banner-top12

сапарнама no image

Қосқан уақыты Мамыр 20, 2013 | 675 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

    Бұл да бір ғанибет

                               

                                            ( сапарнама )

 

     Өткен жылы тамыздың 19 – ы. Асқаралы Алатаудың майда қоңыр самалы есіп тұр. Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазанның аяқталған күні. Ару Алматының мұсылман тұрғындары мешіттердегі таңғы айт намаздарына лек-легімен  ағылуда.  Біз уәдеміз бойынша Саяхат базарының алдында бас қосқан соң, жер жаннаты Жетісудың кіндігі – Талдықорғанға тартпақпыз.

Намаздан кейін,  мүйізі қарағайдай ақиық ақын ағамыз Жәркен Бөдеш ұлымен арқа-жарқа қауыштым. Қаракөк косюм киіп, қызылкүрең жейдесіне сырт киім түстес галстугін жарастыра таққан ағаның сәл жұқарыңқырағаны болмаса, рухы көтеріңкі. Самал аймалап қопсытқан сұйқылдау шаштарын тарап қояды. Қараторы өңі әнтек қуқыл тартқан. Мейірім ұялаған жанарынан шаршаңқылықтың нышаны байқалады. Аман-сәлеммен бірге басталған күйбеңге назарым ауды. Папка толы  “Егемен Қазақстан”, “Қазақ Әдебиеті”, “Ана тілі”, “Түркістан”, “Жас Алаш”, “Жұлдыз”, “Таң Шолпан” … Бәрекелді! Бірінен соң бірін беріп жатыр. Көз жүгіртіп үлгере алар емеспін. Бәрінде ақынның жан тебірентер жылы жырлары жайлы қара қылды қақ жаратын сыншылар, білікті қаламгерлер жазған оң көзқарастар мен шоқтықты ғылыми зерттеулер беріліпті. Ғажап тақырыптар. “Ақын мен атажұрт”, “Жүрегінен жыр сауған…”, “Ақынның азуы”… Онан қала берді ақыннан дамылсыз саулаған бір-бір беттік шырын жырлар. Қазақ поэзиясы үшін өзін мүлде ұмытқан жанкештілікке қайран қалдым! Арқалы орындық тауып отырғанымыз қандай жақсы болған!? Әдебиет әлеміне сүңгіп кеткенімізді Жасан соққан телефон шырылынан барып сезіндік.

“Жас-Ай” медицина орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Жасан Зекей ұлының тапсырмасы орындалды. Ол – Қазақстан  “Алаш” сыйлығының иегері, ақын Жәркен Бөдеш ұлын сапарға ертіп бару. Бұл міндетті мен үстіме алғам.

– Ақын ағамыз да келді ме?

– Келгенде қандай.

– Өте тамаша, ол кісінің бірге баруы – мәртебе. Қазіреттің де төбесі көкке жетеді. Тоса тұрыңдар, таяп қалдық.

Екпіндетіп келіп тоқтаған салауатты көліктен түскен Жасан  алдымен  ағасымен құшақтасты. Жайраң қаққан орта бойлы, қызыл шырайлы азаматымыздың қырандай қырағы жанары жайнап тұр. Жол-жөнекей кие салған маңдайы мелжемді ақ шәпке мен ақ майкісі, ақшыл шалбары жарасым тапқандай. Мен байқамаған екенмін, Жәркен аға Жасан киген майкінің жүрек тұсына басылған ұлы Абай атамыздың суретіне қадала қалды. Оның мәнжайын түсіндіре кетті:

– Жақында сенатор, Абайтанушы ғалым, академик ағамыз Ғарифолла Есім Кереку қаласында Абай ескеркішін ашуға ерекше құлшынғанын білесіз. Сол шараға келініңіз Гүлия екеуіміз арнаулы шақырылғамыз. Журнал редакторының орынбасары, ақын ініміз Қазірет Бейілқанды ертіп бардым. Өзі жазған, сіз түзеп, желісін құрған жыр шашуын беташарда домбырамен асқақтата шырқап берді. Оның толықсыған толғауына көрермендердің айызы қанып, көңілдері бір көтерілді. Айдарынан жел ескен ағамыз бізге дән риза болды. “Аққулы мекен” төріне шығарып, төредей күтіп құрмет көрсетті. Арқамызға шапан жауып, қымбатты естеліктер ұсынды. Соның бір дәлелі ғой мына ақ кеудеше.

Заулап барамыз. “Қайқая шапқан қарагеріміз” – Жасанның үкілеген жүйрігі. Қарқынынан танар емес, сан көлікті шаң қаптырдық. Американың  “LEXUS” маркалы дәу қарагері тым адуынды көрінді. Тізгінде салмақты отырған Ерсін Зекей ұлының балуан денесі дәуқараға құп жарасқан. Сапалы көліктің салмағына тізгіннің шебер меңгерілуі сәйкескенде, су шайқалар сілкініс байқалмайды екен. Сілкінбеудің тағы бір негізгі себебіне, әйгілі ақын мен танымал академиктің ұлы руханиятымыз бен адам өмірі жөнінде ұстайтын аса қомақты салмағын қоса беріңіз!

– Алланың ата-бабаларымызға жазғаны түптің түбінде ұрпақтарынан да көрінетін сияқты, – дедім бір беймәлім сәуегей сәулеге таңданғандай.

– Сондағы ежігіңнің астарын білейік, інім? – деп маған бұрыла қарады ақын аға.

– Оқымағанымен дінге берік, ақындығы да бар, шешен де шежіре Берікбай деген нағашы атам болған. Жарықтық 96 жасқа келіп дүние салды. Сол марқұм Жасан Зекей ұлының нағашыларында, нақтырақ айтқанда, Уақтың Мәмеке руында алты алашқа әйгілі “Құмаш қоңыр” деген жүйрік ат болғанын аузынан тастамайтын. Бұл оқиға өткен ғасырдың 45-57 жылдары болған. Атамның айтуына қарағанда, қоңыр ат сүліктей сұлу емес, керісінше сиықсыздау екен.  Мойны мен тұрқы ұзын, бойы биік арбиған. Үй маңынан көп ұзап жайылмайтын көрінеді. Ол арғы беттегі бүкіл Тарбағатай аймағы көлемінде алдына ат салмай қара үзіп отырған. Әрқандай бәйгеден бір-екі шақырым алда келетін. Аттың озып бара жатқандағы қайталанбас көріністеріне көлденең жағынан көз салған жұрт әр көсілгенде он метр жерге  тұяқ тастайтынына куә болған. Бірде жиырылып, бірде жазылып бара жатқан жыланға ұқсап кететін. Бір жолы ауылдың жылқысына жау шабады. Қанша қайырса да жылқыға ілеспей қалған қоңыр атты атып кетпек болып ұмтылғанда, “жаман ат екен, оқ шығындама” деп қасындағысы атқызбай кетеді. Екі күннен соң намысын қайраған бір батыр қоңыр атпен қуып жетіп,  жылқыларын қайта қайырып алады. Сонда жаулар қоңыр атты атып кетпегеніне өкініпті. Қоңыр ат кәртейгенде үйірге ілеспей жата береді. Көкпар тартқандар ауылдан шауып өткенде, сүйегінде бар жануар дүрмекке ілесіп шаба жөнеледі екен. Мұны айтуымдағы себеп, Жасан тақымынан жүйрік үзілмеген қаракөктің тұқымы. Бұл да сол үрдістің жалғасы болар. Әрине, ғылыми атағын қазақ еліне жая бастаған ініміз текедей таңдап жүйрік мінбесе сөгіс те шығар?! Қоңыр ат аңызға айналды. Қытай қазақтарынан шыққан дәулескер домбырашы, әйгілі композитор Ғизат Сейтқазин марқұм қоңыр атқа арнап “Желаяқ” күйін шығарса, ақын, қисагер Жәләли марқұм көлемді дастан жариялаған.

– Рас-ау, тауып айттыңыз. Мына тұлпарым кешегі “Желаяқтың” жалғасы екен, – деді Жасан желпіне түсіп.

Әңгіме дүкені қыза түскенде, көкпеңбек айдын-шалқар Қапшағай көліне де жетіп келдік. Жол жағасында кәсіптің ғажап түріне құныққан әлем-жәлем безенген казинолар бірінен соң бірі қаздиып тұр. Мүмкін, күндіз сымбатты да байсалды қалпынан жазбағанымен, түн баласы алуан түсті шырақтары самаладай жарқырап, жалтылдап, жұмбақ сырларын паш етіп жатар?! Оны  зерделейтін қақымыз да жоқ, десе де  дініміз бен салтымызға томпақтау ғажап әлем ғой деген өкінішті ой кештік.

– Хабарға қарағанда, қазірге дейін қауіпсіздікке көңіл бөлмей осы көлге тұншығып өлгендер саны 30 адамға жетіпті, – деді кем сөзді Ерсін үрейлі үнмен.

Шалқып жатқан көк айдын дамылсыз жүйткіген біздің көңілімізді өзіндей толқытып, тебірентуде. Шығыс жағымыздағы көлді ендей өткен болат көпір көз сүріндіреді. Осынау жаннат мекендеріне риясыз әуендерін қосып, еркін самғап жүрген құстар шоғырына да сүйіндік. Көл быдырмақ тауларға тіреле оңтүстікке көсілген. Моторлы қайық мінген саяхатшылар су бетінің ақ бұрқағынан ақ құйрық жасап өрлі-қырлы осқылап жүр. Жағажайлар зәулім қонақ үйлер мен сәнді саяжайлар сүреттей көмкерілген. Тұтас көл алқабының таптырмас демалыс орнына, тың тірлік тынысына айналғаны бізге де қанат бітіргендей болды. Қапшағай қалашығының өнеркәсібі кеңестік кезеңде дүркірегені рас та шығар. Егемендік алғаннан кейінгі алғашқы тоқырау дәуірінде күсеп жұтағанымен, қазір қайта түлеп, қарыштапты. Осындағы заводтардың бірінен шыққан фарфор ыдыс-аяқтармен дәм татқан меймандарымыз оның көркемдігі мен сапасын талай мақтасқан.

Жол мұраты – жету. Сілкініске ұшырамағандығымыз себепті жол қадірін толық бағамдамадық. Айтарға болмаса тозыңқырап кетіпті. Арқарлыны артқа тастап,  Желдіқарамен желпініп барамыз. Жан-жағына көз қыдыртып ойда отырған ақын аға бір нәрсе есіне түскендей:

– “Батамен ел, жаңбырмен жер көгерер” деуші еді. Қайран табиғат! Сары тап болып қурап-ақ кеткен екен. Жалмауыз тілсіз өрт түк таппағандай Алатау баурайына да ауыз сала бастапты. Алланың бір тамшы жаңбырына  зар болдық. Қуаңшылық егінші мен малшыны желкелеп кетеді-ау! – деп кейіді.

– Уайымдамаңыз, елімізде өткен жылғыдан қалған астық бар екен. Сондықтан биыл да шет елдерге астық сататын көрінеміз, – дей келе –қараңызшы, жер асылдығын. Туған жеріміз Толының түкті кілемдей түңкелі даласынан аумай қалған, – деді Жасан да масаттанғандай іліп әкетіп.

Желдей есіп жер жаннатына да жеттік. Берері мол алтын табақ іспетті көкорайлы ойдым өлкеге құлдай беріп естен тана таңырқамайтын пенде жоқ-ау сірәда! Қай бірін айтамыз?! Көркіне көз байланды. Қаншалаған ақын, жазушыларымыз асқан ыждағаттықпен суреттемеді дейсіз осынау құт дарыған мекенді?! Айналасы жасыл таулармен әдіптелген, ағынды өзендермен өрілген, ырысы тасыған, даңқы әлемге тараған Талдықорған қаласын қақ жардық. Расында ауасы – жұпар, орманы – жасыл шапан, сулары – зәмзәм, топырағы – торқа, тастары – алтын, жолдары – айна, қаласы – пейіш екен.

Алып шаһар Алматыда уақытпен тай-таласқан күйкі тірлік, тынысты тарылтатын ыс-түтек, әсіресе мұрша бермес қарбаластық тым басым. Бұл жайт жұмыстағылардың жүйкесін жұқартады десек те артық айтқандық болмас. Мүмкін, олар үшін бір сәтке дем алып, өмірге араласып, халықпен сырласып, арқа-жарқа қайту – таптырмас рухани азық болар еді. Солардың бірі, мемлекеттік сыйлыққа жолданса да, оған бола жанталасып, өрлі-қырлы шапқылап қанжілік болып, есік-тесіктерден сығалап үміттенбейтін қарапайым, аршыл адам. Қайта, оразада аузын тас бекітіп, аз ұйықтап, өндіре қөп жазып, қажығанын, жүдегенін сезбей, бар жігерімен поэзияға терең бойлаған ақын – Жәркен Бөдеш ұлы. Енді бірі, алпысқа тарта адамды жұмыспен қамтып, Шығыс-Тибет медицина жүйесін Қазақстанға тұңғыш енгізіп, өзгеше бір әлем қалыптастырған дарын иесі. Ақыл-парасатын науқас жандарға бағыштап, 60 мыңнан астам ңауқасты емдеп жазған білгір маман. 60 жуық кем-кетік, жетім-жесір, кедей-кепшік, ардагерді тегін емдеген, қыруар мұқтаж орындар мен жекелерге жомарттықпен ақшалай жылу атаған  академик – Жасан Зекей ұлы.

Той-тойлау да жаңағы уәждің бір парасы. Той – Қазірет Бейілхан мен оның  ағасы Жеңісқанның уәделесіп қойғандай бір уақта үйленуі. Сонымен Қарабұлақ ауданындағы “Санжар” деген кафеге ат басын бірақ тіредік. Той дүркірей бастады. Таңдайы тақылдаған Бекболат тамада төкпе де шешендігімен жұртты баураса, актерлік ерекшелігімен дүркін-дүркін күлкіге көмді. Бай дәстүрімізден сусындаған қос келін иіліп көп сәлем жасап, жарқын жүздерін зарықтырып барып әзер көрсетті. Ақ тілек, ақ баталар іңкәр жүректерге қарша борады. Құдалар мың жылдықтың айнымас, адал төстерін шегініп сүзіскен қошқарларша түйістірді…

Дүйім тойшы қауым алдына қасқая шығып, сөз кезегін тұңғыш алушылар Алматылық төрт қонақ болдық. Адамның жайсаңын құрметінен білдіретін қазақ бұл жағынан ешкімге дес берген емес. Академик Жасан Зекей ұлы кәсіп қарбаластығына қарамастан, денсаулық жайлы айтарын журнал арқылы халыққа жеткізуді ерте ойлаған. Арманын орындап, “Жас-Ай” атты медициналық журнал шығарып, республика көлеміне тарата бастағалы да 3 жылға таяды. Ол Қазіретті өзіне орынбасар етіп алғалы бері журналды деңгелек айналдырып әкеткендігіне разы еді. Сондықтан да оның ерекшеліктерін шола сөйлеп, желеп-жебей беретіндігін, ағасы екеуіне баянды бақыт, мықты денсаулық тілейтіндігін шын жүрегінен білдірді. Арыстандай азулы ақын Жәркен Бөдеш ұлы да жел тимес жүйріктей көсіліп, толғаныс иірімінен ірі ойларын ағытып, ағынан ақтарыла ақ тілегін маржан тілмен жеткізді. Ал өзім шашу өлеңімді оқыдым:

 

Сәлем саған Текелі, Қарабұлақ,

Қойныңнан аңсаған жұрт табар тұрақ.

Көшіп кеп балдай батты саған елім,

Санамды салмақтатар талай сұрақ.

 

Таңқурай, бүлдірген мен сарана өскен,

Жер екен Талдықорған самалы ескен.

Осынау құт мекенде Жеңісқан мен

Қазірет той жасаса шыға ма естен?!

 

Жастарға сеңгір шыңдар теңегенім,

Бақыт, байлық, денсаулық тілегенім.

Алла оңғарып арманға жеткізер-ау,

Орынды елім, әспеттеп, жебегенің.

Халық биі “Қара жорғаға” ер-әйел мен кәрі-жастан тігерге тұяқ қалмай аттанды. Арғы беттің жұқалтаң аққұба жас келіншегі Жәркен ағаға келіп иіліп сәлемдесті:

–         Атағыңыз алты алашқа мәлім. Үрімжіден келген мұғаліммін. Туған жер

туралы сарғая аңсаған сағынышыңызды ағыл-тегіл жырларыңыздан баршамыз білеміз, ағасы. Жастар сізді жатқа оқиды. Қанеки, марқабат “Қаражорғаға”!

Жасанды да жайнаған жас құдаша биге татты. Ала барған “Жас-Ай” журналын жұртқа жеткенінше үлестірдік. Оның да дүмпуі жаман болмады. Журнал мен “Шығыс-Тибет шипагері Жасан Зекей ұлы” деген кітапты сұраушылар көбейіп кетті. Кейбіреулер Жасаннан қандай науқастарды жаза алатындығын жабыса сұрап, науқас адамдардың бар екендігін айтып, телофон нөмірлерін жазып алып жатты. Халық ортасына құдды “Жас-Ай” орталығы көшіп барғандай әсер етті…

Күн ұясына арқан бойы қалғанда Арқарлыға келдік. Қуаң тартқанымен май топырақты, шалғынды өңір әлі өң бетін бере қоймапты. Ақын мен академик табиғатқа ерек тәнті болды. Ақын дәл осы жердің бетегесі мен тау-тасын өзінің “Туған жерім – Жәйір тау, екі өркеші айыр тауына” балап марқайса; Ал, академик бойына біткен өнерге, ақындыққа жақын сері сезімдерін шалқытып, туған жері Толының Жаматысына, Ұтысына теңеп рахаттанып, күннің соңғы шапағына малынған мың бояулы сұлу көріністерді ұялы телефонына қайта-қайта қондыра берді. Олардың жүрек жарды тебіреністерін аялағаным соншама, өзім де балаша күй кештім. Жан-жағы қара божбан батыр таулармен қоршалған Арқарлының тыныс тіршілігі елітуде. Жолаушыларға барлық жағдайлар кәсіпкерлер тарапынан толық жасалған. Қонақ жай, кафе, дүкендер, жекелер сатып тұрған қымыз, айран, сүт, шұбат, құрт, майлар көз жауын алады. Сатушылардың бәрі жайраң қағады. Бір кафенің алдына жайған үстелге жайғастық та, жан-жағымызды тамашаладық. Ерсін әкелген ыстық жаубүйрек (шашлық) пен сусындықтардан дәм тата отырып әңгімеге шомдық. Арқарлының әлекедей жаланған аршын төс аруларының қайғы-мұңсыз келбеттерінен егемен еліміздің бақытты еркелерін көгендей болдық. “Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді” деген философиялық тұжырымның айдай шындығын кезек пайымдастық.

Түн құшағына ене Алматыға да таядық. Арқасын Алатауға берген алып шаһар самаладай самсаған жұлдыздар әлеміне ұқсайды. Қызығы мен шыжығы жағаласа жүретін бұл өмірдің күнгейі мен теріскейін тең көрудің өзі құбылыс пен мәннің қосындысы тәрізді. Алматы осының барлығын бастан кешкен кемеңгер, шежірелі, ардақты қала. Бүгін тау басына қонақтар бұлты да көрінбейді. Сұп-суық болып түнергенімен жаумайтын бұлтының керегі не? Қайта,  ақ жаңбырын иіп беруден аямайтын жомарт бұлтына мұқтажбыз.

Қала қойнына қарай сынапша сырғи бердік…

 

 

Болат Құрманғажыұлы,

публицист-жазушы.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑