banner-top12

Жолсапар stambul-foto-01

Қосқан уақыты Қараша 10, 2014 | 624 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ежелгі Стамбулда.

Измир мен Стамбул арасы самолетке елу минуттық жер. Эгей әсерінен айығып болғанша Стамбулға да еңкейіп үлгердік. Сол, кәдімгі, самолет табалдырығында басталған қошемет. Алдыңғы салтанаттарға көз үйренгендіктен болар, оған онша таңырқай қойған жоқ едік. Тебіреністі көрініс бас ғимарат алдындағы кең көшеде басталды. Жолдың өн-бойы лық толған халық. Дені, тіпті түгел дерлік қазақтар. Біздің төбеміз көрінгеннен-ақ шапалақ соғып, ұрандаған үндер дауылдап сала берді. Шығар ауыздағы гүл газонның жиегінде мүйіздеріне қызыл жиек байлаған, ақсарбас үш қошқарды көлденең ұстап, үш жігіт тұр. Сәл кідіріп, Нұрекең де шықты. Сол-ақ екен, қақпайға қарамай, қолтығына кіріп кеткен қазақтар қаумалап отырып ақсарбастарды алдына әкелді.

– Аумин, бата беріңіз!

– Жолдарың болсын, жарық жұлдыздар!

– А, құдай, ақсарбас, ақсарбас!.. Дауылдаған дауыс, қуанышы мен жылауы араласқан, тәңірге жалбаранып, тілек тілеген үндер жүректі жұлқып-жұлқып жіберді. Мұндайды әркім өз сезімімен өлшейді ғой. Мен бұл ағайындардың тағдырын да, тарихын да біршама тәуірірек білетін едім. Сонау отызыншы жылдары Алтайдан (Шинжиаңнан) іргесі көтерілген 36 мың қазақ таусылып-таусылып, 50 жылдары Түркияға 300 үй әрең жеткен. Тұтас елдің таусыншығындай сол жандар қайта көктеп, 20 мыңға жақындап ес жиып, етек жауып Атамекенмен жалғаса бастаған шағы. Сұм замандар сойқанына ұшырап, сергелдең күй кешкен сормаңдайлар бүгінгі қазақ атаулының тұңғыш Президентін салтанатпен қарсы алу сәтіне жетсе, ақсарбас айтпай, қайтсін. Сол “А, Құдайлап” құрбандық әкелген, жүз жастағы Хамза қажының топ соңында тосып тұрып, Нұрекеңнің қолын алып, маңдайына ұмсынып жатқанын көргенде қатты тебірендім. Бар тауқыметтің тірі куәсі – сол қарт осы ғасырдың алғашқы жылдарында туған жері Зайсаннан арғы бет асып кеткен екен. Содан Моңғолия мен Қытайдың көп өлкелерін кезіп, жер шарының жарты шеңберін айналып отырып, Түркияға келіп тиянақтапты. Моңғол жерінде бір, Қытайда бір баласы қалған. Қазір солардың әр қайсысы 50-60 үй болыпты. Түркияда өскен әулеттері Англия, Швеция, Норвегия елдерінде шашырап жүр. Іргеміз бүтін отырып, бір баламыз сәл кешіксе шашымыз ағарып кететін өзімізбен сол қарттың қасыретін салыстырып бір байқайықшы. Әйтпесе, анау тұрған сәлделі, абыз қырғызға қара. Сириядан Стамбулға оралса, еліне келгендей болатын сол тақуа-тұтас түріктің бір тұтқасы болған қазақ Президентін қарсы алу мүмкіндігіне жеткеніне мың шүкірлік етеді екен. Тіпті, бір ауылды түгел жау қырып, қарнын жарып тастап кеткен жүкті әйелдің құрсағынан шошып туған Томықтың түрік жерінде өмірге келген балалары да анау топтың арасында жүр ғой.

Енді бабасынан баласына дейін келіп тұрған мына көптің көңіл қылын шертіп көріңіз. Ет жүректі пендеміз ғой, дәл осы сәтте Президент қандай сезімде болды, біз қалай тебірендік, сіз қандай сезім кешер едіңіз ағайын?!

Бата жасалды. Үш жігіт ақсарбасты жерге жықпай, аяғын бумай, алқымынан орып-орып жіберді.

– Ақ жол! А, Құдай, аруақ!

Басқаларды қайдам, осы сәтте қалам ұстаған әркімнің  көңіл қатырасында әралуан сурет, сипат, ситуация сомдалып қалғаны даусыз еді. Мен, сезімі сыртқа тебе бермейтін Сейдахметке, жан құбылысын жасыруды білмейтін Шерханға,  қиял әлемі қылпылдап, үнемі елпілдеп тұратын Камалға, үп еткен леп бетіне шыға келетін Сарбасқа, жаны нәзік Алтыншашқа қараймын. Әлпетінен ештеңе байқатпайтын Сейдахметім өңі өзгеріп, таңдайын қағып жанары жасаурап, әсер әуресінде тұр. Ал, басқалары… өздері айтар.

Сезімге еріп, сөз көбейтіп алсам, айып етпе, оқушы. Біле-білгенге бұл өз айымызды сыртқа шығарып, алыста жүрген ағайынды мүсіркеп, мұң шақыру емес. Ондағы қазақтардың халі қазір бізден жаман емес. Рухани әлемдегі байлық әмірші болса, бүгінде олар “ханға сәлем бермейтін” жағдайда. Туысқан түрік те сыртқа теуіп, көкіректерінен кері итерген емес. Жалпақ әлемнен табан тірер жапырақтай жер таба алмағанда пана болған ел. Олар үшін Түрік тауының биік болғаны да, Ата мекен абыройы да тепе-тең тілек.

Стамбулдың Бас отелі “Мәрмараға” орналастық. Енді қала мэрінің құрметті қонақасынан басқаға уақыт қалған жоқ. Бұл кезде “Қазақ уақыбында” (қоғамында) жедел дайындық жүріп жатқан екен, бірақ бұл аудандағы көше тарлығы “Уақыб” аумағының ықшамдылығы мемелекеттік мейман қабылдауға олқы соғыпты.

Күн –  сенбі: Ежелгі Стамбулдың әйгілі орындарын көргенге не жетсін. Бұл қалада біздің бизнесмендерді  қазақ ағайындар көп төңіректеді. Түрік іскерлер тобын Нұрекең қабылдады.  Түстен кейін “Мәмараның” үлкен бір залында қазақтармен кездесу болды.

– Ал, ағайындар, әңгіменің аузын ашайық. Бұл біздің ресми емес, бауырластық кездесуіміз болсын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Ағайындар мінбеге кезек-кезек көтеріліп жатыр.

– Қазақстандағы оңды өзгерістердің бәрі біздің қуаныш, – дейді Талғат Қосжігіт. – Шүкірлік, қайта құру сіздерде байсалды, бейбіт, батыл кетіп бара жатыр. Бұл да болса, әрі сезімді, әрі төзімді халық табиғатына тән, әрі, Президент парасатының жемісі деп білеміз. Ұлы істердің алдында жүрсіз. Сіздің қадамыңыз қазақ халқының бақытынан басқаға ауытқымауын үнемі тілейміз.

– Анкарада алдыңыздан шығып, кеше Стамбулда қолтығыңызға кіріп шыр-пыр боп жүрген ағаңның бірі менмін, – деді Мәжит Жаналтай.   – Жолыңызға малымыз түгіл жанымыз құрбан болса да ризамыз. Мен Қазақстанда 1979, 1989 жылдары 2 рет болдым. Онда – көз кіреукелі, тіл – күрмеулі кез еді. Енді, міне, тіл шешілген, жүрек ұғысқан тұсқа келдік. Бұл орайда сіздің қайраткерлік ісіңізді білеміз… Енді, Қазақстанға кіріс-шығыстағы кедергілер жойылса, ағайынмен еркін араласар едік. Екі ел жақындасты. “Ақыл ауысар, ырыс жұғысар”. “Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды”. Атамекеннің ырысынан біз де үміткерміз.

– Сонда, кедергі бізден бе?

–  Сіздерден демесек те, барыс-келіс билігіне Қазақстан әлі  ие бола қойған жоқ.

Халифа Алтай Қазақстандағы дін мәселесін, Ғұлам Айдар қос азаматтық, Ислам Жеменей Иран қазақтарының жайын, Исмайыл Себенжан Алманиядағы (Германия) қазақтар мүддесін сөз етті.

– Қазақ – ел бола ала ма?   Сырттағы ағайындардан не күтесіз? Отандастардың мүмкіндіктерін неге пайдаланбасқа? Бар қазақтың басын қосып ақылдасатын кез жеткен жоқ па? – деген сұрақтар қойды Моңғолиядағы ислам қоғамының бастығы Сайран Қадырұлы. Стамбул университетінің профессоры Мехмет Сарай түрік-қазақ байланыстары тарихын тербеп, екі ел бауырластығының бекем болуына тілек білдірді. Кездесуге Түркия, Европа, Моңғолия, Иран, Ауған, Сирия-Араб елдеріндегі қазақтардан өкіл қатысты. Бар қазақтың бас қосуы деген осы болар.

Нұрсұлтан Әбішұлы ең әуелі қайта құрудың қазақ топырағындағы ахуалын, саяси-экономикалық жағдайды таныстырды.

– Келу-кету мәселесі енді Қазақстанның өзінде шешіледі. Ол үшін Сыртқы Істер министрлігінің жұмыс ауқымын кеңейтеміз. Осы жолғы ресми келісімге сәйкес Түркия – Қазақстан әуе жолы жаңа жылдан бастап ашылады, телефон қатынасы орнайды. Екі ел арасында экономикалық кеңес құрылып, сауда-саттық реттелінеді. Ал, Қазақстан азаматтығын қаласаңыздар паспорт беру менің ісім, қос азаматтықты екі жақ болып шешу керек. Түркия жоғары оқу орындарына 100 бала жіберіліп, сондай баланы біз қабылдағалы отырмыз. Талапты балаларыңыз болса, соған қосыңыздар.

– Сырттағы ағайындардан күтеріміз – бауырмалдық бірлік. Сіздерде бізде жоқ бірталай артықшылық бар. Ол – сауда, іскерлік. Мейлі, бауыр болып қайта орал, мейлі, бизнесмен болып, кәсіпке кел, бірлескен шаруа құр, сөйтіп, қазақтарды кәсіпке үйрет. Елім деген азаматқа көмекке келетін кез жетті.

Ал, түрік елі Сіздерді бауырға тартып, көмек жасап отырғанда, түріктерді біз неге жатырқаймыз, тиісінше, жақын тартып, ағайын ара араздыққа жол бермейміз. Егер, неміс жеріндегі қазақтар қағажу көрсе, 800 мың немісті біз де паналатып отырмыз. Соған орай сіздерге де араша түсеміз. Бірақ ондай мәлімет болған жоқ. Сырттағы бар қазақтың басын қосып, конгресс өткізу ойластырылып жатыр. Өкілдеріңізді жіберіңіздер.

Сол күні кешке жазушы-журналистер Стамбулдағы “Қазақ Уақыбында” болды. Ағайындар, алқа отырып әңгімелесті, түрлі тағдырлар айтылып, ой қозғайтын, көңіл толқытатын көп сыр шертілді.

Мен Кельннен келген бірталай адамды көрдім. Олар көбінесе, жазғы демалыстарында келетін еді.

– Бұл сапарға біз Европадағы ағайындардың өкілі ретінде келдік, – деді Абдрахман Шетин.  – Міне, жүз көрісіп, көңілдегіні айттық. Мысалы, мына жігіт Данияда тұрады. Тағдыр әкелерін Қазақстаннан бір қуса, Ауғанстаннан екі аударып алыстатып жіберді. Елге қайтқылары келеді-ақ, бірақ қалай?..

Мехмет Аюби дейтін бұл жігіттің Алматыға келгені рас. Ұсақ үш баласын ертіп, ағайынды екі семья 15 күн “Қазақстан” қоғамының қонағы болған. Ауған қазақтарын атамекенге жалғастыру ойлары бар екені де өтірік емес.

– Бар қазақты бірден көшіріп аламын дей алмаймын,-деген Президент.  – Бірте-бірте келе беріңіздер. Алда-жалда, көп болып келеміз десеңіздер, Түрік өкіметімен бір тоқтамға келейік.

Бұған бәлен деп бәтуа айтушылар болған жоқ.

– Осы “ел, ел” дегендеріңіз бос сөз емес пе? – деп қалдым Абдрахманға.

– Жүрек түбінде Туған жерге барып тұратын бір күш бар-ау. Бірақ, біз уақыттың да, саясаттың да сан-сойқанын көргенбіз. Қазақ өз топырағында ғана қазақ болмақ. Егемен болып жатқан қара шаңырақта өз ұлтының көпшілік болғаны да абзал ғой. Мысалы, өзің білетін Зуха батырдың Түркиядағы әулеті 72 үй болыппыз. Байлық деген бізден талай рет адыра қалған. Жұт жалмаған, жау алған. Бүгінгі жыйған-тергендер жұтты қойып, есеп шоттың бір тасы жаңылыс соғылса, жоқ болатын, болжаусыз дүние. Ендеше, ой түбіндегі арманды “бос сөз” дей көрмеңіздер…

– Қазақстанның қазіргі қадамдарын сіздер жүрген ел, сіздің өзіңіз қалай бағалайсыз?

Зияжан қажы:

– Қазақ – Түрікке жат халық емес, керек десеңіз түріктің қарашаңырағы қалған үлкен үйіміз деседі. Сондықтанда сіздердің әр табыстарыңызға қуанып отырады.

– Атап айтқанда?

– Ол өзі қазір көбейіп келеді ғой, -деді сөзге көлденеңнен қосылған Дәуіт Ашықкөз. – Ең алғаш “Желтоқсан” оқиғасымен бір жалт қараттыңыздар. Орта Азия республикалары басшыларын бір жинап, берекеге бәтуа жасады. Міне, енді экономикалық-саяси дағдарысты бірігіп шешетін экономикалық одақ шарты жасалып жатыр. Нұрекеңдер кеше ғана қарақабақ қан төгісін тыюдың тиімді жолдарын қарастырып келді. Осының бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың парасаттылығымен тікелей байланысты.

– Бәрінен бұрын, соншалық көп ұлтты республикада қайта құрудың байсалды, жанжалсыз, дау-шарасыз кетіп бара жатқаны қанағаттанарлық, – дейді Құланбай Назыр.

Жексенбі күні делегация тұтас тобымен Стамбулдағы атақты Ая-София музейін, “Тапқапы” көрмесін, сұлтан Ахмет мешітін көрді. Мәрмара, Қаратеңіз төсінде кемемен серуен жасады. Шұғылданып жүргенім қазақ эмиграциясының мәселесі болғандықтан мен аз уақыт қазақ “уақыбында” болып, аэропортқа басқалардан бір сағат бұрын келіппін. Осы сәтте Президентті шығарып салу үшін Анкарадан ұшып, Тұрғыт Өзәл де келді. Сәті болғанда, қазақ бизнесмендерінің біразы, журналистерден Алтыншаш Жағанова екеуміз бар, Президентпен ескерткіш суретке түсіп, қысқа ғана әңгімелесудің орайын таптық.

– Қазақстан Парламентінің әйелдер мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде сіздің зайыбыңызға хат жазғаным бар еді. Иншалла, енді екі ел әйелдері арасындағы қарым-қатынас кеңейе түсер деп ойлаймын, – деді Алтыншаш.

– Табиғи, табиғи, – дейді Президент. – бұл өте дұрыс.

Өзінің Қазақстанға сапарын есіне салып, республика баспасөздерінде, сол қатарда, сырттағы ағайындарға арналған “Шалқар” газетінде де мол жазылғаны жайын айттым. Кейбір жеке сөздерді ғана тәржімелеп тұрған Әбдуәли Жан араб әрпімен басылатын бұл газет көп жерге таралатынын, қазақ халқының мол ықыласын сол газеттер бетінен жиі көретінін мәлім етті.

– Шоқ, шоқ тешәккүр (көп рахмет) Бұл сапар да жазылатын болар, – деді сонан соң.

Сәті  түскен әр қадамға қатты қуанатын біздер үшін, қазақстандық барлық жолдастар үшін бұл өте орайлы дидарласу, тіпті жеке өмірдің өзгеше естелігі болды.

Түрік жеріндегі барлық түйсікті түйіндеп келгенде менің ерніме:

Арғы атам ер түрк,

Біз қазақ еліміз,

Самал тау, салқын жон

Сарыарқа жеріміз, – деп басталатын Жүсіпбек Аймауытов атамыздың өлеңі орала берді.    Кезінде Алты Алашқа ұран болған осы жыр қазақ аспанына қайта шығып, тұтас түрік халықтарының үндерімен ұласып бара жатқандай сезіммен оралдым.

Алматы – Анкара – Измир – Стамбул – Алматы.

Уақап Қыдырханов, 1991 жыл




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑