banner-top12

Ислам тағылымы no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2014 | 1  116 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ислам тағылымы

Екі қыздың оразасы

 

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Расулаллаһ! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда рұқсат берілмеді.

Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз (с.а.с.):

– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.

Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды Пайғамбарымызға білдіргенде, ол:

– Құдіреті күшті Аллаһ тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді.

Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.
                                                                          Әзірлеген Құдайберді Бағашар, дінтанушы

                           Ауызашар

Көптен бері кездеспеген досымен ойда-жоқта базарда ұшырасты. Қасына әйелін ерткен Ғалымжан саудагерден құрма сатып алып тұр екен. Қолында аузы мұрнынан шыға тыңқиған екі сөмкесі бар. Асанды көргенде сәл аңтарылып қалды да, лезде қуанып ол да құшағын жайып амандаса кетті. Үшеуі қал-жағдай сұрасып қауқылдасып қалды.
– Иә, қайдан сөмкелеріңді арқалап?
– Оразаға дайындық қой, қонақтарды ауызашарға шақырсақ па деп едік..
– А-а, ауыз бекіткен екенсіңдер ғой.
– Иә, өзің ше?
– Шынымды айтсам, сол менің ойыма да келмепті. Оның үстіне жұмысбастылық дегендей.
– Е-е, мен де басында жұмысыма кедергі келтірер деп қорқақтап едім, сөйтсем оным бекер екен. Жарайды, былай істейік, кездеспегелі көп болды. Жол үсті әңгімелесіп тұрғанымыз жараспас. Сен одан да кешкісін үйге ауызашарға кел. Қонағым бол.

Бірақ Асан дереу тартынды:
– Мен қайтіп барам? Өзім ораза ұстамай, ораза ұстағандардың тамағын қалай жеймін. Қой, басқа уақытта барайын.
– Жоқ,-деп оған Ғалымжан көнер болмады,-қайткенде де келесің, қонағым боласың. Екеуміз күнде кездесе бермейміз,-деп тұрып алды.

Асан амалсыз баратын болып келісті. Бірақ іштей өзін жайсыз сезініп әлек. Қап, ыңғайсыз болмас па екен. Жоқ, үйден тамақтанып барып, ол жерде асқа қол созбай жай ғана отырғаным жөн бе? Бірақ оған досы көне қоя ма? Бірге оқыған, бірге әскерде болған досының мінезі өзіне сыралғы. Шаңырағына бас сұққан адамды қайткенде де көңіліндегідей күтпей жібермейді. Намазға жығылғалы баяғы сырамен сыйлайтын әдетін дереу тастаған. Қап, ойда-жоқта досының үйіне ауызашарға баратыны қызық болды бәрінен.

Әне-міне дегенше кеш те таяп, Асан өзіне таныс үйге беттеді. Бірақ әлі де көңілі қобалжулы. Бұрын-соңды ауызашарға барып көрмегендіктен ол жердегі отырысты біртүрлі елестете алар емес.

Сыртқы есік ашық тұр. Босағадағы әртүрлі аяқкиімдер келген қонақтардыкі екенін аңғартуда. Есіктен басын сұғар-сұқпас досы бұны ақжарқын пейілмен қуана қарсы алды. Сырт киімін іліп, дереу төргі бөлмеге бастады. Іште төрге қарай созылған кең дастархан көздің жауын алатын не түрлі дәмге толып тұр. Қонақтармен қол алысып амандасып, өзіне көрсетілген орынға отырды. Таныстық басталғанда ең әуелі таңғалғаны келген қонақтардың түрлі мамандық иелері екендігі болды. Бәрі де жұмыстағы кісілер. Төрде отырған жасы үлкен кісі сотта істейтіндігін айтты. Әйелі дәрігер екен. Ал бергі екеуі банкта істейтіндіктерін айтты. Мұғалім, журналист, әкімдікте істейтін қызметкерлер де отырды. Әңгіме ораза жайында өрбіді. Жасы үлкен кісі әңгімесін:- Қазақ «Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол» дейді, өз басым ораза ұстай бастағаныма 3-4-ақ жылдың жүзі болды,- деп бастады. – Апам марқұм менің бала күнімде жазда ораза ұстағаны есімде. Күн ұзақ. Уақыт өте қоймайды. Ораза ұстағанымды ешкімге айтушы болмаңдар деп қоятын. Біз ол кезде ойын баласы болғандықтан ештеңенің байыбына бармаппыз. Кейін білдік, сол кездерде барынша жасырып ораза ұстаған екен ғой жарықтық. Сол кездегі Құдайсыздардың қысымына, күннің ұзақтығына, кәрілігіне қарамастан қысы-жазы оразасын үзбеген сол кісілердің иманы мен шыдамдылығы не деген мықты болған десейші. Біз тек енді-енді ғана бет бұрдық. Қайбір жылы жаңа жыл мен ораза қатар келіп, қылмыс атаулының сол жолы күрт азайғаны есімде.

Оның сөзін әйелі іліп әкетті:- Мен отағасына ораза ұстаңыз деп айтып келе жатқалы қашан. Оразаның қасиетін енді-енді ғана өзі сезіп келеді. Көненің білгірлері дәрі ішкенше екі-үш күн ашыққанды жөн көреді екен. Советтік кезде «Ораза, намаз – тоқтықта» деп ысырып сөйлеп мән бермей келдік қой, негізі ораза ұстау үшін тоқ болу міндетті емес. Өмір бойы қара су мен қара құрманы талғажу етіп жұпыны өмір сүрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тоқтықтан ораза ұстады ғой дейсіз бе?! Қайта аурудың көбі асқазанға дамыл бермеуден, тоқтықтан, дұрыс тамақтанбаудан туады. Мәселен, ислам дініндегі тамақтану әдебі қандай керемет! «Ашықпай тұрып дастарханға отырма, аса тойынбастан түрегел», «Тамақтанғанда асқазанды үшке бөліңіздер: ауаға, суға, асқа», «Тамақты сәл суытып, ал суды отырып ішіңіздер» деген Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) хадистері мәдениеттілікпен қоса денсаулық тұрғысынан да өте пайдалы. Пайғамбарымыздың кезінде сырттан Мәдинаға келген бір дәрігер ел ішінен емдерге ауру адам таппай дал болыпты. Сөйтсе сахабаларымыз тамақтанғанда, осы жайттарды берік ұстанады екен. Қазіргі медицина да расымен осыны айтуда.

Әңгіменің желісімен мұғалім кісі қажылыққа барғанда құрма жайлы естіген біраз қызықты мәліметтерін айтты. «Жаңа сіз айтып өткен бұл құрманы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жақсы көрген. Құрма өзі бірнеше түрге бөлінеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әсіресе «барни» деген ең сапалысын ұнатып, сахабаларын құрма, зәйтүн секілді жеміс ағаштарын егуге, баптап, күтуге шақырған. Осы құрма секілді жемістерді сол кезде адамдар бір-біріне сыйлыққа да жібереді екен. Айша анамыз әркез Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бал шәрбәті мен құрма шырынын жасап берген. Кеудесі яки жүрегі ауырған сахабасын Тайыфтағы дәрігерге жолдап тұрып Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайхи уәсәллам) «Мәдинадағы «Ажуа» құрмасының жетеуін дәнімен қоса езіп, кеудеңе жақсын, шипасы мол, ол бұны жақсы біледі» деп құрманың емдік қасиетін түсіндірген. Өзі жас құрмамен не сумен ауыз ашқан. Жаңа туылған сәбилердің таңдайына осы құрмадан жағып, дұға жасаған екен. «Кешкі асты тастамаңдар, ештеңе таппасаңдар, тым болмаса бір уыс құрма жеңдер» деп, құрманың тойымдылық қасиетіне де көңіл аудартқан. Құрма ағашы үнемі жасыл түсін сақтап, жемісі, жапырағы, бұтағымен қоса барлық нәрсесі кәдеге асатын болғандықтан, оның берекетін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мүминнің берекетіне ұқсатып, мұсылман адам да осы құрма тәрізді маңайына өте пайдалы десе керек».

Одан кейінгі әңгімелерде халықтың ұлттық негізге оралуы, рухани тазалық, имандылық, ата-баба дініне құрмет, ауызашар берудің ел ішінде игі дәстүрге айналып келе жатқаны, тағы біраз оң бетбұрыстар сөз етілді.

Асан тек құлақ салып тыңдаумен болды. Айтылғандардың барлығы да жанға жағымды, көкейге қонымды-ақ. Мынандай мәнді отырысқа келгеніне іштей қуанды, бұндай жайттарға өзінің бұрын-соңды қалай мән бермей келгеніне таңғалды. Оған отырғандардың уақыт кіргенін күтіп, бір мезгілде дұға оқып құрмамен ауыз ашуы, әр тағамды жаңа қолға алғандай аса бір тәбетпен жеуі, үлкен-кіші демей, лауазымына да қарамастан бір-біріне ізет білдіруі, дастархан үстіндегі дәмді ас пен қатар айтылған тұшымды әңгімелер, үй иелерінің ілтипат-ықыласы, қонақтарын шығарып салып қайта-қайта қимай қоштасқаны – бәрі де ерекше әсер етті. Ораза адамдардың бір-біріне деген бауырластығын арттыратындай. Ораза дастархандағы несібелерге құрметпен қарауды ұқтыратындай. Ораза адам жанын тазартып, керемет рухани ләззат сыйлайтындай!

Кетерде мешітте таратылды деп Ғалымжан берген ораза жайлы шағын кітапшаны үйіне жетіп оқығанша асықты. Үйге келісімен ең әуелгі ісі бас алмай жаңағы кітапшаны оқып шығу болды. Оразаның денсаулыққа пайдасы өз алдына, оның Құдай сүйген теңдессіз құлшылық екеніне, сауабының молдығы жайлы көптеген мәліметтерге қанықты. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін көңіліне тоқыған сайын қасиетті Рамазан айының бастапқы күндерін өткізіп алғанына іштей өкінгендей болды, бірақ оразаның қалған сауабынан құр қалғысы келмеді.

Жатарда «Иә, Аллам, ертең ораза ұстасам деген ниетімді қабыл ала гөр!» деп күбірлеген күйі ұялы телефонының сағатын мұқият түрде сәресі уақытына қойды…

 

Қойшы мен алма ағашы

 

Қойшы қарт қойларын өрістетіп, жайылымға жайған сайын дөңге жақын өскен бір алма ағашының түбіне барып дем алатын, егер жеміс піскен мезгіл болса, алма ағашымен тілдесіп: – Қане, балам, қарттың алмасын бере ғой,- дейтін. Сөйткенше болмай дәмі тіл үйіретін, исі аңқыған, балбырап піскен бір алма жерге топ ете түсетін. Қарт болса, кішкене бәкісімен әлгі алманы асықпай тілімдеп кесіп, өзімен бірге ала келген торсығындағы айранымен қоса сәл жүрек жалғағаннан кейін әкесінен қалған Құранын баппен қолға алып, жайлап оқи бастайтын. Қойшы қарт бұл алма ағашын осыдан жиырма жыл бұрын отырғызған кезде жиі-жиі суғарып, намаз алдында беті-қолын шайған дәрет суының қалғанын да ырымдап соның түбіне төгетін. Қарт жүзін шайған сол судың шарапаты тиді ме, әйтеуір, алма ағашының тамыры тез жан алып, аз уақытта-ақ бой көтеріп, жеміс бере бастады. Қойшы қарт ол кезде жас болғандықтан қай әдемі алмаға көзі түспесін, кішкене ғана ұмсынып қол созғаны жетіп жатыр еді. Алайда, одан бергі қаншама жыл ішінде қарттың бойы аласарып, белі бүгілді, ал алма ағашының болса, керісінше бойы барынша биіктеп, шынар ағашындай жайқалып кеткен-ді. Бірақ алма ағашы қанша жайқалып өскенімен мәпелеп өсірген баланың аты бала емес пе? Оны баласындай көретін қарт ағаш бұтақтарын алақанымен жай ғана сипап тұрып: – Қане, балам, – дейтін, – бүгінгі несібемді түсіре ғой? Айтқанындай, көп пәлсінбестен бір алма түсуші еді. Бұл көрініс дәл осы қалпында бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан-ды. Тіпті қарт сұрағанда, алманың түспей қалған бір де бір күні кездескен емес.

Ауыл адамдары болса, таңғажайып бұл құбылысты сырттай бірнеше мәрте байқап, қойшы қартты «әулиеге» жорысып қойғалы қашан.

Қарт кісі ағаш көлеңкесінде аздап тынығып, намазын оқығаннан кейін әдеттегідей сол күнгі алмасын сұрады. Алайда, бір таңғаларлығы, ағаш бұтақтары жеміске толып тұрса да, қарт қолына ештеңе түспеді. Қарт өз қалауын қанша қайталағанымен бәрібір ештеңе бола қоймады. Күткені орындалмай, кірпігі мен сақалы тарам-тарам жасқа оранған қарт үнсіз ғана алыстап қойларына кетіп бара жатты.

Жеміс бергелі «баласы» қарттың көңілін еш қалдырып көрген емес еді. Мәпелеп өсірген баласына дәл осы жолы көңлі қатты қалды. Көңілі құлазыған қарт бойы бұл жолы тіпті шөкімдей боп, бұрыңғыдан да аласарып, белі де бұрыңғыдан бетер бүкшие түскендей.

Малдарын қайырып, ауылға бет алғанда мешіттен әуелеп шыққан азанға құлақ түрді. Азан өте бір ерекше, әуезді үнмен оқылып жатқандай. Тіпті астарынан өзгеше қуаныш та сезілетін секілді. Бірден іркіліп, бойын жинап ала қойды. Қарт байғұс өмірге қайта келгендей күй кешті. Өйткені, есіне бір нәрсе түскен болатын.

Бұл жолы көзіне қуаныштан жас алып, балаша мәз болған қарт бірден әлгіндегі алма ағашына қайтадан жеткенше асықты. Келе сала оны айналып-толғанып, кең құшағын төсей құшақтаған қарт: – Күнім, әшейін, – деді иегі кемсеңдеп жылаған күйі, – айналайын, балам, жарығым! Ұмытшақ мен байғұсты ренжітпей тұрып-ақ білдірсең болмас па еді?! Бүгін Ораза айының алғашқы күні екен ғой?!..

Ислам ғылымхалы кітабынан

Иләһи есеп

 

Мұсылман адам қашан да екі дүниенің тепе-теңдігін сақтай білуі тиіс. Яғни, тек қана ақыретті ойлап, бұл дүниенің тіршілігінен бас тартпауы керек. Сондай-ақ бұл дүниенің қызығына бас қойып, ақыретті ұмытпау ләзім. Мысалы, тек өз қарақан басын ойлап, халықтың мұң-мұқтажын өз пайдасына жарату мұсылмандыққа тән қылық емес. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші, ел үстінен күн көру Исламға жат. Қайта қоғам дағдарысқа түскен кезде, елді сол қиын-қыстау тығырықтан құтқару нағыз тақуалыққа жатады. Ел дағдарыстан құтылса, өзі де бірге құтылмақ. Ал жапа шеккен қоғамның аузына бір тамшы суды санап саудалау кәпірдің мінезіне жатады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір мұсылман қатты қиналған біреуге көмектесіп, оны қиыншылықтан құтқарса, Аллаһ та Махшарда оны ауыртпалықтан құтқарады» дейді. Ал енді сіз бүкіл бір ауылға яки елге дағдарыстан құтылуға көмектессеңіз, ақыретте Аллаһ Тағаладан қандай жәрдем келетінін есептей беріңіз. Ендеше, мұсылман мұндай кезеңде барын сала ұмтылып, зор сауап-табысқа қол жеткізіп қалғаны абзал. Бұл заттық, әрі рухани да бола алады. Яғни қиналғандарға ақшалай, заттай, ой-пікір, ақыл-кеңес арқылы қол ұшын беруді білдіреді. Исламнан, Құраннан, иманнан жырақтап рухани дағдарысқа түскен елді құтқару да сондай болмақ.

Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа болып тұрған кезінде бірде Мәдинада қуаңшылық белең алды. Халық бір үзім қара нанға зар болды. Осыдан кейін Мәдинаның барлық саудагерлері қолындағы бар қаржысына бидай алып, оны үстеме бағамен сатуға жұмсады. Хазіреті Оспан да осы кезде Шамға адамдарын жіберіп, жүз түйеге бидай артып әкелдіреді. Бұл Мәдина халқының басым көпшілігіне жететін астық болатын. Осыны естіген кейбір саудагерлер дереу Хазіреті Оспанға барып, сол бидайды сатып алмақ болды. Олар бидайдың шамамен бес келісіне төрт дирхам бермек болып ұсыныс жасады. Бірақ Хазіреті Оспан саудагерлердің бұл бағасын аз көріп: «Сендерден де артық беруші бар» деп қарсылық білдірді. Саудагерлер бағаны көтеріп көріп еді ол тағы да: «Сендерден де артық беруші бар» деп келіспей қойды. Саудагерлер бағаны жеті дирхамға дейін көтеріп көрді. Алайда ол тағы да әлгі сөзін қайталап: «Сендерден де артық беруші бар» деп жауап қайырады. Кейбір адамдар оның қарсылығын «Мынау қысыл-таяң шақты пайдаланып, көп олжа таппақ болып тұрғанға» жорыды. Халық аш жатқанда мынаның бұл тірлігі ақылға сыйымсыз, бұнысы несі деп түсіне алмады. Ақырында олар мәселені Халифа Әбу Бәкірге жеткізді. Ол: «Меніңше мұнда бір сыр жатыр. Шамасы сендер оны түсіне алмағансыңдар. Ол – Аллаһ Елшісінің күйеу баласы һәм Жәннаттық серігі. Елдің аштығын пайдаланып, олжа табар адам ол емес. Оның бұл ісінде сөзсіз даналық жатыр. Ал, кәне, бәріміз бірге барып істің мәнін жеке өзінен сұралық», – дейді.

Олар осылайша бірге Хазіреті Оспанға барады. Халифа оған саудагерлердің шағымын айтып, неге айтылған бағаға сатпағанын сұрайды. Хазіреті Оспан сонда былай деп жауап береді: «Ей Аллаһ Елшісінің Халифасы! Бұлар бидайды жеті дирхамнан беруді сұрайды. Яғни бірге жеті есе бермек болды. Бірақ мен оны бірге жеті жүз есе беретін біреуге сатқым келіп отыр. Аллаһ Тағала әрбір жақсылыққа жеті жүз есе сауап беремін деп уәде еткен жоқ па?! Мұндай мол табыс тұрғанда мен неге затымды оларға арзан бағаға берейін?!».

Хазіреті Оспанның мына жауабына саудагерлер таңырқап, терең ойға батты. Ол жайлы жаман ойлағандарына ұялды. Хазіреті Оспан осыдан кейін жүз түйелі бидайдың бәрін Мәдина халқына садақа етіп тегін таратты. Кедей мен жоқ-жітіктерді қуанышқа бөледі. Осылайша Мәдинада қуаңшылықтың сұрқай беті қайтқан-ды.

Пайғамбарымыз (с.а.у) бен қатар барлық сахабалар да бізге теңдессіз өнеге. Сол себепті Хазіреті Оспанның мына ісі қашан да көкірек көзі ашық адамдарға ғибраты мол өнеге болып қала бермек.

«Пейішке жетелер пейіл» кітабынан

Ыстық күні ораза

Жаздың ыстық күнінде бір топ ауылдастар көрші ауылға жолға шығады. Белгілі бір уақыттан соң жақын жердегі өзен жағасына жайғасып, жүрек жалғамақшы болады. Араларында біреу “аш жүргенді дастарханымызға шақырып, оны тойдырып сауап жинайық” дегенді ұсынады. Сол кезде өзеңнің арғы жағында демалып жатқан бір кедейді көреді. Осы аш болар деп, қасына барып оятады.
– Біздің дастарханымыздан ауыз тиіңіз. Бірге тамақтанайық, – десе, кедей:
– Жоқ, сендердің ұсынынғандарынан да ұтымды ұсыныс жасалынып, керемет жерге шақырылғанмын. – деп еш ойланбастан бас тартады.
Адамның кедей әрі үй-жайсыз екенін көріп тұрған жолаушылар “Қай жерге шақырылдыңыз? Қандай ұсыныс ол?” деп таңдана сұрайды.
– Ол Аллаһтың ұсынысы мен шақыруы. Мен оразамын.
Жолаушылар осындай ыстық күнде қалайша ораза ұстайсың, қиын емес па деп таңдана сұрайды. Сондағы кедейдің жауабы:
– Иә, оразамын. Ақыреттің ыстығына шыдай алмай азап көргенше, ыстық күні ораза ұстағанды жөн көрем.

Намаз – мол байлық, әрі аса маңызды құлшылық

 

Бір күні патша екі қызметкерінің арқасына жиырма төрт алтыннан беріп, өзінің екі айлық жеке, әдемі алқабына қоныстанып, тіршілік етулерін бұйырды. “Мына қаражатты жол шығыны мен билетке жұмсаңдар, сондай ақ баспаналарыңызға қажетті зат сатып аларсындар. Бір күндік жерде бекет бар. Бекетте автобус, кеме, атарба, тіпті ұшаққа дейін бар. Қаражаттарыңызға қарап таңдап мінерсіндер” дейді. Екі қызметші бұйрық алған сон, жолға шығады. Олардың біреуі ақылды еді. Бекетке дейін аз шығындалып, онын есесіне қожайынының көнілінен шығатын сауда жасап, қалтасындағы қаражатты мың есе өсіреді. Ал екінші қызметші болса ақымақ еді. Бекетке дейін жирма үш алтынын шашып төгіп құмар ойнына жұмсайды. Бір ғана алтыны қалғанда қызметтесінің жаны ашып “Ау, саған не болды? қалған бір теңгеңді билетке бер! Ұзақ жолда аш- жалаңаш қалу қаупі бар. Қожайынымыз мейрімді, мүмкін қатеңді кешіретін шығар, тіпті ұшаққа міңгізіп қалар. Діттеген жерімізге бір күнде жетіп барамыз. Әйтпесе, екі айлық жолда аш-жалаңаш әрі жаю жүруіңе тұра келеді” деді. Апырым-ау анау адам қасарсып қолындағы бір теңесін қазнаның кілтіндей құнды бір билетке жұмсамай, өткінші лаззат үшін азғындық жолға жұмсаса, ақымақ екендігі айтпай-ақ түсінікті болар.

Мінекей, ей намазсыз жан! Ей, намазды жақтырмайтын нәпсім! Бұл мысалдағы патша деп отырғаны- Раббымыз, Аллаһ, ал екі қызметші, яғни жолаушылар болса, біреуі – намазын ықыласпен оқитын, екіншісі – қапы қалған, намаздан мақрұм кісілер. Жирма төрт алтын деп отырғаны бір күндегі жирма төрт сағаттық өмір, ал жеке алқап – Жәннәт.
Бекет дегені қабыр еді. Саяхат болса, қабірге одан қашірге, одан ары маңгілік өмір әлеміне жол тартатын адам ғұмыры. Бұл жолды тақуалыққа қарай адамдар арқалап жүріп өтеді. Кейбір тақуа кісілер мың жылдық жолды бір күнде қиялдай самғап өтеді. Қасиетті Құран осы ақиқатты екі аятымен ишарат етеді. Ал билет деп отырғаны – намаз. Бес уақыт намаз дәретімен қоса есептегенде бір сағат қана уақыт алады. Апырым-ау, жирма үш сағатын мына жалған дүниеге жұмсап, ал сонау мәңгілік, бақи дүниеге бір сағатын қимаған адамның қаншалықты шығыңға ұшырайтынын, өзіне өзі қастандық жасайтынын аңғарған шығарсыз. Сондай-ақ, мың кісі қатысатын, мыңнан бірі ғана ұтыс мүмкіндігі бар лотерея ойынына табысынын жартысын салуды жөн санап, ал ұтары жүзден тоқсан тоғыз “мәгілік қазна” атты ұтысқа табысынын жирма төрттен бірін бермеу соншалықты ақымақтық екенін түсіну қиын ба?

Ашығу – дауасы мол дәрісіз шипа!

Дәрісіз денсаулық

Ашығу емі деген не?

Ол – белгілі бір мерзім аралығында ішіп-жеуден бас тарту арқылы емделу тәсілі. Аштықпен емдеу «Арылту-диеталық терапиясы» (разгрузочно-диетическая терапия – РДТ) ретінде медицина ғылымының емдеу-сауықтыру орталықтарында қолданысқа еніп кеткелі қашан. Ғылыми негізі де әлдеқашан дәлелденген. Тіршілік иелерінде ауырып не жараланғанда тамаққа тәбеті тартпайтын қасиет бар екендігі белгілі. Оған ағзадағы сақтану түйсігі итермелейді. Ондайда (жай кезде ас қорытуға жұмсалатын) өмірлік қуат жараланған орынға шоғырланып, сол жерді барлық зиянды заттардан аластайды, денені тазартады. Демек, ашығу арқылы аурудан арылу, денені улы заттардан тазарту – о бастан барлық тіршілік иелеріне тән қасиет.

Тарихы

Аштықпен емделудің тарихы тереңде. Оны сонау көне заманнан бері барлық халықтар қолданып келеді. Айталық, бұл емдеу тәсілін осыдан екі мың жыл бұрын көне Рим дәрігері Асклепиад[1] та қолданған. Грек ойшылы Плутарх «Дәрі ішкенше екі күн ашыққаным артық» деген екен. Аштықпен емделудің артықшылығын мойындайтын осыған ұқсас деректерді көне үнді, қытай, жапон жазбаларынан да кездестіруге болады. «Каббала» деп аталатын еврейлердің құпия ғылымы мен мистикалық пәлсапасы да ашығуға оң көзқарас танытуда. Пифагор (б.з.д. VI ғасыр) өз шәкірттеріне математика мен пәлсапа ғылымының қыр-сырын үйретер алдында рухани тазару әрі ақыл-ой зеректігін арттыру мақсатында олардан 40 күн ашығуды талап ететін болған. Х-ХІ ғасырда шығыстың шарапатты дәрігері Ибн Сина көптеген ауруларды, әсіресе, шешек пен мерезге шалдыққандарды аштықпен емдеген. Буддалар өз алдына, Дәуіт пайғамбар күнара ауыз бекітсе, Иса мен Мұса пайғамбар 40 күн ораза ұстаған. Ал, Ислам дінінде 30 күндік парыз ораза бар екені бәрімізге белгілі. Оған қосымша, Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) әр айдың 14, 15, 16-сы күндері, сондай-ақ әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері жиі-жиі үзбей нәпіл ораза ұстаған. Әрі оны үмбетіне өсиет еткен. Парсының күнге табынушыларына 50 күн бойы ашығу таңсық болмаған. Тіпті, ол дәстүр әлі күнге Үндістанда да бар. Мәселен, Үндістанның рухани көсемі Махатма Ганди жиі-жиі ішіп-жеуден тыйылып тұруды ұнатқан. Ганди ашығуға денені тазалау мен емдік қана емес, рухани тазару, сана-сезімді дамыту тұрғысынан да баға берген.

Түрлері

Ашықтыру емі сусыз, тағамсыз жүзеге асса, онда толық ашығуға немесе «құрғақ» түріне жатады. Мерзіміне қарай ол мынадай түрлерге бөлінеді: қысқа мерзімді (1-3 күн, бір апта, он күндік), ұзақ мерзімді (бір ай, 40-50 күндік). Осы уақыт аралығында денені барлық қалдық атаулыдан, улы заттардан тазарту көзделеді.

Дененің қалдығы деген не?

Денедегі қалдық (шлак) дегеніміз – бірте-бірте ағзамыздың жекелеген жасушалары мен ұлпаларына сіңіп қалған өте ұсақ заттар. Олар негізінен белок алмасуының соңғы өнімдері: зәр, зәр қышқылы, креатинин, аммондық тұздар, т.б. суда еруі қиын ағзада тұнып қалатын нәрселер.

Денеге қалдық жиналуының бірнеше себептері бар. Ең негізгілеріне: тоя тұра үстемелетіп тамақ жеу, дененің белок пен майға, крахмалға бөгуін, сондай-ақ, жеген тамақтың дұрыс қорытылмауы, өте ащты тағам мен өте дәмді тағамды дұрыс қолданбау, ішімдік, темекі, есірткі, ауаның ластығы, күн сәулесінің жетіспеушілігі, қабылдаған дәрі-дәрмек қалдықтарын және т.б. жатқызуға болады.

Бұлардың ең маңыздысы, көп тамақтана тұра дененің аз қуат жұмсауы, яғни денедегі алынған қуат пен жұмсаған қуат тепе-теңдігінің сақталмауы. Оған қоса, өкпе, бүйрек, тері, ішек арқылы ыдырайтын өнім мөлшерінің дұрыс болмауы.

Әсері

Ашығу кезінде ағза қандай күй кешеді? Ашығу нәтижесінде венуланың қыл тамырлармен тоғысқан жерінде бос қуыс (вакуум) пайда болады. Ал, қылтамырлардың бос қуысы өз кезегінде қан айналымының қозғаушы күшіне айналады. Ендеше, бос қуыс – ол күш деген сөз. Ал, ашығу – сол бос қуысты жасау арқылы адам денесінің тұтастай қозғаушы күшін тудыру.

Арылту-диеталық терапиясы денені тазарту мен сауықтырудың ең тиімді тәсілі болып табылады. Сырттан тамақ қабылдау дереу тоқтаған жағдайда, дене сол уақытқа дейін жинап келген ішкі қосымша қорегін іске қосады. Бұл кезде дененің барлық бөлу жүйелері мен ішкі секреция бездері өте қарқынды жұмыс істейді. Бір ғана өкпенің өзінен газ тәрізді әр түрлі 150-дей уыт бөлінуі соның айғағы. Вегетативті жүйке жүйесі жанданады, адамның белсенділігі артады. Биохимиялық тұрғыда май мен бауырдың гликоген қосымшаларының ыдырауы реттеледі, қан құрамы өзгереді. Қан айналымы мен ас қорыту жүйелері жақсарады.

Ашығуды дұрыс іске асырған жағдайда ол сіздің ағзаңызды барлық керексіз улы заттардан тазартып, денсаулығыңызды шыңдайды, жасушаларды жаңартып, күш-қуатыңызды арттырады. Ашығуды тәмамдарда белгіленген көрсеткіштерге сүйену аса маңызды. Алайда, кейде ашығуға болмайтын жайттар да кездеседі. Оны да ескерген жөн.

Ашығуға болмайтын жағдайлар

Энцефалопатия (ми жүйесінің әлсіреуі) анықталса, қарттық шақ (60 жастан жоғары), дене әлсіреген кезде, соматикалық аурулардың қабынған кезінде, қандай да бір түрдегі қатерлі ісік белең алғанда, жүрек стенокардиясына, жүректің ишемиялық ауруларына, жүрек пен бүйректің органикалық ауруларына, қан айналымы мен тыныс алудың асқынған жағдайында, өткір құрт ауруына (туберкулез), бақшаңкөз (зоб), қан аурулары, жұқпалы полиартритке (бруцеллез) шалдыққанда.

Жүзеге асуы

Ашығу емін қабылдау ережесінің айтарлықтай қиындығы жоқ. Бар болғаны, сабыр сақтап, ауызды астан тыя білсеңіз жеткілікті. Ашығу кезінде тек қана дистиллияцияланған (буландыру әдісімен) су қабылданады. Қанша ішем десе де су мөлшері науқастың өз еркінде. Алайда, ағзаға басқа ешқандай тағам қабылданбауы тиіс. Мамандар ұзақ мерзімді ашығуға тәуекел етердің алдында әуелі қысқа мерзімді ашығуларды бастан өткерудің пайдалы екендігін айтуда. Ашығу міндетті түрде маман адамның бақылауымен жүзеге асуы тиіс. Неге десеңіз, кейде алғашқы күндерде-ақ денеден улы заттар өте көп шыққан жағдайда ашығуды үзуге тура келеді. Ұзақ мерзімді ашығу кезінде артық қимылға бармаған жөн. Көбіне төсекте жатып тынығып, теледидар мен радиодан бас тарту керек, тіпті әңгімелесудің де қажеті аз. Бірақ бұл бойдағы күш-қуатты үнемдеу мақсатында болмаса, бар тірліктен бас тартып, тырп етпей жатып алу емес. Сондай-ақ, ашығу кезінде дәрі қабылдауға, темекі тартып, спиртті ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады. Қайта таза ауада көп жүру, жылы ванна қабылдау, тазалық клизмасы мен тыныстау жаттығуларын жасап тұру пайдалы.

Бір тәулік аштықты қалай өткеруге болады?

Бір тәуліктік аштық ертеңгі астан ертесі күнгі ертеңгі асқа дейін немесе кешкі астан ертесі күнгі кешкі асқа дейін жүзеге асады. Бұл уақыт аралығында дистилляцияланған судан басқа ешқандай тағам қабылданбайды. 24 сағаттық бұндай аштық кезінде дисстиляцияланған су толы кесеге бір шай қасық лимон шырынын не шынашақтай бал қосу денедегі улы заттардың еруін тездетеді. Ол сізге күш беру мақсатында емес, қара судың тәтті дәмін келтіру әрі шырышты улы заттардың еріп, сіздің табиғи сүзбеңіз (фильтр) – бүйректерден жеңіл өтуіне жағдай жасаудан туындайды. Ашығу кезінде бүйрек өте үлкен қызмет атқарады. Дистиллияцияланған су ішу керектігі де содан. Қай мерзімдік болмасын ашығу аяқталғанда ең әуелі үгітілген сәбіз бен туралған қырыққабаттан жасалған жас көкөніс салатын жеу керек. Ол ішектерді өте жақсы тазалайды. Ішек-қарын жолының жұмысын жандандырады. Салаттан кейін бұқтырылған жас қызанақ секілді қуырылған көкөніс тағамын жеген жөн. Ашығуды ет, сүт, сыр, май, балық, жаңғақ түрлерімен аяқтаудың және бастаудың дұрыс еместігі қатаң ескертіледі. Ашығу емі қабылданғаннан кейінгі алғашқы тамақ салат не қуырылған көкөніс өнімі болуы міндетті. Ет секілді басқа да тамақ түрлері содан кейін ғана біртіндеп барып қабылданады.

Қандай ауруларға ем?

Аштықпен емдеу профилактикалық құрал ретінде көптеген аурулардың алдын алады. Анығырақ айтсақ, мына аурулар: жүрек-тамыр ауруларына, асқазан-ішек, буын, тыныс жүйелеріне, аллергия, 2 түрдегі қант диабеті, жүйке жүйесі қызметі бұзылуында, тері ауруларына, психикалық ауытқушылықтарға, диспепсия, іш қату, бауырдың қатаюы, соқырішектің қабынуы, бауыр қабынуы (гепатит), гастроэнтерит, ревматизм, семіздік, шорбуын (артрит), демікпе, жоғарғы қан қысымы, шемен (водянка), ишиас, қояншық, ұйқысыздық, әлсіздік, сал ауруының барлық түрлері, бас аурулары, бас сақинасы, өкпе қабынуы, артық салмақ, бронхит, өкпе қабығы ауруы (плеврит), безгек, тонзиллит, сүзек, тамырлардың түйнеліп кеңеюі, құлақ аурулары, қатерлі ісік, миқұрт (менингит), аденоидтар, жарық (грыжа), өт қабына тас байлану, қуықтың қабынуы (цистит), созылмалы іш өту, тік ішек аурулары, жүйке сал ауруы, қаны аздық т.б.

Ашыққан адам бастапқы екі күн ғана қиналады. Одан кейінгі күндері өз-өзін жеңіл сезіне бастайды. Өйткені, адам денесінің сезіну қабілеті күшейеді. Ашығудың бесінші күні әлсін-әлсін адамды тамаққа деген тәбет тартады. Кейде ашыққан адамның тамаққа тыжырына қарайтын кезі де болады. Табиғи тәбет қайта қалыпқа келгенге дейін аштық жеңіл күйде жалғасын таба береді.

Ашыққанда ауызда жағымсыз иістің пайда болып, тілдің өңезденуі, кейде тамырдың соғуы 120-ға дейін жиілеп, кейде 40-қа дейін түсуі, жиі құсу, бас айналу, түкіріктің жиналып қалуы, әлсіздік, тамақтың жыбырлауы, тоңып-жаурау, аз уақытқа іш өту белгілері ешқандай да қауіпті емес. Қайта ағзаның толықтай тазалануының көмекші көріністері болып табылады.

Қорыта келгенде, аштықпен емделу – физиология, биохимия, медицина саласының ғалымдары тарапынан көп зерттелген әрі бүгінгі күні Германия, Австралия, Жапония, АҚШ, Ресей секілді бірқатар өркениетті елдер кеңінен қолданып отырған өте тиімді емдік тәсіл. Зерттеуші Герберт Шелтон «Аштық тіпті өміріңізді де құтқарып қалуы мүмкін» десе, денсаулық сақтау мамандары қазіргі уақытта ғасыр індеті болып отырған «ішкі улануды» (эндотоксикоз) болдырмайтын бірден-бір емнің осы аштық екенін айтып дабыл қағуда. Қалай дегенмен де, күллі тіршілік иелеріне ауырғанда асқа тәбет тартпайтын қасиет дарытқан Жаратушы ісінің астарында осындай үлкен емдік тәсіл жатқандығы ғажап-ақ!

Құдайберді Бағашар, дінтанушы

 

Зекет – әйелдерге де тиесілі

Зекет, әл-ауқатты ер кісілер мен әйелдерге парыз. Құран Кәрімнің 28-аятында «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер» – деген әмір әрине әйелдерді де қамтиды. Сонымен қатар, әйелдердің де зекет беруге міндетті екендігін көрсететін бірнеше дәлелдер бар.

Сахаба Амр ибн Шұғайб мынадай хадисті нақыл етеді: «Йемендік бір әйел қызын ертіп Аллаһтың Елшісіне (с.а.у.) келеді. Қызының қолында екі алтын білезік бар болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі әйелден: «Мыналардың зекетін беріп тұрсыңдар ма?» – деп сұрайды. Әлгі әйел «жоқ» деп жауап береді. Хазірет Пайғамбар: «Қиямет күні Аллаһ Тағаланың осы екі білезікті оттан жасалған білезік етіп қолына тағып қойғанын қалар ма едің?» – деп сауал қояды. Сонда әйел, білезіктерді қызының қолынан алып, Аллаһтың Елшісінің алдына қойып: «Білезіктер Аллаһ пен оның Елшісіне тиесілі», – дейді (Нәсәи, Зекет, 12).

Зекеттің парыз болуы үшін, негізгі қажеттіліктер мен қарыздан басқа нисап мөлшеріндегі мал-мүлікке ие болу керек. Негізгі қажеттіліктердің қатарына; тұратын үй, үйге керекті заттар, көлік, жеке кітапхана, отбасы мұқтаждықтары яғни бағзы ғалымдардың пікірінше бір жылдық қаражат жатады. Бұл айтылғандардан зекет берілмейді. Ал әйелдің қажеттіліктері күйеуінің мойнына міндет. Күйеуі әйелінің қарыздары болса төлеп беруі тиіс, ал одан тыс қажеттіліктеріне қосымша қаражат жұмсауға міндетті емес. Тұрмысқа шыққан әйелдің қолында алтын, күміс, ақша немесе сауда тауары нисапқа, яғни 96 грамм алтын немесе соның құны жететін болса және қолында бір жыл ұстаса әйел зекет беруге міндетті болады.

Тұрмыс құрмаған яки жесір қалып қойған әйелдер, ер кісілер секілді өздерінің қажеттіліктеріне қаражат бөлуге құқылы. Ал, олардың нисапқа жететін дүние-мүлкі болса, әрі ол қолында бір жыл болса зекет беру құқығына ие.

Қорыта айтқанда, Ислам дінінде әйел өзі тиесілі заттарын ерікті түрде қолдануға құқығы бар. Отбасылық жағдайда да жұбайлар арасында «жеке мүлік» жүйесін қалыптастыруға болады. Сондықтан әйел, күйеуінің дүние-мүлкіне ортақтаспай-ақ, тәуелсіз түрде зекет, пітір садақа, кәффарат, құн және т.б. ақшалай өтей алады.

                                         Қажылық

Қажылық – мұсылман ерлер мен әйелдерге парыз. Шариғат заңдылықтары әйелдерге қатысты мәселелерде кейбір ережелер қойған. Айталық, қажылық барысында әйелдер үшін жолсеріктің болуын қажет етеді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Әйел, қасында жақындарының біреуі болмаса үш күннен артық сапарға шыға аламайды. Әйел адам қасында күйеуі болмаса қажылық жасамасын» (Бұхари, Мәсжиди-Мәккә 6, Сайд 26, Саум 67; Әбу Дәуіт, Манасик 2; Тирмизи, Рада 15; Ахмад бин Ханбал ІІІ; Әш-Шәукәни, Нәйлүл-Әутар ІҮ, 491).

Ал егер әл-ауқаты жетіп, жол қаражаты болып және өзге де шарттар орындалып жатса, бірақ қасында күйеуі, ұлы, немересі, інісі, әкесі, атасы, сүт баласы, сүт бауыры және қайын атасы сияқты неке жүрмейтін жақын адамы болмаса, мұндай әйелдерге қажылық жоғарыдағы шарттар орындалғанға дейін парыз болмайды. Десек те алдағы жылдары осы айтылған жақындарының бірі қажылыққа барып, оны да бірге алып кетуге келіссе әйелге сол жылы қажылық парыз болады. Бірақ, шарттар орындалмай жатып өмірден өтіп кетсе қажылық мойнынан түседі.

Шафиғй және Маликилердің пікірінше әйел, сенімді (әйел) серіктерімен қажылық міндетін орындауына болады. Тіпті Маликилер бұған сенімді еркек, әйел аралас топтарды да жатқызады. Әйел олармен бірге қажылыққа баруына болады. Бұлар «Ол жерге баруға шамасы келетіндердің барлығына, Аллаһ үшін Қағбаны зиярат қажылық жасау парыз» (Әли Имран сүресі, 97-аят) деген аяттың жалпы мағынасына сүйенеді.

Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелге туысқандарының бірін ертпей сапарға шығуына тыйым салғандығын айтқан кезде бір адам орнынан тұрып:

– Уа, Аллаһтың Елшісі! Әйелім қажылық сапарына шықты. Мен пәленше жиһадқа жазылдым, – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.у.) былай деді:

– Бар! Әйеліңмен бірге қажылық жаса! (Бұхари, Никах 111, Жихад 140,181; Муслим, Хаж 424).

Қажылық жасайтын әйел ажырасқаннан кейін немесе күйеуі дүние салғаннан соң ғиддәт мерзімінде (төрт ай күтетін уақыт) болмауы керек. Ислам діні қарт адамға немесе күйеуінен жаңа ажырасқан әйелге сол жылы қажылық жасауды міндеттемейді. Өйткені, ғиддәт, яғни күтетін уақытының мезгілін ауыстыру мүмкін емес, ал қажылықты бір жыл кейінге қалдырып, өтеуге болады.

Көпшілік ғалымдардың пікірінше күйеуі, әйелінің парыз қажылығына кедергі жасай алмайды.

Қажылық немесе умра жасау үшін ихрамға кірген әйелдер өз киімдерін шешпейді, еркектер сияқты басы мен аяқтарын ашпайды. Тек жүздері ғана ашық болады, тәлбиә (ләббәйк дұғасы) айтқан кезде дауыстарын көтермей айтады.

Хайз немесе нифас кезінде жүрген әйелдер де ихрамға кірген кезде тазару мақсатында бойдәрет (ғұсыл) алған сүннет. Хадисте: «Хайз немесе нифасты әйелдер бойдәрет (ғұсыл) алып, ихрамға кіреді және Бәйтуллаһты тауаф етуден басқа қажылықтың барлық шарттарын орындай алады» делінеді (Тирмизи, Хаж 98; Әбу Дәуіт, Манасиқ 9; Ахмед бин Ханбал І, 364).

Қажылықтың соңында Минада шайтанға тас лақтырғаннан кейін еркектер Меккенің айналасында айттың үш күнінің бірінде шаштарын алдырып немесе қысқартып ихрамнан шықса, әйелдер шаштарының ұшынан аздап қана қиып ихрамнан шығады.

Әйелдер тауафтың алғашқы үш айналымында және сағи кезіндегі екі жасыл түсті діңгектің арасында ерлер сияқты жүгіріп өту шарт емес.

 

                 Ырымды шариғатпен шатастыруга болмайды!

Аллаһ Тағала адамзатты жер бетіне халифа етіп жаратты. Оған «ақыл, сана, жүрек, көңіл, ұждан» деген ұлы нығметтер берді. Адам баласы осы нығметтер арқылы жақсы мен жаманның, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажыратып, ойланып, шешімін табуы керек. Алайда, осы мәселелерде көбінесе әйелдер жағы осалдық танытып жатады. Өйткені олар ерлерге қарағанда, сезімтал әрі нәзік көңілді, лезде сенгіш келеді. Әсіресе, ырым-жырымдарға тез алданғыш келеді. Негізінде ырым-жырымды талқыға салып, байыптап қарайтын болсақ, олардың ешқандай негізі жоқ, түсініксіз, пайдасыз екенін аңғарамыз. Алайда, оған ешкім басын қатырып жатпайды. Бұрынғы жолды жалғастыра береді. Ал, бұл нәрселер біздің өмірімізді де, санамызды да улауда. Мұндай ырым-жырымдар мен әдеттерге Ислам не дейді? Мұндайда мұсылман әйел қалай қарекет етуі керек?..

Әрине, сондай ырым-жырымдар мен әдеттердің барлығын қағаз бетіне тізбектеп сыйдыра алмасақ та, мүмкіндігімізше бірнешеуіне тоқталып, Ислам пікірі бойынша жауап берейік:

Тұмар тағу– бұл көптәңірлі діндерде кездесетін жайт. Мұсылмандар Аллаһтан басқа ешкімнен, ешнәрседен жәрдем сұрамайды ондайларға әсте табынбайды. Әр түрлі заттарды киелі санап, қасиет арту Аллаһқа серік қосумен тең. Сондықтан тұмар жасау, тағу, оның түрлі бәлекеттерден қорғайтынына сену, көмек күту, мұсылманға жат қылық. Қасиетті Құранда: «Сондай-ақ, кім Аллаһқа серік қосса, расында жала жауып, үлкен күнәға ұшырады» (Ниса сүресі, 48-аят) деп бұйырса, Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Тұмар таққан адам серік қосқан болып саналады» деген және тұмар тағуды лағнеттеген (Мүснәд 4/ 156; Әбу Дәуіт 3/4222; Тирмизи 24/2073). Ал, көз тимеу үшін Аллаһ Елшісі: «Әрбір іс Аллаһтың қалауымен болады. Күш-құдірет Аллаһтан» деп айтуды бұйырған (Әл-Хинди, Кәнз 6/746).

Әруаққа сыйыну. Әруақ рух деген сөздің көпше түрі. Ол жан деген мағынаны білдіреді. Алайда, әруақ қайта дүниеге келіп, адамдарға көрінуі мүмкін емес. Әруақ келіп, аян берді деген нәрсе бос сөз. Бұл сөзімізге дәлел Пайғамбарымыз «Бәдір» соғысынан соң кәпірлердің өліктерінің қасына барып: «Қалай, Раббыңыздың сендерге айтқанының дұрыс екенін көрдіңдер ме?» – дейді. Сонда Сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Бұл өлген адамдар сізді ести ме?» – деп сұрайды. Ол: «Менің айтқандарымды олар сендерден де жақсы естиді, бірақ жауап бере алмайды», – дейді (Мүслим, Жәнайз 26). Олай болса, тіпті Аллаһтың Елшісіне жауап қата алмаған әруақтар, жай адамдарға қалайша тіл қатсын?..

Балгершілік өз күш-қайратына сенбеген, тәңірсіздік не көптәңірлік қоғамда орнығатын аса қауіпті, әлеуметтік кесірі бар әрекет. Ғайыпты, болашақты тек бір Аллаһ қана біледі. Мұны санамыздан шығармауымыз керек. «Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Аллаһ толық білуші, хабар алушы» (Лұқман сүресі, 34-аят); «Әй, Мүміндер! Арақ, құмар, пұттар және бал ашатын оқтар лас шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыласыңдар!» (Мәйда сүресі, 90-аят).

Балшылардың айтқандары жүз пайыз дәлме дәл ешқашан келген емес. Ал, мұндай нәтижелер онсызда рухы ашыққан, әлсіз тұлғалардың сенім бағытына балта шабары хақ.

Жол ашу, шанс, сәтсіздікбұл да жоғарыда атап өткен ырымдардың бірі. Ислам келуімен жойылған мәселе. Құран Кәрімде: «Байқаңдар! Олардың сәтсіздіктері Аллаһ тарапынан. Бірақ олардың көбі білмейді» (Ағраф сүресі, 131-аят). «Олар біз, сен және сенімен бірге болғандардың салдарынан сәтсіздікке ұшырадық деді. (Салих ғ.с.): «Сәтсіздіктерің Аллаһтың қасында, негізінде сендер сыналатын елсіңдер» деді» (Нәміл сүресі, 47-аят).«Елшілер сәтсіздіктерің өздеріңмен бірге, өз қылықтарыңнан. Берілген үгітті ырым қыласыңдар ма? Олай емес, Сендер шектен шыққан елсіңдер деді » (Ясин сүресі, 19-аят).

Демек, алдыңнан мысық өтсе жолы болмау, сыпырғыны тік қойса жақыны қайтыс болу, сейсенбі күні немесе күн батқанда біреуге ақша не бір зат берсе ризығы азаю т.б. осы сияқты ойдан шығарылған ырымдардың барлығы бұрыс әрі мұсылмандыққа жат іс-әрекеттер. Өйткені, Исламда тағдырға сену мәселесі бойынша барлық жақсылық пен жамандық тек қана Аллаһтың қалауымен болады. Мұндай әрекеттердің дауасы – тәуекел иесі болу. Хазірет Пайғамбар бұндай жағдайда «Аллаһым! Жақсылық Сенен келеді, бәлекеттерді де жоюшы Өзіңсің. Барлық күш-құдірет тек Өзіңде» деп айтуды насихат еткен (Әбу Дәуіт, Тиб).

Исламият адам баласының жаратылысына сай келетін, жағымды әрі пайдалы әдеттерді емес, керісінше надандықтың сарқыншағы болған қате түсініктер мен ырым-жырымдарды жойған. Қоғамда жоғарыда аталып өткен ырым-жырымдарға көбінесе, сенімі, иман-ғибадаты әлсіз немесе мүлдем жоқ адамдар ұшырайды. Ал, адамды негізсіз сенімдерден сақтайтын «дін» екенін ұмытпайық ағайын!..

Рысбекова Жайна Сапарбекқызы

Араб тілі маманы, дінтанушы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑