banner-top12

Алыстағы ағайын 1c15daa6a0d1738e2cee24983b5c1b3b_XL

Қосқан уақыты Сәуір 19, 2016 | 828 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

БӨРІЛІ БАЙРАҚТЫҢ ИЕСІ НЕМЕСЕ КӨК ТҮРІКТЕРДІҢ КӨНЕ ЖҰРТЫНДА КІМ ҚАЛДЫ

Түркі атауының империялардың құлағына түрпідей тиіп келуінің себебі ол көтерген шаңырақ немесе ұлыстық орда өз қолтығына көп елді жинап қана қоймай көршілеріне де қатер төндірген айбатының асқақтығынан болса керек. Сондықтан да ата-бабаларымыз «Аспан тәңірі» немесе «Бөрілі байрақты» өз рухтарының баламасы ретінде танып басқаларға бас имей келгені шындық. Ежелгі һұн империясы өз айналасына қаншалық ықпалды болса оның жұртына от жағып, түтін түтеткен Түркі ұлдарының батырлығы да әлемге әйгілі болды.
Осы орайда сол көк түріктердің көне жұртында кімдер қалды немесе бөрілі байрақтың қазіргі иесі кімдер? – деген ой туады.
Бұл туралы ғалымдардың пайымдауын былай қойғанда мына бір аңызға жақын ақиқатқа мойын бұра кеткеніміз де артық болмас.
Қазақ даласына орыстық қызыл империя орнағаннан кейін одан қашқан озық ұлт зиялыларының қытай асып кеткен жағдайы бар. Осы орайда, яғни, 1933 жылы Сталин мен Шың Сысайдың достығынан секем алған қазақтар өздеріне келе бастаған қызыл империяның салқынын тез аңғарған еді. Айнала қанды қылышын жалаңдатқан қалың жау, енді қайту керек? Ел басына ауыр күн туғанда олар жалғыз-ақ жол таңдады. Бұл жолдың ауыр екенін білсе де, ерлері етікпен су кешіп, аттары ауыздықпен су ішетін қиын күндерге бел буды. Бірақ олар етікпен су емес қан кешті. Аттары ауыздықпен су ішу түгілі бірінің етін бір жеді. Осынша ауыр қатерге басын байлаған қиын жолдың бұйдасын жетелегендердің көздегені түрік елі болды. Көк түріктердің көне жұртынан аттанып солардың ізін басып ежелгі етене бауырының мейір-шапағат күтті. Толарсақтан қан кешіп, артынан іздеп барды.
Барған туыстары құшақ жая қарсы алды. Жат санаған жоқ жақындық танытты. Басынан сыйпап бауырына тартты.
Алғашқы ерулік тойда қазақтардың салт-дәстүрін тамашалаған олар Кәбен атты балуан ортаға шығып күрескенде:
-Ой мынау өз түрігіміз екен ғой, өзтүрік екен ғой,- деп шуласыпты. Бір-бірінен сүйінші сұрап: «Бұлар біздің байырғы жұртымызда қалған, өзінің таза қандық табиғатын жоймаған аталарымыздың асыл тұяғы екен» дескен екен ғой.
Сол Кәбен кейін Өзтүрік аталып, оның ұлы Мұстафа(1954—1995) алты дүркін әлем чемпиондығын жеңіп алған Қазақстанның таэквон-до шеберіне айналды. Бұл құлағымызбен естіген аңыз емес, көзіміз көрген тарих!
Тарих демекші көк түріктердің көне жұртына қайта келейікші.
Бізде ауыз екі сөзде жиі айтылатын «түбі бір түркі халықтары» деген сөз бар. Соны одан әрі қазақшаласақ, түркі ұлттары бір бәйтеректің бұтақтары деген ұғымды білдіреді. Біздің ата тегіміз біреу, бір атаның баласымыз деген сөз.
«Хундар мемлекеті өз кезінде Шығыс Еуропаны өзіне қаратса, біздің заманымыздың VI ғасырының ортасында алтайлық тайпалардың ең ірісі – Түркі қағандығы өз мемлекетін құрып, Алтайдан Қырымға дейінгі жерге иелік етті. Ол көп кешікпей Шығыс және Батыс Түркі қағандықтарына бөлінді. Батыс Түркі қағандығының орталығы Жетісу болды.» (Қ.Р.Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы» Алматы «Білім» 2005, 13-бет»). Ал Шығыс түркі қағанатының мекені қазіргі Моңғолия жерінен Қытайдағы ұйғыр-қазақтар мекендеп отырған байтақ даланының негізгі бөлегін өз құрамына алды.
XIV-XV ғасырларда Кіші Азия мен Балқан түбегін түркілердің бағындыруына байланысты Жерорта теңізі мен Қара теңізде, Балқанда Осман түріктерінің үстемдігі орнады. Осман империясы дүниеге келді.
Кезінде түрік қағанаты қытай және орыс елдеріне қандай үрей тудырса Осман империясының дүниеге келуі олардың ұйқысын тағы да бұзды. Жер бетіндегі үстем ұлт немесе үстемдікке иелік етуші ұлтты жетекшілікке алған алып империялар тура өздеріндей немесе өздерінен де шоқтығы биік батыр тұлғалы екінші, үшінші елдердің бас көтеруіне мүлдем мүдделі емес еді. Әсіресе, кеше ғана жер жаһанды қалтыратқан түрік қағанаты немесе түркі тайпаларының ержүрек сарбаздары арқылы әлемді бағындырған Шыңғысхан және сол ұлтанды елден ене көркірек алып есейген Осман империясы шынында аса қуатты болған еді. Байырғы Түрік қағанатының жерін бөліске салып оларды ұлт және ұлыс түрінде пайдалана бастаған қытай мен орысқа Осман империясы ең үлкен жау болып көрінді. Дәл осы кезде олардың аузынан «Пәнсламизмм», «Пәнтуркизм» деген атаулар шыға бастады. Жек көрушіліктен туған бұл ұғымдарды басқаны былай қойып түркі ұлттарының өзіне сіңіргісі келді.
«Бірнеше Түркі мемлекетінің құрылуы түркі тектес халықтардың: татар, башқұрт, қазақ, қырғыз, түркімен, әзірбайжан, өзбек тағы басқаларының халық ретінде қалыптасуымен қатар жүрді. Сонымен бірге түркі тілден қарақалпақ, чуваш, якуг-сақа халықтары қалыптасты. Түркі тілінде сөйлейтін халықтар сонымен қатар Дағыстандағы құмық, ноғай, Қабарды-Балқар мен Қарашай-Черкестегі балқар, қарашай, ноғай, Нахичеваньдағы әзірбайжан, Ставрополь өлкесіндегі ноғай, түркімен, Молдовадағы гагазу, Украина мен Литвадағы қарайым, Донецк облысы мен Грузиядағы урумдар, қырымчактар жеке ұлыстар болып қалыптасты.
XV-XVI ғасырларда Осман империясына бағынышты болған елдерде халықтардың үлкен бір тобы (түріктер) қалыптасты. Түркі тілінде сөйлейтін халықтардың жекелеген топтары Ауғанстанды, Моңғолияны, Қытайды, Иранды, Болгария мен Румынияны, Югославия мен Албанияны мекендеді. Түркі тілінде сөйлейтін түркілердің кейбір шағын топтары Каирде, Сирияда, Иракта, Грецияда, сондай-ақ Африка елдерінде шағын ұлыстар болып қалыптасып жатты.» (Қ.Р.Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы» Алматы «Білім» 2005, 5 бет)
Алайда XVI ғасырда түркі елдерінің ішіндегі өзара қырқыс, таққа талас салдарынан жас Түркі мемлекеттері бірінен соң бірі орталықтанған Орыс мемлекетінің отарына айнала бастады.
XVI ғасырдың ортасында орыс мемлекеті Қазан хандығын (1522 ж.), Астрахань хандығын (1556 ж.) жаулап алды. Көшім хан басқарған Сібір хандығының жерін жаулап алуға кірісті. Кейіннін түркі тілдес халықтардың көпшілігін бағындырды.
«Әйтседе, Түркістан өзінің өрлеу кезеңін өркендетіп кете алмасада өз тәуелсіздігін сақтап келіп еді. Кейін заман ағымы бізге қарсы бағытта жүре бастады. Темір мемлекеті шағын-шағын хандықтарға бөлінді. Бұл хандар бір-бірімен жағаласып, соғысты. Енді Түркістан Еуропаның орта ғасырдағы хал-жағдайына түсті. Ғалымдарымыщ нақтылы, тиімді де пайдалы ғылымдар орнына бір жақтылы дінни ілімдерге беріліп кетті, Халық діні қудалануға түсті. Түркістан көкжиегін соқыр сенім басты. Түркістанда ғы бұл ахуалды көрген дұшпандарымыз Қытай мен Ресей осы кезді пайдаланып қалу керек екенін түсінді. Бұл бай түрік өлкесін басып алу, бөлшектеу, отарлау жоспарын құрды. Бұл жоспар екі-үш ғасырға созылған тартыстардан кеін іске асып, ХIХ ғасырдың соңына қарай Түркістанның батыс бөлігін орыстар, шығыс бөлігін қытайлар басып алды»(«Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 8 том,45 бет. Абдулазиз Шыңғысханның 1939 жылы 15 тамызда Мысырда өткен ислам бауырластық кеңесінде оқылған «Түркістан туралы» лекциясынан. «Астана полиграфия» АҚ, Астана 2008).
Патша үкіметі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ жерін отарлаудың алуан түрлі жоспарын жасады. Мысалы, осы бір мақсатты іске асыруда әйел патша ІІ Екатерина да түпкі ойын өзінің құпия жарлығында ашық атап көрсетті:
1.Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшысын, екінші ру басшысымен араз етіп, бір-бірімен қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз.
2.Сұлтандардың бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз.
3.Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандармен араз қылып, сұлтандарды оның өз қол астындағы ақсақал адамдармен араз қылсаңыз, арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз. Осылайша арасына от жағып, береке-бірлігін алсақ, азып-тозған қырғыз-қазақ жұрты бөтен патшалықтың қол астына көшіп кетуге дәрмен болмас. Өз-өздері қырық пышақ болып қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алу үшін, күш алу үшін Ресей патшалығына жақындар, басқа патшалыққа қорғалар. Сол уақытта Ресей үкіметі араларына төре болып, төрелік ретіне қарай не анауысын, не мына жағын қуаттап тұру керек. Түркі амалмен сұлтандардың күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келетін, кететін жері өзіміз боламыз. Тілгеніңізше қақпалап жортармыз», («Егемен Қазақстан» газеті, 1992. 17 қазан).
«Түркістан қаһармандары арыстанша арпылысып, қайрат көрсете жүріп, жанымен, ділімен Отан қорғау жолында жүз мыңдап құрбан болды. Бірақ орыстарға келетін шама-қуатының жоқтығы, дұшпан қуатының көптігі бізді сарсытты. 1921-1931 жылдары қызыл жаһангер Совет орыстары отарына өтті. Орыстар өздерінің басқыншылық сипатымен қылмағандары қалмады. Ислам мәдениеті мен түрік мәдениеті және олардың ескерткіштері құлатылды. Дініміз, ұлтымыз масқаралауға, шапқыншылыққа душар болды. Мешіттеріміз, жұма намаз оқылатын орындарымыз коммунистік құлып – қызыл отауларға айналдырылды. Мыңдаған мешіт, медреселеріміз зинақорлық орындарына, кафелерге, ойынханаларға, әскери казармаларға айналды. Әуелгі тұрмыс, салт-дәстүрлеріміз жойылды. Бүкіл қауым өз құқықтарынан мақұрым етілді. Советтердің құлы болуға мәжбүрленді. Неше жүз мың ғалымдарымыз, үлкендеріміз, жас қызметкерлеріміз қой секілді бауыздалды. Әр жерде большевик мектептері ашылды. Мектептерде дінсіздікке, құдайсыздыққа үйретілді. Күәдән пәк баладлардың саф таза миларына коммунизим зәрі сіңірілді. Ата-аналарына қарсы дұшпандық ниеттерін тудыра бастады. Орыстандыру, дінсізденліру жоспары алға қойылды»(«Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 8 том, 46-47 бет. Абдулазиз Шыңғысханның 1939 жылы 15 тамызда Мысырда өткен ислам бауырластық кеңесінде оқылған «Түркістан туралы» лекциясынан. «Астана полиграфия» АҚ, Астана 2008).
Ал, қытай империясы ежелгі түркі тайпаларының жұртындағы ұйғырлар мен қазақтарды ноқталап отыруды ешқашан есінен шығармады. Олардың басты ұстанымы «бірте-бірте жаулау» болды да, шыжымын ұзаққа салған шынжырлы саясат дегендеріне жеткізді. Біртіндеп түркі ұлттарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстай бастады.
«Түркістанның Қытай мойынсұнған шығыс бөлігі болса, Олар да адам айтса нанғысыз не бір бәлекеттерге ұшырап келеді. Бұлар да дінінен, отанынан, ұлттық құқықтарынан мақұрым етілуде. Қытай үкіметі бұл түрік мұсылмандары арасында ұлттық дәстүр, исламдық салтты жою үшін әр түрлі шаралар іздестірді» («Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 8 том, 47 бет. Абдулазиз Шыңғысханның 1939 жылы 15 тамызда Мысырда өткен ислам бауырластық кеңесінде оқылған «Түркістан туралы» лекциясынан. «Астана полиграфия» АҚ, Астана 2008).
Тарих кейде қайталанады. Кейде адамзаттың ойына кірмеген ойындыар ойналып жатады. Кеңес одағының қалауы көптеген түркі мемлекеттерінің басына өз еркіндігін сыйлады. Сол кездерде қазақ халқы өзінің ұлт азаттығы жолындағы қан төгістерді басынан кешіре жүріп ақыры тәуелсіздікке қол жеткізді. Өздерінің ежелгі түркі жұртының «күлтөгерінде» отырғанын мақтаныш сезіне бастады. Түркістан шаһарының 1500 жылдық тойы соның бір мысалы ғана.
Түрколог ғалымдар Лев Гүмилев, С.Кляшторный, Л.П.Окладников, қазақ ғалымдары Әлкей Марғұлан, Сүлеймен, Манаш Қозыбай, Әбдуали Қайдар, Рахманқұл Бердібай, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғары, Мырзатай Жолдасбековтер түркі тектес халықтардың Ана жұрты – Қазақ, Ата жұрты – Түрік деп айтқанда оның өркениет деңгейін 3000 жылдың аясына сыйғызады. Тілі, мәдениеті, әдебиеті, өзіндік жазуы болған халық өркениеттің төрінен орын алуға тиіс. Олай дейтін себеміміз, 3000 жылдың алдында алтынмен аптап, күміспен күптеп темірден түйін түйген Тұрандай халық көп болмаған. Қазақтардың ең ғажабы басқаның жерін жауламаған, ата қонысынан ауа көшіп кетпеген, ежелгі мекенінде мың өліп, мың тірілсе де тілін, ділін, дінін, ата салтын ұмытпаған байырғы халық. («Тұран әлемі» Ислам Қабыш, Алматы «Санат» 2007 ж. 80-бет.)
Демек, қатпарлы қалың тарихтың астарына үңілгенде немесе әдебиет мен мәдениеті, тұрмыс-салты мен тіршілігі жағынан қарағанда сөз басындағы қазақтарды көргендегі түріктердің тамсана қызыққанының тегін емес екенін білеміз. Ойларымызды жинақтай келгенде көк түріктердің көне жұртында отырған Тәуелсіз Қазақстанды, әрине, атадан қалған байырғы мекен деп білеміз. Ал алысқа кеткен жан туысымыз Түріктер біздің бір қанатымыз сияқты. Олай болса көк түріктерің нағыз мұрагері Қазақстан мен Түркия елі деп айтуымыздың еш әбестігі жоқ.
Десе де осы арада тағы бір сауал туындайды. Ол: көк түріктердің көне ордасы болған қазіргі Моңғолия жері немесе моңғол ұлты не үшін ауызға алынбайды?-деген сұрақ.
Жер бетіндегі әр қандай тарих немесе ұлыстар мен ұлттардың ескі шежіресі аңыздардан бастау алады. Олай болса біз осы орайда моңғол ұлтының қалыптасуы жөніндегі аңызға азырақ тоқтала кетейік.
«Моңғоллардың ататегі туралы айтылатын аңыздардағы Қият атты адамның әйелімен бірге көрші елдің қанды қырғынынан қашып құтылып, Еркене Оон тауына батып жасырынып, сонда тұқым-жұрағаты өсіп-өніп, рулы елге айналуы туралы аңыз көне түріктердің ататегіне қатысты аңыздардағы, көрші елдің шабуылынан аман қалған жалғыз еркектің Гаочанның солтүстігіндегі тауға қашып барып, сонда қаншық қасқырмен қосылып, одан таралған ұрпақтардың Ашына атты рулы елге айналғаны туралы IV ғасырға тән аңызымен сарындас келеді. Енді моңғолдардың бұл аңызын көне түріктердің осынау аңызының моңғолдар арасындағы жаңғырығы десе де болады. Осының өзі моңғолдардың арғы аталары мен түріктердің арғы ата-бабалары ортасындағы қандай да бір тарихи сабақтастықтардың жатқанын дәлелдеуге жеткілікті еді. Алайда, моңғолдардың ө ата-бабалары туралы аңыз мұнымен аяқталмайды. Арада қанша уақыт өткені белгісіз бір заманда Бөрте-Чино деген адам зайыбы Марал сұлумен бірге Онон өзені басталатын Бұрхан-қалдун тауына көшіп келіп, мекен еткені баяндалады. Әрине, бұл да аңыз. Бар болғаны түріктердің көк бөрі туралы аңызының басқа бір қыранан қайталануы еді.» («Қазақстан тарихы туралы қытай деректері» V том 56-бет, Алматы «Дайк-Пресс» 2006).
Демек, хұндардың даласынан Түркі қағанатының қалыптасқаны сияқты Түркі қағанатының орнынан бас көтерген моңғолдардың да бізге аса бөтендігі болмаса керек. Көп тарихшылар бұл екеуін бір-бірімен байланыстырғысы келгенмен ол ежелден орыс және қытай елдерінің ішкі мүддесіне тиімсіз саналып, олардың тойтарысына ұшырап келді. Ірі империялар Түрік қағанаты мен Монғол империясының тарихынан ортақтық тауып, батыр әулеттерді бір тудың астынан іздейтін болсақ, бұл, әсіресе қытай мен орысқа жақпайтын болды. Айналасында анталап отырған түрік, монғолды бір атаның баласы дейтін болсақ, күндердің бірінде олар идеялық ортақтық тауып жатса, әрине қытай мен орысқа үлкен қатер әкелер еді. Әсіресе осы тақырып төңірегінде алғаш қалам тартқан орыс ғалымдары мәселенің мәнін басқа жағынан іздеуге тырысты. Солай етті де.
Ал атақты ғұлама «Рашид ад-Диннің (1247-1318) әйгілі «Жылнамалар жинағының» («Жамиат тауарихтың») моңғол халықтары жөніндегі деректерінің құндылығы ғылыми ортада аса жоғары бағаланғанымен, оның моңғолдардың шығу тегіне қатысты дерегі ғылыми тұрғыдан талданбай, ескерусіз қалдырылды. Дұрысында, бұл далалық ауызша тарихтың құнды дерегін хатқа түсіріп, бір жүйеге келтірген теңдесі жоқ, бұл күнге жеткен әлемдегі алғашқы еңбек болатын… Рашид ад-Дин хатқа түсірген даланың ауызша тарихының дерегін бүгінгі жазба тарихтың дерек беру стиліне көшірсек, онда бұл «барлық моңғолдардың да, түрік тайпаларының да және барлық дала тұрғындарының да шыққан тегі бір, бәрі бір халық – түрктер» дегенді білдіреді». Алайда, «Нақты деректермен басы ашық шындықты мойындамай, түпкі бастау бір болғанымен, өскен өрісі бөлек, тағдыры ортақтас болғанмен, таралып танылуы бөлек ек халықты ендігі жерде бірін-біріне сапырылыстырып, қойыртпақтай берудің ешқандай қисыны жоқ. Моңғолы «түрік» деп шатыстыруымыз бәйтеректің діңін бұтағымен шатыстырып, діңі қайсы десе бұтағын, бұтағы қайсы десе діңін көрсеткенмен бірдей, қолайсыз дүние. Түрік – бүкіл түрік тектес халықтардың діңі. Моңғол мен татар – сол діңнен өніп, өсіп тараған көп бұтақтардың бірі ғана». (Қ.Салғараұлы «Ұлы қағанат» «Фолиант» баспасы, Астана-2008, 345-346, 357 беттер).
Тарих тереңіне шындық көзімен үңілуші ғалымдардың пайымынша «Шыңғысханға дейін моңғол деген халық, ел, тіпті жеке тайпа да болмаған». Сол сияқты «түрік» атауы да ресми қалыптасып үлгірмеген. Тұтастай қарағанда сахарада жасап жатқан көптеген тайпалардың біріккен қандық-туысқандық тұлғасы осы атаулардың қалыптасуына негіз болған. Орыс ғалымдарынан бастау алатын зерттеулер түрікті монғолдың көлеңкесінде қалтыруға тырысқанмен шындықтың өз арнасына бет бұра бастағаны анық.
Шыңғысхан дәуірі сөз болғанда кейбір ғалымдар «моңғолдардан жеңілген түркі әскерлері батысқа қарай ауып кетті»-деп жазды. Бұл шын мәнінде шындыққа аса жанаса бермейді. Айталық қазақ даласына орыс өктемдігі орнай бастағанда шет жұртқа қанша қазақ ауып кетті. Бар болғаны бестен бірі ғана. Ендеше Шыңғысхан өзі жеңген тайпалардың қуатты қосынын, батырларын өзіне қосып алып отырған. Ал ауған ел аса көп емес. Азғана моңғұлдарды өз құрамына алған Шыңғыстың қалың қолы көктен жауған жоқ. «Көпшілік отрядтар бағындырылған халықтар арасынан құрылды» (Бартольд В.В). Ал жоғарыда аталған Рашид ад-Диннің Иранның «Алтын дафтарынан»(«Алтын дәптерінен») алған «мәліметі бойынша, Шыңғысханның өлер алдында(1227ж) 129 мың жауынгері болған» екен(К.Аманжолов, А.Тасболатов «Қазақстанның әскери тарихы» Алматы «Білім»-2008, 33 бет). Әрине, оның көбі-ақ сол кезде сахарада жасап жатқан керей, найман, қоңырат, татар, ұйғыр, т.б. ержүрек түрік ұлдарынан еді.
Шыңғысханның дүниені жаулауының сырының өзі осы ер түріктердің арқасы болса керек. Мәселенің мән-жайын тереңнен іздегісі келген ғалымдар көп жағдайда «Түрік-моңғол әскері» немесе «Моңғол- түрік әскері»- деген атауды қолданады. К.Аманжолов пен А.Тасболатовтың аталған еңбегінде де осы идея қуатталады.
Шыңғысханның Түрік елдерін жаулауына байланысты: «олардың қалаларын, мәдениетін бүлдірмеңдер. Дініне құрмет етіңдер» – деуінің де өзіндік себебі бар болса керек.
Империялардың итермелеуі және діндік, ұлттық айырмашылықтар, жоңғарлар заманындағы жауластық сияқты себептерден алыстап кеткен ағайынымыз – моңғолдардың бізбен болған ара-қатынас тарихы әлі де зерттеуді қажет етеді. Әсіресе әлі күнге басы толық ашылмаған түркі-моңғол тамырластығы ғалымдарымыздың бас қатыруын күтсе керек. Басқа империялық идеяларға жақпайтын бұл бірлестіктің біздің тарихымызда алатын орны ерекше болмақ.
Демек, осының бәрі Бөрілі байрақ астына жиналатын ұлттар мен ұлыстардың аз еместігін, әлсіз еместігін түсіндіреді. Осы орайда мына бір әңгіме еске түседі:
Түркия Республикасының негізін қалаған, он бес жыл бойы оның тұңғыш президенті болған Мұстафа Кемәл Ататүрік (1881 – 1938) 1933 жылдың күзінде (онда Қазан төңкерісіне 16 жыл, КСРО-оның құрылғанына 11 жыл толған еді), яғни Түркия Республикасының жарияланғанынан он жыл толуына орай сөйлеген сөзінде аса көрегендікпен былай деген екен: … Бүгін Кеңестік Ресей – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Бұл достыққа бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім де кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты ол да ыдырауы мүмкін. Бүгін уысына қысып ұстап отырған халықтар уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлем сонда бір тепе-теңдікке жетеді. Міне, сол кезде Түркия не істейтінін білуге тиіс. Осы «досымыздың» билігіне біздің тілі бір, наным-сенімі бір туыс бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз қажет. Дайын болу деген сөз сол күнді күтіп отыру деген сөз емес, дайындауымыз керек. Халықтар бұған қалай дайындалады. Рухани көпірлерін күшейте отырып дайындалады. Тіл – бір көпір, тарих – бір көпір, наным-сенім (дін) – бір көпір. Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де, тарихи байланыстар саласынан да ажырап, өте алыс қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған жер дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын күте алмаймыз. Біздің оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыс орнатуымыз керек. Фольклорлық байланыс орнатуымыз керек. Бұларды кім істейді. Әрине, біз! Өздеріңіз көріп отырсыздар, тіл қоғамын, тарих қоғамын ұйымдастырып жатырмыз. Тілімізді солардың тіліне жақындатуға, сөйтіп бір-бірімізді оңайырақ түсінетін жағдайда жетуге тырысудамыз. Тарихымызды да соларға жақындатуға тырысып жатырмыз. Ортақ тарих жасаудың соңымызда. Бірақ бұл жайдан-жай жасалмайды. Атын қоя салумен жасалмайды. Мұның бәрі мемлекеттер мен халықтардың терең ой-пікірлерінің нәтижесі болуы керек. Естуімізше, кейбір келте ойлы кісілер: «Патшаның жұмысы жоқ па, тілмен, тарихпен айналыса бастағаны несі?» дейтін көрінеді, сөз жоқ, жұмысым басымнан асады. Мен бүгінгі озық Түркияны құруға қалай тырысып жатсам, ертеңгі Түркияның негізін қалауға да соншалықты мән беріп жатырмын. Осы жасағандарымның бәрі – ешбір басқа халыққа дұшпандық емес. Бейбітшілікті жақтаймыз. Бейбітшілікті жақтап қала береміз. Бірақ өзгерістеріне де дайын болуымыз керек…». («Егемен Қазақстан» газеті. 1994, 2 тамыз).
Сол жылдарда болған тағы бір бір жиында Ататүрік: «Ең алдымен мен біртұтас түркі ұлтшылымен яғни ұлтжандысымын, солай тудым, солай өлемін. Түркі бірлігі күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін. Өзім ол күнді тікелей көрмесем де, оны түсімде көре отырып, көзімді жұмамын. Түркі бірлігіне сенемін, оны көріп тұрмын. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сол кезеңдерден табады», – деп қорытқан болатын.
Демек, біз бұл арада Ататүріктен асып не айтамыз. Түркі ұлттарының ес жиып, етек жинап жатқан кездері әлі де болса бізден бірлікті, батырлықты, бауырмалдықты күтетінін ешқашан есімізден шығармауымыз керек.
«Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы»(Н.Ә.Назарбаев) болғандықтан бөрілі байрақтың иелері немесе көк түріктердің көне жұртындағы біздер ғана дәл осылай жар сала аламыз!
Жәди Шәкен, жазушы.
Еуразия жазушылар одағының мүшесі




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑