banner-top12

Алыстағы ағайын 1b7d9a0ebf38cbdde4599e6a3db17472

Қосқан уақыты Қыркүйек 20, 2013 | 815 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Біз алыста тұрғанымызбен, жүрегіміз Қазақстанмен бірге

Париждегі Абдулсамет Алтай Алматыға келді

Францияның Париж қаласында тұратын қандасымыз Алтай Абдулсамет ағамыз қазақстандықтарға «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы кеңінен танымал. Желідегі өз парақшасында Еуропадағы қандастарымыз жайлы күнбе-күн ақпараттар беріп, қандастар өмірінен хабардар етіп отыратын ағамыз Алматыға келді. Алматы сапарында «Жанашыр» қорында болып, өзіне етене таныс еларалық «Шалқар» газетінің жағдайымен танысты. «Көптен бері «Шалқарды» ала алмай, көз жазып қалдық. Енді Алматыға келгенде редакцияға соғып, жағдайын білейін деп келдім» дейді.

Ағамыз бұл жолғы сапарын Қазақстандағы БАҚ өкілдерімен кездесуге арнап, руханият тақырыбында ой бөліссем дейді. Алдағы жоспарында Астанаға атбасын тіреп, ондағы зиялы қауыммен дидарласпақ.

 

 

Абдулсамет Алтай:

 

222


Ол – асылдың сынығы. 1971 жылдан бері Парижде тұратын ол – белгілі теолог ғалым Халифа Алтайдың ұлы. Атажұрттан алыс жүрсе де жүрегі қазақ деп соққан – Абдулсамет ағамыз «Шалқар» шаңырағында  өзі, отбасы жайлы, Франциядағы қазақтардың бүгінгі жағдайы, салт-дәстүрі, қазақ тілінің түйткілі т.б. мәселелер жайлы ой бөліскен еді.

Біз өзіміз бір әке-шешенің кіндігінен төртеуміз. Үлкеніміз Абдусаттар, мен үй­дің екінші баласымын, ал менен кейін Абдурахым, Алтын дүниеге келген. Ең кенжеміз Алтын үйленбей тұрғанда Қазақстанға шешеммен бірге келген. Осында сүйген жарын тауып, бүгінде осында жасап жатыр. Екі баласы бар. Әбдурахым да үш баласымен қазір Қазақстанда тұрады. Аяулы әкеміздің қабірі де Ал­матыда. Оның аруағына жыл сайын құран оқы­тып тұрамыз. Менің бір ұл, бір қызым бар. Мәлика атты қызымнан немере сүйіп отырмын. Біз алыста тұрғанымызбен, жүрегіміз Қазақстанмен бірге. Жиі келіп тұрамыз. Балаларымды да алып келіп, таныстырып тұрамын. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы тұсында атамекенге біздің де алғаш рет табанымыз тиді. Жаныма қы­зымды көрсін деп әдейі ертіп келген болатынмын. Ондағы мақсатым – балалық, жас­тық шағымыз тағ­дырдың жазуымен мүлде басқа бір жат жұрттың ортасында өтті, қай елге көшіп барсақ, сол жердің отымен кіріп, күлімен шығуға тура келді, біздің балаларымыздың ертеңгі тағ­ды­ры енді ата-баба­мыз­дың кіндік қаны тамған өлке­мен бірге болсын деген ой еді. Өзіміздің қаза­ғы­мыздың ортасына келдік деп қуанып жатырмыз. Ойым қызыма халқымыздың қонақжай дәстүр­лерін көрсетіп, елмен жақындату. Бұрын қазақтың сыртынан әркімдер әр түрлі лақап таратқанда, жүрегіме шаншудай қадалатын. Орысша білмейтін адамды жұмысқа алмайды деген сөздерге онша құлақ аспайтынмын. Қазақ тілі расында қаға­жу тартып жатқаны жанымды қатты жабырқатты. Кейінгі сапарымда ұлымды алып келдім. Ол да: «Мұндағылардың дені орысша сөйлейді, түсін­бей­мін» деді. Иншалла, сол кезеңнен бері көп нәрсе түзелгеніне бүгін қуана көз тігесің. Елбасының өзі: «Қазақ пен қазақ бір-бірімен қазақша сөйлес­сін» деді. Қазақ тілінде телеарналар бой көтере бастады. Қазақстанның осындай гүлденген, көркейген жағын естіген біздердің төбеміз көкке бір елі жетпей тұрады. Бүгінде оның атын бүкіл әлем танып жатыр. Осыдан асқан адамға мерей бар ма? Біздің де Қазақстанмен арадағы байланысымыз да нығайып келеді. Франциядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшілері мен елшілік қызметкерлері де әрдайым бізді құшақ жая қарсы алады. Жаңалықтармен, ұсыныс-пікірлерімізбен бөлісеміз. Олармен бірге емен-жарқын әңгіме-дүкен құратын кездеріміз де көп. Бұл сыртта жүріп, Атажұртты аңсайтын көңілге демеу.

Еуропаға қоныс аударған қазақтарға бастапқыда жат жұртты жерсіну қиын болды. Туған өңірге деген сағынышты басу үшін әйелдері мен бала-шағасын, отбасыларын өздері барған жаққа көшіріп алды. 1980 жылдары қазақ ақсақалдары мен аға буын өкілдері қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұмытылып кетпесін, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ санасынан өшіріп алмайық, ұлт жолындағы біздің тірлігіміз жастарға үлгі болсын деген игі тілекпен Қазақ мәдени орталықтарын құрды. Франциядағы қазақ мәдени орталығының басында – Дженгиз Оруч, Шәмшидин Отуншы, Абдурахим Динчтүрік, Ғанимет Дазухандар тұр. Менің де үлесім болды деп есептеймін.

Жалпы, бүгінде Парижде 160-тай отбасы, 1000 – нан астам қазақ өмір сүруде. Қанымыз да, жанымыз да – қазақ. Сол себепті әрбір қазақ отбасындағы қазақы дәстүр бабаларымыздан мұраға қалған күйінде, ешқандай өзгеріссіз сақталып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанда салт-дәстүр қандай болса, бізде де дәл сондай. Ешқандай ерекшелік немесе айырмашылық жоқ. Аллаға шүкір, Франциядағы қазақтар арасында өзге ұлт өкілдеріне қыз берген жайт кездескен емес. Бірақ түбіміз бір түркімен қан араластырған қазақ жігіттері бар. Түркиямен, араб елдерімен құда болған қазақ отбасылары жетерлік. Француздардан да бірнеше келін түсіріп үлгердік. Бұл елге 1970- жылдардың басында келген алғашқы буын, яғни, біз тері киім (былғары) тігумен шұғылдандық. Ал Францияда туған кейінгі ұрпақ өкілдері француз мектептерінде білім алып, француз тілін жетік меңгеріп, жалақысы жоғары мамандық иелеріне айналды. Франция азаматтығын алған қазақтар мемлекеттік қызметтерге орналасуда, жоғары білім алған қазақ жастары арасында дәрігер, адвокат, инженер болғандары да жиі кездеседі.
Мұндағы қандастарымыздың Еуропамен тұр­мыс-тіршілігі біте қайнасып кеткенмен, олардың ана тіліне, салт-дәстүрі мен дінге деген адал­дық­тарын, қазақ­ша ән шырқалып, домбырамен күй төгілгенде нұр­ланған жүздерін көргенде сезінесіз. Атамекеннен шалғайда жүрсек те тамы­рын жоғалтпаған діңгектейміз. Дегенмен, жыл өткен сайын, бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақтың жергілікті менталитетке сіңіп бара жатуы алаңдатады. Еуропа елдеріндегі қазақтардың бәріне тән ортақ қиындық – тіл мәселесі. Францияда балалар 3 жастан бастап француз тілін меңгеруге көшеді. Қазір мұндағы қандастар, әсіресе, жас буын өкілдерінің өзі қазақша білмесе, бала-шағасына Ана тілін қайтіп үйретсін? Кезінде нәпақа табудың қамымен жүріп балаларына қазақша үйретуге көңіл бөле алмағандар көп. Оның үстіне, Еуропада қазақ мектептері ешқашан болмаған. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шеттегі қандастарға қазақша үйретеміз деген бастама көтеріп, бізге кітапшалар жіберді. Алайда, әліппеміз бөлек: 70 жылдан астам КСРО құрамында болған Қазақстан кирилше жазса, біздікі – латын әліппесі. Кирилл әріптерін жастар тұрмақ, үлкендер де білмейді. Қазақстаннан жіберілген кітапшаларды оқу, түсіну қиын болғандықтан, қазақша үйренуге деген құлшыныс та саябырсып қалды. Адамның қасиеті тілі мен дінінде. Мен мұн­дағы қазақтарға балаларыңды Қазақстанда оқы­тың­дар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жас­тар­ға жасап жатқан жақсылығы басқа бірде-бір елде жоқ. Балаларың­ның бағы жанады, қазақ тілін үй­ренеді, арадағы алыс-беріс жалғасады, тегін, түбін қадірлейтін азамат болып қайтады, деген сөз­ді әрдайым саналарына құйып отырамын. Парижде жиырма-отыз шақты түрік қоныстанған жерде әйтеуір бір мешіт жұмыс істеп тұрады. Қазақтар негізінен сол түрік мешіттерінде намаз оқып, ал балалары демалысқа шыққанда сондағы молдалардан қосымша діни білім алады. Көңілімізді жұбататыны, ересектердің дінге қатты көңіл бөлуінің арқасында балаларымыз да дінге берік, адами құндылықтарға ұйиды.

Еуропадағы қазақтар базарда сатылып жат­қан етті алуды жөн санамайды. Халал асқа қат­ты көңіл бөледі. Біз барлық уақытта малды базардан сатып алып, мұсылманның сал­тын сақтап, өз қолымызбен соямыз. Қа­зақ­тар ұл-қыз­дарының неғұрлым өз ұлты­ның ад­а­мы­мен қо­сы­луы­на, өз ді­­ні­не берік бо­луына мүд­­делі.

Қанымыз қазақ болғасын тойсыз отырмаймыз. Апта сайын құда түсу, шілдехана, бесік той, қыз ұзату, үйлену тойы сияқты қуаныштардан қалмаймыз. Сондай-ақ, өмір болғасын қуаныш пен қайғы қатар жүреді ғой, көңіл айтулар мен ас беру сияқты дәстүріміз тағы бар. Осындай шаралардың барлығында қазақтар бас қосып, бір қауқылдасып қалады. Он бес-жиырма күнде мұндағы әйтеуір бір шаңырақта не қыз ұзатылып, не келін түсіріліп, болмаса сүндет той, шілдехана сияқты үлкен тойлар дүркіреп өтеді. Ел ағасы ретінде шаңырақ көтерген талай жасқа бақыт тілеп, бата бердік.

78e536b6afb3a0972d80a02922d45024 9fe279c9e43682c503c99ce89a941320 08aa78b38d5a70fea376dc6b01b6593f DIGITAL CAMERA 5dfae80759408fdc924e6e415acda458 DIGITAL CAMERA 04ff135e0c9f4d9485a5dbb8d07e937d DIGITAL CAMERA 3cad2c906fa7aaed0d9c2fbeeb661af8 1b7d9a0ebf38cbdde4599e6a3db17472

Атажұрттан алыс жүргенде бір-бірімізбен қатынасты үзбеу өте маңызды. Батыс Еуропаның қақ жүрегінде тұратын қазақтар ұлттық мерекелерді тойлауда тек өз араларында, жақын-жұрағаты, туған-туысы ішінде ғана шектеледі ғой. Өйткені ресми түрде мейрам боп бекітілмегеннен кейін қолдары қалт еткенде, яғни, жұмыстан босағаннан кейін барып тойлайтын. Бір-бірінің үйіне қонаққа барады, құттықтайды, дастарқан жайылып, ізгі тілектер айтылатын. Ал биыл басқаша болды. Наурыз мейрамын биыл Францияда­ғы Қазақстан елшілігі ұйымдастырды. Мерекелік шараның ерекшелігі сол, Парижде Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Иран, Ауғанстан, Пәкстан, Өзбекстан мен Македония сияқты Наурызды ресми түрде тойлайтын мемлекеттердің өкілдері түгел атсалысып, бірінші рет мерекені барынша кең ауқымда тойладық. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Елшілік тарапынан осындай шара ұйымдастырылуы біздің мерейімізді кәдімгідей өсіріп, бір серпілтіп тастады. Би билеп, ән айтып, ұлттық ойындар ойналып, киіз үйлер тігілді.
Ал ен­ді француз мә­де­ние­ті­не келсек, қандас­тары­мыз бұл ха­лықтан көп нәрсені үй­ренуі керек деп есептеймін. Кішіпейіл, қолынан келсе кө­мек беруге да­йын, адам­герші­лік қа­сиет­­те­рін жо­­ғары қоя­тын, мә­де­ниеті өскен ха­лық. Өзіне де, көмекке зәру өзгеге де бір кәдеге жарайтын пай­далы нәрсені ұмыт­пайтын ұқыптылығы қай­ран қал­ды­рады.

Біздің ендігі арманымыз – балаларымыз атамекеннен ажырап қалмаса, барыс-келісіміз артып, ұрпағымыз түп-тамырын біліп жүрсе дейміз. Ол үшін Қазақстан тезірек латын әліппибіне көшіп, Түркия сияқты қос азаматтық алу жағдайы шешілсе деген тілегім бар.

Әлем таныған атамекеніміз – Тәуелсіз Қазақ елін біз әрдайым мақтаныш етіп жүреміз. Қазақстан әлемдік аренада тек қана биіктерден көрінуіне тілектеспіз.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑