banner-top12

Жолсапар 521377_365520150178523_1270215063_n (1)

Қосқан уақыты Қараша 10, 2014 | 616 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Егей қазақ түріктері.

           Тақырыпты осылай қойғаныммен  түрік жұртының дәстүрімен ауытқып кетпесең жарар еді деген де ойда отырмын. Өйткені бұл елде сен анау,  сен мынаусың деп, ұлтқа, ұлысқа  бөлісу деген жоқ, діні, тілі, әдеп-ғұрпы бөлек азын-аулақ  еврей, ағылшын сияқты халықтан басқаның бәрі түрік аталады. Зиялы адамның қайсысынан болса  да  «Сіз қай ұлтсыз?» -деп сұрай қалсаңыз, «бізде түріктен басқа ұлт жоқ» – дейді. Өткен  жылы Түркияның бұрынғы мәдениет министрі  Намук Кемал қазақ телевизиясының тілшілерімен жүргізген сұхбатында, олардың «Сіздің елде қанша  қазақ бар?» – деген сұрауына:  «Бізде  59 миллион қазақ бар» -деп жауап беріпті. Соны естіген бір жолдасым  маған «Оу, Түркияда  жиырма  мыңдай қазақ тұрады дегендерің қайда?»- деп телефон шалғаны бар. Ал онда Намук Кемал «біз ұлтқа бөлінбейміз, қазақ болсақ түгел қазақпыз да,  түрік болсақ түгел түрікпіз» -дегенді тұспалдағаны еді. Сол жікке бөлінбей ұжымдасып кеткен қазақтардың  біразы Измирде тұрады.

Анкарадан Түркияның өз самолетіне отырып Измирге ұштық. Ол елдің оңтүстік  батысында, Егей теңізімен Ақ теңіздің  жағасына  орналасқан ең көркем өлке. Теңіз әсерінен  мұндағы ауа райы да, жер жаратылысы да  Анатоли аймағынан бөлекше… Аспаннан қарағанда  астыңнан тек көк бұйра орман, көгілдір айдын, жасыл алқап көрінеді. Таулардың етегінен төбесіне  дейін бұйраланып жатқан орманың  дені қолдан отырғызған зәйтүн (маслинник) ағашы. Құран Кәрімде адамға деген құдіреттің үлкен рахымы ризығы ретінде  айтылатын құрма мен зәйтүн орманы жапқан бұл топырақты  ислам тағылымынан хабары бар адам өзінше қасиеттейді. Нұрсұлтан Әбішұлы самолет ішінде жолаушы салонына шығып, қайсы бірімізбен әңгімелесіп, енді біреулерге интервью беріп, жарқын сапардың жайраңдаған көңіл-күйімен ұшып келгенбіз. Измир ауалаңында да сол кешегідей салтанатты қарсы алу, қалың адам. Тағы да көзге оттай басылған қазақ киімді ақсақалдар, тана-мойыншақ тағынып, гүл құшақтаған үкілі қыз-келіншектер. Самолет табылдырығындағы ресми қарсы алудан кейін Президент топ басында тұрған оқалы, шапан кестелі тақия киген  еңсегей бойлы адаммен  ықыласты амандасып жатты. Бұрын жүз көріспегенімізбен мен оны таныдым. Көптен  хат жазысып, телефон шалысып сурет алмасып тұратын едік. Мені ол да жаңылмай танып, ыстық қауыштық. Бұл осы Измирде тұратын қазақ, қазақ бауырлар ішіндегі басалқа  Шеризат Доғры еді.

Аэропорт аймағында жарты сағаттай аялдап, көпшілікпен қайта дидарласып жатырмыз. Анкарадағы екі күнде түрік сөзіне құлағы қанығып қалған жігіттер кезіккеннің бәрімен ортақ тіл табысып, мәре-сәре. Адамдар нөпірінің әр тұсынан жалынды сәлем жазылған көрмелер көзге түседі.

Машиналар тізбегі батысқа қарай тарта жөнелді. Бағыт – теңіз жағалауы. Егейдің ең көрікті жеріне  орналасқан Күре-Мари және Атакүлі демалыс үйлері.

Президент тобы түскен Күре-Мариды  былай қойып біз ат басын тіреген Атакүлінің әдемілігін айтып жеткізе алмайсың. Шың басынан теңізге төндіре салынған көп қабатты ғимарат. Асансорға (лифтке) отырған адам әлде аспанға ұшып бара жатқандай, не көктен түсіп келе жатқандай болып көрінеді. Өйткені ол тұп-тұнық әйнектен жасалған. Ең төбедегі барлау мұнарасына шықсаң көк теңіз көсіліп алдыңда жатады. Арасы үзілмейтін жаға жайлар бірінен бірі әсемденіп, көз қызықтырады. Шырқау биіктен қарағанда ту ту шыңырау жиекте шомылып жатқан адамдардың қимыл-қияпаты тұнық судағы ақ сазандай айқын көрінеді. Әрі биіктігінен, әрі тау басындағы бір шоқ гүлге ұқсағандығынан шығар, пансионат Атакүлі деп аталады. Бұл аспандағы айдар деген сөз екен.

Атакүлінің аспандағы  қабаттарының қараңғыда төмен түсуге батылы жеткендер түнделетіп суға шомылып үлгіріпті, бір талайымыз құлқынсәріден құлап, құмардан шықтық.

Аэропортта Президентпен толық тілдесе алмай қалған Шеризат кеше түнде ханымын және Еркін, Шолпан, Абылайхан атты ересек үш баласын ертіп, соңымыздан келіпті. Күре-Мариде күтіп отырып, Нұрекеңмен кездесудің сәтін де түсірді. Ертеңгі күннің үлкен-үлкен шаруасы бар, ресми программадан ауытқи берудің реті де жоқ. Осыны ескеріп Президент рахметін айтты.

– Нәумез болып қалдыңыз-ау? – дедім Атакүліге қайтып келе жатқанда. Ханымы сәл мұңайды.

– Оқасы жоқ, – деді Шеризат. – Бұған жеткізген Тәңірге де мың шүкірлік! Аузына әлем қараған қазақ патшаның парасатты дидарын көріп, қолын алса, шетте жүрген шермендеге аз олжа ма екен. Жолы болсын!

Ертеңгі сағат тоғызда жолға шығып, осы төңіректегі Лепеса деген бір тарихи орынды (әулие Мариямның Ғайса пайғамбарды туған жері) зиярат етпекші едік. Әлгі түні бойы теңіз жағалағанның, ала таңнан төмен жүгірістің салдарынан, тез жинала алмай, сәл кешігіп қалдық. Егейдің бал ауасына балбырап ұйықтап қалған кей жігіттер тәртібі тастай Сейдахметтің қаһарына да ілікті. Содан соң қасиетті Лепесаға сырттай тауап етіп, Измирге қайта қайтып кеттік. Асығып келеміз, басқаға емес, тұп-тура Шеризаттың “Алаш қымыз чіптілігіне” келе жатқандаймыз. Сағат 2-де Стамбулға ұшуымыз керек. Соған дейін Түркия топырағындағы жалғыз қазақ үйінде кең отырып, әңгіме шертпекпіз ғой…

Олай бола қоймады. Мұстафа мырза жарқ-жұрқ еткен бір машинамен алға түсіп алып аялсыз кете берді. Измир артта қалды. Кемел пашадан да өтіп барамыз. Картадан қарап, Шеризат жайлауынан да асып кеткенімізді аңғарамыз. Сөйтсек, Шынықойдағы сүт заводына бара жатыппыз. Қазаққа айран ұйытып, құрт қайнатқан таңсық болған ба… деп ренжігендеріміз де бар. Сүт заводының өзі шағын бір қала дерлік. Осы заманның ең жақсы техникасымен, озық технологиясымен жабдықталыпты. Шетелдің қаншасына өнім жіберсе, сонша тіл, сонша жазумен белгі қояды екен. Іскерлер ықыласымен-ақ көріп жүр, ал біз оған көздің ұшымен ғана қарап, ағайын үйіне қатты асықтық.

Ақыры Мұстафа мырзаны да көндірдік-ау!

Даңғыл қарамен (қара жол деген сөз) жүріп, бір сайға бұрылғанда бөктерде жатқан бір өңкей шабдар биелер табыны көрінді. Әне-міне дегенше-ақ  орданың ауласына тірелдік. Шеризаттың шүйгінді сайдағы шаңырағы осы. Ақ үйден әрі қарай қосалқы құрылыстар созылып жатыр. Анадайда қымыз блогы тұр. Ауланың оң жағында биебау. Бірақ, сауын да, құлын да басқа жерде болса керек, биебау басы жаздай жылқы жайлады дейтін емес, шалғыны жапырылмаған қалпында.

Тұрпаты біздің Көктөбедегі үйлерге ұқсайтын, сыртында олпы-солпысы жоқ, кереге, дөдегелері киіз үйдің дәл өзіндей қиюласқан, қалыңдығы орташа цементтен соғылған ақ ордаға кіріп іргелей отырыса қалғанда, отыз шақты адам қадау-қадау ғана болып қалды. Көзі жіті бір жігіттің айтуынша, еденде 32 кілем жатыр. Тас үйде отырғандай емеспіз, дауыс сыңғырлап, жаңғырып шығады.

Шәкеңнің сексендегі шешесі осы шаңырақ көтерілген соң қаладан мүлде безіп, осында келіпті… Бізді соқпай кете ме деп абыржыған екен, кірген бетте дұға оқып, бәрімізге батасын берді.

– Мұны салудағы мақсат – түрік жерінде қазақтың бір белгісі болсын дегеннен басқа түк те емес – дейді Шеризат. – Адамға ең әуелі Атамекен, сонан соң дәм қымбат. Түркі халқы үшін Алтайдан абзал мекен, қымыздан асыл дәм болған ба?! Елден кеткелі біздің көкіректегі қасірет осы  еді. Жерге жете алмадық сонсоң, отау көтеріп, бие байлап, көңіл жұбатып отырған жай бар.

– Үйдің  жобасын өздері әзірлеп, іші-сыртын Қытай елінен суретші шақырып әрлетіпті. Қабырғаларда қазақ мүліктері ілініп қойылған.

– Қымызды түрік ағайындар қалай ішеді.

– Қымыз бұл жақта жоқ тағам. Бірақ түрік ауыз әдебиетінде: “Ата-баба ішкісі (сусыны) көпіршіген ақ қымыз, арпа бидай суларын ішпе деген бір қырғыз”-дейтін өлең сақталыпты. Біздің басты жарнамамыз осы. Қымызды саудаға салған емеспіз. Сыртқы елдерден сұраныс мол. Биыл өткен халықаралық жәрмеңкеге 6 тонна қымыз алып барып едік, көп ерінге тимей де қалды. Пара табатын басқа да тіршілігіміз бар. Европа, Америка, Арабия елдерінен қолқа салушылар да көп, бірақ, қазақ ақ сатып байыған емес қой…

Артылған қымызды әзірше емдеу, ғылыми-өндірістік орындары дәрі-дәрмек, косметикалық мақсаттарға пайдалану үшін алып та жүрген көрінеді. Шеризат бұдан гөрі осы шаруаны жабдықтауға ақылшы болған Европа білгірлеріне, бие сауу, қымыз ашыту туралы әдебиеттер жіберіп, кеңес беріп отырған “Қазақстан” қоғамына рахметін көбірек айтады.

Қазақ делегациясының бір тобы дәл қазір осында отырғанын Стамбул мен Сәлехлы қазақтары да біліп отырыпты. Шәкеңнің телефоны дамыл таппай қоңыраулатады. “Шалқар” газетінің тұрақты авторы, сонау Алтайдан Түркияға дейін көш бастап барған Хамза Ұшардың (бала Хамзаның) зайыба ақын Гүлжаһар Қозыбекқызы Салехлыдан телефон шалып, Қазақстан халқына сәлем жолдады. Тайуандағы баласы Абдулфатахтың Қазақстанға баратын ниетін зор қуанышпен білдірді.

Ақ орданың төрінде ақсарбастың еті желініп, Австрия шабдарларының (Хафлингер тұқымының) қымызы ішілді. Дәмі Алтай мен Алатау қымызынан сәл шығырмақтау. Біз оны химиялық ашытқыдан болар деп білдік.

Түрік жеріндегі жалғыз қазақ үйінің ақ шаңқан шаңырағындағы үш сағат үш минуттай ғана сезіліп өте шықты. Президент сапарына ғана бөгеліп отырған Шеризат сол күні Европаға кетпек екен. Оның өзі жазған “Алаш қымыз кәсіпшілігі” атты кітабының бір-біреуі біздің қолымызда кетті. Шолпан  мен Абылайхан бізді аэропортқа шығарып салып, қол бұлғап қала берді:

– Қош, түрік қазақтарының қара шаңырағы!        –  Қош, Егейдің жарқын жағалауы!

Уақап Қыдырханов, 1991 жыл




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑