banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2012 | 935 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Болашақтың иесі жастар дейді Алманияның Кельн қаласындағы ағайын

 

Eлімізден қиырда күн өткеріп жатқан үлкен жүректі ағайынның үкілеген үміттері  бүгінгі жас, жаңа толқын. Аға буын үмітін үкілеген ондай жастардың да ойы орамды, қазақ туралы пікірі пайымды. Біз бұған Алманияның Кельн қаласында өткен жастар конференциясында тағы бір рет көз жеткіздік.

– Еуропада тұратын қазақ жастары қайда кетіп барады, болашағы қандай болады? – дегенді  үнемі ойлап, алаңдап, олардың тіл мәселесіне байланысты мұндай жиналысты дәстүрлі түрде өткізіп тұруға идея қосқан Еуропадағы 10 қазақ қоғамы басшыларының ерен еңбегі бар екендігін айтып өткен ләзім. Бірде Еуропа қазақ қоғамдары федерация басшысы Абдұлқайым Кесежи: «Біз қазір болашағымызға қазақ тілін қайткенде бойына сіңіреміз дегенді көп ойлап, кейде тіпті қазақ тілі туралы түс  көретін болдық» – деп айтқаны бар-тын. Не болса да нар тәуекемен жастар жиналысының алғашқы нұсқасын жасап көру керек. Оның әрі қарай өмір сүру барысы сәтті бола ма,

жоқ па, оны жастардың ынтасы мен уақыт көрсетеді. Бүгінгі жастар  не айтқысы келеді, оларды нендей ойлар мазалайды? Оның бәрі сол жиында белгілі болмақшы еді…

Алғаш рет 2009 жылы Алманияның Мюнхен қаласында сынақ түрінде  «Неміс тілінде сөйлейтін елдердегі қазақ диаспорасы жастарының идентификация және интеграция проблемалары» тақырыбында тұсауын кесті.Қастерлі жәдігердей бұл сүрлеу соқпақты Швецияның Весторос қаласында отырған жастар екінші ретпен іліп алып кетті. Скандинавия елдерінің аралда тұрғанына, құрлықтан жырақтығына қарамастан сол елдерді маңайлайтын аралас өзге тілдерді меңгерген қазақ жастары мұнда да келіп өзара пікір-талқыларын ортаға салды. 2011 жылдың желтоқсан айында Францияның Париж қаласын бағындырып, сол елде қазақша басқосу өткізген алыстағы қазақ жастары 2012 жылдың  желтоқсан айының 25-26 жұлдызында Алманияның Кельн қаласында төртінші рет кездесті.

Бұл жиынның форматы өзге елдерде өткен жастар конференцияларынан көш ілгері. Себебі, жыл өткен сайын алыстағы қазақ жастары тәжірибе алмасып, өткен жиында болған олқылықтарға орын бермей, өздерінше жаңаша пікірмен, жаңаша талқылаумен жұмыла кірісіп, конференцияны өткен конференциялардан өзгеше өткізуге күш салады. Мысалы, осы конференцияны үлкендердің араласуынсыз жастар өз күш –жігерлерімен ұйымдастырып шығыпты. Жігерлі жастарға үлкен айтса мін, кіші айтса сын болуы мүмкін. Ал замандас, деңгейлес, пікірлес жастардың бір-біріне айтқан пікірі де, сұранысы да, сыны да әрқашанда өтімді болмақ.

–       Берекелі істің басы жасы үлкен қарияның батасынан басталады  дегенді ескерген жастар, бұл басқосуда ата буын, орта буын мен жастарды қауыштырып, пікір алмасу алаңын сәтті ұйымдастырған. Оның үстіне биылғы жылы Алманияға барған алғашқы қазақ көшіне 50 жыл толып отыр. Ең алғаш осы елге қадам жасап барған ата буын қариялар көпшілік алдында eсті естеліктерімен бөлісті, жастардың қолынан  лайықты марапатқа ие болды. Алыстағы алдыңғы буын айтпақшы, тіл-көз бен қаңқу сөзден сақтағай Жаратқан! Қазір шетелде тұратын қазақ жастарының ұлттық санасы қарыштап өсіп келеді. Осы күні алыста  тұратын көп қазақ жігіттері көліктерінің артына Қазақстанның көк туын жапсырып алған. Әрдайым көліктерінде қазақ әні шырқалып, қазақтың күйі күмбірлеп тұрады.

Мұның барлығын еліміз тәуелсіздігінің арқасында қолымыз жеткен жетістік деп бағалайды олар. Өздері түрік азаматтығымен жүрсе де олардың қаны, түрі қазақ! Олардан өзгелер қай ұлтсыңдар?- деп сұраған болса, қасқиып тұрып Қазақпыз!- деп мақтана жауап берер еді. Бұндай конференциялардың аса қажеттелігі осы бір қайсар рухты сөзді қаймықпай айтар қазақ жүректі жастардың баршылығымен, баршылық емес-ау көптігінен де байқалады емес пе?! Ал, 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жастар конференциясы арқылы жастар 5 жылдық мерейтойда, яғни 2013 жылдың аяғында  Англияның Лондон қаласында басқосатын болады.

 

Жазира Амантай0ызы

2012 ж




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑