banner-top12

Ана тілі tarih-bilimi

Қосқан уақыты Қараша 8, 2016 | 532 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЕЖЕЛГІ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ЖҰРТТЫҢ ҰЛТҚА ҰЙЫМДАСУ ҮДЕРІСІНІҢ ТОПОНИМИЯДАҒЫ КӨРІНІСІ

Қ.Қ.Рысберген

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы

 

 Кез келген халықтың ономастикалық атаулар жүйесі – оның этникалық бірегейлігін нақты объективті түрде айқындайтын негізгі тілдік маркерлердің бірі санатындағы дүние. Ұлттың өзін-өзі сәйкестендіруіндегі объективті факторға этнографтар ортақ биологиялық, антропологиялық белгілермен қатар территориялық-географиялық (мемлекеттік) факторды жатқызады. Бұл факторлар қатарына қазақ халқының ұлттық «өздігін», ұлттық санасын растайтын тілдік фактор, оның ішінде, сол халық ерте кезден мекендеген тарихи территорияны және қазіргі кезеңдегі халқымыздың географиялық-этнологиялық кеңістігінде орналасқан географиялық атауларды, ең алдымен мемлекетіміздің атын – Қазақстан Республикасының атауын жатқызамыз.

Ата-бабаларымыздың қаһармандық пен азаттық үшін күреске толы жолында өткен тарихын айта келе Елбасы Н.Назарбаев: «… Қазақтар – ұлы өркениет ұрпағы ретінде ұлттық «өздігін» барша тарихи өткелдер мен қасіреттерден алып шыққан халық. Алып шығып қана қоймай, оны сақтап, көбейте білген халық» [1, 23 б.].

Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуы, ұлттық сананың бастаулары арғы түркі заманына, терең тарихқа жетелейді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тағы да мынадай сөзімен айтқанда: «Еуразияның жүрегінде, өркениеттер тоғысында талай халықтарды тал бесігінде тербеткен ұлы даланың төсінде дүниеге келген біздің халқымыздың барша тарихы – ұлт пен ұлыс ретінде сақталып қалу жолындағы толассыз күрестерге толы тарих» [1].

Шынында, ұлан ғайыр Еуразия территориясының, оның ішінде қазақ халқының ата-бабаларының тарихи төл этникалық кеңістігінің буырқанған тайқазанында талай ру, тайпалар мен этностар мидай араласып, ғасырлар бойы тіршілік кешкен.

Ономастикалық атаулардың феномені неде жатыр десек, олар тіліміздегі ең көне сөздер ретінде аса ерте, есте жоқ замандардан күні бүгінге дейін жеткен ұлтымыздың ұлы рухани мұрасы. Өзінің айрықша табиғаты, консервативтілігімен бізге беймәлім арғы ата-бабаларымыздың тілінде өрнектелген ежелгі атаулардың қазіргі тілдік айналымда болып, қоғам қажетін өтеуінің өзі феноменальды факт. Мәселен, ұлтымыздың өз атауы қазақ, еліміздің Қазақстан, Қазақ елі атауынан бастап, Каспий, Талас, Ертіс, Қазығұрт, Сырдария, Талғар, Маңғыстау т.б. сынды атаулар ескі заманнан жеткен, әлі күнге дейін «кілті» табылмаған күрделі де кешенді лингвомәдени, этнотарихи кодтар қатарында қалып отыр.

Сонымен қатар, Есік қорғанынан табылған Алтын Адам, қазақ жерінен табылып жатқан қола дәуіріне қатысты мұразаттар (артефактілер) есте жоқ ерте заманда бабалар жерінде жоғары мәдениеттің болғандығының куәсі. Ал қазақ өркениетінің алтын бесігі есебіндегі ұлы Сырдария, Іле, Ертіс, Жайық сағалары әлемнің аса көне өркениет ошақтары – аты аңызға айналған Ніл, Ефрат, антикалық Рим, Эллада мәдениеттерімен пайда болу кезеңі тұрғысынан шендесе қатар тұра алатын ұлттық, тіптен ортақ еуразиялық мәдениеттің феномені ретінде қарастырылса керек. Сондықтан қазақ халқының қазіргі қалыптағы ономастикалық кеңістігіндегі атаулар жүйесі – жерімізді әр заманда мекен еткен халықтар мен ұлыстардың, түптеп келгенде, өз жұртымыздың сан ғасырлар бойы жасалған ұжымдық ой-санасының жемісі, ортақ мәдени, рухани туындысы. Яғни ХХІ ғасырдың басында еліміз де, ұлы даламыздың көне атаулары да адамзат тарихында өз орнын орынды сайлаған жалпымәдени, гуманитарлық маңызы зор өркениет құндылығына айналып отырғаны күмән тудырмаса керек.

Қазіргі кезеңдегі ұлттық ономастиконның едәуір корпусын тарихи жер-су атаулары, этнонимдер мен тарихи ақпараты мол антропонимдер кешені құрайды. Алайда бұл «тарихилықтың» өзін де шартты дегіміз келеді. Себебі, сол тарихи атаулар ертеден жетіп, қазіргі тілімізде, ономастикалық кеңістігінде ғасырлар бойы сақталып, күні бүгін қызмет етіп келе жатқан «заманауи» атау-есім болып есептелсе керек.

Ұлттық ономастиконның мазмұнындағы ұлттық сана, әрине, ерте замандарда қалыптаспағаны белгілі. Алайда оның ру, тайпа, ең шағын әкімшілік бірлік, бірнеше туыстас ру, тайпа шоғырланған ауыл, аймақтан құралған этникалық қауымдастық деңгейінде этникалық территория тұтастығы, меншіктілігі сынды мақсаттар алғашқы архетиптік этникалық сананың нышаны, тарихи бастаулары ретінде танылса керек. Бұл ойымыз жазушы әрі ғалым А. Сейдімбектің мына ойымен ұштасып жатыр: «Ұлы Дала кеңістігіндегі түркі тектес көшпелілер арасында ұжымдасып тіршілік құру идеясы, яғни этностену (этнизация) үдерісі байырғы замандардан бастау алады» [2, 11 б.].

Біздің ойымызша, этнос болып сақталудың, оның өзіндік атауының сақталуының басты алғышарты оның тарихи-мезгілдік континуумда үздіксіз тіршілік етуінде, тұрақтылығы, өміршеңдігі мен өзінің шығу тегі, арғы ата-бабаларымен мәдени, тілдік, территориялық сабақтастығын үзбеуінде. «Этническое самоназвание является одним из важнейших признаков осознания людьми своей принадлежности к данному этносу и может быть связано с теми или иными компонентами этнического самосознания, и поэтому изучение самоназваний этнических общностей должно дать дополнительный материал для исследования проблемы этнического самосознания, его структуры и функций», – деп этнонимдік атау мен этникалық сана туралы ой қорытады М.В.Крюков [3, 124-125 бб.]. Этнос, этникалық бірегейлік проблемасы мен оның терминологиясы – этнология ғылымының теориясы аясында шешілетін күрделі проблема.

Кез келген этникалық топтың бірегейлігі өз атауынан басталады және өзіндік этникалық санасының болуы мен біз, біздің эгоөзектік дейксистері мен оппозициялық олар, олардың, жат дейксистеріндегі семантика арқылы беріледі.

Ерте орта ғасырда байырғытүркілік бірегейлік пен этникалық сананың сол кезде жоғары дәрежеде болғанын біз, біздің дейксистері арқылы өзін-өзі біріккен, ортақ мүдделі қауым, қандастар ретінде ұғынуы орхон-енисей жазбаларындағы Күлтегін мен Тоныкөк ескерткіштері тілінде айқын көрініс тапқан. Тек қана біз есімдігі емес, сондай-ақ халқым, елім, түркі халқы, біздің жеріміз, ата-бабаларымыз сынды қолданыстары байырғы түркілік ой-сананың аса жоғары болғандығының айғағы. Байырғы түркі жазба ескерткіштерін, біздің ойымызша, орысша протонациональный дискурс немесе ұлтқа дейінгі дискурс деп атауға келетін сияқты.

Қазақ халқының, өзге көшпелі халықтар сияқты, этникалық бірегейлігі дәстүрлі тарихи-әлеуметтік құрылымдарында көрініс табады. Тарихи тұрғыдан бұндай сәйкестендірудің негізінде әрбір көшпелі қауым өкілінің (индивид) өзін алдымен нақты бір ру, тайпа мүшесі ретінде тануы және туу фактісінің өзін нақты бір территориямен байланыстыруы жатыр. Қазақ үшін «туған жер», «Отан» ұғымдары «атамекен» (синонимдік қатары атақоныс, атажұрт) концептісі арқылы вербалданады.

Қазіргі лингвомәдениеттануда кеңінен қолданылып жүрген ғаламның ұлттық бейнесі, этностың ғалам бейнесі терминдік тіркестердің мазмұны ұлт пен этнос дефинициялары арқылы айқындалады: «…если исходить из историко – социальных классификаций этносоциальных общностей: племя, народность, нация, то становится очевидным, что «национальная призма» формируется не в период этнокультурной и политической оформленности и дальнейшего развития нации (высшей стадии эволюции этноса), а значительно раньше [4, с. 43].

Сөйтіп, түркі ру, тайпалары мен ұлыстары, оның ішінде қазақтарды құрахан этноэлементтер тарихтың түрлі сынынан өтіп, күрделі де драмалық жағдаяттарды, қиын-қыстау замандарды басынан кешкеніне қарамастан, ғасырлар бойы өз мәдениетінің, тілінің, салт-дәстүрлерінің қайталанбас этникалық болмыс-өрнегін, рухын сақтап, этникалық бірегейлігін жоғалтпай, күні бүгінге жеткізіп отыр. Өздерін, аса құнды рухани мұраларын шексіз Еуразия кеңістігінде шашып-жоғалтпай, тұтастығын берік ұстап, жер-су атауларында вербалданған артефакті, ментефакті түріндегі бай ақпараттар мен құндылықтарды жеткізе білген.

Этностың ұлт болып қалыптасуының, этникалық қауымдастықтың өзін ұлт деп сезінуінің басты бірқатар алғышарттары қатарында «біз» және «олар, өзгелер, жат» антитезасы негізінде халықтың өзін-өзі өзге ұлыстардан айырып, тануы нәтижесінде ұлттық сана-сезімнің пайда болуы, спецификасы ортақ тарихи мәдениеті, тілі, ортақ құндылықтар мен мінез-құлық, психикалық стереотиптерінің болуы жатады. Объективті факторларға, сондай-ақ биологиялық, антропологиялық ерекшеліктермен қатар, ұлттың ұлт болып танылуында географиялық, территориялық (мемлекеттік) факторлар да зор рөл атқарады.

Алғашқы этникалық сананы қалыптастырушы түркітектес этникалық бірегейліктің көрсеткіші ретінде алдымен оның ортақ тілін, ру-тайпалардың ертеден қалыптасқан қоныс орнын, қыстауы мен жайлауын, ата-бабалар жұртын, көші-қон ортақ территориясын атауға болады. Яғни ру, тайпаның, этникалық қауымдастығы тұрмыс-тіршілігіне, өмір қажеттілігіне сай игерілген географиялық, этнологиялық кеңістігінің болғандығымен расталады. Этностың қалыптасуы мен этностенуінің этнографияда және этнологиялық ғылымда қалыптасқан бірнеше алғышарттары бар.

– этносты жасақтауда сол этностың мекен-тұрағы (территориясы) мен әлеуметтік – экономикалық, мәдени – рухани дамуының біркелкі болуы шарт (Р.Ф.Генинг);

– этносты оның мәдени–тұрмыстық бірегейлігі мен сана-сезімінің біртұтастығы айғақтайды, соның нәтижесінде ондай этнос мүшелері өздерінің өзгеден бөлектігін (даралығын) айқын сезінетін болады (Ю.Б.Бромлей);

– қазақ даласында тарихи дәуірлерден бері тіршілік жасаған ру-тайпалар бертін келе қазақ елінің іргесін қалауға негіз болды (Ә.Х. Марғұлан);

– Қазақстандағы түркі тайпалары мен тайпа бірлестіктерінің этникалық интеграциясы ең ертедегі иран тілді және ғұн дәуіріндегі моңғол текті тайпаларды өз аясына сіңіріп, VІ ғасырдан бергі кезеңде ірі түркі халқы жасақтала бастады. Сөйтіп, қазақ халқының құрылу үдерісі ХІV-ХV ғасырларда негізінен аяқталды (К.А.Пищулина);

– әлеуметтік қауымдасықтың генезисі белгілі бір мекен-тұрақпен тікелей байланысты, олардың табиғи ортаға бейімделуі барысында өзіндік өмір-салты, материалдық өндірісі, төлтума мәдениеті қалыптасады. Екі мың жылдан астам уақыт аясындағы көшпелілер өмір-салтының тарихи сабақтастығы сол көшпелілер социумының бірте-бірте этностенуіне (этнизация) себепші болды (Н.Е. Масанов);

Санамалап келтірілген бұл алғышарттар қазақ халқының этнос болып тұтасуының себеп-салдарын этнология теориясына сүйене отырып түсіндіреді. Бұл – барлық этностарға тән ортақ пайымдаулар.

Мыңдаған жылдар бойы Еуразия кеңістігінде ғұмыр кешкен, этностену процесінің барлық кезеңдерін бастан кешіріп, ұлт дәрежесіне жеткен халықтар баршылық. Алайда алапат Еуразия жері мен ауқымды ежелгі Қазақстан жерінде, яғни ұшан-теңіз кеңістікте қауымдасып, сол жерге иелік етіп, басы бірте-бірте халық болып біріккен қазақ халқының ұлт өзегін сақтап, күні бүгінге жету себебі неде, қандай феноменмен түсіндіруге болады? деген сауалға жоғарыдағыдай алуан түрлі жауаптар дайын. Бұл феноменнің түп-тамыры ұлтымыздың төлтума шежіресінде жатыр деуге болады. Ру-тайпалық принцип тарихи кезеңдерде қарымды этноұйыстырушы фактор ретінде тиімді болды, өзін тарихи тұрғыдан растады деп есептейміз. Ата-бабаларымыздың кеңістік пен мезгілдік континуумда шашырап, сейіліп, өзге этнокомпоненттер құрамына «жұтылып» кетпеу себебі оның этногенетикалық «шежірелік» жадының күштілігімен түсіндірілсе керек. Туыстық-қандастық, рухани-мәдени сабақтастықтың ру-тайпа ішілік байланыстың беріктігі, ғасырлар ағымында бір-бірінен ажырамай, «мықтап қол ұстасуы», халқымыздың этникалық бірегейлігінің сақталуының тағы бір себебі болар деп есептейміз. Этникалық бірегейлік этноқұрылымның ортақ төлтума территориясының болуымен шартталады дедік, ал қазіргі қазақ жері көптің өзегін күйдірген ғаламат территория – біріншіден, Алланың халқымызға бұйырық еткен несібе-ризығы болса, екіншіден, бабаларымыздың талай ғасыр осы Атамекені үшін қан төккен, «ақ білектің күшімен», «ақ найзаның ұшымен» қорғап, белгілеп, еншілеп, болашақ ұрпаққа қалдырған аманаты. Ата-бабалары, өздері туып, өсіп мекен еткен жеріне иелік жасай алмай отырған, тарихы ерте замандардан басталатын талай ұлттар мен этностар бар екендігі белгілі. Сондықтан рулық институттан, рушылдық принциптен тек жағымсыз коннотация іздеу сананың таяздығын көрсетеді. Шежіре, ру-тайпалық принципті этносұйыстырушы фактор ретінде қарастыра келіп, А.Сейдімбек, былай дейді: «Қазақ шежіресі өзінің барша құрылымдық және мазмұндық болмысы бойынша Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі кезеңде ұйысқан ру-тайпалардың ұлы бірлік идеясын дәріптеуге бағытталған жаңа түзілім болып табылады» [2,21 б.]. Проф. Н.Келімбетов те бұл туралы былайша ой өрбітеді: «… кеңестік заманда ата-текті сұрастыру айып саналатын. Өзінің шыққан ата-тегін айтқан адамды – рушыл, ұлтшыл, кейде тіптен нәсілшіл деп санайтын. Отарлық саясаттың негізгі мақсаты – күллі қазақтың ата-тегін мүлдем ұмыттырып жіберу еді. Ата-текті білу – руға жіктелу, тайпаға бөліну емес, керісінше, қандас, тумалас, құдандалы адамдардың басын қосу арқылы бүкіл қазақты ынтымаққа шақыру, біріктіру болып табылады» [5]. Осы ойларды А. Сейдімбек былай тұжырымдайды: «Дәлірек айтқанда, қазақтың төл тарихының ең құнды айғақ-дерегі ретінде шежірелік деректерге мемлекеттік өреде мән беретін, оған халықтың біртұтастығы мен патриотизмінің тетігі ретінде қарайтын және оны жас ұрпаққа берілер білімнің мазмұнына айналдырып, сол арқылы өміршең таным-түсінік қалыптастыратын мезгіл жетті. Ондай таным-түсінік еңселі ұлттар мен іргелі мемлекеттерде әлдеқашан қалыптасқан» [2, 24 б.].

Ежелгі қазақ қауымының этникалық санасының, этникалық бірегейліктің алғашқы нышандары сақ-ғұн дәуірінен бергі байырғы түркілік кезеңдерден бастау алады деп жорамалдауға болады. Олай дейтініміз, байырғы түркілердің этникалық бірегейлік іздерін (самоидентификация) алғаш құжаттаған тарихи, мәдени артефактОрхон-Енисей сына жазуларынан (ұлтқа дейінгі – протонациональный дискурс) табуға болады.

Қазақтың дәстүрлі әлеуметтік – этноқұрылымдық жүйесі: жеке адам→ отбасы (шаңырақ) → әулет → ата → ру → тайпа → жүз → халық болып келетін иерархиялық таксономияға сай түзіледі. Өз кезегінде осы таксондық деңгейлер антропонимдік-этнонимдік сипатқа ие. Себебі көшпелі қоғамның ұжымдық ортақ территориясы іштей патронимдік, генонимдік сипаттағы онимдік атаулар арқылы репрезенттеледі. Өйткені ру-тайпалық принцип төлтума атажұртқа иелік ету арқылы іске асады.

Қазақтар, олардың арғы ата-бабалары ерте заманнан табиғи қалыптасқан экономикалық, шаруашылық-әлеуметтік жағдаяттарға байланысты аса ауқымды кеңістікті игеріп, еркін көшкен. Сонау ерте замандардағы ру-тайпалық қатынас туыстық, қандастық принципке сүйенген, өзін-өзі барлық деңгейде іштей реттеп отырған этноәлеуметтік қоғамдық институт болған.

Байырғы қазақ қоғамы туралы сөз қозғау қажеттілігі қазақ ру, тайпалары мен олардың ата-бабалары мекендеген, тіршілік құрған физика-географиялық, ландшафттық кеңістікті игеру, жерге, суға деген қатынасына және оларға ат қойып, белгілеу ерекшеліктеріне байланысты болып отыр. Әрине ерте замандағы ауыл-аймақ, ұлыс, қоныс мекендер мен қыстау, жайлау, суаттарға атау беру, айдар тағу ерекшеліктері туралы қазіргі тарихи-әлеуметтік, тілдік жағдайда кесімді пікір айтудың өзі оңайға соқпаса керек. Өйткені әкімшілік, топографиялық тұрғыдан ежелгі қазақ қауымының дәстүрлі ауыл-аймақ, қоныс мекені, қыстау т.б. жұрты мен қазіргі жағдайдағы ойконимдік нысаналар (ауыл, село, кент т.б. елді мекен) әлеуметтік, топографиялық типтері мүлдем сәйкес келмейді.

Архетиптік санадан бастау алатын адам мен жер қатынасы, қазақ қауымының мекендеген жеріне деген қатынасы туралы мифологиялық ұғымымен, тарихи-құқықтық тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі мәдени танымымен байланысты.

Ежелгі қазақ қауымында жеке индивидтің өзін нақты бір румен, тайпамен сәйкестендіруін, оның мүшесі ретінде, мекендеген территориясымен сәйкестендіруді этникалық бірегейліктің алғышарты ретінде қарастыруға болады. Индивид пен нақты бір ру, тайпаның өзі мекендеген аймақты ата-бабадан қалған мұра, меншікті, табиғи еншіміз деп таныған, яғни атамекен концептісіне ұласады. Осыған байланысты этнолог Н.Әлімбаевтың мына ойын келтіруге болады: «Институциональным выражением изначальной принадлежности «родовой» территории как объекта собственности общины является институт Атақоныс (Атамекен).        Ғалым З.Кенжалиев көшпелі қазақ қоғамының жерге деген көзқарасын былай келтіреді: «Олар жерді өзгеден бөле-жара қарамайды, керісінше, оны өздерінің тарихи, тәни және рухани өмірінің бір бөлігі әрі заңды жалғасы есебінде қабылдайды. Көшпелі ұғымында жер – жансыз табиғи құбылыс, жай ғана аумақ емес, ол жанды бейне. Жанды болғанда, қасиетті бейне – «Жер-Ана» келбетінде көрініс табады.. Көшпелі өзін жер-Ананың баласы, соның перзенті деп есептейді» [6 бойынша].

Қазақтардың жерге деген қатынасы негізінен, біздің ойымызша, атамекен, атақоныс, атажұрт синонимдес концептілер арқылы айқын репрезенттеледі. Атажұрт – қазақ үшін ежелден қасиетті мекен, ата-бабаларының сүйегі жатқан киелі жер. Сол үшін күрескен, халқымыз үшін атажұртты жауға қалдырудан асқан қасірет жоқ еді. Қазақ жыраулары поэзиясында бұл кең көрініс тапқан. «Атамекен» концептісі жұрт кодтық ұғымымен көшпелі қауым мүшесінің туу фактісімен кіндік қаны тамған жер тіркесі арқылы вербалданса, тіршілік етіп, өмір сүру фактісі кір жуып тіркесі арқылы вербалданады және ол сол жермен, ондағы туған-туыс, ағайынмен, яғни жұртпен қарым-қатынасқа түседі. Қазақ қауымында жеке тұлға туа салысымен нақты бір атаның, рудың, тайпаның мүшесі ретінде табиғи түрде бірегейленеді.

Төменде ХІХ ғасыр мен ХХ ғ. басында Ресей әскери ведомстволарының, Ресей Генштабы, Ресей Ғылым академиясы және Географиялық қоғам т.б. ресми ұйымдардың мамандары жинап, топографиялық тұрғыдан зерттеп, таңбалаған жер-су атаулары. Біз мысал үшін тек Атбасар уезі, Кеңгір, Кеңтүбек, Құмқоңыр, Сарысу, Моншақты, Қызылкөл, Теңіз, Нұра болыстарындағы 1-ші, 4-ші, 11-ші т.б. нөмірдегі ауылдар жерінде тіркелген кейбір жер-су атаулар модельдері көрініс тапқан тізімін келтіреміз:

Жартышеке, Қушеке, Жартырнақ, Жылымтартқан, Кішіқарақоға, Қабыланкөл, Қарақойын Қоянжол, Қарамойыл Қарасу, Қарақырқа, Қумолаащылы, Қаратоғай, Ащылықұйған, Қаратоғай Жабайөзен, Жартоғай Қызылжалды, Қаратомар Сарыөлең, Қараатсойған, Қойтасты Талды, Қоқайтау, Қолтықкүн, Қосүйтассай Құйған, Қоңырсу Сарықамыс, Қатпаның Ақтасты Қарашілігі, Қатпаадыр Тілік, Қатаукөл, Қатпаның

Бұл атаулар жүйесін ұлтымыздың топонимдік жүйесінің негізінен төлтумалық сипаттан арылмай тұрған, ұлтты жерімен тілдік жағынан бірегейлендіріп тұрған тұтас қалпы деп түсінуге болады.

Өз кезегінде қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрі мен сабақтастығы бар топонимдік атаулар жүйесі халқымыздың мекен еткен атажұрты, жермен, табиғатпен тұтасып, сол арқылы да этникалық бірегейлігін сақтап, осы күнге жеткізген. Топонимдік жүйе арқылы айқындалатын халқымыздың этникалық бірегейлігі уақыт өте іргелі ұлттық бірегейлікке ұласқанын көреміз. Топонимия арқылы көрініс табатын тілдік, ұлттық бірегейлік ақын-жыраулар дәріптеген атамекені, жаудан қызғыштай қорыған өзен-көлдері, тау-тастары, жайлау – қоныстарына деген дала перзенті – қазақтың төл атауларында өрнектелген туған жеріне деген сүйіспеншілігі, патриотизмі қазақ халқының ұлттық идеясына ұласып, оның үлкен бір арнасы ретінде танылады.

Отарлау кезеңде өзге мәдениеттің құндылықтары мен стереотиптері зорлықпен таңылып, қазақтың ұлттық санасына күштеп ендіріле бастады. Сөйтіп, ғасырлар бойы қалыптасқан топонимдік білімдердің табиғи жүйесінің, ұлттық танымның ойранын шығарды. Христиан дініне қатысты атауларды қою, шоқындыру, орыстандыру әрекеттері бейрухтандыруға, менталитетті бейұлттандыруға бағытталған, яғни Ресей империясының отарлау саясаты түрлі әрекеттер арқылы ұлттық болмысты жойып, оның тамырына балта шабу мақсатын көздегендігі айдан анық көрініп тұр.

Төл топонимдік кеңістікке құрылымдық, фонологиялық табиғаты бөлек өзге тілдік географиялық атаулар кейіннен енгендіктен тілдік, мәдени кодынан беймәлім қазақ жұрты кейбір орыс тіліндегі атауларды өз тілімізге икемдеп, қазақ тілі тұрғысынан түсінікті етіп «аударып» алған жайттар да кездеседі. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы жеріндегі Сухой Лог атауын Сукөйлек, Лягушья атауын Алакөше жазығы деп, Матвейді Матабай деп, Максимді Мақсым деп ыңғайластырып қолданғандарын атауға болады.

Орыс тілді атаулардың шектен тыс тираждалуына қатысты М. Мырзахметов былай дейді: «Тіптен өзге өзге, ал отаршылдық мазмұнда қойылған елді мекен атауларының тираждап көбейтілуін қалай түсінеміз? Патша ағзамдардың атына қойылған топонимикалық есімдер: Алексеевка – 14 рет, Констаниновка – 13 рет, Николаевка – (егер Ново-Николаевкасын қоспағанның өзінде) – 15 рет, Михайловка – 17 рет, Александровка – 24 рет, Павловка – 25 рет көбеюін қай заңдылыққа жатқызамыз?» [7, 82 б.].

Сөйтіп отаршылдық мазмұндағы топонимдердің ұлттық сананың дамуына, тұрақталуына келтірген зардабының салмағы сан жағынан емес –идеологиялық, рухани, мәдени, тілдік мазмұнымен өлшенсе керек.

   Еліміз егемендікке ие болып, тәуелсіздік туын тігуі және қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болуы, ең алдымен, міндетті түрде  Қазақстан жер-су атаулар жүйесінің ұлттық сипатқа  қайта орала бастауына негіз болды.  Ұлттық сананың жаңғыруы  қазақ халқыны мәдени, әлеуметтік өмірінің барлық салаларында көрініс тауып, ұмыт болған салт дәстүрлер рухани болмысты жандандырды.

Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңі, яғни 90-шы жылдары бүкіл Қазақстан аймақтарында тарихи әділеттілікті қайтару мақсатында  ондаған ірі елді мекен, облыстық орталық, ірі қалалар  мен жүздеген, мыңдаған  кент, ауылдар мен аудан, ауылдық округ атаулары  өзгертілді, кейбіреуінің бұрынғы тарихи атаулары қалпына келтірілді, мысалы, Гурьев – Атырау, Шевченко – Ақтау т.б.  Сондай-ақ, бұрмаланып жазылып жүрген  атаулардың орысша транскрипициялары түзетілді, мысалы, Кокшетау (Кокчетав емес), Бурабай (Боровое емес), Шымкент (Чимкент емес), Жетысай (Джетысай емес), Шортанды (Щучье емес), Бозашы(Бузачи емес),  Талдыкорган( Талды-Курган емес),  Кызылорда (Кзыл-Орда емес), Алматы (Алма-Ата емес) және т.б.  Мемлекеттік, облыстық, жергілікті ономастикалық комиссиялардың жүргізген қыруар жұмыстарының арқасында мыңдаған бұрмаланған атаулардың ұлттық үрдіске сай орфографиясы  түзетілді, мысалы, Аблакетка – Абылайктекен, Калагир – Құлаайғыр, Чурбай-Нура – Шерубай –Нұра, Ктай – Ақтай т.б.

Республикада тәуелсіздік алғанна кейінгі 1991-2005 жылдар аралығында үш облыс, 12 қала, 53 аудан орталығы,  43 темір жол стансалары,, сондай –ақ, 957 шағын елді мекен атаулары өзгертілген екен. Елді мекен атауларын өзгерту жұмысы Қазақстанның барлық аймақтарында ешбір кедергісіз, бір деңгейде, біркелкі жүргізілді  деуге келмейді. Егер еліміздің оңтүстік аймақтарында жер-су атауларын ұлттық үрдіске сай өзгерту жұмысы  қызу жүрсе, славян тілді халықтар жиі мекендейтін солтүстік  және шығыс аймақтарда осы 14 жыл ішінде. 30 пайыз ғана атаулар өзгертілген.

Егемендік алған жылдардан бері Республиканың ірілі-ұсақты барлық елді мекендері топонимикасында да орасан зор өзгерістер болды. Қазақ халқының өткен тарихында із қалдырған, жеріміздің тұтастығы мен азаттығы үшін күрескен хандар мен батырлардың, ақын-жыраулар мен би, шешендердің, қуғынға ұшыраған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің есімдері қалаларымыз бен ауылдарымыздағы көше, алаңдарға берілді. Мәселен, Алматы қаласының өзінде орталық көше мен даңғылдарға Абылай хан, Наурызбай батыр, Қабанбай батыр, Қазыбек би, Бұхар жырау, Қарасай батыр, Сүйінбай ақын т.б. көптеген қайраткер есімдері берілді. Алғашында өткен өмірдің елесі ретінде қазіргі замануаи қала концепциясында үйлесім таппай, тарихи анахронизм сияқты қабылданады деп наразылық білдірушілер де болды. Алайда уақыттың өзі таразы демекші, он-он бес жылдың ішінде бұл атауларға қала тұрғындарының да құлақтары үйреніп, ешбір қиындықсыз үйлесім тауып, заманауи атаулар ретінде қабылданып отыр. Жас елордамыз Астананың да орталық даңғылдары мен алаңдары Тәуке хан, Қазыбек би, Әбілхайыр хан т.б. сынды атаулар қала сәулетімен сіңісіп, бірден үйлесім тапты деуге болады.

Бастапқы кезеңде науқаншылдық сипатта өткен қисапсыз орынды-орынсыз өзгертулер уақыт өте келе саябырсып, сабасына түсіп келеді деуге болады. Енді өзгерту алдында жергілікті ономастикалық комиссиялар көптеген жұмыстар атқарып, әрбір өзгертуге жауапкершілікпен мұқият қарайды.

Республикамыздың ономастикалық кеңістігін реттестіруге бағытталған бірқатар ономастикалық заңнамалрға өзгерістер енгізілді. Бұл жұмыстар да бірқалыптанып келеді деуге болады.

Әлемдік ақпараттық кеңістікте  жаһандану үдерісі етек алуына байланысты ұлттық топонимикондағы оның оң және кері әсері болдатыны ақиқат. Ұлттық топонимиконымыз, қалаларымыздың тілдік ландшафты  әлі күнге орыс тілі, графикасы, жалпы мәдениетінің ықпалынан толық шыға алмай келеді.  Оның үстіне  жаппай жаһандануға байланысты орыс тілінен өзге, ағылшын, қытай, кәріс тілдерінің әсері де күшейіп отыр. Бұл үдеріс негізінен, қала ономастикасына қатысты  болып келетіндігін айту керек.

Қазіргі Қазақстан ономастикалық кеңістігінде оң өзгерістер мен қатар жаһандану, американдану үрдісі айқын байқалады. Шет елдік атаулар қоршауында өсіп келе жатқан ұрпақтың ұлтсыздану қауіпінен сақтау мақсатында осы бағытта талдаулар жүргізіліп, нақты ұсыныстар айту қажет. Мемлекеттік тілде қойылған атаулар, түрлі мекеме мандайшаларындағы атаулар, визуалды сырт жарнама құралдары күнделікті көз сүрінер, санада мықтап орнығатын фактор. Сондықтан ұлттық сананы, ұлттық идеяны қалыптастыруға әсіресе қала іші ономастиканың дені мемлекеттік тілде, ұлттық үрдісте қалыптасуы аса қажетті кезек күттірмейтін шаралар қатарына жатады

Еліміздің қалалары мен ірі елді мекендерінің ішкі  кеңістігінде, көше, ғимараттарында ағылшын тілді маңдайшалар көптеп кездеседі. Олар  түрлі сауда-саттық, ойын-сауық кешендері, супермаркет, мейрамхана, жүздеген компания, акционерлік қоғамдар мен фирма атаулары шет елге еліктеп, ағылшын тіліндегі немесе қазақ тіліндегі атаулар ағылшын графикасымен таңбалануы. Бұл әсіресе еліміздегі ірі қаржы институттары, банк атаулары, сондай-ақ, қызмет көрсету мекемелері және т.б. қазақ тілінен өзге тілде ат қоюға үйірсек келетіндігін атау керек. Ол қала көшелеріндегі маңдайшалар мен көрнекі құралдардың мазмұндарының космополиттік сипаттың басым болып бара жатқандығы, мысалы, Сити центр, Мегацентр, Силк Уэй (бәрі ағылшын графикасында орындалған), шет тіліндегі көптеген жаңа құрылыс кешен атаулары. Бұл қала топонимиясындағы жаһандану үрдісінің кері ықпалы, американдану, батыс еуропалық құндылықтарға мойынсұну, шамадан тыс еліктеудің әсері деп бағалаймыз. Яғни көшелердегі «еурожөндеу» стандарттары санамызды да улайды. Бұның теріс ықпалы осы ортадағы жастарымыздың өз тілінің құндылықтарынан гөрі ағылшын тілді атауларға көбірек бейімделіп, еліктеуінде. Өз кезегінде бұл фактор, түптеп келгенде, ұлтжандылық, патриотизмдік сезімді, өскелең ұрпақты ұлттық негізде тәрбиелеуге кері әсер етері сөзсіз. Сондықтан бұл салада тілші мамандар мен атауларды реттестіретін құзырлы орындардың жауапкершілігі арта түседі.

Қала ономастикасы әсіресе жас ұрпаққа тікелей әсер етеді, космополиттік сипаттағы атаулар ортасында өскен ұрпақтан ұлтжандылықты талап ету  орынсыз. Осы айтылған жайттарға байланысты ұсыныс ретінде қала ономастикасында, эргонимдер құрамын біртіндеп ұлттық үрдіске сай қалыптастыру қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Назарбаев Н.Ә. Тарих тағылымы.– Алматы: Атамұра. 2006. – 256 б.
  2. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.
  3. Крюков М.В. Личное имя и термины родства // Ономастика Востока.

– М., 1980. – С. 124–126.

  1. Аязбекова С.Ш. Картина мира этноса: Коркут-Ата и философия музыки. казахов. – Алматы, 1999. – 285 с.
  2. Келімбетов Н. Үміт үзгім келмейді. – Алматы, 2005. – 253 б.
  3. Шәріпов А. Қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяның көркем бейнеленуі: филол. ғыл. докт. дисс. –Алматы, 2001. – 314 б.
  4. Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1993. – 128 б.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑