banner-top12

Алыстағы ағайын sabak-turkey

Қосқан уақыты Қараша 10, 2016 | 654 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЕЛБАСЫНЫҢ ТҮРКИЯҒА САПАРЫ

Уақап Қыдырханов,

жазушы

wakap-kydypxanwly-1

1991 жыл. Тәуелсіздік таңы енді атқан шақ. Алматыдан төте ұшқан “ТУ-116” Анкараға еңкейгенде жергілікті уақыт түскі сағат бір еді (Алматы мен Анкараның уақыт айырмасы үш сағат). Түрік елінің халықаралық ауалаңында (аэропортында) бізді аса салтанатты болмағанымен жүздерінде жаттық жоқ, мейірімді, меймандос адамдар қарсы алды. Бас ғимараттың шыға берісінде бірі зор, бірі шағын екі автобус тұрды.

– Қош келдіңіздер, бауырлар! Қазақ тарихындағы тұңғыш Президентімізді көруге асыққан ағаларыңның алдарыңнан шыққаны осы деп біліңдер. Мынау қарт алақанда сан жылдардың сағынышы жатыр, – дейді Ұядан ақсақал. Басқаны қайдам, осы сөзге өзімнің  қарным тоғайып қалды. Содан бастап мейманхана төңірегі қазақтарға тола берді. Бәрі сұхбаттасқысы, сырласқысы, орайы келсе, үйлеріне ертіп кеткілері келеді. Бірақ біз көп едік. Президенттен бір тәулік бұрын барған бұл топта қырық шақты іскерлер мен он алты жазушы-журналист бар-тын.

Түркиямен танысу түстен кейін Анкарадағы Совет елшілігінен басталды. Бас елші ұзақ әңгіме өткізді. Іс адамдары астананың іскерлігімен айналысып кетті де, қаламгерлер қала аралады, баспа орындарына барды. Түннің бір мезгіліне дейін қонақ  үйдің есігін суытпаған, тіпті, сонау Стамбул, Измирден, Европадан телефон шалып жатқан бауырлардың жандүниесін қызыл сөзбен жеткізу қиын.

Елең-алаңда телефон қоңырауымен ояндым. Кәдімгі Халифа Алтай қарттың таныс үні. Түнделете жүріп, Стамбулдан жеткені осы екен. Жүгіріп астына түстім. Қасында өзіміздің Қалтай ағамыз бен Иран қазағы Ислам Жеменей бар. Конияға суыт жүріп бара жатқан жолында бізге соғыпты. Кең құшағына қыса тұрып, Халекеңнің алғаш сұрағаны Қазақстанда басылған Құран тәпсірі. Арнайы ала келген тұңғыш қазақша тәпсірдің мұқабасын сүйіп, маңдайна баса қабылдады да, қолымды қайта қысып құттықтады.

– Иншя-Алла. Бұл – зор табыс, шексіз қуаныш. Жетпіс жыл желкеленген ислам тағлымының қайта таралуына сіңірген еңбегіңнің сауабы Алладан қайтсын.

– Құран Кәрімді тұңғыш аударған қазақ сізсіз. Мұны өз еңбегіңіздің жалғасы деп білгейсіз, – деп жатырмын.

Иман мен ислам жолын бекем тұтынған Түркияға, ондағы қазақ бауырларға апарған менің ең кәделі сыйлығым да осы еді. Мұсылмандықтың бір тұтқасы тәрізді қарт қазаққа таңсәріде тапсырған осы сыйым ол кісіні қатты қуантты.

25-ші қыркүйек. Сәске түс. Есенбұға ауалаңы. Қазір Президент Н. Назарбаев келеді. Ауалаң айналасы әсем. Табалдырықтан трапқа дейін төселген алқызыл кілем. Алаңда салтанатты үш сап тұр. Әскери шеп, кілем төсеген ұзын жолдың бойында қазақша киінген, гүл ұстаған, нан-тұз көтерген бұхаралық шоғыр. Арнайы жабдықталған тағы бір тұста түріктердің ұлттық киімін киген жасөспірімдер тізбесі. Бұхара тобының төр басында тұрған қазақтар да маған таныс болып шықты. Мәжит Жаналтай, Абдулла Апыз, Құланбай Назыр, Мұхамади Қылыш, Фазыл Топлы, Дәуіт Ашықкөз, Талғат Халық, Ғулям Айдар, Шехмансур… жиыны жүз шамалы жан. Сонау Стамбулдан, Измирден, Сәлехлыдан, Кониядан алды кеше, соңы таң ата жеткен жұрағаттар. “Қазақстан Жұмһурбашқаны Нұрсұлтан Назарбаевқа жалынды сәлем! Жер бетіндегі қазақтың  жалғыз көсемі – көсегең көгерсін!” деген сөздер жазылған транспоранттар.

Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басшысы Қалдарбек Найманбаев, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Төлен Әбдіков үшеуміз Ұядан Ахай қартпен оңаша сұхбаттың сәтін таптық.

– Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрғанын айтсам айып етпеңіздер, – деді ол кісі. – Қазақ Президентіне көрсеткен жаңағы құрмет менің өмірімдегі зор қуанышым. Бұған жеткізген Тәңірге мың шүкірлік. Әттең, жаңағы жерде “Истихлал маршынан” (Түркия гимнінен) кейін  қазақтың өз мемлекеттік гимні ойналса, біздің бойымыздағы қан ағысы екі есе ұлғаяр еді-ау…

Әңгімені бір бастап алса, тоқтамайтын әдеті бар ма, қалай, “бұл былай ғой” дегенге ден қоймай, ойындағысын түгел айтып шықты. Мемлекеттік ту – оның түр-түсі, таңбасы қандай болу керек, иманнан алыстап кеткен мұсылмандарға ислам тағлымын қалай дарытқан дұрыс. Қожахмет Яссауидің әлемдік даңқын неге қалпына келтірмейсіңдер. Хан Тәңірі бүкіл түркі халқының қасиетті шыңы емес пе еді. Жұрт жорыққа аттанса, жақсы тілек тілесе, Тәңір тауына тәуап етпеуші ме еді. Сол Хан Тәңірін бүкіл түркі елі жылына бір жиналатын тілек төбесі етсе болмас па еді. Жібек жолына жан бітірген бауырларым-ау, Хан Тәңірінің аруағын оятсаңдаршы…

Әрине, орайдағы ой-жоспарлар жөнінде біз де үн қатпай қалған жоқпыз. Бірақ, Ұйекең соның тез болуына жақсыны бірден жаңғырықтырып жіберуге асығады. Социализм қанша сойқандаса да қазақ топырағының қазынасы қағылған жоқ. Ала білгенге әлі де мың жыл азық болады. Соны сырттың сұғанақтығынан сақтап, түркі халқының игілігі етсек  деген, әрі қанағаты, әрі қызғанышы бар ойларын ұсынады. Былай қарағанда біртүрлі естілгенмен, толғамды адам бұл ниетті де бөтен дей алмақ емес.

  • Елдің атын ер шығарады. Халық – ханымен күшті, – дейді Мәжит Жаналтай жанасалап жүріп сөйлескеннің өзінде. – Ел сілкініп, ер туып, аруақ оянып жатқан дәл бүгінгі қайта өрлеу тұсында Нұрсұлтан інімнің туысы бір Түрік еліне қаламгерін де, саудагерін де, іскер адамдарын да ала келгені тегін емес. Қапысыз жазыңдаршы, баяғы Мағжандай, түркі аруағын жазыңдаршы. Соның ішінде, жүректегі жүктерін жеңілдетіп, сағыныш сарығын басып алуға қаратер болып жүрген біздің жан сезіміміз де жүрсін.

Сол Мәжит бастаған түрік қазақтарының басшы-қосшылары Президенттің өздерімен кездесетін сәтін анықтап алғанша, тәулік бойы топырлап біздің төңіректе жүрді. Қазақ делегациясының  құрметіне берілген концертке қатысқан, түн ортасын аударып тарады. Соның өзін санатқа қосылғандай қуаныш көрді.

26-шы қыркүйек. Ертеңгі сағат 10-да Ата Түрік мовзолейіне зиярат жасалды. Одан соң парламент үйінің мәрмәр сарайында қос президенттің ресми келісімге қол қою салтанаты болып өтті. Сапар бағдарында белгіленген екі ел арасындағы мәдени-экономикалық қарым-қатынас, Азия мен Европаны тұтас жалғастыратын әуе, темір, су жолы, сауда-саттық өндірістік қауымдастық туралы мәселелердің бәрі ресми имзаланды. Өз басым олардың бәрінен дипломатиядан гөрі қан қарындастық,  тіні, тілі, ділі бар туысқандық қайта қауышудың, болашаққа деген бекем сенімнің самалын сезгендей болдым.

Ендігі бағыт – Измир.

 

ЕГЕЙ  ҚАЗАҚ  ТҮРІКТЕРІ

Тақырыпты осылай қойғаныммен  түрік жұртының дәстүрімен ауытқып кетпесең жарар еді деген де ойда отырмын. Өйткені бұл елде сен анау,  сен мынаусың деп, ұлтқа, ұлысқа  бөлісу деген жоқ, діні, тілі, әдеп-ғұрпы бөлек азын-аулақ  еврей, ағылшын сияқты халықтан басқаның бәрі түрік аталады. Зиялы адамның қайсысынан болса  да  «Сіз қай ұлтсыз?» -деп сұрай қалсаңыз, «бізде түріктен басқа ұлт жоқ» – дейді. Өткен  жылы Түркияның бұрынғы мәдениет министрі  Намук Кемал қазақ телевизиясының тілшілерімен жүргізген сұхбатында, олардың «Сіздің елде қанша  қазақ бар?» – деген сұрауына:  «Бізде  59 миллион қазақ бар» -деп жауап беріпті. Соны естіген бір жолдасым  маған «Оу, Түркияда  жиырма  мыңдай қазақ тұрады дегендерің қайда?»- деп телефон шалғаны бар. Ал онда Намук Кемал «біз ұлтқа бөлінбейміз, қазақ болсақ түгел қазақпыз да,  түрік болсақ түгел түрікпіз» -дегенді тұспалдағаны еді. Сол жікке бөлінбей ұжымдасып кеткен қазақтардың  біразы Измирде тұрады.

Анкарадан Түркияның өз самолетіне отырып Измирге ұштық. Нұрсұлтан Әбішұлы самолет ішінде жолаушы салонына шығып, қайсы бірімізбен әңгімелесіп, енді біреулерге интервью беріп, жарқын сапардың жайраңдаған көңіл-күйімен ұшып келгенбіз. Измир ауалаңында да сол кешегідей салтанатты қарсы алу, қалың адам. Тағы да көзге оттай басылған қазақ киімді ақсақалдар, тана-мойыншақ тағынып, гүл құшақтаған үкілі қыз-келіншектер.

Самолет табылдырығындағы ресми қарсы алудан кейін Президент топ басында тұрған оқалы, шапан кестелі тақия киген  еңсегей бойлы адаммен  ықыласты амандасып жатты. Бұрын жүз көріспегенімізбен мен оны таныдым. Көптен  хат жазысып, телефон шалысып сурет алмасып тұратын едік. Мені ол да жаңылмай танып, ыстық қауыштық. Бұл осы Измирде тұратын қазақ, қазақ бауырлар ішіндегі басалқа  Шеризат Доғры еді.

Аэропорт аймағында жарты сағаттай аялдап, көпшілікпен қайта дидарласып жатырмыз. Анкарадағы екі күнде түрік сөзіне құлағы қанығып қалған жігіттер кезіккеннің бәрімен ортақ тіл табысып, мәре-сәре. Адамдар нөпірінің әр тұсынан жалынды сәлем жазылған көрмелер көзге түседі.

…Аэропортта Президентпен толық тілдесе алмай қалған Шеризат кеше түнде ханымын және Еркін, Шолпан, Абылайхан атты ересек үш баласын ертіп, соңымыздан келіпті. Күре-Мариде күтіп отырып, Нұрекеңмен кездесудің сәтін де түсірді. Ертеңгі күннің үлкен-үлкен шаруасы бар, ресми программадан ауытқи берудің реті де жоқ. Осыны ескеріп Президент рахметін айтты.

– Нәумез болып қалдыңыз-ау? – дедім Атакүліге қайтып келе жатқанда. Ханымы сәл мұңайды.

– Оқасы жоқ, – деді Шеризат. – Бұған жеткізген Тәңірге де мың шүкірлік! Аузына әлем қараған қазақ патшаның парасатты дидарын көріп, қолын алса, шетте жүрген шермендеге аз олжа ма екен. Жолы болсын!

Ертеңгі сағат тоғызда жолға шығып, осы төңіректегі Лепеса деген бір тарихи орынды (әулие Мариямның Ғайса пайғамбарды туған жері) зиярат етпекші едік. Әлгі түні бойы теңіз жағалағанның, ала таңнан төмен жүгірістің салдарынан, тез жинала алмай, сәл кешігіп қалдық. Содан соң қасиетті Лепесаға сырттай тауап етіп, Измирге қайта қайтып кеттік. Асығып келеміз, басқаға емес, тұп-тура Шеризаттың “Алаш қымыз чіптілігіне” келе жатқандаймыз. Сағат 2-де Стамбулға ұшуымыз керек. Соған дейін Түркия топырағындағы жалғыз қазақ үйінде кең отырып, әңгіме шертпекпіз ғой…

Даңғыл қарамен (қара жол деген сөз) жүріп, бір сайға бұрылғанда бөктерде жатқан бір өңкей шабдар биелер табыны көрінді. Әне-міне дегенше-ақ  орданың ауласына тірелдік. Шеризаттың шүйгінді сайдағы шаңырағы осы. Ақ үйден әрі қарай қосалқы құрылыстар созылып жатыр. Анадайда қымыз блогы тұр. Ауланың оң жағында биебау. Бірақ, сауын да, құлын да басқа жерде болса керек, биебау басы жаздай жылқы жайлады дейтін емес, шалғыны жапырылмаған қалпында.

Тұрпаты біздің Көктөбедегі үйлерге ұқсайтын, сыртында олпы-солпысы жоқ, кереге, дөдегелері киіз үйдің дәл өзіндей қиюласқан, қалыңдығы орташа цементтен соғылған ақ ордаға кіріп іргелей отырыса қалғанда, отыз шақты адам қадау-қадау ғана болып қалды. Көзі жіті бір жігіттің айтуынша, еденде 32 кілем жатыр. Тас үйде отырғандай емеспіз, дауыс сыңғырлап, жаңғырып шығады.

Шәкеңнің сексендегі шешесі осы шаңырақ көтерілген соң қаладан мүлде безіп, осында келіпті… Бізді соқпай кете ме деп абыржыған екен, кірген бетте дұға оқып, бәрімізге батасын берді. Мұны салудағы мақсат – түрік жерінде қазақтың бір белгісі болсын дегеннен басқа түк те емес – дейді Шеризат. – Адамға ең әуелі Атамекен, сонан соң дәм қымбат. Түркі халқы үшін Алтайдан абзал мекен, қымыздан асыл дәм болған ба?! Елден кеткелі біздің көкіректегі қасірет осы еді. Жерге жете алмадық сонсоң, отау көтеріп, бие байлап, көңіл жұбатып отырған жай бар. Үйдің жобасын өздері әзірлеп, іші-сыртын Қытай елінен суретші шақырып әрлетіпті. Қабырғаларда қазақ мүліктері ілініп қойылған.

– Қымызды түрік ағайындар қалай ішеді.

– Қымыз бұл жақта жоқ тағам. Бірақ түрік ауыз әдебиетінде: “Ата-баба ішкісі (сусыны) көпіршіген ақ қымыз, арпа бидай суларын ішпе деген бір қырғыз”-дейтін өлең сақталыпты. Біздің басты жарнамамыз осы. Қымызды саудаға салған емеспіз. Сыртқы елдерден сұраныс мол. Биыл өткен халықаралық жәрмеңкеге 6 тонна қымыз алып барып едік, көп ерінге тимей де қалды. Пара табатын басқа да тіршілігіміз бар. Европа, Америка, Арабия елдерінен қолқа салушылар да көп, бірақ, қазақ ақ сатып байыған емес қой…

Артылған қымызды әзірше емдеу, ғылыми-өндірістік орындары дәрі-дәрмек, косметикалық мақсаттарға пайдалану үшін алып та жүрген көрінеді. Шеризат бұдан гөрі осы шаруаны жабдықтауға ақылшы болған Европа білгірлеріне, бие сауу, қымыз ашыту туралы әдебиеттер жіберіп, кеңес беріп отырған “Қазақстан” қоғамына рахметін көбірек айтады.

Ақ орданың төрінде ақсарбастың еті желініп, Австрия шабдарларының (Хафлингер тұқымының) қымызы ішілді. Дәмі Алтай мен Алатау қымызынан сәл шығырмақтау. Біз оны химиялық ашытқыдан болар деп білдік.

Түрік жеріндегі жалғыз қазақ үйінің ақ шаңқан шаңырағындағы үш сағат үш минуттай ғана сезіліп өте шықты. Президент сапарына ғана бөгеліп отырған Шеризат сол күні Европаға кетпек екен. Оның өзі жазған “Алаш қымыз кәсіпшілігі” атты кітабының бір-біреуі біздің қолымызда кетті. Шолпан  мен Абылайхан бізді аэропортқа шығарып салып, қол бұлғап қала берді:

– Қош, түрік қазақтарының қара шаңырағы!

–  Қош, Егейдің жарқын жағалауы!

ЕЖЕЛГІ СТАМБУЛДА

Измир мен Стамбул арасы самолетке елу минуттық жер. Эгей әсерінен айығып болғанша Стамбулға да еңкейіп үлгердік. Сол, кәдімгі, самолет табалдырығында басталған қошемет. Алдыңғы салтанаттарға көз үйренгендіктен болар, оған онша таңырқай қойған жоқ едік. Тебіреністі көрініс бас ғимарат алдындағы кең көшеде басталды. Жолдың өн-бойы лық толған халық. Дені, тіпті түгел дерлік қазақтар. Біздің төбеміз көрінгеннен-ақ шапалақ соғып, ұрандаған үндер дауылдап сала берді. Шығар ауыздағы гүл газонның жиегінде мүйіздеріне қызыл жиек байлаған, ақсарбас үш қошқарды көлденең ұстап, үш жігіт тұр. Сәл кідіріп, Нұрекең де шықты. Сол-ақ екен, қақпайға қарамай, қолтығына кіріп кеткен қазақтар қаумалап отырып ақсарбастарды алдына әкелді.

– Аумин, бата беріңіз!

– Жолдарың болсын, жарық жұлдыздар!

– А, құдай, ақсарбас, ақсарбас!..

Дауылдаған дауыс, қуанышы мен жылауы араласқан, тәңірге жалбаранып, тілек тілеген үндер жүректі жұлқып-жұлқып жіберді.

Мұндайды әркім өз сезімімен өлшейді ғой. Мен бұл ағайындардың тағдырын да, тарихын да біршама тәуірірек білетін едім. Сонау отызыншы жылдары Алтайдан (Шинжиаңнан) іргесі көтерілген 36 мың қазақ таусылып-таусылып, 50 жылдары Түркияға 300 үй әрең жеткен. Тұтас елдің таусыншығындай сол жандар қайта көктеп, 20 мыңға жақындап ес жиып, етек жауып Атамекенмен жалғаса бастаған шағы. Сұм замандар сойқанына ұшырап, сергелдең күй кешкен сормаңдайлар бүгінгі қазақ атаулының тұңғыш Президентін салтанатпен қарсы алу сәтіне жетсе, ақсарбас айтпай, қайтсін. Сол “А, Құдайлап” құрбандық әкелген, жүз жастағы Хамза қажының топ соңында тосып тұрып, Нұрекеңнің қолын алып, маңдайына ұмсынып жатқанын көргенде қатты тебірендім. Бар тауқыметтің тірі куәсі – сол қарт осы ғасырдың алғашқы жылдарында туған жері Зайсаннан арғы бет асып кеткен екен. Содан Моңғолия мен Қытайдың көп өлкелерін кезіп, жер шарының жарты шеңберін айналып отырып, Түркияға келіп тиянақтапты. Моңғол жерінде бір, Қытайда бір баласы қалған. Қазір солардың әр қайсысы 50-60 үй болыпты. Түркияда өскен әулеттері Англия, Швеция, Норвегия елдерінде шашырап жүр. Іргеміз бүтін отырып, бір баламыз сәл кешіксе шашымыз ағарып кететін өзімізбен сол қарттың қасыретін салыстырып бір байқайықшы. Әйтпесе, анау тұрған сәлделі, абыз қырғызға қара. Сириядан Стамбулға оралса, еліне келгендей болатын сол тақуа-тұтас түріктің бір тұтқасы болған қазақ Президентін қарсы алу мүмкіндігіне жеткеніне мың шүкірлік етеді екен. Тіпті, бір ауылды түгел жау қырып, қарнын жарып тастап кеткен жүкті әйелдің құрсағынан шошып туған Томықтың түрік жерінде өмірге келген балалары да анау топтың арасында жүр ғой.

Енді бабасынан баласына дейін келіп тұрған мына көптің көңіл қылын шертіп көріңіз. Ет жүректі пендеміз ғой, дәл осы сәтте Президент қандай сезімде болды, біз қалай тебірендік, сіз қандай сезім кешер едіңіз ағайын?!

Бата жасалды. Үш жігіт ақсарбасты жерге жықпай, аяғын бумай, алқымынан орып-орып жіберді.

– Ақ жол! А, Құдай, аруақ!

Басқаларды қайдам, осы сәтте қалам ұстаған әркімнің  көңіл қатырасында әралуан сурет, сипат, ситуация сомдалып қалғаны даусыз еді. Мен, сезімі сыртқа тебе бермейтін Сейдахметке, жан құбылысын жасыруды білмейтін Шерханға,  қиял әлемі қылпылдап, үнемі елпілдеп тұратын Камалға, үп еткен леп бетіне шыға келетін Сарбасқа, жаны нәзік Алтыншашқа қараймын. Әлпетінен ештеңе байқатпайтын Сейдахметім өңі өзгеріп, таңдайын қағып жанары жасаурап, әсер әуресінде тұр. Ал, басқалары… өздері айтар.

Сезімге еріп, сөз көбейтіп алсам, айып етпе, оқушы. Біле-білгенге бұл өз айымызды сыртқа шығарып, алыста жүрген ағайынды мүсіркеп, мұң шақыру емес. Ондағы қазақтардың халі қазір бізден жаман емес. Рухани әлемдегі байлық әмірші болса, бүгінде олар “ханға сәлем бермейтін” жағдайда. Туысқан түрік те сыртқа теуіп, көкіректерінен кері итерген емес. Жалпақ әлемнен табан тірер жапырақтай жер таба алмағанда пана болған ел. Олар үшін Түрік тауының биік болғаны да, Ата мекен абыройы да тепе-тең тілек.

Күн –  сенбі: Ежелгі Стамбулдың әйгілі орындарын көргенге не жетсін. Бұл қалада біздің бизнесмендерді  қазақ ағайындар көп төңіректеді. Түрік іскерлер тобын Нұрекең қабылдады.  Түстен кейін “Мәмараның” үлкен бір залында қазақтармен кездесу болды.

–  Ал, ағайындар, әңгіменің аузын ашайық. Бұл біздің ресми емес, бауырластық кездесуіміз болсын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Ағайындар мінбеге кезек-кезек көтеріліп жатыр.

– Қазақстандағы оңды өзгерістердің бәрі біздің қуаныш, – дейді Талғат Қосжігіт. – Шүкірлік, қайта құру сіздерде байсалды, бейбіт, батыл кетіп бара жатыр. Бұл да болса, әрі сезімді, әрі төзімді халық табиғатына тән, әрі, Президент парасатының жемісі деп білеміз. Ұлы істердің алдында жүрсіз. Сіздің қадамыңыз қазақ халқының бақытынан басқаға ауытқымауын үнемі тілейміз.

– Анкарада алдыңыздан шығып, кеше Стамбулда қолтығыңызға кіріп шыр-пыр боп жүрген ағаңның бірі менмін, – деді Мәжит Жаналтай.   – Жолыңызға малымыз түгіл жанымыз құрбан болса да ризамыз. Мен Қазақстанда 1979, 1989 жылдары 2 рет болдым. Онда – көз кіреукелі, тіл – күрмеулі кез еді. Енді, міне, тіл шешілген, жүрек ұғысқан тұсқа келдік. Бұл орайда сіздің қайраткерлік ісіңізді білеміз… Енді, Қазақстанға кіріс-шығыстағы кедергілер жойылса, ағайынмен еркін араласар едік. Екі ел жақындасты. “Ақыл ауысар, ырыс жұғысар”. “Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды”. Атамекеннің ырысынан біз де үміткерміз.

– Сонда, кедергі бізден бе?

–  Сіздерден демесек те, барыс-келіс билігіне Қазақстан әлі  ие бола қойған жоқ.

Халифа Алтай Қазақстандағы дін мәселесін, Ғұлам Айдар қос азаматтық, Ислам Жеменей Иран қазақтарының жайын, Исмайыл Себенжан Алманиядағы (Германия) қазақтар мүддесін сөз етті.

– Қазақ – ел бола ала ма? Сырттағы ағайындардан не күтесіз? Отандастардың мүмкіндіктерін неге пайдаланбасқа? Бар қазақтың басын қосып ақылдасатын кез жеткен жоқ па? – деген сұрақтар қойды Моңғолиядағы ислам қоғамының бастығы Сайран Қадырұлы. Стамбул университетінің профессоры Мехмет Сарай түрік-қазақ байланыстары тарихын тербеп, екі ел бауырластығының бекем болуына тілек білдірді. Кездесуге Түркия, Европа, Моңғолия, Иран, Ауған, Сирия-Араб елдеріндегі қазақтардан өкіл қатысты. Бар қазақтың бас қосуы деген осы болар.

Нұрсұлтан Әбішұлы ең әуелі қайта құрудың қазақ топырағындағы ахуалын, саяси-экономикалық жағдайды таныстырды.

– Келу-кету мәселесі енді Қазақстанның өзінде шешіледі. Ол үшін Сыртқы Істер министрлігінің жұмыс ауқымын кеңейтеміз. Осы жолғы ресми келісімге сәйкес Түркия – Қазақстан әуе жолы жаңа жылдан бастап ашылады, телефон қатынасы орнайды. Екі ел арасында экономикалық кеңес құрылып, сауда-саттық реттелінеді. Ал, Қазақстан азаматтығын қаласаңыздар паспорт беру менің ісім, қос азаматтықты екі жақ болып шешу керек. Түркия жоғары оқу орындарына 100 бала жіберіліп, сондай баланы біз қабылдағалы отырмыз. Талапты балаларыңыз болса, соған қосыңыздар.

– Сырттағы ағайындардан күтеріміз – бауырмалдық бірлік. Сіздерде бізде жоқ бірталай артықшылық бар. Ол – сауда, іскерлік. Мейлі, бауыр болып қайта орал, мейлі, бизнесмен болып, кәсіпке кел, бірлескен шаруа құр, сөйтіп, қазақтарды кәсіпке үйрет. Елім деген азаматқа көмекке келетін кез жетті.

Ал, түрік елі Сіздерді бауырға тартып, көмек жасап отырғанда, түріктерді біз неге жатырқаймыз, тиісінше, жақын тартып, ағайын ара араздыққа жол бермейміз. Егер, неміс жеріндегі қазақтар қағажу көрсе, 800 мың немісті біз де паналатып отырмыз. Соған орай сіздерге де араша түсеміз. Бірақ ондай мәлімет болған жоқ. Сырттағы бар қазақтың басын қосып, конгресс өткізу ойластырылып жатыр. Өкілдеріңізді жіберіңіздер.

Сол күні кешке жазушы-журналистер Стамбулдағы “Қазақ Уақыбында” болды. Ағайындар, алқа отырып әңгімелесті, түрлі тағдырлар айтылып, ой қозғайтын, көңіл толқытатын көп сыр шертілді.

Мен Кельннен келген бірталай адамды көрдім. Олар көбінесе, жазғы демалыстарында келетін еді.

– Бұл сапарға біз Европадағы ағайындардың өкілі ретінде келдік, – деді Абдрахман Шетин.  – Міне, жүз көрісіп, көңілдегіні айттық. Мысалы, мына жігіт Данияда тұрады. Тағдыр әкелерін Қазақстаннан бір қуса, Ауғанстаннан екі аударып алыстатып жіберді. Елге қайтқылары келеді-ақ, бірақ қалай?..

Мехмет Аюби дейтін бұл жігіттің Алматыға келгені рас. Ұсақ үш баласын ертіп, ағайынды екі семья 15 күн “Қазақстан” қоғамының қонағы болған. Ауған қазақтарын атамекенге жалғастыру ойлары бар екені де өтірік емес.

– Бар қазақты бірден көшіріп аламын дей алмаймын,-деген Президент.  – Бірте-бірте келе беріңіздер. Алда-жалда, көп болып келеміз десеңіздер, Түрік өкіметімен бір тоқтамға келейік.

Бұған бәлен деп бәтуа айтушылар болған жоқ.

– Осы “ел, ел” дегендеріңіз бос сөз емес пе? – деп қалдым Абдрахманға.

– Жүрек түбінде Туған жерге барып тұратын бір күш бар-ау. Бірақ, біз уақыттың да, саясаттың да сан-сойқанын көргенбіз. Қазақ өз топырағында ғана қазақ болмақ. Егемен болып жатқан қара шаңырақта өз ұлтының көпшілік болғаны да абзал ғой. Мысалы, өзің білетін Зуха батырдың Түркиядағы әулеті 72 үй болыппыз. Байлық деген бізден талай рет адыра қалған. Жұт жалмаған, жау алған. Бүгінгі жыйған-тергендер жұтты қойып, есеп шоттың бір тасы жаңылыс соғылса, жоқ болатын, болжаусыз дүние. Ендеше, ой түбіндегі арманды “бос сөз” дей көрмеңіздер…

– Қазақстанның қазіргі қадамдарын сіздер жүрген ел, сіздің өзіңіз қалай бағалайсыз?

Зияжан қажы:

– Қазақ – Түрікке жат халық емес, керек десеңіз түріктің қарашаңырағы қалған үлкен үйіміз деседі. Сондықтанда сіздердің әр табыстарыңызға қуанып отырады.

– Атап айтқанда?

– Ол өзі қазір көбейіп келеді ғой, -деді сөзге көлденеңнен қосылған Дәуіт Ашықкөз. – Ең алғаш “Желтоқсан” оқиғасымен бір жалт қараттыңыздар. Орта Азия республикалары басшыларын бір жинап, берекеге бәтуа жасады. Міне, енді экономикалық-саяси дағдарысты бірігіп шешетін экономикалық одақ шарты жасалып жатыр. Нұрекеңдер кеше ғана қарақабақ қан төгісін тыюдың тиімді жолдарын қарастырып келді. Осының бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың парасаттылығымен тікелей байланысты.

– Бәрінен бұрын, соншалық көп ұлтты республикада қайта құрудың байсалды, жанжалсыз, дау-шарасыз кетіп бара жатқаны қанағаттанарлық, – дейді Құланбай Назыр.

Жексенбі күні делегация тұтас тобымен Стамбулдағы атақты Ая-София музейін, “Тапқапы” көрмесін, сұлтан Ахмет мешітін көрді. Мәрмара, Қаратеңіз төсінде кемемен серуен жасады. Шұғылданып жүргенім қазақ эмиграциясының мәселесі болғандықтан мен аз уақыт қазақ “уақыбында” болып, аэропортқа басқалардан бір сағат бұрын келіппін. Осы сәтте Президентті шығарып салу үшін Анкарадан ұшып, Тұрғыт Өзәл де келді. Сәті болғанда, қазақ бизнесмендерінің біразы, журналистерден Алтыншаш Жағанова екеуміз бар, Президентпен ескерткіш суретке түсіп, қысқа ғана әңгімелесудің орайын таптық.

– Қазақстан Парламентінің әйелдер мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде сіздің зайыбыңызға хат жазғаным бар еді. Иншалла, енді екі ел әйелдері арасындағы қарым-қатынас кеңейе түсер деп ойлаймын, – деді Алтыншаш.

– Табиғи, табиғи, – дейді Президент. – бұл өте дұрыс.

Өзінің Қазақстанға сапарын есіне салып, республика баспасөздерінде, сол қатарда, сырттағы ағайындарға арналған “Шалқар” газетінде де мол жазылғаны жайын айттым. Кейбір жеке сөздерді ғана тәржімелеп тұрған Әбдуәли Жан араб әрпімен басылатын бұл газет көп жерге таралатынын, қазақ халқының мол ықыласын сол газеттер бетінен жиі көретінін мәлім етті.

– Шоқ, шоқ тешәккүр (көп рахмет) Бұл сапар да жазылатын болар, – деді сонан соң.

Сәті  түскен әр қадамға қатты қуанатын біздер үшін, қазақстандық барлық жолдастар үшін бұл өте орайлы дидарласу, тіпті жеке өмірдің өзгеше естелігі болды.

Түрік жеріндегі барлық түйсікті түйіндеп келгенде менің ерніме:

Арғы атам ер түрк,

Біз қазақ еліміз,

Самал тау, салқын жон

Сарыарқа жеріміз, – деп басталатын Жүсіпбек Аймауытов атамыздың өлеңі орала берді. Кезінде Алты Алашқа ұран болған осы жыр қазақ аспанына қайта шығып, тұтас түрік халықтарының үндерімен ұласып бара жатқандай сезіммен оралдым.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑