banner-top12

Ақпараттар ағымы 00169c5028d566c100bfe550c3269d4b5894c14f

Қосқан уақыты Желтоқсан 5, 2014 | 652 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Білімнің қара шаңырағы

 

2014 жылдың 28-қарашасы күні, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназияның 90 жылдық мерейтойы болып өтті. Әр жылдары мектепті бітірген көзі тірі түлектер залға лық толды. Министрліктен, Алматы қаласы әкімшілігінен құттықтаулар айтылып, әр жылдары бітірген түлектер, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, т.б, зиялылыр құттықтау сөз сөйледі. №12 гимназияның директоры мектеп тарихын қысқаша айтып өтті. «Отырар сазы» ансамблі, гимназия оқушылары концерт қойды. Жиын соңында гимназияға «Арнайы мамандандырылған дарынды балаларды дайындайтын гимназия» атауы берілгені хабарланды.
ХХ ғасырдың басындағы қазақтың зиялылары ұрпақтарын қазақ тілінде білім алдыруға ұмтылды. Мұстафа Шоқай: «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді» деп шырылдап, қазақ ұрпақтарын қазақ тілінде оқытуға жан-тәндерімен ат салысты. Олардың еңбектері текке кетпеді. 1924 жылы ашылған №12 қазақ мектебін Күләш Байсейітова, Ә.Қастеев бастатқан елуден аса еліне елеулі, халқына қалаулы, ұлтының абыройын асырған, қазақ халқына қызмет еткен өнер, ғылым, саясат, мемлекет, т.б. салада еңбек еткен белгілі адамдар бітіріп шықты. Алматыдағы ашылған жалғыз қазақ мектебіне осында тұратын, бойында ұлттық намысы бар қазақ қауымы балаларын қаланың түкпір-түкпірінен әкеліп берді. «Қазақ» деген сөзді айтсақ ұлтшыл болып кетеміз бе деп қорқатын уақытта «қазақ мектебі» деп аталған оқу ордасында, қазақ мектебіне арналған оқулықтар, оқу бағдарламалары, оқу-әдістемелік құралдар сыналып, студенттер тәжірибеден өтті. №12 қазақ мектебі қазақтың рухын асқақтатып, менталитетін сақтаған білім ордасы болды. Әлі де сол биігінен түспей келеді.
№12 қазақ мектебінде елін, жерін, тілін сүйетін талай ұстаздар жұмыс істеді. Олар барлық күш-жігерлерін,уақытын аямай өскелең ұрпаққа білім берді. Оқушыларын өз балаларындай аялап, мәпелеп өсірді. Олардың ішінде Ленин орденді – Әлия Дүйсенова, Социалистік Еңбек Ері – Рафика Бекенқызы Нұртазина сияқты біртуар ұстаздар болды.
Әр ұжымның өрлеуі мен құлдырауы болатын сияқты №12 қазақ мектебі де басынан талай қиыншылықты өткерді. Ол қиыншылықтар ұжымның кінәсінен емес, сол кездегі саясатқа байланысты еді. Кеңес Одағы кезінде «орысша оқымасаң адам болмайсың» деген Мәскеудің аяр үгіті мен саясатына сенген кейбір қазақ отбасылар балаларын қазақ мектебіне бермей, орысша оқытты. Оның үстіне бүкіл қалада жар дегенде жалғыз қазақ мектебі болғандықтан бірінші сыныпқа күнделікті апарып, алып қайту да ата-анаға оңай емес еді. Мысалы, сонау 1960-шы жылдары Алматының батысынан ықшамаудандар салынып, ел пәтер ала бастады. Сол кезде басқа ұлт өкілдері «балаларымыз жолдан өткенде машина қағып кетеді» деп әр ықшамауданға орыс мектептерін ашқызды. Бірақ бірде бір қазақ мектебі ашылмады. Соның салдарынан осы ауданнан пәтер

алған қазақ отбасылары балаларын орыс мектебіне беруге мәжбүр болды. Ол кезде бүкіл Қазақстан бойынша қазақ мектептерінің жабылуы үрдіс ала бастап еді. Осындай уақытта, 1962-1963 оқу жылында №12 қазақ мектебінің бірінші сыныбына екі-ақ бала келген еді. Осы оқу жылында бірінші сыныпта 2, екінші сыныпта 5-6, қалғандары үшінші сынып оқушылары болып, бастауыш сыныпта бар-жоғы 20 бала ғана болды. Бастауыш сыныптың осы балаларына бір-ақ мұғалім сабақ берді. Ұстаз алдымен бірінші сыныптың үй тапсырмасын сұрап, жаңа сабақ өтеді. Одан кейін екінші сыныптармен айналысады. Содан кейін үшінші сынып оқушыларына сабақ өтеді. Осының бәрін бір 45 минутта үлгеруге тырысатын еді. Ұлтжанды қазақтар осындай қиыншылыққа қарамай, өздері қаланың батысында тұрса да балаларын қаланың шығысындағы №12 қазақ мектебіне беріп жүрді. Ал, 1968, 1969 жылдары №12 қазақ мектебі жабылып та қалды. Осы жолдардың авторының оныншы сынып күнделігінде Әлия Дүйсенова, Рафика Бекенқызының қолдары тұрса да мектеп бітірген құжатында «№40-шы мектепті бітірген» деп жазылды. Бізді №40-шы орыс мектебіне қосып, түске дейін орыс сыныптары, түстен кейін қазақ сыныптары оқыды. Бұл қазақ мектебін Қазақстанның астанасынан да аластатудың амалы еді. Сайып келгенде, «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынып айтқандай, тілді жойып, артынан халықтың өзін де жоқ қылудың саясаты болатын. Әйтеуі, өзі де №12 мектеппен құрдас 90 жасқа толып отырған Шона Смаханұлы бастатқан зиялылардың қажырлы талабы мен еңбегінің арқасында 1970-1971 оқу жылында №12 қазақ мектебі жеке отау болып қайта ашылды. Содан бері мектепке қазақ бүлдіршіндері толып, әр жылы бірінші сыныптың өзі 3-4 сынып болып келеді. №12 қазақ мектебінің тарихы, қазақ тілімен сабақтас. Қазақ тілі дамығанда мектептің де тасы өрге домалады, тіл құлдырағанда мектептің де күйі кетіп жүрді. Құдайға шүкір, жоғарыдағы зиялылардың арқасында, қазір Алматыда елуге тарта қазақ мектептері ашылды. Олардың әрқайсысында жылына, кем дегенде 2-3 бірінші сынып балаға толады.
Білімнің қара шаңырағы – №12 гимназия ұжымына, директоры Рахима Сәкеноваға жұмыстарына зор табыс тілейміз. Әрқашанда елімізге адал еңбек ететін азаматтар тәрбиелеп шығуына тілектеспіз.

Назрахмет ҚАЛИ
1970-жылдың түлегі




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑