banner-top12

Ақпараттар ағымы 41c38cb55aac83ee2ac3812d4f29b3e7-xl

Қосқан уақыты Қараша 22, 2016 | 535 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҒАСЫРЛАР БОЙЫ АҢСАҒАН СӘТ

Кеңестік жүйенің ауқымынан босап шыққан республикалар «кеңестік» және «социалистік» деген атауларынан бас тарта бастаған тұс. 1991 жылы желтоқсанның 10-ы күні өткен Республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы күшін жойып, Қазақстан Республикасыөзінің жеке тәуелсіз мемлекетін құрды.

КСРО-ның ыдырау процесін тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі 1991 жылдың қазанына қарай көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылы 16 желтоқсанда өткен Республиканың Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы қабылданды. Осы күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады.

Қабылданған Заң бойынша Қазақстан тәуелсіз демократиялық құқықтық мемлекет ретінде анықталды. Ол өз аумағында барлық өкімет билігін толығынан қолданады, ішкі және сыртқы саясатты өз бетінше жүргізеді, республика барлық мемлекеттер мен халықаралық құқық принципі негізінде өз қарым-қатынасын орнықтырады. Қазақстан Республикасының шекаралары біртұтас бөлінбейді және оған қол сұғуға болмайды. Қазақстан Республикасының және оның атқарушы өкіметінең басшысы Президент болып табылады.

Сонымен, Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануы еліміз тарихындағы аса ірі маңызы бар оқиға болып табылады.

Жыл сайын аталып өтілетін Тәуелсіздік күні мерекесі әрбір қазақ­стан­дықтың жүрегіне жақын келеді және тәуелсіз елі­міздің жарқын болаша­ғына бастау болған бұл ме­рекелі күн еліміздің бү­гінгі өркендеуі мен бо­лашағының нық екенді­гіне сенім ұялатады. Ұлт­тық мереке күні қарсаңында бұл Тәу­елсіздіктің қаншалықты қымбат екені мен оның қасиеті, сондай-ақ тәуелсіздіктің бізге қалай жеткендігі жөнінде әрбір ұрпақ жақсы білуі тиіс және онымен мақтануы керек.

Ұзақ күткен ел тәуелсіздігі ел тарихында алтын әріптермен жазылған 1991 жылға тура келді. Қазақстан тәуелсіздігі тарихи қалып­тас­қан оқиғаларға сәйкес қантөгіссіз, қару­лы күрессіз жүзеге асқанымен, оның 1991 жылға тура келуі оған дейінгі оқиғалармен тығыз байланысты еді. Біз бұл Тәуелсіздікке КСРО-ның күйреуінің нәтижесінде ғана қол жеткізген жоқпыз. Тәуелсіздік тамыры одан да тереңде жатыр. Өйткені, Тәуелсіздік үшін күрес кеше басталып бүгін аяқталған жоқ. Бүгінгі Қазақстан территориясын ежелгі замандардан бері мекендеген тайпалар мен ұлыстардың кезінен бастап-ақ ұлан дала үшін, оның кеңістігі мен әрбір сүйем жері үшін, ата-бабаларымыз ұрпақ өсіріп бізге аманат еткен қасиетті топырағы үшін қан төгіп, жан алысқан күрестер болды. Біздің халқымыз тарихтың сан қилы соқпақта­рының қиын да жанкешті және бүгінгі жеңісті де жемісті жолын кешті. Бұл жол – негізінен бүгінгі тәуелсіздігімізді және бүкіл әлем мойындаған мемлекеттілігімізді құру жолындағы күреспен өтті.

Ешнәрсе де оңай болған жоқ. Жоспарлы экономика мен тоталитарлық коммунистік жүйенің шаруашылығы мен басқару құры­лымдары да, құқықтық жүйесі де пайда­лануға келмеді. Ал қазіргі күнгі жетістігіміз, әлем мойындаған мемлекеттігіміз сол бір қиын-қыстау жолдардың, дұрыс ойласты­рылған саясаттың, салиқалы жүргізілген реформалардың жемісі. Алда әлі де қыруар шаруалар күтіп тұр. Әлемде болып жатқан соңғы саяси және экономикалық оқиғалар да тәуелсіздікті нығайтатын соны шаралар­дың бар екендігін айғақтайды.

Осыдан 25 жыл бұрын еліміздің қол жеткізген Тәуелсіздіктің күн сайын қадыр-қасиеті артып, айшықтала беруі мемлекетіміздің дұрыс және баянды бағытта қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.Тарих пен тағдырдың талай өткелінен сүрінбей өткен қазақ халқы, жалпы қазақстандықтар бұл жылдары жасампаздықпен аянбай еңбек еткені күмән тудырмайды.
Бүгінде қазақстандықтар Ата Заңы орныққан, шекарасы айқындалып бекіген, көк байрағы желбіреген, төл теңгесі шыққан, Әнұраны шарықтаған тәуелсіз елін мақтаныш етеді. Өйткені, мемлекетіміздің экономикасы мен мәдени-әлеуметтік салалары ғана дамудың даңғыл жолына түсіп қойған жоқ, оның халықаралық бейнесі де бедерлене түсті. Қазақ елі дүниежүзілік қауымдастықтың беделді серіктестігіне айналды. Қазақстан – 1992 жылғы 2 наурыздан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі. Қазір еліміздің БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ(ОБСЕ) секілді 70-ке жуық халықаралық ұйымдарда өкілдігі бар. Қазақстан дүниежүзілік валюта қорына, Дүниежүзілік еңбек ұйымына, Дүниежүзілік банкке, т.б. ұйымдарға әріптес болуы сыртқы саясатта таңдаған жолымыздың дұрыс және толыққанды екендігін дәлелдеп отыр. Үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін одан әрі еселей түсті. Республикамыздың әлемдік қатынастардағы жеке субъектіге айналуындағы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара беделін, биік парасатын, табанды саясатын бүгінде әлем мойындайды. Бұл орайда әлем саясаткерлері, руханият жетекшілері, зияткерлері мен кәсіпшілері Мемлекет басшысы туралы тамаша ой-пікірлер өрбіткенін білеміз.
Мемлекет басшысының: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады. Олардың Қазақстаны Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтық – Қытайдың, Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады», -деп айтқан сөзі бізді нақты мақсаттарға жетелейді. Қазірде тәуелсіздік пен еркіндіктің алғашқы нәтижесі мен маңызын қоғамдық өмірдің қай саласынан да айқын сезіне аламыз.

11 ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн айтқандай, икемді де, ойлы саясат және билеушінің мемлекетті басқарудағы сан қилы әдістерді игеруі, алуан мінезді қоғамды біріктіре алуы мемлекеттің гүлденуі мен халық мүддесіне қызмет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет басшысы елдің даңқы мен атағы үшін, халқы мұңсыз, бейбіт өмір сүруі үшін қызмет етуі тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін әрине, халықтың қолдауы, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ел бастаған басшыға деген сенім керек. Мемлекеттің тұтастығы мен күштілігі туралы “Күлтегін”, “Білге қаған” және “Тоныкөк” жазбаларында да айтылады. “Әкеміз, ағамыз құрған мемлекеттің аты, күші, даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Осылай елді құрап, халықты отқа күйдірмедім, суға батырмадым. Тәңірі жарылқап, құтым бар себепті, өлмеші халыққа жан кіргізіп, асы­радым, жалаңаш халықты тонды (киімді), кедей халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым. Айбарлы жұрттыққа, қуатты қаған­дыққа жеткіздім” деп айтылған ерте түркі жазбаларында билеушінің ақылды саясаты мен билігі, көрегендік қасиеті, қолбас­шы­лық дарындылығы, ұйымдастырушылық қабілеті айрықша атап көрсетіледі.

Елтеріс қаған мен Тоныкөктің басты мақ­са­ты – түркі халқының басын қайта бірік­тіріп, оны қуатты да күшті елге ай­налдыру болатын. Халықтың ынтымағы мен бүтіндігін ойлаған түркі қағандары “бір рет тойынуды ғана” мақсат еткендермен аяусыз күрес жүргізеді. “Аш-тоғыңды білмейсің, бір тойсаң аштықты ойламайсың. Сондайлығың үшін өзіңді тойындырған қағаныңның сөзін алмастан жер-жерге бардың, соның өзінде азып-тоздық”, деп өкініш білдіреді. Қаған­дық өкімет пен билікті нығайту, халықтың қағанға сенім артып, оған қолдау білдіруі және сөзсіз бағынуы – олардың тәуелсіздігі мен бейбіт тұрмысының, берекелі тіршілігі мен игілікті ісінің шарты екендігін ұмытпау үшін қа­ған­ның өсиеттері кейінгі ұрпаққа қалдырылды.

Тәуелсіздік оңай келмеген. Ал, оны сақ­тау және нығайту одан да қиынға соққан. Бұл мақсатта ел билеушілерінің ерлігі мен көрегендігі қажет болған. “Қызыл қанын ағызып, қара терін тамызып, түркі еліне жау келтірмеген, құлаған мемлекетті қайта мемлекет еткен, жоқ болған халықты қайта халық еткен” түркі қаған-билеушілерінің ұстанған саяси идеалары мен мақсат-мүдделері, ел билеу қағидалары мен қасиеттерінің қандай болғандығы бүгінде де өз маңызын жойған жоқ.

Ерте түркі мемлекетін құрған билеуші­лер­дің, азаттықты аңсап өткен ұлы бабала­ры­мыздың елдің қуаттылығы мен тұтастығы үшін ел бірлігі мен татулығының қанша­лық­ты құндылығы мен маңыздылығы туралы айтқан ойлары мен кейінгі ұрпаққа қал­дырған аманат-өсиеті бізді олардың арман-мақсаттарын жүзеге асыруға, аманатқа қиянат жасамауға, ел болу үшін жұдырықтай топтасуға, ел бірлігі мен татулығын сақтауға шақырады. Тәуелсіздіктің қасиетті ұғымы мен оның тағылымы, ерекше жауапкершілік жүгі біздің әрқайсымыздың күш-жігерімізді одан әрі жұмылдыруды, өт­кен тарих сабағын ұмытпауды талап етеді.

Біз баршамыз болып, бүкіл қазақстан­дықтар болып елдігімізді, тәуелсіздігімізді нығайта аламыз, кез келген қиыншылыққа қарсы тұра аламыз. Ал бұндай қиыншы­лықты біздің тәуелсіздігімізді нығайту міндетін шешіп жатқан халықтың ынтымағы мен бірлігі, саяси тұрақтылығы жағдайында ғана еңсеруге болатындығын да әрдайым естен шығармауымыз керек. Әр жыл сайын өткенге көз жібере отырып, болашағымызды айқындаймыз, тәуелсіздігімізді қадірлейміз. Өйткені, Тәуелсіздік тақырыбы, оның қадір-қасиеті, танымы мен патриоттық рөлі, елді, Отанды сүюдегі, құрмет тұтудағы орны, тәуелсіздік туының халқымызға артар жүгі, қояр талаптары бәрімізді де ойландыруы тиіс. Отан-Анамен қатар тұратын тұмардай қасиетті ұғымның қадірін сезіндіретін, сананы ел тұғырын нығайтатын деңгейге дейін көтеретін серпіліс тудыратын мезгіл де жетті. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы – оны орнатумен, құрумен ғана шектелмейді. Тәуелсіздік – еліміздің әрбір күнінің, әрбір қадамының, қиыншылығы мен өркендеп дамуының қателіктері мен табыстарының белесі, жүріп өтетін жолы, тарихи шежіресі.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑