banner-top12

Әдебиет 2b7335cffdb5f30feaf2924500cdeaec_big

Қосқан уақыты Мамыр 6, 2014 | 2  014 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

1

Серік ҚАПШЫҚБАЙ. БІРЕУДЕН ЕКЕУ ЖАҚСЫ

(Повест)

Шалдар тыныш отырмай қай-жайдағыны қоңырсытып отырады. Олар айтқан ертегі-әңгімелер көптің көңілін қобалжыта тірлік жұпынылау,  тәуір өмір өтіп кеткендей, алыс сезілмек. Сезілсін! Бірақ, ұғып-түйгенін ақылға тоғыта білер піскен бас, тісқақтылар жағына бұл қиын емес. Олар дегенің жанкештілер. Бағы заманның ауылы алыстығын, шалдар айтатын көп сөз көжеге қатық болмасын ұғады. Яғни ересектер басы байлаулы жан. Ал сөз ұғуға жарап қалған құйма құлақ жүгірмектер сол бір әсерін қайда қоймақ? Дереу еліктемей ме. Ертектегі біреулер – ездерді қомсынып, жүректілердің, қорқу-үркуді қайырып тастаған «Ер» атанып, өлім аузында жүретіндердің кейпіне кірмек, соған құмартады.

           Басқа ел, басқа ауылдың шалын қайдам, құладүз-қумедиен тау қуысы, еңбек-өнерін сатып жан баққан, кәсіпқойлар ауылындағы аз шалдың жайы бөлек-тын. Олар тірлік-әрекеттен недәуір бостар. Ерігіп-зерігеді. Жайлау-қыстауға кеткен шалғай ауылдарға аяғы жетпей әуре. Адам өз есебінен тыс өмір сүре алмайды ғой. Шалдардың да өз есебі бар! «Тісқаққан ересектер құй тыңдасын,құй тыңдамасын» деп,балаларға таман ертегіні қадай айтады-ау деймін,қастарына солар—кішкентайлар үйір. Ай,кәриялар,Торғайдың миындай миы жоқ жүгірмкетерді иектейсің,сонда ол ертектегі дәулер сықылды жүректі болғысы кеп,қабырғасы қатпай жатып кеселге ұрынсын,баланың обал-сауабы кімде? Өз есебін ойына бүккен шалдар-ай,зәлімдер-ай,сендерден-ақ,құтылмадық-ау!

         Дерімізді деп ап,мүдіріп қаламыз. Шалдарды жазғырудың әжеті жоқтай. Жазғыруда қолдан келмес. Егер ол қолдан келе қалса: адамзат пиғылын, тірлік жосығын жазғыратын, тарих пен тарихты жаныстырарлық желімауыздың  біріне айналар едік. Ойлайымын: тағдыр бір сөйлетіп алмай, сөзімен іс бітіртіп алмай тұрып шалдардың жүген-ноқтасын сыпырмайды. Пенде өз тірлігіне еркімен келер, не келмес, әйтеуір, еркімен кетудің орайы жоқ. «Бар!» – деген  біреу кәнеки? Айтпай ма!

         Шалдар тағдырға біртабан жақын.Неге? Өмірді бұрын бастады,бұрын аяқтайды – бір,оларға әр уақыт қайталап ес кіреді – екі. Тірлік жолын, тағдыр ишаратын шал біліп, шалдар межелеуші еді ғой – үш. Ендігі бірін айтудан кісі қорқады. Шалдарым!  Балаларға айтарыңды сен сарқып қал! «Кім болып ержетесіңнің?» төңірегінде баулы, соған елірт! Қиын қылса, балалық істер. Ертегіге еліктеп ұрынбасқа ұрынар. Бүгін – ертең сол ұққанымен көрер көз, естір құлаққа «Балалар, жарайсың!» дегізе алса ғой, сол-ақ, жетеді!

         Ертегіден ойына дым жүгіріп, не істей қойғысы барын қайдам, сол ауылдағы түймедей екі жүгірмектің, кісі сенер-сенбесін де білмес бірдүйім қылығы басталған. Байқасақ бұл да құбылыс, бұл да бір көпкөрім ертек еді!

         Белдерін қындай қып, сыдырма қайыстан белбеу буынып жатыр. Бұған «Тұқ балта» деп атаған кішірек балта қыстырылды.Үйді-үйлерінде осылай жабдынып, аяқтарының ұшымен басып, әйтеуір, еш көлденеңдік болған жоқ. Аздан соң айғырлап кеткен қурайға,жалпақ жапыраққа тығылып жүріп, уағдалы жерге бастарын сүзістіре жетті олар. Күлімдей қарасты да, түс суыта қалған. «Түс суытқаны» – тастүйінділік. Сүйтіп, шалдардың ертегісіне еліктеген «Жүрекжұттылар» не кезігіп не қояды демей, ауылдан итөлген жер, алыс сапар шекті, зып қойды бәлем!

         Тау құладүз иен-ді. Жиырмадай түтіні бар, ағаш кеміріп, еңбегін сатқан ауыл, жүгірмектер ұрланып шыққан бұл ауыл ұлы таудың тісіне сыздық бола қоймайды. Сонымен, «Құладүз» демей не деуші едік?Мынау бір жыныс, қараңғы түкпір. Құзар таудың өбіскен бастары көк жүзін тарылтып тұр. Тұмсық айналған соң олар рғай—шырғайы мол жылғаға бұрылды. Көріп қойса жібермейді деп, ұрланып келе жатыр.

         Бүріктен кім көреді? Жүгірмектердің арқа-басы бір кеңіді-ай! Ағаш-сұғаштан ұстап өрге тырмысты. Өр жеткізер емес. Бүк ыстық.Ақ көз, ала бас сықылды көрінген қара шыбын жеп, шағып жүр. Жоғарырақ барғанда, сай тағаны-жайсаңынан қотыр үйлер, қойтастар қарауытты. Ойынға басы кірген балалардың шаңқылы естіледі. Соның ішінен әйел үні шырқырай, ойыншының бірін шақырды ма, әйтеуір, дауыс түстің тымық ауасын тырнап тұр.

         Бұлар қара сорпаға түсті. Және өрлеген соң, қия беттен соқырдың көзіндей үңірейіп, ін кезіккен. Маңайы тақыр, тастақ. Балалар інге үңіліп, недәуір сөйлесті.

–         Борсықтың…Түлкінің іні.

–         Түлкісі түбінде.

–         Ағаш тық!

–         Си!

         «Түлкісі түбінде», «Сисең шығады» деп,есек дәмесін! Ал ініне сисең  кесерткі шығушы еді. Борсық, Түлкі шығарып көрдіме екен? Ауын тырмалап…Інге қарай Әліп шаптыртты! Шыққан түк жоқ. Маңайдан оқыс сылдыр білінді де, «Біреулер қуып келе ме» дегенше болмай Шайдың көк күшігі шыға келді. Қылшық-жүні бақайына түскен  дүбәрілеу ит, аты- «Құттыаяқ». Шайдың үйлері «Көк күшік» дегенмен, кесірдей иттің бірі еді ол.

         Балалар қыза сөйлесті. Сөзге қызулық беретін не нәрсе? Шындық пен өтірік пе? Себеп-салдар ма? Білу қиын. Бірақ, қызулық берсе бере алатын тек «Себеп» қана болу керек. Әліп сөйлеп отыр. Көзін күшікке бір, Шайға бір қыдыртты.

         – Көк күшігің өлердей су жүрек. Түнде мыңқ етіп үрмейтін «Иттің итақайы» емей не ол? Ақ төбетті айт біздің. Сол үрмесе,ім, таудың аю, қасқыры келіп, бәрімізді жеп кетпей ме. Ақ төбет ауылға абай. «Ел білмей жүр,білсе, бәрінің де ас құятын жөні бар» деп, апам ыза болған.

         Менің апам да: «Ақ төбет сол үйдің баласы Әліппен жасты, кәрі ит, алжығанынан үреді. Аузына бір жапырақ май тығып, бауыздап тастасын, ол ұры ит»,- дейді.

–         …

–         …

         Үйдегілердің,үлкеннің сөзіне ұқсатып бұтып-шатыған бұлар,қайы шын,қайы өтірік өз итінің құмалағын төрттен  қойды. Рас, ит ала алатын,бәлкім, итті алып қоятын мақұлықтар тауда көп қой. Солар кезіксе араларынан қан майдан,                                                                     шайқас туады. Мұның бірінде жеңіп, немесе, Сақажан деген кісінің асық ойнаған одақтастарына: «Өзім ұтпаспын, бірақ, ақжолтай болып берейін» дегеніндей, иттердің ақжолтай болғаны да бар шығар.

         Әліп пен Шай ақ төбет, күшікке тиер сөзден әзір шекісе қалып, бірақ, «Жеңдім», «жеңілдім» деспеді. Тағылған міннің тең түсерін сезген. Ұрыс-керіс жағына барған жоқ. Күшік үруді білмейді, төбет алжығанынан үреді. Бұлардан не қайыр? Әйтпесе балалықпен түсінбеді ме, бәлкім түсінгендіктен иттерінің йыбын тең деп ойлайды-ау. Қайдағы тең? Төбеттен көрі күшіктің кінәсі келсаптай. Биылдар үйіне жетпек. Жә деген иттің бірі. Әу деп үрмейтіні несі? Маңырап, мөңіреуге немесе, балық тәріздес дыбыс шығаруға жаралмай, ит болып туған соң, әйбеттеп отырып үру керек. Ақ төбет –сынды сумақы бір иттен өз босағасын қорғый алса, Құттыаяқтың «Мәнсәбі» – сол. Иесі таңды-таңға ұрарлық сақ, аяғы жағып «Құттыаяқ» болғай деп асыраған. Тіпті, кейбіреудің итінше қасқыр алып, құр ұстасын, құлан жарсын деп асырамай, үру-қоруды білмесін, жатсын деп асырап па? Ел, Құттыаяқтың «Жүні-ай!» дейді. Бірақ ол, кіштім-тайдым сөз. Иттің жүні қазақтың қай керегіне жарапты? Арқан есіп, қап, алаша тоқығандар барын естімедік. Сатып шай-тұзын айырған біреуді де білмедік. Әй, Құттыаяққа қарағанда, ақ төбет бір сәрі! Жағы сембей, жамбасы жер иіскемей үргені, үріп абай болғаны шын екен, сол үн тау дабыстарының ішіндегі бір еркін, батылы. Құдайға шүкір, тауда дабыс баршылық! Андай-мұндай жаңғырықтарды қоссаң онан да көп. Бірақ, ақ төбеттің дабысындай әйдік, мән-мағыналы бола алмас.

         Екі жүгірмек әлгі шекісуден соң үндесе қоймай, дүрдараз жүр. Әйткенмен, аялсыз, есіл-дерті тек өрге тырмысу. Ал құттыаяқтың еріп келе жатқанын Шай сыбдырынан байқайды. Әліп те сезген.Неше рет  бұрылғысы кеп, «Кет-кеттің» астынан ала жаздап шақ қалды. Сыбағасын бергелі…ашуын  ірккен. Ұзаңқырап алғн соң қусам; ауылдан бұлт жуық жер, ол адасып өледі, қасқыр жеп, «құйрығын қарға шәнсісін» дегендей.

         Не заматта жүгірмектер жүрген жылғаның қыртыс-қабаты қушиыңқырап, жайдаққа айналған. Жотаның қыл ұшы, шотпиған қара тас. Тасқа дейінгі қырат сиыр жалақпен жылмиып жатыр. Осыдан аман асса, ауыл жақ көрінуден қалып, байқады ма, қуып келе ме дейтін сезіктер сейілер еді де, онан соң өздері би, өздері хан!

         Қырат тақырынан қалай өтудің амалын ойлана барып тапқан балалар бауырымен жер сыза, жорғалауға таман айналды. Солай істеген…Бір бұтаның түбінен сығалап еді, әлгі түс тынымында көз іліндірген үлкендер өріп, сыртта жүр. Бірақ, «Қорыққанға қос көрінді» ғой. Әйтпесе, ту алыстан кім көрсін? Егер іздей қалса, ағашқа істететін балтадан барып іздейме десең, Әліптің әкесі мен Шайдың ағасы үйінде жоқ кез. Біраз күн жүген-құрықсыз кетті де, балталары былай, сүйеулі тұрған…Ауылдағылар жаздыкүн алақызады. Алақызған соң, «жайлауға барайық» деп, етектерін белге түреді-ау! Бері айтқанда, бұйымтайының бастысы екеу. Бірі—көкейін тескен қымыз. Сары қылаң қымыз жерік етпейтін кім бар? Аунап-қунайды, мұрттары майланып қайтпақ. Онан кейін, істеген дүниелігі: Кебеже, шелек, ұяғаш пен басқаларына орын күреп, ақы- пұлына ешек сөзін пысырып қайтады. Қыдыру жылына бір келетін ғанибет!

         Тау жастанған кәсіпқойлар ауылы қырық темірдің қылауындай- әр ата, әр ұрудан бар. Бастарын жиған—  осы жер. Не керектеріне жаратып, тоғай байлығы—ағашқа иек артады. Он саусағынан  өнер тамған ағайын жата-жастана өз еңбегін бұлдайды. Әйтеуір, түйесін бақыртып, өгізін өкіртіп алушылар өз аяғымен келетін.

         Бірақ, ойлап тұрсаң,  кәсіпқойлар әулетінің осы жоқшылық, кедейлікпен кеткені кеткен-ау.Талай кезі келсе де күй түзеуге дітсіз,мал құрастыруға жоқ. Кедейліктен қорқу жер жүзінің бәрінде бар. Тек кәсіпқойлар арасында ол кәдеден қалған сияқты.

         Шайдың аяғы құм сыза, бір кезде көзді бірақ жұмып, қаражерден қайықтай аққан ол ар қарай асты. Онда бар жан, мұнда да бар. Мұның шешесі де бір қой қалжа жемеппе еді. Бірақ, Әліп недәуір іркілді. Есіне Құттыаяқ келіп…Артына қарады-ақ, жүрегі тас төбесіне шықты оның. Күшік селтиген күйі, нағылған жармес екенін кім білсін, бұлар жорғалап, жасырына өткенде, ол тік келе жатыр. Бей-жай, сәуейі санамен келе жатыр…Осы санамен жүрсе,             адам екеш адам да жазып-жаңылып, от пен судың біріне күмп береді. Егер сен бір рет саңсыздық етсең—бір, екі саңсыздық етсең—екі өлесің.Үштен артық өліп-тірілу қиын. Мына бір кейіпте, күшік ауылдағыларға көрініп, бүлдіретіндей. Құрттыкөз көрегендер «Әне, анау Құттыаяқ қой!..» десе не бетін айтты?.. Әліптің ес біліп, етегін жапқанға дейін адамзаттың кәрі тарихы мен тағдыры алдында тұңғыш қысылуы, тірнек тірлігіндегі бір қысылу—осы еді. Ол сасқалақтағанынан «Шық!-шық»тың астынан алып, балдыр-бұлыр еткенін күшік елең көрмей, тап әзір Әліптің онан артыққа тілі барып, қолы батпайтынын сезді ме, Құттыаяқ шоң кеудемен қасына таяған. Бала күшіктің көзіне бір уыс құм шашты. Құм құрғыр дәл тиген жоқ, жыпылықтай ашқан жанары жайнап тұр. Айдалада луде бір тас, осы көздей тұнып, сұп-сұр боп жататын. Құттыаяқтың сүйреңдеген—қабық тілі езуінен кезек ағытыла, неше рет кеңсірікті орап қайтты. Әзір, Әліптен таяқ жеп, талқы көрмегенімен де, сесінен сескенсе керек өзгеріліп, бір өзгеріс енген нәрсенің пошымында күшік артқа қарай жүре шегінді.

–         Құттыаяқты қуып жібердім!

–         Неге?.. Кетті ме?-деп,күмілжіді Шай.

        Ол күмілжігенде…Әліптің айтары бар-тын. Дереу айтпады. үндемеген себебі-ақ, бұлар күні бұрын осы сапарға өзге біреудің басқа бірдеңенің қосақталуын ұнатпайтын. Екеуі соалй келіскен. Көп баладан ерек, ертектің бала батырына еліктеп кеуде қаққандар үшін, не көрсек төтеп береміз дейтін сенімді ағаш басына іле ұстағандар үшін, қиял, үмітін ерте оятқандар үшін, Құттыаяқты ерту, иттекн серік табу, бұлардың талаптарына көлеңке түсірер еді. Көк күшік қай күніне керек. Оның ергені адамға ес қату емес пе. Мә, тапқан екен есқатар  нәрсені!. Бұған қозбаған намыс қайда қозады? «Намыс» деп жатырмыз,сол «намыс» бар ма ол,қоза ма? Онда кеудеңнен бірақ ағыт! Салмайтын жерге апарып намысты сал! Осымен өл! Осымен тіріл!

         Әліптің ит ертіп,иттен үміт күтуге намыстанғаны анық,бұ намыс Шайда да бар. Олар ерткен жоқ, күшік байқұстың өзі еріп келе жатпай ма. Шай да келе ғой демеген.Иесі ғой, Әліптей емес, қуып салуға Шайдың діті батпады. «Иттің иесі, бөрінің тәңірісі бар» деген, шын сол! Күнім-оу, жас лақ жаңа қылқыйып шыққан мүйізін жыбырлаған қоңызға, атандай серке, үндемей қабатын мәкүр иттерге алаұшады ұялмай. Сол құсап  жүгірмектердің  кеудесі қара қазандай! Келе жатқаны әнеу: Қуыс-қуысын бақилық қара көлеңке тұтқан—шатқалдар арасы, мүттейге иен……, «Көршат» аталатын ауылдан алыс жақ. Осыбір жуанды-жіңішкелі аңдар ұялаған жерұйықта не жоқ дейсің? Зиянсызы да бар шығар, дегенмен аңның аты аң. Тинамдай екеуіне кәпырстан хаюанттың тісі батып, тырнағы дарыр ма екен? Не олар аңның бір,  есі барына кезігер ме? «Бала» деп есіркеуі мүмкін бе оның? Не бұлар да тірі жан-тісті бақалар  емеспе, өзі бір амал істеп, аңның бетін қайтарса игі-ау,кім біледі. Көршат сайында, сәбірлерін айтпасақ мықтысынан: Аю,      Қабылан, Жолбарыс,  құйрығымен  бір сап қара нарды қақ бөлген сар сілеусіндер де сонда .Тоғайдың құрықтай әнеу қара жыланын айт! Бүйі-шаяндары қаншалық! Екі жүгірмек бағы десе бағының, соры десе сорының бірі қысып; солардың ойылған ортасына келе жатты. Қайдам,өмір жұмбақ. Жұмбақсыз жағы да бар. Сол екеуінің қайсысы күтіп тұр? Көршатқа атпал азаматтардың өзі бірлі-жарымдап баруға батпай, денесін жабыла көтерер қырқаяқтың бұттары құсап жабал, шеппен аттанатын. Көршат сайы оларды да кәні қып, жандары мұрнының ұшына кеп жүргенмен, ұяағаштың не бір әндігер-әйбетін қюшы еді.

         Былтырғы осы уақыт. Екі жүгірмек ол жерге үлкендермен бір барған. Барған екен,кей жұмысқа септігін тигізбей, шошқа тағалай ма? Егер септігі тимей қылжақтаса, қазақ асықпай жүрмейді ғой, асыққан қазақтың бірі жақтарынан сүртіп жіберер. Тегінде, өмірді біреуге біреу үйреткен. Бүгін ауылдың үлкендері сол өмірді балаларға үйретпек. Ол үшін аяп-есіркемейді. Аяса, түк үйрете алмағаны. Көршат сайында бала тындыратын еңбек—өгіздің басымен алысу еді. Өгіз қозғалақтаса… ұстай алмаған балалар кінәлі. Жолға шыққан соң, өгіздің жүгі аусын оған- балалар шажылы. Көлік жүрмесе…сай ішіне бірдемесін ұмыт қалдырса, ал, дәрет қысқанына да, бала жазықтыдай. Әйтеуір, жазғырудың не түрлісін естіген, естігенін ұмытпай қағып ала берген құлақ баланың құлағы-ақ! Балалар өлгенінен шыдайды. Бірақ,мұны кім біле қойсын. Кейін үлкен боп,өздері балаға солай істейтін тұс, жаны ашып,бүйірі бүлік етсе көрім-ау. Әйтеуір, үлкендердің кейінгіге өмір үйретер, бұрынғының сарқытын ішкізерлік бір оңтайлы орын осы көршат сайы болғандай!

         Сай ішінде жас шөпті қырымен қырыққан, қасында өз  көлеміндей шұңқыр қарая, аударылып шарықтастар жатады. Шұңқыр іші шым-шытырық ақ тамыр, тастың жуықта аударылғанының айғағы. Соны байқап, көргенінен көзақы алатын баланың бірі айтпай ма:

–         Не аударған? Жел ме?

–         Аю,дейді біреулер.

       Аюдың аты естілгесын жүгірмектер бажыраяды. Бажырайғанына қарамай,әтей істейді деседе болар,ершікештеужігіттер еліре айқай салатын,айқайының түрі жаман еді.

–         Аю-у,шық бері,ауылыңа келді-е-ек!

–         Қо-й- бақырма!

–         Қоймаймын.-Ағ-ғайыншыла-сай-ие-қ,аю-улар-р!

         – Қыссаң қайтеді ей,жатқан жыланның құйрығын басып… пәлеге қалармыз…

–         Қыспайым!

          – Қай екітуып-бір қалғаның,ағайыншыласатын? Дегенге көктей ерегісе онан әдемісін,кісі тіксінерлік гәпті түйеден түскендей қойып қалатын.

         – Бұған көнбедің бе,Аю-у,біздің ауылда тығып ұстаған мылтық бар,со-ны-ме-н…

         – Аузыңды жап!

         – Жап,ойбай!

         – Жаппайым,бұл сайда мылтық жинайтын үкімет,Қизамеден зәңгі жоқ. «Жап аузыңды»мен «Бұл сайда Қизамеден жоқ» деген сөз,жүрекке майдай тиетін. Әлгінің айғайынан  жер-көктің бәрі –«Ай-ю,Ай-ю!». Нәресте күнінен  «Аю келе жатыр»-деп қорқытқан баланың есі шыға қап, шошиды. Бұл  айғай өткен жылдың бір ескірген дүбірі еді ғой. Ол кезде Шай мен Әліп шын сасқалақтағанымен , Аю қылығына сай екіұштылау сөздер естіді. Қырық кісінің күші, бір кісінің жүрегі бар, аңқау, болбырлау мақұлық сезінген.Бірақ, олар әзірге ешек де, аю көрген жоқ, атағына жығылып жүр. Атағына жығылатын бұл өмірде талай нәрсе бар!

         Жүгірмектер тастақ күнгеймен келеді. Аяқтары күйіп, жүріс тез. Ал ауылдан ұзап кеттік деген ой миында жоқ. Шағылдан қиып өте, көк керіш төбешікке шықты олар. Қалай шықты  бір дауыс күмп беріп, қалай күмп берды солай ана бір жер, найза бойы биіктен шаңыт көтерілді. Жан керек екен , екеуі бек сескенді…Алайда, сескенумен ояну азырақ ұқсас қой. Соның әсерінен сергіген Әліптің  есіне шалдар айтатын бір іс орала кеткен. «Сұңғыла» аталған шөп бар. Ой-қырдың кенезесі кебу жеріне бітеді. Ұрқы аз. Шөптің өсіп тұрғанын көргендер жоқ екен. Тамыры да тым терең. Талай жылдан кейін кемеліне келе-ақ, от орнындай жерден бұрқ бере, күмп еткен дабысы естіледі оның. «Күмптен», шаңнан аты үркіп, жығылатындар да болған. Керішті тас-талқан қып шыға келген «Сұңғыламыз бір қарысқа жетпейтін, үлпершектей көк балдыр. Көк балдыр екі айналуға келмей-ақ, семе бастайдыда, томпайған топырақтан тамырдың қос жұмырықтай басы біліне, үстінен түскендер емшөп ретінде ізін суытпай қазып ап, «Зер» ауыруына ішкізеді»-дейтін. Сол сөз құлағында бар Әліп:

–         С-сұңғыла!-деді,қақалып-шашалып.

–         С-сұңғыла?!

         Бұлар шөптің атын айтқаны,бұрық еткен шаңына қарағандары болмаса,сүйрікті «Сұңғыла» екен деп, елеп-ескермеді. «Үстінен түскендер тамырын қазып алады» деген шалдардың сөзіне құлақ аспады. Бір «Құлақ аспау» бастарынан осылай өтті. Бұл бастан өтуге тиістілердің , өмірдің, қолдан жіберіп алуға тиістілерінің  осылай өте бастағаны ғой.Тірлік майданына жүгірмектер сияқты салдыр-салақ біреулердің келе бастағаны ғой.О да жөн. Әйтеуір,тірлік пен тірлік аралары үзіліп қалмайды. Не көрмеген кәрі тірлік. Ілдебайлап жүруге мәш, қылшығы қисаймай тыраштануға мәш. Екі тас бір-біріне тисе шақ-шұқ етеді де, екі тарих, екі тірлік бір-біріне тигенде недәуір дүрбелең  шығарады. Енді бір уақыт сол дүрбелеңдер де тоқтайды.

         Жүгірмектер асығыс. Аяғы-аяғына жұқпай, асыққан бетімен ағашшылардың  көршат сайына барар соқпағына қарай беттеді. Соқпақ недәуір алыс еді. Осы кез маусым айының жуан ортасы болатын. Күн-жылдай, ұзақ. Шыжыған ыстық. Табиғат көлеңкелер үстінен мұнартып,қалғиды.Аспан бірқауым жылтыр өңді. Күнгейдің терісін ірей аптап кенеше жабысып апты. Жеміс бүрінен шырыштай ақ гүлді әлсірете, үзіп түсіре, қылшықтары қарайған түйін-қауыншақ бітеді.Ұлы тау, уақыт ертерек,шөптер жас. Жеміс түйінінің суы шикіл. Қыстан арып шыққан Аюлар ашалаң қалыппен обыр, ашушаң күні.

         Шоқылар басы үшкірейіп, табиғат қолынан шыққан! Құз үстін де тек ақ бұлттар үрпелеңдейді! Жаз ыстығының  сыртын ала суқайт желемік шанышқақтап, осыған жапырақтар  сылдырады. Шатқал ішінен өзен үзігі ағараңдап, дүн-дүние сағым. Екі жүгірмек теріскей асып, ен, кәдімгі,үлкен кісідей жан-жағына ден қоя мұңға бөгіп, таудың шаттығын да сезді олар. Мұңның жебеуінен шаттықтың жебеуі кем түсе ме, ентіктері басылып,тер құрғаған соң, қайта жын түртіп, балалар іркіліссіз, бір шоқ қара тал өскен қобыны көктей өте шығуға тап берді.

         Дегенмен, қобының да өзіндігі бар жер екен. Зілдей уқорғасын сабақтарына соғыла, екеуінен күш қайтты. Қайдан кеп,қайдан тұрғанын білмей мәңгіріңкі. Қурай бастарынан асып, түймедей жүгірмектерге аспан қараңғы тартқан. Бітеу бүрікте жүр. Бір жағынан бас зеңітер уқорғасын иісі бар, меңдеп құлауға дәс. Шеке, мұрынның ұшы бүлк-бүлк етті. «Жаманның айтқаны келмей, сандырағы келедідей» бұлар шын улана ма,жоқ, әл-күш кемігендіктен бе, естері шыққан соң ба,әйтеуір, болдыра бастаған. Қалың қурайды жайпап шығарлық құдырет қайдан болсын.Улану мен шаршау қосылып, жүгірмектердің саудасы біткендей. Өлді деген сол! Қайдағыны қоңырсыта, бала батыр ертегісін айтып, баланың басын айналдырған шалдар, зәлімдер-ай, пайдаңнан зияның көп десек, тағы шам. Әйтсе де,ертексіз, ертектегідей жүрежұттыларсыз, осы ел жан бақпай қалушы ма еді. Баланы, азғырған уәсуәсті қайдан таптыңдар, ойбай.Тышқандай екеуі жүрежұтты боламыз деп жүріп өледі ғой!..

         Не жетті ? Маңай сатыр-сұтыр. Балалар бажыраңдай қарасып, ә дегенше болмай, ұзын-ұзын еліктер ытқи шықты да, бастарынан қалқып өткен. Еліктің тұяқ, тұмсығы бозғылт бауырының бұртиған қара кіндігіне дейін, бір көргенін қмытпайтын балалар миына сызып қалды. Бірақ, бұрын сырттай танымалдылау аңға  оншалық ой бөлмеген. Әліп балтасын қолына апты. Қашан алғанын білмей, «Елік қой»-деді де,онысын беліне қайта қыстырды.Бұлар қурайды жықса, қурай бұларды жығып, кәдімгі бір ит малтаумен келе жатыр.Таяу маңнан сақау көкектер үні, тұлдыр дыбыстар күрк-күрк етеді, бұтағы жоқ дүңк дыбыс. Оларды «сақау» деп атаған кісілер, тауып айтыпты.

         Ес кетіп-жан шыққанда барып, жүгірмектер уқорғасын,  шыртылдауық сабағынан—бір азаптан құтылды-ау. Енді олар Қобы беткейі – қалың итмұрынға жолығып тұр. Қырық инесі ілініскен бүрген жол берер емес, ұйысып, кебімен қозғалады. Ара-тұра ашық, ойылыңқы жерге бүйілер тор құрған. Тордың беті құр емес көрінеді қурап қалған инелік, жер кене қабығы, тірі қалпынан айырғысыз көк шыбын бар. Байқасаң бірдеңелер тордан табылатын. Сәл-пәл тыртысқақтығы біліне ол үзіліп кетсе, тоғыз теңбілді бүйілер өрмектің  салқам жібіне ілінеді де, мақаулық, дүлейлік кейіппен  салбырап, ырғалулы. Жүгірмектердің жүрегі әу баста бармақтай бүйіден айныған. «Бармақтай екен» деп, кісінің шарға бойлысын айтады қазақ. Сүйтсек, бүргеннің бүйілеріне де бұл ат бап екен. Солай дір ете түсіп, кірмен ежігейленген ащы терін үрей ызғырығы  кептіре қойса,жүгірмектердың бойы мұздай болып,.. ақыры кеп, бүйілермен ауыл-үй қонды…Екі балтаның түйілістірілген шүйдесімен қысып, қарнының ақ айранын шығара, мыжи бастады олар. Мыжуға бір тоймады, жалықпады. Тегінде, қаншерлер санқилы әуремен қан төксе, әуре-шікіресіз «Қан төккен», бүйі өлтіргендер арзан еңбек тауып мықтымсына, мұртынан күлген.Әйтсе де, қай-қашан «Қаскөй жауыздардың» жәнішталатынын  осы мысалмен дәлелдеп бара жатқандай, соған мәз.Түк керегі жоқта айғай салды. «Еріті ауызға бөрікті бас сиядының» керімен құтырысып, «Шақ,шақпайсың ба?»-деп бүйіні өлтіргенде,өлтіріп тастаған соң да,ажуалап жүр.Онымен тынса керек жоқ,түктер қылайған дүміне бойлатыңқырай аютікен шаншып,азаппен қоя беріп жүр. «Азапты тағдыр» делінер тағдыр бар.Тікен шанышқан сияқты «Азапты бостандықтың» бар-жоғын тек,заманақыр өз басына түскендер ғана білмек.Үш саусақтың ұшы сияқты шымшуыр аузын ашып,баладан өзге жан естімейтіндей бүйілер үн шығады-ау,дейім…Бір бүйіге бір тікен оңай ма?! «Үн шығара ма» ? Бір бүйіге бір үн,бір ажал жетер! Бірақ,олай еместей,бүргеннің айқышақ-ұйқышағынан тікен шаншулі бүйі  сып-сып еткен бетінде көзден таяды.Тікен бүйіні «Аяса»,жүгірмектерді аяған жоқ.Үстерінен саутамтық қалмай,еттері жарқырап,шүметайлері шығып жүр де, Шүметәйлерінің ұшін бүрген тырнады ғой,қып-қызыл қан. Қанды жасын тамыза сол жері «жылай» берулі!

         Бір заматта балалар қобының қырына таман,ашыққа шықты. Бүрген сұйылған. Әнеу бір түп қара отынның үстіне керіскедей  көкала торғай намаз оқып,тұрып алды. Екі жүгірмек соған—қара отынға қарай беттегесын, торғайдың жаны қалмаған.Үн деп, үн салады деп осыныкін айт.Шырыл ма,шырқырау ма,сай-сүйектен өтетін үн.Әдетте,бізге бала аз, үлкендер көп сияқты көрінбей ме, бірақ ол көрініс қана ғой.Шынында, үлкен мен баланың саны тең болуы мүмкін. Ойлап отырғанымыз сан емес, адамзат «бала» деп, «үлкен» деп,екі жікке бөлгенінің себебі: Бірі істегенді бірінің істей алмайтындығына қарай сықылды.Үлкеннің сай-сүйегін сырқыратар  жаңағы «шырыл», екі балаға түк әсер етпеді.Ал, тікен шанышқан бүйінің әлгі «үнін» үлкендер маңайлай алмаған, тек сәбилер сезді, естіді олар. Сондықтан, адамзаттың «Үлкен», «Кішілік» жікке бөлінгені сонан шығар.

         Жүгірмектер ермек қуып, қара отын түбін тініткіледі.Ұясында жатқан екі-үш жұмыртқаның біреуін Әліп, күнге тоса қарап:

–         Бала болыпты,-деді мүсіркеген,аяғандай.

–         Ұ…

–         Ұяға сал дегенің бе?

–         Жа-а…

–         Жарылады дегенң бе?

–         О…

–         Обал дегенің бе?

–         Иә.

         Сөз аяғын өзі жалғай білген Әліптің ерні шошаң-шошаң етіп, әлдекімнен ұққан тақпақ өлеңін шұбыртып әкетті.

                                      Айдалада –ақ отау,

                                      Аузы-мұрны жоқ отау.

                                      ………………………..

                                      Айыр өркеш—түйе де,

                                      Ұзын емшек—бие де.

                                      «Домалайда» таяқ жоқ.

                                      Жыланда аяқ жоқ.

         Тақпақтың әр екі жолында бір—алақанымен ыршытқан жұмыртқаға қарап:

         -Жарылады-ау,деп Шай,быжалақтады.

         Айтқаны келгендей,жын қысып,ойын-шынын араластырып тұрғанда жұмыртқа тырс ете қалған…Төбесінің едірейген жүні құп-құрғақ,құбжық тұлғалы балапан қабықтан аршыла шығып,кісі көргісіз, өле алмай жатып,қылдай мойнын қаттырақ қимылдатты.денесінің көбі өрік сүйегіндей,торсиған қарын екен. Сары уыз көрініп ол қарын әрең тұр. Осы жақ—салмақты жағын  балапан қозғай алмады.Тіптен, қозғалуға жаралмаған нәрседей, ұқсамсыз. Өз бойының қасиетінен  бір уақытқа дейін  елес бермейтіндер де көп қой. Соның бірі шығар бұл. Бірақ қарнын қозғай алмағанын қойып, Әліптің тағы бір жартьымсыз қимылынан  «Құбжықтың» үлкен өзгеріске ұшырамасы бар ма. Әкесі өлгенді де естіртеді, бұл талас жүрмейтін өзгеріс—өлім құбылысы болатын. Шалағай-шарпы балапанның айтқанымыздай, қарын жағы осал екен, өлім қарнынан келді. Жан жерінен жарылып, сары уыз төгіліп жатты.Ал,оған да қаратпай, Әліп құтырық ойнап, ернін шиқылдатса, барды-жоқты аузын бір-ақ ашады балапан. Бекер ашпайд, іздегені тамақ. «Ал,іздесең» деп, көмейі көрінген аузына түкірік тамызды. Әліптің осынысын жұтты ма, жұтпады ма, әлгіден көрі балапан есеңгірей  бастады. Құдырет-ай, сілімтік блапан балапан тамақ іздесе, бірер тамшы түкірік жұтса, тірінің тірлікте қыларының мән-мағынасы тым белгілі болғаны ғой.Олай демей не дейік, «Жарық қарындар» соны істеген соң, жетілген жан иелеріне, азуы алты қарыстарға бұл жалған қалай жетіп тұр,ә?!

         Шай құбжық балапанға Әліптің алақанына қарап шаңқ етті:

         -Айттым ба!

                  Әліп мойындап:

         -Айттың!

         -Ұясына сал дедім.

         -Дедің!

         -Обал,қарғайды дедім.

         -Деп ең.

         Жүгірмектер өз-өзінің шамасына қарай қатыгездік, жанашырлық тарапынан бұдан ары білтелей айтып жатпады. «Білтелеу» бұларға лайық емес. Мұндай,өмір тәбиғилығының уысынан әлі шықпағандар үшін,тірліктің білтелеу әдісімен де,біраз жерге жүгірерін сезе қоймағандар үшін де, «Білтелеудің» басы артық іс. Ақыл толып, ол ақылын дүние қимылы бұзып, бұдан соң сыпылдақ сөздің соңынан түскендер үшін «Білтелеу» майдай жағады. Келістіре алса,Со-ақ, жұмырына жұғын болады.

         Жүгірмектер тізе бүкпей жүріп келеді. Екі етегін белге түріп, екі өкпесін қолына алған деген осы! Не сынды қияметтерден өтті.Ұра-жырықтар, жылым-жұтпадан, тікені бір қарыс сары ағаш арасымен, тамыр салбыраған жар кемерлерінде, қарағай қарайып қыр тас, ұшпамен келе жатыр. Білмейді екеміз, бала бірдеме боп қала ма деп абыржиды екеміз. Жоқ, бала өлерін біледі,олар өз ісінің ақылын табады екен. Балаға лайықты,соның бағына жаралған дүние де көптей! Бүгін балалар жүріп өткен қилы-қияметтің бәрі баланың икеміне бап, солардың жүруіне лайық жер-ді.Үлкендер сыймайтын орынға олар сия кетеді. Кіттей қол, кіттей аяқтың ілінер-ұстары мол табылып, мандыған салмағы жоқ  баланы жартас беті, жар қыясында әп-әлсіз бірдеңе, әлжуәз сабақтар-ақ, салбырата көтеріп тұрды.  Сүйтіп, сол күймен не қиынның бірінен-біріне жүйткіді, өрмекшілер, тиындар сықылды боп! Қарсыдан-қарсыға ұшатын құралай тышқандар сықылды боп! Бұлардың жүрген жерімен, үлкендерің өлсе жүрмейді. Жүрмейді емес,бала істегенді олар істей ала ма? Білмейтіні, алмайтыны, шөкесіне қарайып қонбайтыны жоқтай, Құдай емес, Құдайдан былай да емес   әншейінде ісіп-кебетіні, құр ғана ауыз мықтылықтары ғана екен? Әйтпесе, мәлім ғой олар. Шал екеңдер баланы ертектерімен қайыраса, біліп қайыраған-ау, түбі балалардан бірдеңе шығар!

         Екеуі жүре-жүре, бір сайдың тіремесіндегі жартас түбіне «үҺ» деп,отыра кетті.Үйден шыққалы тізе бүгіп отырған жоқ. Ажайып үлкен жартас ұзын бойымен тұнжырайды.Түбінде отырған кісі уақыттан жаңылатындай көлеңке ерте мен кеш, түсте де бір орнынан тапжылмайтын қою, тұнжыр. Жартас бетінің сынық шөп, түйір топырағы жоқ, қара сабын өңдес. Бас жағы иіле, күйеудей тымағын көзіне киген ол. Жусаудағы жылқы, иә бір дүғагөй шал іспетінде қалғусырапты. Жартастың сонау жерінен бір арқа құс ұясының кәрі шөмшегі қарауытты. Төменірек биіктен  түскен, бүркіт саңғырығы—ақ шаңқан жолақ тұр. Тастың бас-аяғына балалар жалықпай  өткір көз, шын ықыласпен тінти қарады. Қарағаны жақсы-ау, бірақ, жартас пен жүгірмектер арасында үйлесімсіз, теңсіздік сақталған-ды.Теңсіздік пен үйлесімсіздік көрер көзге салмақты!Көзге емес көңілге де дәп осылай сезілетін. Үйткені, балалар бітімдей,қораш, тәйір-ау,бұлар тінте қараған жартас көкпен тілдеседі!Тасқа- бір, балаға бір қарап, көз бен көңілдің әбестік етпегі  бесенеден белгілі.Тинамдай екеуінің алып  жартасқа тінти қарап, зең қоюы деген лайықсыз-ақ. «Түйенің құйрығы қайда мен қайдамын» демекші, бұл отырғанын көрсең… Қуыршақ қой, қуыршақ.Ендеше, «қуыршаққа» жартасты көзбен тініткілеу, зең қою қалай үйлессін? Әйтеуір, бұл үйлесімсіздікті сезіп-білетіндей, жартастың сұсы басты білем, тінте қарағанмен, олай-былай ештеңе айтпады.Табиғат құдыретін құдырет қой деп танымастай, ноғаласы өскендер көбейіп барады. Кейіірек Әліп пен Шай да соның таз кебін кимеу үшін жартастың сұсы басса әзірден-ақ, бассын! Түс көріп, түсінде сол тастың  басынан ұшса… Сарсүзек сандырағы жайлаған күні…Сол тастың астында жатыр екемін деп…Ертеңінде-ақ, жан үзсе ,оған да мақұл, үзсін!

         Әліп екідайлықпен әрі әдіс сымалымен тіл қатты:

–         Шай…?

–         А.

–         Ма-ға-н…

–         Не?

–         Құттыаяқты  бер?

–         …

–         Ауыстыр.

–         Ақтөбетке ме?

–         Соған!

         Шай түнере қалды.Дегенмен,тез серпілді де,көзі жарқ етіп:

         -Жо-о-қ.Менің күшігім жылан алады. Ақтөбеттей емес!-деді. Сүйтіп, Құттыаяқтың бұрын айтылмаған тың қасиетін үстемелеген.Күшіктің үруді білмейтін- айыбын қозғағанда, Әліп оның сол артықшылығын жасырғандай. Бәлкім, өз көзімен көрмеді ме? Ал, Шай оны қалай айтпады екен? Шын-ау, осы жасымызға дейін ит жылан алыпты әрі итті жылан шағыпты деп естімегеміз. Сонда қалай? Шайдың сөзі қызыл шұнақ өтірік пе? Әліп қолын аузына сала, тұяғын кеміріп, «Ауыстыр» деген келемежге, оның басынғанына қитықса керек, Шай батымды сөз, ащы  тілмен ақтөбетті тағы бір рет сыпқыртып өтті.

         -Ақтөбет соқыр, Ақтөбет алжыған ит . Ақтөбет өзіңмен жасты!

         Әліп төбетті ақтап, әуреге түсіп жатыр. Десе де,сөзінің шикілігі бардай, қыйтар көздері екі жаққа кетіп, жалтақтай беруі көп. «Шикілігі» бардың да беті қалыңдау біреуі болса бүйтпес еді. Қазақ ондайды «Табанбет» дейді ғой. Әліптің үні ақырын шықты,жал тауып, сылтау айтуға бейімдеу үн.

         -Түнде…ауыл қорып ары-бері жүгірген ит сидаға ұрынбай ма екен, ағаш кірмей ме екен көзіне?..

         -Шын ба ол?

         -Шын!

         Әліптің «Сида» деуінің де мән,бүкпесі бар. Ал, Шайдің «Шын ба?»- деп тақауырлағанының іштей есебі жоқ емес-тін. Иттерінің кемістік әрі келелі қасиеттерін айтып қызылкеңірдектесті ғой. Шай Әліптің бүкпесін, шикілігін шығарып бетіне қалай баспайды? Біреудің айыбын бетіне басу дүниенің ең қиыны. Есі түзік дұспаныңның өзі бұлай етпейді.  «Бала» дегенімізбен, Шай бөгеле берген. Бірақ, лезде Құдай-тәубәсі бойына түсіп, Әліптің өзі-ақ,өз шикілігін, бұрынғы бір шындықты есіне алды. Соны малтыға ойлады ол. Сона бір кезде Ақтөбет қарсы қарап жата қалғасын… қызығып, көзін ши садақпен  дәлдеп атқаны, иттің жан дауыс, қаңқылы құлағына келді. Істеген айыбы бар, Ақтөбеттің көзін өзі шығарған, осылай! Сида кірді,сүйтті-бүйттілер құйдай аманат өтірік. Дегенмен, онысын тірі жан сезбеді деп ойлайды. Шайдың баяғыда-ақ, іші біліп, ішегінің сақ-сақкүлгенін, бірақ, айыбын бетіне баспағанын кәперіне алған жоқ. Қайта, Шайды ол басынды. Бір жағынан, көк күшіктің құнын құлдыратқысы, ақтөбетке ауыстырып ла қойғысы келген ол, ел аузындағы бір сөзге сүйенді.

         -Құттыаяқ иттің итақайы. Жылан алса мұрнымды кесіп берейін, өтірік айттың,- дейді, көгереңдей.

         -Ала-ды-е!

         -Алмай-ды-е!

         -Ала-ды-е!

         -Ашыққан соң алып…жыланды ол жейтін шығар?

         -Апам ас құйып жүр.Мен де қолымдағыны бөліп берем.

         -Нені?

         -Құрт,ірімшік.

         -Ұрлап беремісің үйіңнен?

         -…

         -Ұрлап де!

         Беті қызарған Шай шынына кетті:

         -Ұ-р-лап!

         Сылдыр көмей,қушыкеш бала Әліп,қандай пәлекет болғанмен,балалар ішінде ол кәндек,әлжуаздығы бар,көз түрткі болып жүретін.Кәндектігінен көрген азабын айтып сұрама! Бірақ,сол зәбір мен қорлық оны тым мәкүрлікке баулыды. Мәкүрлігінен зиян тартқан жоқ, қитарлау қарайтын қалыпқа түсірді. Көзінің құйрығы мен ұрт терісінде, баланың кейбіреуінде кезігетін бырысқақ көрініп келе жатқан. Басының сәл қалтағы бар. Қалтақ емес сөздің әніне билейді. Сылдырап, басы билеген Әліп аға жөнелді.

         -Шын бермейсің, ауыстырмайсың ғой, күшікті?- үлкендерден құлағына сіңіс аталы сөзге бейімдей айтты ол,- көптен жолдаспыз! Шын-ау, ауылдың бар баласынан бөлініп бұлар жолға шықпады ма. Жүрекжұтты болудың оқыс сезімдері үшін-ақ, бірікпеді ме. Не көрсек бір көрейік деуден артық жақыншылық болмас. Сүйте тұра, бет сала сұраған серігіне ит баласын—бір күшікті қимауы қалай? Бірақ, бұл сұраққа осал жауап айтпады. «Құттыаяқты бердім»-деген жоқ, демегенмен,соған бергісіздей жағайымды жауап айтты. Сөзінің арты көрініп тұр, белгілі ғой! Көк күшікті ауыстырып алудың амалы ғой! Соған Әліп марсия қалған.Ұрт бырысқағы білініп, басы билей қалған. Қылығына қарап, былай шамалауға болар: Әу баста-ақ, быялай-бикештеп, күшігін сұрағаны осы сөзді айтқызу шығар. Әуелдесең, сұрағаны күшік емес, Шайдың осыбір жауабы болар-ау. Сүйтіп, қақпанға түсірген жері осы-ау. Ендеше, Әліпті жарылқайтындай қып ол не сөз айтып еді? «Құттыаяқты ауыстыр» дегенінен немен құтылып еді? «Мен жығылайын…ел көзінше көтеріп ал да,періп кет!»-деді. Бұдан артық не демек. Кәндек, әлжуаздығынан оған тізесі батып,Әліпті жерге тоқпақтай ұратын. Шай енді онан жығылады… Астында жатады иленіп, болды,болды! Соны ойлаған әліптің күлімдегенінен танауының тесігі жоғалып кетті, құлақтарының құла түгі шаншылып, желмен желпіне түскен. Жел-ойда жоқта шыға келген қосымша құблыс. Қайдағы, қуаныштың қай-қайсысында да, оның шашбауын көтерер жеңілтек, қосымша құбылыстар жүреді. Мұны біреу әкеп бермес, терісіне симай тұрған қайғы, қуаныштың өзі-ақ, туып жатады. Әттең, ел алдында Шайды бір жықса, сүйегін күл ғып, оған «Әліп қарағым,жарайсыңды!» шұбыртып көп ауыз шуласса?.. Соны қиялдады. Қуанды Әліп. Қыял кісінің пысқан тамағы. Арманға қолың жетсін, жетпесін қыялға бір бөгіп алсаң өңің кіріп түлкідей құлпырасың. «Ас адамның арқауы» шығар, бірақ адам тамақпен ғана жан бағып жүрген жоқ. Қыялға тойғанымен де жүр. Тоймағандар баяғы аш, баяғы кедей, баяғы жетім, осыған сенесің бе?!

         Әліптің «Көтеріп ал да періп кет!» деген Шайдың сөзіне қуануы шын орынды еді.

         Кәсіпқойлар елінің мынадай әдеті бар. Жалғыз ауыл ел ерігіп-зерігеді ғой. Олар түгілі, түздің аңы асыр салғанда қандай, бірін-бірі жеп қоя, өлтіріп қоя жаздамай ма!?

         Ісімерлер жаздай жұмысын табиғи тас сөрелер астында, яғни үңгір, қалқаларда істейді. Кәрі кәсіптерін кешке таман аяқтап, ауылдың тайлы-таяғы қалмай көк майсаға жиналатын. Істен соң,қызық, еркіндік орнайды. Сыңғырау үндер, таудан тас құлағандай дөкір үндермен бір уақ ашық араласып кете, бір-бірінен именбейді. Әдетте, әдептен аттамайтын ауыл тәртібінің көлеміндегі нәрселер сол кез ғана азат! Сол азаттық әуектеп, желпідіріп алған соң, бетімен кетпей, уағы толғанда бұл азаттық жиыстырылатын. Ел әдет, тәртіпті қалай ұстайды десек, осылай бір кеңітіп, бір қысып «көн қатса-қалпына баратындай қып» әрең ұстайды екен. Әдет кеңігеннен  «Көннің қатқан» шағына дейін шұнаңдай алған сезім мен жүректің арманы да жоқ. Еліктер азғантай су ішіп  таңдайын жібітеді, оған жетеді ол. Сезім де аз уақыт  ішінде ұзаққа жүгіретін идеялар сықылдас, өз орнын күреуге қам қылып үлгірмей ме? Шіркін, сол азғантай уақыт қаншаның бағын ашып,қаншаның көк желкесін үзді десейші? Бір ойлайтынымыз: сондай «аз уақыттың» маңында өзіміз болдық па? Оны төңіректеп жүретіндер де бар болып, ал біз оны елеп-ескерусіз бос жүріп пе едік,әлде?.. Мүмкін,текке жүріп, соның шет-жағасын көру де бір қызық.Талай бірдеңеге сілекейің шұбырады. Сілекей шұбырған қандай боларын, менен сұра!

         Көк майсаға жиналып, шәкене-шағындығына бақпай, халық санатын құруды кәсіпкерлер кешпейтін. Әр күні кештің өз белгісінше шөп басын бұлғай қоңыр самал үріп тұрады. (Есе беретін ол арзан самал емес, іңірттен ары қорғалап, басылып қалатын.) Кәсіпқойлар елі шырқ иріле, қораланып отырып алған соң:

                                    -Басында қара таудың бір шоқ арша,

                                      Тартамын салбырынан қайта-қайта.

                                      Кетер-ау,сол аршадан қолым шығып,

                                      Құрбыжан,туталақай серттен тайса.

                                      …………………………………………

                                   – Құла сұрдан үстіңе кидің шекпен,

                                      Құла сұрдан, құла сұр өңің өткен.

                                      Серттен таймақ,әуелі сізден болып,

                                      Онан кейін ағатай, бізге жеткен.

         Өстіп,әріптестер айтысы бұрқ-сарқ. Азғана уақыт та уақыт. Талай жан өз сезіміне мас, талайы масыгөй. Адам осылай жүруге жаралған соң, не амал! Азғана ел де бәрібір ел ғой. Әзір олар тізгінін қоя берді. Елдің әдепке шегенделуі—қатаң ереже босаңсыған. Жан әзір еркін,жан ұятты  қойған. Бір сезім бір сезімді ырқына алу жолы ашылған кез қабағы түксиген біреу, бәрінің сұбыханын ұшыратындай біреу, осы уақыт, осы жерге үш қайнап сорпасы қосылмайтын біреу орнынан арбиып түрегелетін. Бірақ, «Сорпасы қосылмайды» емес,   әйбет қосылатындай.  Ол айтатынды ел жәңерек естіп, мысалы, соның өзінен таралып жүрген «Абай өлеңі», бәлкім, Абай әндері «құлақтан кіріп, бойды ала» бастайды. Ән естілген де жан- сезім саулық қойдай иіп кете, ақылдан сезім озыңқырап оның оқыс, тез жеңгісі келетін.Тістің суындай жаңа ырғақ, кеудеде құр шыбыны жүргеннің, томырық мінез тұйық адамдарға дейін айналдыра әйбет алдаусыратады …өмірдің өзін-осу жазатайым, рахым-шапағаты аздау нәрсені көлденең тартып,діттей бере, мұңнан мұңның жібуінше жылы леп құйылып, тұспал-тиянағы жоқ қыял мен мал-жаның бір қосылуға қосылып-ақ кетпей ме! Соның арқасы ғой, бұл жерде мынау бір қауға сақал, түр-түсі алабөтен адамнан озық жан, тәуір кісі жоқ. Аздан соң, Абай әнін әлде нелермен шатастыра, орыс шайхпәнилерінің  бәйіттері, ғаскер сүрені ме «До-у,до-у»-дейтін зор әуенге жалғай барып аяқтайды. Ел оған аң-таң. Тегі, бір ел, бір ұлтта бір неше дауыс, дауыс қалыбы бар-ау, ұлт атандырған сол, сол дауыстар қалыбы шығар? Жай салыстырсақ: жылқы-сиыр, түйе мен қой—төртеуінің өз дауысы болуынан бір-бір түлік. Егер, маңырау, кісінеу, боздау мен мөңіреулер ұқсас, бірақ әуенде жүрсін,онда олар бір шыбықпен айдалып, бір түлік есептелері айдан анық! Бәленәки-пәштуән дегенімізбен дауыс қалыбы—бұл кереметті табиғат туған! Ән айтқан әлгі кісіні біреулер «Онбасы» біреулер «Хорнжи» атайды. Бір жағынан ол оның өзі айтқан аттары. Осыдан-ақ, қай жақтың Адамы, қайдан келгенін сезесің.

         Айтыс бір жерге барған соң, қырық темірдің қылауынан құралған ел, ала-құладай қып ата-бабасының аруағын шақырысып, палуан салуға ауысады. Палуандар—бала. Қарадай қасқыр соғатын Әліптер мен Шайлар. Бір тәуірі бала болғандарымен бұлар да ұрансыз, нысансыз палуанға түспейтін. Кезегі келгесін-ақ, Әліп бір ел, Шай бір ел. Бір-бір елдің атынан түсті екен, баланың кәндектік яки мығымдығына жұрт қарай ма, дауыс салып ортаға шығарады. Екеуін белдестіруден ары, азырақ аяқ ылғау етіп жүретін де, Шай Әліпті  көтеріп алып періп кететін. Ел алдындағы ұятты іс-ақ, осу «періп кету» еді. Палуан намысы қиын,ауқымды намыс. Байқасаң бір бала жығып, бір бала жығылып жатыр. Ал елге бұлай сезілмейді. Бір елден, бір атаның аруағынан және бір ел, бір атаның ауағы кем түссе ол, сүйекке таңба! Әліп Шайдан жығылғанға біреулер: «бұл иттің жерге қаратқаны-ай»-деп бармағын шайнай, зіркілдейді. Зіркілдегенмен ұрып өлтіретін емес, бармақ тістеп, теріс айналар еді. Әліп не естімеді, жерден ауыр сөзді естіп келе жатыр. Оның өзінде күш жоқ, Әйтпесе, Шаймен бұл күн араламаған құрдас-тын. Жұрттың: жықпайды демей күрестіре берері сонан . «Тіріжан-тісті бақаның» әуселесін асықпай күтетін ел, «атты алысқа айдады» сүйтіп!

         Шалдар:

         – Шығар Әліпті! Қарап өле ме,тәйіралғыр?! Мұның шешесі де бір жуан қой қалжа жеген,-деп,өрешелейді-ай! Япырау, бір ойдан «әлсіздер есе қайырсын» деуі әділдік пе ол? Сақал-шаштарының күлдей қурағаны—әділдікті жан сала іздеуінен, оны тапқанынан, я таппағанынан ба? Әйтеуір, шалдардың әлгіндей өкірештенуіне орай, сақалы бір құшақ боп онбасы шығады.

–         Күш неше түрлі?- дейді, оларға қарай.

–         Үшеу…

–         Соңғы біреуін айт?

–         Зорлық!

         -Жо-қ,ең соңғысы— «түкпішек күш» дейтұғын пәле. Өкшеңнен өрлеген лебі кеудеңе ілінсе, тиірмен айналдырғандай, жүрегің зік-зік! Орыс қарашекпенділері сол түкпішек күш арқылы ақ патшаның сүйегін бордай езген! Сүйтіп, күні ертең Әліптің топ бастамасына, қара бұлттай жасын ойната, жалын бүрікпеуіне кім кепіл?- деп, жыққанның әптігін баса, жығылғанға жел беріп әлек. Білген кісіге онбасыдан, тұрмыстағының ең қиыны:бағы жанумен кері кетуді де көрген  шораяқтық сезілер-ды. Сөйлесе-ақ, сақалдан аман жерінің тыртықтары жылтырай бастайтын. Жылтырлық басылғанға ешек ол еліріңкіреп ала, кейін сүлкіні түсіп, арын қайтады…Оның сөйлеп ауыз қимылдатқанын сақал білдіртпейтін.Үнінен сүріншектік сезіліп… ауыздың қисық-кемдігі бар ма? Қалай екеніне ел тырс етпейді. «Орыс боп кеткен қақол! Құдай біледі сүндетке отырмаған шығар…»- десіп жұрт жымияды. Басында үй, бауырында қазан жоқ ауғын жанды олар есіркей қалады. Бәрін айт та-бірін айт, салт басты, сабау қамшылы жан сынға толушы ма еді. Шыны керек баяғы кеміс, кісәпір. Бұл ауылға кеп сіңгеніне жыл айналды. Әліге шейін іргесін алыс салып анау бір, жартасқа жабыстырып жиған «тас үй» өз мекені оның.

         Ара-тұра аң атып бітеу күйі көтеріп келер мергендік пен күшкерлігі бар. «Атып» дейм-ау, бірақ,қолына мылтық ұстағанын тірі жан көрген емес.Сайтанымен атты ма оны? Сайтанымен атпайды. Бұл таудан мылтық дауысы күмбірлегенін жұрт естіп жүр. Бұрын жоқ еді. Тек, онбасы келгелі, сонан бері табылған өнер. Мылтық үнімен тау селк етеді. Елдің көзі алақандай, бірінің санын бірі шымшып, ыммен түсінетін. Бұдан түсінбесе өз миына салып, сезгенін жүрегіне таман жіберіп, әп-әйбет түйсінеді жұрт. Түйсінген соң, аузына қақпақ қойып, жым болмақ. Ауызға қақпақ қою талай қырсықтан арашалап бәлкім, өмірбақый  дау жуытпай кетуі мүмкін, әрине!

         Былтыр, ұяғаш қиуға барған жолы кей жігіттер: «Біздің ауылда тығып ұстаған мылтық бар»-деп айғайлағанын   білесіз. Қасындағылар:  «аузыңды жаптың» астынан алса да, «Жаппайым! Үкіметтің оң құлағы Қизамеден тұр ма екен?» дегенін де білесіз. Ел осылай,мылтықтың аты шығудан қорқады, жасырады. «Қорқу» мен «Жасыру» бірақ сөз. Сол кездері Алтай қазақтарының  ұлттық дүрбелеңінен жүрегі аузына тығылған үкімет, елдегі атпа-шаппа құралдар мен толыскей оқ, қорғасын оқтың бәрін жинатып, мұрнына су жетпей жүрген тұс. Осы ілкіде,кәсіпқойлар ауылы онбасының мылтығы барын айтса бір қиын, айтпаса екі қиын. Егер әшкерелеп берсе, бұл келімсектің көзін құртқаны. Айтпай, үкімет өздігінен сезік алсыншы бәлем, орындары қай жер болар екен! Тағы бір ой келеді: Онбасы да,көзін тыныш жойғыза қоймас. Рессейден қашып, шашасына шаң жұқпаған алаяқ. Бұл ел ие бола алама? Сөз ілінгенін сезген соң, ол тып қояды.Таудан кім  тапсын? Қызықтың көкесі сонда болар! Онбасының мылтығын жасырғанынан бір өліп, үкіметке сенім кеткендіктен екі өлмей ме ел байқұс.

         Онбасы тым үйірсек кісі емес. Деседе, балалар жағы қасынан қалмайтын. Соның ішінде бойын аулағырақ ұстаған жалғыз Шай ғана. Мұның да мәні бар. Бір кездері әкесі жұмысқа кеткен әредік хорынжи үйлеріне кеп: «Құдағи тұзсыз шай қайнатып беремісің? Оған дейін мен бірдеме істей отырайын»-деп, үстірік дүзін, балтаны қайрап тұқыжыңдаған. Шай енді бір айналып келсе, әгіңіз, әгіңіздің сақалы шешесін бірақ жауып, арт жақтан аяқтары тыпырлап жатыр, аяқ төртеу… осыдан сырт айналған баланың тілі күрмеліп еді. Күрмелсе де бірдеңесін біліп күрмеліп еді.

         Кешір, халайық! Әңгімемізді шегіне айтып, біраз уақыт алдық. Шалдардың ертегісіне еліктеп, «Бала батыр» болғысы келетіндеріміз мың дегенмен бала, «Әңгіме бұзау емізеді,бұзау, таяқ жегізеді»дей, жартас түбі, сөзге айналып, жолынан қап еді. Уақытпен санаспады, балалық істеп отыр. Әліп қызыға сұрайды. Шайдың «мен жығылайын»-деген сөзінен айрылғысы жоқ. Көңіл құрғыр сенбей, бір айтқанын мың айтты: Ол шынымен жығылар болса, Құттыаяқты шынымен ауыстырғысы  келер.

–         Қалай жығыласың?-дейді ол.

–         Көтеріп ал да,періп кет!

–         Әлім жете ме?..

–         Аяғымнан алсаң,өзім-ақ…

–         «Өзім-ақты» ести,ыржың-ыржың еткен Әліптің қитар көзі

сонда барып теңеліңкіреген. Мұның жолына біреу өзін құрбан еткісі келеді. Тірнек өмірінде соны ол бүгін көріп отыр. Шын айтып, ақ сөйлеген Шай ақыл үйретіп, қалың жүзі әр тұстан бүлк-бүлк етті.

         – Жығып ап тұншықтыр, бақырт! Әйтпесе, ел «Өтірік жығылды» деп, сенбей қояды.

         Енді бірде ол,онан да тәуірін айтып:

         – Кел,қалай жығатыныңды көріп алмаймсың?-деп,анадайғы жалпақ тасты иегімен нұсқады.Сол-ақ екен,жалбыр киімнен еттері ағараңдап, ұшып-ұшып түрегелді. Қашқан шыбыштың іші уағына жетпей шеңберек ататын. Сол сықылдас, екеуінің сәбилік желімен буазып, қарын-құрсағы дүмдей. Осы қарындар бүгін не көрмеді? Бүрген жыртып, тас тырнаған қызыл шимай. Әліптің ауынан адамзаттың келесі күніне дап-дайын балғын абиыр көрініп тұр. Бұлар шыққан тас сырмақ бойы жазық, келісті бір орын.Төрт жерінен аяқтар ойнаған соң, тарылып, түкке тұрғысыз болды. Оған қараған жоқ, түстерін салып жіберіп, ұстаса кетуден ары Шай қаншама рет тарс-тұрс жығылып, дал-дұлы шықпады! Қаншама рет тұншықтырлудан өліп барып қайтты. Бәрінде де Әліп шын жығып, Шай шын жығылып жүр деп ойлаған. Қанға малынып жатып, Шай ақырын тіл қатады:

–         Болдың ба?..

–         Болдым!

–         Бір жерің ауырған шығар?

–         А-у-ырды!..

         «Ауырдының» қаттырақ естілуінен шошып ояна,жаңғырықты бойынан итеріп тастаған қара жартас тыншып,орнына зірк ете құлады. Жаңғырық тынып, жер зірк етуін қойған кез маңай  мажаурай… жүгірмектер айналаға көз салған. Көз салғанының арасынша жалама шыңның былайғы бір сеңгірінен тары кебегіндей қызғылт жүндері қылаң ұрған тауешкі тас қырына шықты. Дәу мүйіздер басын бұра, жон- қараның сызығынан-бұрыла қарап, бұттың аңқасынан желін қарауытады. Аял-пұялды көп ұқпай, аузы мен танауының бірінен «Ш-шуиттеп» ысқырық шығара, арқарай асып тынды. Жүгірмектер бірінің көргенін, бірі көріп тұр. Тең,қатар көргенін кісі бір-біріне айта алмай қалады. Бала екеш, бұлар да сүйткен. Ескі жұрттағы қу қазықтардың қылтиып қатар тұрғаны тәріздес олар да қатар тұр. Сәлден соң, тіл қатысқан үндері кедір-бұдырлау.

–         Көрдің бе?

–         Көргенде қайтем?

–         Желіні иттің басындай,мынандай тап!!

          -Бізден үрікті ғой,-деді Әліп,Құдай естіп қоятындай, сыбырлап.

           Шай сөзін анық,ашалап айтты:

           -Туғалы жатыр екен.

           -Шын,бізден үркіп…

           -Бізден үркіп…?

           Саусағының  бірер жарымын иіп,самайдың қатқан терін күреді Әліп.бірдеңе айтқысы келіп,..соны білген қызыл тіл жылт етті.

           -Тауешкі жүйрік аң емес. Жазаң жерде кезіккендер атпен соғып алады. Сол дүбір аяқтығы үшін аю, қасқырлар оған өш дейді ағам.

           Әліптен қалмай, бәлкім, басқа ойы бар ма, Шай онымен қара таластырды.

           -Әкем: Ешкінің бір жаны-тас. Лақтаған кезде тастан түспейдіол. Тастан айрылса құдай алатындай, бар ойы жартас деген.

           Тағдыр жүгірмектерді бүгін қайтпек ойы бар? Аяйын, аямайын десе де, қиындау жай. Олардың іздегені- тек азап пен алапат. Мерт қылып кете ме, алдап алып шығар ма екен тағдыр? Бір түйінге келер. Жер жасағамыз жоқ,            бірдеменің иісін біле алсақ, тағдырдың келер түйіні, бекім түйіні біреу-ақ, ол баяғы «Күйсін-түйсін»деу ғана.келер жері-сол «Күйсін-түйсінге» бармай көп шаруа бітпейді. Соның бәрін қойып, әңгімемізді жалғайық: Жалғау алдында ауыз қышытсақ тағы бір  онда, не мұнда жоқ «Қыстырма сөз» саналатын  уәжге қышытайық: Балаларды естияр,тісқақтылрдан бөле жарып,кеміс қарайтын әдебиет—реализмшіл. Соның өзін абыржытуға күйі қаптл сананы жерден шұқып тапсам да, тапсам игі-ау.Үйткені сол- реализімнің ызасы өткен!.. Осыкүнгі қарны тоқ,қайғйсы жоқ жасамыстардың ақылгөйсуі өмірдің милығынан асыңқырап барады, ойбай! Өмір жіңішкеден, нәзіктен алыстап бара жатыр. Қайран балалық, бейғамдық. Қайран былқылдақтық-ай, тапталып қаламысың сен! Әйтсе де,әдебиеттің сенен сырт айналар жөні жоқ еді-ау. Аузымыз осыған қышыған соң айттық. Құдай деп, әңгімемізді жалғайық.

           Екі жүгірмекке бірдеңе болды.Жалама шың, қара жартастың түбінде оймен сабылып олар әлі отыр. Талай уақыт үнсіз отырды. Бұл үнсіздік айтып-айтпай, жеті жастарында «ЖиҺан кезбелікке» барған бір ел, әр елдің әдебиетіндегі баланың балалығын сақтап қалуға тырысқан тағдыр үшін үлкен жаңалық! Дүние күйіп кетсе де, жүгірмектердің бұл  «балалығы» өзіне құп, қисынсыз емес. Тозып, өңі қашпаған  балалық. Әйткенмен, аты демесең бұның қай жері балалық? Әйтеуір, тұрмыс балалықтан арыла бере-ақ, күйісінен жаңылып, көз алдымыз көрдейін қарауытпай ма бір!

           Жүгірмектер жартас қырындағы тауешкіні көрген соң, өз әңгімесін недәуір созды. Оларға балалық күндер зыянын тигізбесе, пайдасын тигізер түрі жоқ. Қолды-аяққа тұрмай уақыт өтіп барады. Ал, күн кешкіре ауылды олар қалай табамыз дейді, бұл иттер?.

           Әліп қолын ербеңдетті.

–         Бекер!..

–         Бекер ме қорыққаны?-деп,Шай күлімсірейді.

–         Анандай мүйізбен…

–         Анандай мүйізбен сүзсе,бәлем!

          –  Сүзсе!—Сөзін жыламсырай айтқан Әліптің көзі қып-қызыл

–         Жылан алған Құттыаяқтай болса!

         –   Ауылды қорып аңқалаңдаған ақ төбеттей болса!

          Қасқырды сүзбей,жанын ала қашқан ешкінің су жүректігіне,момындығына күйіп кетті білем,бұлар ақ төбет,құттыаяқтың ерлігін үлгі тұтып,ондай болса еді,мұндай болса едімен екі-үш рет қоса дәбірікті. Еттерінің қарақошқыл  жарасына үймелеген шыбындар  әндетіп жүр. Үркіткенін пішту көрмейді. Бір тәуірі-ақ, шыбындар жараның аузын ауыртпай, қышытады екен. Жүгірмектердің өздері ауыртып алды. Қасимыз деп тырнақтары батыңқырап,қызыл қан сызыла аққан.

         Екеуі беткейде, нәу шалғынға шомып келеді. Шөптен бойы аспаған олар, жер межесін білуден қалды.Үлкендердің көршат сайына барар кәнігі соқпағын  таба алмай, бастары ауған жаққа жүруден өзге жоқ, бұлардың түрі жаман. Өлемалла, қаңғып марқадам таппас.Үйге жету, ауылға оралу дегеннен бұлт жуық. Әйтсе де, кезеген аяқтықпен  тау асып, тас басып кете барған екеуінің арыны қайтпаған. Жүрек орнында. Ой әуелгідей. Адам бір істі бөліп-бөліп ойламай ма. Бастабында осыны сүйтсем-ау деп, арман қылады. Істің ортасына таман келгесін айпап-жайпап жіберердей екпін бітіп, ал соңына таяй бере «Жетер! жиыстырмайым ба» дейтін ғой. Мына жүгірмектерде бұл үшеуінің бірі бар ма? Бар болса, соның біріншісінен өтті, екіншісіне келіп жетті. Ең соңғы біреуіне әлі дүниенің уақыты бар. Оған олар асығар емес. Шын-ау, несіне асығады? Бәлен жерге түген уақытта жетіп, алай етейік-былай етейіктей мәлім шаруалары жоқ қой. Бұлардікі-ақ, Құдайдың салғанын көру. Шалдар ертегісіндегі батыр бала құсап қорықпау, мақсұттары сол!

         Тау басындағы тастан көлеңке салбырады. Сай бетінің көлеңкесі де қапталдың жуан бел жеріне дейін барған. Күннің құлпырулы құла жарығын олар- екі қарайған қысып келеді. Жүгірмектердің түстен бері кетірген уағы осындай. Айналып үйін табуға мұнан көп болмаса, аз уақыт кетпейді. Күн кешкірер, түннің түнек кезі келер. Сонда не күйге түсер екен? Көз барда әрең өткен қылкөпір, қиын жерлерден түнде қалай өтпек? Ұра-жырықтың біріне күмп беріп, әңгекке кіріп кете ме? Тапқанын ін, апанына қарай кірелейтін қанда ауыз аңдар да тиісер. Мұнан сырт, баланың шошу, жүрегі жарылу, дейтіні бар. Жетіқараңғы түн…Санқилы қорқыныштан борбайына сиіп жіберер, жүрек жарылар. «Үрейі ұшқанның» арты тау-тастан құлайтын іс! «Үш күннен соң көрге де үйренеді» демей ме. Оны қоя тұрайық, әзіргісі қиын. Ім, тірлік оңайлықпен аяқталмас. Ол ерен нәрсе, тыртысып жатып алады. Адамға өлу үшін, өлмеу үшін де талай себептер керек. Соның бірі басымырақ шығады ғой. Обалы нешік, соның сол басымдылығын көзбен көрдік, бастан өткіздік!Әйтпесе әзірге шек сүйегімізге қына шығатын кез келді-ау. Балалар бүгін ала тау айналып адасып кетсе де бір себептен аман қалуы, бір неше күн қоңыз теріп жеп, жан бағу мүмкіндігі бәлкім табылар. Талай бала адасып кетіп сүйткен. Күннен-күн өткенде барып қара қоңыздың қабығы оның қарнын теседі дейтін. Екеуі адасса адассын-ау, бірақ қоңыз теріп жегенше жаз күні, балауса,   балдыр теріп жесе екен. Балалық пен көзсіз ерліктің ортасында, бит пен бүргенің ұқсастығы сықылдылау бір ұқсастық жатыр. Осыған дейін мұны біреулер білді, біреулер білмей жүр, мәссаған!

         Балалар тағы бір шыңның көк теңбіл көбелігімен өрлеп келеді. Шың басы арыда. Таудың ортан беліндегі шоңғалға шықты олар. Шоңғал үсті гуіл,жел. Бұлардың бірін-біріне қосады. Табан асты—тақырдан қайыршақ сылдырап, қаптаған қалың аяғы бар, қара көз қайқы құйрық шаяндар қақшаң қағып жүр. Қайыршақты сылдыратқан жел емес,шаян көрінеді. Күн биіктен,төменнен де келмей, бап түскен. Екі баланың дәл өзіндей көлеңкесі қараңдаулы. Көлеңкелердің түсі де жалбыр-жұлбыр, сам-сам. Балалар жалаң аяқ-жалаңбас. Былайша айтқанда, көлеңкелерімен төртеу болып ебелеңдеген бір албастылар. Албасты болмаса бүйтер ме? Бала аяғы жететін, бала асыр аслатын жер ме еді бұл?! Құздың қыз емшегі ғана тесіп шыққан бітеу орман, көлеңкелі жыныс, иен жер. Тоғай гуілдеген кез ғажап сұрапыл қаптап кете ме, жайпап өтер ме дерсің! Бірақ, жайпап кетпейді. Шоңғал үстінің желі бәз қалыпта.Тоғай өзімен,басқа жер өзімен! Екеуінің тозалаң-тозық киімінің жалбырын созған жел, борбайларына оралтып әлек. Көлеңкесі қослып—төрт шайтан бір шоңғалға аздық етер емес, ебелең қағады,қаптап жүр…Кенет Әліп бір керемет көрді. Беткейде, қуыс жылғадан шығып қып-қызыл нәрсе жиырма қадам жерде-ақ, мені көр дей, керіле қапты.Үлкендігін не десек екен, иттің ыдысы, әрине,ақ төбет пен Құттыаяқтың ас ішер  итаяғындай. Құс басты тәрізділеу, күзен бейімдес пе, бәлкім, түлкі деуге де болар бірақ, балаекеңдер түлкіні де көрген. Оған келіңкіремей тұр. Әйтеуір, қызылдығында баға жоқ, өрт! Сол қызылдығынан  жазбай, балақ жүндерінің бақайға төгілуі-ай.Үйден шыққалы не көрінсе алдымен сөйлеген, Әліптің:

–         «Үйсіндер қызыл борсығы» екен-деп, таңдайы тақ-тақ етті.

         – «Қызыл борсық!» сол, -деді, Шай да. Өң-түсін уайым қағып бозара қалған. Уайымның жүрмес жері жоқ-ау. Жарыса айтқан бұлардың «Қызыл борсығы» несі, ол қай борсығым?

         Жүгірмектер ауылдың азғана шалынан талай қызық естіді, талайын миына жазған. Шалдар қоңырсытпай ма: Бұрын бір жаугершілік заманда Үйсіндер боз таудан, ата жұртынан жер ауыпты. Сол ел алтын қорытып, оған шамалары қаптал екен.Үрке көшудің бір «Жалпалаң құйрық» аталған түрімен дамылсыз жосуға бекінген ел мол алтынын алып көше алмай, «Жол бойы қолды болар да, қызғанғанымыз қызыл итке жем боп жүре ме»-деп, саруайымдайды. Дәм тартса кейін кеп алармыз,тартпаса…жер жарықтықтың жамбасының астында-ақ,қалсын!»-деген оймен жағдан*, тұлыптарға сықаулы байқұс алтынды тығар жай қарастырғандай.Қыямет-қайымға ешек жатса жата берер, жан білмейтін,білген күнде де,Үйсіндердің өзінен басқа ала алмайтын қиын жер,берік жер де таудан табылыпты.Берік жай табылды-ау,бірақ,кейін іздеу салатындар мұны қалай таппақ?Алтын қоймасына бір құпия белгі салыну керек қой.Сол белгіні ел үрімбұтағының құлағына сіңірмей ме сыбырлап.Ендеше алтын қойылған жердің маңы-тар жылғаны мекен еткен азғантай Қызыл

Борсық таудың өзге өңірінен,айта берсеңіз Үйсіндердің аяғы жеткен жер бетінен кездеспеп еді. Борсықтан не көп,бірақ, оның осындай қан қызылдарын тірі жан көрмеген-ау, дейім. Үйсіндер өз көзімен көрген соң оны «Қызыл борсық» атандырған-ау, дейім. Желе-жортуға жоқ, аяғы қою бұл аң сонан былай «Үйсіндер қызыл борсығы» аталған-ау деп, кей шалдар суырыла сөйлейтін де, артынан өңін мұң қағып, күмілжи түсетін. Күмілжулері салт, кәрі  дағды бір. Солардан аумай, қызыл борсықты ауызға қалай алды солай жүгірмкетердің өңін де мұң жүгіріп, бастары салбыраған. Бұлар мұңайып болғанша тұрмай, керіле қалған қызыл борсық зым кетті. Оның орнына тастардың шошақ көлеңкесі түсіп тұр. Әсілі,кей сөздер ашылып, анықталмай. Анықтала бастаса-ақ, Қым-қиғаштық туылады екен. Бұл да өмір заңы. Сол заңды аттап кетеміз деп, айтпайтын нәрсені айта қояйық деп, ылғи пәле тауып жүреміз. Сөз көбейтумен, шағым түсірулермен, сезімді сырттан сатушылықпен өлмесек те өлуге таядық. Мұны бір деп қой!

         Шоңғалда,жүгірмектердің басынан және бір құбылыс өтті. Бұлттан шыққан күн ашты. Ақ төбеттің көзіне кірді делінетін сидалар сықылды сүлік аптап, жерді күйдіріп бара жатыр. Жел пышақпен кескендей тынған. Қайыршақ сыбдыры шығып әлі де шық-шық етеді. Шық-шық еткізген ащ күн,аптап емес, шаян. Шаянның ойында жын бар. Әйтпесе, таудың басқа жерінде жоқ іс. Басқа маңнан қалың шаян кезіккен жоқ. Шоңғалдың шоқтан бетер  ыстық тасында жортып, қайыршақ сылдырлататын несі күйіп кетті оның? Со бір кезде Шай баж етті. Дауысынан кісі шошырлық. Жерге қараған ол бүгіле, шыңғыра берген. Сүйтсе… Бақандай сары шаян аяғының басына жабысып тұр. Жолдастыққа жараған деген осы-ау, Әліп шаянды шертіп жіберейін деп, бір оқталды. О құрғыр жойдақсыз, үлкен.Ұры-қарыны ұстағандар қолына не түссе сонымен бір-бір салып кететін сыяқты,ұмтылып бірер тас алды да сонымен баса қойып, шаян тайдай тулағасын, қолы қозғалды, айрылып қала жаздап, әйтеуір, тас асты- шаянның басы бырт еткен. Басын сүйреп, шаян артына қарай жүрді. Артына қарай шегіне жүргеннің бүгін Құттыаяқ- біріншісі, бұл-екіншісі болатын.

         Тырабай асып Шай ессіз жатыр.  Оған қараған жоқ, Әліп құтырған кісіше тау басынан еңістей құлдыраңаған…Ес кетіп-жан шыққандағы алып келгені-ақ, бір тал сүттіген еді.Сүттіген биікке өспей,сай тағанында баршылық. Сындырып, бұрқ еткен ақ сүтті, – бұда қу, шаян тиген қызамыққа  жақты. Ал, сонымен іс бітті де, тапжылмай күтіп отыр. Күткеніне жарай, сәлден соң Шай көзі жыртиып, басын көтерген. Әзір біз не десек, «шал» деп, тауып алған бір шалымыз бар емес пе, әңгімеге орай, тағы сол жарықтық шалдар айтқан ғой: Баяғыда бір жыланды қара құрт қуып келе жатады. Жылан ерінбей қашып, ол ерінбей қуа беріпті. Келе-келе сұржылан бір түп сүттігенге оралады…Әу, қайтер дегенде,қай сиқыры барын кім білсін бүйіңіз жыланға тимей, кейін шегінеді. Мұны көріп, ол кісің өзі емсек пе қалай, «Япырау, бүйі сүттігеннен қорықты ғой…?» – деп, алдымен жыланды өлтіріпті де, тақыясымен бүркеп, бүйіні қолға түсіріп ап, сүттігеннің сүтін тамызады оған. Қара құрт дереу талықсиды… Әліптің  әдісі-ақ, шалдың сөзін көшіріп алу, қайталау. Әйтсе де, қиын-қыстау, қас қағым  аралықта «Көшіріп алғанының» өзі қаншалық! Анау-бүйі, мынау-шаян. Дөйдала мақұлықтар. Әліптің басына келген ой: «Бүйі, шаян»-деп, қатар айтылушы еді, сүттігеннен бүйіге туған күн шаянға да тумай ма дегендік. Сонымен шайды ол тірлітіп алды. Дүние жүзінде балалар бір мемлекет құрса, «өлген» адамды тірілткеніне қарағанда оны олар сөзсіз басқарар еді-ау. Басқара алмаса күйретіп, қайта құрар еді-ау. Ойын баласына «Күйрету» мен «Құру» қиынға түспейді. Соны істемей, бала байласаң тұрмас!

         Шай бір өлімнен қалып, жүгірмектердің екі езуі құлағында, ржың қаға а-а-а-деп, білген әніне салды бір. Бұлар шоңғалдан шыға беруінде ағайын-ұғайыны қара байқатқан бір шеріктесі бар ма екен, жұпты құзғынның сұқсұр үні бұл маңның жә деген биліктес, ымыралы дауысына айналған. Өзге де дыбыстар естіліп тұр. Өзге дыбыстар оның қасында құр ойыншық. Құзғындар сұңқылынан туған ой жүгірмектердің миын зыр еткізді.Үйден шыққалы екуіне кезіккен сезік, шын қорқыныш осы еді. Еу,  Итарқасы қиянмен қайда келе жатыр бұлар? Жапндүзге жеті жасында именбей жортып, қай құтырғаны!? Ал жорт, ал қорық! Жүрек бір төмен түсе, бір жоғары шығады. Сезімдер әрі елпек, әрі құнарсыз. Сезім, жанға қабар беріп ым қағуға жаралған. Айналып келгенде, құзғындар үні түздің тұлдыр, иен екенін танытты. Жер құзғындар бастатқан мақұлықтың орны екенін айтып, «Жүрекжұттылық» жеті жастағылардың теңі емес, сендер жай, адасып кеткен баланың қатарындасың» деуін ашық аңғартқан. Қалай десе де,құзғынға  амал жоқ. «Амал» жоқтықтың өзі тап осындай бірен-сарандап кезікпей ме.

         Құзғындар әлгібір тауешкі барған сеңгірдің серек тасына мінгесе,қайшылана кеп қонды. Екі бала жер ыңғайымен айланып, солай келе жатқан. Қолдың, самайдың тамырлары адырайып тұр. Енді бірде ұзын шөп арасының бәрі қалбиған жертас, тігіл өзекше кезігіп еді. Өзекше тасырқаған балаларға жайлы-ақ, былып-былып етті. Көгалдың тостаған аузындай, ашылған ақ гүліне Әліптің бір жерінен қан тамып, жүгірмектер оны көрген. Бірақ, ой бөлінсе қорқақтыққа саятын боп, жұмған ауыздарын ашпаған.

         Өзекше ағашының әулиесіндей балшабай киіз терек,анау-мынау емес, үй орнындай жер иелеген-ді. Құзғындар қонған сеңгір тас төбеден түсіп кететіндей, қалқып тұр. Бұлар жылыса-жылыса терекке таяған сайын, ағаш бүрі бет алдыларын жауып, қаптап алды. Жай тимей, ұйтқи тиген тау бораны үзсе керек, теректің сол жақ ашасы жер сүзе  құлаған. Желден бір құтылуға ол, сынып құтылған сияқты. Қылға ілініп жаны қалғанына қуанса, қуанбаса да болатындай-өнбойына кемтарлығын анықтап, шөже жапырақтар өсіпті де, өскеніне мәз болып, мәз болып кетпесе де болатындай, Әйтеуір, жапырақ аты бар. Әй, сынған салдауыр ағашқа азырақ жапырақ өссе, ол да бір қылық!

         Әліп терекке шығуды сән көрді ме, өзгелей сезгені бар ма әйтеуір, шәт-шәлекейі шыға бастады оның. Нағылғанын айтпай ағашқа кеп жабысты… Алысырақ қу бұтаққа бір секіріп іліне кеткен ол жай тербеліп тұр. Әліптің аяғынан шап беріп Шай, сәлден соң қоя беріп еді, дауысы кенет шаңқ ете түскен.

–         Қайда барасың?..

–         Ит…иттің үргені естіледі-Ақтөбет!

        Адамның аяқ астынан ұстарлық сөлекет мінезі қай кезде жұқты екен? Ата-бабасынан ба? Ата-бабасы тағыны таспен ұрып жеген, азулыны асықтай үйірген,аң мен аң болып жүргенде жұққан қылық па? Бәлкім,таяудағы шаруаның бірі ме бұл?Әйтеуір,долылық мінез бізбен бірге жасасып келеді. Бірге жасасу орынды-орынсыз болуы мүмкін. Тіпен, бардың пайдасы тимей  ме, жоқтың несі тиеді? Орынсыз болғаннан көрі орынды болғаны жақсы. Шай әншейінде желп етпей, аузы сараң, «Үндеместерде» кезігер бір бүлінсе келісіп бүлінетін мінезбен көгеріп тұр. Бұл шатақ!

         -Түс! Мен шығам.Үрсе тек Құттыаяқ үреді. Соқыр ит,алжыған иттің үру қай теңі?! – Мұнан соң аузына келгенін бәдіп, Ақтөбетті жерден алып-жерден салды. Дегенмен, «Сида кіргені жалған деп, садақпен аттың, көзін шығарған өзің»-деп, айыбын бетіне басудан бұрынғысындай іркіле берген. Барды-жоқтының бәрін бәдіген де, айыбын бетіне басудан іркілу-бұл да бір қылық!

         Әліп ағаштан сырғанай, шыр-шыр етеді:

–         Нағып тұрсың,естімедің бе?

–         Естіді,естіп жатыр!..

         Құйқасы құрысқан Шай,балталы қолын көтеріп тік секірді де,Әліп ұстаған ақсөңке бұтақты бір қойып даңғыр еткізді. Сынған бұтақ қолында кеткен Әліп-екең, жердегі шерменгүл жайсаңына барып күмп берді. Онда көп жатқан жоқ, желкесінен бүрген Шайдың қолына ілігіп, екі жаугер жан алып-жан берісетінше, күрс-күрс алысты. Мұның бір аты—төбелес! Тіс, жұдырық, аяқ пен бас жанына тұшлық кәпірстандықпен Тістеп, теуіп, сүзісіп ойран-топыр болды. Жеті жастарына енді-енді қараған құрбыластар тісеу тістерінің бір нешеуін күйретіп ап, түкіріп тастаған. Баяғы күшті бір күшті, Шай Әліптің басын қыса ұстап, киіз терекке бір кісідей-ақ, ұрды.Тақыр қолтықтан талай жұдырық қадады. Ит жеген терідей сүйреп, текпілеп жүр. Енді болмаса, Әлібіңіз жер жастанар ма еді? Нағып есіне түсті екен, ол шыңғырған шындықты айтып еңіреген… «Еңіреген» сөзінің бәрі әйбет, білген кісіге болып тұр!

         -Уағда қайда,айтқаның?.. «жығлам» дегенің қайда?

         Шай сонда бірақ біліп,ұялғанынан кірерге тесік таппай,жаңа Әліптің төбесінде ойнаған,төмпешке салған қолдары салбырап,білген кісіге бәрінен бұрын осылар жазықтыша,бар кінәні осы қолдар мойындап тұр. Ал Шайдың қысылғанда берген жауабын кісі өтірікке қыяр емес, ебін келтіргені-ай!

         -«Енді жығылайын-деп жүрмін…ел көзінше осылай жығылам,»- деумен екеуі ұстаса кеткен де жығылудың қамын ойлаған кісідей, ол былқылдай бастады. Былқылдай бастаса, Әліп Құттыаяқты ауыстыр дегенде көзі қимай, «Басқа не сұрасаң ал,тіпті, ел көзінше жығылып астыңда жатайын. Аямай соқ, тұншықтыр»- дегенге бейімдеп, сырнайдай тақылдаған өзі емес пе оның. Жаңа олар төбелесті. Бәрін ұмытып, әлімжеттілікпен Әліптің басы-көзіне төбелеген нес? Бәлкім,жығылғалы жүрмін деуі өтірік шығар?. Өтірік айтпай-ақ, «ұмытып кетіппін» десе  болатын еді-ау. Жоқ, көңілге қараған бұ сөзі «Ұмытып кетіппін» дегеннен бес артық. Кей кез шндықтан өтіріктің әсерлі келетінін де ескеру керек. Шай әлгі қара жартас түбінде-ақ, қалай жығыатынын көрсеткен емес пе еді. Бұ жолғысы қай жаңалық ? Сүйткенмен, әзір келісіп жығылды білем, басы томарға кеп тиіп, томар домалай жөнелді. «Әлім-күшім» қып Әліп басынан аттаған замат, Шайдың демі білінер-білінбес, серейіп жатқан. Өңі күлдей. Ілкі қыбырлап, көзі төбеге тарта, ақшырайып бара жатыр. Әліп, өлді деген жоқ, жыққынының буына мас. «Әттең, ел көзінше де осылай серейтсем, есін жимай өстіп жатса!.. «Нағып қатты жығылған, өлді-ау! Жаны қалса, Әліппен енді күрестірмеңдер деп, көп ауыз бір шуласа» дейді. Ары-бері  жүгіргіштей, маңайда көріп тұрған біреу жоқ па дегендей шөп басын жапырып, қарайды. Жапырып қарағнмен оны көрер жан жоқ, иен жер. Бұрынғыдан бетер тау басына қарай кетіп, шоқының қыл ұшынан күн қызарыпты. Сол күн бұлрмен бірге шығып, бірге келгендей еді. Енді олай емес, сытыла бстаған. Әліп: «Бізді тастап барамысың?» дейді-ау деп, күн елемеді. Бұл да елеген жоқ. Шалдардың ертегіндегі бтыр балалар, алыптардай жеті жста-ақ, қызыл көз «Дю» бола қалған. Қызу қан бойын орай жүйткігесін, дүние бір тиын көрінді. Дүниені біреулер, бір тиын көріп жрсе ол—Әліп !

         Тау қарауыта, күндізгінің бәрінен бөтендік, ызың, ызбар байқалды. Енді естіліп жатқан үн-әуедер бұрынғыдан жат. Қымсетсе, сезіктілеу бейім білінеді. Кейбіреу секем алып, сезіктеніп тұрып-ақ, онысын білмегенсиді де…өлер жерін өзі іздеп барады. Әліп пен Шайдікі де сол. Сұр қабандар ма, маңай сатыр-сұтыр еткен соң,.. Әіптің бойы мұздап басылды. Онан соң қорыққанын ұмытып, қабанға қарай қоқаңдап, жүріп қайтты. Бұдан кейін құзғындар құңқылдаған да барып, сасайын деді. Сезімнің жалғызсырау нысайы күрт оянды. Біреуден екеу жақсы ғой. Жалғыздыққа кім төзсін, Шайдың қасына кеп, байқаса ол, шөптен тырмалай ұстап,тұрып келеді екен. Күлген болады. «Сойған түлкідей ржыйып» деген осы-ау! Екі жүгірмектің өңіндегі бұлаң құбылыс сондабір ұқсасып сенікі-менікінсіз араласып кеткендей. Ит пен бала бірдей. Бұлар аймалақтасып жатыр. Мұң-нала, алалықтың бетін балалар қайтарыпты. Адамбыз, тәуір жақтарымз бар. Әйтсе де, алалық тісқақтылар- бізбен-ақ, кетсін! Ешкім білмейтінше біреу-міреудің мұртын майлап, жаман-жұтығымызға дейін көтермелететін; енді бір ойдан, «Тоқал ешкінің мүйіз сұрағанындай» қуыршақ дәме, қуыршақ пейілдерді біздер-ақ, «Мұратына» жеткізейік. Жеткізе алмай сүрінсек, жер қауып қалсақ, біз-ақ қалайық!

         Ал, құзғындар құңқылы «Жау жеттілеуге» таман айналған. Қазір тісқақтыылар мұны естісе, бұдан келер-кетер қауыптың иісін алар ма еді? Әйтеуір,жүгірмектер де ептеп сезді. Бірақ бұлардың сезіністері шикілеу, балалыққа бейім. «Қозы бұты-қой саны» сезіністің бірі. Мұндайлар көп, мұны түгендей берсек, шашымыз жетпес!

         Бір жақтан қорым сылдырады. Сылдырмен әндесе, тауешкінің жер тесер ысқырығы шыққан. Ненің дабысы екенін жүгірмектер байқар-ау, дегенмен, ешкі мұндай «Үн» шығара алды деу қиын. Зүркәмән ысқырықты ол қай жерінен айдап тұр!? Балалалр жарбиған жер тастың бірінде отыр. Төбелерінен қарайып құзғын айналды. Шеңберек айналған тарақ қанат тұлғалары көңілге сыз, құбжық елстер дықтатады. Көңіл қуысында бір  емсірік елес тебініп қойып, «Тепсініп жатыр» деуге болатындай.

         Екі баланың ертектегі біреулерше дойыр, ер болуының кезегі келді білем, мынау зілдірек дыбысқа—қорым сылдыраған жаққа қарай жүгіріп, қыраттан қылқиысқанда, Құдайым берді! Анау тұрған қара тастың етегін ала, үркуге бейім боп, тауешкі тұр. Жаңа саңғып тастаған лақтары тыпырлайды, бір қызық! Кеюана аң, арлы-берлі кетіп, әсіресе, ылди жаққа таман үзіле қараулы. Көзіне оның жын көріне ме? Сонан жартасқа сүйеніңкірей, тұяқ ілсем деген үмітпен әлек ол. «Тұяқ ілсе» ажал құрығы оған түспес еді. Ажалмен күрескендер өз ерекшелігінің бірін алдыға салатын, соған сенетін ғой. Ешкі қу, тсқа желімше кеп жабысар тұяқтарына сеніп тұр.

         Екі жүгірмек осы көргеніне қызылтанау болып, асығыс-үсігіс айтқандарынан ұғуға тұрарлық, бірер сөйлемнің басы құралды.

–         Ойбай!

–         Ә-ә-не…

–         Сол ғой!

–         Бізден үріккен ешкі.

–         Үркіп жүрген де …

–         Лақтап…

         –  Үлкенін…лағының үлкенін мен аламын,-деп,Әліп кертік-кертігі көрінген төс сүйегін ұрды.Ұра ғой деп кеудесі дүңк-дүңк етеді. Шай үндемей, әйтеуір, Әліп таласып, Әліп шала шабылды.

         – әйбетін аламын,- деп,- тағы үстемелейді кеудесін бір қойып!- Сен таласпа. Талассаң…уағдаң…жығылам дегенің бр. Таяқ жейсің бәлем!

         Шай бірер рет жөтелді. Әйтеуір, бұл қызығу ортақ. Соның әуселі болар, құзғынның әгіденде бетер жүрек қозғайтын құңқылдауына елең етпеді олар.  «Етпеді» деген көңілге ғой, білінбей мйдай өткен үрей шалығы жүгірген жан, сол үрейді әне-пінемен жасырып тұр. Бірақ, жүрек орнынан қозғалды. «Орнынан қозғалудан» артық өзгеріс, шын өзгеріс жоқ. «Таудан тас құласа етектегіні ала кетпей ме?» Бұл да—«Орнынан қозғалу». Жүректі орнынан қозғаудың әлегімен құзғындар қаттырақ құңқылдап, әбігерге түсті-ақ!

         Балалар қаратастың етегіндегі ешкіге таман тырағайлатты. Жарыстарының қырсыққа шалынарын бұлар  ойлай ма? Ойлаған жоқ. Арқан бойы жерге жетпей-ақ, дәт деді. Лақтаған ешкіге қарай өрлеп түйе құлақтылау, можауке, мосқал денелі бір мақұлық келе жатыр. Терісін көргені және естуі бар, жүгірмектер танып қойды. Бірақ бұл күшпен ұғылу, күшпен танылудай.

         – А…

         – Аю-у!

         Үрей,қорқыныш дереу тосын құбырыспен араласты. Біраз нәрсені құбылыс алды да,үрейдің көбі солай ауып, балалар дәңгірлей бастаған. Бәрі оңай көрініп; Көршат сайынан ағаш қиуға барған жолғы ершікеш біреудің сөзіне салды олар.

         -«Аю-у,ауылыңа келді –ік!»

         – «Бұған көн-бе-сең…тығып ұ-стаған-н…»

         – «Мылтық ба-р-р!»

         «Тығып ұстаған мылтық бар» дегенді ұмытпасақ,осымен екі рет естідік. Бұрын ершікештердің аузынан естіп ек. Әзір солардың сөзін қайталаған жүгірмектердің айқайынан естідік. «Тығып ұстаған мылтық » онбасының мылтығы екенін де білеміз. Әй, сол онбасы –Хорнжи кім? Және «Тығып ұстаған» деген сөзге де ой бөлер кезең келді ғой сірә! Әңгіме ұғынықты болу үшін ерінбей сәл шегіне сөйлейік.

         Ақ патшаның арбиған аю тамырларын қызылдар төңкерісі үзіп кетті. Дауыл шығысқа қарай ұлыған. Сүрметоқай кез. Рессей қарулы легінен бөлінер топ күнгейге, сідік шаптырым жер Қытай асты ғой. Осу ақ гвардиясымақтың доғалай бас қожасы генарал Бәкіт-тін. Бес жүзге жуық әскер, қосар аттары мол, бәлки, адам жағынан көлік жағы денірек шоғыр шакара қиды. Сол топтан жырылып,.. тау қуысындағы кәсіпкерлер ауылына қап сақалды біреу келіп сіңген. Сіңіп ап шықпаған. Тасты-топырақ, шөпті-тамыр ұстамай ма? Мұны бірдеңе ұстады-ау.

         Ауық-ауық атқан аңын иығына салып ап келетін ол, жіліктеп бұзу несін алған, балтамен шауып,еттің бейберекетін шығарған соң, «Әндірейдің қазынасынша» үйді-үйге бөліп тастайды. Бөлгенін бөледі-ау, бірақ, қолыың  «Ішке иілетіні де» бар. Мың дегенмен Шайдың шешесіне сыбағаны молырақ қойып отырғанын, бірде болмаса, бірде көз көріп, көңіл сезеді. Сезсе,атқан ол,бөлген өзі, онымен қабат бәйбішеге «Тұзсыз шай қайнаттырып ішетін кісі» ол, сезген көңіл қайте қояр? Күңкіл-сыңқыл ретінде қалып жататын істің бірі. Күңкіл-сыңқылдан сау адам қандай адам болмақ?

         «Онбасы аң атты» деп жатьырмыз бірақ, Онбасының қолынан мылтық түгіл көсеу көрген жан болмайтын. Кейбіреу, «Тығып ұстаған мылтық бар»-дегенді шығарып жүрсе, мылтықтың тау жаңғырықтырған дауысын малданып айтты. Мылтық бары, оны Онбасының тығып ұстағаны көңілге сайрап тұр. Ел бала мінездес.  Онбасы көп жортқан көкшолақ қасқыр емес пе. Кей адам өз сырының бір бөлігін күн ілгері іріктеп алған сықылды боп, әуелдесең оны өзіне де сездіргісі  жоқ, жанының бір жапсарына таман жасыра ұстап, көңілін тоқ санай білетіндер шанда біреу! Онбасының да сондай сыры бар шығар. Шанда бір кезігетін адам екеу болса—бірі, бірі болса, мал-жаның аман болсын, соның өзі бұл.

         Және «Көңіл бөлер»кезегі келген бір ісімізді де айтсақ: Ел ішінен атпа-шаппа құралдарды жинау комиссясы ұлы тау,бітеу өлкенің кәсіпқой жәутіктеріне де келген. Бір тәуірі-ақ, істің алды алынып, жайлауға қыдыра барған желаяқ шалдар, комиссия келгенін жеткізген соң, аң атып, мүше бөлісудің дыбыры су сепкендей тына қалды. Жұрт аузын қу шөппен сүртісіп, жым-жылас.

         Керей елінен комиссияға кіруші Қизамеден зәңгіңіз іштен кіріп-сырттан шығар амал-айлаға жүйрік. Бастабында олар аң терісін сатып алғалы келдік деп, шай-шалаң, мәліш-сүлішінің шетін шығарды. Жаман ойы аң терілерінен тесік  байқалса, «Оқ ізі тұр, мылтық қайда?» демек.Көмиссиядан бұрын-ақ, тері біткен, тауда үңгір көп, соған жүйткітілді. Шай, Әліптер азық таси тұратын қолғанат болғасын, онбасы терілермен қоса жүйткітілді. Қарғатамырлы қазақтың біреуімен сүйек, біреуімен «қарын бөле» шықса дағы, Қизамеден ауылдан тері түгіл аң етін таппаған… Онан соң, етті қоя салған ол, қалай естігенін, кімнен естігенін ит білсін, баяғы «Ауылда тығып ұстаған мылтық бар», «Бұл сайда Қизамеден түр ма?» деген айқайдың арғы-бергісін қузау қамына кірісті. Көмиссияның естіген жауабы—«Жоқ!». Қылаяғы күлметін ашып, күлін шашып жүрген жынды қыздан кеп сұрақ сұрады олар. Қыз айтса айтып қоятындай. Үйткені, ауылда мылтық дауысынан өлердей шошитын да осы қыз. Ұят іс, ерсі қылығынан тиямыз деп үйлері әне мылтық атылды, міне мылтық атылдымен қорқытатын. Қизамеден онан сұрақ алғанда,ұртын желге толтыра «Пу» деп, мылтық қып атты. Мұны естіп қыз былқ етпеді. Тіпті болмаған соң, дізесіне мінгізіп мәмпәзи беріп,алдай сұрады. «Қыздың көзі қызыл да ғой, «ГүлжиҺан» дейтін иіссабынды беріп те бірдеңе сұрады ол, қыздан үн шықсын-жерден үн шықсын. Зәңгінің бір мінезі: Сарала бәкіні қалтасынан бір алып, бір салып отыратын да, бәкіні байқаған қыз ытқи жөнеліп…Зәңгінің дізесі шылқылдаған су, бойжеткен бұтына жіберіп қойған екен. Мұның септігі тиді, Қизамеден қыздан түңілген. Айлакер сұрақтардан шаң жуытпай өткеніне сүйсінген ауыл, көмиссияңыз кеткен соң, «Қисық кепеш» кигізіп, «Үкілім» деген ат қойды қызға ол.

         Жүгірмектер асып-сасып жерден ала салған сақадай тастарын аюға таман, жіберісіп жатыр. Қоқаңдап,айқайлап тұр. Өндіршегін аңқита көтерген аю доғалаң дауыс, баяғы ел айтатын- «Аю ақырады» дейтіндей дабысқа салып,                                                                        ақырып қалды. Онан соң, салыны суға кетіңкіреп, бәлкім, жер тігіл, алдыңғы аяқтың қысқалығына жайсыз тиер, әйтеуір, «Ері мойнына кетіңкңреп» тұр. Ойбай оның бүйтуі де екіталай, қол-жіліктерінің қысқалығы бұған тиімді. онжырға тұс-кеуде алабын нық ұстаулы—ұрық қуалаған ұлы күштің бір тірегі сықылды ғой, о жер.

         Шетен, дойыр мақұлық, жүгірмектердің айқай,мазағына жарыла жаздай, ауыз ашатын, қуалай жөнелтін бейімде…Еңкіліп,сусып келе жатыр. Соны сезген жалаңбұт балалар төскейдің қызыл тікен, шай шөптерінен қалқып әлгібір, киіз теректің далдасына жете-ақ, жабыса, тырмысып барады. Аюдан қамшы салым ілгері жеткен Шай, екі мәртем ұмтылып қолы ілінбей, баяғы өзі қағып түсірген қу бұтақтың, бәлем, зары өтті. Ол сүйткенде, жалғыз-ақ қарғыған Әліп өргі бұтақтың біріне шығып кеткен.Тіпті ол аяғына жабысқн, өзінен көп ауыр Шайды көтеріп барады. Өгіздер сықылдас, қоқыраңдай шауып келген аю алып қоя жаздап, Шайдың өкшесіне қара тұмсық былш етті. Бар болғаны сол, ажал мен аю құр ауыз қалған. Ондай-ондай бола берер!

         Теректің бүрі қою, шорбуын жеріне дейін шығып алған балалар майрағай да-тайрағай еді. Жартыкештеу, ойық табанын салпаң-сұлпаң еткізе аю, теректің түбінде отыр. Қабағы бәп-бәс. Бірден теректі қимай, екіден өз басының бірдеңесіне қыял жүгірткен түрі бар, ессіздеу. «Ессіздігін» есіркей алатын жүгірмектер ме мазақ, ахараттың әдемісін еститін болды аю.Ұшқалақ, ә десең мә дейтін Әліп, бауын шешіп әуре болып жатпай, киімсіз жалаңбұт емес пе, шүметайын қыса ұстап, аюдың төбесіне шаптыра бастады. Баланың дызылдай тиген сідігінен қашып, аю анадай жерге кеп отырған. Әлі де баяғы сәләкулігін сақтай, мінзін бұзған жоқ, тыныш отыр. Жан иесінің өзіне тұшылық ісі, ісінің мерзім уағы болмай ма. Іс пен уақыттан келіп әрекет тумай ма! Әрекеттің басы-қасында мақсат, мүдде қараяды. Осылар барда жан иесі, өмірбақи мандулы бір тағат таппасқа керек. Аю екең қанша отырар дейсің? Жүгірмектердің жылын күзетіп, «Тумаған қара сиырдың уызына» қарай ма ол? Бір жеріне жеті рет келетін, соқыр тұманда адасқан адамдай… Бір ойын ол ойлана берсе уақытын селге кетірер. Уақыт аюға да керек. Ақылы жетсе бұл, балаларды тастап, әлі аяқтанып бола қоймаған сол бір жас лақтарға қарай барғаны жөн. Бәлкім, аю осылай істегісі бар. Атып түрегелген соң, тұмсығы келген ізіне бағып, демімен шөп қимылдап тұрды. Қыбырлаған шөптер айтады ғой дейім: «Сол ұмытқаны ұмытқан. Жүгірмектерді ескерер түрі жоқ». Бәлкім,аю келген ізіне бұрылғанда ұялғанынан қызарып, «Шарасыз-шалға тигендіктен» бұрылып кетер. Шын, кетуге айналып еді. Жүгірмектер соны біліп «Албасты қабаққа қарай бастады мен» қиқулап жүр. Қиқуларын сәл қоя тұрса қайтпек? Аю шын-ақ кетер ме еді?

         -Қашты-е-е!

         -Иттен-н күні-төмен аюдың,  иттен-н!

         Жаңғырған дауыс аңның миынан өткен. Селк етіп бойы суып бара жатты да, табан асты бір жалын бұрқ бере, өртей жөнелуінде аю шыр айналды. Жүгірмектер онан сайын дәулігісіп,аңның миын шұқыды тап!

–         Қашты-е, қа-шты-ы!

–         Қа-шқан,қа-тын-н!

         Аю ілгері жүрерін не кейін қайтарын білмей,аяқтары ілініп-салынады. «Ілініп-салынудың да» шегі бар шығар,ызаның отына май құйған балалар:

–         Біздің іс-сіміз-те-енте-к!

–         Біздің істейтінміз-ос-се-е!

–         Жүрек-жұ-ттымыз-з!

         -Бала-батыр-мыз-з!-деп шулады. Ұзағырақтан,кешкілік жартастар соны қайталап тұр.

         Бірі-бірінен өткен айқай жақсылық әкелмей, аюдың шалдауыр мінезіне желік бітіре, туасы шетен, көне ауруын асқындырып жіберді. Жыны ұстай қап, қос жауырын терісін тесіп шығатынша, салық-сұлық ұмтылыспен келді де, теректің сынған ашасы салдауырға жармасты. Пәтуәсіз, бірақ асып төгілген күшпен салдауырдың бойын әйдік-әйдік сілкілей, жазымды жапырақтарын қарша боратты аю. Сәлден соң жапырақ сұйылып, ағаштың ерғаштылық сықыры естіліп еді. Өзі қу,бұл қылығынан қайтты. Жаны қылғы ілінген салдауыр үзілсе, терекке шығу үміті жоқтығын сезген сықылды боп …Аю ақылдың тәуірін енді тауып, салдауырды сілкілемей-ақ, оған міне, жартыкештеу ұзын табанымен орай ұстаған ол құртша қыбырлап,өрмелей берді. Құртша қыбырлай ма,атша шаба ма, әйтеуір, ажалдың бұл көне тәсілі. Жүрістің жорға-жүйрігін таңдамай-ақ, осылай төніп кететін. Оның бар сән, бар қызығы-сол төне түсуінде.

         Аюға кіре бастаған ес, жүгірмектерге де кірген. Мұнда кірмеген есті олар соғымға союшы ма еді! Әй, бұл ес, бүйтіп кірмесе де жаман болмас еді. Ажалдың не екенін сезбей, сезбеген соң, баяғыдағы «Әкюлер»* сықылды тойға бара жатқан кісідей боп, көзі өлімді көрмес еді ғой. Көрмеген соң, ажал суық, дүр сезілмей, әлсіз, тексіз күйі қалмақ. Ажал осыкүнге шейін, біреудің ес-ақылы кірер кезде көрініп, сонымен қорқытып жүр. Сонымен ауыр, сонымен сырбаз сезіліп жүр.

         Аю құрттай қыбырласа да… Жүгірмектерге ауыз салар, ай жүріп, жыл жүріп мақсатына жетер. Іс тығыз-таяңға айналды. Екеуінің қашып жүріп тапқаны осу киіз терек. Терек те белгілі екен. Аю шығып келе жатыр. Енді қалай бармақ? Аспан-жердің ортасына қамалған бұлар, барар жер, басар тауы жоқ. Жайшылықта еті тірірек сезілетін Әліптің зар илеген түрі мынау:

         -Ағ-ға,- деп озандады. Рас-ау, оған ағасы құтқарып алатындай көрінбесе, кім көрінсін? Шай әлі үнсіз. Балалардың үлкен парқы осы-ақ! Парықтары үлкен бе, кіші ме, егер мұны айырса дәп қасында тұр, тағдыр айырған шығар.Теректің осылар тұрған жерінен арғысы сыбдыр қағудан өзге бітірері жоқ, бірсалар жіңішке бұтақтар, оған ұшып-қонатын бұлар көбелек пен құс емес, қай лаж?

         Сасқалақтап, Әліптен шыққан бір дыбыс Шайдан да шықты. Әлемде ажал алқымына таяғандардың тәңір атн, әулие-әмбиелердің атын, Әліпше туыс-туғандарының атын атай, медет сұрағаны жоқ деймісің. Бірақ, Шайдың айтқаны солардың бәрінен былай, ұқсамайтын ұран—иттің аты еді.

–         Құтты-аяқ-қ,Құттыая-яқ!?

*Әкю—Лу шін шығармасының кейіпкері,есуас.

           Шай ілгерірек тұр. Аюдың тісіне кетсе, алдымен сол кететін. Аю өрмелеп келеді. Әліп қараталасып Шайдан қалғысы, Құттыаяқты ақтөбеттен қалдырғысы  келмей, дауысын біраз жіберіп алды:

           -Ақ-төбет, ақ тө-бе-т!?!

           Жаусыз-жаламда жүгірмектер бір-біріне қарасқан. Әліптің түрі тым қатқыл, қырбайлау. Ақ төбеттен Құттыаяқтың аты бұрын аталды деген кегалдық тұр онда. Әйтпей! Алғаш осы терекке келгенде Шай: «Иттің үргені естіледі… «Бұл—ақ төбет» деуі «Қалай айттың? Бірдеңе сезіп үрсе тек, Құттыаяқ үреді» деп те, бәс таласып еді. Бұл рет Құттыаяқтың атын алдымен айтып, есесін қайырып алған. Аю-әне,ажал-міне! Ескі жараның аузын тырнап, жүгірмектердің қылығы-мынау!.. Құдай-ау,есе қайыру; өткен-кеткенді теру, ұмытпаудан артық пәлекет бар ма екен?! Бұлардың арасына енжарлық кірді, жаман жерде кіруі-ай, енжарлықтың?

         Ілгерірек тұр, Шай аюдың тісіне бұрын кетуін білгендіктен бе, қолы үздіксіз сипалақтанады. Ойласаң: Адамбаласы тегіннен-ақ, ажал алдында қарап өлген емес. Әдетте ондайлық істей қоймас дейтін кісінің де, бір кереметпен ат-атағын шығара кеп, өлгені көп қой. Шай,аю ауыз салымға таяй демінің иісі кеңсірік жарған тұс… мақұлықтың тақ төбесін көздей, балтасын оған лақтырды. Лақтырыуы сәл ертерек болды білем, бұтақ аралап балта басынан тиген жоқ, аюдың аяғынан соқты.Әйтсе де, құр емес, ілмек тұяқтың екеу-үшеуін ала кеткен. Қиған балта мен қиылған тұяқ жарыса түсіп, балта көрініп жатыр, тұяқ көрінбейді. Аю бірер ыңырсыған соң, іші өз деміне лық толып, томпайып барады. Салдауырдың қырына тұра алмай, әлгіндегі Әліп құлаған шерменгүлдің үстіне таман гүрс еткен. Күлдей ұматылған бақайын жалап, үрген демішөптің қара шірігін сытып шығарды.

         Сәлден соң, шын-өтірігін қайдам, түк көріп-түк сезбегендей салдауырға мініп және өрмеледі аю. Бұл рет жүрісінде өзгеріс, асығыстық жатыр. Ағаш әлгіден қаттырақ сықырлап, балтай-шалтайына қаратпай, салдауырмен суыт келеді ол. Балтасын аюға лақтырып, құр қол қалған Шай Әліптің беліндегі қаруға қол созып,.. ол бермей, сыбдыраудан өңге бітірері жоқ шидей бұтақтарға қарай ығыса, былайшасын айтсақ, қашты. Ойы-ақ,балтаны қолдан шығамау.

–         Әкел!

–         …

         Әліп жақ ашпады. Аю өрмелеп, ажал төне бастаған. Шай бірдеңе етейін десе, құр қол. Мына кез Әліппен атысып-шабыса алмас. Астыңғы ернін қырши тістеп, қан сау ете түсті. Осынау ақтық минутте, шалдар айтып отыратын «Бала батыр» ертегісінің бірер үзігі оралды… Бұрын қап тауында адамзаттан келер қауыпты ; өздерінен де асқан алыптар туыла ма, дегенді болжап Мәннән перінің бір бәлігері, жадыгер жатады екен. Сақалы-жел,шашы-бұлт дейді. Бір күні  қап тауы ұршықтай үйріле, желмен ұшқан өңшең дю,перілер қап тауын сан рет айнала кеп, түнерген тас үңгірге құйылсын. Сондағы бәлігер айтады: «Пәленбай ел, әлде бір мекенде ергежейлі күңнен өгіздей ұл туып, үш айлық болды. Перілер, дәулер! Дюлар-нәндер! Адамзат алыбының астында қалуға,мешел бала отырған тулақтай шаңымыз қағылуға да шақсыың! Жүген-құрықсыз кеткен бұла едік. Адам тепкісімен бастығуға шақ тұрсың. Ау, ол пәлені жасында жалма! Ат мініп, қоқиланбай тұрғанда-ақ жұт!»- деп суырылады. Сонан перінің қотиындау біреуі кеп ергежейлі күңнен туылып бесікке симаған сәбиді жеті қабат көктен асыра бір лақтырған дейді. Қайта түскенінше жыл өтіпті. Бір күні ол, «Сұп» деген биік таудың қақ басына түседі. Салмағы ауыр нәресте түскен «Сұп» тауы,құмдай шашылыпты. Нәрестеге тағыбір қотиын дю бара қап, төбесінен үш күн, үш түн қолы түспей ұра-ұра, жеті қабат жер түбіне жіберген екен. Бүгінге шейін бала шықпапты. «Мәді шыққанда ол бірге шығады» деп, шықса не тындырарын кім білсін, шалдар соның тілеуін тілейтін. Батыр бала елестей қалған крқа-мойын арасында-ақ, Шай елеспен қоса бір істің басын қайырған сыяқты, қолында оның балта жүр. Әліптің балтасы. Еркімен бермейді ғой, күшке сүйей тартып алған түрі бар. Мұны өзі сезбей, аюға кезеніп тұрғанын бірақ көрді. Күрек тістің орқашымен қыршылған ернінің қаны қоңыз мүйізіндей қыбырлап ағып келеді.

         Аюдың ұмтылуы, Шайдың ақтық қарсылығы, Әліптің қолынан балтаны алғанға дейін бұлдырай өткен сәттер бір құбылыстың бетін ашты. Аюдың, Шайдың, Әліптің күтпегені—иттің үруі еді бұл. Алдымен қараған Әліп, беткейдің биігінен  анау, Құттыаяқты көрген. Бұл қалай? Бүгін «Жүрекжұтты» боламыз деп, жүгірмектер ертпей, қуып жібергн оны. Бірақ Құттыаяқ та қарап қалмаған-ау. Бәсе, саналы мен санасыздардың арасын бір «жіп» байланыстырады. Не дүйім кереметтің санамен атқарылатыны рас. Бірақ, санасыздарды бір шетке қайырып қойып, ерлік пен ерекшеліктердің бағасын бере алмайтындығымызды біз көп білмейміз. Білмесек,еленбей келе жатқан нәрселер бек толы!

         Ауылдың қарсысы—қара қыратта Әліп «Шық-шықтың» астынан алып қуып жібергесін, сол кеткеннен мол кетіп… ауыл аяғындағы тұмсықтан шыға бере оған ақ төбет кезікті. Ақ төбеттің сыры мәлім. Ит болған соң, ит құсап тұмсықпен бір іліп жықты да, ит сықылдас алдыңғы аяғымен ұмаждап ақ күшікті біраз талады. Төбеттің жақ кірісі нық, можауке тістерінің бірнешеуі бар-тн. Құттыаяқ недәуір ауырлап, жүнінің қалыңдығымен жаны қалған. Өз үйінің іргесіне келген соң, оған бір қара жылан кезігіп, жыланмен шекісе кетті. Ойын-шыны аралас жақындай түссе, жылан аузын ала ұшады. Айыр тіліне көз ілеспей бұлдырап тұр. Күшіктікінің көбі мазақ, жыландікі шын. Кез келген тұсынан салп-салып алады. Құттыаяқ қалың жүніне сенер. Қалай саламын десе қыңқ қылмады. Дегенмен, асыққаны ма, ол ермегін қойып тез  айқасты да, құйрықтан тістеді. Тістеген күйі құлаштай сермеп, бұта-бүргенге ұрып жүр, басының дал-дұлын шығарды. Көзі ағып кеткен соқыр жыланды қоя беріп, азапшыл «Бостандық» сыйлағандай, күшік кете барды.

         Есікке келсе, ол берік тұр. Тырмалана,қиғылықтанып еді, үй іші дүбірлегендей боп, сәлден соң, Шайдың шешесі, ел ауыз толтыра айтатын «Ақ бәйбіше» шықты, буы бұрқырап. «Көтек! Мынау қайтеді ей?…» деген дабысынан ба,сақалы бір құшақ, «Тұзсыз шайін» қайнаттырып ішкіш,   Хорнжи екең көрінді. Басы борбайына кіре жылмаңдаған күшік, ала жөнелгісі кеп тұр!.. Онбасы әулие екен! екі сөзге келмей, Құттыаяқтың соңынан ерді. Тегі,  Хорнжи әскери иттерге үйір жан емес, тек сол жөнінен алакөбелеп қана ұққаны барлығын бір кездері оның өзі әңгімелеген.

         Сол беті күшікке ере жөнеліп, онбасы адам айтьқысыз азап тартты. Жол ұзарған сайын… Құттыаяқпен кәдімгідей сөйлесе бастаған. «Әлгінде леспейін деген ем… сүйреп әкетем дейсің! Ме-н сенің ойнайтын кісің емеспін. Кәкөйымның бір жағы сүйрейсің!» дейді шынымен-ақ. Тағы не заманда, көргілік көріп болдыра бастаған соң, «Япырай, беталды жүре бергеніміз бе» деп күмілжиді… Әйтсе де,құттыаяқ қыңсылауын қоймай,алдын орай беруінен, лажысыз көнді. «Шайлар бірдеңе істеп… адасып кетті-ау? Манадан дүниенің жерін жүрдік,жоқ. Сондай шығандап, құтырып кетті ме, әкри башмақтар!» деуден өзге сөз айтпады ол.

         Сида кіріп, тікен тырнап не өлген, не қойған жоқ Құттыаятың соңынан бас алмай, жүре берді,жүре берді. «құралай құмалағын бір жерге тастайды, ем болады» деп естіген онбасы, орап қойған рәуішті-бүріскен көк жапырақтан бір уыс құмалақ құйып ап, жанқалтасына салайын десе түбі тесік, сымының қалтасынан дым жоқ, қол борбайына жүгіріп тұр. Бұрын ауыл қалталы сым дегенді білмейтін. Онбасыдан көріп таңырқамаған, қолын бір сұғып көрмеген ешкім қалмаған-ды. Қол жүгірткеннің бірі, бірегейі де Шайдың шешесі. Ол қара жарыстан қалмайтын кісі.

         Бүгінгі қиямет жолды, адам баласының басына бермегей. Хорынжи баяғыда бір ажалдан қалып еді. Қызыл әскердің қолына түсіп,.. Орыс орманының бірінде ол аяусыз шапқыланды. «Өлді» ғой мен тастаған соң,.. шыбын жаны шықпай, тірі қапты. Кескілену кесірінен ерні жырық, аузы қисық болып,кісі көргісіз құбжық түске енген.Үнінің бір шатағы бар демедік пе, оның да жаласы көмейіне көсеу жүгірткен қызылдарда. Ер сиқының бұзылуы зор айып, үлкен мін. Ескілер билігінде: Біреудің бір көзін шығарғандар жарым құн, екі көзін шығарса ол толық құн тартады. Бір адамның құны жүз жылқы ғой! Кем-кетік болсаң батырлықтың керегі жоқ, жауып-жасырған оң. Құдайға қарағандар «Байқұс-ай» деп есіркегенімен, есіркеуіктер көп табылмайды. Кей біреу ақпезер де-көкпезер болып маңынан қуғысы келер. Онбасы мұның қызығын көрген. Егер сол кейпімен елге көрінсе, бәлем, ақ бәйбіше «Тұзсыз шай» қайнат десе құрақ ұшқаны, көк үйректей көлінде жүздіргені былай тұрсын, бетіне түзу қарамас, лаға безер.

         Онбасының пәмі бар. Кем-кетігін жаба жүрудің бапасын тапқан. Қаптпй қара сақал қойып, аузы-басының қылынан жан біте, үні ысқырып шығатын. Әйтеуір, жүз тасада,ненің аржағында жүр десең, сақалдың ар жағында жүр. Басы бүтін сау кісі ретінде жүр. Бұл жаққа сіңе қоймаған Абай өлеңі, Абай мақамының қуын тартып, таспасын сыдырарлық оның елді аузына қаратқан шақтағы сезілер дауыс ақауын әлгі «Қыл ысқырық» білдіртпейді. Сүйткен  жаралы жынын,кемісті тәнін бүркеуік сақалдан әзір не қалды? Әнгек, бүргеннен өтіп киімінен бір, сақалдан екі айрылған соң, онбасы қотыр ағаш, қожыр тас, ит жеген терідей болды. Ауылдағылар енді танымай… жағасы бар жағасын, жағасы жоқ қу кеңірдегін ұстамаса менің  атымды басқа қой. Құбжықтан аюан екеш аюан да тіксінеді. Маңына бармай ат үркіп, өгіздер пыс ете түссін! Жүгірмектер-ай, сендер адасып кетті ме, бірдеңе боп қалды ма деп, онбасы бұл күйге түсті. Онбасыдан өңге біреу сендерді мүлдем таба алар ма еді. Ауылда «Иттің тілін» білетін кімің бар? Құттыаяқтың соңына ермек түгіл, ол күшікті алжыған ақ төбеттен кем санайды жұрт. Мыңқ етіп үрмейді—ит емес, «иттің итақайы» деп ат теліген солар емес пе. Адам сықылды жүрген біреу мына түрімен ел бетіне қайтып қарасын, Құдай-ау? Сендер жеті жасында-ақ, біреудің обалына қалған «Бала емес,пәле» болдыңдар. Бесіктен белің шықпай «Жүрежұтты» болам дедің, осы жағынан алғанда: Жеті жасар баланың ішіндегі әлемді ең дүбіндірген бірінші баласың—сендер! Әйтсе де,онымен кімге өнеге боларсың? Әуселе-әбдіңді, кейін көре жатармыз.

         Кішкене-кішкене әдіске сала жүрген. Әйтпесе, жаны қалмайтын. Күшік жол бастап кетеді де, күшіктің дабыс беруін күтіп онбасы аялдай тұрады. «Иттің итақайы» деген- Әліптің айтқаны шын-ау,т ек осы жолы үргені, дабыс бергенінің өзі де, тымауратқан кісінің үніндей бірдеңе. Әйтеуір, онбасы күшіктің дабысынан кейін ұшпаны,жарды айналып төтелеу жолмен жүреді. Сонда да кірген кейіп, көрген күні еді бұл.

         Ал,күшіктің бейнетін айт! Онбасының сақалына келген жақжұттылық оның жүніне де келді. Салып-салып алса, жылан жаңылған барақ жүннен мақұрым. Қабырғасы тыржың қағады, аршылған жауқазындай, қызлсирақ болыпты. Бірақ тақырлықтан бірдеңесі кетпес, онбасыға қараған да басы сау, бейнесі дұрыс. Жүннен айрылғанмен, ашылып қалар кем-кетігі жоқ оның. Қазыр көрсе, ауылдағылар ныспысынан танып «Ойбай,Құттыаяққа  нағылған?»  демесе, есіркей тұрып басынан сипамаса, менің атымды басқа қой. Жүні жетілгенше ол үйден орын алады. Неше ай, ұзаса бір жылдан соң, жүні бір көтерем қалпына келмек. Ал, онбасының бір көрінуімен-ақ, шиі шығады ғой. Қайтып сақал бітсін-бітпесін кемістігін ел біліп алмай ма, онан соң бәрібір!

         Құттыаяқ жымға кіріп кеткенде қолын таянып хорынжи кекжиді. Көк жүзі тыныш емес; қоңыр бұлтты астыға салып, арырақ ақ бұлт жүр. Үстінен жел ызыңдатқан, кетік қанат құстар ұшып өтті. Бұл уақ,тау құсы құрағытатын* кез. Мынау түлек жетілдірер су ойнақ бойынан қайтқан құс. Аз күннен соң, қайталай қауырсындана, қанат кетігі жамалып-жасқалады. «Өмір-ай, бүп-

бүтін дүниені кетідің. Ерігіп отырғандай жаңадан жамап-  жасқайтының—әрі бейнет, әрі амал-айлаң ба?» деп, онбасы ой толғаған. Әсілі, онбасы өзінің өткен дәуір, кезді күнін ойласа, бірдеңелерді тым бұлдыратып сезінетін. Бұл тәуір әдет, сұм әдет пе оны Құдай білер. Жаққанын істесін.  Жаққанын істегені емес пе, сол бұлдырата ойлануынан: Патша ғаскеріне қалай алынды, нағып жүргенін шамалаумен қатар,  бұл бетке жел айдап келгенін…әм «Соңғы тірлік-тынысым қалай тиянақ табады?» дейтін тұжырымдары да күңгірт. Бәрі де сол бұлдырата сезінудің ішінде дөңгелеген!

         Әлгінірек күшіктің дабысын ести қасына барып еді, күшік оны адам ғой, адамның бірі ғой деп жүр екен; мына сыр жалаңаш, әуейі түрінен қорыққаны соншалық, ытқи жөнелді. Анадай барып қыңсылай қарасын Бұл онбасының көңіліне келіп қалды білем, «Менен жатырқай ма?.. Қасқыр ит емес түк емес, барақының біріне ілескен менің миым жоқ, су»-деп,өз шекесін қолымен тықылдатты, Хорынжи. Артынан: қиялының нәжік, дітінің беріктігінен шығар, «Ал кеттік, Құттаяғым»-деді де,қызыл шие қан, жалаңаш бойымен бүрген бітігіне қойып кеткен! Әйтеуір, онан соң, жүрісінің көбін көзсіз көбелектей, әжіздік шегіндегі босаң үміттей, кеуделі кедейдей, әрі-сәрі жаңсақтықпен жүріп өтті ол. Енді бір жалдың басына шыққанда, өмір жолының тәбәрігінше үстінен түспей келген әскери жейденің соңғы бірер жұлымын лақтырып жібергесін жел көтеріп әкетті. Лақтырған сәтінде-ақ, өз заманының кәрі естелігінен мәңгілік айрылды, мәңгілік!

         Шай Әліптің балтасын қалай алса да алып, аюға кезене қалған әлет…Жал үстінің жантақ қыратында, күннің алақандай қызыл арайынан қазықша шаншылып, үргені немесе мәу деп деп білмейтін иттің «Тілашары» іспетті дауыстан, күшікті алғаш рет Әліп көрді. Бірақ, жып-жылмағай, кіп-кішкене боп кеткен Құттыаяқты бұл таныған жоқ. Шақырып айқайлаған да бұл емес, Шай:

–         Құтты-аяқ, Құттыая-қ-қ!

         Не көрінсе алдымен ұшып,алдымен сөйлейтін Әліп,жағы қарысып үндемеген. Күшік қолқа-жүрегі түсетіндей—еңіске таман зіркілдетті!.. Дәп сол кез балта көтерген Шайға жетіп-ақ келген аю, қапелім естілген ит дауысынан алаңыта, абдырай қалған. Әйтпесе, ауыз салып еді ол. Осы абдырау өз түбіне жетті білем, аю ит үрген жаққа қолапайсыз бұрылды…Шай, бүрдің анша-мұншасын жапыра, Әліптен алған балтамен аюды қаратұмсықтан періп жіберді. Неше жаны бар дейсің, ажал, бейнеті ме, әйтеуір, аю салдауырдан қалпақтай ұшып, әлгіндегі өзі құлаған шөп—шерменгүл жайсаңына былш еткен, асықтай аударылып түсті. Неше жаны бар дейсің? Өлді! Талай жер қызыл жоса қан.Қан ыршып тиген жапырақ дір қағады. Аю ажал сағымын жамылып жатыр. Шабының ұңғылына кеп сідік-сықпыт жиналып, үрпегі тұштиып ол тұр. Құрым сасыған иісінен жүрек үркетін.Үріккесін орнына түсіңкіремейді.

         Келе-ақ, аюға барған сидам сиырақтың Құттыаяқ екенін жүгірмектер біліп қалды. Күшік аюдың жартыкеш, алдамшырақ табанының қажалған  қайырына кірбекси жұғысып … Бір уақ тілін ағытып есінейді… Әм өзі-өз болып көрмеген мақұлықтың төс томпағына аңғалдықпен құйрық басып, отыра кеткен. Қалай бүйткенін кім біліпті? Әйтеуір, аңның шөкесіне бір қонуында ол қонып, десе де, ілекермен отыр. Тоңған сықылды дай дірілдейді. Соның арасынша, тарақ қанат құзғындар құңқылдап өтті. Жүгірмектердің жүрегі зуылдай қап еді. Онбасыға қабар беру кезегі келсе керек аюдың қақ төсінен Құттыаяқ үріп, кешкілік қара жартас баяу жаңғрықты. Шай бұрын байқамайды екен, Құттыаяқтың құлағы «Әу» десе аударылып кете берер—жұқа көрінеді.

         Онбасымыз әлі жоқ. Оны келер деген кімнің ойында бар.Мынау құзғындар тағыбір құңқылдаған соң,.. өлген аю мен күшік арасынан жік шығып, кісі қараудан тіксінер зобалаң, зор айқас туды. Жынды неме ғой дейім, аю тіріліп кетті…Тіріліп кетіп, төсіне мінген күшікті қол-аяғымен қармай, қаусыра қойған. Қаусырып алған соң, екпетінен бір түсті де… ырыл-гүріліне құлақ тұнатындай, қара аю тез түрегелді. Күшік алдыңғы аяғының  астында жатыр…Қара аю аяй ма, қыл мойнын табанымен басып, күшіктің қолын-қол, бұтын-бұттай жұлып,оңды-солды бір шашты кеп! Аю аяған жоқ, күшіктің домаланған кеудесі мен қарны қалған. Сүйтіп,оның тұңғыш рет «Тілі шығып»-үргенін, тұтамдай ғұмырында жыланмен алыстыра білген киелі хикіметін, бимағұлым өкінішін де, аю тындым етті. Өлді деп Құттыаяқты айт! Аю өлмей бұл өліп, заманнан заман өтьсе де Шайдың жүрек зуылымен ескерілер, әйтпеген де…

         Күшктің быт-шытын шығарған аю еңіс жақ, бүрікке таман домалаңдай жөнелді… «Соқыр теке» ойнап бассыз-бағамсыз, сыпдыр шығарады,дені сау сыпдыр емес!

         Шай Құттыаяқтың өлгенін нақ көрді… «Өлім» деген сөздің ұшығына шықты, бірақ ол тым ертерек шығып еді. Тірнек өмірінде оның өлімге бір сенгені осы-ау. Бұ кез,қай ойы бар екенін қайдам, Шайдің қолынан  қанды балтаны көз лестірмей Әліп қағып әкетті. Балтаны қалай алды солай, адам таппас жауап айтып тақ-тақ етеді. Қанды балтаны ұстап, «Аю өлтірдім!» деп барса, бір сенуінде жұрт оған сенеді ғой. Қашан көрсең еңбекті біреу қып, ат-атақты біреу алып жатқан! Күріш арқасында күрек су ішіп жатқан! Табысқа біреу ие, дауға біреу қап жатқан!

         Аю-ды-қара-құстан ша-п-те-м!- Соны айтты да Әліп зыта жөнелді,-жү-рек-жұ-ттымын-н! Бала-ба-тыр-ме-н!

         Бұлар сүйтіп жүргенде,ойламаған жерден өз қиялының қаңғыбас серісі-онбасы екең қыраттан шыға іркіліп,зіркіл айқайы естіліп еді:

        -На-ғып жатыр-сыңдар-р?- Одан төменірек дауыспен дүңкіте сөйледі,-жайлауы жағасына кеткен,жүгірмектердің есіл ерлігі-ай!?

        -Онбасы сүріне-қабынып,құлап келеді. Ойындағысын: Бұлардың жүрекжұттылар екенін,  «Бала батыр» бола алғанын-бәрін айтып келеді. Бірақ, тыржалаңаш, адамдық әлпет,бейнеуі қалмаған бұл «Албастының» онбасы екнін балалар қалай танысын,таныған жоқ. Көре-ақ,сүбханы ұшып, екі жүгірмек өз бетімен тырағайлатты. Кешқұрым қарауытқан бұта-бүргеннің түбіне таман сіңіп барады олар… Бүгінгі түн қайтып, қалай өтер екен? Жонда жортып жолбарыс, албөрілер жүр. Әліп пен Шай екі айрылды.Бірақ, сәлден соң, ойланар… Дабыстасып—«Тал қармасып»  табысар.  Не көрсе де бір көріп есқатудың, амал-айланың керек жері еді бұл. Атам қазақ айтқандай: «Біреуден екеу жақсы!»

         Әрйне, жүгірмектердің онбасыны танымай қалуы сәл ұяттау. Дегенмен, әзір ел көңілін әбден ығыр ғып келген «Адам бейнелес албасты»ма екен деп,  сескенуіне мың алғыс. Бұрынғы-соңғының жолы да сол, сондайдан сескенеді ел!

         ———

*Жағдан – сіріден тігілген кеп.

*«Әкиулер» — Лу шын шығармасындағы кейіпкері, есуас.

*Құрағытатын – Тау құстарының түлек жетілдіретін су ойнағы.

                                                        

Тэгтер:




One Response to Серік ҚАПШЫҚБАЙ. БІРЕУДЕН ЕКЕУ ЖАҚСЫ

  1. Оқырман says:

    Өте жақсы. Рақмет!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑