banner-top12

Әдебиет Горизонт

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 2  748 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

1

 «ДИУАНИ ХИКМЕТ» ТҮРКІ ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРҒА ОРТАҚ ҚАЗЫНА ЖӘНЕ ОЛ ТҮРКІ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАР ӘЛЕМІНДЕ

 

Қожа Ахмет Иассауи бір кезде дүниені дір сілкіндірген Әмір Темірді тізе бүктіріп даналығымен, ілімімен иландырып кесенесін көтертсе бұл тектен тек құбылыс болмаса керек.

Бұл турасында біз 15-ғасырда жазылған Шерефеддин Иездидің Зефернамасына жүгінеміз. Ендеше, сол замандағы өнер, ғылым қылыштың астында қалмай жер бетінде, халық көкірегінде сақталып қалған, одан бері қаншама ғасырлар ағып өтті. Кожа Ахмет Иассауи күмбезі, “Дивани хикметі” мәңгілікке сақталып қалды. Бұрын құпия сыры неде екенін әлі тексеріп, зерттеп ашып болғанымыз жоқ. Уақыт, замана, ғасырлар озған сайын биіктей береді, айтыла береді, жазыла береді.

Түркі софылығының көш басында тұрған Қожа Ахмет Иассауи күллі дүниеге тек атақты Әмір Темір ғана күмбезін көтергесін белгілі болды ма. Жаһанды жаулаған Темірдің тізесін бүктіргені сөздің, ілімнің құдіреті еді, түркі әлеміне кең таралып, жатталып кеткен даналық хикметтері еді. Түркі әдеби жәдігерлерінің төлбасыларының бірі саналатын «Диуани Хикмет» бізге әлі айсберг секілді, түгел танылып көрінген жоқ, біз бір үлкен мұхиттың жағалауында жүргендей әсердеміз. Ол бастаған сопылық әлемнің әлі ашылмаған есіктері көп деп білеміз. Мұндай жұмбақ баспалдақтар мен есіктер «Диуани Хикметтің» арғы бергі тұсында дүниеге келген Жүсіп Баласағүнның «Құтадғу білігінде», Ахмет Югнакидің «Ақиқат сырында», Кейхауыстың «Кабуснамасында», Сейф Сарайдың Гүлстаны», Кұтбтың «Хұсрау-Шырында», Хорезмидің «Мұхаббатнамасында» бар болса керек. Түркі; тілдес халықтардың рухани мәдени тірлігінен терең оры ойып алған «Хикметтердің» кереметтері неде екенін әлі толық ұғынып болғанымыз жоқ.

Ұлы бабамыздың қай заманда туып, қай жылы ғұмыр кешкені, ұстаздары, шәкірттері, ортасы, ілімі, хикметтері, түркі мәдениетінің тарихынан алатын орны белгіленіп айтылды, жазылды. Диуани Хикметті” қыпшақ-оғыз тілінде жазды деген пікір де қалыптасып қалды. Бұл турасында орыс, европа, шығыс ғалымдарының пікірлері, түйіндері бір-бірінен алыс кетпейді. Түркологтар А.К. Боровков, Әмір Нәжіп, түрік Фуад Көпрұлу, неміс Т. Мендель тұжырымдары соған саяды.

Шығыс мұсылмандарының ішінде көзінің тірісінде-ақ өзінің ғажайып кереметтерімен аңызға айналып кеткен Түркістандық әулиенің әфсаналары әлі талай замандарды, ғасырларды, мемлекеттерді аралап кететініне кәміл сенім бар. Ахметтің ұстазы отыз үш діннің негізін білген Арыстан Баб болса бала шәкірттің болашағын байқау қиын емес. Алысқа баратын шәкірт екенін аңғарасыз. Ортағасырлық түркі халықтарының жазба ескерткіштерінің негізін қалаған Махмуд Қашқаридің “Диуан лұғат ат-түркімен”, “Диуани Хикмет” жәдігерлері ең алғашқы шәкірттік қадамнан басталған еді.

Қадап айтқанда “Диуани Хикмет” синкреттік шығарма санатына кіреді. Өйткені, мұнда сол кезеңдегі әр ғылымның мән-мағынасы қамтыла кеткен. Медицина, философия, өнер, психология, этика, фантастика бар. Бұл әдіс Батыс, Шығыста бұрыннан бар болатын, мысалы әл-Фараби, ибн Сина, Омар Хаям, Горации, Буаль Шекспир өлеңмен жазылған шығармаларға көп нәрсе сыйдырып отырған. Сопылықтың санаткер жолын ұстанған, сөз құдіретіне айрықша мән берген, ортаазиялық Яссауи мектебін ашқан данышпан бабамыздың көрегендігіне біздің заманымыздың да көзі жетіп отыр.

Хикметтердің қат-қабат сырлары әлі түгел түгенделіп ашылып болған жоқ. Себебі, әр ғасыр, әр заман әрқалай оқып бағасын береді. Мәселе Диуани Хикметтің көпқырлы соқпағында көпқабатты қыртыстырында жатса керек. Ортағасырлық түркі ілімінің, сопылық сарындарының жолдары Диуани Хикметке келіп тірелуі, тектен тек емес. Яссауи тағылымынан қалған қанатты іздер күні бүгінге дейін түркітілдес ағайындарды рухтандырып келеді. Отырықшы көшпенді халықтардың арасында тараған сопылық дүниетаным Сыр бойын мекендеген халықтарға хикметтері арқылы қорытын берген Яссауи данышпан еді.

“Диуани Хикметтесі” философиялық және этикалық проблемалар әлі барынша мазмұнды, жан-жақты зерттелместен келеді. Автордың ғұмырбаяны бірқатар еңбектерде тәптіштеп жазылып аяқталып қалды десе де болады, кейінгілері бірін-бірі қайталап та барады. Керісінше Хикмет авторының діни философиялык, әлеуметтік, этикалық көзқарастары, негізгі аспектілері, поэтикасы әлі ақиқаттың бейнесін бедерлі сөз жүйесімен сомдады. Хақиқат —жүректе, рухта, саодатта ” дейді.

“Диуани хикметті” түсініп оқып маржандарын тере білетін оқушыға Науаиды түсінуге таза жол ашылады. Жалаладдин Руми, Ахмед Югнаки, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағүн жәдігерлері қайткен күнде пенде баласының көкірегін жолдан, дүниеден тазартып, жанын, жүрегін жетілдіріп, махаббатқа, шафағат иірімдеріне шомылдырған. Дәреже, дәулеттің алдамшы сәулесінен сақтандырып, залымдардан алыс жүр, ғалымдарға жақын жүр дейді. Патшалардан, уәзірлерден әділет қашқанда, дәруіштердің дұғасынан инабат кеткенде ажал сұмдық замандар болатынын ескертеді.

Кісіге қиянат жасамау, әлсізге зорлық көрсетпеу, кедейлерге қол ұшын беру, міскіндерге мейірім шуағын шашу, біліктілікке ұмтылу Яссауи хикметтерінің кредосы, темірқазығы десе де болар еді. Қарапайым сөзге көп мағына сыйдырып, сазды сарынымен тыңдаушыны бірден баурап алған хикметтердің әр жолы бір-бір хикаяларға айналып кете барған. Өзі шешен, өзі алғыр, өзі ойшыл кемеңгер өз тұсындағы араб, парсы, түркі ілкиін, әдебін әдемі меңгеріп, шығармасына сыналатын енгізіп отырған.

Бержағы құдай қолына құлап берілгенімен ар жағында адамзатқа арналған ақылнама сарайы сайрап жатқан. Яссауи өз саласында теоретик қана емес, күшті практик адам болған. Сөзі мен ісі бір арнада тоғысып, таңғажайып кереметтер көрсеткен. Құл Қожа Ахметтің әрбір сөзі дертке дәрмен болса әр сөзі қартаюды білмейді, жер астына түссе шірімейді дейді. Данышпанның шын мәнінде айтқаны келді, оның отты, ойлы сөздерден жасаған Гүлстаны дүниеге аян кітап болып қалды. Аузынан шыкқаны қолжазбаға айналып халыққа тез тарап кетті. Қанымен, жанымен жазған жүрек жырларын жақсылық, хақ жолына арнады. Құдай жолына үйып отырып, пенде парасатын ойлады.

Хикметтерде жасырыну, жалтару жоқ, ан-алхақтың тұрғысынан баяндалады. Сүріну, жығылу, тұру, шыңға әрмелеу бар, жоқты бар қыламын, өнер білім әділетті зор етемін дейді. Көңілі сынық жандарға жақын жүріп, менменшіл халайықтан қаштым дейді. Діннің ғазиздігі рахымшылықта, қызмет еткен мұратына жетеді дейді.

Қарасөздің құдіретті ұсталарының бірі Түркістан маңындағы Жүйнек  қыстағынан  шыққан Ахмед  Югнакипоэзиясы Яссауи шығармашылығымен ажарлы үндеседі. Араб,парсыны жас шағынан меңгерген Югнакидің”Хибат-ул-Хақайқ” кітабы аса бір айтулы құнды қазына екені шындық, зиялы, зерделі еңбек. Адамшылық, ақыл парасат, білім, ғылым, игі әрекеттер дәріптеледі. Ақыл кітабының әсері байқалып тұрады, “Акиқат сыйы” соның сырлы жалғасы сияқты көрінеді. Дидактикалық мақамда жазылғанымен бүгін айтылғандай, естілгендей есте шегеленіп қалады. Бес жүз жолдан аспайтын хадистерде беделді бес кітаптың салмағы жүр.

Дүниеқұмарлық, сақтық, әдептілік, білім, тіл туралы Ахмед Югнаки өзінше өрнектер тастайды. “Ескерткіш орнаттым бір қолдан келмес” деген Горации, Пушкин сөзін Шығыста бұрынырақ айтып кетсе керек. Xғасырда Фирдоуси қалай деп еді:

 

Мен өлмейтін мәңгі өмір сүремін,

Өлмейтүғын сөздің салдым түренін — деді.

Яссауы хикметтері секілді Ахмед Югнаки де сөздерінің сан ғасырды аралап кетерін біледі, білген айтады: Атым Ахмед, ғылым сөзім, кетсем де өзім, қалады сөзім… Соның үшін шығардым түрікше кітап. Автор барлық мақсат мұратын осы кітабында баяе еткен. Югнаки дастанының түпнұсқасы бізге жетпей қалса да көшірме нұсқасы келген.

Салмақты, салалы әдеби мұраға Е. Бертельс, С. Малов назар аударыпты. Санаткер мұраның адам жанының жеті түрін қамтымаққа ұмтылуының өзі “Хикметтермен ” қайшы келмей қатарласып, қанаттасып кетеді.

Ахир заман ғалымлары залым болды,

Хош умид еткушилар ғалым болды.

Хақни айтқан дариушларға ғаным болды,

Ғажеб шумлиқ заманалар болды, достлар дейді Яссауи. /28-1207/

Білім жайлы Югнаки мықты айтқан:

Білікті ердің өзі өлсе де аты өлмейді,

Біліксіз екенсің атың да өледі.

Білікті біреуге — біліксіздің мыңы,

Тең келе алады біліктіге білімі тең

Білікпен әлем жоғары көтеріледі,

Біліксіз ер төмен шөгеді,

Білікті кісі білер ол істің көзін,

Біліп істер жұмысты, өкінбес кейін.

 

Ақыл мен нақылға толы Югнаки жазбасы Яссауи заманының рухани деңгейін түрік өркениетінің тынысын көрсетеді. Дәл бүгінгі 21- ғасырдың табалдырығынан аттағалы тұрғанда Яссауи Югнаки нақылиятын алтын тақтаға жазып қойса алға басуымызға себепкер күш болар еді. Яссауи бүкіл адам баласына ортақ программаны ұсынған ғой:

 

Шықсам таудың басына шілтен болсам болғай ма ?!

Наушаруан ғаділдей сұлтан болсам болмай ма ?!

Ақ бұлттар аударып, сансыз жаңбыр жаудырып,

Жасыл ағаш өндіріп, бостан қылсам болғай ма.

Бұлттарға ұштасып, сұңқар лашын құс болып,

Сансыз жануар ұқсанып, саят қылсам болғай ма.

Сонда осылай шалқып сөйлеп отырған. Яссауи атамыздың европа фантастарынан қай қиялы қай арманы кем түседі дерсіз Томас Мор, Компанелла, Жюль Верн, Артрук Клориктер де Қожа Ахмед Яссауи сынды қарапайым пенделер емес пе. Сопылық оқуды уағыз-насихатты өлеңмен түсіндірушінің бірі Яссауы ойшыл еді. Суфизмнің түркілік әдебиеттегі шежіресін жасап берген еді. Суфизмнің өзі синкреттік құбылыс еді, исламның ішінен шыққан фәлсафалық дүниетаным еді. Шығыс Ренессансы дәуірінде суфизмнің қозғалысы ислам шеңберін кеңейтіп, кемел жанның келбетін қалыптастырды, яғни адамның рухани кемелденуіне көз жеткізу Яссауи, Югнаш прозасының міндетінде жатыр еді.

11-ғасырда Каспий теңізі Гилан ру тайпасынан тегі ақсүйек Кейхауыс деген кісі 63 жасында баласы Гиланшахқа кітап арнайды. Өз әкесі төкпе ақын, араб пен парсыға жетік бойы, айналасына әдебиетшілерді, ғалымдардытоптастырған. Пайғамбар, Яссауи жасына келгенде ұлына мынандай сөздер арнайды: Ей, перзентім, мен қартайдым, тәнімді күн сайын қуатсыздық жайлап келеді, өлім уақыты да жақындап қалды. Тірлікте мәңгі өлмейтіндердің бірі кітап, оны құртып жіберетін құдірет жоқ. Мен өзімнің төрімнен көрім жақын екенін сезіп, өлім жарлығы қолыма тимей  тұрғанда білген ақыл-кеңесімді кітапқа жазғымкелді… Кырықтөрт тарауға топтадым да, өз ой пікірімді баяндадым. Менің анамның анасы, сенің нағашы әжең “Марзбаннама” дейтін кітапты жазған патшазада Алмарзбаннан туған Рүстем ұлы Шарбанны қызы еді. Ойлан перзентім, сен асыл тегіңнің қадірін біл. Ей, перзентім! Менің ақіретке кету сапарым жақын екенінен хабардар бол! Сен де менің соңымнан тез жететініңді түсін. Бұл дүние, мысалы, бір зияратхана, не ексең соны орасың және қандай сөз сөйлесең, сөзіңе лайықты жауапты да естисің, — дейді де, әкесі әрі қарай әңгіме мысалдарын баяндауға көшіп кетеді. Әрбір ақыл-өсиетін мысал хикаямен бекітіп отырады. Бұл кітапта дене тәрбиесі, өнер-білім, әділетті ел басқару шешендік сайыс, қастық, достық, нәпсіні тыюдың шарапаты, махаббат, жыныс қатынасы, ұйқы, монша, саятшылық жайлары қамтылады. Сөйтіп әкесі ұлын жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа жетелейді.

Яссауи баба 15 хикметінде: “Жер астына қашып кірдім надандардан, қолым жайып дұға тілейін жомарттардан. Ғаріп жаным жүз тасаттық даналардан, Дана таппай жер астына кірдім міне:

 

Өткен істер жанымды езді қаным қайнап,

Қасиетті жерде қасиетті жүр көңілі жайнап

Аят, хадис қанша айтсам құлаққа

Көкірегім қам-қайғыға толды міне “.

/Ақыл кітабы. Алматы — 1993 46-47 б. 15 хикмет 795, 811/

Енді Кейхауыстың ұлына айтқанына құлақ салып көріңізші: “Ей, перзентім! Бидайды көрсетіп арпа сатпағын. Әр істе әділетті бол. Қайғылы адамға қуанышыңды айтпа. Үмітсіздіктен сақтан, жақсылықтан үмітіңді үзбе, үміт есігін аша біл. Біреудің істеген ісін зая кетірме, еңбегіне қарай ақысын төле. Үмітсіздік пен күмәншылық кеселіне ұшырап, у ішу асқан надандық. Бірі – өнеріңе сай іс істеумен, екіншісі — білмеген өнерді үйренумен “.

Бірі поэзиялық екіншісі прозалық жәдігер, екеуі екі ғасырдың жемісі, Яссауи олай дейді, Кейқауыс былай дейді. Екеуінің де обьектісі адам, бірі өзінің басынан өткен азабын, өкінішін айтады, екіншісі ұлын көп нәрселерден сақтандыра отырып, пайдалы кеңесін айтады. бейнелері мен сарындарын шебер пайдалана білді, оның шығармашылығы бір жағынан халықтың ауыз өдебиетімен тығыз байланысты еді. Мистик сопы болғанымен халық даналығынан үлгі алған еді. Яссауи сияқты бұл да кезбе дәруіш еді. Өмірі аңызға айналған адам еді, өлеңдері де әфсанаға айналып кеткен еді. Ол құдайды, табиғатты, адамды жырлады. Шын құдайды танытатын құры махаббат, ғашықтық, құдаймен құйылысу бірігіп кету сөйтіп хақиқатқа жету дейді Әміре. Шариат, тарикат ізденушіні ақиқатқа апаратын жол болса, қақиқат, марифат —сол жолдың тереңдеген түрі дейді ақын. Яссауи да осы жолды іздеп шарқ ұрды ғой. “Шын ғашық дүние азабын мойнына алмас, Менің де бұл дүниеден безгім келер ” демеп пе еді.

 

64 хикметінде Яссауи айтып еді ғой:

Махаббатни бостаноға бұлбұл киби,

Сахарларда нале айлат қонғум келур.

Ощул уақтида илаһимни жамалини

Мавна кузи бирла виян кургум келур.

Махаббат бақшасының бұлбұлы боп,

Таң сәріде зар илеумен қонғым келер

Сол уақытта жаратқанның дидарын кеп

Көңіл көзімен анықтап көргім келер.

 

/Диуани Хикмет — Ақыл кітабы Алматы — 1993. 112 б, 226 б. Жинақты баспаға әзірлеп, қазақшаға аударғандар: М. Жармұхамедұлы, С. Дәуітұлы, М. Шафиғи/

Ең негізгі, жақсы, қайырымды қасиеттер адамның жүрегінде сақталады. Жүрек Кағбадан жоғары, Құдай, хақ адамның өзінде дейді ақын. Тыңдаңызшы:

 

Хақиқатты іздедім, жер, көкті араладым

Еш мекенде таппадым, білдім адам ішінде

 

Жүніс өзің Хақсың, ол сенің жүзіңнен көрді

Айырылатын күш жоқ, өйткені хақ өзінде.

Сол заманның сопылары, ойшылдары адамды, дінді қараға, аққа бөлмеген, бірдей қараған. Яссауы мен Жүніс Әміре пікірі бұл турасында да бір жерден тоғысады. Ешкімнің дінін біз жалған демейміз.

/В.Б. Куделин Поэзия Юнуса Эмре.М.1980.

45-46 б, 36- б/

Мұндай мерейлі сөзді нағыз адам сүйгіш, гуманист жүрек қана тербетіп шығарар еді. Аллаға, Адамға деген сүйіспеншілік ажарландырып тұрған ақиқат сөздер осылай тізілсе керек. Алла мен Адамның арасындағы кеңістікті толтырып, жалғастыру, кемел күйге бөлеуді сопылар міндетіне алғандай шарқ ұрады. Хақ жолына түсіп із кешкен жанның жарасы, машақаты мол екенін Яссауи былай деп береді.

 

Субхан изим бандашға латиф айласа,

Иги наруб, таши Куюб, бир иан болур

Пир ечагин тутиб ғашық иолиға кирса,

Хақни излат еки кузи кириан болур

 

Субхан ием пендесіне шапағат берсе,

Іші жанып, сырты күйген бір жан болар

Пір етегінен ұстап ғашық жолына кірсе,

Хақты іздеумен екі көзі төрт болар

/Диуани Хикмет. А., 1993, 99-6. 214-6/

Табиғатқа сіңіп кеткен құдайды жырлай отырып Жүніс табиғатты жырлайды, жер үстіндегі өткінші тірлікті айтамын деп, және оның байлықтарын паш етеді. Бір адамның кеудесінде барша жүректер және құдай орналасқан дейді. Факир мен факихты қарама-қарсы қояды, яғни махаббат елшісі мен күнаға батқан күнаһарды беттестіреді Егер білім адам жанына сіңіп, одан құдайға барса ғана мақсатына жетпек. Сөздің жанға баратын жолын тазартады. Көп азап шегіп өз кемеліне келіп толысқан жан ғана құдаймен беттеседі: Нағыз ашық үш жүз теңізден, жеті азаптан, жеті есіктен өтуге тиіс екенін философ ақын қадағалап айтады. Жан деген дененің құсы ол да бір күні ұмыт кетеді дейді Әміре:

Біз дүниеден кетеміз қалатындарға сәлем,

Біз үшін қайыр десін келетіндерге сәлем!

Мінеки Яссауи мен Жүніс Әміре кредосы осы, олар уақытты, ұрпақ арасын осылай берік фәлсафамен жалғап тастайды, үзілмесін, үміт сөнбесін дейді.

Ақыл, әділет, рахым бір жерде, тағысса сол адамды кәміл инсанға теңеген Абай еді. “Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті” деуінде сыр жатыр. Абай софылық деген сөзді Бірінші сөзінде-ақ айтып өтеді. Яссауи Софы Аллар, Сүлеймен Бақырғаниды Абай Семейде Ахмет Риза медресесінде жүргенде білген, оқыған. Шағатай тіліндегі әдебиетте Абай қамтитын біраз нәрсе бар тұғын. “Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде, не қылған софылық” дейді. Абай “Брінші сөзде”. Абай 19- ғасырдың перзенті. Яғни Яссауидан тоғыз ғасыр беріде тұр. Яссауи мистик, таңда, ойшыл, оның заманы басқа еді.

Түрік дүниясы жұлдыздарының ішінде Абайдың орны, қызметі, шығармашылығы басқашалау еді. Исламға мүлдем мойын ұсынып, тақуалық жолды қуып кетпеген еді, бірақ Алланың бір, пайғамбардың хақтығына күмән келтірмеді. Жер асты қылуетіне түсіп кетпесе де, жер үстінен тартқан азабы аз болған жоқ. Негізгі

Төрт қағида, ереже Әділ, Дәулет, Акыл, Қанағат “Кутадғу білікке”, “Диуани Хикметке”, “Ақиқат сыйына “, “Кабуснамаға”, Абай қарасөздеріне, өлеңдеріне тән қағидалар екені хақ. Көшпенді халықтар алғашында Аллаға ғашық болған жоқ, бірақ сенім артты, сене білді.

19- ғасырдың екінші жартысында ғұмыр кешкен қазақтың үздік ойшыл ақыны. Абайдың негізін қалап қалыптастырған көне түркі ауыз һәм жазба мәдениеті еді, орыс, европа әдебиеті кейін келіп қосылды. Абай Шығыс классиктерінің алдында суфизмнің белді өкілдерімен Аттар, Румилер арқылы Фирдоусиге, Сағдиге, Хафизге, Физулы, Науаиге келді. Дегенмен Абайды суфизмнің соңына салып қоюға болмайды. Абай суфизмнің заңдарын оқып танығанымен, білгенімен жалаң қағида куып кетпейді, ол суфизмнің философы бола алған жоқ, бұндай сатыға жеткен Яссауи еді. Абайдың сопылығында бізге, Еуропаға жақын гуманизм басым.

Дененің барша куаты

Өнерге салар бар күшін

Жүректің ақыл қуаты,

Махаббат қылар тәңірі үшін.

“Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ” деп Абай Алла жаратқан пенденің мінсіз емес екенін мойындайды. Ендеше Яссауи де, Абай да мінсіз мұсылманды армандайды. Ал, Аристотель заманынан бері тіпті одан да әрі адам баласы мінмен күнәмен алысып  келеді. Адасады, түзеледі, азаптанады, қайшылықтар кешеді. Яссауи айтады:

Уә, дариға, армаи бирла ғумрим кечпги,

Нафсам мени тығиян қылды, хаддин

Жаным кушы паруаз қылса рухым качти,

Ғафил иурган думрин иелча сатар, достлар

“Диуани Хикмет ” А. 1993.  76 б, 1571 хикмет

 

Уа, дариға, арманменен өмірім өтті,

Нәпсім мені алжастырды, шектен асты

Жан құсы шарықтады, рухым қашты.

Надандардың өмірі желге ұшар, достар.

/Диуани Хикмет А., 1993. 192 б. 1571 хикмет/.

 

Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,

Өткіздік бірнәрсеге болмай жетік.

Ойшылдың менде санды бірімін деп,

Талап, ойсыз макщанды қалдым күтіп.

…Құдай берген бұл достық күннің бірі,

Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.

Қолдан достық жасап болар-болмас,

Итмұрындай наданның жыртты бірі –

деп, Абай күрсінеді, күңіренеді, ұлы гуманист ойшылдардың үндесуі, ұйысуы, сыр шертісуі осы емес пе, Алланы, Адамзатты, хақ жолын сүй, сонда толық пенделікке жетесіп, Алла ақылмен танылып, жүрекпен қабылданатын шындық, шүбәсіз есім дейді Абай “Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес” деуінде дариядай мән бар. Хаққа баратын жол адамның жүрегі арқылы өтеді, мәселе жүректе, рухта, бірлікте дейді даналар. Алла тағаланы айтып отырып, адам құдіретін жырлайды.

“Диуани Хикмет” әсері Абайдың алдында және кейін өмір сүрген жыраулардың, ақындардың шығармаларында болғаны зая пікір емес. Қисса жазған қазақтың кітабы ақындарында Яссауи есімінің жүруінде заңдылық бар. Шортанбай, Дулат, Әубәкір өлеңдеріне қайта оралып қараған кісі біраз жайды аңғарған болар еді. “Шортанбай Дулат пенен Бұхаржырау” деп басталатын Абай сөзін қайта қарайтын мезгіл жетті. Өлең сөздің кемеңгері болған Абайдың бұлай айтпауы да мүмкін-ау. Яссауиге Абайдан бұрын Шортанбай жақын келген ғой.

Он бірімде рахмет құсы қолға түсті,

“Алла ” дедім, шайтан маңнан жырақ қаштық.

Қабықауыс тұрмай көшті,

Он екімде бұл сырларды көрдім анық.

Он үшімде нәпсінің құлы болдым,

Нәпсі бойға жүз мың бас қармақ салды

Тәкаппарды жерге ұрып басып өттім,

Он төртімде сипат болдым анық,

Он бесімде қолыма фарсы келді.

Бас ұрып, қол қусырып тағзым қылдым,

 

Фирдивс Сулиг Жаһайлайдин махшар қылды Дибар үшін баршасын қойдым анық… /X. Сүйінішәлиев.   13-18-   ғасырлардағы қазақ әдебиеті.А., “Мектеп”, 1989, 114-6./

Халықтар арсындағы тарихи, мәдени байланыстардың бұлақ бастауы тым әріден басталады, уақытқа, ғасырларға орай байланыстардың түрлері мен дәстүрлері өзгеріске түсіп отырады. Әсіресе, түркі тілдес халықтардың араб-парсы тілді әлеммен әдеби қарым-қатынасы ешқашан тоқтаған жоқ. Ортаазиялық түркі халыктарына ортақ ескерткіш жәдігерлер әр халықтың бойына, ойына сіңіп жаңарып, жаңғырып жалғасып келеді. “Қорқыт Ата кітабы”, “Оғызнама”, “Мұхаббатнама”, “Кабуснама”, “Диуани Лұғат ат-түрік”, “Кұтадғу білік”, “Диуани Хикмет” және басқа да көне түркі жазба ескерткіштері қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне де қатысы бар екендігіне ешкім талас тудырмайды.

Түркі топырағынан шыққан Әл-Бируни, Хорезми, Қ. Жалаири, Абу Али ибн Сина, Низами, Фараби бабаларымыз өздерінің өлмес, өшпес шығармаларын араб-парсы тілдерінде жазып, дүниеге аттарын қалдырды. Орта Азия мен Қазақстан жерінде тұратын түркі елдері де бұл алыптардың шығармаларын төл туындыларымыз деп санайды. 10-11-ғасырлардан бастап түркі тілінің Түркі жазбаларының маңызы арта бастайды. Түркінің мәдени өрісі араб-парсы әлемімен жалғасып, сол дәуірдің көркем шығармаларын тудырады.

Жалпы жазба мәдениетіміздің ілгері дамуына ежелгі түркі ескерткіштерінің ықпалы, әсері болғандығын жоққа шығармаған абзал. Солардың ішінен Ахмет Яссауидің “Диуани Хикметін” ерекше атаған жөн. Орта Азия мен Қазақстан жеріне исламмен бірге сопылық ілім жайылды, дәруіштер діны мистикалық насихат жүргізді. Суфизм исламның ішіндегі мистикалық-аскеттік ағым. Арғы төркіні таза, пәк болу дегеннен шығады. Суфизм 7-9-ғасырлар аралығында қалыптаса бастаған. Хадис айтушылар, жиһанкез ертегішілер, Құранды оқып таратушылар сопылар қатарын қалыңдатып көбейте түскен.

Жер үстіндегі азапқа көніп, барлығына сабыр тұтқан сопылар пенденің бар ниет, ықыласы құдай жағында болу керек десті: 9- ғасырдан бастап суфизмнің теориясы мен практикасы жасала бастады. Сопылықтың өзі екіге бөлінді, қанағат пен тұтынан ұстанатын сопылық және тым шектен асып кеткені де болуы. Ең асқарына шыққандарын әулие, құтб деп атай бастады. Суфизм ілімі /илм ат-тасаввуф/ келді, бастаушылары негізгі трактаттарын жазды. Сопылықты дүниеге таратушы жиһанкез дәруіштер қызмет жасады, исламды халыққа жақындатты. Халықтық ислам қалыптасты.

Жеке региондар сопылық жолды, ілімді өз дәстүріне, ыңғайына қарай қабылдады. Кей жерлерде жергілікті діндерден араласты. Атақты сопы ғұламалары аль-Газали, ас-Сухраварди ал-Мактул, Ибн Араби және т.б. доктриналарын дүниеге әкелді, олар сопылық идеологияны жоғары таным дәрежесіне көтерді, сопылық фәлсафаның өріс қуаты 12-14- ғасырларға келіп жетті. Бұлар басты концепцыяны ал-инсан ал-камилді /толыққанды адам/ жасады.

Сопылық сарындар: символика, образдар, әуендер бертін келе парсы тілді поэзияға ауысты. Руми, Санаи, Сағди, Әмір Хұсрау Дехлеви, Хафиз, Жәми, Ансари, Низами, өлең, ғазал, дастандарында сопылық саздар бар еді. Кейін ортаазиялық түркі тілдес халықтардың фолъклоры мен әдебиетінен қоныс тепті. Міне, Қожа Ахмет Яссауи осы тұста шыққан ұлы тұлғалардың бірі еді.

 

Өтеген Күмісбаев, Ф.ғ.д. профессор.


МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ЖӘНЕ АРАБ ПОЭЗИЯСЫ

 

Қай жыл екені есімде қалмапты. Бір күні М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына бара қалғанымда марқұм әдебиетші Батырхан Дәрімбетов қолыма шағын үш дана қағазды ұстатты. «Мынау Мағжан Жұмабаевтың араб поэзиясынан алған аудармалары екен, сен шығыстанушы едің ғой назарыңды салшы» – деді. Арада жылдар өтті. Сол бір үш түйір қағаз біресе кітаптарымның, біресе қолжазбаларымның арасында қыстырылып жүре берді. Бір жылы жоғалтып та алдым. Енді табылмайды-ау деп жүргенімде, Мағжанның аруағынан ұят болды ғой, деп жүргенімде конвертке салынған күйі бір көнетоз кітабымның арасынан табылды.

Содан төс қалтама салып жүретін болдым. Жұмысқа барамын, жұмысқа әкелемін біраз уақыт қалтамнан тастамадым. Киім ауыстырып жүргенімде және жоғалтып алдым.

Кеше бір үлкен конверттің арасынан шыға келді. Енді айырылмаспын деп, жазу үстелінің үстіне қойдым. Әй, көк жалқау, деп өз-өзіме ұрыстым. Мағжаннан ұят болды ғой. Бірінші алақандай қағаздың басында «Әбу Фирастан» деген жазу тұр. Баяғы империяның дүрілдеген кезінде Москвада СССР Ғылым Академиясының шығыстану институтында аспирантурада оқыған жылдарымда әйгілі арабтанушы ғалым Исаак Мойсеевич Фильштинскийдің араб әдебиетінің тарихы жайында тамаша дәрістерін тыңдағаным бар еді. Әл-Мутанабидің, Әл-Мааридің, Имрул Қайстің, Әбу Фирас секілді арабтың аты шулы классик ақындарының есімдерін сол білімпаз ұстаздың айтуынан білуші ем. Сонда Әбу Фирас жайында толғағанда менің есіме өзіміздің Махамбет Өтемісұлы түсетін. Екеуі де жауынгер батыр ақындар еді. Отты сөз, өткір қылыштың иелері еді.

Әбу Фирас әйгілі Сайф ад-Даулидің сарайында қызмет еткен, бірақ ол бірыңғай панегирист ақын емес еді. Византиямен соғыста қолға түскен грек қызынан туған еді. 3 жасынан әкесінен жетім қалады. Ал, Сайф ад-Даули оған ағайын болып келетін. Әбу Фирастің түрмеде жазған жырлары, лирикасы маған Мағжанды елестетуші еді. 947 жылы тәуелсіз Хамданид Эмираты құрылғаннан соң Әбу Фирас Сайф ад-Даулимен бірге болып, ірі қызмет орынын иемденеді. Сөйтіп жүріп сарай маңындағы әдеби үйірмеге белсене қатынасады. Ұстазы Ибн Халавайха оны өлең өнеріне баулыды. Сөйтіп, шәкіртінің талантын ашады. Сайф ад-Даулимен Византияға қарсы жорықтарда көзге түсіп, ерекше батырлығымен танылады. Содан соң-ақ Сайф ад-Даули Әбу Фирасқа үлкен сенім артып, оны Солтүстік Сирия мен Византия арасында орналасқан Манбиджа қорғанына билеуші етіп жібереді,

Византиялықтармен соғыста Әбу Фирас екі рет қолға түсіп қалады. Бірінші ретінде қорғаннан Еврат өзеніне секіріп қашып      құтылады.      Екінші      мәрте Византиліктер Манбиджа қорғанына шабуыл жасағанда ақын жаудың қолына түсіп қалады. 962 жылы оны Константиноплге ауыстырады. Тұткынды өтемін беріп, сатып алуды Сайф ад-Даули кешіктіреді. Араға әлде қандай өсек араласты ма, әлде туыс інісінің қайсар мінезі әмірдің қытығына тиді ме, әлде тәуелсіз тәртібі мазалады ма әйтеуір, Сайф ад-Даулидің өтінішіне құлақ аспады. Тек төрт жыл өткеннен кейін 966 жылы тұтқындарды айырбастау кезінде Әбу Фирас бостандыққа шығады. Сайф ад-Даули қайтыс болғанда батыр ақын Эмираттағы үкімет үшін күресіп жүріп. соғыста қаза табады. Әбу Фирас сол кезде 36 жасқа толған еді. Белгілі әдебиетші ас-Сахиб ибн Аббадтың мынандай қанатты сөзі артта қалыпты: «Поэзия Патша Имрул Қайспен басталып еді, Патша Әбу Фираспен аяқталды» депті.

Манбиджа қорғанында билік құрған жылдары Әбу Фирас өзін барынша еркін ұстады. Шабуылдарға шықты, аң аулады. поэзиямен айналысты. Сарай маңындағы шайырлардай, жалтақтап бұғып қалмай уақытын думанмен өткізді. Күштілерді мақтап, мадақтаудан аулақ болды. Махаббатты, өз тегін, руын, ерлікті жырлады. Жорықтарға арналған екі жүз жиырма бес бәйіттен тұратын поэмасы бар. Әсіресе ақынның византилік түрмеде жазған. «Румийаттары» оның даңқын асырып жіберді, өзінің тегін, руын хамданидтерді асқақ жырларына қосты. Осы тұста біздің Мағжанмен үндесетін шығар.

«Егер басқа адамдар кубок, шарап, сыбызғы, барабан үшін жаратылса, Хамданидтер даңқ, құдірет, ізгілік үшін жаратылған. Біз орта тұсты білмейміз. Бізге дүниеде бірінші орын керек немесе мола. Біз ұлы ерліктерден өмірімізді аямаймыз, өйткені сұлуға құда түсуші саудаласпайды… Мен таңертең еркектердің бос қалған тұрағына тиіспеймін, әскеріне шабуыл жасайтын болсам алдын-ала ескерту жіберемін. Қаншама рет талай кыстақтарды тұлпарлардың тұяқтарының астында қалдырдым, жауларымды тізе бүктірдім. Алайда, жүздерін   жасырған   пәрәнжәлі әйелдердің алдында екпіндей алмадым. Қаншама рет жау қыстақтарында етектері жер сызған сұлуларды көріп, сызылып мейіріммен сөйледім. Сұлулардың сезіміне сыз түсіріп көрмедім. Соғыста әскерімнің қолына түскен бар олжаны әйелдерге бөліп бердім. Перделерінің тыныштығын бұзып көргенім жоқ» дейді араб ақыны. Бұл жағы да Мағжанның махаббат, сұлулык,  әйелдер жөнінде нәзік лиризмін еске салады.

Әбу Фирастың ақын ретінде атағын жайып жіберген, тұтқында жазған «Румиаттары» еді. «Азаптарым адам айтқысыз, сабырымда шек жоқ. Жағдайымды жеңілдетер бір Алла ғана. Жараларым қауіпті, тәуіптер де жаза алмас. Қайғым екеу: біреуі сыртымда, біреуі ішімде. Тұтқын түндерін жұлдыздарға телмірумен өткіземін».

«Әбу Фирасдан» деп, тақырыбын қойған Мағжан аудармасы мүмкін осы өлеңнен алынған шығар.

Жау жеңді, берік қамады

Кісендемін, тұтқынмын.

Тамшылап қаным ағады

Сарғайтасың өтпей күн.

Еш дыбыс жоқ, қара түн,

Жүлдыздар әлсіз сәулесін

Шошып тұр есітіп талған үн

Таныдым шешем дауысын.

Әбу Фирас түрмеде отырған жылдары аяулы анасы ұлын күтіп қатты күйзеледі. Ақынның анасы Аленноға әмір Сайф ад-Даулаға барып, ұлын төлемін беріп босатып алуын өтінеді. Бірақ, айтқан сөздері жерде қалып, ана налып қайтады. Сонда Әбу Фирас анасына өлеңмен хат жазады. Өте күшті жазылған өлең. Мағжан Жұмабаевты қатты тебіренткені көрініп түр. Араб шайыры қазақ тілінде жатық, жылы сөйлейді.

Көптен енді қан жұтып,

Шақырасың қарт анам.

Тұтқын боп, қолдан ерік кетіп,

Бара алмай тұр жан балаң.

Сабыр қыл, анам, сарғайма,

Дамылсыз зарлап күні-түн.

Қуан, қыл шүкір Құдайға,

Иманым  үшін  тұтқынмын. -дейді.

МЖұмабаевтың «Анама» деп аталатын аяулы өлеңін еске алыңызшы.

Маған Мағжан Әбу Фирасты түпнұсқасынан оқығандай әсер етеді. Мағжан Уфада «Ғалия медресесінде» оқыған, араб, парсы, түрік тілдерін тәуір меңгерген. Бәлки, ақынның қолына Әбу Фирастың араб нұскасындағы өлеңдері түсуі кәдік. Олай дейтінім. аударманың сюжеті, композициясы араб нұскасына жақын. Әбу Фирастың орыс тіліндегі тәржімасы Бүкілдүниежүзі әдебиетінің кітапханасына «Арабская поэзия средних веков»атты томға енген. аударған А.Ибрагимов («Художественная литература» баспасы. Москва 1975 ж.). Бұл томдағы орта ғасырлардағы араб поэзиясы өкілдерінің өлеңдерінің жолма-жол аудармасын атақты арабистер И.Фильштинский. Б.Шидфар. А.Куделин. М.Киктев жасаған. Ал. А.Ибрагимов ақын емес, ғалым адам.

Ал, Әбу Фирас секілді аса талантты ақынға мықты тәржімашы тиесілі еді, бірақ, өкінішке орай олай болмаған, олақтау колға түскен де ортанқолды баламалары жасалған. Әбу Фирастың жолма-жолын менің мәскеулік ұстазым Исаак Фильштинский өте сапалы етіп әзірлегенімен, поэтикалық көрінісі ойдағыдай шықпаған. Аудармада сондай жағдайлар болып жатады.

Жоғарыда біз атаған Араб поэзиясының антологиясына Әбу Фирастың оншақты өлеңі кірген, яғни түгел қамтылмаса керек.

Мағжан аудармалары түпнұсқасынан алынған деген сөзімізді Әбу Фирастың қазақша шумақтары одан әрі дәлелдей түседі.

Басқа келген қорлыққа,

Жалғанда жан шыдамас.

Шыдап тұру зорлыкка,

Арлы жанға ұнамас – деген өжет жолдар Әбу Фирастың қолтаңбасын танытады. Аз жасап көп ерлік жасап кеткен арабтың арыстан жүректі ақынының жүрек дүрсілдерін Мағжан айнытпай айбынды ажарын береді.

Әрмен  карғып шапшып ақырып ұмтылған,

Арыстанға қарсы шапқан ерлерің.

Барқылдаған бір төбеттен қаймығып,

Қалайша іздер таса, сая жерлерін ?!

немесе:

Қу қазықты жаны жоқ,

Алмасақ егер есепке.

Қорлыққа намыс, ары жоқ,

Шыдайды жалғыз есек те – десе,Әбу Фирастың парасатты, патриот үніестіледі. Мағжандікіорысшааудармасынан әлдеқайда қуатты, күшті шыққан. Демек, қазақ ақыны арабтың Әбу Фирасын жанымен, жүрегімен түсініп беріп отыр. Бұл арада тағдыр, түрме жайы, махаббат лирикасы екі ақынның поэзиясын жақындастыра, үйлестіре түскені көрініп түр. Сөз жоқ, талантты ақынды тағдыры туады, сомдайды, аяқтайды.

 

Сендей сұлу тірі жан,

Көргенім жоқ жалғанда.

Сендей бала таба алмай,

Талай ана арманда.

Кемшіліксіз сен сымбат,

Көп артықсың хордан да.

Жаратылдың еркіңмен,

Еркіңе  Құдай  салғанда – дейді. Әбу Фирас – Мағжан мұңдасқандай, ойласқандай болады.

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй тағы да !

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутін бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына – деп,

Мағжанның өзі тебіреніп жырлаған еді-ау.

Әбу Фирастың тұтқын боп талықсып жатқанда жазған түн, табиғат, ғашықтық жайлы жалын шашқан жырлары Мағжан мұңдарымен тентек теңіздің толқындарындай араласып, бір-бірін қуып кете барады. «Жан жарымды бір сүйейін түсімде» деген өлеңінде Мағжан:

Тұтқын болып, тысқа шығып жүре алмай,

Зарықтым ғой, жан жарымды көре алмай.

Осы күнде алтын сәулем нағып жүр.

Қандай күйде, қайда екенін біле алмай.

Ойлай ма екен тұтқын жарын, түн күндіз?

Жүрек – жара, жасты ма екен қара, көз ?

Шашын жайып, түн ұйкысын төрт бөліп,

Тілей ме екен жолықтыр деп Тәңірі тез? деп, ең болмаса көзім ілініп, сүйген жарды түсімде көрсем деп армандайды.

Әбу Фирас айтады:

Көңілде қайғы қалдырмас,

Қандай да болса үш нәрсе:

Көкорай шалғын, ағын су

Әдемі жарың әсіресе.

М.Жұмабаевтың шығармаларының ішінде (Алматы қ. «Білім» баспасы, 1995 ж. 99 бет) «Мағарри сөздер» деген бір топ өлең. Бұл Мағарри дегені Абул Ала Аль-Марри атты араб ақыны болса керек.

Әбу Фирас Xғасырдың, ал Мағжан Жұмабаев XXғасыр перзенті, біреуі араб, біреуі қазақ. екеуін тербеткен тағдыр толқындары ұқсас. ащысы, тәттісі ұқсас өмірі, көңілі ұксас. ақылы, нақылы ұқсас, түрмелері, түндіктері ұқсас, аналары, даналары ұқсас, зары да, жары да ұқсас қос мұңлы, қос лирик, қос эпиктің дүние поэзиясының тарихындатіккен тулары биікте тұруға тиіс.

 

//ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы.- 2008.- №2.- 99-102 б.

 

 

НАВОИ ДАСТАНДАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ

 

Әмір Хұсырау Дехлеви, Низами парсы тілінде бес дастан жазса, түркі тілдес халықтардың ұлы шайыры Әлішер Науаи өзінің таңғажайып бес дастанын тым қысқа мерзімде жазып шығыпты. 1483 — 1485 ж. небәрі екі жыл ішінде сүйегі ірі бес шығарманы төңкеріп тастау Науаидай нардың жүгін көтерген алып ақын азаматтың ғана қолынан келген. Сиясын кептірер кептірместен бес «перзентін» жөргекке орап, ұстазы Әбдірахман Жәмиге жеткізіпті. 1476 ж. парсы тілінде жазған «Ойлар сыйлығы» қағидасы ұлы ұстазына арналған еді.

«Сұлтан Құсайын мырзаның ақындардан көш бастары да, табынары да, пір түтары да — Маулана Әбдірахман Жәми еді… деп жазады Захир аддин Мұхаммед Бабыр әзінің атақты «Бабырнама» атты жәдігерінде (Бабырнама Алматы, «Жалын». 1990. 195-6. Орыс тілінен аударған — Байұзақ Қожабеков.).

Науаи «Бестігі» («Хамсасы») шын мәнінде өзбек әдебиеті үшін ғана емес, түркі тілдес халықтар тарихындағы зор оқиғаның бірі еді. Науаи бұл дастандарын оңайшылықпен толғатқан жоқ еді, өзара алысқан, әртүрлі таққа таласқан топтардың арасыңда от пен жалынның ішінде жүріп жазды, оны Сұлтан Құсайын мырза Ғираттан Астрабадқа аударды, қайтадан қасына шақырып алып уәзір етіп тағайындады. Ақын алпыс жыл өмірінің ішінде жүз мындай өлең жене прозалық туындылардың іргесін қалап кетті. «Алаңсыз сәби кезімнен бастап қауқарсыз кәрілікке дейінгі бүкіл өмірім өте ауыр болды, алланың өмірімен емес, адамның екіжүзділігінен болған алапаттар мен заман ғаламаттары мені көп уақыт бойы қинады»,— дейді ақын. «Ей, жараңдар, өздерің адам болғыларың келсе, адамды сыйлаңдар, қастерлендер, бағаландар, адамды сүйіндер!» — дейді Әлішер Науаи.

Науаи поэмалары өздігінен туа қалған жоқ еді. Исламның Герат сияқты көрнекті қаласында Низами мен Әмір Хұсырау шығармаларын ақындар жатқа айтатын, өсіресе, осы екі ірі қаламгердің бес саусақтай бірегей бестіктерін («Хамсаларын») жатқа оқысқанда, ауыздарынан су ағатын. Бір күні Науаи ұстазы Әбдірахман Жәмидің үйіне бара қалады. Сонда Жәми Низами мен Әмір Хүсырау қолынан шыққан бес-бес жөдігерлер жайында сыр толғапты. Сөйтсе Жәмидің өзі сол екі ұлы ақынға жауап ретінде өзінің «Тухфат ал-ахрарын» («Ізгілерге сыйлық») деген бестік-поэманың алғашқысын бастап та жіберген екен. Науаиға ой түсіп ол да осы тақырыппен жүріп өткен алдыңғы үш ақынға жауап жазбаққа бел шешіп кіріседі. «Әгәр ол дастан парсыша жазылса, мен түркі тілінде бастаймын, егер парсы халқы ләззат алса, түркілерде өз үлестерін табады деп ойлаймын»,— деп жазды Әлішер Науаи.

Науаи қадамын Жәми жоғары бағалайды, өзінің поэмаларының бірінде бұл бағасын өлеңмен айтып кетті. Сонымен Науаидың бірінші дастаны — «Ізгілердің қаһарлануы» («Хаират ул-аб-рар») деп аталады. «Қазақ әдебиеті» газеті 8 ақпан 1991 ж. санында «Кемеңгердің қайраттануы» деп тәржімалапты. Және осы нөмірде біздің науаитанушы ақынымыз Несіпбек Айтовтың аударуымен бір топ ғазалдары берілген. Атамыздың басында өзбек тақиясы болғанымен қадірлейтін қазақ ағайыны Әлішер Науаи басына қашаннан қазақ тақиясын кигізіп, өз Абайынан, Махамбетінен кем көрмей қастерлеп келгені, қастерлей беретіні белгілі.

Науаи да өз заманының перзенті, сондықтан да оның парасатты поэмаларынан сол ақын ғұмыр кешкен фәни жалғанның жақсылығы, жамандығы, ғалымдығы, залымдығы, шыншылдығы, екіжүзділігі, қанағаты, тойымсыздығы, сараңдығы, жомарттығы, жауыздығы, ізгілігі, фәлсафасы, уағызы қатар өріліп жатады. Бұл поэма философиялық трактат іспеттес, лирикалық элементтері, сатирамен ұштасып кетеді. Сол кездің талабы бойынша алғашқы онбір тарауы құдайды, пайғамбарды марапаттауға, дүғаға бағышталады. 12-тарауы Низами мен Әмір Хүсырау, ал 13-тарауы Жәмиге арналады. Адамзат қоғамындағы Сөз қызметіне екі тарау бөлінген, одан кейінгі тарау Сұлтан Құсайынға мадақтау болса, төрт тарау суфизм философиясының мән-жайына үңілтеді. Шығарманың негізгі тарауы жиырма әңгімеге, мақалаға бөлініп кетеді. Поэма аруз өлшемінің сари формасымен жазылған.

Бірінші мақала дінге, пайғамбардың орнына, екіншісі аллаға шын берілгендікке, үшінші әділетсіз өміршілерге арналған. Төртіншісі бас пайдасын көздеген шайхыларды, бесінші жомарттықты, алтыншы кішіпейілділікті, жетінші қанағатты, сегізінші адал достықты, тоғызыншы махаббат отын жырлайды, оныншы адалдықты, он бірінші білімнің қадір-қасиетін, он екінші қалам иелеріқ он үшінші қолы қайырымды кісілерді, он төртінші фәнидін өткіншілігін, он бесте адамның кейбір осал кездерін бейнелейді, он алтыда, он жетіде, он сегізде, алдыңғы айтылғандарды ақын ілгеріте, кеңіте түседі. Он тоғызыншы, жиырмасыншы «макалэ» Гератқа, Хусейн Байқара баласы Баднүззаманға бағышталған. Әміршілер туралы тарауында Науаи:

 

Сверкает пиршественный твой чертог,

Здесь утвердиться рай и тот бы мог.

Здесь ткань ковров из душ людских свита,

В рубин и в пурпур кровь перепита

За счет народа позолота здесь,

Живет в камнях его забота здесь, — дейді.

 

(«Смятение праведных». Перевод М. Тарловского. с. 182. Алишер Навои. Избранное: Ташкент. 1968.)

Абайдан арғы ақындарда, Абайда, Махамбетте, Шәкәрімде, Сұлтанмахмұтта, кітаби ақындарда кездесетін әділетсіздік иесін түйрейтін, әшкерелейтін әжуа, әлеуетті сөздер неткен биік еді. Махамбет айтпай ма:

 

Хан емессің қасқырсың,

Хас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның келіп басқа ұрсын.

 

Шоқтілді Шернияз ақынның сұлтанға қынабынан суырылған алдаспандай жарқ еткізіп айтьш салатын сөзі ше. Батырлық, достық, адалдық сенім туралы қаншама сөздерді Науаи артына тастап кеткен десеңші! «О верности» деген бабында Науаи:

 

Такого человека, чтоб с другом

Как истинный сдружился побратим;

Чтоб, если рок шипом беды кольнул,

Постич тот час, о чем другой вздохнул.

Чтоб, если время ранило клином,

Нашел один сочувствие в другом.

Тогда бы, злейшей мукою томим,

Мог скорбь излить один перед другим, — депті.

(А. Навои. Ташкент, 1968, с. 190-191)

Науаидың адалдық, сенім жайлы жан сөзі жаман дос, жақсы дос хақында қазақ ақындары ағартушылары Ыбырай, Абай айтқан айтулы ардақты ойлармен едемі үндесіп жатыр. Достықта, жүректе шекара болмайтынын бүрынғы ғұламалар әсем де терең түсіндіріп айтып кеткен ғой. Өйткені, ұлы, татулы достықтың дөмін татып қастерлеп өткен Науаидың өзі еді, ұлы өзбек шайырының Әбдірахман Жәмимен дос болып, аға, ұстаз түтынуы, талантына табынып, киелі кеңестерін тыңдауы шәкірт тарапынан жасалған үлкен ғанибет, кісілік еді. Науаи мен Жәми достығы өсе келе, үлғая келе өзбек пен төжік халқының берік те дарқан достығына айналды. Бұл екеуінің достығы Абайға игі үлгі болып, ол үлкен үлгі ретінде татар Тоқайға, азербайжан Мирза Фатали Ахундовқа, башқұрт Салават Юлаевқа, қырғыз Тоқтағүлға таралды.

«Ләйлі — Мәжнүн» Әлішер Науаидың ең бір сүйікті де сүйекті дастандарының бірі. Көзінен жас, жүрегінен қан сорғалап ағып отырғанда ақ қағаздың бетіне төгіп салған секілді. Мүлдем анау арғы араб аңызы емес, өзбек шайырының өз жүрегін жарып шыққан перзент үніндей естіледі. Сүйіскен екі жастың қайғылы тағыдыры күні кеше болғандай сені де қозғап кетеді. Алып қаламнан туған асыл қазына, қанша ғасыр өтсе де қадірі бір мысқалға кемімепті. Ләйлі мен Мәжнүннің мектептен ұшқындап, кейін өшпес жалынға айналған махаббаты екі ғашықтың өлімімен аяқталады. Бірақ махаббат өлмей ғасырларға тірі қалады. Науаиға да, бізге де керегі осы еді.

Осынау өрелі дастанның оты қазақ поэзиясын да шарпып өткен. Абай оқыған қадірлеген Науаиды Шәкәрім оқымады деп қалай айта аласыз, Ақансерінің аңқыған лирикасында Науаидың ғажап ғазалдарының, дастандарының әсері жоқ деп айта алар ма едіңіз. Жоқ, айта алмас едік. Науаи мектебі қазақ ақындары үшін үлгілі, төжірибелі, өнегесі өрісті, өрнекті мектеп еді.

«Ләйлі — Мәжнүннің» әрбір бәйітін, ғазалын Әлішер Науаи жүрек қанымен жазып қалдырғандай көрінеді. «Шөл даладағы Мәжнүн» деген тарауда әкесі мен баласының кездесіп көрісіп жылағаны, әке зары қандай керемет суреттер еді, жанықды суырып алатындай зарлатады ақын. Бейне бір уақиғаның бөрін өз басынан өткізгёндей, азап кешкендей жырлайды.

Баяғы заман бөйітшілерін үңгілей оқып, данышпаңдық биіктер өрнегін даналық зердесіне тоқыған Шәкөрім Құдайбердіұлы не деп еді. Айтып еді ғой, алыптардың қадірін қасиетті сөздермен кестелеп. Өзі ұлы ақын бола түрып, басқаларды мойындау мөрттің қолынан келетін іс қой. Асылы Шәкәрімқажының Сөзстанға салып кеткен сөулетті шаһарларын тамашалап, тамсанып аралағанымыз болмаса, өр терезе, есігін, көшелерінің кереметтерін аршып алған жоқпыз. Шәкәрімге шартарапқа салынған таланттың қырымен бару керек болар.

 

… Бұрынғы бәйітшіні білемісің,

Мен айтсам, оның кім деп жүремісің.

Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбай деп,

Түк білмей онан өзге жүремісің.

Науаи, Сағди, Шәмси, Физули бар,

Сайқали, Қожа Хафиз, Фирдоусилар.

Бәйітші елден асқан шешен болып,

Әлемге сөздің нұрын жайған солар.

 

Науаи ғазалдарын, дастандарын Абай мектебінің ақындары, оның аса дарынды шөкірттерінің шыңы саналатын Шәкәрім Құдайбердіұлы қандай қадірлеп, қастерлеп оқыған десеңізші! Уәли ахун қазіреттің медресесінде үш жыл оқыған Шығыс ақындары Фирдоуси, Хафиз, Низами, Науаи шығармаларымен сусындаған араб, парсы, ескі өзбек тілдеріндегі әдеби жәдігерлермен тереңнен оқып табысқан қазақтың және бір жүйрік ақындарының бірі Ақансері Қорамсаұлының (1841 — 1913) шығармашылығына Науаи әсері тигендігін Мұхтар Әуезов ілгеріде айтып кеткен ғой. Біз тыңдаған Әуезов дәрістерінде Науаи поэзиясы ерекше орынға иеленіп тұрушы еді.

Науаидың сүбелі шығармасы «Чор Девоннан» бір мысал алайық:

 

Ул шайхки, минбар уза афсунға берур тул,

Шайтондар узи, мажлисининг ахли сурук ғүл.

Ғафлатдин агөр ваъз илө уйғотсалар элни,

Ул айләр уютмоқ учун афсонаға машғул.

Бошдин-аёғи минбарининг пояю дастон,

Хәм узию хөм маърифәти жохилу мөжхүл.

Күрмай хирәд асхобидә бир фөрдни оқил,

Толмай киши афсунидө бир нуктөни мөъқұл.

Хөрнеки, хадис оти қуюб барчөси мавзуъ,

Нақлики, мөшойихдин этиб бориси мажъүл.

Юз порә қилиб минбөрин үт ёқғали авло,

Бү шөрт илаким, бүлсө үзи қотилу мақтүл.

Иблис сифат эл сөри мөйл этмө, Навоий,

То булмағесен заркү риё қайдида мағлүл.

(Ташкент, 1977, с. 49)

Осындағы өрелі өзекті ойларды қазақ ақындары өзінше өрнекке салып, сара жолмен жақсы жалғастырып әкетеді. Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835 — 1898) «Сопылар» деген өлеңінде:

 

Дүниеден аңқау да өтті, пысық та өтті,

Аңдысып тышқанменен мысық та өтті.

Мал дегенде жүгірген сопылардың

Басынан сәлделері ұшып кетті.

 

Қазақстанның Оңтүстік өлкесін мекендеген Майлықожа, Мәделіқожа, Шәді Жиһангерұлы т. б. шайырларға Науаи поэзиясы айтулы, ажарлы ықпал еткен.

Науаи дастандарын оқымаса Ақансері мынадай өлең жолдарын жазар ма еді:

 

… Ғашықтық майданында шаһит болып,

Боз жігіт Ануз үшін қандай болған.

Бұлардын, зор тартқаны Ләйлі — Мәжнүн

Табысып ақырында отқа жанған.

Зияда — Қорлығайын, Фархат — Шырын,

Бұл күнде хабардармын осылардан.

Ақыры «Қозы Көрпеш — Баяндай» боп,

Жүзімнің қызыл нұры бұғып солған.

Ер жігіт мақтанады асы болса,

Биік тау шаттанады тасы болса.

Жігітке кедейшілік намыс емес…

Жігітке ең керекті іс — білім деген,

Білімсіз ілтипатқа ілінбеген.

Адамның, біліміне ақыл серік,

Ақыл кең таусылмайтын жанға көрік.

Мидан шыққан сөзіңе тіл себепкер,

Қалай айтып сөйлесең өзіңе ерік,—дейді АқансеріҚорамсаұлы. Науаидың адамгершілік, ақыл, білім, ізгілік жайлары бүгінгі XXғасырмен қандай үндес болса, қазақ ақындарының осы тақырыпқа жазған толғаулары да жаңа заманның ырғақтарымен қанаттасып кеткені хақ.

Ілімнің, ғылымның аспаны жапжарық болуы тиіс, азат болуы керек. «Самғар мақсатыңның көздеген құсы көз ұшында болсын, зұлымның қолына түскен көкек мылжындай күніңді құлдықта өткізбе» — дейді данышпан Науаи. Және бір мысал:

«О ярости неба знаний»

 

У деспотов — хвали их иль ругай —

Ты в рабстве, как болтливый попугай.

Те хищники, что мирных птиц когтят,

У шаха гордо на руке сидят,

А сладостный для сердца соловей

Униженно таится меж ветвей.

Обиженный судьбой, идет голыш

Искать наук под сенью чуждых крыш.

Он путь невзгод проходит босиком,

Халата нет на страннике нагом;

Подошву жжет ему ничтожный шип,

И что ни шаг, то придорожный шип.

Взамен отрепьев — нечего надеть,

Его одежда в дырьях вся как сеть.

Он в эту сеть, как зерна, слезы влил,

На птицу цели взор он устремил.

Не выпускает книги он из рук

Спешит он стать властителем наук.

 

(Из поэмы «Смятение праведных». Перевод М. Тарловского. с. 191. Ташкент., 1968.)

Науаидың бұл айтып отырғаны тап бүгінгі заман басындағы хал-жағдай ғой. Жыртқыштанған, жылымсыған бұлбұл, қарғалардан запы болған бүркіттің күйі ғой.

Абай:

«Бір білімнен басқаның бәрі кесел асқанға,

Ондай адам жолығар кешікпей-ақ тосқанға»;

 

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім…» —

дейді.

Шораяқтың Омары оқудағы баласы Шайхыға хатында үлгілі сөздер айтып, ізгіліктің, білімнің жолынан тайып кетпе дейді. Сұлтанмахмұт:

 

«Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам,

Қараңғылықтын, көгіне

Күн болмағанда кім болам»,—деп, сенімге иек арта айтып еді, елінің келешегіне сеніп айтып еді.

Абайдың алдында өтіп кеткен Дулат Бабатайұлы (1802 — 1874) бірқыруар қазына асыл сөздерді төгіп өте шыққан жоқ па еді.

 

Өнер, білім оқып біл,

Өнер алды қызыл тіл.

Оқып алса керек сөз

Алтынға құйған балмен тең.

Бір пара жан ғалым боп,

Бір пара жан залым боп,

Әуелде адам тарапты,—дейді ғой.

Тарихтың бір көшін екінші көш ауыстырып, ғасырлар ғасырлармен тілдесіп, заманалар мұхиты аударылып, төңкеріліп ауысып жатады, бірі келіп, бірі кетіп жатады. Таулар тозады, теңіздер азаяды, ұрпақтар ауысады. Өлмейтін, өшпейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол ұлы мәртебелі Сөз ғана! Сондай Сөзстанды жасаушылар ғана! Сонау Фирдоусиден Науаиға, одан Абай, Шәкәрім, Мағжанға дейін ұлы Сөздің .Жібек жолы жарқырап, жалғасып жатыр.

 

 

//ҚазМҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы.- 1998- №4.- 27-33 б

 

СОТ РИТОРИКАСЫ ЖӘНЕ  ШЕШЕНДІК ӨНЕР

 

Біздің тіліміздің тазалығы, байлығы жөнінде белгілі ғылым академик  В.В. Радлов не айтты деңіз: “…Қазақ тілінің тазалығы  мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегімұраларды менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқаларын құрастырған жинақтардың толық бір томын арнауыма себеп болды. Оның үстіне қазақтың басқа бауырластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті” депті.

Ақындық өнер мен шешендік өнерді қазақ қалай керемет бағалай біген десеңізші. Әрбір сөз тізбегі өмірдің өзіне туындап жатады. Халық айтса қалып айтпайды деген сол-ау. «Атпас жерде қолың тарт, айтпас жерде тілің тарт», “Жігіт сегіз қырлы бір сырлы”, “Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп”, “Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады”, “Жақсы сөйлесе аузынан гүл төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі”, “‘Жақсыны сыйласаң есінен кетпейді, жаманды сыйласаң есігіңнен кетпейді” сан қабат сырларды ақтарып, алуан түрлі мінездердің құбылысын көрсетеді.

Халықтан асқан данышпан болмайды, дана халықтан туады, халық перзентші. Қазақ мақал-мәтелдері тіршілікпен, қоғаммен, әлеуметпен, тұрмыс және салтпен, сана-сезіммен тығыз байланысты болып келеді. Уақытқа, заманға, ортаға орай өзгеріп, сұрыпталып ықшамдалады, өзара үндеседі, ұйқасады, мағыналары ашылып, жарамды бола түседі. Мақал-мәтелдегі ой айқын, дәл ықшам, жұмыр бола түседі, бас-аяғы жинақы келеді. Сөз мәнді, дәл, айқын боп келсе көркемдігі де жоғарылай береді. Кейде іштей өзара ұйқасып, үндесіп жатады. Мақал-мәтелдердің, қарапайым сөздермен берілетіні де, өлеңдетіп кұрылатыны да баршылық. Қара сөзді, өлең сөзді мақал боп бөлініп, айтуға ыңғайлы жаттанды қалыпқа түсіріліп, тиянақталады. Бейнелі, астарлы сөйлемдермен көмкеріліп беріледі.

Қазақтың шешендік өнері сонау Қорқыт Ата заманынан бері қарай басталады. Ғалымдардың болжауы бойынша ол VIII-IX ғғ, тірлік кешкен деседі. Ойшыл, жырау, ақын, қобызшы, күйші Қорқыт бабамыздың бойына сол кездегі барлық өнер жинақталған сияқты. Жыраулығы болжағыш ақылгөйлігіне, әншілігіне, батырлығына жалғасып отырған. Желмаясымен жерұйықты іздеп жаман кезген Қорқыт Атаның туған жылы да аңызға айналып кеткен. В.М.Жирмунскийдің Ә.Х.Марғұланның айтуынша Қорқыттың дүниеге келуінің өзі сұрапыл түнге айналған.

Қазақтың аңыз-әфсаналарында Қорқыт ерекше орын алатыны белгілі жай. “Қайда барсаң Қорқыттың көрі” деген сөз содан қалған. Кәдімгі қылқобыздың атасы да Қорқыт делінеді, оның негізгі арманы өлмес өмір кілтін тауып, ажалды жеңіп шығу еді ақырында дүниеде ешнәрсенің мәңгі еместігіне көзі жетеді. Тамаша күй аңыздар қалдырады.

Қорқыт баба шығармашылығын түркі тілдес ғалымдар, ақын, жазушылар, тарихшылар, философтар көп зерттеген. Әлемге әйгілі ‘”Қорқыт кітабы” қазақ шешендік өнерінің бұлақ бастауында тұрады. Қара сөзінің өзі жырдай ағытылып отырады Ақ өлең, зиалы, көтерме сөздер жиі ұшырасып отырады. Қорқыт айтыпты деген мақал-мәтелдер түрік, әзірбайжан, қазақ халықтарының ауыз әдебиетінде жиі кездеседі.

Ежелгі Римде есті сөзді жоғары бағалай білген екен. Әсіресе соғыс өнері мен шешендікті аспандатып бағаласы керек. Республикалық Рим өзінің көптеген мемлекеттік мәселелерін халық мәжілістерінде, сенатта, сотта шеше беріпті. Сөз өнері әсіресе ер азаматтар үшін бағасы биік қазына болыпты. Содан бастап римдіктердің ұлттық мінездері қалыптаса бастаған. Саясат пен право рим азаматтарына әдебиет пен өнерден гөрі жақынырақ болған.

Ежелгі Рим республикасының қоғамдық өмірінің өзі шешендік өнерге өріс алып беруге игі ықпал еткен, өйткені, “сөз өнері – дертпен тең” деп, Абай айтқандай, Римде сөзді қадірлей, қастерлей білудің үздік үлгісі бар еді. Шешендік өнерге ешқандай тыйым салынбаған, ол бірте-бірте халық. мінезімен бірге өрбіген. Қарапайым халық шешендердің соттағы сапасы жоғары сөздеріне лайықты бағаларын беріп, ең сәттілерін аңыздай таратып отырса керек.

Әсерсіз, қатынас болмай ешнәрсе өздігінен дамып кетпейді. әр нәрсенің өзінің шарықтау шегі, тоқтайтын тегі боп жатады. Рим сөз өнеріне осы орайда эллиндік грек мәдениетінің игі ықпалын айта кеткен орынды. Гректің риторикалық өнері Римнің реуішті сөзінің сапалы бола түсуіне әдемі әсерін тигізеді. Бұл уақытта грек және латын мектебінің арасында толассыз күрес жүріп жатқан кез еді. Екі риторикалық мектеп-үлгісінің арасындағы тартыс Рим қоғамына да қозғалыс тудыруға себепкер болады, яғни ақсүйсктер мен демократтық топтар арасынлағы кереғарлықты күшейте түседі. Әрине. Цицерон ғұмыр кешкен заманда рим шешендік өнерінің өте асқақ дәрежеге жеткенін атап өту ләзім. Неге десеңіз Цицерон шешендіктің шыңы да соңы да еді. Цицерон тұсында ғана Рим қызыл сөзі классикалық қалыпқа көтеріліп, Рим қоғамымен тығыз қарым-қатынаста дамыды. Рим сөзі Рим республикасымен бірге сахнадан көшеді.

Императорлық кезеңінде сөз оты мүлдем сөніп қалмағанымен, бұрынғыдай жалын мінезінен, қалпынан ажырайды, саяси лепірме сөз азая бастайды. Азаматтық және қылмыстықістерді қарайтын сот сөздері саяси мәнінен алыстайды. Сол уақыттың дәуірі салтанатты, салиқалы сөзді тудыра бастайды.

Сөйтіп, қызыл сөз көркем әдебиеттің белгілі бір жанрына айналады. Бұл латынның әдеби тілінің дамуына әкеліп соғады.

Жаркылдақ қызыл сөз әдебиеттің барлық жанрларына жақындайды да, шешендер мен ақындар бірдей, бірегей риторикалық мектептен өтеді. Вергилий мен Овидии секілді ірі ақындарға риторикалық мектептің бергені көп еді. Әсіресе, Овидии әсіре қызыл сөздерге әуес боламын деп оқырмандар мен зерттеушілердің сындарына ұшырайды. Сөз өнері Таций мен Ливий сынды майталман тарихшыларға да аз сабақ болған жоқ еді. Олар тарихи фактілердің ішінен тандаулыларын тандап алып, тыңдаушыларын тебіренте білді. Шындықты шынайы шешендікпен бере білген соң да, кейде тарихи шындықтан ауытқып кеткен жерлері де жоқ емес.

Сонымен қызыл сөз бертін келе антикалық романның дүниеге келуіне себепші болады. Романның композициясы, стилистикасы, оның ішінде болып жататын конфликтердің түп тамырында риторикалық диалогтер жататын еді. Мұндай риториканың кейде әдебиетке де зияны тимей қалған жоқ айталық поэзияға әсері зор еді. алайда, поэзия тек қана жүректі тебірентетін шындықтан туатын құбылыс қой. Ендеше, оған оқта-текте айтылатын көтерме, лепті сөздер келмей қалады, яғни, өлеңді өмірден аулақтатып әкетеді. Дей тұрсақта, риториканың көркем әдебиетке бергенін алып тастауға болмайды.

Енді Рим шешендік өнерінің ең алғашқы қадамдарына оралатын болсақ, тағы да Цицерон шығармаларын шеткері қалдыра алмаймыз. Атап айтқанда, оның “Шешен”, “Шешендік өнері”, ”Шешеннің қалыптасуы” атты енбектері Рим республикасы дәуірлеген жағдайында ерекше қызмет атқарған еді. Өкінішке орай көптеген Рим ораторларының туындылары біздің заманымызға толық, таза қалпында жете бермегенін ескерген жөн. Бұл орайда біздің қазақ шешендігі қазынасының халық көкірегінде жатталып бізге жеткеніне шүкіршілік етеміз. Цицерон өзінің “Брут” деген еңбегінде Римнің саяси өмірінде орындары бөлек ораторларды атап өтеді.

Рим қызылсөзінің басталуы III ғасыр деседі, өйткені, алғашқы жазбалар осы ғасырдан бастау алады. Біздің эрамызға дейінгі III ғасырда соттағы айтылатын сөздер белгілі бастаған еді. адвокаттық институт алға шыққан еді. Цицерон тұсында және бір сөз түрі – қабыр басында айтылатын көңіл білдіру, көңіл айту сөзі туған еді. Сөздің мұндай түрін ІІицерон жақсы бағалай қойған  жоқ еді, өйткені, мұндай шындық шынтақтай ғана болып, мақтау көлкөсір боп кететін.  Кейін қағазға түскенде де көп анық жайларды көлегейлеп көрсетпей тұрушы еді.

Ескі Рим ораторларының ішінен Катонды (234-149 ж. б.э.д) ерекше бөліп атайды. Рим мемлекетінің және Рим әдебиетінің тарихында орны өзгеше екені белгілі жай. Катон сонымен бірге ірі әскери қолбасшы да болған. Өте ақылды, қатал, айтқанынан қайтпайтын, ескі дәстүрді бұлжытпай ұстанған, батыл кісі екен Бұл жағынан Катон біздің ХV-ХVІІІ ғасырлардағы ақын жырауларымызды, әсіресе, Ақтамбердіні еске оралтады. Аузында алғыр сөзі, қолында оттай жарқылдаған найзасы, астында асау арғымағы ырғып тұрған Ақтамберді, Қазтуған, Көтеш сияқты ақын, жыраулар нағыз ел азаматы, шешені, батыры боп өткен еді. Катон сексен бес жыл ғұмыр кешіпті. ”Біреулермен өміріңді өткізіп екінші біреулердің алдында ақталу қандай қиын” деген сөзді Катон айтыпты деседі. Катонға Рим Демосфені деген атақ бекерге берілмесе керек. Катон елу рет сотқа қатысып, бәрінде де жеңіп шыққан, жүз елу сөзін қалдырған. Катонда табиғи талант, шешендік қасиет мықты мінез, қоғамдық бедел болған. Өйтпесе, Катон бола алмас еді. Қазақтың айтулы шешендерінде де осындай үздік нышандар, нысандар бар еді.

Катонның жас ораторларға берген мынадай кеңесі бар. “істі біл, ал сөз өзінен өзі келеді” дейді. Шын мәнінде істің мән жайын жақсы меңгерген адам сотта шешен сөйлеп кетеді. Катон айтады: Адал асқан бір куанышты кезінде де сабырлы қалпын сақтау керек дейді. Катон логикасы ойлау жүйесі өте күшті аудиторияның психологиясын дәл ұстаған шешен еді.  Катон қатып-семіп қалмаған, істің жай-күйінен үлкен ой сабақтап, таратып әкететін жан-жакты шебер шешен, қолбасшы, мемлекет азаматы бола білген. Халық жиындарында, сенатта үнемі өз биігінде   көрініп   отыруға   ұмтылған.   Әлбетте,   ондай   кісінің дұшпандары да көп болады.

Бірақта Катон кызғаныш найзасы сілтенген сайын шамшырақ атып, ширатылып шеберлігін шыңға шығара берген Катонның айыптау сөздері ақырын басталып, арыстандай айбарлы ақырып, аңку жөнелетін теңіздің тентек толқындарын көзге елестетіп тұрады. Бұл белгі табиғат берген таланттың құдіретті кескін-келбеті десе болар еді. Қазақ халқынын ұлы шешендері:  Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, ‘Голе билерді Рим сенатына апарып сөйлетсе Катонмен иықтасып, талай лаврларды алып оралар еді.

Цицерон   айтады:   “Шешендік  өнер  оттың  басынан,  бала кездегі тәрбиеден, әкесінен,  ұстазынан, анасынан басталады”. Әрине, ана сүтімен бірге баратын алғырлық, тапқырлық, ақтық, шыншылдык кейінгі өсу баспалдақтарында зор роль атқарады. Боар ала боғынан деп, қазақ бекер айтпайды. Сөзі асқақ, ойы терең, табанв мықты, терегі таудай салауатты салихалы шешендердің түп тамырларында, шығу тегінде нәрлі жемістің тұқымы өскен.

Егер Рим ораторларында белгілі бір ережені, қағиданы каноны есте ұстау қабілеті болса, қазақ шешендерінде тіл мен ойдың тоғысқан жүйріктігі, табиғи тапқырлық фәлсафасы, табан астынан суырыпсалу, қысқалығы, нұсқаулығы басым келетіндей еді. Дала Демосфендерінде арнайы аудитория, сенат алаңы болған жоқ-ты. Көктөбенің басында күнде жиын демекші, қазақтың кең даласының өзі ұланғайыр ұлы аудиторияның өзі еді.

Рим шешендері риторикалық материалдары ретімен, орнықты, мықты пайдалана білген. Әсіресе, қоғамдағы әлімжеттік әділетсіздерге, зорлық-зомбылыққа, шындықтың жүзін бүркелеуге қарсы ұранды, ұлағатты сөздерін көтеріп отырған. Сыналатын субьектінің не ообъектінің үлкен-кішісіне, дәрежесіне, қызметіне байлығына қарамай тура бетке айтқан. Соның ішнде ағайынды жігіттердің Гракхаларды ерекше атайды, ұшқыр да ұтымды ойлы да отты сөздерімен ағайындылар қарсыластарының беттерін шиедей еткен.

Тибери мен Гай кей тұстанырнда сенатпен айтысып, бас кессе де тіл кеспек жоқ деген дей ащы шындықты ақтарып салып берген. Тибери опат болғаннан кейін Гай Гракха оның істерін ілгері апарып, жүзеге асыра береді. Бітіспес саяси күрескерлер бүкіл қауымға танылады. Цицеронның «Брут» атты еңбегінде жазғанындай Гайдың сөзі-жоғары, ойы-дана, үні-сенімге толы еді дейді де Гай сөздерін жастарға оқып үйренуге ұсынады. Гай кей тұста оратордың мінезіне, қимылына күрт өзгеріс енгізіп жіберген.Бір сенат жиынында сот туралы өз заңын ұсынып тұрып сенатқа арқасын беріп, тыңдаушы халыққа денесін бетін бұр сөйлеген. Бұның өзі асқан батылдық еді Сыншыл, мазмұны терең Гай сөздері сыртқы және ішкі істерде сатқындық жасаған ақсүйектерді сын садағымен түйреп тастаған. Гайдың халықты жақтап сөйлеген сөздерінде әсіреқызыл сөздерден гөрі қарапйым сөздер жиі ұшырайды. Өйткені айта білген адамға шындықтан артық сұлулық, дәлдік болмаса керек.

Шын мәнінде Цицерон жоғары бағалағандай Гай Гракха риториканың қырлаы мен сырларын шебер меңгеріп, оны жақсы жүзеге асыра білген еді. Белгілі бір материалды меңгеру, тыңдаушы топтың тамырын дөп басып тұру және өз ойларын ортаға ойып беру үлкен еңбекті талап етеді. Ораторда кейде нәзік үн, кейде патетика, кейде орта тұстан шығатын үн, кейде жест, мимика, қимыл-қозғалыс зор қызметке қосылып кетеді.

Шешен бір уақытта өзімен-өзі, немесе бір адаммен сөйлесіп тұрғандай сыр аңғартады. Бұл әдіс әр оратордың өз тәсіліне, оралымына байлынысты жай. Сөз кезінде салмақтап, кезінде жеңілденіп ойната білу, ойлата білу қас ісмердің қолынан келмек. Егер Рим ораторларының шешендіктің арнайы мектебі, оқулығы, ұстаздары болған болса, қазақ шешендері мен билеріінің сөздері нағыз табиғи таланттан туған туынды құбылыс еді. Рим сөздері ауызша, жазбаша түрде айтылып, жазылып отырса, қазақтар көкірегінде сақтап, келер ұрпаққа бере, тарата білді. Қазақтың эпостық жырларының, шешен, билердің сөздерінің есте толық, тұтас сақталғандығын академик В.Бартольд кезінде атап өткен еді. Тіл тазалығы, тереңдіг, көрегенділік, көсем кестелер қазақ шешендерінде жиі кездеседі.

Цицеронның айтуынша: ораторда ең алдымен екі қасиет тоғысуы тиіс, бірінші тұжырымды дәлелдермен көз жеткізу, екіншісі тыңдаушылардың жанын сенімді, қуатты сөзбен тербету және сотқа дәлелдегеннен гөрі оны жігерлендірген жөн дейді. Сервий Гальва атты бір мықты оратордың болғанын Цицеронның «Брут» деген еңбегінде атап өтеледі.

Силь дейтін ормандада өлімі болады. Бұл үшін арендаторды кінәлайды. Сен консулдарға тапсырма береді. Арендаторларды Лелий деген шешен сотта екі мәрте сөйлеп, қорғап шыға алмайды. Содан соң Гальваға өтініш салу керек дейді. Гальва сотта сөйлеуге әзірленеді, хатшылармен жұмыс істеп, сөзін дайындайды. Сот залына кіріп еклгенде Гальваның жүзі жалын атып, жанары жарқырап тұрады деседі, Леллий де қатысып отырыпты. Гальва әр сөйлеген сайын, зал қолшапалақпен қуаттай беріпті. Сөйтіп, ақырында арендаторлардыажалдан аман құтқарып жіберген.

Сөз сайысында сахнада жеңіс жолына жету ораторлар үшін жеңіл шаруа емес, бұл үшін күні-түні тынбайтын жанқиярлықеңбек қажет. Сөз нысанаға дәл тиіп жатуы үшін не қажет десеңіз: ой мен ақылдың алғырлығы, сүйектен өтетіндей сөздің өткірлігі, логикалық жүйенің мықтылығы, стильдің ұшқырлығы, жүректің жалын атып тұруы ләзім. Онсыз шешен өмірге келмейді. Шешендердің шешендігі шешен болып қалуында емес пе?

Римнің риторикалық мектебі грек риторларын басшылыққа ала отырса керек. Риторикалық мектеп практикаға қажет көтерме қызыл сөздің үш басты белгісін анықтайты: соттағы кеңесудегі және көрсетілетін сөз деп бөледі. Бұл әдіс бес бөлікке апарады. Атап айтқанда, кіріспе, істің жай-күін баяндау, қарсыласының пікірлерін жоққа шығару және қорытынды.

Жас ораторларды оқыту, үйрету кезінде сөз типтерін меңгеруге баулиды. Ең басты басқалары сүйенетін аргументті табуға талпынтады. Жалпы клишелерді, мысалдарды қолданып, оларды жаттап алуға, сөзбен ойдың фигураларын жітік ұтымды пайдалануға бағыттайды. Бұл ережелер Грек, Рим ораторларының латынша басылған соттағы кеңестегі сөздері мен танысу арқылы бекіп, дами түсетін еді. Мұндай теориялық курстан екйін сөздің жас перілері форумға қатысатын немесе әйгілі ораторларымен кездесулер өткізетін. Риторикалық білім қоры хұқпен фәлсафамен тарихпен, әдебиетпен толықтырылатын. Әрине оқу, ізденіс өз алдына ол табиғи талантыны болмаса тереңге бара алмайтын қалатын.

Дегенмен Рим қызыл сөзінің негізгі бақанын көтеріп тұратын білім еді. Оған үлгі ретінде Рим лепірме сөзінің шыны ретінде Цицерон жеткен шыңды мысалға келтіру орынды дер едік. Цицеронда табиғи талант және асқаралы білім бар-тын. Рим жалынды сөзінің тарихында сондай биік талаптардан шыққан екі шеберді Антонни мен Крассты Цицерон бөлек, ерекше аптаған екен. Ораторлар олимпінде жеткен осы екеуі дейді.

Рим ораторларының қазақ шешендерінен бір айырмашылығы сол, олар сөйленетін сөздерін алдын ала қағазға түсіріп, әлденеше жаттап, зерттеп барып аудиторияға келген. Сөздерінде саясат салмағы басым болған, кейін риторикалық трактаттарын бастырып отырған. Оратор – күрескер, ораторлар – трибун келе-келе ораторлар – кәсіпқойға айналған.

Цицерон Антони мен Красстың есімдерін бөліп айтады. Олай істейтін себебі, бұл екеуі басқаларынан оқшау шеберлікпен көрінген-ді. Екуі де ағайынды Гракхалардан кейін шықты. Кейін шыққанымен ақылды, алғыр, тәжірибелі, тегеурінді боп келген. Өте жүйрік, әскери қолбасшы ұрыс даласына өзінің атты, жаяу әскерін қалай ұтымды орналасты Антони де сөзінің дәлелдемелерін орнықты, мықты деген тұстарға қоя білетін деседі. Әсіресе, жады яғни есте сақтап айту қабілеті күшті болса керек.

Әсіресе сот процесінде құқық жайлы шешен тәуір біліп тұрса, онысына көсілген қызылтілі қосылса, жеңіске жете алады. Рим ораторының лексикалық сөздік қорында әзіл-қалжынға да, өткір, ойлы тіркеске де, садақтың жебесіндей тартып қалғанда дөп түсетін татымды қорытындыға да орын болуы тиіс. Рим риторикасында оратордың қимыл-қозғалысына, бет құбылысына, дененің  бұрылысына, үнінің ақырын, қатты  шыққанын да ерекше мән береді.

Цицеронның айтуынша Гортензия сынды көтерме сөз шеберінің бірінші қасиеті қыруар нәрсені жадында сақтай білгені, оны орынды жерінде пайдалана білгендігі болған. Гортензия сотта, үйде сөйлеп жаттыққан. Сөзінің бастауы мен аяқтауы анық, мықты келген. Сөзді салмақтап саралай білген, дауысы сүйкімді сазды болған, қимылдарының өзінде өзгеше әсемдік жатқан.

Ал, қазақтың би-шешендері даулы мәселені ұзақка ұзартпай төрт ауыз сөзбен түйіндеп қарарсыз, хатсыз бітіріп отырған ғой. Қазақ айтқыштарында белгілі бір риторикалық мектеп болған жоқ еді, олар өмірдің өзінен үйренді. Керек болса бір бидің өзі соттың да, прокурордың да, басшының кызметін атқара білді. Қазақ билерінің аудиториясы ашық аспанның асты еді, табан астында билік айтылып, асқынған жайлар сабасына түсіп отырған. Көбінссе билік түйінін көпшілікке салып шеше алды. Сондықтан  да  халық  шешендерді хандардан  жоғары қойып бағалаған  ғой. Бітімді, кесімді де біртуар сөздермен халық көңілінен шыққан. Көпшілік  қолдап.  қуаттаса шешеннің де даңқы алыстарға тарай берген. Қазақ билерінде табиғи талант, табиғи білім, көрегендік басым туған.

Ал әлгінде ғана біз ауызға алып кеткен Гортензии де жан-жақты білімі мол еді, ол тарихты, грек тілі мен әдебиетін тәуір меңгерді, өлең жазумен де айналысты. Тіпті, грек тілінде жыртқыш аңдарды тәрбиелеу жөнінде поэма да жазған. Сонымен Римнің классикалық қызыл сөзінің дәуірі Гортензиимен аяқталады.

Рим риторикасының тарихында «Герения үшін жазылған риторика» деген еңбек бар екен. Бұл еңбек кезінде көп дау туғызыпты. Авторы белгісіз болғанда солай болмақ Цицерон қалдырған деген сөз де бар, алайда бұл әлі анықталған жоқ. Жаңағы аталып өткен еңбек те риторикалық ілімді халыққа біртабан жақындатуды мақсат етеді. Тілі де қысқа, түсінікті еді. Алайда, мұны Цицерон туындысымен салыстыруға келмеуші еді, екеуінің стилі екі бөлек еді. Белгісіз автор практик. Ритор-демократ ретінде сөйлесе, Цицеронда теориялық база барынша көрініс табушы еді. Солай болғандықтан алғашқы еңбекті Цицерон жазбаларымен шатастыруға келмейді.

Сонымен «Гренция үшін жазылған Риторикада» грек риторикасына байыпты мән беріледі, белгісіз автор грек терминдерін, сөздерін қолданады. Сөз арасында Демосфен, Гомер, Пифагор, Сократ секілді алыптардан мысалдар алады. Дегенмен, «Риториканы» латын риторлық мектебінің жемісі ретінде қарайды. Осы трактат төрт кітаптан құралған еді, әрбір кітап бір-бірімен байланысты еді, бірінен-бірі өрбитін, ішіндегі тұжырымды ойлары белгілі бір ұстаздан ұзақ күндер тыңдаған дәрістей әсер ететін.

«Геренния үшін Риторикада» сот сөзіне айрықша мән берілген. Ең мықты аргументтер барысында және аяғында келуі тиіс, әлсіздеуі ортасында бола берсін. Ораторға бес нәрсе керек дейді Геренния Риторикасы айта білетін нәрсені табу болып, табылған нәрсені ретімен орналастыра білу, соның сөзге айналатын формасын табу, бәрін есте сақтау, айту. Оның бер жағында тыңдаушыларын өзіне қарата білу қажет, істің мәнін баяндау, ішінен ілгешек мәселе табу, өзтұғырын бекітіп алу, қарсыласының пікірін жоққа шығару, сөйтіп бедлін төмендеті. Оған қоса мазмұнға сай мәнерлі, әдемі сөйлеу бар екен.

Бұл қасеттердің бір қатары оқумен, ізденумен келсе, екінші тобы табиғи таланттан туындап жатады. Бұған әсерлі үннің сыртқы пошымының жарастығын қосып жіберсе нағыз оратор көз алдыңызға келеді. Шешеннің сөзінде түр мен мазмұнның үндесіп келуінде мәніс бар. Айшықты бейнелеулер, теңеулер, тұжырымды тіркестер бір тұста топырласып қалмай әр жерден көрініс беріп тұрғаны абзал. Сөйлеп кеткенде сөз тыңдап айту да оңай шаруа емес, бәрі де білімге, жаттығуға, тума талантқа келіп жығылады.

Цицерон «Оратор жайында» деп аталатын трактатында білімді, саясаткер шешен адам философ та бола білуі ләзім дейді. Кейде бұл екі қасиетті бір жерде тоғыстыру қолдан келе бермейді. Неге десеңіз жақсы философтың оратор алмауы мүмкін, кейде керісінше боп шығады. Бірақ философияға түбіне дейін Цицерон мән бере-бермейтін секілді, философияны ораторлықтың бір бөлшегі деп қарайды. Цицерон юморға зор назар аудартады, бұл өте-мөте зәру деталь дейді, осы жағынан гректерге сүйенетінін де жасырмайды.

Негізінен риториканың және оның теориялық және практикалық жағдаяттарының жалауларын жасап кеткен Цицерон екені анық ақиқат. Ол ораторға жалпы мәселелерді трактовка жасай білу, аудиторияның сезіміне әсер ету шеберлігін шегелей білу керектігін ескертеді. Кей бекеттерде сезімнің хұқық пен заңның алдына түсіп кететіндігін ескертеді алымды аңғартады. Цицерон ораторлық теорияны бірте-бірте гуманистік ғылым сатысына апарады. Өзі де ғажайып шешен бола тұрып, «Ораторлар жайлы» трактатында бірталай теориялық ойлар қорытып береді.

Әдетте Цицеронға да қарсы бағыт білдірушілер болмай қалған жоқ. Айталық, Лициний Кальв, Марк Брут, Гай, Юлий Цезарь т.б. Цицеронға тым нәзік сезімшіл деген кінә артты. Цицерон сөздеріне күш жетпейді деу, керісінше ой мен сөздің сараңдығы жетпейді деді. Осы көзқарас ұзаққа барған жоқ, Цицерон өзінікің дәлелдеп шықты. Шынайы, оратор кім болмақ деген сауалға Цицерон: тыңдаушыларын үйрететін, жетелейтін, оларға ләззат беретін, олардың еркін, билеп алатын оратор нағыздың өзі болмақ еді. Цицерон «Оратор» атты трактатында өзінен бұрынға өткен шешендердің, замандастарының және өзінің практикасына сүйенді.

Цицерон ұлы стилист адам еді, оны оппоненттері де мойындаушы еді. Ол жалынды сөздің философиядан, софистикадан, тарихтан, поэзиядан өзгешелігін айта келіп, стильмен ырғаққа, сөз стиліне өзгеше көңіл бөлуі. Жалынды оратоор төменшіктеу мәселе жайлы қарапайым мәртебелі күйі болса жоғары, орташаны қанағат пен жеткізуне жарасымды десті. Сөздің патша құдіреті сонда ол тыңдаушы жанын тебрентіп, ашындырып отырғаны абзал дейді.

Дәл осы мезетті қазақ шешендерінің де қаты ұсынғанын атап өткен жөн. Реушті рухы күшті сөздермен қарсыласын іреп түскенде Рим ораторларынан бір мысқыл да кем түспей жатады.

Егер ежелгі римдеіктер сөзге сөз сайысына алдын ала әзірленіп оқып, жазып, зерттей барып кіріссе, қазақтарда импровизациялық қасиет керемет еді, табан астынан суырып салудың шебері еді, импровизациялық қасиет қазақ халқында күшті дамыған «Шешеннің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген» деп, қазағың бекерге айтпаған. «Аяққа кісен салуға болар, қолға салуға болар, ал тілге кісен салуға болмас» депті Бәйдібек би. Атақты Төле бидің табанда айтып салған бабасының бір ұрпаққа азық болар еді.

Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол.

Бір елдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол.

Бір тонның жағасы болма,

Көп қолдың ағасы бол.

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп бағала,

Өзегің талса өзен бойына жазала

Басыңа іс түссе көпшілікті сағала.

Өзіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол,

Жауыңа қатал бол.

Досыңа адал бол. –депті ғой Төле би атамыз.

Бұл берекелі баталы сөзде найза болмас тереңдік, тегеурінді пафос бар. Ал, Цицерон пафосты парасаттаған екен. Көтеріңкі лепке бәрі де кіреді деген сияқты лебімен жеңіп шығып отырған.

Өмірде орнымен айтылған сөзге, тақырыпқа қатысты сөзге Цицерон зор мән беріпті. Сөзді ретімен және тиісті жерінде айту ақылдың көкесі екенін данышпан шешеннің өзі дағдысына айналдырған. «Екі нәрсе құлақты тербетеді, үн және ырғақ. Қарадүрсін баяндаудан сазды естілетін сөздер таңдап алынсын, ақындарша жоғары мәнермен кетпесін» деп, ескертеді. Цицерон. Ең бастысы жұртқа түсінікті болуың қажет сөз саптауың, ырғағың келісті болсын сөз бен ырғақтың шырайы шығып, бірауыздан берекелі шығып жатса аудиторияң сілтідей тынып қалады дейді Цицерон.

Шешен – тілдің қожасы, тілден төгілген сөзден ой құралады, мазмұн туады. Мазмұн анық болмаса тіл мен ой көмескіленіп кетеді. Шын оратор сөйлеп тұрғанда аудиторияны өзінің соңына ертіп алады, онда белгілі бір тартылыс күші болады. Тіл байлығын түгел пайдаланған шешен ұтады.

Рим сотының шешендігі жайлы олар жазған оқулықтарда біраз қамтылған екен. Ораторлықтың қыр-сырларын қамтыған секілді, әсіресе күлкі мен пафосқа көп мән береді. Қорғап тұрып құлатып алмауың тиіс. Саяси қызылсөзге келгенде ретін тауып қарсы жаққа кінә артып жіберсе де жарайды. Құлақ естіп көз көрмесе де тарап кеткен өсек сөздердің де мұндайда пайдасы тиіп кететін көрінеді. Әйтеуір дұшпанға қарабояуды жаға салудан аянбаған, сөйтіп қорғалушыны қанатының астына алып қорғай берген. Әрине, мұндайда объективтік шындыққа қол жеткізу қиынырақ соғады. Цицерон рим аудиториясының тамырын дәл баса білген кісі, ол оратор әртіст бола білуі де тиіс дейді және өзі де сол рольде жақсы ойнай білген. Ол не айтатынын, қалай сөйлейтінін жұртқа қалай әсер ететінін күні бұрын сезген болса керек. Әуелгі кездегі сөз басында соттардың назарын аударып әкеткен дұрыс деп таниды. Әйтсе де сөз сыпайы, түрі жағынан қарапайым болуға тиіс екенін ескертеді.

«Сөйленер сөздің салмағын соңғы түйінге тастау керек» – дейді Цицерон. Бұл қағида қазақ шешендеріне де келеді. Толғантып, ойлантып басталатын билер сөзінің аяғы тыңдаушысын тебірентіп, бір шешімге байлап тастайды ғой., бұлтарып шығып кететін тесік, таса қалдырмайды емес пе?!

Ақтайлақ би Қарауыл Қанай шешеннен: Ер азаматтың басында бақыт қанша, кемдік қанша, құлазу қанша десе керек. Сонда шешен тұрып: Азамат ердің басында – бақыт бесеу, болады, кемдік – үшеу, құлазу –төртеу болады депті. Енді олары қайсы:

 

Астыңдағы атың жүрдек болса – жалғанның шырағы,

Алғаның жақсы болса – үйің мен қонағыңның тұрағы.

Балаң жақсы болса – екі көздің шамшырағы.

Әкең – асқар тау, шешең – аққан бұлақ.

Әніки, бес бақыты осы екен.

 

Атың шабан болса – дүниенің азабы,

Алғаның жаман болса – өмірдің тозағы,

Балаң жаман болса – көрінгеннің мазағы.

Мінеки, үш кемдік дегеніміз осы.

 

Жайлаған ел кетсе –көл құлазиды,

Жайылған мал кетсе – ел құлазиды,

Нарқын танымаған сөз құлазиды.

Қатарынан айрылған шал құлазиды.

Әлгі төрт құлазу дегеніміз сол-ау.

 

Егер Цицерон сөздері алдын ала немесес процестен кейінгі қағаз бетіне түсіп қалып отырса, қазақ би шешендерінің тапқыр да ұтымды жолдары халық көкірегінде сақталып қала берген. Кейінгі уақыттарда,замандарда, қиссаларда, дастандарға, хикая, романдарға бастау болған қазақ билерінің толғаулары да бір мысқал төмен түспей қайта биік шыңдарға өрмелеп бара берген.

Грек, рим ораторлары сөйлер сөздің объектісін, мән – мағынасын, себеп-салдарын күні бұрын зерттеп алып барып сөйлеген. Бұлар біресе қауымның, біресе мемлекеттің көңілнен шығуға тырысқан. Біреуді қорғаса да, қараласа да алды-артын белгілеп бағдар түзеп барып, сот алдына шыққан.

Ал, мұншалықты теориялық және практикалық қазақ шешендерінде болмаған ғой. Қазақ «көре-көре көсем боласың, тыңдай-тыңдай шешен боласың» демей ме. «Сөз – өмірдің салиқалы түйіні, әрбір сөзде жатыр маржан бұйығы» деп Әбдірахман Жәми айтса Асан Қайғы: «Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады, су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» дейді.

Кейде бір дауды қазақ айтқыштары мүлдем әзірліксіз, күтпеген жерден шешіп береді. Бұл да таланттың туындылығына, тапқарлығына сай болса қажет. Осынау қадірлі қасиет грек, рим ораторларында, адвакаттарында кездеспейді.

Шүйгіп шабындыққа таласқан екі байды тыстарынан өтіп бара жатқан қара дүрсін қазақ жігіті қалай тоқтатқан десеңізші:

Өзімнің атым Күдері,

Ер Көшектің баласы.

Талассаң бағаң кетеді,

Бірлік қылсаң, ағалар,

Анау тұрған шабындық

Баршаңызға жетеді.

Дүние шіркін жалған ғой,

Бастарыңнан әлі-ақ өтеді.

Тапқыр жігіттің аузымен халық сөйлеп тұрғандай әдемі әсер етеді. Мұншалықты табан астынан суырып салып тоқтам айтушылар ескі, ежелгі грек, рим шешендерінде сирек кездесетін құбылыс болса керек.

Ұлы Рим ораторы Цицерон жүріп өткен жол және оның тұжырымды тегеурінді сөздеріне еңбектеріне қысқаша шолу жасай отырып, қазақ би шешендерінен де мысалдар алып салыстырып отырдық.

Сот процесіне анық сөз қардар. Тыңдаушылар істің барысына жете еріп отыруы қажет. Сот сөзінде сарабдал сыншының, сазды шешенің, үміт пен үмітсіздік араласқан үкімнің үні болса игі. Сот сөйлеп тұрған заты жайында жан-жақты, анық-қанық білмесе болмайды. Сол мәселенің жағымды, жағымсыз тұстарын да жақсы білуге мүдделі. Бұның бәрінен тіл байлығы ғана алып шығады. Туған тілін терең меңгермеген сотты жұртшылық тыңдамайды, сыйламайды. «Қазақтар шешен келеді, олар мақалдап сөйлейді, жай сөзінің өзі өлең боп құйылып жатады» деп, немістің білгір академигі В.В.Радлов айтса, оның өзін қазақ арасында көп болған поляк азаматы Адольф Янушкевич: «…дала Демосфендерінің кейбіреулері мені сөздерінің мазмұндылығымен баурап алды» дейді.

Зиялы адамға зердесіз сөйлеу ұят деп тілейік сот саналы интеллгент тобына енеді. Ендеше оның сүреңсіз, сыйықсыз сөйлей салуына жол жоқ. Өйткені сот сөзі адам тағдырын шешеді, соған байланысты айтылады. Сот сөзі адам және оның тағдырының арасындағы көпір сияқты. Көпір мықты болса көпір суымайды. Ақтаушыны да, қаралаушыны да халық таңдап отырады. Халықтың көңілі қалса сот сенім дей тұғын сатыдан құлайды. Ал, құлап-тұру оңай шаруа емес.

«Үздік, үлгілі сөздер қарапайым, анық түсінікті және ойға тұнып тұруы тиіс» депті атақты А.Ф.Кони. Егер шешендік сөз «жанды тербететін дарын» болса ондай қасиет барлығына бірдей тән болуы қажет. Әртүрлі процестің тілі түрлі-түрлі болып келуі мүмкін. Аудиторияны билеудің жолы әртүрлі, әрқалай толып келеді. Прокурор тілі қалай болмаққа керек, сот – медицина сарабының тіліне шешендік қажетіне деген ой туды.

Сотта жақсы сөйлеу дегеніміз – істің түбегейлі түбірін тереңдеу танып білу, көзді көңілді жеткізіп сөйлеу хұқ нормаларына сүйену, әдеби тілмен сөйлеу деген сөз соттағы шешеннің сөзі қазыны да, қараушыны да, халықты да өзіне қаратып сендіре алса, құба құп, нұр үстіне нұр демекпіз. Ал, аудиторияны меңгері сөздің жетуіне, жетелеуіне байланысты екені хақ.

Қылмыстың ашылуы егжей-тегжейлі талқыға түсуі қылмыскер әрекетіне баға берілуі, қылмыстың туу себебі және оның салдары ортаға түскенде сот мәжілісіне айтылатын сөздер ондыққа дәл тиіп жатуы тиіс, өйтпейінше процестің бүге-шегесі ашылмай, анықталмай қалуы ғажап емес. Ендеше сотта сөйлеу де өнердің бір түрі деп білуіміз заңды.

Шешендіктің барлық түрі сотқа келе бермейді, соттағы шешендіктің өзіндік ерекшеліктері бары даусыз нәрсе. Айталық, мұғалімдер алдында сөйлеу мен сотта сөйлеу бірдей көрініс емес. Қай жерде қай кезде де біліп, тіліп сөйлеген абзал. Дәл, шын, тура айтып жеткізу, білікті маманның, жүйрік юристің тұрғысынан сөйлеу нағыз шебердің үлесі екені айғақ. Бұның үстіне білікті білімділік қосылады.

Соттағы сөздің бірі солғындау, бірі сұйықтау, бірі өткірлеу, біреуі білімсіздеу, бірі біліктілеу боп келуі кәдік. Әрбір процестің лайықты тілін тауып сөйлеу соттағы жүргізіліп отырған істің пернелерін дұрыс аңғаруға жатады. Интеллигентте интеллект кемшін соғып жатса биікке көтерілуі қиынға түседі. Әсіресе, кәнігі заңгерлерге тіл байлығы аса зәру екені айқын. Тек кәсіби мамандығын ғана тәуір меңгеріп қоймай жалпы білімі алдында жүріп отыруы керек.

Заңгер заң жүйелерін, хұқ мөлшерін, азаматтық істерді айыптаушылар хұқын қорғауды сот шешімдерінің заңдылығын зерделі біліп қоймай, сот залынан сыртта өтіп жатқан өмірдің құбылыстарын жақсы білмесе болмайды, бәрін бір-бірімен белсенді ұштастыра білуі оны кәсіби табысқа жетелейді. Заңгер өз мамандығының жолында сан алуан кәсіп иелерімен жүздеседі. Сол мезеттерде де ол бағаны жоғары ұстап, мәдениеттілігін мәнерлеп, өзі ойлаған ойдың мүддесінен шыға білгені алға апаратыны сөзсіз.

Заңгер тілге аса болмаса да мамандығы тұрғысынан тыңғылықты, тындырымды, сеніммен нық сөйлесе аудиторияны сендіре алады, соңынан ерте алады. Өйтпесе, тыңдаушылардың тұшынбай қалуы мүмкін. Білімі болса, алып шығады. «Белгілі болса – жолдан жаңылмас. Білімі болса – сөзден жаңылмас» деген екен Махмуд Қашғари. «Біздің білуімізде ешқандай шет те шек те болмақ емес. Өйткені білудің өзі шексіз»,- дейді Паскаль.

Академик ағамыз Салық Зиманов сөйлесе аудиторияның тынып, тыңдап қалуы не себепті дерсіз. Біріншіден сөзді алдымен еркін кең тыныспен толыққанды етіп бастайды, екіншіден тілі көркем нәрлі келеді, үшіншіден білімділігі көрініп тұрады, төртіншіден айтарын шашпай, шашыратпай жинақы, жұмыр етіп бере біледі. Бесіншіден, ұзақ сөзге бармайды, қысқалық, нұсқалық мақсатынан шығады. Заңғар заңгердің және бір ұтымдылығы екі тілде еркін сөйлейді. Шешен сөйлеу мен шебер жазуды біріктіре білген С.Зиманов кейінгі келе жатқан көптеген жас юристерге жаңа үлгі деп танимыз.

Демек юристің жазу мәдениетіне, оның соттағы сөйлеу мәдениеті саймасай келсе толыққандылықты дәлелдейді. Әдетте айыпкерді қаралаушы, яғни прокурор жылатса, қорғаушы адвокат жұбатады. Сот процесі де кейде сырттай қарағанда спектакльге белгілі бір сценарийі бар қойылымға ұқсап тұрады. Бірақ сот – сахна емес, прокурор, адвокат артист емес. Сөйтсе де әркім өз ролін мықты орындап шығуға құқылы. Юрист адамға тіл мәдениетін ұстанбаса, ұтылады. Тіл білімге, білім біліктілікке апарады.

Жұрт алдында сөйлеудің мәдениеті жайында аз айтылып келе жатқан жоқ. Әсіресе, соттағы сөз оймен, мөлшермен, нақты айтылуы ләзім. Сөз көбейіп кетсе, оның арты суға ұласып кетеді. Прокурордың немесе адвокаттың сөзі дәлелсіз, дәмсіз, құрғақ боп келсе сот процесінің ұтары шамалы болмақ. Айыпталушының, ақтаушының да, соттың да тілі таза, түсінікті әрі заңға сүйеніп тұрса әділет салтанат құрады.

Сөз ойға бағынсын, оның алдында қызмет жасап жүгіріп жүрсін. Соттағы диалог, жарыссөздердің жанын кіргізіп тұратын құдіретті нәрсе ол – Ой. Ойсыз айтылған сөздің оймақтай да салмағы жоқ екені хақ. Соттағы сөз ай қандай жарық сүттей жарық боп тұрса, сондай ап-анық болуы тиімді-ақ. «Стильдің мәртебелілігі анықтығында, егер сөз анық шықпаса мақсатына жете алмайды» деп Аристотель орынды атап кеткен.

Ал анықтыққа жетудің жолы-материалды мұқият меңгере білуде, сөздің бас-аяғының жұп-жұмыр боп шығыуында, логикасының мықтылығында, аргументтердің талас тудырмайтындығында екені аян. Соттардың сөзі тым жоғары шалқып көтеріліп керпей қарапайым да болса нық, алайда, қарапайымдылықты қарадүрсінділікке апаруға болмайды. Риторикалық әдістер, синтаксистік конструкциялар, теңеулер, метофорлар орындарында болуы лайықты. Бұған жетудің өзі оңай емес, егер соттағы сөзге заң терминдері жиі араласып, тіл шұбарланып кетсе ешкімнің де зердесіне жетпей қалады.

Заңды, ішті түбегейлі білмей тұрып сөйлеу күңгіртікке, түсініксіздікке апарады. Заңгер заң  терминдерін орынды, онымен қолданбай үстемелетіп қойыртпақ жасап жіберсе таңдай тұшытатаын, көңілге қонатын сөз шықпайды.

Шешендік дау қазақтарда бірнеше түрге бөлінген. Атап айтқанда жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы және ар дауы дейді. Соты жоқ, прокуроры жоқ қазақ даласында қазылық институты өмірдің өзі осылай қалыптастырған. Билік, төрелік мәселесін ақсақалдылар, даналар алқасы жөнімен жөн-жосығымен шешіп берген.

Бертін келе қазақ хандары қазылықты билік жүргізген, салым-салық салу, қаражат жинау жағына жақындастырып, іс пайдасына шешкен жер, су, өріс, шабындық дауы арасында жиі кездескен көріністер тобына кіреді.

Хандар мен билердің заманында Қасқакөл деген бір көл үлкен даудың төңірегінде айналса керек. Содан Ұлы жүзден – Төле би, Кіші жүзден – Әйтеке би, Орта жүзден – Орманбет би Қасқакөл мәселесін біріңғай етпек боп жиналысты. Сонда Төле би тұрып: « – Ей, Орманбет мен әлі тірімін, өлген жоқпын. Бұдан бұрын әлденеше рет сәлем айтсам да сен келген жоқсың. Ер кетер, жер кетер ешкімге опа қылмас дүние – бекер. Сен бізден жасы кіші баласың, біз барып айттық, сен ілгері көңілдегіңді аларсың» – дейде Төле.

«Бай болсаң халыққа пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін, бай болып пайдаң тимесе, батыр болып найзаң тимесе жұрттан ала бөтен үйің күйсін де» дейді Әйтеке.

Сонда Орманбеттің айтқаны мынау екен:

Екі би айтқан сөзің жарасады,

Еншіге әркімдер-ақ таласады.

Қасқакөл орта жүздің үлесі еді,

Дауларың қиянатқа жанасады.

 

Қанағатсыз билерді қабан деген,

Қамшылатқан жүйрікті шабан деген.

Біреудің ақысына зорлық қылған,

Қиянат қияметте жаман деген.

 

Төле би сонда былай десе керек:

 

Ей Орманбет, Сен бізге Қасқакөлді беріңіз

Қасқакөл Сізге, рас жақынырақ жеріңіз.

«Бардан пайда жоқтан залал» деген,

Не берсе артының қайырын тілеп көріңіз.

 

Үш жүздің ортасында Қасқакөл бар,

Әр жерде ауыз суық басқа көл бар.

Үш бөліп енші қылып алысайық,

Жер жетер, көңіліңді ұстана тар.

Сонда да Орманбет көнбей қояды. Анасы ақылымен көндіріпті деседі. Төле би сонда разылығын былай білдіріпті:

Әйел жақсы болса елдің басшысы емес пе,

Бұрынғы өткен жақсылар солай деген емес пе.

Қасқакөлден енші аламын деп келіп едім,

Орманбет бермесе осы жерде өлім едім

Жетпіс жасқа келгенде сөзім жерде қалып,

Мәңгіге тірілместей болып едім

Жеңгей мені қайта тірілттіңіз.

Енді балаңызға бата берелік – депті

 

2006.- 26 қаңтар.

 




One Response to  «ДИУАНИ ХИКМЕТ» ТҮРКІ ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРҒА ОРТАҚ ҚАЗЫНА ЖӘНЕ ОЛ ТҮРКІ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАР ӘЛЕМІНДЕ

  1. асем says:

    диуани хикметтің 1хикметі керек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑