banner-top12

Айтарым бар

Уақыты 18 мая, 2014 | қосқан shalqar | 81 538 рет оқылды

0

Бос уақытты дұрыс өткізу

 

Бос  уақыт деп адамның  еңбек ету уақытынан  тыс уақытты айтамыз. Қазіргі  оқып немес  еңбек етіп жүрген  әрбір адамның күнделікті өмір тіршілігін үш мезгілге бөлуге болады. Олар — жұмыс уақыты, бос уақыт және тынығу (үйқы). Егерде бір тәуліктің ішіндегі 24 сағатты тең үшке бөлсек, әрбір уақытқа сегіз сағаттан келеді. Осындағы  бос  уақыт  деп  саналатын сегіз  сағаттың ішіндегі адамдардың тіршілік әрекетін былай сипаттауға болады. Қоғамдық-саяси әрекет, отбасы-тұрмыстық  қызмет; мәдени-білімін көтеру; денсаулығын нығайту; демалу т.б.

Бұл жерде ескертетін бір жәйт, бос уақытын пайдалану- кімнің қай жерде тұратынына (қала,  ауыл), қандай  қызмет істейтініне (ой еңбегі, дене еңбегі), жынысына (еркек, әйел), жасына (кәрі,  жас), неге  қызығатынына  (хобби) ұлттық салт-дәстүріне, құндылық мақсатына, дүние-танымына, денсаулығына, рухани мәдениетіне, материалдық жағдайына, бос уақытының мөлшеріне байланысты болмақ. Мысалы, қалада тұратын жұмысшы  мен ауылда тұратын малшының бос уақыттары  әртүрлі және олардың өмір салты да соған байланысты қалыптасады.  Қалай дегенмен де бос уақытты дұрыс пайдалану әркімнің санасына, жігеріне, ниетіне байланысты, Егерде адамда осы үш  қасиет дұрыс дамыған болса, ол кездескен кедергілердің  бәрін жеңіп, салауатты  өмір  сүруіне әр уақытта шамасы келеді.

Біз адам өмірінде бір тәулік ішіндегі қоғамдық жұмыс пен табиғи демалудан басқа сегіз сағат уақытты бос уақыт деп атағанмен, осы уақыттың ішінде атқаруға тиіс  міндеттер де көп екені белгілі. Яғни, адам еңбек етіп, дем алып, көңіл көтеріуі керек. Кімде-кім осы үш керекті дұрыс ұйымдастыра білсе, ол адам толық қанды өмір сүре алады. Олай болса, бос уақытты жұмыстан  кейін үйге келіп, диванда жатып газет оқу, немесе теледидар қарау  деп  түсінбеу  керек. Бір  адамдар істейтін шаруасына  бос уақытын жеткізе алмай жүрсе, енді  біреулер бос уақытын қалай өткізерін білмей, арақ ішіп,  наша тартып,  карта ойнаумен, немесе  бос сандалып жүрумен өткізеді. Сондықтан бос уақытты  дұрыс  пайдалана білудің әлеуметтік, мәдени, этикалық маңызы өте зор.

Адамға өмір бір-ақ рет беріледі және ол онша ұзақта емес, сондықтан адам ғұмырының қалай тез өткенін байқамай да қалады. Сағаттың  әрбір сыртылы  уақыттың  тоқтаусыз  өтіп   жатқанын білдіреді және уақытты тоқтатып қою немесе кері  қайтару мүмкін емес. Олай болса әрбір саналы адам өзінің өмірінде алдына үлкен мақсат қойып, соған жету  үшін  әрбір минутты тиімді пайдалануға ұмтылу  оның адамгершілік парызы. Ол үшін тарихтан  қоғамның  даму  Заңын  және сол қоғамда өмір  сүрген  адамдардың өмір салтын  жете  зерттеп,  оның  ішінен   пайдалысын  өз қажетіне жаратып, зиянды әдетті қайткенде болдырмау жағын ойлауы керек. Адам  өмірінде әр кез  жақсы  әдет пен  жаман әдет қатар жүреді және жаман әдетке қарағанда жақсы әдетке қол жеткізу  әлдеқайда қиын. Бұл өзі өмір мен өлімнің, күн мен түннің, жаз бен қыстың алма-кезек ауысып отыратын  табиғат  заңы сияқты. Сол себепті Құдай адамды жаратқанда ол бос уақытын босқа  өткізбесін деп, оған  әдейі қиындықтарды  қоса жаратқанға  және оны  жеңу  үшін адамға ақыл, жігер,  ниет бергенге  үқсайды.  Зиянды әдеттермен адамдар  көбіне бос уақытын  дұрыс  пайдалана  білмегендіктен айналысады, сондықтан оларға  үгіт-насихат  айтумен  шектеліп қоймай, бос уақытты қалай пайдалы істерге жұмсауға болатынын іс жүзінде  көрсету  қажет. Ол үшін  қалаларда, елді  мекендерде әртүрлі қызметпен  айналысатын  —  клубтар,  үйірмелер, спорттық секциялар ұйымдастырып, адамдарды оған көптеп қатыстыру керек.

Бос  уақытты   дұрыс  пайдалана  білудің  басты   мақсаты, біріншіден, жеке  адамның  жан-жақты  дамып  жетілуі  болса, екіншіден, еңбек ететін адамның дұрыс тынығып, күш-қуат жинап, келесі жұмыс күнінде өнімді еңбек етіп, қоғамымыздың  рухани және материалдық байлығын жасауда, өзінің қомақты үлесін қосу. Егерде мемлекетіміздің  экономикасы  дамып, халық тұтынатын тауарлар  көптеп  шығарылса,  адамдардың  тұрмысы жақсарып, әлеуметтік жағдайы түзеліп, мәдениеті көркейе түспек. Ендеше бос уақытты  дұрыс пайдалану  тек  жеке адамның тән-жан рахатын қанағаттандырумен шектеліп қоймай, бүкіл қоғамның прогрессивті дамуына өзінің оң әсерін тигізеді екен. Сол себепті біздің міндетіміз алдағы уақытта халқымыздың рухани өмір салтын терең зерттеп, оның алдыңғы  қатарлы өнерін  күнделікті тұрмысымызға кеңінен пайдаланып және қазіргі өзінің үлттық өнерінен қол үзіп  қалған жастарымыздың санасына, жүрегіне, көңіліне оның қадір-қасиетін ұялата білсек, қазақ  ұлты қайта түлеп, оның діні, тілі, салт-дәстүрі жанданып, өзінің заңды орнына келетініне күмән жоқ.

Әрине бос уақытты дұрыс өткізе білу, ол көбінесе адамның тұрған жеріне,  істейтін  қызметіне  және басқа да жағдайларға байланысты. Мысалы, үлкен қалаларда  қалай демаламын,  немен айналысам десе де  жағдай бар.  Ал ауылдық  жерлерде тұратын және  мал  шаруашылығымен айналысатын   адамдарда  ондай мүмкіншілік  жоқ. Сол себепті ауыл адамдарына тиімдісі, бұрынғы қазақтардың табиғи  қалыптасқан өмір  салтын зерттеп,  соның ішінен қазіргі өмірімізге  қолдануға   болатын  рухани мәдениетін, тұрмыстық  әдет-ғүрпын, ұлттық  мейрамдары   мен ұлттық   ойындарын  қайта  жаңғыртып,  сол арқылы  қазақтың салауатты өмір  салтын  құруға тиіспіз.

Кеңес үкіметі кезінде қазақтың бұрынғы ұлттық  ойындары мен мейрамдарына түрлі жалған сылтаулармен тыйым салу арқылы оны ұмыттыруға  тырысты. Жаңа «Кеңестік өмір  салтын» орнату үшін мәдениет сарайлары, клубтар, үйірмелер, спорт алаңдары, туристік базалар  құрылды. Бірақта   олардың бәрі бірдей  барлық  жерде жұмыс істеген жоқ және оның негізгі мақсаты қайткен күнде де адамдардың   санасын,   өмірге көзқарасын, дүниетанымын интернационаландыру, дұрысырақ айтқанда орыстандыру болатын. Онымен қазақ жастарын ұлттық рухта тәрбиелеу мүмкін емес еді. Соның кесірінен  қазіргі  қазақ  жастарының  көбі  ұлттық рухани мәдениеттен  қол үзіп,  кейбірі  ана тілін де  ұмытып,   толық ассимиляцияға ұшырады.  Бір  өкініштісі осы  үрдіс еліміз саяси тәуелсіздігін алғанына он тоғыз жылдан асса да, әлі жалғасын табуда.

Ендігі  мақсат Қазақстанда қазақтың ұлттық  рухындағы қоғам кұрып, жастарды қазақи рухта тәрбиелеу үшін  бүкіл Республика көлемінде «Салауатты  өмір  салты»  қоғамық қозғалысын   құрып,  оның  бағдарламасын  жасап, сол  қоғамның  аясында  түрлі  клубтар, үйірмелер,  бөлімдер  ұйымдастырып, жастарды ұлттық  өнерге, ұлттықойындарға үйретіп, оны әрі қарай дамыту үшін күнделікті өмірімізге  кеңінен енгізу. Сонымен  қатарсалауатты өмірді насихаттау үшін  «Өміртану» деген журнал шығарып, салауатты өмірді қоғамдық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жарнамалауға тиіспіз.

Әрине қазіргі қазақтардың өмір салтының бұрынғы көшпенді малшаруашылығымен айналысқан қазақтардын өмір салтынан  айырмашылығыөте көп. Себебі қазіргі қазақтардың тең жартысына жуығы  қалалық  жерлерде  тұрады  және өндіріс  орындарында,  мекемелерде, фирмаларда жұмыс істейді. Яғни, олардың күнделікті тұрмыс тіршілігі, өмір салты, сол өздерімен бірге өмір  сүретін басқа  ұлт өкілдерінің өмір салтына ұқсас. Сондықтан осы жағдайға байланысты қазақ халқы өзінің ұлттық, рухани мәдениетінің негізін  сақтай  отырып,  болашақта қала  өміріне  жақын, заман талабына сай, жаңа салауатты өмір салтын орнатуға тиіс.  Осындай  әділеттіқоғамда_өмір  сүрген әрбір  адам өзінің  бос  уақытын  дұрыс өткізіп, өзіне де қоғамға да пайда әкелуге тырысады.

Ермек Мұқанғалиев




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑