banner-top12

Алыстағы ағайын 73661943

Қосқан уақыты Қазан 13, 2016 | 503 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЕЛ АМАН, ЖҰРТ ТЫНЫШ БОЛЫП, ҚАЗАҚСТАН ӨРКЕНДЕЙ БЕРСІН!

Рысалды Төкеева, ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Бельгияның Антерпен қаласының тұрғыны

Адамзат қоғамында ойламаған сан мыңдаған құбылыстар болып жататынындай,  Алланың әмірімен өткен ғасырдың соңғы жылдарында кең байтақ қазақ даласына да сол бір киелі шапағаттың нұры жауып, өз қолы өзіне жететін егемендік дейтін ұлы мерейлі күнге жетті. Ата-бабамыздан мирас қалған киелі топырақтың иесі осы қазақ дейтін ел екендігін дұниеге танытты, танытып қоймай, осынау Орталық Азия жерін мекендеген бірнеше мемлекеттерден озып шығып. қолда барын ұқсатып, өз елінің, өз халқының қажетін игілігіне жарату жолында орасан зор табыстарға қол жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының дана басшылығында бүкіл халық жұдырықтай жұмылып, тегіс аттанысқа келіп, бұрыннан қалыптасқан көне жолды  бұзып, адамдар арасында еркіндік, бірлік, теңдік орнатты.

Қазақстан – Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Бүгінде кең-байтақ қазақ жерінде 11 тілде жастарға тәлім беретін мектептер жұмыс істейді екен. Осыдан-ақ елдегі өзге ұлт өкілдеріне қандай жағдай жасалғанын бағамдай беруге болады. Бұны үлкен жетістік деп айтуымызға қақымыз бар. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениеттерін дамытуда. Бүгінде бұл аталған достық шаңырағы қазақ жерінде тіршілік ететін ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосатын және аз ұлттардың мүддесін қорғайды. Сонымен бірге Қазақстанда жүзеге асырылып отырған ішкі саясаттың тағы бір ұтымды тұсы қазақстандықтарды түрлі діни конфессияларға деген толеранттылыққа тәрбиелеумен сабақтас. Өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар әлем сахнасында Қазақстанның шынайы имиджін қалыптастыруға игі ықпал жасауда.

Қазақ жері жер асты байлығы мол, жері кең. Осыған орай шетелдермен байланыс орнатып, көптеген жер асты кендерін, мұнай құдықтарын ашты адамдарды жұмыспен қамтып, қаржыны халық игілігіне жұмсауда. Жүздеген мектептер мен балабақшалар,ауруханалар ашып, халықтың денсаулық және әлеуметтік жағдайын көтеруге мол мүмкіндіктер туғызуда.

Қаңбақ көшкен сары далаға жаңа қала орнатып, жақұттай жарқыратып, дұниенің назарын аударды. Бүгінде Қазақстанды әлем таниды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясатын жыр ғып айтады, құрмет тұтады. Осының бәрі де ата-бабамыз армандаған күндер еді. Міне 21-ғасырдағы ұрпағы сол тілекке жетіп, қазақ халқының мерейін өсірді.

Мен алыста тұрамын бірақ «Қазақ» телеарнасындағы (Каспионет) жаңалықтарды мұқият қадағалап отырамын. Ел “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай” берекеде болса, мемлекеттің босағасы берік, шаңырағы биік болатыны сөзсіз. Біз алыста жүрсек те, тілегіміз, ниетіміз Қазақстанмен бірге. Қара шаңырағымыз Қазақстанның әрбір жетістігіне, әрбір табысына мақтана, қуана қараймыз.

Бельгия Корольдігі Қазақстанды тәуелсіз ел деп 1991 жылдың 31 желтоқсанында таныды. Содан бері екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы жыл өткен сайын артып келеді. 1992 жылдан бері екі ортада дипломатиялық қатынастар орнады. Ал 1993 жылы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігінде Елшілігі ашылды. 2006 жылдан бері Астанада Бельгияның Елшілігі жұмыс істеп келеді. Бүгінде 300-ден аса қазақ мекендейді.

Бельгия корольдігі – Батыс Еуропалық кішкентай ғана мемлекет. Тіпті жер көлемі жағынан Алматы облысы аумағындай ғана десе болады. Еуропалық өлшемнің өзінде Бельгия корольдігінің территориясы тар саналады. Бір қарағанда бұл ел сәулетті үйлері, орта ғасырларда салынған зәулім сарайлары тізілген, дүниедегі әртүрлі өсімдіктердің бәрі бар, мұнтаздай таза мемлекет, әдемі ойыншық сияқты көрініс қалдырады. Бельгиялықтардың өздері біз ойыншық мемлекетпіз дейді. Бірақ мәдениеті, экономикасы жағынан талайды шаң қаптырады. Осындай кішкентай ғана жерде он миллионнан астам халық тұрады. Бельгиялықтардың 75 пайызы католик, 500 мың мұсылман бар. Иудаизм, провослав, протестанттар да жетеді. Тәуелсіздік алғанына 180 жыл болған мемлекеттегі негізгі ұлт-бельгиялықтар өте бай тұрады. Мемлекеттік билік саясаты да сол мемлекетті құраушы ұлттың ыңғайына сай жүргізіледі. Бас басында баспана. Бельгия халқының 58 пайызы фламандықтар, ал 31 пайызы валлондықтар. Қалған он бір пайызы этникалық топ өкілдері. Жалпы ресми түрде Бельгияда 900 мың шетел азаматы өмір сүреді.     Солтүстігінде Голландиямен, шығысында Германиямен, оңтүстік-батысында Франциямен шектесетін елде нидерланд, француз, неміс тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Бірақ үстемдік негізгі ұлттың ана тіліне берілген. Оқу орындардында сабақ нидерланд, яғни фламанша жүргізіледі, мемлекеттік емтихан да осы тілде тапсырылады.

Белгиялықтар ана тілін білмегенді адам санатына жатқызбайды.
Бельгиялықтар әр нәрседен ләззат алуға тырысады, барға қанағатпен қарайды. Олар еш уақытта ешқайда асықпайды. Дүние құрып бара жатса да алаңдамайды. Тамақты да баптап, сүйсініп ішеді. Адам асықпаған кезде оның миы да тыныш болады деп есептейді. Бір біріне қатты көңіл бөледі. Осыны байлық деп санайды. Тұрмыс қалыбынан аса алмай қарбалас жүрген біздердің іс әрекетіміз олар үшін ерсі. Бельгияда Қазақстаннан келген үш мыңдай отандасымыз өмір сүреді. Оның ішінде үш жүзден аса  қазақ бар. Олар әртүрлі себептермен келгендер. Ал, он отбасы таза қазақтардан тұрады. Арып ашып жүрген ешкімді көрмейсің. Қара жұмысқа жегілген де адамдар аз. Негізінен кәсібі заводтарда, фабрикаларда жұмыс істейді, 99 жылдары келген қазақтар бәрінің жоғары білімдері бар, олардың балалар осы қоғамға сіңіп, француз немесе фламан тілінде тәрбие алып, университетте жоғары білім алып жатқан қазақтар да бар.

Бәріміз тек жақсы күндерде, мерекелерде бас қосамыз. Еуропадағы Кіші құрылтайлар танымағандарды бiр бiрiмен таныстырып, көбісі осы мерекеде бас қосып жатады. Бiздер жай ғана бiр елде кездесiп қана қоймаймыз, бiздердiң алға қойған мақсаттарымыз бар, сол мақсаттарға жету үшін бәріміздің ойымыз бiр жерден шығып, мақсаттарымызды бiртiндеп жүзеге асырып келемiз. Ал бiздiң мақсатымыз, арманымыз не десеңiздер, ол шет елде жүрiп қазақ болып қалу: тiлiмiздi, дiнiмiздi, салт-дәстүрiмiздi, мәдениетiмiздi сақтап қалу.  Бельгия елiнде қазақ диаспорасы арасында қазақ мектебi жоқ. Оның себебi – қазақтар өте аз және сұраныс жоқ. Қазақтар бiр жерде емес Бельгияның түпкiр-түпкiрiнде шашырап орналасқан. Қазіргі таңда Қазақстанның шетелдегi қазақ жастарына тегiн яғни мемлекеттiк грантпен орта кәсiпкерлiк және жоғарғы бiлiм алуына арналған мүмкіндігін жақсы білесіздер. Еліміздің осындай мүмкіндік жасап, жастардың елге келуіне барын салып жатқаны, жаста болса іргесін енді кеңейтіп жатқан ел үшін бұл қуанышты жайт дер едім. Әрине тамшыдай тама берсек, құлағына сіңдіріп айта берсек, олар да райынан қайтар, елге келер деп үміттенемін.

Ел аман, жұрт тыныш болып, Қазақстан өркендей берсін!




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑