қайғы.

Тілінен бал тамғанда бұлт айланып,

Кеткенде із қалдырмас құлдап сайды.

 

Қиындық жоқ елі үшін еңсермеген,

Жүректер бар дәл бүгін кемсеңдеген.

“Қарттар үйі” қазақтың кемпір – шалы,

Ата салтым қалдыма теңселмеген!?

 

Неміз қалды, қарағым, теңселмеген!?

Аласарды арманым, еңсем бүгін.

Жүректер бар сыздатқан тәкаппарлық,

Қапасқа да түспейтын, сенсең күнім!

 

Жүректер бар елжіреп өбісетін,

Ақ некеге серттесіп келісетін.

Айға жетпей арадан ұят қашып,

Шайнасатын, асаудай тебісетін.

 

Жүректерді аңсаймыз жылынатын,

Пендешілік бойынан тыйылатын.

Адамдық – ау, көтерер қиын атың,

Ең ұлы мәртебе сен сыйынатын!

06.09.2016

             Ұшыну

Емексіткен, дәметтірген дүние,

Бауралғалы қашан сенің күйіңе!?

Қуа бердім жалықпастан жалбаңдап,

Бұрылмастан астарыңа үңіле.

 

Дұрыс болар, жетем бір күн түбіңе,

Уа, тұлпарым, жеткізуге сүрінбе!

Батып барам рахатқа белшемнен,

Шабысыма бүкіл әлем, күлімде!

 

Кілт тоқтады астымдағы арғымақ,

Ұшпа құздан ойы жоқ – ты қарғымақ.

Ұшып барып ілініпбін бұтаққа,

Кетсем түпсіз тұңғиыққа зар қылмақ.

 

Бұтағым да іиледі салбырап,

Жан мұрынға келген шағы жалбырап.

Жып – ждылы қол ұстай алды, қарасам,

Өз немерем ұшықтауда абдырап!

15.01.2019

                     Адасу

Даңғаза ән мен желөкпе жыр желігіп,

Жұлдыздарша сәулесі жоқ керіліп,

Мазаны алды мәнерсіздеу қоғамда,

Шындық байқұс қағылуда егіліп.

 

Тұлпар, мәстек, мақтау, арбау матасып,

Бір – бірімен кеткен кейде атасып.

Байлық, мансап жерге тығып жетімді,

Ақ туымды кір басыпты адасып.

 

Сеңге кеттік, шөліркедік несіне!?

Қараң қалып рухани несібе.

Соқыр тұман әудем жерді көрсетпей,

Үміттендік бір жарыққа тесіле.

 

Жылуы мол жеттім оның қасына,

Көзім жанып, қалдым сонда тасына.

Абай жыры, қара сөзі екен ол,

Адасқанда айланатын асылға!

02.01.2019

          Үлкен салмақ

Түс көріңдер, бауырлар, түс көріңдер,

Сосын жорып жаныма күш беріңлер!

“Түс оңалса, оңалар ісің” деген,

Шығады аңға түс көрсе құсбегілер.

 

Құстар ұшты – жырларың қансонарда,

Кездесіп қап жатыр – ау аң соларға!

“Қара киік” “итті” де шаң қаптырып,

Бізге шіркін кетсе екен бал сорғызып!

 

Кейі қыран, ителгі, тұйғыны бар,

Қыс болса да соқтырар құйыны – қар.

Түсіп жатыр түлкі, арқар, қарсаққа да,

Маңдайына жазылған ойыны – бал.

 

Елемеген сол құстар тышқанды әлі,

Көк жүзіне жарасып ұшқан бәрі!

Тұғырдағы қыраным “томағамды ал!”,

Деп басталды “пүштәктәп” сойқандары.

 

Жырынды да дәмелі, үлкенді алмақ,

Сайқылапты құсыма күлген қалмақ.

Жар соғар ма?

Білмедім, қоябердім,

Басталған соң “доңыздай” үлкен салмақ!

01.01.2019

    Қарашық

Күллі адамзат егілуде кемсеңдеп,

Күйреп отыр меніңдағы еңсем бек.

Қара бала қос жанары мұлде жоқ,

Мұңлы ән салды “қиындықты жеңсем” деп.

 

Мұсылманның баласы екен жігерлі,

Жүрегімді мың айырып жіберді!

Өртенгенде анасының өзегі,

Қарып өтті солтүстіктің “Сібірі”.

 

Кешкендеймін тозақтардың адырын,

Таусылғандай күйзелемін сабырым.

Бұйырмасын мұндай сұмдық ұрпаққа,

Сезінейік қарашықтың қадырын!

03.12.2018

                                                       Менің…

Менің ойым, сұрар болсаң – арпалыс,

Арпалыстан болған емес жалтарыс.

Жүрегімнің төрінде отыр достарым,

Шалқиды ерен жоқтығына қалтарыс.

 

Әр алуан сыйа берер пенделер,

Шаттық күйін таратады пернелер.

Жүрек қылым күңіреніп, мұң шағып,

Жұтаңдыққа жолыққанда сенделер.

 

Мыйым менің шағын біткен бастағы,

Кейде тұлпар тасырқаған тастағы.

Қопарылыс тудырады аямай,

Көсемсісе көр кеуденің аспаны!

 

Сезімдерім – нәзіктіктен жаралған,

Көл көңілім – ерке, тұнық самалдан.

Лаулап рухым жарқырай бер сан алдан.

Шындық үшін шырылдап шық қамалдан!

 

03.12.201

  Сен қыранның түлегі

Осал деме, тау көтерсем төземін,

Елім, саған жарылған соң өзегім.

Тектіліктің бойда қаны тасыған,

Батыр баба – Әкежанның көзі едім.

 

Ұстаз еді өз әкем де жазатын,

Том – том қалың тарихты қазатын.

Бес уақыт қаза қылмай намазын,

Жан емес – ті сайтандарға азатын.

 

Анам сергек, дегдарлықтың пірі еді,

Дәстүрімнің дәрмен берген тірегі.

Бес ұл, үш қыз сетерлеген ішінен,

Маған бөлек соғар ыстық жүрегі.

 

Оларды аңсап бүгін жаным жүдеді,

Көкірегіме бір мұңлы күй түнеді.

Жаннатынан олар келіп түсімде,

Жабырқасам қайғы бұлтын түреді.

 

Менің әлі қамымды ойлап жүреді,

Азаптардың бәрін ұмтқан, күледі.

“Жыр періштең мешел емес, қақ қанат”,

Дегені анық “сен қыранның түлегі!”.

20.09.2018

  Сәби үні

Өртенді жүрегіме тамұқ тынып,

Ауыр ой ұйқыны алса талықтырып.

Немерем – мұңсыз сәби күлдіреді,

Ұмыттырып барлығын сауық құрып.

 

Оралып, тағы сол дерт жаңаланып,

Озбырлар өңмеңдеп кеп жағаны алып,

Оятар сәби үні зор шайқасқа,

Жатқанда арғымағым тағаланып.

 

Сергітті сөйтіп мені зілмауырдан,

Ала алмай отырғанда тіл бауырдан.

Ертең мүмкін дейме ол соларды  ұстап,

“Аямай – ақ қамшымен тіл сауырдан!” ?

 

Арманым, аттаншы ерте жолдан қалмай,

Үмітім қанатыңа жалғанғандай!

Тамаша көрейінші бір шырын түс,

Дұспаным бармақ шайнап сандалғандай!

03.10.2018

 

Өкініш

Жатқандай қара нарға арқан батып,

Барасың өкінішті арқалатып.

Деуші едің мұңлы сырын жүрегімнің,

Қалайық тарқатуға арқандалып.

 

Амал не, сол армандар талқандалып,

Тым асығыс кетіпсің алқаң қалып.

Уәдеңе сенген қайран аңқау басым,

Сан соқтырдың қусам да қалқаң қағып.

 

Ынтық сезім шаршады лапылдаудан,

Жетелеп жүрек байқұс жақындаудан.

Жаным – ау, маған айтпай неге бүктің,

Бөгделер құтылмасаң тақымдаудан!?

 

Дөңбекшіді тыныштық осы даудан,

Құтылған қашан балық жайған аудан?

Оралсаң – аман есен өз жеріңе,

Алқаңды жіберейін саңыраудан.

Махаббатым, түңілдім сенен бүгін,

Жалығып үмітімді асыраудан!

30.10.2018

   Ақ көбелек

Жауады көктен мамық, ақ көбелек,

Мүмкін ол жер бетіне бақ бөлемек.

Жүзімді аймаласа-ақ жылайды ылғи,

Махаббаты жатқандай нұр себелеп.

 

Өзі қандай көңілшек, қатқыл әрі,

Сәбилерге көрпе боп шат қылады.

Шамданар болса – үскірік, қарлы боран,

Сең болып аңдамасаң мерт қылады.

 

Сықырлатып табанды, тұяқтарды,

Сар аязын шақырып сыр ақтарды.

Қаңтар, ақпан қылаулап омбылатар,

Жібігенше қара жер – тұрақтары.

 

Құт қонақ болудан ол ерінбеді,

Мезгілдер шайқасынан жеңілмеді.

Біз оны “Наурыз” тоймен аттандырсақ,

Төрт түлік көк жұсанмен желіндеді.

04.01.2013

Қарасу*

Махаббаттың құдіретіне тұрақтап,

Жүрегіңді нұрлантатын шырақ тап.

Деуші едің сен, сол сөзіңе маталып,

Қия алмадым, кетпедім де жырақтап.

 

Көргенді қыз, жетелі ұлдай жарасу,

Қол ұстасып биіктерден ары асу –

Сондағы арман, ізгілікке куәгер,

Естен кетпес шымырлаған Қарасу.

 

Қалған менің Қарасуда жастығым,

Патша едім, онда менен асты кім?!

Серуендесек гүлге оранған саздарын,

Саған іңкәр басылмаушы ед мастығым.

 

Кеберсісе жаным жібіп, таңдайым,

Неге тұнжыр, тұнығыңа қанбайын?!

Аққуыңдай қара көзді сүйдірдің,

Жазың – жаннат, суың – зәмзәм, балдайын.

*Қарасу – жер аты.

2009ж.

    Досқа әзіл

Біртоға едің тұратындай сертіңде,

Қарапайым қалпыңды әсте кетірме!

Мансап қонса сырғақтайсың қалайша,

Қалмағайсың күнің түсіп жетімге.

 

Шертіп тұрсам доллар санап, кекіріп,

Тиындай-ақ жетер едің секіріп.

Елпектер ең бұйдалаған тайлақтай,

Мүсіркеймін, қайтем сені жекіріп?

 

Жаншылмағын көтере алмай келсапты,

Халық берген қадірлегін мансапты.

Адамдықтың тұғырына қона алған,

Нағыз бұлбұл мың тамаша ән сапты.

 

Ешкім мені көрген емес жетектеп,

Қашпа досым, жабыспаймын етектеп.

Барар жерің белгілі ғой байқұсым,

Алаңдаман мәңгі безіп кетед деп.

2009ж.

   Сенің…

Сенің қасың қияндағы қияқ па?

Иә, солай , қол жетпеді бірақ та.

Сезімімді қиялыңа серік қып,

Мен жырақта, көңіліңді жылатпа.

 

Сенің көзің түннің қара мақпалы,

Жұлдыздар да соған ағып жатты әлі.

Айналасы уызындай ақ таңның,

Келе жатқан рауандап атқалы.

 

Сенің ернің жұмақтың балындай,

Неге кеттім сол балыңа малынбай?!

Қолаң шашың сипасам-ақ сыбырлап,

Төгіледі арғымақтың жалындай.

 

Сенің тісің тізіп қойған ақ маржан,

Еш бір жанға көрінбейтін ап-арзан.

Мен ғана едім ақжем қылар тіліңді,

Бар пактігін бір өзіңе ақтарған.

 

Сенің жүзің қызыл бидай құнарлы,

Шіркін төсің қос шоқыдай мұнарлы.

Тұла бойың моншақ таққан ақ қайың,

Тасбұлақтай күлкің алды құмарды.

 

Сенің ойың – көкжиегім, шалғайым,

Шалғайыма жүрек қылын жалғайым.

Жаным менің жабыққанда медеу қып,

Жас баладай өзімді-өзім алдайым.

2008ж.

   Құлыптас

(Мархұма анам Зағипа Берікбайқызының қазасына арнаймын)

Бозамық гранит тас тым айбарлы,

Сұп-суық ызбар шеккен қара жазу.

Құлыптас орнатылды, дос қайғырды,

Түсімде суырылып алтын азу.

 

Қайырсыз тас, мелшидің, құлыпталдың,

Анамның жарқын жүзін құртып анық.

Жасымды топырақ, сен құрғатпадың,

Қара жер, қапияда жұтып алып.

 

Не шара, жансыз сарай салғыздық та,

Қадірлеп қойған болдық өзімізше.

Молдаға тәтті кеңес құрғыздық та,

Ел-жұртты мүсіркеттік көзімізше.

 

Не керек, бәрі жалған, бәрі түстей,

Күрсіндік, назаландық, ойға баттыық.

Анадай бақ болама сәті түспей,

Келтірер бір өзі еді тойға шаттық.

 

Анамның есімде әлі күлкі әуені,

“Ойранды жылдар” * отқа күйгізбеді.

Аһ ұрғаны жаратын түнгі ауаны,

Пәлесін жалақордың үйгізбеді.

 

Жел тоздырған емендей әкем қалды,

Қайғысын ішке бүгіп күйзеліспен.

Немересін қасына әкеп алды,

Жұда болған тәріздес күн көрістен.

 

Мен кезінде сезбедім күткеніңді,

Бақытыңнан енші алып жалындадым.

“Сағындым” деп искеуші ең сүт демімді,

Өр серпілттің, ешкімге жалынбадым.

 

Жаттай алмай қалғаным бір әніңді,

Естігем жоқ әліге басқалардан.

Жәннаттасың, бағышлап құранымды,

Құлыптасқа кеп тұрмын жас қаладан.*

1996жыл, мамыр

*”Ойранды жылдар” – Қытайдағы он жылға созылған “Мәдениет зор төңкерісі” деп аталатын солшылдық саясат.

*Жас қала – Қытайдағы Күйтің деген қала.

 

Түсін мені

Тыңда сырлы жүректің дүрсілдерін,

Соқпақтар да, дауыл да күрсінбедім.

Досқа жайнап, қасқа да кең жайылдым,

Кейде сәби жанымды түсінбедің.

 

Түсін, түзу, арнашыл мінезімді,

Жақтырмайтын құбылма, лезімді.

Кейбіреулер сан-саққа жүгірткенмен,

Ардақтап жүр әз елім бір өзімді.

 

Алаңдаман, жағам ба, жақпайым ба?

Өзімді – өзім лепіріп мақтайын ба?

Шыншылдықтан кетсем де шырылдап мен,

Жолықпайын зұлымның қақпайына.

1998ж.

Қиялым

Қиял бітір, Тәңір, маған сұңғыла,

Сол қиялдан нардай кесек жыр құла.

Сосын жырым шикі өкпеден сомдалып,

Қылдан нәзік сезімдерді ұрғыла!

 

Жыр қанатым көкжиекпен тілдесіп,

Самал болып сұлуларға тұршы есіп.

Асыл қиял, сөз маржанын төгілдір,

Қойнын ашып келгенінше жер бесік.

 

Қиялыма ақ сәулесін иіп күн,

Жарқыраса барқыт қара биік түн.

Болам сонда дүниеге әулие,

Бітіргендей қыйырдағы киікке үн.

 

Құбылыстан өмір мәнін жиямын,

Бақ пен сордың бәрі маған күй ағын.

Арманымның тұғырына қонақтап,

Самғай берсең, жалғыздық жоқ, қиялым!

1995ж.

 Көктемнен ғана басталды

Маужырап дарқан атырап,

Еседі қоңыр самалы.

Ұйқыдан тұрған жадырып,

Арудай дала жамалы.

 

Келемін шалқып төсінде,

Жайып сап көңіл сырларын.

Алшаңдап қайтам бесінде,

Тоқып ап көктем жырларын.

 

Құлпырған алуан гүлдерім,

Сағаңнан үзіп алайын.

Жымыңдап жұлдыз, түндерің,

Ғашықтың сынар тәләйін.

 

Оралтады осы кез,

Өбіскен шақты жарыммен.

Сымпылдап ұшқан көлге тез,

Сағынған қуды парымен.

 

Оралтады бал мінез,

Мұңсыз сәби сезімді.

Өмірге мынау талды көз,

Теңемен жадау кезімді.

 

Арманға толы арыным,

Еркімді ерек басқарды.

Лапылдап менің жалыным,

Көктемнен ғана басталды.

1992ж.

 

Жәркен жыры – жәрменкесі өмірдің…  

(Ақын Жәркен Бөдештің 70 жылдық мерей тойына арнаймын )

Сан құлаған шығам деген альпнист,

Ақ бораны аласатқан талпыныс.

Жәркен жыры Гималай ма деп қалам,

Шатқалдары құпиялы құбылыс.

 

Мшелдіктен жатса байлап бағын мұң,

Тау біткенге түсіріпті ол сағымын.

Жәркен жыры дара жортқан аш бөрі,

Демейді екен халқым барда тағымын.

 

Сап алтындай көзге ұрылар жарқылдап,

Жасымаған, тасымаса қарқын ап.

Жәркен жыры әлем кезген желмая,

Жер тарпыған белдеудегі арғымақ.

 

Рухына күллі қазақ мақтанар,

Қас жауына қадап жебе аттанар –

Жәркен жыры таза қанның бұрқағы,

Сақ-сақ күлген сайтандарда сақтанар.

 

Кейде азулы айға атылар арыстан,

Шайқастардан жаны қап жүр қарысқан.

Жәркен жыры намыс туы жығылмас,

Иман қонған қаламына ғарыштан.

 

Шақыратын ұмыт болған асыл ар,

‘‘Мың бір түн’’бе?

Құпиясы ашылар.

Жәркен жыры жарменкесі өмірдің,

Айдай ару ақ білегін артынар.

 

Зарын кешкен зарығудың мәңгілік,

Түсіне ме от жүрегін әңгүдік?

Жәркен жыры сағыныштан чемпион,

Адамдықтың ұлы арманы әлемдік.

 

Асуларға салған ізден бабалар,

Бір танбастан жүк көтерер қара нар.

Жәркен жыры әділдіктің әмірі,

Надандықтың өзегінен қан алар.

Алматы, 18.05.2014

   Нұрпай тамы (дуал)*

(поэма)

Қозғайын жырды қай маңнан?

Шындықтың жүзін қайтарман.

Нұрпайдың тамы сөйлесін,

Бояусыз тарих – майталман.

 

Сырларын шертсе бұл мекен,

Зерделер ұрпақ барма ертең?

Қараусыз қалған төмпешік,

Сол тамның жұрнақ орны екен.

 

Жетпіс жыл бұрын жадырап,

Самалы қоңыр жамырап,

Ақ бұлақ * көкткеп, мал төлдеп,

Келген шақ көктем маужырап.

 

Табиғат тыныш болғанмен,

Жауқазын қырға толғанмен,

Пенделер жатқан қырқысып –

Атысып мылтық, бомбамен.

 

Жағасын ұстар бар адам,

Жанкешті тағдыр тараған.

Сондай бір кезде атойлап,

Ер Нұрпай озған қарадан.

 

Еңіреп өткен зарымен,

Тарих жазып қанымен.

Бостандық таңы атар деп,

Қорғаған елін жанымен.

***  ***  ***

Осы тамда:

Жандарды ізгі шақырып,

Қымызын бесті сапырып,

Ақсарбас айтып сойғызып,

Кеңескен талай тақырып.

 

Шайқалтпай баптап қаймағын,

Береке қонған аймағын,

Туған жер десе ту тігіп,

Паш еткен асқақ арманын.

 

Ақылмен көпті қаратқан,

Өнеге-үлгі таратқан,

Маздаған шоқтай жастарды,

Көрсеткен көмбе, санаттан.

 

Өсегін өртеп қаптаған,

Егесте ерін сақтаған.

Жетімді көрсе жебеген,

Әділдік заңын жақтаған.

 

Атырған таңын көз ілмей,

Көсілткен ойын көсемдей.

Салдырып мектеп, деген ол:

“Өшеміз сауат өсірмей”.

 

Қуат ап “Алаш ордадан”,

Теңдікті терең қолдаған.

Жасын боп өткен жарқылдап,

Тұманды түріп торлаған.

 

Еңсені басқан қараңғы,

Ұлғайтты ма екен жараңды?

Азулы жауға от ашып,

Бөледі шуақ санаңды.

 

Шайқасың емес ертегі,

Қолдаған халқың жетелі.

Құл емес дедің қазағым,

Жаттардың көнер жетегі.

 

Көкжиек болды көз алдың,

Ереуіл атқа ер салдың.

Түнекті тілді найзағай,

“Аттан” деп елге жар салдың.

 

Қырылды, қашты басынған,

Жау тозып кеше тасынған.

Ел ерді ұлын ардақтап,

Жалындап өскен жасынан.

 

Осалдау тұсы табылмай,

Бір апан қалды алынбай.

Меселі қайтқан  “ сараяқ * ”,

Деуші едің жатар қабынбай.

 

Жеңістен егей жел есті,

Терезең сонда теңесті.

Айбарың айды жасқады,

Жау бірақ, іштей егесті.

 

Тіршілік заңы жалғасты,

Жуас пен жуан салғасты.

Дауларды шештің асқынған,

Құрмадың текке малдасты.

 

Ұлужан * – сұлу жайлауың,

Жарасқан бие байлауың.

Өрлеген шыңға самырсын,

Ораған тауды белбауың.

 

Құзыңда самғар сұңқарың,

Белдеуде шұлғыр тұлпарың.

Аққудай қонған қалың үй,

Суың – бал, ауа – жұпарың.

 

Жатпадың мамық құр жастап,

Қаздырдың тоған, су бастап.

Жалқауға еңбек үйреттің,

Ояттың жұртты ой тастап.

***  ***  ***

Жарамас серттен тайғаны,

Батырлар қуса пайданы.

Қоршауда Нұрпай қалғанда,

Осы там болды майданы.

 

Өмір мен өлім таласты,

Бақпенен қу сор арбасты.

Кімдерді сонда қан басты?

Жауыздық кіммен санасты?!

 

Пиғылын іске асыртпай,

Жүрген-ді жаулар асықпай.

Ағызбай қоймай бекінген,

Батырдың қанын қасықтай.

 

Қарашы, мынау жалғанды!

Көрерсің басқа салғанды.

“Қарусыз Нұрпай жалғыз” деп,

Жансыздан хабар алған-ды.

 

“Сараяқ” қоршап ауылды,

Тілдесер аға-бауырды,

Ел бейғам, жасақ тарасқан,

Қан жылап жүрек ауырды.

 

Бес-ақ тал оқпен қарысып,

Нысанаға алды жабысып.

Қалпақтай ұшты қос шенді,

Батырмен тұрған атысып.

 

Қайран там оқпен түтілді,

Алладан әмір күтілді.

“Сараяқ”  келед баспалап,

Тірі ұстап соймақ таспалап.

 

Жиырмаға келген жасында,

Ыбырайқан* ұл қасында.

Сүйеді кенет әкесін,

Оқ ізі бар-ды басында.

 

Қадалған жаудың тобына,

Бесатар қалды қолында.

Жұмылды қыран от жанар,

Шаһиттік иман жолында.

 

Ашылып жұмақ есігі,

Тербелді жаннат бесігі.

Қара жер сөйтіп қан жұтты,

Күйзелтіп елін есілі.

***  ***  ***

Көгендеп, матап ұл, қызын,

Сөндірді жарық жұлдызын.

Биғайша * сұлу жарының ,

Сүйреді өртеп  құндызын.

 

Қатулы ана қасқарды,

Айбары жауды жасқады.

Құлатар деді ел ертең.

Басыңа тауды, аспанды!

 

Аршын төс ана кеудесін,

Хайуандар шаштап кергесін,

Қанжармен шапты омрауын,

Келтірмек болып тәубасын.

 

Аспақта ана тұрғанда,

Қабиын * қанжар жарғанда ,

Тулапты сәби жүрегі,

Капірден сұмдық қалған ба?!

 

Жау десті: “Жүрек суырмай,

Жемесек егер қуырмай,

Батыр бола алмаймыз,

Қашатын інге суырдай”.

 

Асылған текті әз ана,

Төзбеді кекті қазаға.

Өзегін жарып көк жалын,

Жан берді сол сәт жазада.

 

Қорқаулар сөйтіп қаптады,

Найзалап, сабап, таптады.

Байланған туыс-тұғаны,

Бұл қанды есте сақтады.

 

Қосақтап сосын айдаған,

Күн қайда енді жайнаған?!

-Сатқындар, нәлет!- деді елі,

Дәметкен мансап, пайдадан.

 

Ес шыққан елі теңселді,

Шындыққа ешкім сенбеді.

Тек ажал ғана сұмаңдап,

Аранын ашып белсенді.

 

Өксіді дала, тау құлап,

Сенбеді халық, сау құлақ.

Қан болып ақты Ақ бұлақ,

Сақылдап күлді жау бірақ…

***  ***  ***

Айлаға басып сан хилы,

Соңына түскен қанқұйлы.

Қазақты салып қазаққа,

Орайын күткен қайғылы.

 

Қанды жас көзден парлатты,

Парлатты, елге қарғатты.

Батырдың кесек мәйітін,

Ол аздай терең жарға атты…

 

Шұрқырап жылқы өрісте,

Ұқсапты даусы көріске.

Асатын мыңнан қаракөк,

Мұң шаққан дейді керіске.

 

Сөнгендей рухы қуатты,

Күйзелді халық шуақты.

Даланы басқан қара нор,

Қошқылдап шыңға шуапты.

 

Батырдың құлап ақ туы,

Жыланның тарап жатты уы.

Барқылдап қара құмайлар,

Батпады жұртқа ас-суы.

 

Адамнан үзген күдерді,

Аһұрып таулар түнерді.

Көкке ұлып жалғыз көк төбет,

Күзетіп тамды тұрды енді.

 

Көк төбет даусы тарады,

Тәңірім көктен қарады.

Аспандап аты шығысқа,

Батырдың даңхы барады.

*Нұрпай Батырбайұлы  (1900-1945) – ҚХР,ШҰАР-дың Толы ауданында туылып, Сауан ауданында Го Мын Даң шеріктерінің қолынан қаза тапқан әйгілі халық батыры. “Нұрпай тамы” батырдың қыстауы.

*Ақ бұлақ – Нұрпай батыр мекендеген өңір.

* “Сараяқ” – Го Мын Даң шеріктері тізелеріне дейін балтырларын сары кездемемен орап алатындықтан, қазақтар оларды “сараяқтар”деп атап кеткен.

*Ұлужан – Сауан ауданындағы көркі көз сүріндіретін жайлау. Кезінде Нұрпай батыр да жайлайтын.

*Биғайша – Нұрпай батырдың ақылына көркі сай қаһарман әйелі. Жау қайтпас, қайсар ананың омырауын қанжармен шапқан және қанжоса қып аспаққа асып өлтірген.

*Ыбырайхан – Нұрпай батыр оққа ұшқанда қасында болған үлкен ұлы.

*Қаби – Нұрпай батырдың екінші ұлы. Шын аты Қабиолла. Жау 9 жастағы Қабидың кеудесін қанжармен жарып, тулап шыққан жүрегін суырып алып, “бізде батыр боламыз” деп өз ырымдарымен қуырып жеген екен. Көз алдында аянышты өлтірілген ұлына шыдамаған әз ана аспақта тұрып көз жұмыпты.

   2013ж.

                  Аян

(баллада)

Дулыға, сауыт кигені,

Қолында найза, қалқаны,

Халқы оған басын игені –

Шыққаны жаудың талқаны.

 

Айбаты айды жасқардай,

Жарыла жаздап қара аспан,

Еңсесі биік асқардай,

Атына заты жарасқан.

 

Батырым келді, ой, Алла-ай!

Олқылық менен табардай.

Прағы жерді оярдай,

Кісінейт тауды шағардай.

 

Саңқылдап даусы қырандай,

Жаудырды сұрақ батырып.

Қалшылдап кеттім тұра алмай,

Сарсаң қып сансыз тақырып.

 

-Ұрпағым, нағып жатырсың?

Өрлігің маған тартпаған.

Тектісің, кеше батырсың,

Арыңды асыл сатпаған.

 

Күрсіндің, неге жасыдың,

Жігерің құм боп жасаурап?

Мақтаса көзге тасыдың,

Шалқыдың масаң масайрап.

 

Солғындап тілің, дінің де,

Сайтандар билеп алғандай.

Суырша жаттың ініңе,

Қаһарлы қыста қалғандай.

 

Анттар қайда серттескен?

Жалғандық ауыр сын еді.

Жөн-жосық барма тектескен,

Жүрегің сонан ісінеді.

 

Иманың қашты ибалы,

Байлығың һарам мерт қылар.

Даурықпа соны тыйғалы,

Мәйексіз құр сөз шет қалар.

 

***

Уытын шашып қатулы,

Ажал боп Жұңғар ысқырды.

Күн туды елге айтулы,

Жерімнен байтақ тықсырды.

 

Қобыздың күйін тыңдашы,

Мұң-зарды кеше қаптаған.

Жұлынып ару сырғасы,

Ақ гүлін зорлық таптаған.

 

Бесіктен сәби түйреліп,

Шаңырақ түсті ортаға.

Көкпардай қыздар сүйреліп,

Боздады інген ботаға.

 

Тұлпардың кеппей терлігі,

Тақымда тозған тебінгі.

Ерлердің сөнбей ерлігі,

Сан жерде жаулар жеңілді.

 

Кигізіп құлдық қамытын,

Өктемдік құрмақ далама.

 

Атқарды қазақ антын,

Жағаласпай жан қалама?

 

Абылай мені таңдады,

Ақтар деп елдің арманын.

Көкейден кетпес қан дағы,

Тістесе батыр бармағын.

 

Еркөкше бабам, Ерқосай,

Оғландар еді еңсегей.

Жатпадым менде қол қоспай,

Батырлар жауды жеңсе егей.

 

Жекпе-жек шықтым жеңілмей,

Жасағым жауды еңсерді.

Сақал-мұрт жүзге тебіндей,

Серігім – торым теңселді.

 

Қабақты түйсем қар жауды,

Аязым сұсты,

қатты жау.

Ширатсам шымыр арқауды,

Санамнан көктеп жатты қау.

 

Батырын талай құлаттым,

Сақтары сынды аңырап.

Аттарын топтан тулаттым,

Мерейім жұртқа жамырап.

 

Қазақтық қаным тасыды,

Көтердім биік туымды.

Кім бізді мәңгі басынды?

Былғатпай кеттім суымды.

 

***

Бақытты елдің ұлысың,

Айдарыңнан жел ескен.

Енді сен кімнің құлысың?

Терезең анау теңескен.

 

Сонда да қарным ашады,

Рұхсыз жанған шамыңа.

Ауыр ой кейде басады,

Зілдей боп батар жаныма.

 

Қойдан да қоңыр мінезің,

Ұятың безіп кеткен бе?

Жерімес құлын енесін,

Қос аяқтап тепкенге.

 

Анаңнан сен бе жеріген,

Әкенің жыртқан жағасын?

Кім екен жатқа теліген,

Соңында кімді табасың?

 

Айбарлы біткен арыстан,

Пейілің қайда даладай?

Құмар боп доппен жарысқан,

Ақылың тентек баладай.

 

Қалмапты намыс қайралар,

Лаулаған жігер сөнгендей.

Салқар көш түзер қайран нар,

Еркіне есек көнгендей.

 

Баян десең, Баянмын,

Ел менен жерді қорғаған.

Түсіңе кірер аянмын,

Дұспанды жерлер қорлаған.

 

Тарихың болар Баянмын,

Алаштың асқақ ұраны.

Аптапта қалсаң саяңмын,

Шертілер күйің, жыр-әнің.

 

***

Айқайлап тұрдым тер басып,

Жын соғып мүлде кеткендей.

Батырым қайтты  керді асып,

Ұшықтап суын сепкендей.

 

Қалтылдап қолым қаламға,

Ғаламат сезім құйылды.

Қабағат қалдым табаға,

Сейілер сездім құйынды.

 

Көңілім – теңіз шарқұрып,

Дауылдан мөңкіп жатқандай.

Шағала біткен шақырып,

Періштем іздеп тапқандай.

29 . 05 . 2012




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑