banner-top12

Шетелдегі қазақ диаспорасы dscf9561

Қосқан уақыты Шілде 3, 2009 | 1  093 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

1

БОЛАШАҚ ЖАСҚА МОЛ СЕНІММЕН ҚАРАЙДЫ, ҚИЫР ҚОНЫП ШЕТ ЖАЙЛАҒАН АҒАЙЫН

СӘУІР 2009МЮНХЕН САПАРЫ

DSC_1814 dscf9561 DSC09425 DSC09411 DSC09358 DSC09348DSC09308dscf9612DSC_1764 DSC_1752 DSC_1741

 Шеттеги сабилер Жазира Амантайкызы

         Төрткүл дүниенің бұрышына тарыдай шашылған қазақ Алманияның астанасы Берлин, Мюнхен, Кельн қалаларын да мекен етеді. Алманиядағы үш мыңнан астам қандасымыз мамыражай ғұмыр кешуде. Қандастарымыздың бүгінгі буыны қазақ тілін ана тілім деп санағанымен, қазақ отбасыларының дені түрік тілінде сөйлеседі. Сондай-ақ диаспора жастарының санасында атажұрт ұғымы көмескілене бастағаны байқалады. Осы үлкен кеселдің алдын-алу мақсатында, қазақ жастарын ата-баба тамырынан ажыратпауды көздеген аға буын өкілдері Альманияның Мюньхен қаласында Еуропадағы қазақ жастарының басын қосты. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясы мен Мюньхен қазақ мәдениет қоғамы біріге отырып «Неміс тілінде сөйлейтін елдердегі қазақ диаспорасы жастарының идентификация және интеграция проблемалары» тақырыбында Еуропа қазақ диаспорасы жастары конференциясының алғаш рет тұсауын кесті. Бұл конференцияда жастардың өз ой-түйсіктерін еркін жеткізулеріне жағдай жасалғандықтан конференцияның түрік және неміс тілінде жүруі ұйғарылған екен.

                            Ертеңіңді ойласаң, бүгініңе назар сал

         Салтанатты түрде ашылған жиынның басы шартараптан жиналған жастарды таныстырумен басталды. Алыс-жақын Еуропа елдерінен жиналған жастар, ақсақал аға буын өкілдері, түрлі ғалымдар мен ғылыми ізденушілер, студенттер мен ақпарат өкілдері жиналған жиналыстың беташарын ұйымдастырушылардың атынан Абдұлқайым Кесежи мырза ашып берді. Мюнхен қазақ мәдениет қоғамы басшысы Әбдірахман Үналан, Қазақстанның Мюнхендегі елшілігінің өкілі Сәкен Хамидоллин, Астана қаласынан осы жиын үшін арнайы ат оздырып барған Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов жиналыс тақырыбының аясында тыңғылықты баяндама жасады. Бірінші бөлімнің қорытындысында  Мюнхен университетінің студенті, белсенді жас Өзгежен Абдұлқайымқызының «Қазақтардың атжұрттан Еуропаға көшу тарихы диаспорадағы қазақ жастарының көзімен» тақырыбында жасалған баяндамасына көпшілік ықыласты пейілмен зейін қойды.

Тарихтан білетініміздей, кәрі құрлықтың түрлі қалаларында қоныстанған қазақ диаспорасының алғашқы шыққан мекені Қытайдың қазіргі «Шиңжиаң автономиялы аймағы» деп аталып жүрген кәдімгі Шығыс Түркістан. Бүгінгі таңда Қытайдың батыс бөлігінде орын алған бұл аймақта 1,7 миллион шамасында өз қандастарымыз тұрып келеді. 1930 жылдары ұлтшыл қытайдың және 1950 жылдары коммунист қытайдың жүргізген озбырлық қысымға негізделген  саясат-шараларының салдарынан мыңдаған қазақ отбасы елінен, жерінен кетуге мәжбүр болған еді. Гималай жонынан өтіп, жан баспаған Такламакан шөлінен ендей өткен қазақ отбасылары осы шөл далада аса ауыр адам шығынына ұшырайды. Гималай асып, Пәкістан мен Үндістан жерлерін келіп паналаған қазақ отбасалары мұнда 12 жылдай тұрақтап, 1950 жылдары бауырлас Түрік жеріне қарай қоныс аударады. Анадолы жерінде қазақ-тілі мен салт-дәстүрлерінің сақталып қалуына мүмкіндік берген қазақ ауылдары салынады. 1960 және 1970 жылдары аталған қазақ отбасылары тұрмыстарын жақсарту мақсатында Стамбұлдан бастап Түркияның ірі қалаларына көше бастайды. Бұл көштер біртіндеп Алмания, Британия және Франция сияқты елдерге қарай бет бұрды. Дәл осы кезеңде Еуропа құрлығына тарыдай шашылған қазақ диаспорасының төртінші буыны, өз идентификациясын анықтауға ойысады. Шөл азабы, Гималай тауындағы аязды қыс, қызыл қытайдың қарулы шабуылы, дұңғандардың әрқилы лаңы сияқты түрлі зобалаңды басынан кешкен ата-бабалардың ауыр көші туралы тырнақалды еңбегін диафильмді көріністі пайдалана отырып, жастарға неміс тілінде шебер түсіндіріп берген Өзгежанға аға буын өкілдері дән ризашылықтарын білдіріп жатты. «Жастар-ортақ Отан игілігі үшін» тақырыбында даярлап барған баяндамамды оқып жастардың талқысына ұсынуым үшін маған біршама уақыт бөлінді. Мюнхендегі жастардың сөйлеу тіліне ыңғайланып, неміс және түрік тілінде өтеді деп жоспарланған конференция қазақ тілін жақсы меңгерген сол жердегі аға буын өкілдерінің аударып отыруының арқасында баршамызға түсінікті болды. Жарты сағатқа ұласқан жиналыстың бірінші бөлімінен кейінгі үзілістен соң жиынға қатысушы аға буын өкілдері мен жастар тобы екіге бөлінді. Уақытты ұтымды пайдалану үшін ойластырылған жиынның екінші бөлімінде жастар өз ойын аға буынның араласуынсыз ашық ортаға салсын деген ниет ескеріліпті. Диаспора қазақ жастарына бас-көз болып отырған аға буын өкілдерінің секциясында: «Қазақ диаспорасында мәдениет және салт-дәстүрлік құндылықтардың жалғастырылуы», «Қазақ жастарының болашағы» тақырыбында қызу пікірталас болды. Қайтсек, не істесек жастарды атамекенге бағыттап, қазақ тіліне жақындата аламыз деп алаңдаушылық білдірген аға буын өкілдерінің арасында Мюнхенде жасап жатқан қазақ ағайындардың бүгіндегі ақсақалы Шәріп Найман мен Қаби Сүмер ағалар да бар. Бір кездегі «Азаттық» радиосының ардагер қызметкерлері Талғат Қосжігіт, Әлихан Жаналтай сынды білімді азаматтар да алғаш рет өткізіліп отырған

жиында үнсіз қалмай, салмақты ойларын ортаға салды. Қырық жылдан бері жасап келе жатқан Берлиндегі 25 үй қазақ қандастарымызбен 2002 жылдан бері құрылған қазақ қоғамы жұмыс істеп келеді. Осы қоғамның төрағасы Жүнісбай Тораман Берлиндегі қандастарымыздың балаларын осы жиынға қатыстыру үшін арнайы алып жетіпті.

Келесі ғимаратта өтіп жатқан жастардың басқосуы аға буын өкілдерінікінен де қызу пікірталаста өтіп жатты. Неміс тілінде сөйлейтін елдердің әртүрлі аймақтарынан жиналған 22 жас, өтіп жатқан жиналыстың мәнінің ерекшелігі турасында сөз бастады. Жас та болса бас болып, жиынды әсерлі жүргізген Мюнхендік Сұлтан-Төре Қосжігіт диаспора жастарын идентификация турасындағы кездесетін проблемалық мәселелердің шешімін бірге қарастырып, аз уақытты тиімді пайдалана отырып өз ойларын белсенді түрде әрі батыл айтуға шақырды.

RELIGION – ДІН

            KULTUR – МӘДЕНИЕТ

            IDENTIFIKAT – ИДЕНТИФИКАЦИЯ

            HERKUNFT – ШЫҒУ ТЕГІ

барлығының құраушы негізгі тетігі ТІЛ. Жиналыс тақырыпшаларын осындай бес топқа бөліп, тақтаға сызып көрсетіп отырып әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Осы ұғымдарға баса назар аударып өз уақытында түйсініп қолға алуымыз қажет. Бұл ұғымдарды жадынан шығарған ұрпақ жоғалады, яғни тұрып жатқан елге сіңісіп кетеді деп толғауы тоқсан толағай проблеманы әрбір санаға қозғау сала отырып түсіндіргендей болды. Жастар өз ойларын ағылшын, неміс, түрік тілдерінде жеткізіп жатты. Диаспора жастарының осы іспеттес жиналыстарына жиі қатынасып жүрмегендіктен, алыстағы замандастарымызды  қазақша біледі, өзара қазақ тілінде пікір алмасамыз деп ойлағанмын. Конференцияға қатысушы жастар өздерін таныстырғанда есімдері қазақ тіліне жанаспайтын Севги, Сефа, Ариф, Мелике болып жалғасып жатты. Олардың есімдері, тілдері ғана емес түрлері де сол өздері тұрып жатқан елдің тұрғындарына тартып кеткен. Егер бұл жастарды көшеде кездестіріп қалып жатсаңыз, сіз оларды мүлдем қазақ деп ойламайсыз. Алматыдан Алманиядағы туыстарын іздегелі өзіме серік болып шыққан Алманияның Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Ләйла Жүсіпова аударма жасап көмектеспегенде жастар жиналысының мәнін ұқпаған болар едім. Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов та Ләйланың аудармасы арқылы өз ойын ортаға салды. Қазақ жастары аударма арқылы тілдесіп отыруының өзі үрей тудыратын құбылыс. Осыны көргенде бұл жиынның дәл өз уақытында қолға алынған қат шаруа екендігін мойындайсың. Жастардың арасынан алғаш сөз алған Залын Ералтай өз ойын неміс тілінде былай жеткізді: «Мен бала кезімде Қазақстанның Алматы қаласына барғанмын. Әке-шешем маған сенің нағыз Отаның Қазақстан. Сен ол жаққа түбінде бір барып көруің керек»-деп жиі айтатын. Сондықтан да менің Қазақстанға барып, көріп, танысқым келді. Бірақ, мен ол жақтың жастарымен жұғыса алмадым. Барған күні-ақ мені өзім қатарлас жастар түнгі клубқа ертіп барды. Олар онда біздің ата-аналарымыз сөйлеп жүрген тілде емес, маған мүлдем түсініксіз /орыс/  тілде сөйлесіп жатты. Біз қазақстандық телеарналардан көріп жүрген көріністің бірін көріп куә бола алмадым. Маған «қазақша сөйле!» деп ескерткен ешкімді де байқаған жоқпын. Содан кейін менде ой туды. Ол жақта басқа тілде сөйлегеніміз не, бұл жақта жүріп неміс тілінде сөйледік не бәрібір емес пе?! Менің ойымша Қазақстанның өзінде бұл мәселе өз шешімін таппаған сияқты… Ералтайдың сөзін Мюнхендік Алтын Айбике жалғастырып алып кетті. «Маған өзім қатарлы неміс замандастарым жиі сұрақ қояды. Сен» Моңғолға да ұқсамайсың, Қытай да емессің, сонда кімсің? дегенде мен не айтарымды білмей абдырамын. Қазақпын не түрікпін деп айтарымды білмеймін. Егер қазақпын десем, «қазақша білесің бе, Қазақстанда болдың ба?»- деп сұраққа алады. Жоқ, дер болсам, онда сенің қазақ екеніңді қайдан білеміз? деген жауап айтады. Уақыт өтіп жатыр, біз қымбат уақытты жоғалтып жатырмыз. Сондықтан дер кезінде біз Қазақстанға баруымыз керек. Өз тегіміздің ерекше қасиеттерін бойымызға сіңіріп үйреніп алуға талпыныс жасауымыз керек деп ойлаймын». Айбикеден кейін сөз алған  Еркежан Қосжігіт: – Біз қазір өзге елде жасап жатқандықтан қазақ тілінен мүлдем алыстап кеттік. Бір кездерде Қазақстанға диаспора жастарын шағын топпен болса да алып барып таныстыратын, атажұрттағы жастар мен шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақ жастарының араласуына мүмкіндік жасалады, деген секілді іс-шаралардың басталғанын құлағымыз шалған болатын. Бұл мәселе айтылып қана қойды да, сол бойында аяқсыз қалды. Қазақстан жастары мен диаспора жастарының араласуына мемлекет тарапынан қолдау болса. Онда біздер қазақ деген кім, тілі қандай, қандай ерекшеліктері бар? деген оңай сұрақтарға жауап тапқан болар едік. Аз да болса үйренер едік»… Еркежанның пікірін Берлиннен келген жастар тобы жалғастырып алып кетті. «Біз отбасында өзара түрікше сөйлесеміз, түріктің барлық салт-дәстүрін толық білеміз. Жоғарғы оқу орындарында неміс тілінде сөйлесіп, сол тілде қарым-қатынас жасаймыз. Қазақ тілінде күнде есітіп, қазақтың дәстүрлерін күнделікті көріп жатпағандықтан, кейде қазақтың күйін тыңдаған уақытта бойымыздағы алпыс екі тамырымыз иіп, ерекше бір күйге енеміз. Қазақтың сондай құдіретті құндылықтарын жақын сезініп, соның нағыз ортасында жүре алмағандығымызға өкінеміз. Қазақстан сынды қасиетті елде тұрып, жасап жатқан замандастарымызға қызғанышпен әрі қызыға қараймыз…»

Екі сағатқа созылған конференцияда жастар біраз тың пікірлер мен қомақты ойларын ортаға тастады. Жиналыс соңында Өміртай Жаналтайдың кез келген жасты жігерлендіретін сөздері көңілге жылылық ұялатты. «Біз дүниенің қай түкпірінде жасап жатсақ та тек бір ғана Қазақпыз!-деп қасқайып айтар өр рухымызды жоғалтпауымыз керек. Мен жоғарыда айтып кеткен құрбыларымның кейбір пікіріне қосыла алмаймын. Сен кімсің? – дегенде абдыратын түгі жоқ. Мен қазақпын дегенді айт, іс бітті!  Түріміз кімге ұқсасын мейлі, тіліміз шорқақ болсын мейлі, біз бір-ақ нәрсені жадымыздан шығармауымыз керекпіз. Дүниенің қай түкпірінде жүрсек те біздің бір ғана атымыз, бір ғана Отанымыз бар және қаншама ғасыр өтсе де сол күйінде қала береді. Біз қазақпыз! Осындай рухани шабытқа толы өрелі сөздермен қорытындыланған конференция жастарды бір қанаттандырғандай болды.

Шетелдердегі қандастарымыздың атамекендегі ағайынға айтар назы да жоқ емес. Мюнхендегі қазақ қоғамының жеке мөрі мен іс қағаздары болғанымен, бүгінге дейін өз шаңырағы жоқ. Аға буын өкілдерінің Қазақстан мемлекеті тарапынан сұрап, айтқан ұсыныстары да осы болды. – Егер біздің қоғамның мәдениет үйі секілді өз шаңырағы болса, жастардың басын біріктіріп, онда компьютерлер орнатып, жас буын, балаларға арнап қазақ тілінде әртүрлі шаралар ұйымдастырар едік. Қазақ тіліндегі әдебиеттерді көрмеге қойып, қазақтың салт-дәстүріне келетін құнды дүниелеріміздің үлгісін музей етіп қойсақ деген ниетіміз бар. Бұлай жасау өсіп келе жатқан жастардың жан-жақты болуына қосылған үлкен үлес болар еді. Осы сынды жиналыстарды да сол мәдени шаңырақта өткізер едік, – дейді алыстағы ағайындар. Әйтпесе, осы конференцияны өткізу үшін қандастарымыз немістердің пасха мейрамына дөп келетін демалыс күндерін әдейі таңдап, үш күндік пасха мейрамы қарсаңында жиналыс өткізу үшін ғимараттарды жалға алыпты.

                       

МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН

            Тыңнан түрен салған, кескіні бөлек осы жиынның өтуіне ұйытқы болып, конференцияның қауырт жұмысының ыстығына күйіп, аязына тоңған жанашыры Еуропа қазақ қоғамдарының төрағасы, түрколог ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы Абдұлқайым Кесежи алғашқы  жастар жиналысы туралы былай бөлісіті

Өздеріңіз білесіздер, осыдан бірнеше жыл бұрын Еуропа қазақтары мәдениет орталығының үйлестіру кеңесі құрылған болатын. Ұлыбританиядағы қазақ қоғамынан бастап, Дания, Норвегия, Вена, Амстердам, Париж, Берлин, Кельн, Швеция, Мюнхен сынды 10 елде қазақ  қоғамдары құрылған. Сол қоғамдардың азды-көпті көмегімен, Қазақстандағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен Еуропаны мекен етіп жатқан қандастарымыздың кіші құрылтайын өткізіп отыру дәстүрге айналды. Бұған дейін бірнеше қалада бас қосқан Еуропа қазақтары өткен жылдың мамыр айында өздерінің кезекті жиынын Норвегияның Осло қаласында ұйымдастырды. Сол басқосуда көпшілік мені Еуропа қазақтары мәдени орталықтары үйлестіру кеңесінің төрағасы етіп сайлаған болатын. Жаңа қызметтегі басты міндетіміз – осы қоғамдарды Еуропа заңдарына сай Федерация төңірегіне біріктіріп, ресми түрде тіркеу болды. Жұмысқа бел шеше кіріскенімізбен, жаңа істің айналасында жауабын күткен біршама сұрақтардың болатындығы белгілі. Үлкен іске дайындық ретінде Мюнхенде кішігірім жиналыс өткіздік. Жиналыстың өту мерзімі жаз уақытына дөп келгендіктен біраз басшылардың бұл жиынға қатысуға мүмкіндігі болмады. Екінші рет 2008 соңғы айларында қоғамның төрағалары мен өкілдері жиналып, Швеция қазақ қоғамының ұйымдастыруымен Весторос қаласында бас қостық. Осы жиында федерацияның 13 баптан тұратын жарғысының жобасын талқыладық. Еуропа қазақтарының бүгінгі ең үлкен проблемасы – тіл мәселесі болып отыр. Уайымның көкесі тіл. Тіл жоғалған жерде діл де жоғалады. Сондықтан біз түзген Жарғының нысанасы да жастар және олардың ана тілі. Яғни атқарылуға тиіс жұмысымыздың дені Еуропа жастарының ана тілге, салт-дәстүрге, ұлттық әдет-ғұрыптарға қатысты қиыншылықтарын шешуге арналады. Федерацияны құрайтын он ұйымның басшылары төрт көзіміз түгел отырғанда осы жиналыста жастардың өздеріне сөз беруді жөн көрдік. Жас буын өкілдері өздерінің ана тіліне, ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге, идентификациялауға, тұрған жерлеріндегі интеграцияға қатысты мәселелердің бүгінгі күннің проблемасы болып отырғандығын айтып, мәселе етіп көтерді. Соны тыңдай келе біз жастар көкейде жүрген ойларын ортаға салсын, мәселелерді шешуге белсене қатыссын деген ниетпен Еуропа қазақ диаспорасы бірінші жастар конференциясын өткізуді ұйғардық. Негізінен біздің діттегеніміз – Еуропада тұратын бүкіл қазақ жастарын бір мезгілде бір жерге жинап, тұрған жерлеріне қатысты идентификация және интеграция төңірегінде көлемді конференция өткізу болатын. Бірақ оған екі мәселе қол байлау болды. Біріншіден: Мұндай үлкен конференцияны өткізуге материялдық жағынан шамамыз келмейтіндігін анықтадық. Екіншіден: Жастар өздері тұрып жатқан елдің тілімен сауат ашып, сол елдің тілімен сөйлейтін болғандықтан біркелкі конференция өткізу оңайға соқпайтын болды. Мысалы: французша, ағылшынша, немісше әр түрлі тілдерде сөйлеп тұрған жастарды бір жерге жинап конференция өткізгенмен, оның берер нәтижесі қонымсыз болар еді. Осының бәрін ескере келе біз тілдерді жіктеу керек деп шіштік. Немісше сөйлейтін жастар неміс тілінде, французша сөйлейтін жастарға сол тілде, Скандинавия елдеріндегі немесе ағалшынша сөйлейтін жастарға жеке-жеке тұрған елдеріне барып жылжымалы конференциялар ұйымдастыру керек деп ойладық. Соның беташары ретінде Еуропадағы қазақ жастарының бірінші конференциясы деп немісше сөйлейтін елдердегі жастарға арналған осы конференцияны өткізіп отырмыз. Бұған Австрия, Швецарияның неміс тілінде сөйлейтін аудандарынан және Германияның бас қаласы Берлин, Кельн, жергілікті Мюнхендік белсенді жастар шақырылды. Конференцияның тілі немісше, түрікше, ішінара қазақша болып өткізілуі негізге алынды. Тәжірибе тұрғысында ұйымдастырылған алғашқы бұл жиналысымыз міндетті түрде жалғасын табады. Біздің мақсатымыз да сол. Келесі кезекте ағылшын тілінде не болмаса скандиянавия елдерінде тұратын жастарды бір жерге жиып, сол елдердің тілімен конференция өткіземіз деген жоспарымыз бар. Сосын Франция және Голландиядағы жастардың тіліне ыңғайлап жалғастыра бермекпіз. Әрине, мұндай конференцияны өткізудің өзіне тән қиындықтары мен көлденең тұратын проблемалық жақтары жетіп артылады. Біздің қоғамның жарнасының көлемі өте аз ғана. Мұндай жиналыстарды жиі өткізу үшін бізге арнайы кіріп жатқан кіріс көзі немесе демеушілеріміз де жоқ. Десе де, конференция өткізу оңай шаруа емес деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Жиналыс өткіздік, енді сендер бірден қазақша сөйлеулерің керек,-деп жастарға міндет те қоя алмаймыз. Өзге елде тұрып, күнде есітіп сөйлесіп жүрмегендіктен, қазақ тілін білмегендігі үшін жастарды жазғыра алмаймыз ғой… Жас буынның бойына ділін, қазақы қасиеттер мен ерекшеліктерді сіңіруде біз біраз еңбектенуімізге тура келеді. Әрбір жиналыста біз жастарға ұлттық құндылықтарымызды біртіндеп болса да ұғындыра алсақ, олар қазақ тілін өздері-ақ алып кетеді. Оған менің сенімім мол. Себебі, олардың Қазақстанға деген, атмекенге деген ынтасы зор. Біздің жастарымыз ана тіліне шорқақ болғанымен олардың бойларында ұлттық рух күшті. Сондықтан да қоғамымыздың алдағы басты мақсаты жастарды атамекенмен етене таныстыру. Олардың   жан дүниесіне қазақ елі жайлы, оның тарихи құнды деректерімен таныстыра отырып саналарына терең түсінік қалыптастыру. Ол үшін, жастарымыз тым болмағанда бір рет Қазақстанға барып қайтуы керек. Менің ойымша сонда олардың саналарында сілкініс, атамекенге деген шынайы сезім пайда болар еді…

Абдұлқайым аға өзіңіз айтып отырсыз, «Семіз айтып, арық шықпай» көп сөзділіктен нақты іске көшетін уақыт жетті,-деп. Осы диаспора жастарын Қазақстанға бағыттауда қандай нақты іс-шаралардың жасалғандығы тиімді болмақ?

– Біздің жастарымызға атамекеннен рухани жәрдем болса. Бұл жақтағы жастарға қазақ тілін үйрету барасында маман кадрлардың дәл осы іске қатысы бар жауапты орындардың ақыл-кеңесі көбірек керек. Олар бізге әдістерін, жолдарын бір көрсетіп жіберсе, одан әрі оны жалғастырып алып кету мүмкіндіктеріміз бар. Жастарды өзіңіз де байқап, сөйлесіп көрдіңіз. Олар қазақша сөйлескісі келеді, бірақ қазақ тілін жете білмегендіктен бірдеңе айтуға жүрексінеді. Соларды аздап ынталандырып жіберсек. Оларды қолдасаң сөйлей түсуге құлшыныс танытып жатады. Ынталары зор. Жастарымыз ағылшын, неміс, түрік, француз тілдерінде өз ана тілдерінен артық сөйлейді. Қазақ тарихын, мәдениетін үйреткенде оларға сол үйренген тілдеріндегі әдебиеттер көбірек көмектеседі. Айталық, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» ағылшын тілінде де шығарылғандығын білеміз. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» неміс және француз тілдеріне аударылған. Сондай кітаптардың түрлі тілдерде аудрылған нұсқалары табылып, бізге қарай жөнелтілсе, біз оны тегін де сұрамас едік. Өз қаржымызбен сатып алып, соны білуге құлшынған жастарға насихаттар едік. Оның жастарға берері мол. Олардың қызығушылығы артады. Сол кітапты құмарта оқуының арты төл тілінде оқып-үйреніп білуіне жетелейді. Қазақша оқуға құлшыныс тудырады деп ойлаймын.

 

ТОЙ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

            Бес күнге ұласқан сапарымызда Мюнхеннің көрген жанды мұнтаздай тазалығымен таң-тамаша қалдыратын көрікті орындарын емін-еркін тамашалауға мүмкіндік мол болды. Мюнхендегі өткен бес күннің ерекшесі деп сапарымызға дөп келген жырақтағы ағайындарымыз дүбірмен өткізген сүндет той қуанышының куәсі болғанымды айтар едім. Алманияда отырған қандастарымыз ұлттық қазына байлықтарымыз саналатын қазақы салт-дәстүрлеріміздің қаймағын бұзбай сол қалпында сақтап келеді дер болсақ асыра айтқандық. Болмаса да ұқсап баққан, торқалы той, топырақты өлімде жүз-жүздеп бас қосатын бұл жақтағы қандастарымыз үшін Алманиялықтардың үш күнге ұласқан пасха мерейтойы да орайы келген сәттілік іспеттес.

Жергілікті неміс халқы пасха мейрамын тойлап, өз шаңырақтарында демалып жатқанда, қандастарымыз олардың баскетбол ойнайтын спорт алаңын той жасау үшін арнайы жалға алыпты. Бақыр қазанның қайнағаны, баршаның несібесі. Той десе шіркін, қу бас домалайды емес пе?!  12 сәуірдің кешінде Мюнхеннің орталығында орналасқан неміс спорт алаңына бір қауым ел Ердоған мен Айбикенің қуанышына ортақтасуға жиналды. Бұл шаңырақ иелері көздерінің қарашығындай болған ұлдары Бекежанның сүндет тойын дүбірлетіп өткізіп жатыр. Түскі асқа түстік жерден қонақ келеді демекші, кешегі өткен жиналыста біраз мәселені талқыға салған бір қауым ел бүгін той-тойлап бір серпіліп қалысты. Қазақстанға біраз сүбелі еңбектерімен есімі аян, Алманиядағы қандастар арасында берекелі беделі бар журналист Хасен Оралтай ағамызбен, бүгінде 76 жасты бағындырған үлкендерінің бірі, ойын-тойда бата жасап, өлім-жітімде ұлттық жоралғылардың үлгісін көрсетіп, жөнін айтатын Ахмет Арықбай атамен сұхбаттасудың да дәл осы тойда орайы келді. Қазақстанның қазіргі жас эстрада жұлдыздарының ән таспаларымен көмкерілген қызу тойда Анадолыда отырған түрік-мұсылман бауырларымыздың дәстүрінің көрінісі мен мұндалайды. Жаңа ғана мұсылман санатына қосылған той иесі Бекежанға Қазақстанда қара домалақтарға жасайтын сүндет тойлар тәрізді үсті-үстіне қоржын байлап, тай мінгізіп жатпаса да, келген қонақтар кәдімгі намаз оқитын жайнамазға еуроның ірі көк қағаздарын түйреуішпен түйреп тарту жасап жатты. Оюлы тақия мен оқалы бешпент емес, түріктің нағыз ханзадаға шақтап тіккен мақпал кеудешесін киген Бекежанды әуелі түріктің ерке ұлы деп қаларсыз. Үйеме табақ ет тартылып, үлкендердің берген ұзын-сонар батасынан кейін тойдың кескіні  қазақтікі екендігінен хабар бергендей болды. Жоқтан жақсы бұл дәстүрдің барлығы жас ұрпаққа аз да болса өнеге, үлгі болатындығы көңіл жұбатты. Сырамен даңқы дардай әлемге әйгілі Мюнхен жерінде өткен қазақ тойында да сыздақтатып сыралар құйылып, Қазақстандағыдай ащы су суша ағатын шығар деген ойда болғанымды жасырмаймын. Бақсам, аталарымыздан қалмаған бұл сусынның ерекше әспеттелетіндігі өз атмекенімізде екен. Нөпірша ағып жатқан сыраңыз Мюнхендегі қандастарымызға таңсық емес. Той қонақтары саумал қымыз бен шөл қандырмаса да қазақтың нағыз сусыны атанып кеткен сүтті шәй мен шырынды су той дастарханының сәнін келтіріп-ақ тұр. Өзгеден менің атым оза шапсын деген той бәсекелестігінің көрінісі де жоқ мұнда… Бәрі де қарапайым, мамыражай. Той иелеріне жүрекжарды лебізін білдірген қонақтар ортаның сәнін келтіріп, бәрі бірігіп буын биін билеуге көшті. Қазақтың салты көбірек сақталған көршілес Қытай елінде отырған қандастарымыз секілді, бұл жақтағы туыстарымыздың да тойы «Қаражорға» биінсіз өтпейді екен. Атажұрттан қандастарымыз келді деп бар жақсысын ұсынып, тәттісін ауызға тосқан ағайындарымыздың қазаққа тән дархандығын жоғалтпағандығына риза боласың… Домбыра ұсынып, атамекеннің бір әсем әуенін әуелетіп беруді сұраған қандастарымыздың өтінішін орындамасқа амал қалмады. Сол-ақ екен, қос ішекті үкілі домбыра қолдан-қолға көше жөнелді. Той қонақтары бірі қазақша ән айтып, енді екіншісі күй шертіп, неміс жеріндегі бөлме іші лезде қазақтың қара домбырасының қоңыр үніне ұласты. «Домбыраны көрсетпей-ақ жүр екенбіз ғой, туыстарымыз қазақтың үкілі домбырасын сағынып-ақ қалған екен. Қонақтарды енді қалай тоқтатар екенбіз?»- дейді той иелері әзілдеп. Еуропалық той жасау үлгісіне әлдеқашан көшіп кеткен Қазақстандағы кейбір тойлардан гөрі, нағыз қазақтың тойында отырғаныңды осында сезінеді-ақ екенсің…

Шетелдердегі қандастарымыздың арасында бірнеше тілді меңгерген, терең ойлайтын, өте білімді, зерек жастар жетерлік. Бір қынжылтатыны олардың ана тілін білмейтіндігі. Өзге тілдерде мүдірмей сайрайтын іскер жастардың арасында қазақ тілін аз да болса меңгергендердің бірі Өміртай Жаналтай:

–         Мен Мюнхен қаласында туылдым. Осы жерде көпұлтты мектепті бітіргеннен кейін 1997 жылы Америкаға жоғарғы оқу орнына оқуға бардым. «Чикаго» штатындағы университетте 4 жыл оқып тәмамдаған соң Сан-Франциско қаласында жұмыс істедім. Содан 2005 жылы ғана туған жерім Мюнхенге қайта оралдым. Ондағы мақсатым, өз ағайындарымның қазақтардың ішінде бірге болып, қазақ қызына үйленіп, әке-шешемнің қасында болуым керек,- деп шештім. Қазір осында «Fudjusi Siemens» компьютер фирмасында маркетинг қызметін істеймін. Бүгінгі жастар конференциясына өзім ерекше ынта-ықыласыммен қатыстым. Жастардың алға қарай батыл қадам басқандығы байқалады. Мұндай жиналыстар екі сағаттық қана емес, екі-үш күндік конференция болып жиі өтіп тұрса, осындағы жастар үшін өте жақсы болар еді. Бұл конференцияның орны ерекше дейтін себебім, біз бұл жолы ешқандай кісілерді араға салмастан, бұрынғы айтылып жүрген мәселені қайта сөз етіп отырмай, жаңа бейнелі жастардың арасында жаңаша тақырыпта көпір құрып, өзгеше байланыс орнатуды көздедік. Бұл жастардың беталысын зерттеу түрінде өткен жиналыс десе де болады. Қазақстандағы жастар, жалпы Еуропаның басқа елдерінде жасап жатқан жастармен ортақ тіл табысып, диалог құра аламыз ба,- деп күні бұрын алаңдағанымызды жасыра алмаймын. Жеке басым үшін бұл жиналыстың пайдасы өте көп болды. Сіздермен тілдесе келіп, біз Қазақстанға бір қадам болса да жақындағандай болып отырмыз. Бұрын-соңды мұндай қызу пікірталас диаспорадағы қазақ жастарының арасында болмаған. Бүгін біраз жастар өз ойларын ортаға салды, арқаны кеңге салып шешілді, ширады. Егер жастарды дәстүрлі түрде өтетін дөңгелек үстелдердегіше үлкен буын ағалармен араластырып отырғызғанымызда қысылып, өз ойларын бұғып ортаға салмас еді. Жалпы, меніңше жарқын әрі өте пайдалы жиналыс болды. Жиналыстың өзі эксперимент жүзінде өтсе де, біздер өзімізге біраз тәжірибе жинап алдық десек те болады.

–         Өміртай, өзің Қазақстанға барып көрдің бе?

–         Жоқ. 2005 жылы Қазақстанның бас қаласы – Астанада дүниежүзі қазақтарының құрылтайы болға да әкем маған: «Қазақстанға менімен бірге жүр, мен сені атмекендегі ағайындармен таныстырамын»,- деген болатын. Біріншіден мен ол кезде өзге елде, Сан-Францискода жұмыс істеп жүргенмін. Жұмыстан демалыстың сәті келмеді. Екіншіден, ол уақытта жастау болдық, сондықтан да атамекеннің қадірін мәнісіне жетіп түсіне алмадық…. Жасырмаймын, ол кезде мен бейтаныс Қазақстанға барғанша Еуропаның керемет елдерін неге көрмеймін?!-деп ақымақ ойлаушы едім. Есейдік. Ақыл тоқтаттық. Қазір мендегі ол көзқарас мүлдем өзгерген. Қанымыз қою. Менің жаным қазір тек қазақпын деп тұрады.

–         Жалпы, Қазақстанды қалай елестетесің? Қазақстан, дегенде бірінші көз алдыңа не келеді?

–         Қазақстан бізге Отан ана! Тарихи Отанымыз. Аталарымыз бен әжелеріміздің кіндік қаны тамып, қимастықпен қоштасып кеткен өлкесі. Біз сол өлкенің алыста жүрген ұландарымыз. Біздің ата-бабаларымыз Алтай ауып, Гималай асып, Пәкістан қонып туыстас ел Анадолы мекеніне жеткендігінің өзінде үлкен мән жатыр. Басқа елде, басқа жерде өз дәстүрінен, шыққан тегінен ажырап қалмасын деп болашағын уайымдаған ата-әжелеріміз туыстас Түрік халқының тілі мен ділі ұқсас. Мұсылман халық. Түрік тілін меңгерсе де қазақ тіліне бір қадам жақындағандығы. Осында тұрақтасақ болашақ өз ата-тегін тауып алады деп болашағымызды тереңінен ойлаған. Мысалы 1991 жылы Қазақстан өз егемендігін алғанда біздің ата-ана, туыстарымыз алып ұшып қуанғанда ештеңенің мәнін ұғып түсінбесек те, солармен қосыла қуандық. Негізгі тәрбие отбасында қалыптасады ғой… Менің әкем өзі журналист болғандықтан біз ес білгеннен бастап атамекенің Қазақстан, сен қазақсың, қазақша сөйле,-деп құлағымызға құйып отырды. Дегенмен біздің араласқан ортамыз Стамбұлда түріктер болғандықтан түрікше, Алманияда тұрғандығымыз үшін немісше, Америкада оқығандығым үшін ағылшынша аралас тілде сөйлеп қалыптастық. Қазақ тіліне ұқсас түрік тілін ұмытпай жақсы сөйлейтін болғандықтан сізбен қазақша сөйлесе алып отырмын. Менің әке-шешем жас кезімде құлағыма құйып отыратын Қазақстанды мен тегінде бір рет болса да аяғым тиіп көруім қажет. Атамекен, Отанымыз туралы білеміз. «Каспионет» телеарнасынан күнделікті қарап, жаңалықтарын біліп отырамыз. Шеттегі қандастарымызға Қазақстанның жаңалығын жетікізіп отыратын осындай арналардың қатары көбейсе екен. Сол телеарналардан көріп отырып қарасақ, Қазақстанның Нью-Йорк, Банкгог, Австрия сынды қалалардан айырмашылығы жоқ. Тек қазақ болғанымыз үшін бізді онда қан тартады. Егер Алманияда отырған бір жас балаға қолына жеткілікті қаржысын ұстатып, мына ақшаны ал да дүниені кезе бер, – десе ол бала кез-келген елге кете барады. Оның санасына Қазақстанға барып, атамекенмен жақынырақ танысайын деген ой болмайды. Бір кездері өзіміз де солай шетелдің басқа елдеріне ұмтылып тұратынбыз. Ол балалық. Дәл қазір осы қалаларға барып туыстарыңды ізде, деп әкем маған бес қаланың тізімін айтар болса, өз басым Қазақстанды таңдаған болар едім. Қазіргі жас буынның түсінігі бойынша экзотикалы қалалардың тізімін айтқанда Қазақстан олар үшін 8 не 9 орында болуы мүмкін.

–         Неге?

–         Өйткені туған елдің мәнісін түсінбейтін жас бала үшін Қазақстанға барғанша бір экзотикалы көрікті елге кеткені тиімді. Ол осындағы жастардың көзқарасы бойынша. Мен мұнда өзім туралы айтып отырған жоқпын. Оның үстіне мұндағы әрбір отбасында атамекен туралы насихат өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ десек болады. Яғни насихат, жарнама аз.

–         Ойыңды толығырақ  жеткізсең, сенің ойыңша мұндағы замандастарыңның Қазақстанға барсам, көрсем, түп-тұқиянымды білсем, тілін үйренсем деген ынтасы жоқ па?

–         Шетелде тұрып жатқан қазақ жастарының арасында мен қазақпын деп ынталанатын белсенділері бар. Бірақ, солардың ынтасын қанағаттандыратын азды-көпті қолдау болғаны да артық болмас еді. Қазір техниканың заманы. Қазақстанның әртүрлі сайттарын ашып қарауымызға да болады. Алайда, біз сол сайттарға еніп, түсініп, үйреніп білгіміз келгенімен, ештеңені де түсіне алмаймыз. Себебі, кириллицаны ұғу бізге қиын. Біз басқа тіл арқылы, яғни түрік тілін меңгергендіктен қазақшаны үйрендік. Бірақ ол дұрыс па, жоқ па ол да белгісіз. Америкада оқығанымда мен Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасы арқылы сонда білім алып жатқан жастарды тауып алдым. Олармен араласуға құштар болдым. Себебі, менің тегім қазақ қой. Бірақ олар сол елге барған қазақ балалары болғанымен, бір-бірімен ағылшынша және орыс тілінде қарым-қатынас жасайтын. Мен орысша білмеймін, ал Қазақстаннан келіп оқып жатқан студенттер көбінде орысша сөйлейді, сөйтіп біз бір-бірімізбен қазақ тілінде байланыс жасауда арамызда бір қорған бардай сезілетін. Осы келісінде Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Сыдықов Нұрлан бауырымыз бізге «Қазақстан сен үшін емес, сен елің үшін азамат ретінде не жасайсың?»,- дегенді айтты. Бұл сөздерді біз кітаптардан оқып алғанбыз. Ертеректе бір шешеннің Кеннедиге айтқан асыл сөздерінің бірі еді. Әрине, жігерлендіретін, намысты қажайтын жақсы-ақ сөздер. Біз Қазақстанға еңбек сіңіріп, қадам жасау үшін осы конференцияны өткіздік. Осындай жиналыстарды пайдалана отырып Қазақстаннан келген жастар бізге бағыт-бағдар көрсете білуі керек. Мынау сенің мәдениетің, мынау сенің азаматтығың деп барымызды бағалап, қолдап, кемшілігімізді бетімізге басып міней алуы керек.

–         Осы жиналысты пайдалана отырып, өзіңнің қандай ұсыныс-тілектеріңді айтқан болар едің?

–         Бұрындары өткен үлкен құрылтайларда болсын, кішігірім құрылтайларда біздің аға буын өкілдері сөйлеп келді, айтар ойларын ортаға салды. Ендігі кезек біздікі. Жастардікі. Енді біз ойымызды ашық ортаға салуымыз керек. Әке-шешелеріміз бізге қолқа салды. Қане, шетелдерден үйренгендеріңді, қазақтықтарыңды көрсетіңдер, Ата-қоныс, туған мекен туралы білгендеріңнің деңгейі қалай болды? – деп бізді сынға алған сәтте, біз осы басқосуға атсалысудан жұмысымыздың басын бастадық. Егер де Қазақстан тарапынан бізді тыңдайтындар, оқып, танысатындар болса, бізді ұмытпаңдар. Біз ана Отанымызды іздейміз, көруге ниетіміз бар. Қазақстанды тамашалауға бізді арнайы шақырып, ұшақ билеттерін көтеріңіздер деп те айтпаймыз. Біз өз қаражатымызбен келейік атамекенге. Бірақ турист болып келмейік. Турист болып немісше, ағылшынша, тағы басқа тілдерде сөйлеп өзіміз-ақ жол тауып барамыз. Турист болып барсақ біздің неміс немесе басқа ұлттардан айырмамыз болмайды. Менің арманым Қазақстаннан нағыз қазақты көргім келеді. Атқа отырып, қымыз ішіп, ауылдарға барып қазақ екенімізді сезінсек дейміз. Қымбат қонақүйлерге тоқтап, дүкендер аралау бізге мұрат емес. Бізді қызықтыратын киіз үй, жүйрік тұлпар, тағы басқа нағыз қазақ өмірі. Біз естідік Қызылорда, Шымкент, Түркістан қалаларында шұрайлы тілдің мәйегі сақталған жерлер деп. Соны барып көзімізбен көргіміз келеді. Қымыз ішіп, жайлаудағы киіз үйде түнесең, шіркін… Атамекеннің тозаңын жұтып, суын ішу біз үшін арман. Қазақ мәдениетіне кіріп енсек. Тағы да айтарым, жаңа ғимараттар, хауыздар, хайуанаттар бақшасы, фирмалар, су жаңа машиналар, түнгі клубтар бізге керек емес. Мұнда бізде оның он есе жақсылары бар. Бізге керегі киіз үй, тарихи музейлер. Бізге Қазақстан тарапынан әртүрлі қорлар, конгрестер, университет тарапынан, замандас жастардың бірігуімен арнайы бағдарламалар түзіліп, осындай мәдени жиындар ұйымдастырылса алғысымыз шексіз. Алыстағы диаспора жастарының атынан айтылатын келелі ұсынысымның бірі мынау: Алманияның Қазақстандағы үлкен өндіріс орындарында жұмыс жүргізіп жатқан ірілі-ұсақты компаниялары баршылық. Әрине, мұндай кәсіпорындар өздерімен бірге неміс мамандарын алып келеді. Міне, осы мамандардың ішінде алманиялық қазақ жастарының арасынан шыққан білімді, білгір мамандарды қосуға болар еді. Осында қолында екі-үш дипломы бар жастар баршылық. Олар екі ел арасында тындырымды іс бітіруге өрелі. Өндіріске байланысты алдын-ала келісім жасалғанда Қазақстан болашақта осы мәселені ескерсе екен. Не болмаса арнайы заңдар қабылданса құба-құп болар еді. Алманияда дүниеге келіп, осы елде өскен біздер ата-бабамыздың кір жуып, кіндік кескен ата жұртымызда екі елдің рухани құндылықтарын болмыс бітімімізге сіңіріп, еліміздің көркейе түсуі үшін бойдағы қабілет-дарынымызды, қажыр-қайратымызды зор ризашылықпен жұмсасақ дейміз.

… Сөз реті келгенде айта кетейін. Осы басқосудан кейін жұбайымыз екеуіміз уағдаластық. Біз қазақпыз. Бүгіннен кейін біз бір-бірімізбен шорқақ та болса қазақ тілінде сөйлесуге тиіспіз. Иншалла, дүниеге сәбиіміз де келер, оны да қазақшаға баулып, оған қазақша тәрбие беру үшін біз алдымен өзімізді дайындайық. Бітті, бүгіннен бастап қазақша сөйлесеміз деп серттестік. Қазақшаның қаймағын бұзбай балаларымызға үйретсек дейміз. Оған біздің мүмкіндігіміз бар. Алла амандық берсе, біз сөзімізде тұрамыз!

 

КӨБЕЙ ҚАЗАҚ, КӨБЕЙ!

Еуропада өткен жастардың алғашқы жиынының сәтті өтуіне барынша күш салып, жарғақ құлағы жастыққа тимей біраз іс тындырып жүрген азаматтырдың бірі Мюнхен қазақ мәдениет қоғамының басшысы Әбдірахман Үналан. Қазақстаннан барған біздерге шақырту жасатып, жиынға қатысатын жастардың тізімін тізіп, оларға жиналыс барысында бас-көз болуды мойнына алған Әбдірахман ағамыздың шаңырағында жиын өтетін күні періште нәресте дүние есігін ашты. Ерекше қуанышын жасыра алмаған Әбдірахман аға: «Мен үшін қос қуаныш болып жатыр! Шеттегі қандастардың алтын айдарлы ұлмен саны артты. Осындай сирек өтетін пайдалы басқосуға дөп келіп дүние есігін ашқан менің ұлым, болашақта қазақ тілінің нағыз жанашыры болады деп ырымдаймын»,- дейді. Әмірсұлтандай батырды тапқан алтынқұрсақты Тілекті перзентханадан отағасы Әбдірахман ағамен бірге біз де барып шығарып алыстық. Қазыналы қариясы бар үйде береке бар. Әмірсұлтан атты тәтті немересі мен келіні Тілекті Әбдірахман ағаның анасы шашу шашып қарсы алды. Бұл шаңырақта қазақтың ата-салттары мен ана-тілі өзге ағайындардыкімен салыстырғанда өте жақсы сақталған. Себебі, кішкентай Әмірсұлтанның атасы мен әжесі басқа елге бармаса да, Қазақстанға жиі ат басын бұрады екен. Әбдірахман мен Тілек Үналандардың естияр болып қалған ұлы Әлибұрхан мен бұрымды сұлулары Құсни өмірге жаңа ғана келген бауырлары Әмірсұлтанды мейірлене аймалаумен болды. Өздері сондай бауырмал. Бұл да нағыз қазаққа тән қасиет…

 

ТҮБІ БІРГЕ ТЕППЕЙДІ, ӨЗЕГІ БІРГЕ КЕТПЕЙДІ!

Ойда орыста, қырда Қытайда, Еуропаның төрінде, қазақ халқы әлемнің қырық неше мемлекетіне тағдыр тәлкегімен шашыраған болса да, олардың баршасының ортақ Отаны – Қазақстан болып қала береді. Көп естігеннен, бір көрген олжа. Ортақ шаңырақтың үшбу сәлемін жеткізіп, шартараптағы қандас жастардың өмірін өз көзімізбен көріп, көңілге тоқығанда, алыста болса да жүрегі атамекенім, қазағым деп соққан біраз ағайынның туған топыраққа деген жүрек тебіренісін шын сезіндік. Алыстағы ағайындар туралы көп айтуға болады. Бүгін өздеріңізге басқосу аясындағы көзбен көргенімді там-тұмдап болса да айтып жеткізуге тырыстым…

«Сәлем айт туған ауылға, ағайын-туыс, бауырға»,- деп қимастықпен әуежайға дейін шығарып салған ағайынның атамекенге деген жүрегінде көп сағыныш, көзінде мол үміт тұрды…

Жазира Амантайқызы,

АЛМАТЫ-МЮНХЕН-АЛМАТЫ




One Response to БОЛАШАҚ ЖАСҚА МОЛ СЕНІММЕН ҚАРАЙДЫ, ҚИЫР ҚОНЫП ШЕТ ЖАЙЛАҒАН АҒАЙЫН

  1. Botagoz says:

    salemetsiz be? magan sizderdin komekteriniz kerek bolip jatir. Men Germanyadagi kazaktar jayinda bir joba yagni makala jazgim keledi sol sebepti de magan Germanyadagi kazaktar uyimi nemese ortaligi jayinda e-mail nemese bir kisinin e- mail bar bolsa magan bere alasizdar ma? otinish magan komektesulerinizdi suranamin. men Essen kalasinda okimin. munda kelgenime 1 ay boldi. Kazaktardi tapkim keledi. sizderden tagatsizdana jauap kutemin. jauapti jogaridagi meken jaiga jazuinizdi suranamin. Aldin ala rahmet.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑