banner-top12

Әдебиет 3f9db8a66bfc80fecaf4943275526112-940x545

Қосқан уақыты Сәуір 16, 2016 | 1  240 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Бейбарыс Сұлтан

Мұхтар Құл-Мұхаммед,
профессор, Қазақстан Республикасы
мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Бүгін бір кездері дулығалы Дешті Қыпшақтың жауынгер-жыраулары жырлағандай қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған, қарағайдан садақ будырып, қылшанын оққа толтырып, үйде қалған аруға ал иінін аудырып, түзде толғамалы ала балта суырысқан ерлер мен алты қүлаш ақ найзаны қас жауына сағақтата салған серілер мекендеген, ту құйрығы бір тұтам тұлпар мініп топқа түскен, тобыршығы биік жай салып дұшпан атқан, Еділ-Жайық екі суды ен жайлап, тұлпар баптап ту алған Атырау жеріне Баһадүр сұлтан Бейбарыстың биік рухы қайтып оралды.
Бейбарыс туралы әңгімеге көшпес бұрын Дешті Қыпшақ мемлекеті мен оны мекендеген сан алуан тайпалар мен рулардың тарихына тоқталып өткен жөн.
Мұсылман авторларында қыпшақтар, еуропалық зерттеушілер еңбегінде құмандар, орыс жылнамаларында половецтер деп аталатын біздің дәуіріміздегі I мыңжылдықтың соңы мен II мыңжылдықтың басында Еуразиядағы аса қуатты мемлекеттік бірлестік – Қыпшақ конфедерациясын құрған қазақ эпостарында айтылғандай “тоқсан баулы қыпшақтың” шығу тегі, оның құрамында қандай рулар мен тайпалар болғандығы, олардың монғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңдегі тарихы қалай дамығанына да тоқталып өткен дұрыс.
Қыпшақтар тарихын қазақ тарихының шеңберімен шектеуге мүлде болмайды. Себебі қайнар көзі V-VІІІ ғасырларда әлемдік өркениет көшінің алғы шебінен орын алған көк түріктер құрған Түрік қағанаты, одан кейінгі кезеңдегі Шығыс және Батыс түрік қағандығы, Түркеш қағанаты, Қарлұқ, Оғыз мемлекеттік бірлестіктері, Қимақ қағандығы, Қараханидтер мемлекеті. Солтүстік Кавказ бен Каспийдің теріскейін жайлаған Хазар және Ұлы Бұлғария мемлекеттерінен бастау алатын Дешті Қыпшақ пен оның халқының негізін құраған қыпшақтар Еуропа мен Азия және Солтүстік Африкадағы көптеген халықтардың тарихында айтарлықтай із қалдырды. Византия, Мәмлүк Египеті, Хорезм хандығы, Болгария, Молдавия, Дели сұлтанаты, Грузия, Армения, Мажарстан, Румыния және Ресей тарихын бүгінде қыпшақтарсыз қарау мүмкін еместігін дуалы ауыз тарихшылар әлдеқашан мойындаған. Қыпшақтар туралы жазба ескерткіштер көне түркі, византия, латын, араб, парсы, қытай, грузин, армян, монғол тілдерінде жазылып, олардың көпшілігі бүгінгі күнге дейін аман-сау жетті.
Сондықтан осындай орасан зор дерек көздері арқылы қыпшақ тарихын әр мемлекеттің, әр халықтың төл тарихы тұрғысынан зерттеу үрдісі қалыптасты. Ендеше біз де осы үрдісті жалғастыра отырып әңгімені Қыпшақ тарихының Бейбарыс өмірімен тоқайласар тұсы Еділ-Жайық екі су өңірінің арғы-бергі тарихы және қыпшақ шежіресінің қайнар бастауы саналатын Хазар мен Бұлғар мемлекеттерінің тарихынан бастағанды жөн көрдік.
Ортағасырлық араб пен парсы саяхатшыларының жазбаларында, сондай-ақ орыс жылнамаларында барсили, берсили, баршли, баршогли, бурджогли, бурчевич деген сияқты түрлі фонетикалық өзгерістермен айтылатын көне қыпшақ тайпасы туралы деректер жиі кездеседі. Профессор С.А. Плетнева: “После смерти Атиллы в 454 г. огромная и рыхлая гуннская империя распалась. Племена и народы, кочевавшис в восточно-европейских степях освободились. История их стала развиваться самостоятельно — их имена запестрили на страницах византийских и закавказских исторических хроник. Акациры, барсилы, сарагуры, урати, савиры, авары, уйгуры, кутуригуры, болгары, хазары – вот не полный перечень этих постоянно враждующих и воюющих народов между собой” деп жазады. (Плетнева С.А., Хазары. М., 1986, с. 14).
Хазар тарихын зерттеуші профессор М.И.Артамоновтың “История Хазар” атты кітабында византиялық автор Феофанның: “страна гуннов-болгар, какую знают здесь наши источники, была Берсилией и Баршлией, областью, занятой барсилами или баршлами, откуда вышли не только они, но и хазары” деген дерегін келтіреді (104-бет). Демек хазарлар этногенезінде баршли, берсилилер басты рөл атқарған, атқарып қана қоймаған, хазарлардың шығу тегі осы берсилилерден басталған.
Профессор М.И.Артамонов осы пікірді одан әрі дәлелдеу үшін, “Хазары – великий народ, вышедший из берсилии” деген тоқтамға келген (Артамонов М.И. История хазар. Л., 1962. с. 128).
Сөйте тұра М.И. Артамонов араб, парсы жазба жәдігерлерінде хазарларды түркі тектес халық деген тұжырыммен келісе бермейтіндігін айтып, оны зерттеушілердің бір бөлігі финн, грузин, тіпті армян халықтарына жақын болуы мүмкін деген пікірдің де негізі барын алға тартады. Ең үлкен орыс энциклопедияларының бірі 86-томдық “Брокгауз-Ефронда”: “хозары — народ некогда обитавший в нынешней южной России. Происхождение их с точностью не известно” деп хазарлардың шығу тегі жөнінде екіұштылау дефиниция береді. (“Брокгауз- Ефрон”, 74-том, с. 485).
Төңкеріске дейін мейлінше кең қанат жайған орыс шығыстану ғылымында да, кеңес дәуіріндегі советтік шығыстану ғылымында да (М.И.Артамонов, С.А.Плетнева, Л.Н.Гумилевтерден басқа) қаға беріс қалған хазарлар тарихы қазақстандық тарихшылар назарынан да тыс қалып келеді. Біздің мақсат Арал теңізінің солтүстігінен бастап, Еділ мен Жайық арасын, Үстірт пен Маңғыстаудан бастап Каспийдің солтүстік жағалауын, Солтүстік Кавказдан Дон, Дунайға дейінгі аралықты алып жатқан Хазар мемлекетінің тарихын тарату емес, Хазар халқының этногенетикалық негізін құраған — берсили, баршлилер немесе Бейбарыс шыққан беріштер тарихы.
Венгрдің әйгілі саяхатшы ғалымы А.Вамбери хазар этнонимі көне түркінің каз-еррер яғни “көшпенді” сөзінен шыққан деген пікірді ұстанған. Бұл туралы М.И.Артамонов: “С тем же корнем каз, по словам, связано близкое по значению слово “казак”. Вместе с тем этот автор все же причислял хазар к туркам и считал их особым народом — со своим языком или точнее диалектом” деп жазады (Аталған еңбек, 84-бет.).
Бұл тұжырым “қазақ” этнонимі тарихын хазарлар төңірегінен іздеу керектігі жөнінде зерттеушілерді соны ізденістерге шақырып тұрғандай. Әзірге бұл тақырыпты ашық қалдырып, беріш қыпшақтары туралы әңгімеге оралайық.
Византиялық император, тарихшы Константин Багрянородный мемлекетінің аты қағанат, басшысы қаған, оның зайыбы хатун, жергілікті басшысы бек деп аталатын хазарларды түркілер деген бұлтартпас дерек келтіреді (“Брокгауз-Ефрон”, 74-том, 485-бет).
Міне, осы хазарларды 966 жылы орыс кінәзі Святослав Игоревич талқандағаннан кейін қағанат біржолата ыдырап, оның құрамындағы тайпалар көршілес түркі хандықтарының құрамына еніп кетеді.
Тарихта тұтас бір империя немесе жекелеген мемлекеттер біржолата тарих сахнасынан көшкенімен, халықтардың жоғалуы – өте сирек кездесетін құбылыс. Мемлекет ыдыраған кезде құрамындағы рулар мен тайпалар оның орнына келген жаңа мемлекеттің немесе көршілес ру-тайпалардың құрамына кіріп, өзгеше трансформацияны бастан кешкен күйі тіршілігін жалғастырып отырған. Тарихы ғұндар дәуірінен бастау алып, көк түріктер құрамында болған, хазарлар этогенезінің бастауында болып қыпшақтар құрамында қанат жайған көне түркі тайпасы барсил, берсили, бершли бүгінгі атауымен айтқанда беріш тайпасының тарихы осы ұстанымның айқын айғағы болса керек.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін әрі беріш тарихымен шектеліп қалмау үшін осы жерге дейін отандық тарихшылар назарынан қаға беріс келе жатқан тағы бір тақырып Ұлы Бұлғар мемлекетіне қатысты мына бір деректі де келтіре кеткенді жөн көрдік. Бұлғарлар VI-VII ғасырларда түркі қағанатының құрамында Азау теңізі жағалауы мен Таман түбегін мекен етті. Олардың көсемі әрі қолбасшысы Құбрат Түрік қағанатының әлсіреуін пайдаланып, 635 жылы әлемдік тарихқа Ұлы Бұлғария деген атпен енген жаңа мемлекеттің негізін салды. Міне, осы Ұлы Бұлғария халқын құраған түркінің көнеден келе жатқан іргелі атасы дулат тайпасы еді. Мемлекеттің негізін дулат тайпасынан шыққан Құбрат қалады. Бұл туралы профессор С.А.Плетнева: “Кубрат принадлежал к роду Дуло (Дулу) -который в Тюркском каганате боролся за власть с правящим родом Ашина” деп жазады (Аталған еңбек, 20-бет).
Мемлекеттің негізін қалап, аяғынан қаз тұруына өлшеусіз еңбек сіңірген Құбрат VII ғасырдың 40-жылдарында қайтыс болады. Ол дүниеден озған соң Ұлы Бұлғария екі жарылып, оның басына ағайынды хандар — Аспарух пен оның бауыры Ботбай отырады. Ботбай – бүгінде Ұлы жүз құрамындағы Дулат руының ең өсіп-өнген аталарының бірі. Бұл да кездейсоқтық емес, тоқсан баулы қыпшақтың түркі тайпалары этногенезіне мейлінше үлкен әсер-ықпалы жасағандығының айқын дәлелі болса керек.
ХІ-ХІІІ ғасырларда дәуірлеу кезеңін бастан кешірген Дешті Қыпшақ мемлекетінде “қыпшақ” деген ортақ этнониммен тарих сахнасына қайта шыққан көне түркі рулары тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдеріне қарамастан, монғол шапқыншылығынан кейін де өзінің бастапқы атауын сақтап қала білді. Бұған жоғарыда біз талдаған беріштер мен дулаттар тарихы дәлел бола алады.
X ғасырда орыс кінәзі Святослав Игоревичтен жеңіліс тапқан Хазарлар мемлекеті біржолата ыдырап, оның жері мен халқы күллі мұсылман жұртына “Дешті Қыпшақ” деген атпен белгілі болған Қыпшақ конфедерациясының құрамына кіреді. Бейбарыс та осы кезеңде тарих сахнасына шықты. Орыс шығыстану ғылымында ол туралы алғашқы деректердің бірі 1891 жылы басылған “Брокгауз-Ефрон” энциклопедиясында жарияланды. Энциклопедиядағы ол туралы есімнамалық мақала “Бибарс I” (Бейбарыс емес) деген атпен берілді. Онда былай делінген:
“Бибарс I” – четвертый султан из династии багаридских мамлюков в Египте, умер 30 июня 1277 году, родом из Кипчака. Проданный в рабство Икдыну, начальнику стрелков (бондуктар) султана Мелик эс-Салиха (откуда два его прозвища: Бондукдари и Салеха). Подобно всем восточным государям Б. был очень щедр: ежегодно раздавал бедным массу хлеба из своих житниц, воспитывал детей павших воинов, строил школы, каравансарай и пр.” (“Брокгауз-Ефрон”, 6-том, 412-бет).
Осы энциклопедияның 36-томындағы мәмлүктерге арналған мақалада Бейбарысқа Мәмлүктер әулетіндегі ең атақты сұлтан болды деген баға берілді (36-том, 518-бет,).
Орыс энциклопедиясы Бейбарыстың қыпшақтан шыққандығын анық көрсеткен. Ал бұл туралы өзге дерек көздері не дейді? Беріштердің қыпшақ этногенезіндегі берік орнын анықтағаннан кейін Бейбарыстың берішке қатыстылығын дәлелдеп көрейік.
Мәмлүк тарихы орыс шығыстану ғылымында жан-жақты зерттелді десе де болғандай. Өйткені ғылым-білімнің өсіп-өркендеуіне ерекше мән берген мәмлүк сұлтандары өз сарайында арнайы жылнамашылар ұстап, мемлекет тарихында болған, өз басынан өткен айтулы оқиғаларды хатқа түсіріп отырған. Біз бүгінде сол араб шежірешілерінің есімдерін де, бүгінге дейін жеткен еңбектерінің де атын атап, түсін түстей аламыз. Бейбарыс тақырыбына қалам тартар болашақ зсрттеушілерге бағыт-бағдар болу үшін солардың басты-бастыларына тоқтала кеткенді жөн санадық.
Мәмлүктер Египеті туралы жазба деректер негізінен XII-XVI ғасырлар аралығында дүниеге келді. Олардың басында XII ғасырда өмір сүрген араб географы әл-Идрисидің “Нузхат ал-муштак фи-хитира ал-адак” (Саяхатқа шыққан кезбенің ермегі) атты әйгілі еңбегі тұрады. Автор Шығыс Еуропа, Африка, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстанды аралап, көрген-білгендерін хатқа түсірген. Бұл еңбекте қыпшақтар туралы мол деректер кездеседі.
Екінші бір автор Сирияда туып, 1243 жылы Египеттің Фаийум аймағының губернаторы болған Осман ибн Ибрахим ан-Набулуси ас-Сафадидің “Китаб тарих ал-Фаийум ба биладих” (Фаийум мен оның айналасының тарихы кітабы) атты еңбегі тұрады. Бұл кітап – бүгінгі оқырманға Мәмлүк Египетінің провинциясының жай-жапсары мен жергілікті басқару жүйесінен мол хабар беретін дерек көзі.
Өз заманының аса құнды жылнамасы ретінде шам шаһарынан шыққан тарихшы Абд ар-Рахман ибн Исмаил абу-Шамның (1203-1267) “Китаб ар-раудатайн фи ахбар ад-даулатайн” (Екі әулеттің ақпары туралы екі бақтың кітабы) еңбегін айтуға болады.
Сұлтанның жеке хатшысы болып, Бейбарыс сұлтандық құрған алғашқы бес жылдың оқиғалары (1260-1265) туралы бұлжымас деректер келтірген Мухии ад-дин ибн абд аз-Захирдің (1223-1292) “Ар-рауд аз-Захир фи сират ал-Малшс аз-Захир” (Мәлік Захир өмірінің гүлденген бағы) кітабы – сұлтанның көзі тірісінде жазылған аса құнды дерек көзі. Алғаш рет үзіндісі 1884 жылы Тизенгаузен жинағында жарияланған, бұл еңбектің қолжазбасы әлі күнге дейін Британия қолжазба музейінде сақтаулы.
Мәмлүк Египетіне, оның басқару тізгінін қолына ұстаған қыпшақтардың рулық-тайпалық құрылымына қатысты мол деректер сириялық араб ғалымы ад-Димашкидің (1301-1349) “‘Нухбат ад-дахр фи-аджаиб ал-бар ва-л-бахр” (Құрғақ пен теңіздің ғажаптары туралы уақыт үзінділері) атты еңбегінде берілген. Бұл еңбекте қыпшақтар құрамындағы бурджоглы тайпасы туралы нақты деректер бар.
Мысырда құснихатшының отбасында дүниеге келіп, әке жолын жалғастырған Шихаб ад-дин Ахмед ан-Нувайридің (1279-1332) “Нихайат ал-араб фи фунун ал-адаб” (Әдеп пәні бойынша тілектер жиынтығы) атты энциклопедиялық еңбегі Бейбарыстан кейінгі кезеңдегі мәмлүк тарихының ғылыми шежіресі болып есептеледі. Бұл еңбекте де қыпшақтар құрамындағы элбури, бурджоглы тайпалары туралы нақты деректер бар.
Тағы бір авторға ерекше тоқталып өткен жөн сияқты. Оның толық есімі – Шихаб ад-дин абу-л-Аббас Ахмед ибн Али әл-Калкашанди. 1355 жылы Александрия маңындағы Калкашанди атты елді мекенде дүниеге келген ол мемлекет және құқық тарихынан Александрияда дәріс берген. Өзінің жоғарыда аталған еңбегін Александрияда тұрған кезден бастап, өмірінің соңына дейін (1418 жылы қайтыс болған) жазып шыққан. Бұл еңбекте Бейбарыс билік құрған Мәмлүк Египеті туралы деректер молынан кездеседі.
Бейбарыстың өмірбаяны туралы ең толық әрі жан-жақты деректер келтірілген және өзіне дейінгі тарихшы ғалымдар еңбегін қорытып шығарған Мәмлүк Египеті туралы екі іргелі еңбек жазған тағы бір ғұламаның есімі – Таки ад-дин Ахмед ибн Али ал-Макризи (1364-1442). Оның алғашқы еңбегі “Китаб ал-маваиз ва-л-итибар фы зикр ал-хитат ва-л-асар” (Ескерткіштер мен қала аудандары туралы ақыл-кеңестер кітабы) тарихи-географиялық анықтамалық болса, екіншісі “Китаб ас-сулук ли-марифат дувал ал-мулук” (Билеуші әулеттерді танып-білуге апаратын жолдың кітабы) мәмлүк сұлтандарының өмірбаяндарына арналған. Әл-Макризидің алғашқы кітабында “Сұлтан Бейбарыс туралы” атты арнайы тарау бар.
Бейбарыс сұлтанның сарайында қызмет істеген атақты мәмлүк тұқымы саналатын тағы бір әйгілі мысырлық тарихшылардың бірі — Абу-л-Махасин Йусуф ибн Тагри-Бирди (1409-1470). Оның “Китаб ан-нуджум аз-захира фи мулук Миср ва-л-Кахира” (Мысыр мен Каирдың жарқын жұлдыздары мен патшалары туралы кітап) атты еңбегінде Египеттің араб жаулаушылары кезеңінен бастап, Бейбарыс патшалық құрған 1267 жылғы дейінгі уақытты қамтиды.
Жоғарыда аталған авторлардың еңбектерінде мәмлүктер ең алғаш билік басына 1250 жылы келгендігі айтылады. Олар осылайша 1517 жылға дейін Мысырды 267 жыл бойы билеп тұрды. Мәмлүк сөзі арабшадан аударғанда “еркінен айырылған”, “біреуге бағынышты”, “құл” деген мағынаны білдіреді.
Белгілі ағылшын ғалымы К.Э.Босворттың деректері бойынша Египетті билеген мәмлүк сұлтандары династиясы екіге бөлінеді: оның алғашқысы бахриттер 1250-1390 жылдар аралығында, екіншісі бурджиттер 1382-1517 жылдар аралығында (жылдардағы сәйкессіздік биліктің әулеттен әулетке өтуінен болған) билік құрды. К.Э.Босворт бахриттер туралы: “Этнически Бахриты в массе своей были кипчаками из южнорусских степей” (Босворт К.Э. Мусульманские династии. Справочник по хронологии и генеалогии. Перевод с английского П.А.Грязневича, М., 1971, с.101) десе, белгілі орыс египтологы Л.А.Семенова бұл пікірді кеңейте түсіп, мәмлүктер туралы былай дейді: “Будучи по своему происхождению преимущественно половцами, кочевниками в причерноморских степях, они были пленены монголами и проданы ими в рабство итальянским купцам, которые во множестве вывозили мамлюков через Черное море и сбывали египетским султанам. Придя к власти, тюркские мамлюки (или Бахри) сделались господствующей прослойкой феодальной аристократии, оттеснив курдов” (Семенова Л.А. Салах ад-дин и мамлюки в Египте. М., 1966, С. 23). Буржиттер әулеті туралы Босворт оларды Кавказдан шыққан черкестер десе, Л.А.Семенова да осы пікірді қолдап, оларды “династия черкесских султанов” деген пікірді алға тартады.
Амин ал-Холидің интерпретациясы бойынша бахриттер (қыпшақтар әулеті) арабтың “бахр” теңіз, үлкен өзен деген сөзінен шыққан. Себебі бахрид мәмлүктері Ніл дариясының сағасында орналасқан (Связи между Нилом и Волгой в ХІІ-ХІУ в.в. М., 1962, с. 35), бурджиттер (черкестер әулеті) арабтың “бурдж” мұнара, қамал деген сөзінен алынған. Черкес мәмлүктері Қалауын сұлтанның кезінде Каир цитаделінің мұнарасында орналасқан екен. Бурджиттср атауы осыдан шықса керек (Ибн Ийас, I, 130-бет).
Жоғарыда келтірілген деректерді қорыта келіп, Мәмлүк Египетіндегі Бахридтер әулетінен шыққан төртінші сұлтан Бейбарыстың түркі әулетінен, қыпшақ даласынан шыққаны анықталды. Енді оның беріштігіне келейік.
Бейбарыс өмірбаянын жан-жақты зерттеген мысырлық тарихшы әл-Айни Бейбарыстың тегі қыпшақ, оның ішінде бурдж тайпасынан шыққан деген дерек келтірсе, сұлтанның сарай өмірбаяншысы Аз-Захир оның тегі эльбури тайпасынан екендігін жазады. Осындағы бурдж пен эльбури қандай тайпа, қыпшақ арасында осындай тайпалар болған ба? Енді осыған келейік.
Ал-Нувайридің деректері бойынша қыпшақтар тоқсаба, йеты, бурджоғлы, бурлы, кангуоглы, анджоғлы, дурут, қарабароғлы, котян тайпаларынан құралған. Ибн Халдун қыпшақтар құрамындағы он бір тайпаның атын атап шығады. Олар мыналар: тоқсаба, сета, бурджоғлы, эльбури, канаарлы, оглы, дурут, калабайлы, джерсан, қара-бөрікті, құнан (Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. т.1, Спб., 1884, с. 540-541). Қос автордың жазуындағы тоқсаба-тоқсаба, йеты, сета – жеті, яғни Жетіру, бурджоғлы – беріш, бурлы, эльбури – албарлы, кангуоғлы – қаңлы, қарабароғлы мен қара-бөрікті -қарақалпақ, дурут (бір деректерде тортробичи) – тортуыл, кунан -құнан қыпшақ этнонимдері қазақтың үш жүзінің құрамындағы рулар атауларында айқын көрініс тапқан. Башқұрт тарихшысы Р.Г.Кузеевтің салыстырмалы кестесі бойынша қыпшақ руы ноғай, қырым татарлары, башқұрт, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, алтай халықтарында кездесетіні көрсетілген (Кузеев Р.Г., Происхождение башкирского народа. М., 1974, с. 173-174). Қыпшақ руын жоғарыда аталған халықтардың өз ішіндегі шежіремен таратар болсақ, үш жүздің құрамындағы талай рулардың атауын кездестіруге болады. Белгілі өзбек тарихшысы Б.А.Ахмедов көшпелі өзбектердің рулық-тайпалық құрамы туралы: “Согласно Масуду ибн Усману Кухистани, в состав Ак-Орды т.е. улуса кочевых узбеков, входили следующие племена: буркут, кият, кошчи, ийджан, кунграт, ушун (усун), утаджи, найман, джат, чимбай, карлук, кенегес, дурман, курлаут, тубаи, манғыт, кукуз, тангут, уйгур, хитай, таймас, эчки, туман-манг … упоминается такие племена шадбакли и шункурли, уйраты, маджары и кипчаки” деп жазады (Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М., 1965, с.16). Құрамында қазақтың көне рулары жиі кездесетін бұл мысалдан түркі халықтарының түбі бір тұтастығы айқын аңғарылса керек.
Тағы да беріш руына оралайық. Кіші жүздің рулық-тайпалық құрылымын терең зерттеген тарихшы ғалымдар М.Мұқанов пен В.Востров беріш руына қатысты деректерді қарастыра келіп: “біз беріш руының өзі де қыпшақ тайпасынан шыққан деп едәуір дәрежеде пайымдай аламыз. Қыпшақтың беріш руының ауызға алынуының өзі бұл рудың (берч-беріш) ХІІ-ХІІІ ғасырлардың өзінде-ақ болғанын және қыпшақтар құрамына енгенін дәлелдейді” деген қорытындыға келген (Қазақ шежіресі хақында, А., 2000, 392-бет).
Қазақ оқырманына Бейбарысты түңғыш таныстырған алаш ардагері Мұхамеджан Тынышбаев. Ол өзінің «Материалы к истории киргиз-казахского народа» атты еңбегінде әл-Айни деректеріне сүйене отырып, Бейбарыстың қыпшақ ішіндегі беріш тайпасынан шыққандығын дәлелдеген.
Қазақ ғалымдары арасынан бұл тақырыпты тереңдете зерттеген екінші ғалым ҚР ҰҒА-ның корр.-мүшесі, профессор С.Аманжолов. Ол араб жазушысы әл-Айнидің деректеріне сілтеме жасай отырып, мысыр (мәмлүк) сұлтандары Бейбарыс пен Қалауынның беріш руынан шыққан қыпшақтар болғанын атап көрсетеді.
Ол былай деп жазған: «Арабский писатель Аль-Айни писал, что египетские (мамлюкские) султаны Бейбарыс (1260-1279) и Калаун (1279-1290) «были кыпчаки из рода брж-оглы», причем показание одного из них записано так: (в транскрипции: мән брж ұғлы қаблия мән ат-түрк), т.е. «Я от тюркского племени Берча сын есть» (Аманжолов С. А. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. А., 1997, с. 55).
Өкінішке қарай, көптеген шығыстанушы, египтолог ғалымдар осы сөйлемнің мағынасын әлі күнге дейін дұрыс тарата алмай келеді. Әл-Айнидегі араб мәтінінде ақиқат транскрипциясы былай оқылады: «мин бурдж агли қабилатун мин-ат-түрки». Лен Пул өзінің «А hіstогу оf Еgupt» атты еңбегінде мұны ағылшынша былай аударады: «а turк оf thе Burg Oghlу tribe оf kipchak» (278-бет). Аударма мәтіні дұрыс болғанымен мағынасын түсіндіруі қате. Көптеген зерттеушілер «бурдж агли» сөзін мәмлүктердің черкестік әулеті «бурджиттермен» (бурдж — қамал) шатастырады. Ал шындығында мұндағы «бурдж» сөзінің мағынасы бурджиттер емес, қыпшақтың «бурдж» тайпасы екендігі айдан анық. Мұның лингвистикалық астарын былай түсіндіруге де болады. Араб тілінде дауысты дыбыстар жазылмайды, сондықтан түпнұсқада «бурдж» сөзі «брж» болып жазылған. Ал бұл сөзді «беріж» деп те «буруж» деп те оқуға болады. Қалай дегенмен де «брж» сөзі «бурджиттен» алыс жатыр. Екіншіден, сойлемде «түркіден шыққан брж» деп тайға таңба басқандай анық жазылған, ал «бурджиттер» түрік тілінен мүлде алшақ жатқан кавказ тілдері семьясының солтүстік-батыс тобына жататын абхаз-адыг тілінде сөйлеген және олардың түркі миллетіне де, түркі тіліне де ешқандай қатысы жоқ. Ендеше әл-Айни жазған «брж» беріж боп оқылуы Бейбарыс зәузатын айқындауға апаратын бірден-бір сара жол болып есептеледі.
Беріш руының көне тамыры туралы академик Ә.Марғұлан: “Қазақтар арабтар келмей тұрып Арал-Каспий теңізінің төңірегінде хазарлармен байланысты болған. Н.Я.Марр мен Б.Грозный келтірген “каз”, “хаз” сөзі екеуіне бірдей. Хазарлар ортасында “казаруг”, “берішілік” деген екі ұлы қауым болған. Бір тамаша жері – Беріш осы күнге дейін Кіші жүз ұлысының бір ұлы тайпасы” деп жазады (“Жұлдыз”, А., 1984, N1, 144-бет). Бурджоглы мен беріш арасындағы байланыстың бірлігі мен беріктігін өмірден тым жас кеткен аса көрнекті қыпшақтанушы қазақ ғалымы С.М.Ақынжанов былайша тайға қорытындылайды: “Этноним бурджоглы в составе казахов Младшего жуза сохранился в форме берш” (Ахинжанов С.М., Кыпчаки в истории средневекового Казахстана, А., 1989, с. 264).
Қорыта айтқанда, ортағасырлық араб, парсы жазба ескерткіштерінен бастап, шет елдік және орыс тарихшыларының еңбектеріңде, сондай-ақ С.Аманжолов, Ә.Марғүлан, М.Мұқанов (В.Востров), С.Ақынжанов сияқты қазақ ғалымдарының еңбектеріндегі деректерді қорыта келіп, Бейбарыстың тегі түркі, оның ішінде қыпшақ, қыпшақтың бурджоглы, яғни беріш тайпасынан шыққандығын нық сеніммен айтуға толық негіз бар деп есептейміз.
Енді Бейбарыстың өмірі мен ол таққа отырған кезеңдегі Мәмлүк Египетінің жай-күйіне келейік.
Мәмлүк Египеті туралы Еуропаға тараған алғашқы зерттеулердің авторы француз шығыстанушысы А.И. Сильвестер де Саси (1758-1838) болды. Ол араб авторлары мен жылнамаларының еңбегін аударып қана қоймай, оларға түсіндірме жасап, жеке жинақ түрінде бастырды. Кейін бұл тақырыпты неміс ғалымы К.Беккер (1876-1933) жалғастырып, “Ислам” энциклопедиясында ортағасырлық Египет туралы кең көлемдегі ғылыми мақаласын жариялады.
Мәмлүк Египеті туралы бірнеше ғылыми еңбектер жазған авторлар қатарында еврей тарихшысы А.Поляк та бар. Осы ретте француз шығыстанушысы Клод Каэн, американдық ғалым В.Попперлердің да есімін атауға болады.
Египет ғалымдары А.Буйуми, А.Хасан, М.Судур және сириялық А.Даррактардың еңбектерінде бұл тақырып жан-жақты қарастырылды десе де болғандай.
Мәмлүк Египетіне қатысты дерек көздерін орыс тіліне аудару және оны зерттеу ісімен белгілі орыс шығыстанушысы В.Г.Тизенгаузен XIX ғасырдың соңында айналыса бастады. Осы негізде ол 1884 жылы екі томдық “Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды” атты жинақ құрастырып, онда аса көрнекті ортағасырлық араб, парсы авторларының шығармаларын орыс тіліне аударып, түпнұсқасымен қоса жариялады. Бұл жинақ әлі күнге дейін өзінің ғылыми құндылығын жоймаған іргелі еңбек болып есептеледі. Кеңес заманында ортағасырлық Египет, Таяу Шығыс, Византия тарихына қатысты жазылған М.В.Левченко, Б.Н.Заходер, Н.В.Пигулевская, С.Б.Певзнор сияқты авторлардың сңбектеріндегі Мәмлүк Египетіне қатысты құнды деректер жарияланды. 1960-70 жылдар арасында аса көрнекті египтолог ғалым Л.А.Семенова, тарихшы С.Закиров, ағылшын ғалымы К.Э.Босворт еңбектерінде Мәмлүк Египетінің тарихы терендетіле зерттеліп, ғылыми айналымға тың деректер қосылды.
Қазақ ғалымдары мсн жазушылары бұл тақырыпқа 50-жылдары елді және оның төл басында профессор С.Аманжолов тұрды. Алпысыншы жылдар соңында ол кезде 27 жасар жас жазушы, бүгінде аты мәшһүр қаламгер-қайраткер Ә.Кекілбай араб жұртына арналған сапарнамасында қазақ оқырмандарын Бейбарыс өміріне қатысты деректермен қанық етті. Ол үстіміздегі жылы С.Абдрахмановтың аудармасымен жарық көрген арабтың ортағасырлық халықтық романы “Аз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасына” алғы сөз ретінде Бейбарыс және Мәмлүк Египеті жайында “Тұла бойы тұнған жүмбақ тұлға” атты көлемді зерттеу еңбегін жариялады.
Белгілі арабтанушы-ғалым, профессор Ә.Дербісәлиев өзінің 1982 жылы жарық көрген “Араб әдебиеті” атты зерттеу еңбегінде Бейбарыстың өмірі мен ол туралы жазылған арабтың халықтық романы туралы деректер келтіреді. Ақиқат үшін айта кету керек, осы жолдардың авторына 80-жылдары Қазақ энциклопедиясында қызмет істеп жүрген кезінде Ә.Дербісәлиев Бейбарыс сұлтан туралы арнайы есімнамалық энциклопедиялық мақала жазып, жариялауға ұсынған еді. Алайда хан, сұлтандарды “қара албасты” ретінде қараған коммунистік идеологияның «қырағылығының» арқасында бұл мақала энциклопедияға енбей қалды.
Бейбарыс тақырыбына қатысты арнайы еңбек жазбаса да оның заманы мен Мәмлүк Египеті туралы араб, парсы авторларының еңбегін тәржімелеп, басып шығару ісіне ҚР ҰҒА-ның корр.-мүшесі, профессор Б.Көмековтің айтарлықтай үлес қосқанын айта кеткен лазым.
Кейінгі жылдарды республикалық баспасөз бетінде Бейбарыс туралы Т.Жұртбаев, А.Нысаналин, Е.Қыдыр, Ә.Мақсұтұлы, М.Есламғалиұлы және Қайрат Сақи сияқты авторлардың мақалалары жарық көрді. Өкінішке қарай, кейбір авторлар Бейбарыс өміріне қатысты деректерді талдағанда аноним авторлардың жеті ғасырлық қиялының жемісі болып саналатын ортағасырлық араб романының оқиға желісімен немесе қазақстандық жазушы М.Симашконың “Емшан” повесіне қатысты деректер шеңберінен шыға алмайтыны байқалады. Бұл екі шығарма да шынайы тарихтан мүлде алшақ жатқан автор қиялының жемісі, яғни көркем әдебиет туындысы. Бұл туралы арабтың халықтық романы алғаш рет 1975 жылы орыс тілінде “Жизнеописание султана аз-Захира Бейбарса” атты деген атпен жарық көргенде оған алғы сөз жазған И.Фильштинский: “Однако историческая основа романа обросла вымыслом. В качестве исторического источника роман, разумеется, большой ценности не представляет, но он чрезвычайно интересен как памятник средневековой народной словесности, культуры и социальной психологии” деп ашық айтқан еді (“Жизнеописанис султана аз-Захира Бейбарса” М., 1975, 13-бет). Өкінішке Бейбарыс рөлін қазақтың ұлы актері Нұрмахан Жантөрин сомдаған “Бейбарыс” көркем фильмі де “Емшан” повесінің негізінде түсіріліп, онда Бейбарысқа қатысты көптеген тарихи фактілер бұрмаланып көрсетілді.
Сонымен, Бейбарыс кім еді? Оның ақиқат шындыққа негізделген шынайы өмірбаяны қандай? Енді осы жайларға оралайық.
XII ғасырдың екінші жартысында Египетте екі ғасыр билік құрған (969-1171 жылдар арасы) Фатимидтік халифтер билігінің іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқала бастады. Өйткені Египетке қарасты мемлекеттің сириялық-палестиналық аймақтары крест жаулаушыларының қоластында кетті. Сирияның үлкен бөлігі араб және салжұқ феодалдарының иелігіне көшті. Бұл кезең туралы Л.А.Семенова: “Чрезмерная централизация со временем стала оказывать отрицательное влияние на жизнь страны. Упрочение могущества военного сословия и усиления борьбы внутри него, ослабление исмаилитской верхушки вследствие религиозных расколов и непрития исмаилизма широкими массами, вторжения крестоносцев привели в середине XII в. к упадку экономики Египта и развалу управления” деп жазады (Семенова Л.А., Из истории Фатимидского Египта, М., 1974, с. 152).
Міне, Фатимидтік халифтердің әлсіреуі одан әрі бел алған кезде 1169 жылы курдтердің равадий тайпасынан шыққан Салах ад-Дин билік басына келеді. Бас аяғы екі жылдың ішінде тақтан үміткер қарсыластарының түгел көзін жойған ол 1171 жылы өзін бүкіл Египеттің билеушісі ретінде жариялайды. Әйгілі Аийубидтер әулетінің билік құруы тура осы жылдан басталады.
Мәмлүктердің Египет армиясы қатарынан берік орын ала бастауы Салах ад-Дин билік құрған кезде кеңінен өріс алды. Египетте Аийубидтер билік құрған 80 жыл ішінде мәмлүктер мемлекеттегі әскери күштің тізгінін қолына мықтап ұстаған аса қуатты күшке айналды. Сөйтіп олар 1250 жылдың мамыр айында ең соңғы аийубид Муаззам Тұран шаһты қастандықпен өлтіреді де, ол қайтыс болған соң небәрі үш-ақ ай билік құрған оның зайыбы Шаджарат ад-дурден кейін 1250 жылы мәмлүк сұлтаны Муз Айбек таққа отырады. Айбек Египетті жеті жыл биледі. Бірақ ол да қастандықпен өлтіріліп, кейінгі екі жарым жыл ішінде сұлтан тағына Мансүр Нүр ад-дин Әли (1257-1259), ал одан кейін Мұзафар Сайф ад-дин Құтыз отырады. Бсйбарыс -Құтыздан кейін сұлтан тағына отырған төртінші мәмлүк.
Араб тарихшысы Әл-Макризи Құтыз өлімін, оған жасалған қастандықты тәптіштеп-ақ жазған. Хижра жыл санауының 658 жылы зулкада айының 15-жұлдызында болған бұл қастандықты тікелей ұйымдастырушы Бейбарыс еді. Бұл кезде мәмлүктер арасында Бейбарыстың атағы дүрілдеп тұрған болатын. Бейбарыстың аты алғаш рет 1258 жылы Сирия мен Египетті жаулап алуға аттанған монғолдарды Бағдат түбінде талқандаған Мәмлүк қолын басқарғанда шықты. Бұл кезде ол жеке басшының күш-қайраты, ержүректігімен бірге әскери-соғыс өнерін әбден меңгерген талантты қолбасшы дәрежесіне көтерілген еді. Құтыз өлімінен небәрі 1 ай 20 күн бұрын Айн-Жалутта болған шайқаста мәмлүк қолын басқарған Бейбарыс асқан ерлігімен әрі қолбасылық қабілетімен ерекше көзге түсіп, Сирияны Египет алдына тізе бүктіріп, сұлтан дәргейіне келтірді. Бұл Құтызға ұнамай, Бейбарысқа қастандық ойлай бастайды. Қастасқан адамына қан жұттырмай қоймайтын мәмлүк дәстүрін жақсы білетін Бейбарыс қарсыласынан бұрын қам жасап, оны о дүниеге аттандырады. Бұл григорян күнтізбесі бойынша 1260 жылдың 23 қазаны, яғни Бейбарыстың билік басына келген күні.
Бейбарыс кім еді? Араб романында ол Хорасан патшасының баласы, анасының аты – Әйек, әкесінің ныспысы Жамақ еді деген деректер бар. Романда Бейбарыстың әкесі үш ағайынды жігіттің бірі екен. Әке тағын иеленген Жамақты екі ағасы қуғын-сүргінге ұшыратып, елін тастап кетуге мәжбүр етеді. Сөйтіп ол қашып-пысып жүргенде аңға шығып, андаусызда арыстанға жем бола жаздаған Хорезм патшасын ажалдан құтқарып қалады. Патша оның бұл қызметі үшін өзіне бас уәзір етіп тағайындайды. Күндердің күнінде патша өліп, оның орнына таққа отырған Жамақ ұлды болып, оның атын Махмұд қояды. Романда болашақта әйгілі сұлтан болған Бейбарыс – осы Махмұд. Ары қарай Жамақтың екі ағасы кешірім сұрап Хорезмге келеді де, көп ұзамай ағалары Жамақтың ұлы Махмұдты аңға алып шығып, қол-аяғын байлап-матап кең далаға тастап кетеді. Оны тауып алған адам құлдыққа сатып жібереді.
Роман желісіндегі оқиғалар оның орыс тіліндсгі басылымына алғы сөз жазған И.Фильштинский атап көрсеткендей шындық ауылынан мүлде алыс. Бірде-бір ортағасырлық араб тарихшысы, оның ішінде Бейбарыстың жеке хатшысы жазған тарихи жазбаларда оның өміріне қатысты мұндай деректер жоқ. Ол туралы мәлімет Бейбарыстың құлбазарда 800 дирхемге сатылғанынан басталады. Сонда оның ханзадалық тегі туралы аңыз қайдан шыққан. Бұл – күллі Египет құдірет тұтқан ұлы билеушінің тегі құл еді деген шындыққа сенгісі келмеген халық қиялының жемісі. Біз жоғарыда оның тегі қыпшақ, оның ішінде беріш, ал шыққан тегі Каспий өңірі екендігін нақты деректермен шама-шарқымыз келгенше дәлелдегеннен кейін бұл тақырыпқа қайта соғуды жөн көрмедік.
Бейбарыс туралы араб тіліндегі дерек көздерінде оның қүл ретінде 800 дирхемге сатылғаны айтылады. Түрік ғалымы доцент Атилла Четин де мәмлүктерді биліктен кетіріп, Египетті жаулап алған Осман түріктерінің тіліндегі тарихи деректерді қарастыра келіп, Бейбарыстың Дамаск құлбазарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғанын және оның қыпшақтың бурджоглы, бурли тайпасынан шыққанын дәлелдеп шыққан (Түрк дүниасы тарих дергиси, Истамбул, 1993, N 79).
Тарихшы Ибн Шаддадтың жазуынша Бейбарыс құлдыққа сатылғанда жасы он төртте еді, оның тым арзан бағаға сатылуының сыры бір көзінде ағы бар болатын деген деректі алға тартады. Сонда Бейбарыс қай жылы туған? Бұл туралы да түрлі деректер бар, соның шындыққа жақыны Бейбарыспен бірге құл базарында сатылған досы Байсарының аузынан жазып алынған Ибн Шаддадтың дерегі. Онда Бейбарыс 1225 жылы туған деп көрсетілген. Бейбарыстың 1225 жылы туғанын аса көрнекті араб тарихшысы әл-Макризи қолмен қойғандай айқындықпен дәлелдеп жазады. Ол Бейбарыс 1277 жылы 22 маусым күні дүние салды, бұл кезде оның жасы 57-де еді деп жазады. Бұл – әйгілі сұлтанның 1220 жылы туғанын дәлелдейтін бұлтарпас дерек.
Деректеметану ғылымы зерттеушіні бір деректің ғана жетегінде кетпей, оны өзге дерек көздерімен салыстыра отырып қарастыруға үйретеді. Сондықтан Бейбарысты 1223 жылы туды деген мәліметті өзге деректермен салыстыра келіп, оның шындыққа сәйкес келмейтіндігін аңғардық. Оның үстіне әл- Макризи – Египет тарихының төрінен орын алатын аса көрнекті ғұламалардың бірі. Оның “Хитаты” мен “Сулукы” – Бейбарыс қайтыс болғаннан кейінгі бір жарым ғасыр ішіндегі деректерді салыстыру арқылы жазылған өте құнды еңбектер. Сондықтан біз де Бейбарыстың туған жылын анықтауда әл-Макризидің мәліметін басшылыққа алдық.
Бейбарысты – Дамаск базарында 800 дирхемге сатып алған жаңа қожайыны оның көзінде ақ болғандықтан шартты бұзып, құлды алудан бас тартады. Сөйтіп оны Ала ад-дин Айдакин әл-Бұндықдари атты әмір сатып алады (“бұндық” жаңғақ ішіне қорғасын немесе тас салып құс ататын құрал жасаушы деген мағынаны білдіреді). Міне, осы кезден бастап ол Бейбарыс әл-Бұндықдари атала бастады.
Араб тарихшысы әл-Макризидің деректері бойынша 1246 жылы әл-Бұндықдари сұлтан Салихтің қаһарына ұшырап, оның мәмлүктері түгелдей сұлтан Салих Нажм ад-дин Аийубтің меншігіне өтеді. Бұл хижра бойынша 644 жылы болған еді. Григорян күнтізбесі бойынша 1246-1247 жылдар шамасы. Арада 7-8 жыл өткенде 1254 жылы Бейбарыс Салих сұлтанның ең сенімді мәмлүктерінің біріне айналып, сұлтанның жеке гвардиясының арнайы бөлімін басқаратын дәрежеге дейін көтеріледі. Әл-Макризидің жазуынша, Бейбарыс Салихтің қарамағында 1255 жылдың қыркүйек-қазанына дейін болады. Осы кезде Муиз Ақтай қастандықпен өлтіріліп, қауіптің енді өзіне де жақындап қалғанын сезген Бейбарыс 700 мәмлүкті бастап, серіктері Қалауын, Сұңқар, Бисри, Тарамақ және Таңғызбен бірге Сирияға кетіп қалады.
Бейбарыс Сирияға келген соң оның билеушісі Мәлік Насырға қызмет істейді. Көп ұзамай Египет сұлтаны Салих қайтыс болады. Оның орнына таққа отырған ұлы Тұран шаһ мәмлүктермен тіл табыса алмай, ақыры мәмлүктер оны қылышпен кескілеп өлтіреді. Тұран-шаһтың орнына билікке келген Айбек сұлтан да екі жылға жетпей мәмлүктер қолынан қаза табады. Айбектің орнын басқан баласы Мансұр Али де мәмлүктердің қастандығына ұшырап, мерт болады. Міне, осыдан кейін сұлтан тағына Мәлік Мұзаффар Сайф ад-Дин Құтыз атты сол кездегі ең беделді мәмлүктердің бірі отырады. Ол билік басына келісімен Бейбарысты өзіне жақындатып, оған әмір атағын береді.
Бір жылдан кейін Құтызды өз қолымен өлтірген Бейбарыс әл-Мәлік аз-Захир Рукн-ад-дин Бейбарыс әл-Бундукдари ас-Салих деген атпен Египет сұлтаны тағына отырады. Әл-Макризидің жазуынша бұл хижра жыл санауы бойынша 658 жылдың 15-зүлқадасында, яғни 1260 жылдың 23- қазанында болған оқиға еді. Бейбарыс осы оқиғаның ізін суытпай, Египеттің соғып тұрған қолқа-жүрегі болып саналатын Каирге келіп сұлтан сарайына салтанатпен кіреді. Елдің бүкіл игі жақсыларын жинап таққа отырудың бүкіл рәсімдерінен өтеді.
Бейбарыс Әл-Макризи айтқандай, 17 жыл 2 ай патшалық құрды. Бұл кезеңде Египеттің шекарасы кеңейіп, экономикасы, ғылым-білімі, қалалар құрылысы, архитектурасы, өнері мен әдебиеті бұрын-соңды болмаған биіктерге жетті.
Араб тарихшыларының деректері бойынша Бейбарыс 1265 жылы крест жаулаушыларына қарсы жеңісті жорығын бастап, олардың 1265 жылы Цезарея мен Арзуф, 1266 жылы — Сафат, 1268 жылы — Яффа мен Антиохия, 1271 жылы Хисн әл-Акрад қамал-қалаларын бірінен соң бірін басып алып, өзінің дәргейіне келтірді. 1267 жылы Сис, яғни Кіші Арменияға қарсы жорыққа шығып, олардың қалалары Дарбасак, Даркуш, Талмиш, Кафардин, Раабан, Марзабан, Куник, Адана мен Ал-Масисты басып алып, Систі Египеттің вассалына айналдырады. Осылайша, Сис 1267 жылдан бастап Египетке жыл сайын алым төлеп тұруға мәжбүр болады.
Мұсылман қалалары Дамаск, Баальбек, Аджулун, Басра, Сархад, Салт, Химс, Тадмур, Рахба, Телль-Башар, Сахиун, Балатунустармен қатар Кахф, Кадмус, Улайка, Хаваби, Русафа, Маснаф, Кулайа, Карак және Шаубак сияқты қамалдарды бағындырды. 1275 жылы Нубия мен Барканы Египетке қаратып, мемлекеттің шекарасын бұрын-сонды болмаған иеліктерге кеңейтті. Сондықтан болар оның византиялық тарихшы замандасы Вильгельм Трипольский: “Қолбасшы ретінде Бейбарыс Юлий Цезарьмен терезесі тең тұра алады” деп аса зор баға береді.
Ол өзі бағындырған елдер мен қалаларға өркениет әкелді. Әл-Құддыстағы (Иерусалим) Құб ас-Сахра мешітін жөндеуден өткізіп, Халил уакыфын қайта салды. Гизадағы Шабрамант өзені үстінен плотина тұрғызды. Дамаск, Субейбе, Баальбек, Салта, Сархад, Аджулун, Басра, Шейзар, Химс қалаларындағы қамалдарды қалпына келтіріп, бұрынғысынан да іргесін бекіте түсті. Каирде үлкен медресе салып, оның шетіндегі Хусайнияда жаңа мешіт тұрғызды. Әл-Макризидің жазуынша Бейбарыс елдің еңсесін езген салық жинау жүйесін ретке келтірді. Ол Дакахлий мен Мартихи өңірінде жиналатын мукус салығын тоқтатты.
Бейбарыс өзінің “Рукн ад-дин” (Діннің тірегі) атына сай Египет сұлтандары ішінде мешіт, медресе салуға келгенде алдына жан салған жоқ.
Бейбарыс Египеттің әрбір өңірі мен қалаларының дамуына ерекше мән берді. Ол Александрия каналының арнасын кеңейтіп, оның жағасына Захария деп аталатын қала тұрғызды. Каирдегі Әл-Азхар мешітін түгелдей жаңартып, Шығыстағы Сайдия өңірін гүлдендірді. Дамаскіде әл-Аблақ салтанат сарайын салып, елдегі архитектура, құрылыс ісін өркендетті. Мұның бәрі 17 жыл билік құрған кезде Бейбарыс сұлтан атқарған игі істердің араб тарихшыларының хатқа түсірген бөлігі ғана. Ал түсірілмегені қаншама…
Бүкіл өмірін ат жалында өткізген сұлтанның небәрі 17 жыл ішінде атқарған жұмысының ауқымына еріксіз қайран қалып, таңдай қағасыз. Ол Каирдің өсіп-өркендеуіне ерекше мән берді. Бейбарыс қайтыс болғаннан кейін араға екі ғасыр өтпей жатып-ақ Каирге келген орыс көпесі Василий: “Египет град несьма велик, в нем 14.000 улиц, да в иных улицах до 18 тысяч дворов, да во всякой улице по торгу по великому” деп жазады (“Хождение гости Василья (1465-1466). “Православный палестинский сборник” т. II, вып. III, СПб, 1884, с.8).
Бейбарыс Египеттің мемлекеттік құрылысын жетілдіріп, сот-құқықтық реформасын жүргізді. Әл-Қалкашанди мен Ибн Тагри-Бирдидің деректері бойынша ол 1265 жылы Каирде төрт мазхабқа төрт би (шафит, ханбалит, маликит және ханафит) тағайындап, оны халық сынынан өткізгеннен кейін мұндай билер институтын Дамаскіде де орнықтырады.
Әл-Макризидің жазбалары бойынша Бейбарыс кең көлемде қайырымдылық шараларымен айналысты. Сирия мен Палестинаның көптеген елді мекендерін Әл-Құддысқа (Иерусалим) зиярат етуге баратындар аялдайтын уақыфқа айналдырды. Әмірлер тартып алған Әл-Азхар мешітінің уақыфын дінбасыларға қайтарды. Сұлтан ғылым-білім өкілдеріне де ұдайы қамқорлық жасады. Сирия жерінде орналасқан барлық уақыфтардың инспекторы етіп әйгілі жылнамашы, қадий Ибн Халликанды тағайындайды.
Бейбарыстың жеке хатшысы Ибн абд аз-Захирдің жазуынша ол елдегі су тапшылығынан туындайтын проблеманы жою үшін толып жатқан каналдар қаздырып, плотиналар тұрғызды. Тіпті оның құрылысына әмірлерді бастап, өзі де қатысып отырған.
Бейбарыс көшпелілер арасынан шықса да отырықшы өмірді жақтады. Египеттің көшпелі бедеуин тайпаларының егіншілікпен айналысуына жағдай жасады. Ибн абд аз-Захирдың жазуынша ол 1263-64 жылдары хавар және сулайм тайпаларын отырықшылыққа көшіріп, оларға жер үлестерін бөлді. Кейін бұл тайпалар егіншілікпен айналыса бастады.
Бейбарыс сұлтанның жаны жайсаң, қолы жомарт болыпты. Оны Әл-Макризи жазып қалдырған мына бір деректен айқын аңғаруға болады: «И случилась в Мисре большая дороговизна, и не хватало зерна. И собрал султан бедняков, пересчитал их и взял себе пятьсот бедняков для прокормления, и пятьсот бедняков для своего сына Саида Берке-хана, и для заместителя Билбака Хазиндара триста бедняков, а оставшихся разделив между всеми эмирами и приказал выдавать каждому человеку по ратля хлеба. И после этого не видно было в городе ни одного бедняка, просящего милостыню» («Хитат», с. 181).
«Дін тірегі» атанған Бейбарыс 1268 жылы Газа, Карак, Құддыс арқылы Мекке-Мединеге, қасиетті қағбаға зиярат етіп қажылық жолын етейді. Арақ-шарап, сыра, есірткі сияқты еліртпе заттарды пайдалануға тыйым салып, таза мұсылмандық дәстүрді уағыздайды.
Әл-Макризидің деректері бойынша өз баласы Саид Берке ханды сүндетке отырғызғанда онымен бірге кедей-кембағал отбасынан шыққан 1645 баланы қоса сүндеттетіп, олардың бәріне таза киім, жүз дирхем және қойдың басын сыйлыққа тартады. Бейбарыс 1275 жылы досы Қалауынмен құдандалы болып, ұлы Саид Берке ханға Қалауынның қызын әпереді.
Бейбарыс өз заманындағы мәмлүктер үшін өте ұзақ саналатын 17 жыл бойы ел билеуі және осы жылдар ішінде бірде-бір рет жеңіліс таппай, үнемі мерейі үстем болуының сыры оның шебер дипломат болғандығында да жатса керек. Сондықтан ол Шыңғыс хан дүние салғаннан кейін Дешті Қыпшақты билеген, Иран-Кавказға әмірін жүргізген Жошы мен Хулагу ұрпағы арасындағы алауыздықты пайдаланып, Жошы ұрпағы Берке ханмен берік достық, дипломатиялық байланыс орнатты. Бүған Берке ханның мұсылман дінін қабылдауы да игі әсерін тигізді.
Бейбарыс әлі сұлтан тағына отырмай түрып-ақ 1260 жылдың 3-қыркүйегінде Палестина жеріндегі Айн-Жалутта болған атақты шайқаста Хулагу қолын тас-талқан етіп жеңеді. Бірақ Шыңғыс ханның кіші ұлы Төледен тарайтын Хулагудің осал жау емес екендігін сезгеннен кейін оның немере ағасы — Алтын Орда ханы Беркемен ол қайтыс болғанға дейін тұрақты дипломатиялық байланыста болды. Бейбарыс орнатқан осы тамаша дәстүрді кейін оның ізбасарлары жалғастырды. Бейбарыстың дипломаттық шеберлігі арнайы тоқталуды қажет етеді.
Бейбарыстың жеке хатшысы Ибн Абд аз-Захир Египет сұлтаны Сұлтан Бейбарыстың Берке ханға жазған хатында дін-қарындастық мәселесіне баса назар аударып: «для него обязательна священная война с татарами (хулагидами)… ислам не состоит только в одних словах; священная война есть одна из главных опор его» деп оны дін жолындағы қандас бауыр ретінде одақтастыққа шақырады (Тизенгаузен, 1-том, с. 55).
Египет сұлтанының Берке ханмен достық байланысы тек діни одақтастықты көздеді деу жаңсақтық болар еді. Ол өзінің шығыстағы екі үлкен қарсылысы — Берке мен Хулагу ұлысын бір-біріне айдап салу арқылы іштей әлсірете түсуді көздеді. Ибн Абд аз-Захирдің жазуы бойынша Бейбарыс 1251 жылы Берке ханға жолдаған хатында: «Пришло уже несколько известий, что Хулагу ради своей жены и вследствие того, что она христианка, установил религию креста и предпочел твоей религии почитание веры жены своей, да поселил кафоликоса (католикос – М. Қ.-М.) неверного в жилицах халифов, ставя жену выше тебя» деп жазады (Тизенгаузен, 1-том, с. 55). Сөз жоқ, бұл Беркені Хулагуге қарсы айдап салу еді.
Бұл пікірді осы автордың мына сөздері одан әрі дәлелдей түседі: «660 г. (1261) он написал Берке, великому царю татарскому, письмо, которое я писал со слов его, в котором он подстрекал его против Хулавуна, возбуждал между ними вражду и ненависть» (сонда, с. 55).
Бейбарысқа Берке ханның елшілері 1261 жылдың өзінде-ақ келген еді. Әл-Макризидің айтуынша Бейбарыс оларды зор құрметпен қарсы алып, үлкен сый-сияпатпен шығарып салып отырды. Тіпті Алтын Орда елшілері үшін арнайы үйлер салып, сонда ерекше салтанатпен, Египеттің ежелгі дәстүрімен күткен. Бұл Бейбарыстың атағын алысқа таратып, Алтын Орда мен Хулагу ұлысынан түркі тектес халықтар Египетке ағыла бастаған. Кейін олар тұратын Каир орамдары «орда» деп атала бастаған (Аль-Холи. Связи между Нилом и Волгой, с. 10—14).
Бейбарыс Египеттің байлығы мен ұлылығын көрсету үшін Берке ханға небір ғажайып сыйлықтар жібереді. Рукн ад-дин Байбарыс (сұлтанның адасы – жылнамашы), Әл-Макризи, Әл-Муфаддал сияқты жылнамашылардың жазуы бойынша ол Берке ханға алтын жазулы Құран, алтын-күміс асыл заттармен қатар піл, жираф, маймыл, зебр, тотықұс т.б. экзотикалық хайуанаттарды, араб қылышы, француз сауыты, хорезмдік ертоқым, венециялық шыныдан жасалған фонарь, кілем, алтын өрнекті түрлі киімдер, қытай фарфоры, шығыстың түрліше тәтті шербеттерін сыйлыққа ұсынған. Елдегі әйгілі аспаздар мен түрлі күтушілерді де қоса жіберген. Бейбарыстың Берке ханға 1263 жылдың 24-шілдесінде жолдаған хатының көлемі 70 бет болған. Оның осы елшілігін византиялық император Михаил Палеолог аз уақытқа аялдатқаны үшін Берке хан қатты ашуланып, Константинопольды шабуға жер қайысқан қол жібереді. Жаны мұрнының ұшына келген Византия императоры Египет елшілігін басқарған Фарис ад-дин әл-Масудиге жалынып-жалбарынып «өз еркіммен бөгелдім» дегенді айтқызып барып жаны әрең қалады. Бейбарыс Әл-Масудиді осы «осалдығы» үшін қайтып келген бойда дүние мүлкін тәргілеп, түрмеге отырғызады.
Мұның бәрі Ибн Аль-Холидің образды түрде айтқан Ніл дариясы мен Еділдің арасындағы берік дипломатиялық байланыстың ғана емес, екі қуатты мемлекеттің ұлы одағының да айқын айғағы еді.
Бейбарыс Берке ханмен достығына адал болды және көп ұзамай олардың достығы туыстыққа ұласты. Екі ел мен екі әмірші арасындағы байланысты одан әрі нығайту үшін ол Берке ханның қызына үйленіп, үлкен ұлының атын Берке хан деп қояды (толық ныспысы: Саид Наср ад-дин Мұхаммед Берке хан). Мекке мен Мединеде, Құддыста, Египеттің барша мешітінде оқылатын құтба намазы кезінде оның есімі сұлтаннан кейін аталып, үлкен қадір-құрмет көрсетілді.
Бейбарыс Египеттің күш-қуаты оның аса қуатты әскерінде екендігін басты назарда ұстады. Сондықтан Мысырдың құдіреттілігін көрсету мақсатында шетелден келген елшілер алдында әрдайым әскери парад ұйымдастырды. «Патшалар мен патшалықтар» атты әйгілі жылнаманың авторы Ибн ал-Фурат: «В это время (в 25. IX. 1264) присутствовали послы царя Берке; они лично убедились в многочисленности войск египетских, изяществе одежды их, заботливости султана, красоте пехотинцев и клейменых коней …видели движения этих войск и меткость их стрельбы» деп жазады (Греков-Якубовский, Золотая Орда, с. 232).
Шындығында Бейбарыс әскерінің құдірет-күштілігі сыртынан келген қонақтарды ғана емес, олардың өнерін тамашалаған Египет ақындарын да таң-тамаша қалдырған. Міне, сондай ақындардың бірі:

Ғажап заман — мәмлүктердің кезеңі,
Ержүректер нұрланады тез өңі.
Жарқ-жұрқ етіп салт аттылар өткенде,
Жарқанаттай тығылады көп пенде,
– деп жазған екен (аударма Аян Нысаналиңдікі).
Берке хан да Бейбарыс досының алдында қарап қалмай оның елшілерін де зор құрметпен қабылдап, көл-көсір сыйлықтармен қайтарып отырды. Берке туралы Ибн Касир: «Величайшая из заслуг его
— поражение Хулагу и разогнание полчищ его. Он был другом ал- Малик аз-Захира, уважал его, оказывал почет его послам и делал им большие подарки» деп жазады (Тизенгаузен, 1-том, с. 274).
Бейбарыс дипломатиясы өз дегеніне жетті: Хулагу 1265 жылы, ал Берке 1266 жылы қайтыс болды. Әкелерінің көзі тірісінде бір-біріне жауығып өткенін көрген олардың ұрпақтары да ұзақ жылдар бойы бір-бірімен атысып-шабысумен болды.
Берке ханның өз кіндігінен тараған ұлы болмады. Сондықтан ол дүние салған соң Алтын Орда тағына оның немере інісі Менгу-Темір отырды. Бейбарыс 1267 жылы оған хат жолдап, Берке ханның дүние салуына орай көңіл айтып, достық қатынастарын одан әрі жалғастыруды ұсынды. Кейін екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс екі ғасырға жуық уақыт бойына Бейбарыс салған үрдісте дамып отырды.
Осылайша, өзі билік құрған 17 жыл ішінде Бейбарыс жарты әлемді табанына салған ұлы Шыңғыс хан империясының екі үлкен ұлысы — Жошы мен Хулагу ұлысынан төнген қауіпті сыңар жебе шығындамай-ақ ақыл-айла, шебер дипломатия арқасында тоқтата білді. Бұл берік дипломатиялық дәстүр Бейбарыстан кейінгі Египет тағына келген сұлтандар тарапынан да жалғасын тауып, ел тыныштығына қызмет етті.
Дүние, шіркін, кімге опа берген дейсің. Сұлтандардың сұлтаны, күллі мүсылман әлемінің ұлы әміршісі, дін тірегі атанған Бейбарыс та хижра бойынша 676 жылдың 19-мухаррам бейсенбі күні, яғни 1277 жылы 22-маусымда дүниеден озды. Таки ад-дин Әл-Макризидің айтуынша, ол дүниеден өткенде соңында Саид Мұхаммед Берке хан Әділ Бадр-ад-дин Саламыш және Масуд Хадар атты үш ұл, жеті қыз қалды. Үлкен ұлы Берке хан Бейбарыс қайтыс болған соң 2 жыл, ал кіші ұлы Саламыш үш ай ғана ел биледі. Бірақ көп ұзамай 1279 жылы Бейбарыстың досы Берішұлы Қалауын сұлтан тағына отырды.
Осы арада мына бір жайдың ара-жігін ажырата кетпеске тағы болмайды. Бейбарыс туралы халықтық романда, соның желісімен жазылған М. Симашконың «Емшан» повесінде және бірді-екілі ортағасырлық авторлардың жазбаларында Бейбарысқа Қалауын у беріп өлтірді деген дерек кездеседі. Әйгілі тарихшы әл-Макризи Бейбарыс сұлтан Дамаскіге келгенде іші ауырып, сырқаты меңдеген соң қайтыс болды деген деректі алға тартады. Оның жазбаларында Қалауынның қастандығы туралы бір ауыз сөз жоқ. Әл-Макризидің Бейбарыстан 1,5 ғасыр кейін өмір сүргенін ескеретін болсақ, Қалауын тарапынан кастандық болған жағдайда бұл қастандықты өзінің әйгілі еңбегінде Бейбарысқа арнайы тарау арнаған, өзіне дейінгі дерек көздерін түгел саралап шыққан ғұламаның білмеуі мүмкін емес. Бейбарыс бірден қайтыс болмаған, екі апта шамасында төсек тартып барып дүниеден озған (романда қастандықтан кейін 7 күн өткенде, ал Абу әл-Мұхасиннің дерегі бойынша 13 күн өткенде көз жұмады). Көзі тірісінде аты аңызға айналған сұлтан ауырып жатқан күннің өзінде де билікті қолдан шығармаған. Әл-Макризи қайтыс болған соң Бейбарыстың уәзірі әмір Бадр ад-дин Билбак қайғылы хабарды қалың әскерге естіртуден қаймығып, оның мәйітін күймеге салып, тірі адамға қошемет жасағандай көшеге алып шыққан. Сұлтанның жеке гвардиясы мен көшедегі халық күймеде оның мәйіті барын білмей, тірі сұлтанға жасайтын құрметті рәсімдерді жасаған. Қошеметшіл топ қала цитаделіне келгенде ғана ұлы әміршінің қайтыс болғанын аңдап, аза тұтып, аһ ұрған. Егер қастандықты Қалауын жасағанның өзінде ауырып жатқан Бейбарысқа оның жанын жаһаннамға жіберу түкке тұрмас еді. Сондықтан Қалауынның Бейбарысты қымызға у қосып, опасыздықпен өлтірді деген дерек кейінгі қу ауыздардың жанынан қосқан жалған жаласы сияқты болып көрінеді маған. Сондықтан өмірдің талай өткелектерінен бірге өткен, құлдан сұлтанға дейінгі аралықта ешқашан жұбы жазылмаған, «мың жылдық қүда» болып, құйрық-бауыр жескен беріш-қьшшақтың қос батыры, хас сұлтандарының аруағына орынсыз ғайбат айтып, күнәға батпайық дегім келеді барша ағайын, болашақ зерттеушілерге.
Мансұр Сайф-ад-дин Қалауын Мысырды 11 жыл биледі (1279-1290). Ол қайтыс болған соң екі ұлы да кезек-кезек сұлтан тағына отырды. Әсіресе оның кіші ұлы әл-Мәлік ан-Насыр Мұхаммед ибн Қалауын араға үш рет үзіліс салып, Египетті 42 жыл биледі. Ол Мәмлүк Египеті тарихында ең ұзақ таққа отырған сұлтан ретінде ғана емес, өнегелі-ғибратты істерімен де ел жадында қалған әйгілі әміршілердің бірі болды. Ол да, түркі әулетінен шыққан барша мәмлүк сұлтандары да Бейбарыс есімін қастерлеп өтті.
Міне, бүгін сол баһадүр атамыздың туғанына 775 жыл толып отыр. Осыдан екі жыл бұрын Атырау халқы алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нүрсұлтан Назарбаев: «Ерекше ерлігімен, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген, Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, монғол жаулашыларынан, крест жорығын бастаушылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Бейбарыстың бала күнінде тұтқынға осы Атырау бойынан әкетілгенін, өзінің сүйегі осындағы беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған. Мен ана жылы Мысыр еліне барғанымда Бейбарыс салдырған мешітте құран оқыттым, даңқты бабамызды арабтардың қалай құрмет тұтатынын өз көзіммен көрдім» деген еді. Міне, сол бабамыздың тас тұлғасы араға 775 жыл салып ата-баба тарихының алтын бесігі Атырау өңіріне, бақыт-байлығының толағай теңізі Каспийдің жағасына, сан ғасырлық тарихын тереңіне тұндырған Жайықтың сағасына келіп орнықты. Күллі мұсылман жұртының ұлы әміршісі, аз-Захир – жарқын жұлдыз, Рукн ад-дин — дін тірегі, әл-Қыпшақи, ат-Түрки, берішоғлы баһадүр Бейбарыс бабамыздың ұлы аруағы одан бата-бәтуа дәметкен барша ұрпағына әрдайым шапағат нұрын төге берсін, ардақты ағайын!




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑