banner-top12

Тарих толқынында 380310_415546271799638_666157101_n

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 1  920 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы

ОРАЗАНБАЙ ЕГЕУБАЙ

 

Әлемдегі күллі қазақ және шетелдер бірқыдырудан бері құлақ түріп келген «Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы» да дүркіреп өте шықты. Мәдениет, әдебиет аясында Қытай Халық Республикасынан ұсыныс-келісім негізінде жұмысқа келген шетел маманы санатында бұл құрылтайда мен де болдым. Кейінгі кездерде дағдыма айнала бастаған әдетім бойынша күнделік жазатын дәптеріме естелік қалдырдым. Енді сол естелікті баспасөзде жариялап құрылтайға қатынаспаған қандастармен ортақтасуды жөн таптым.

Құрылтайдың күллі дайындығы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей ұйымдастыруымен аяқталған. Жер жүзінің түкпір-түкпірінен құрылтайға келетін өкілдер 18 қазанан бастап Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматы мен облыс орталығы Шымкент қаласына ат басын тіреді. Алуан түрлі шараларға қатынасты. 20 қазан күні Алматының орталық концерт залында Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, Күләш Бәйсейітова атындағы әншілер байқауының жүлдегері Тілеубек Қожанұлының құрылтайға арнаған «Ардақты атамекенім» атты ән кешін тамашалады. Қытай Халық Республикасының І дәрежелі әртісі Күлмән Шүленбайқызы мен Ермұрат Зейіпхан, Құрманбек Әлімғазы, Риза Қайырбайқызы қатарлы белгілі әншілер де сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсетті. Ел бірлігі, сағыныш жөніндегі халық әндері, қазіргі заман композиторларының туындылары, сонымен бірге Италияның классикалық және қытай әндері шырқалды. Қытай Халық Республикасынан келген арнаулы үйірме тұтас құрамымен кеште болды. Ән кешінің иесі Тілеубек Қожанұлы үйірме бастығы Асхат Керімбайұлына құрметтеп зерделі шапан жапты.

21 қазан: меймандар арнаулы поезбен Алматыдан аттанып Оңтүстік Қазақстан облысына бет алды. Облыс орталығы Шымкент қаласында салтанатты қарсы алу рәсімі болды.

22 қазан: қойнауы сыр-шежіреге толы Сайрам ауданына барды. Қонақтар ең алдымен осы аудандағы Қожа Ахмет Иассауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне зиярат етті. «Мәртөбе» кешенімен танысып, атақты Абылай хан мен үш жүзге билік айтқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің тұлғалары сомдалып, қанатты сөздері халық есінде тағы бір жаңғыртылған, облыс өнер шеберлері құрылтайға арнап театрландырған «Мәртөбе биік болсын»  атты көлемді, көрікті көріністі көрді. Ордабасы ауданындағы «Ордабасы» мұражай қорығында серуенде болды. Одан соң Отырардағы Арыстанбаб кесенесіне ат басын тіреп, аруақтарға тағзым етіп, зияратта болды. Кешке қарай жиын дүниенің Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Америка, Түркия, Түркіменстан, Қырғызстан, Германия, Швеция, Иран, Ауғанстан, Австрия, Франция қатарлы 34 елінен сағынып келген 410 өкіл, Қазақстанның өзінен 130-дай кісі құрылтайдың негізгі шаралар атқарылатын 1500 жылдық тарихқа ие Түркістан қаласында бас қосты.

23 қазан, сәске түс: өкілдер мен Түркістан қаласының тұрғындары көне ғасырдың зәулім ғимараты Қожа Ахмет  Иассауи кесенесінің шалқар алаңына сап-сап болып бой түзеп қалың жиналды. Екі қолында жетектеген екі бүлдіршіні бар, үшеуінің де дидарынан шаттық алаулаған Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев келді. «Нұр дидарыңнан, қазақ елін тұғыры берік тәуелсіздікке жеткізгеніңнен, Қазақстаннан айналайын!!!» деген алақайлаған алқау үндерден, Елбасының қолын бір ұстап, жалғыз ауыз болса да тіл қатысып қалуға ынтызар болған көпшілік тебіренісінен бүкіл алаң теңіздей теңселді, құрақтай шалқыды.

Елбасы дүниенің алыс-жақын елдерінен келген бірқатар қарияларға сәлем берді. Дамыл-дамыл қол көтеріп қалың жұртшылыққа құрмет сыйлады. Құрылтай құрметіне және бабалар аруағына арнап шалынған көк қошқар — ақ сарбасқа елмен бірге бата берді. Ұлы аруақтарға құрмет көрсетіп, Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне зиярат жасады. Құрылтайдан ескерткіш қалдыру мақсатында аспанға бой созған биік зәулім шаңырақ, шаңырақ астында қабырғасына «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген сөз жазылған үлкен бесік жасалыпты (шаңырақ — үйіміз, Отанымыз, қазақ жері, елі; бесік — еліміздің түп тамыры деп түсіндіріледі). Осы алып ескерткішті көрді. Қолөнер шеберлерінің көрмесін аралады. Есімхан алаңының алдындағы сары жезден құйылған дәу қазанға байыздады. Ол жерде бала шағында құжат беретіндер ұлтын өзбек деп жазып жіберген, Ұлы Отан соғысының өртіне өзбек болып кіріп қан майданнан Кеңестер Одағының батыры атағымен оралған, жасы сексенге таяғанда қазақ ұлтын қайта тапқан, атамекенге тәуелсіз Отанның 10 жылдығы орайында оралған Расул Есетов есімді батыр бастаған бір топ ақсақалдар күтіп тұр екен. Президент ақсақалдарға қол беріп, ел жайын, өз күйлерін ұғысты, сол жерде Расул батырға жеңіл көлік машина мінгізді.

Ескерткіш тұғырына көтерілген Елбасы бір ауыз болса да сөзін аңсаған ел-жұртына «Қазақстанның экономикалық әлеуеті артып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығайып келеді. Көрші мемлекеттермен шекара белгілеуді аяқтадық. Дүние жүзінің қырыққа тарта елінен қандастарымыз Отаным, бауырларым деп келдіңіздер. Осыған жеткенімізге тәуба делік» деді ағынан ақтарылып. Есімхан алаңындағы шағын концертті тамашалағанда да, «Түрік дүниесі тарихы» мұражайының және Халықаралық қазақ-түрік университетінің бас ғимараты құрылысын аралағанда да, киіз үйлерде бабалар аруағына арнап ас берілгенде де Елбасы көпшілікпен бірге болды.

Сағат 15-тен 30 минут өтті. Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев дүние жүзі қазақтарының екінші құрылтайына «Бұл құрылтай — қазақ халқының жаңа мың жылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқандығының белгісі» деген тақырыпта баяндама жасады. Естелігіме үлгергенімше қарбалас түсіре бастадым.

«Ардақты ағайын! Құрылтайдың құрметті қонақтары! Бүгінгі күн — жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы күн екендігі күмәнсіз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашыраған қандастарымыздың 400-ге жуық өкілдері әлем қазақтарының екінші құрылтайына жиналып отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, ағайын!»

«Ел бірлігін нығайтуда ұлттық мәдениеттің, әдебиет пен өнердің, дәстүр мен әдет-ғұрыптың орны ерекше. Біз әлемдік мәдениеттің құндылықтармен үндесіп жатқан жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек».

«Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі, әрине, тіл. Өйткені толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес».

«Біз қазақ халқы — мемлекеттің негізін құраушы, оның тағдырына жауап беруші, ішіміздегі өзге ұлт өкілдеріне өнеге көрсететін, барлық істе бастамашы болуға тиісті ұйытқы халықпыз. Сондықтан үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсетілген жөн».

«Діннің тұтастығы қашанда елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан белгілі».

«Сіздер сыртта жүрсеңіздер де туған елдің тұғырының биіктей беруіне тілектес екендіктеріңізді жақсы білеміз. Ал, ол тұғыр қайткенде биіктей бермек? Ол үшін не қажет? Ол үшін халқымыздың уыздай ұйыған ынтымағы қажет».

«Экономика мәселелерін түбегейлі шешу үшін ең алдымен замана талабына сай қарымды, ойы ұшқыр, зерек те зейінді мамандар керек. Оларды даярлау қажет. Еліміз білгір де білікті мамандар даярлау үшін қажет қаржыны тауып отыр. Республика көлемінде бүгінгі күннің талаптарына сай келетін жаңа мамандар тәрбиелеп шығатын жоғары оқу орындары жүйелі жұмыс істейді. Бұған қосымша шетелде көптеген жастарымыз білім алып жатыр. 700 қыз-жігіттеріміз жас маман болып оралды. 200-ден астам университеттерімізде мұнай мен газ, кен-металлургия, ауыл шаруашылығы сияқты жетекші өндіріс салалары мен әділет және құқық қорғау органдары үшін нарық экономикасының талаптарына, бүгінгі күннің қажетіне сай мамандар даярланды».

«Дүниеде қазақ деген ұлт біреу. Демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы барша қазаққа тән. Оның ғажайып мол рухани қазынасы да — бөліп-жаруға жатпайтын ортақ байлық. Сондықтан сырттағы қазақтың әдебиеті, мәдениеті Қазақстандағы қазақтың әдебиеті, мәдениеті, өнері деген қолдан жасалатын шет-шекара болмауға тиіс. Тағдырдың жазуымен туған топырақтан шеттеп кетуге мәжбүр болған ата-бабаларымыз бен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қазынаны шашпай-төкпей жинап алуымыз, оны атажұртта және барша әлемге таныстыру маңызды шаруа».

«Мен Елбасы ретінде Қазақстанның ішкі-сыртқы жағдайларына байланысты туындап жататын көптеген мұрат-мақсаттарды орындау мүддесіне сай Еуропа мен Азияның, Америка мен Африканың бізбен саясат пен экономиканың әр саласында ынтымақтастық орнатқан белді-белді елдеріне ресми сапарларға жиі-жиі шығып тұрамын. Осындай сапарлар барысында қазақ диаспорасы бар елдерде өз ағайындарымызбен кездесу мүмкіндігін әр кез пайдаланып жүрмін. Олардың соңынан ерген ұрпақтың атамекенде оқып, білім алуына, тіл мәселесіне қатты алаңдап жүргендерін сезінемін. Бұл өте-мөте зәру мәселе. Мұны ықтияттықпен шешуіміз керек».

«Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын отандастарға қамқорлық жасауда соңғы он жылда қол жеткен табыстарымыз аз емес. Алыстағы ағайынды ұшақпен көшіріп алатын ел Қазақстаннан басқа қайда бар! Әйтсе де бұл жетістіктеріміз бен табыстарымызға тоқмейілсіп, орта жолда іркіліп қалуымызға болмайды. Біздің алдымызда жаңа міндет, биік мақсаттар тұр. Бұл міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру — бүкіл халқымыздың өсіп-өркендеуіне, жаңа мың жылдықта жаңа асуларға көтерілуіне тікелей ықпал етеді».

«Қазір Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын қазақтардың саны 5 миллионнан асады. Міне осыны ойлағанда, 40-тан астам шетелдерде тұратын, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтың үштен бірін құрайтын бауырларымызды ертең, яғни елу жылдан кейін, жүз жылдан кейін не күтіп тұр деген сауал көкірегімізде еріксіз оянады».

«Қытайдағы бір жарым миллионнан астам бауырларымыздың бүгінгі таңдағы ұлттық өркендеу үрдісі жақсы. Ана тіліміздің бай, шұрайлы ортасы сонда қалыптасқан. Қазақтың ежелгі мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қаймағы бұзылмай сақталып отыр. Қазақ халқының баға жетпес асыл мұрасы — ауыз әдебиетінің де басты бір бөлегі Қытайдағы бауырларымызда».

«Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы — Таңжарық Жолдыұлының шығармалары туған әдебиетіміздің төрінен лайықты орнын тапты. Ақиық ақынның алдағы жылы туғанына 100 жыл толатын мерейтойының Қытай мен Қазақстанда жоғары дәрежеде аталып өтетініне күмән жоқ».

Осы екі мәселені естелігіме түсіріп отырғанымда менің көзімнен жас ыршып-ыршып кетті, көңілім ғажайып тебіренді. Соңғы жарты ғасыр шамалы ғұмырымның ел мұрасы мен Таңжарық тағдырының ыстық-суығына арналып келе жатқандығынан және бұл жоғары баға мен ыстық ықыластың Президент аузынан бүкіл жер жүзі қазақтарының өкілдері алдында айтылғандығынан болар…

«Біз сіздердің қай жерде жүрсеңіздер де ата-бабаларымыздан дарыған асыл қасиеттерімізді, салт-дәстүріміз бен ана тілімізді аялап сақтайтындықтарыңызға Қазақстанда тұрып жатқан қазақтар кәміл сенеміз».

«Сыртта жүрген кейбір ағайындарымыз өнер-білімдері биік өркениетті елдерде тұрып жатыр. Сондықтан шетелдегі бауырлар сол жақтың жоғары білімімен сусындап, Еуропа мен АҚШ-тың, Жапонияның ғылымы мен техникасын, іс жүргізу тәсілдерін меңгеріп елге оралып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Ол мамандарға жағдай жасалуы керек. Отанына келгенде сол бұрынғы еліндегі жалақысынан кем жалақы алып, жағдайы нашар болмауы керек».

«Жарты миллионнан аса қазақ атажұртына оралды. Мен бірде айтқан едім, аман болсақ біздің елге оралған қандастарымызға Германия мен Израилдай көмек жасаймыз деп. Оған да жетерміз. Қазір істеп жатқандарымыз осы үлкен істің бастамасы деп саналуы керек. Алдағы уақытта көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайта беруді жоспарлап отырмыз. 2003 жылғы квота бойынша 5 мың отандас келетін болса, 2004 жылы ол 10 мыңға, 2005 жылы 15 мыңға жетеді. Ал енді бұл квотаның үстінде өз жағдайларымен елге көшіп келемін дегендерді құшақ жая қарсы аламыз».

«Шетелде өсіп-ер жеткендіктен оралғандар Қазақстанға алғаш келгенде біраз қиындықтарға кездеседі. Қиындықсыз бұл дүниеде не бар. Оған да төзу керек. Қазақстанға барсақ бізді үкімет өмір бойы бағып-қағады екен, ондаған жыл бойы неше түрлі жеңілдік жасап асырайды екен деген ұғым тумауға тиіс. Біз шалқамыздан түсіп жатамыз деп ойламаңыздар. Оралмандар Қазақстанның барлық халықтарымен тең өмір сүріп, еңбек етуі қажет. Атамекен сіздерді асыға күтеді, құшақ жая қарсы алады. Қолдан келген бар мүмкіндікті жасайды. Бұл біздің парызымыз. Қандай іспен шұғылданамыз десеңіздер де мүмкіндік табылады. Келіңіздер де, айналайын қазағым, өз елдеріңізде өмір сүріп байыңыздар».

«Осы арада мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде шетелде тұрып жатқан қандас бауырларға екі нәрсе үшін өзімнің ризашылығымды білдіремін: біріншіден, атажұрттан алыста жүрсеңіздер де қазақтың тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұмытпай, ұлттық сипатты жоғалтпай, бүгінгі рухани тірлігімізді төл қазына көріп, байытып, өздеріңіздің Отанға деген сағыныш сезімдеріңіз бен ұлттық патриотизмге жаңа серпін беріп отырғандарыңыз үшін  рахмет айтамын; екіншіден, қазақ халқының бойындағы ұлттық қасиеттердің бірі — далалық кең пейілділік, ақылға жүгінген шыдам мен сабыр болса, сіздер сол қасиеттерді көтеру арқылы өздеріңіз қазір тұрып жатқан елдеріңіздің саяси тұрақтылығына, ұлтаралық келісіміне үлестеріңізді қосып жүрсіздер деп білемін. Және сол үшін сіздерге өзімнің ақ алғысымды арнағым келеді. Қай жерге барсам да ешбір елден қазақ диаспорасы тынышымызды алды деген сөзді естіп көрген жоқпын. Бұл да ұлттық деңгейдегі естиярлықтың белгісі».

Баяндама аяқталғанда бүкіл залдағылар орындарынан тұрды. Алғысқа толы ұзақ алақан соқты.

Президент баяндамасынан кейін Қытай Коммунистік партиясы орталық комитетінің кандидат мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы райондық партия комитеті секретарының орынбасары, делегация бастығы Асхат Керімбайұлына сөз берілді. Залды ду қол шапалақ кернеді. Сөзінде Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасында толассыз гүлденіп келе жатқан мәңгілік достық қарым-қатынасқа баса тоқталды, ондағы қазақ халқының материалдық, рухани жай-күйін жүйелі таныстырды, әлемдегі күллі қазақ халқына бақыт тілейтіндігін айтты.

Ресейден Никита Ысқақов, Германиядан Әбдірахман Шетин, Америка Құрама Штаттарынан Есімхан Қосжігіт, Түркия қазақтары орталығының төрағасы Дәлелхан Жаналтай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Монғолиядағы бөлімшесінің төрағасы Мизамхан Күнтуғанұлы қатарлы мырзаларға да сөз берілді.

Құрылтай іс-шараларына орай Президент атынан кеште меймандарға үлкен қонақасы берілді. Соңы құрылтай қонақтары бірімен бірі танысып, сырласатын, ойын-концерт көретін еркін қимылға ойысты. Әсіресе «Есімхан» алаңындағы театрландырылған көрініс пен Қазақстанның әйгілі өнер жұлдыздарының құрылтайға арнаған концерттерін және «Әділеттің ақ жолы немесе Президенттің жүрегі» атты спектаклді ерекше ынтамен тамашалады, Түркістан қаласының күндізі ғана емес сол күнгі түні де өзгеше шаттық түске, асқақ думанға бөленіп күннің шығуына ұласты.

Шетелдегі бауырларымыздың ешқайсысы аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Отанға оралса атамекен Кеңестен дербестік алғандығы үшін, сол қасиетті тәуелсіздікті баянды етуге қалған ғұмырларын, күш-қайрат, білім-таланттарын арнау, тәуелсіз Отанына шетел босағасында жүрген ұл-қыз жас ұрпақтарын мәңгілік тамыр тарттыру үшін оралды. Сондықтан оралған қандастардың бел буып келген армандарын іске асырарлық жағдайда орналастырылуы қажет. Ал қазірше оралуға үлгере алмай жатқан шетелдегі қандастардың мәдениеті мен салт-дәстүрін, ана тілін, оқу-білім саласындағы жағдайын өздері тұратын этникалық ортада дамытуға тәуелсіз Қазақстан олардың мәдени орталықтарына қолдау көрсетуі, Қазақстандағы ірі-ірі мәдени шараларға олардан еңбегі сіңген өкілдерінің тұрақты шақырылып қатынастырылуы, белсенді мүшелерін марапаттап түрлі, құрметті атақтар беру мәселесін де ескеруі, шетелдердегі қазақ мектептері мен басқа да оқу орындарына көз қырын салып, ұстаз-мамандармен, оқу құралдарымен, компьютерлермен қамтамасыз етуі, Мәдениет үйлері, кітапхана сияқты мәдениет ошақтарына түрлі жәрдемдер көрсетуі, Қазақстанда шығатын түрлі әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды алып тұру мәселесін жолға қоюы және дүниежүзі қазақтарының құрылтайын бұдан былай 10 жылға созбай, 5 жылда бір өткізіп тұруы керек. Ол шетелдегі ағайындар үшін де, атамекендегі қазақтар үшін де, ұлтымыздың қордаланған өзекті мәселелерін бірлесе шешу үшін де аса қажетті дегендер тектес келелі пікірлерді шын пейілдерімен, жан жүректерімен тілдеріне тиек, тілектеріне арқау етті.

Сағат 13.30 тәуелсіздікке, іргелі елдікке тәубе дескен қандастар Алладан бейбітшілік, бақытты өмір тілеп Қожа Ахмет Иассауи кесенесі іргесінде бозқасқа тұлпарды құрбандыққа шалды. Бата аяқтай салып, ұлттық спорт ойындарын тамашалауға машиналармен қала сыртындағы ипподромға (ат бәйгесі алаңына) бет түзеді. Аузымен құс тістеген Қазақстан және халықаралық талай реткі жарыстарында жүлделі келген желаяқ жүйріктердің 3 түрге бөлінген ат бәйгесі өтті. Көкпар тартылды. Түйе палуандар жарысқа түсті. Асауға бұғалық тастау, қойды пышақсыз іреп сою, сүзеген бұқамен айқасу, малдас құрып отырып соққы беру жекпе-жек ойын түрлері көрсетілді. Бас жүлдегер «Волга» маркалы жеңіл автокөлікпен, екінші, үшінші жүлдегерлер түсті телевизор, бейнекамера, бейнемагнитофон сияқты бағалы заттармен сыйланды.

Сағат 17: өкілдер Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығына қайта жиналды. Дүние жүзі қазақтары екінші құрылтайына қатынасушылардың Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Алаштың абыройын асырдыңыз» деген атпен жолданатын алғыс хатын және «Қазақстан — барша қазақтың тірегі» деген тақырыппен күллі қазақ халқына арналған үндеу хатты қабылдады. Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының басшылық құрамын — төрағалар алқасын сайлады. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев бірауыздан төрағалыққа сайланды. Төрағаның бірінші орынбасарлығына Қ. Найманбаев бекітілді. Сайланған төралқа мүшелерінің қатарында тағы Қазақстан Республикасының вице-премьері  Б. Мұхаметжанов, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі М. Құлмұхаммед, Германия азаматы, Еуропа қазақтары мәдени орталығының төрағасы Ә. Шетин болды.

Сайлаудан кейін шетелдегі қазақ ақындарының мүшәйрасы және ХХІ ғасыр жастарының зерделік байқауы өтті. мүшәйрада қытайлық ақын Сәли Сәдуақасұлы бас бәйгені жеңіп алды.

Құрылтай өкілдерінің назарын аударған маңызды құжаттардың тағы бірі — дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы дайындаған «Шетелдегі отандастарды қолдаудың 2003-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» болды. Бағдарлама шетелдердегі қандастардың ұлт ретінде сақталуына, олардың мәдени-рухани, оқу-білім, ана тілі, салт-дәстүр салаларында өсіп-өркендеуіне және тарихи Отанына оралуына қолдау көрсету іс-шараларын тағы да ілгерілете түсуді бас мақсат еткен. Сол мақсат аясында бірінші, олардың тарихи қалыптасуы мен  қазіргі жағдайын ғылыми тұрғыдан зерттеуді көздейді; екінші, оқу-білім, мәдени-рухани жағынан және бұқаралық ақпарат құралдарын игіліктенуді ұйымдастырады; үшінші, тарихи Отанына оралуының заңдық-құқықтық жолдарын жетілдіреді; төртінші, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін одан ары кеңестеді; бесінші, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасауын, оларға жасалатын қамқорлықты бір жүйеге келтіреді. Ең бастысы — қазақ диаспорасына қолдауды мемлекет саясатының басты бір тармағы ретінде қалыптастыруды міндетіне алады.

Құрылтайдың қорытынды мінбесіне көтерілген Қазақстан Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөзінде: «Осыдан 10 жыл бұрын өткен құрылтай өмірге аяғын тәй-тәй басып келген нәрестедей қазақ деген халық бар екенін барша әлемге паш ету үшін жасалған болса, бүгінгі құрылтай 10 жасар арыстанның қайратының, 10 жасар қыранның әлемдік саясат биігіне шырқап көтерілгендігінің куәсі болып жатыр, — деді. Және, — Отандарыңыз осы, жазиралы далаларыңыз — осы, алтын бесік ел іші — осы. Алтай мен Атырауды орап жатқан ұлы далаға 10 Ұлыбритания, 5 Франция сиятын ұлы мемлекеттеріңіз — осы. Бұрынғыдай күмілжімей, бүгежектемей, бұқпантайламай Қазақстан деген елденмін, қазақ деген халықпын деп кеуделеріңізді тіктеп, еңселеріңізді көтеріп жүріңіздер» деп айшықты, ажарлы сөз тұжырымдармен шеттен келген ағайындардың көңілін тағы бір тасқындатып, мерейін көкке көтеріп тастады.

Қорытып айтқанда, Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы іс-шараларын 18 қазан, жұма күні Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматы қаласының төрінде бастап, 24 қазан — келесі жұма күні қасиетті Түркістан қаласының төрінде аяқтады. Осы күндерде қонақтар Қазақстанның түбегейлі, толық тәуелсіздікке қол жеткізгендігін, тәуелсіздікті шынайы, берік сақтап, нығайтып отырғандықтарын, нағыз демократиялық жолға түскендігін, нарық экономикасына жаппай көшкендігін, 10 жылдан астам мезгілде ғасырдан астамға пара-пар нәтижелер жасағандығын,  халықтар арасындағы достықты, қазақтың өз бірлігін сақтай алғандығын, халық тұрмысының — әлеуетінің күннен-күнге жоғарылап келе жатқандығын, қазақ мемлекетінің беделі әлем алдында аса зор көтерілгендігін, Қазақстан Президентінің, Қазақстан Үкіметінің, Қазақстандағы қандастардың өздеріне деген мейір-шапағатын, ыстық ықыласын өз көздерімен көріп, жан дүниесімен сезініп, ет құлақтарымен естіді. «Құрылтай салтанатты, тәртіпті, дүние жүзі қазақтары үшін айтулы құрылтай болды, естен кетпестей, айта жүрерліктей әсер алдық» десіп, ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатты сөзінің астарына терең бойлап, разы-қоштықпен, терең толқыныспен ел-елдеріне жол алды.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑