banner-top12

Әдебиет 6010516_xlarge

Қосқан уақыты Ақпан 15, 2019 | 250 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

       Екі сайтан

Болат Құрманғажыұлы

(Әңгіме)

Нағашы атам Қинаят малшылар ірге көмген таулы өңірдегі Қызылқия деген кентте тұратын. Ал өзі қату тауының қыс бойы бет қаратпайтын қаһарлы ақ борат өтінде, жаз баласы кәукілдек салқын лебі есетін төңкелі жасыл жайлауында ат құлағымен алыса жүріп ержетіпті. Әкесі Берікбай ер көңілді, іскер, ауыздыға сөз бермес шешен, қисагер, төселген аңшы, көз жауын алар өрімші, оның үстіне дәулетті отбасынан шыққан сал – серінің бірі екен. Түзде жылы, үйде қатал әке мінезіне баққан қиятам жастайынан пысып – қата жүріп бір молдадан аздап арабша сауатын ашыпты да, әрі қарай өздігінен жалғастырып “Құран кәрімнен” бастап біршама кітаптарды қотарып шығатын болыпты. “Кітап құмар” атаныпты. Әкенің құймақұлақтығы  мен зеректігі дарыса керек, оқығандарын басқаларға әңгімелеп берудің шеберіне айналған. Діни кітаптарға аңсары көбірек ауған. Тілсім дұғалардың кереметтей мәніне үңгіп, оның адам жанына таптырмас ем екеніне біртіндеп көз жеткізген.

Атам сексеннің сеңгіріне өрлегенімен, денсаулығы жас жігітке бергісіз мықты. Ел арасында “Қинаят молда” атанып, сырқаттанған жандарға берген шірткісі, салған ұшығы дәл тиіп айықтырғанымен сенімді. Ол кісі көз алдымда. Орта бойлы, дембелше келген ақсары адам. От алып қопаға түскенін көрмедім. Қашан да жайдары, салмақты, кем сөзді қалпынан жазбайтын. Ауылына барған сайын тың әңгімелер айтып беріп, айранша ұйытатын.

Бірде ауызы қисайып қалған сәбиіне дем салдырмақ болып шақырған көрші ауылдағы бір момақан малшының үйіне ертіп барды. Ата – анасы кенже сарысының ауызы аяқ астынан қисайып қалғанын атама жарыса айтып жатты. Онысының бет – ауызы бес ит тоятындай қаспақ. Ақ жейдесі де қожалақ. Атам әуелі онысын жуындыртып, таза көйлек – дамбал кигіздіртті. Ал, өзі шарты бойынша көк құманға су жылтпалатып дәретін алып, бесін намазын өтеді алдымен. Сосын сары ұлға сұстана зіркілдеп дем салды. Мәзімдердің сарынды әуеніне басқан атамның шоқша сақалы да бірге қозғалды. Әуенін бәсеңдете келіп “сү” деп су бүркті. Тозаңдалған бүркінді сарының қасында таңырқап отырған мені де шарпып кетіп еді, селк ете түстім. Үйіне келген – кеткендердің мойнына мініп мазалайтын көрінеді. Ауызының қисайғанына қарамастан бастабында атамның сақалымен жағаласып, саумалап, ыржалақтап сайқылаған. Енді міне жыны қағылғандай сабасына түсе қалды.

Бата жасалған бағыланның еті де сылыныпты. Қолға су құйылды. Астан соң атам қияқтап қойған бозамық сұлу мұрттарын сылай отырып “Екі сайтан” деген әңгімесін мымырлата жөнелді. Шолжаң сары салған ұшық дәл тигендей ұйқыға шомды. Біз атамды тыңдаумен болдық.

– Қарақтарым, “Бисмилләхирі” жоқ адамды үнемі сайтан иектеп жүреді және пәле – халаға қарай итермелейді екен. Ол мың құбылғыш, алдау, арбау өнеріне жеттік оның үсіне адамзаттан бұрын жаралған әзезіл көрінеді. Мекені – адам денесіндегі ет пен терінің арасы, күлдің асты, қоқыс, лас жерлер. Қас жуы – “Бисмилләхир”.

Бір кезде екі сайтан жол айырығында жолығысыпты. Бір қарыстай ғана бойы, ұзын әрі селдір шашы, бақырайған көздері бар, арықтап қу жаны қалған біреуі жыламсырап жапақтапты. Сонда оның қасында тұрған былшиған семізі жанары жіпсиіп, селберлене кербеңдеп сөйлепті:

– Бейшара, жұтта қалғандай көтерем қалпыңа болайын, неге жұбыңа жеттің?

Сонда арығы кемсеңдеп:

– Е, басыңа келмеген соң айтасың – ау. Мені құртқан “Бисмилләхир” ғой. Шал – кемпірдің үйіндемін. Еркіндік қайда? Азаннан бастап түнге дейін ұйқыға кеткенше ауыздары жабылмай “Бисмилләхирларын” айтады. Өзімше ыдыс – аяғын, отының басын енді ғана аралап, емін – еркін сайрандай бергенімде әлгісін тағы бастайды да, далаға жалғыз – ақ қашып шығам. Сөйтіп қайталана береді. Ашығып, титығым құрып әбден біттім. Бойымда зәре, жанымда әмір жоқ, – дейді.

– Ой, сорлы байғұсым, мен бақытты екенмін. Жүрген үйім рахат, несін айтасың. Бір жақсысы ері мен әйелі де арақ құмар. Желкелеріне кезек мініп алам. Жалғыз ұлын ойынға айналдырып, сабағын қаратпаймын. Оның сабақта нашарлағанын менен көрмейді. Қайта әке – шешесін баласы үшін төбелестірем. Ауыздарынан ақ ит кіргізіп, көк ит шығартам. Зәреңді ұшыратын “Бисмилләхир” атымен жоқ. Кейде ыстықтасам құмырадағы арақтарына сүңгіп, жүзіп, мейілінше шомылып салқындаймын. Жуылмай қалған ыдыс – аяқтарын жалап – жұқтап, беті ашық тағамдарына, ішетін суларына түкірем. Есіктен төрге дейін шашылатын күлі мен қоқыстары – сайран сарайларым. Кір – қожалақ болып жататын көрпе – орын, киім – кешектері – жамылатын торғын – торқам болмақ. Қарашы маған, тойынып, қам – қайғысыз жүремін, – деді бұлтиған қарнын сипап.

Осы араға келгенде:

– Ата, дедім тыныштықты бұзып – сонда көп айтылатын “Бисмилләхир” деген сөз не мағынаны білдіреді?

Маған ойлы пішінмен қарап, жұмсақ алақанымен басымнан сипаған атам:

– Балам, ол қасиетті “Құран кәрімде” айтылатын киелі сөз. “Аса рақымды әрі мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын” деген мағынада. Он сегіз мың ғаламды жаратушы Аллаһтың атымен басталған сөзге, іске, ниетке сайтан жоламақ емес. Әлгі сайтанның тарамсына ілініп әзер жүргені – ұлы сөздің теңдессіз құдіреті. Ол сайтан пендені азғыруға қашан да дәрменсіз. Ал, ана бір семізінің тайдаңдап жүруі ол үйдегілердің имансыздығынан, “Бисмилләхирінің” жоқтығынан. Халал мен харамға мән бермегендігінен, тазалық жүрмегенінен.

Біз аттанарда ерке сары да ұйқысынан оянды. Ол бәрімізге күлімсірей қарап қоштасып жүр. Маған ол құдды бір ақылды балаға ұқсап, сотқарлығын қойған сияқты сезілді. Оған жаным аши қалып ішімнен “ауызы тез түзелсе екен”деп тілене бердім.

Жайлау аспанындағы алтын табақ – күн еңкейген. Қуарақ ұшқан отағасы кертөбелдің айылын тартып, тізгінін қымти тұрып, атамның сол аяғын үзеңгіге демеп сұғындырды да қолтығынан демеп атқа қондырды. Мені қаңбақша көтеріп, жұмсақ төсеніш салынған атамның артындағы ат беліне сала салды. Мама ағаш қасына жүгіре келген әйелі ақ орамалға түйілген түйіншекті ұсынып жатып:

-Ата, Аллаһ қуат беріп, салған деміңіз дарысын. Мынаны азда болса жол ретінде алғайсыз, – деді абдырап.

– Қарағым, мұныңа рахмет. Жақсылығым қабылданып, шипасын беріп жатса, жаратушыдан қайыры тиеді. Мә, ренжімей қайтып ал, – деп өзіне қайтарды атам.

Қайта – қайта тықпалап алдыр алмаған тәте ыңғайсызданып қалды да:

– Ата онда балаларыңызға алма ала барыңыз, базардағы қыз беріп жіберіпті, – деп үйінен бір қалта алма алып шығып берді.

– Мұның жөн, келін мен немерелерге таңсық дәм ғой, – деді атам ерінің алдынғы қамшылар жақ қанжығасында тұрған сөмкесінен ыңғайлап жатып: – қарағым, ана ұлды енді бірер рет апарып ұшықтатыңдар, оңалып қалар.

Атам сөйтті де татының басын ауылға бұрды. Басбілгі, елпек жүрісті кертөбел бір отырған күрең белге қарап қамшы салдырмай жайқақтай басты.

Дақсыз сауыққан ерке сары менімен дос болып кетті.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑