banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2013 | 838 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Дүние жүзіндегі барлық түрік халықтары үшін жарамды деп танылған  латын текті 34 қаріп  

Әбдіуақап Қара,

Стамбулдағы Синан университетінің професоры, Тарих ғылымдарының докторы:

        Қазақ елі 1-ші желтоқсанды «Тұңғыш Елбасы Күні» деп жариялады. Осыған орай Түрік Кеңесі (Түркі елдері ортақ кеңесі) үстімiздегі жылдың 1-ші желтоқсанында Стамбұлдағы Түркі Елдері Мәдениет Үйінде «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» атты «Дөңгелек стол» ұйымдастырды. 

    «Дөңгелек столға» Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев, Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы «Түрік елдері департаментінің» бұрынғы басшысы профессор А.Андижан, Түрік елдері турасында қалам тартып, өзінің ғылыми уәждерін айтып жүрген ғалым, профессор М. Сарай, түрік тілдерінің үлкен білгірі, ғалым, профессор О.Серткая, Стамбұл Университеті жанындағы «Түріктану Институтының» басшысы профессор Х.Девелі сияқты ел ағаларымен қоса, ғалымдар, докторанттар, зерттеуші-аспиранттар қатысты.

«Дөңгелек столға» қатысушылардың баяндамаларымен қоса өзіміздің айтқан уәждерімізді жеке мақала ретінде жарияламақ ойымыз  бар. Мұнда Түрік Кеңесі Бас Басқармасы төрағасы Халил Акынжынын ашылу рәсімінде жасаған баяндамаларымен қоса, сол баяндамада аталып өткен бір-екі пікір туралы ой бөліссек дейміз.

           Х.Акынжы өз баяндамасында Кеңестің қабылдаған екі қарары туралы баса айтты. Оның біріншісі, қазіргі түрік тілінде «Түрік консейі» ретінде қолданыста жүрген кеңес, ендігіде түрік тілінде де «кеңес» деп айтылып «Түрік Кеңеші» яғни «Түрік Кеңесі» деп аталатындығын мақтанышпен атап өтті. Дерлік барлық түрік тілдерінің ішкі заңдылықтарына жат, кірме сөз болып табылатын «консей» сөзі, ендігіде көптеген түрік тілдерінде біршама уақыттан бері қолданылып, өзінің лексикалық функциясын айтарлықтай сәтті орындап жүрген «кеңес» сөзімен ауыстырылғандығын жоғары бағалайтындығын білдірді. Себебі бұл сөз Анадолы жұртшылығында ұмытылыңқырап қалғанымен ешқандай дау-дамайсыз  түркизм екендігін, сонау «Диван-ү Лұғат-ит Түркте» кездесетіндігін (қараңыз: Бесим Аталай, Divanü Lügat’it Türk, Aнкара, 1986, TTK Yayınları, 3.том, б. 365) еске салып өтті. Сонымен қатар бұл сөздің қазақ тілінде «кеңес» ал өзбек, қырғыз және басқа да түрік тілдерінде «кеңеш» түрінде айтылып-қолданылатындығын еске салып, ұсақ-түйек фонетикалық вариациялардың болымсыз көрініс екендігін білдірді. Мысалы, Осман елінен қалған ақпарат құралдары «советтер одағын» «шуралар бірлігі» яғни қазіргі қазақ тіліндегі калькасымен айтсақ «кеңестер одағы», немесе «кеңес одағы» деп атағандықтарының кездейсоқ емес екендіктерін байқайтынын білдірді.

      Бір кездері стамбұлдықтар саяси партиялардың құрылтай жиналыстарына «конгре» яғни «конгресс» деуші еді. Одан кейін қайтадан түркизмге көшіп «конгрені» «құрылтай» деп атай бастады. Бастапқы кезде бұл сөздің де жатырқап қабылданғанын, кейбір саяси партиялардың қарсы болғандығы да  есімізде. Ал қазіргі уақытта кеңінен қолданыс тауып, құлаққа жағымды да сіңімді болып кеткендігін көріп-біліп, шамамыз келгенше  естіп-қолданып жүрміз. Мысалы, Республикалық халықтық партиясы құрылтайы (CHP kurultayı), Патриоттық қозғалыс партиясы (MHP kurultayı) құрылтайы, Ақтар партиясы (AKP kurultayı) құрылтайы сияқты. Ал осы «конгре» сөзінің «құрылтайдағы» эмоционалды-экспрессивті реңкті бере алатындығына күмәнмен қарауға болады. Әрине, әрбір сөз бен дыбыстың өзіндік ерекшелігі, эмоциялық бояуы мен рухтық бағамы болатындығы айқын десек,  мұндай постулатты бірінші кезекте өзіміздің түркизмдерден іздеуіміз әсте орынды болмақ.  

        Екінші айтарлықтай жағымды хабар, Түрік Кеңесі Секретариатының өз  іс-қағаздары мен құжат-хаттамаларында 1990 жылдары басында Түркі елдерінен келген тілші-ғалымдартарапынан қабылданған 34 таңбалық Ортақ түрік әліпбиін қолдануы туралы қабылдаған ресми шешімі болып табылады. 

Өздеріңіз білесіздер, әліпби мәселесі, Кеңестер Одағы ыдыраған уақыттың басында-ақ сөз болып, үлкенді-кішілі жиын, конференциялардың негізгі тақырыптарының  бірін құраған еді. Асылында, қазіргі түрік тіліндегі «Түрік дүниесі» деген атаумен қолданысқа енген бұл сөз өзімен бірге осы алфавит мәселесін де ала келді. Алғашқы нақты әрекет 18-20 қазан, 1991 ж. Стамбұлдағы Мармара Университеті жанындағы Түріктану Институты ұйымдастырған «Қазіргі түрік әліпбиі» атты симпозиумда тілші-ғалымдар тарапынан қабылдаған бір шешімге тікелей байланысты болып, мұнда «Түрік дүниесі» үшін яғни дүние жүзіндегі барлық түрік халықтары үшін жарамды деп танылған латын текті 34 қаріптен тұратын әліпби ұсынылды.  Ал осы 34 қаріптің негізін, яғни 29 таңбасын Түркия түріктерінің қолданып жүрген қаріптері құрастып, бұл тілден басқа түрік жұрты қолданып жүрген арнайы дыбысқа икемделген мынадай таңбалар қосымша қабылданды:  Ä ä, X x, Q q, Ñ ñ, W w.

Бұдан кейін де осы келелі мәселе күн тәртібінен түспей аракідік халықаралық деңгейде сөз болып, ғалымдарымыздың қалам тартып, пікір айтатын ірі тақырыбына айналды. Мысалы 29 қыркүйек пен 2-ші қазан 1992 ж. Бішкекте өткен Түрік Республикалары мен Түрік мемелекеттік құрылымдары Білім Министрлігі өкілдерінің 2-ші Халықаралық конференциясы;  8-10 наурыз, 1993 ж. 5 тәуелсіз Түрік Республикасы қатысқан және Түрік іскер топтары мен Даму агенттігі  (ТИКА) ұйымдастырған Анкарадағы «Әліпби мен емле мәселесі»  атты Халықаралық конференция; 21-23 наурыз, 1993 ж. Анталияда өткен «Түрік мемлекеттерінің достық, бауырластық және ынтымақтастығы құрылтайы» атты ірі жиында да қолға алынып, осы 34 қаріптік әліпбиге өту қажеттілігі турасында ортақ мәміле қабылданған еді. Осы жиындардың барлығы 1926 жылы ұйымдастырылған атақты Баку Конференциясының  ізбасары ретінде тарихқа енді.

     Алайда ең қызық жағы сол, ірі-ірі халықаралық әлеуметтік-экономикалық жобаларға қол қойып, бірлескен кәсіпорын ашуда ұмтыла алға басып отырған түрік елдері нақ осы мәселе, яғни әліпби мәселесін табаны күректей 20 жылдан бері қаузап, «айналысып» келе жатқанымен «ешнәрсе бітірмей отырған»  жайы бар. Бұл өз кезегінде, әліпби мәселесінің сырт көзге «ұсақ» болып көрінгенімен қандай ауыр да маңызды проблема екендігінің көрсеткіші болса керек.

        Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстанды есептемегенде Азербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан латын тектес әліпбиге көшіп болды.  Дегенмен, бұл «көшуде» 1991 ж., 1992 ж. және 1993 ж. тілші-ғалымдардың сын-ескертпелері мен ұсыныстары қаперге алынбай, ортақ әліпби тұрғысында бірізділік сақталмақ түгіл бір ғана фонеманың  оннан аса варияциясы ілеспелі-қайталанбалы және ең маңыздысы «бір-біріне ұқсамай» қолданысқа еніп кеткен жайы бар.     

      Әгәрәки, әрбір түрік елі осы мәселені асықпай-саспай жан-жағын бажайлап шешім қабылдағанда «бір оқпен екі қоян қаққандай» кейбір мәселелер өзді-өздігінен және атоматты түрде күн тәртібінен түсіп қалар еді. Мұнда Түркияның ондаған жыл бойы тірнектеп жиған тәжірибесі де ескерілмей, Анатолия түрігінің 28 латын қарпі де «әдірем қалды». Сөйтіп,  мұндай ірі іс сөзбұйда мен санасыз  әрекеттің құрбаны болып, даңғарадай 250 миллиондық түріктің қолынан сытылып бара жатқандай көрінеді. 

 

2012 ж.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑