banner-top12

Сұхбат no image

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2011 | 743 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы: ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚАРЫЗЫН ӨТЕЙІН ДЕП…

– Жәди, аға, жақында ғана Астана қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық кітапханада «Ақбалапан» атты кітабыңыздың тұсаукесері өтті. Бірнеше мысал әңгімеңіздің оқулықтарға кіргенін де білеміз. Жалпы қазақ әдебиетіне «Қаралы көш» сынды қомақты еңбек берген қаламгердің балаларға бет бұруына не себеп болды екен?

Пенде баласы балалық шақсыз болмайды. Адам балалықтың базарынан жиғанын өміріне азық етеді. Тіпті бала жанарындағы әлемнің жүректің терең түкпіріне мәңгілік жасырынып сол тап-таза күйінде сақталатыны да аз болмайды. Уызға жарып өспеген қатпа қозы қой болып жырғатпайды. Ұясында анасының ұшуына еліктегмеген бала құс та бірден биікке самғай алмайды. Өзің бала болғасын, жасыңа жас қосылуына байланысты баланың ағасы, әкесі, атасы дегендей ұрпақ жалғастығының биігіне көтерілген сайын бәрі бір өзіңнен кейінгі жас буын алдындағы қарызың қалыңдайды. Мен де сол қазақ балаларының қарызын өтейін деген ниетпен қолыма алғанмын. Әсіресе, еңбек жолын мұғалімдіктен бастауым, тілші-редактор болып жұмыс атқаруым, әке болып бала көңілін табуға тырысуым әлгі ойыма қанат бітірсе керек. Тындырғаным тырнақтай болса да, тауға қарап талпынатын балаларша өз ертеңім болған – ұлт болашағын биіктен іздегім келеді.
Біреулер балалар әдебиетін «оңай», біреулер «қиын» санайды. Сізше бұл жанрдың ыстық-суығы қалай?
Сұрағың орынды. Оның жауабы да сондай, оны «оңай» десең оңай, «қиын» десең қиын. Оңай болатыны кез-келген қаламгер балаларға арнап бірдеме жазғысы келеді, жазады да. Ал қиыны – сол жазғанының шынында да балалардың жасы мен ойлау жүйесіне үйлесетін, олардың қабылдауына оңай дүние болған-болмағанында.
Осы арада ендеше бүгінгі біздің балалар әдебиеті осы сауалға жауап бере ала ма жоқ па деген сұрақ өздігінен туындайды. Сізше…
Баяғы Бердібек Соқпақбаев заманынан бері, Тұманбай, Қадырлардың төңірегінде балаларға жеңіл талай дүние туып еді. Әсіресе біз жек көріп, келмеске кетуін тілеген Кеңестер одағының бақытын қаламгер қауымы да көп көрсе, сол қазынадан балаларда құр қалған жоқ. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиет түгілі нан тауып жеуді басты қам еткен қаламгер қауымы бір мезгіл қауқарсыз күймен қатты есеңгіреді. Балалардың қамы түгілі қара басын базарға салушылар көбейді. Әдебиет күн көру бағытына көбірек мойын бұрды. Балалар әдебиеті сынды «саудалық түсімі аз» жұмыстарға екінің бірінің бұрылғысы келмейді. Сөйтіп балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан базарлық барымтаның құрбаны да балалар болды. Тіпті осы күнге дейін қаланы айтпай-ақ, шалғай ауылдарға ат ізін салып, ондағы балалардың тұшына оқитындай дүние таба алмай жүгенін көргенде қарныңыз ашады. Барды бағамдаған күннің өзінде Астана, Алматы, Шымкент сынды орталық қалаларда ғана базарланатын балалар басылымы алысқа жетпейді. Тауық қораның төңірегіндегі балапандар дән тергенде, торғайлардың ағаш басынан көз сататыны сияқты бір кезеңдеміз. Әуел десеңіз бастауыш-орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтар ішінде «қырып-жонып» тастайтын талай артық нәрсе бар.
Ол қандай нәрселер, ашығын айтсаңыз?
Айталық ақын-жазушысы «атақты» болғанмен жазғаны көңіл жықпас, «атақсыз» талай шығарма бар. Балалар жаттай алмайды, жаттасада жадына сақтай алмайды. Тіпті не екенін түсінбейді. Кейбір шығарманың аты немесе кейіпкері бала, қалғаны бала емес «пәле» – үлкендердің дүниесі. Кейбірі «бармақ басты, көз қыстымен» жүлдегер де атанып үлгерген. Шебер қасапшылар мал сойғанда қолын қол, бұтын бұт қылудың сыртында, мал денесіндегі артық бездерді де түк қалдырамй сылып тастайды. Біздің оқулықтарға да шебер «қасапшы» керек.
Осы жауабыңыздан бүгінгі қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті өз орнын ала алмай жүген жоқ па деген ой туады екен. Шынында солай ма?
Бұл мәселе айтылмай жүрген жоқ. Мен білетін Бауыржан Оспанов есімді бір жақсы азамат бар. Жалпы өнерді, спортты, соның ішінде қаламгер қауымды ерекше бағалайды. Сол азаматтың демеушілгімен Қазақстан Жазушылар одағы жыл сайын «Дарабоз» атты балалар шығармаларының байқауын өткізіп келеді. Бірақ сол бағаланған шығармалардың шын дарабоз болған-болмағанын біз емес, балалар бағамдауы керек еді. Қалай болған күнде бұл игі шара жалғасын тауып, Бауыржандлай бауырмал азаматтар көбейе берсе, елдің ертеңгі иелерінің қолына да жақсы дүниелер тиеді деп ойлаймыз. Ал біздің құзыретті органдардың алдында да кезек күттірмей шешуді қажет ететін осы мәселенің тұрғаны өтірік емес.
Сіз айтып өткен аты балалар шығармасы болғанмен заты балаларға арналмай қалатын кемдігімізден басқа балалар әдебиетімен айналысушылардан нені талап етер едіңіз?
Балаларды тәрбиелеудің педагогикалық және писхологиялық әр түрлі әдіс-амалдары көп. Ал педагогика мен писхологияны білмеген, баланың жанын түсініп жетпеген қаламгердің балалар әдебиетінде бағы жанатынына күмәнім бар. Жаһандану үрдісі барша ғаламды жалпақ табанының астына сала бастаған мына күнде ұлтымыздың бойындағы асыл қасиеттерді ұрпақ жалғастығы арқылы адамзаттың ізгі кәдесі ету барша қаламгердің міндеті. Олай болса біздің баларымызға да бабаларымыздың ерлігі, ізгілігі, бауырмалдығы, тазалығы сынды сан түрлі дағдылы өнегесі керек. Сол үшін де балалар әдебиеті өзге тілден аударылғандай қатып қалған үлгіде болмай, ұлттық болмысымызға барынша жақындауы қажет. Оқып отырған баланы желпіндіретін, қызықтыратын, қазақ екенін, түркі мұсылманы екенін еске салатын, мақтаныш сезіндіретін Махамбетше асау ерлікке, Мағжанша отты ойларға бастайтын дүние керек. Өз бойымыздағы ең асыл дүниелерді ұрпақ қанына таза қалпында жеткізе алсақ, ертеңгі ел мен жердің иесі алаңсыз өмір кеше алатын болады. Олардың отаншыл, еңбекшіл, таза ар-иманды, мол ақыл-білімді ұрпақ болып жетісіп шығуы үшін әдебиетіміздің ақ таңының алғашқы сәулесі де солардың жүрегіне жылу сыйлауы керек.
Ел болып жер болып балалар әдебиетін бағамдағанда ғана саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелей аламыз демекшісіз ғой.
Әрине, қазақта «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «баланы бастан» деген секілді бағалы сөздер көп.
Біздің елдегі балалар басылымының саны мемлекеттік қолдау арқылы кемінде 10 мың таралыммен тарауы керек. Балалар жазушылары мен олардың шығармасын бағалау да ұлт ертеңіне саятын ірі істер санатында болуы қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей балапан күйіндегі көшетті түзетпеген адам, қисық қарағай мен қайыңды ешқашан түзете алмайды. Ауылға барсаңыз сусап отырған қазақ баласын көресіз. Сусынын қандырып берудің міндетін тарих бізге жүктеп отыр. Олай болса өз парызын ада етіп кеткен ата-бабамыздың асыл мұрасын ұрпақтарға аманттауда біздің мойнымызда да қашып құтыла алмас жүк барын білуіміз керек.
Бұдан кейінгі жеке шығармашылығыңызда балалар әдебиеті ұмытьлып қалмаса екен…
Бізден бұрынғы өткен қаламгерлерде жұмыстық және тұрмыстық қажеттлік үшін балалар әдебиетіне барғандар көп болған. Дегенменде «көпірден аман өтіп алған» соң, «таяғын» лақтырып тастаған талайы бар. Өз басым жеке мұқтаждықтан емес, балалардың қажеттілігі үшін ерікті қалам тербеушімін. Сол үшін де менің шығармашылығымның бір бостығын осы балалар әдебиеті толықтырып тұрады деп ойлаймын. Үйіңде бала, көршіде бала дегендей қайда жүрсеңде алдыңнан қазақтың қара шұнақтары жылтыңдап жүрсе болды, олардың қарызын қалай ұмытасың!
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ұларбек Дәлей

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑