banner-top12

Руханият Природа, горы, озеро.

Қосқан уақыты Қараша 8, 2017 | 424 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫНДАҒЫ ТҰЛҒА БЕЙНЕСІ – КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕ

(Мақала Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық бағдарламасы негізіндегі Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының  «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» тақырыбындағы жобасы бойынша жазылған.)

ҚоспағароваӘ.Қ.

Қазмемқызпу, Өнер және мәдениет факультеті,

Мәдени бұқаралық жұмыстардың теориясы мен әдістемесі

кафедрасының аға оқытушысы, магистр

Ұлттық сөз өнеріндегі өзекті тақырыптардың бірі – заман және адам. Жазушы өз заманының бейнесін шынайы суреттей отырып, өз туындысындағы заман адамының өзі өмір сүріп отырған қоғамға қатысын, көзқарасын, ішкі әлемін бейнелейді. Қоғам және заман ұғымдары көркем шығармада екі түрлі мәнге ие. Бірі – саяси, екіншісі – көркемдік-эстетикалық.

«Ақ Орда» романын оқи отырып, әдебиеттегі «қоғам» ұғымының саяси сипат ала бастағанын көреміз. Ол орынды да. Себебі, қазіргі қоғамдағы өзгерістер де басқаша сипат алуда. Қай дәуірде болмасын ондағы ірі тарихи оқиғалар әуелі оның әдебиетінен көрініс табады.

Елдігіміздің еңсесін көтеруі, оның тәуелсіздіктен кейінгі беделі мен абыройының әлемдік деңгейде танылуы бүгінгі күні баршамызға бұқаралық ақпарат құралдарынан да, баспасөзден де таныс. Дегенмен, жеке тұлғаның, оның ішінде Елбасының өзіне тән қасиеттерімен дараланатын тұстарын «Ақ Орда» сынды алып туындымен көрсету автор үшін оңай болмағаны анық. Оның шындыққа қаншалықты жанасымды екеніне де автор оқырман көзін әбден жеткізеді. Әркімнің осы уақытқа дейінгі көкейінде жүрген сұрақтарға жауап береді.

Д.Досжанның «Ақ Орда» романындағы бас қаһарман – Нұрсұлтан Әбішұлы. Қаламгер оның бейнесін сомдауда өзге кейіпкерлердің барлығын артқы фонға қояды. Яғни романда оқиғаға өзге кейіпкерлер мен олардың іс-әрекеті бас қаһарманның бейнесін ашу үшін қатысады.

Романда бас қаһарманның бейнесін толық ашатын тұстар өте көп. Олар көбінде жинақталып барып бір образды құрайды. Жазушының бас қаһарман жасаудағы бір ерекшелігі – оны өзі өмір сүріп отырған қоғаммен бірге суреттейді, сол қоғамдағы оқиғалар арқылы оның ішкі тұлғалық бейнесін ашады, өзін қоршаған адамдар арқылы оның бүкіл қасиеттерін танытады.

Романда алғаш көзге түсетін кейіпкердің бірі – бала Нұрсұлтанның ұстазы Тәкура. Автордың оны алғаш суреттеген сәті романда былай беріледі: «Нұрсұлтанның көз алдына алғашқы әліппені, әріпті үйреткен тұңғыш ұстазы – Тәкура, бейне, қараңғы үй ішіне шырағдан жағып жібергендей елестеуші еді. Әрі өңді, әрі әппақ бал құрақтай келіншек есікті ашып жіберіп, бөлмеге кіріп келгенде, өзгеге қайдам, бала Нұрсұлтанға, бейне жап-жарық сәуле бөлме ішіне құйылғандай сезілетін. Шәкірт біткен дүр етіп орнынан көтерілетін. Парта, орындық теңселетін. Әлгі сәуле алтын нұрға айналып, сыртынан қара ағаш көмкерген шағын терезелі күңгірттеу бөлмені кезетін де жүретін. Кезіп жүретіні – Тәкура апайы ешқашан бір орнында отырмайтын. Аяқ басқаны білінбей парта арасымен жылжып, бірде есік жаққа, келесіде тақта ілінген төр жаққа шығып сынапша сырғитын. Қағазға тұқшыңдап әлдене жазып отырған кішкентай Нұрсұлтанның басынан сипайтын. Апайының алақаны жып-жылы. Жылы алақан тиген кезде тұла бойынан шуақ өткендей, ерекше бей-жай күйге түсіп, рахаттанып қалушы еді» [1, 11].

Жазушы алғашқы ұстаз бейнесін бала Нұрсұлтанның өміріндегі алғаш шырақ жаққан адам ретінде суреттейді. Оның айтқан насихаттары мен ізгілікке жетелейтін  сөздері үлкен өмірге бірте-бірте қадам басып келе жатқан бала үшін алғашқы баспалдақтар секілді болатын. Сол ұстазының бейнесін бала Нұрсұлтан жадынан мәңгі шығармауға бел буды.

Тәкура ұстаздың тағы бір ерекшелігі ол көп оқушының ішінен Нұрсұлтанның даралығын, өзгелерге ұқсамайтын қасиетін бірінші боп таныды. Оның болашағынан көп үміт күтті әрі үмітінің орындалатынына сенді.

Бала Нұрсұлтанға ұстазы тек ұстаз емес, екінші анасында көрінетін. Оның тұла бойынан жылылық лебі есіп, өзіне еріксіз баурайтын. «Жаңа байқады. Күлген кезде аққұба бетінің етегіндегі сүт шұқыры ойылып, ажарланып кетеді екен. Қияқтай қасы ұшатын құстың қанатындай. Серпіліп, секіреді. Көз жанары жіңішкере түседі. Ұшы кертіш, ұзынша танауы қырланады. Жайлап басып келіп шеткі партада отырған кішкентай Нұрсұлтанның басынан сипайды. Алақаны мақтадай үлпілдейді. Әлгі алақаннан тұла денесіне кісіге деген ұлы ізет, мейірім, ықылас, пейіл, «болсын» деген ізгі ниет, аналық шуақ, әпкелік ықылас толқын-толқын жүгіріп, лекіп өткендей болады» [1, 14].

Романдағы бас қаһарманның өмірлік жолында бас ұстазы болған оның әкесі еді. Нұрсұлтанның әкесі Әбіш өте қарапайым, еңбокқор жан. Адал еңбек етіп, әрі тапқан табысын да адал жейтін адам. Бала Нұрсұлтанның өмірінде оның рөлі зор болды. Ол әуелі баласын еңбекқорлыққа үйретті, тынымсыз еңбектің арқасында өмірдің өзімен күресуге шыңдады.

Романдағы әке мен баланың бірлесе жұмыс істеп, тынымсыз еңбек етуіне мына бір үзінді дәлел бола алады: «Қарап тұрып әке тірлігіне қайран қалады ғой. Бұл тас тереді, әкесі әлгі тастарды қаластырып науа іспетті етіп өріп шығады. Арасына топырақ төгеді, майда қиыршақпен шегендеп бекітеді. Әке мен бала түске дейін жиырма метрдей көтерме арық орнатады. Қайла, күрегін тастап, «уһ» деп жан шақырып қайтуға аяңдап үйге келеді» [1, 27].

«Ертесіне де сол. Әке мен бала ұшқасып-тіркесіп біреуі қайла арқалап, біреуі күрек ұстап ойпаңда асау толқынын тасқа ұрып ағып жатқан өзен табанына түседі. Шақ-шақ, тық-тық құлақты жейді. Жайпауыт тұсқа келгенде төменнен тас теріп, қаластырып, үстін қобылап науа көтереді. Жар қабырғаны үңгіп ойып арық қазады. Апта аяғында діттеген иін қолтыққа арықты созып жеткізеді. Енді сағаны ашу қалды. … Ақырында әкесі мұның қолына қалақ басты кетпенді ұстатады: «Балам, арық сағасын ашып көр, абайлап, жайлап боста суды» дейді [1, 28].

Ал Нұрсұлтанның шешесі Әлжан ерекше мейірімді, қамқор, баласына аяушылық сезімі басым ардақты ана. Әбіштің баласын аямай жұмсайтынына анасы Әлжанның жаны ашиды, баласын ерекше аяйды. «… Қайдам, демалам ба деп келген баланың алақанын ойып, тас тергізіп, ит рәсуасын шығарғаныңа налимын ғой!» [1, 27].

Романда аса сөз етіле бермейтін бір кейіпкер бар. Ол бала Нұрсұлтанның әжесі – Тәтебала. Бұл кейіпкердің образы романда айқын емес. Бірақ оның немересіне қатысты мына бір сөзі оның бүкіл романға жүк боларлық салмағын көрсетеді, өзінің де қандай жан екенін аңғартады: «Тұқымымды жалғайтын жарығым… Қарасайдың жетінші ұрпағы өзіңсің, бойыңда ешкімге белгісіз әлемет құйын сол батыр бабаңнан қалған. Ешкімге кеудеңді бастырмай, байрағыңды көтере ұстап, өз бағытыңды өзің түзеп, өз тағдырыңды өзің құрастыр, қарағым!» [1, 25]. Міне, романның ең керемет тұсы да Тәтебала әженің  осы бір сөзінде. Осы айтқандары романның әрі қарай қалай өрбитінінен, бала Нұрсұлтанның кейін қандай жетістікке жететінін әлдеқашан аңғартып тұрғандай.

Өзге кейіпкерлерімен қатар, автор бас қаһарманын да үнемі  суреттеуді де бір сәтке ұмытқан емес. Романда оның қатарластарынан ерте есеюі, ақылдылығы мына бір үзіндіде анық көрінеді: «… Денесі ірі бола ма, жасына қарамай соқталдай болып өсіп қалыпты. Қол алысып амандасқан кезде алақанына мүйіз сүйелі батты. Қою қасы жанарын кең ашқан мезет серпіле көтеріліп айрықша сұс танытты. Жазық маңдайы, ортасынан жарылып екі жағына қайрылған мойылдай қара шашы, жағасының түймесі салынбаған, көйлегінің жеңі түрілген  жастығы болмаса, баяғының апай төс аңғал батырларын елестетті. Тіл көзден аулақ болғай деп іштей тәубалады, тірі болса бұл бозбала бір жерден тесіп шығайын деп тұр.  Мұның жасындағылар көжесін жылап әрең ішеді, ата-анасының мойнына масыл боп әлі жүр, ал мына бала таудың тасын теріп, шалғынын шауып, тобылғысын бұтап еш тыншығар емес. Көзқарасы орнықты, сөзі түйеден түскендей [1, 31].

Д.Досжан романындағы жаңа заманның жаңа адамы шынайы көрініс табумен қатар жауапты істің, қажетті ерліктің адамы. Оның бас қаһарманы көркем шындықта ғана өмір сүрмейді, ол кәдімгі қоғамда өмір сүріп жатқан шынайы бейне. Ол үшін романды оқу жеткілікті. Романның өн бойынан көркемдіктің шеңберінен гөрі жазушының шынайы өмір құбылыстарын алғанын көруге болады. Жазушы үшін замандас бейнесін сомдаудағы қиындық та оның өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруы болса керек.

«Шүкіршілік, осы жаз ұлдың сүйегі ірілеп, алпамсадай, апай төстеніпжетіліп қалғаны көз сүрінтеді. Тауып сөйлейді. Тіл-көзден аман болғай, әйтеуір, көз жанарының оты мол, қап түбінде жатпайтын алмас кездік секілді ойда жоқта сөзімен де, оқыс мінезімен де кісіні түршіктіре жүреді. Әйтеуір тезек дүниенің қиқымын қапқа жиған көптің бірі, қолдың кірі емес екендігін әлме-әл сездіреді» [1, 35]. Романда осы тәрізді суреттеулер молынан кездеседі. Автор өзге жанама кейіпкерлерден гөрі бас қаһарманның бейнесін сомдауға көбірек көңіл бөлгендігін көреміз.

Уақыт өте келе әр шығармадағы жаңа адамның образы әр қырынан танылады. Әсіресе, біз қарастырып отырған романдағы бас қаһарман дәл қазіргі заманның «жаңа адамы». Өмірде бар, халық көзбен көріп отырған тұлға.  Ондай тұлғаны бірден көркем шығарма кейіпкері ету әлбетте оңай емес. Замандас бейнесін сомдауда қаламгер бас кейіпкердң әлеуметтік рөліне, психологиялық қасиеттері мен рухани-адамгершілік ізденістеріне, тұлғалық бейнесіне, қоғамдағы рөліне айрықша көңіл аударған.

Заман сипаты, қоғам салтындағы өзгерістерге сай көркем әдебиеттің қаһарманды бейнелеу принциптері де өзгеріп отырады. Жазушы кәдімгі жатық әдістерден гөрі, қаһарман бейнесін сомдауда өзгеше әдістерді қолдануға тырысады. Мәселен, «Ақ Орда» романында автор бас қаһарманды өзі өмір сүріп отырған ортадағы ірі өзгерістердің себепшісі, тұтқасы ретінде алады да, өзге кейіпкерлерді де, оқиғаларды да соның айналасына топтастырады. Оның басты объектісі бас қаһарманның негізгі образын жасау, соны сомдау.

Романда ерекше сомдалған образдардың бірі – Сараның бейнесі. Оның бейнесін сомдауда автор біршама ізденіске түскен. Кәдімгі сұлулардың бейнесін жасағандай емес, басқаша: «Бойжеткен қысыла-қысыла отырып әлгі пікірін әзер айтты. Әбіштің іші жылып қалды. Жылығаны – қабағы жаңа туып келе жатқан ай секілді, көлеңкесіз, қалтқысыз сөйлейтін божеткеннің ұлына деген ілтипаты, сезімі ерекше секілді. Сыртынан сөз айтқанның өзінде ұят сызығынан аттамай, тымпи ойнағандай, ішкі қазынасын ашпай, сауалына жауап беріп қана отырғаны керемет. Әйел затының талайын көріп жүр. Бетінің жылтырына мәзденіп, я аспандап жүруге әуестенеді, я қолы ашық, болашағы бар-ау деген жігітті құшағына түсіруді көздейді» [1, 89].

Романда бас қаһарманның образын сомдауда да ерекшелік бар. Оны автор көбінде кейіпкерді өз сөзі, ішкі толғанысы, психологиялық жай күйі арқылы беруге тырысқан. «…Тәуелсіз мемлекетпіз.Жас ұрпақты ұлттық рухта, патриотизм дәстүрінде тәрбиелеудің кілттері неде? Ертеңгі күні пружинасы, азаматтық көзқарасы берік болмаса, «отанға деген сүйіспеншілік», «перзенттік парыз» дегеннің бәрі айтыла салған бос сөз боп қалады» [1, 211].

Романда сөз болатын тағы бір мәселе – елбасының көрегенділігі мен ерекше қасиетінің сөз болуы. Ол шығармада Пәкістанның Премьер Министрінің Қазақстан президентімен кездесіп шыққаннан кейінгі алған әсері туралы жазған күнделігінен үзінді келтіру арқылы беріледі: «Жанарының жай оты бар ма деп қалдым. Президент қалай бұрылса да, сізді көріп-біліп тұрғандай сезіледі. Келесі қабырғаға, мүлде өзге нәрсеге бұрылсадағы ту сыртмен-ақ көріп тұрғандай, денесімен… үшінші көзбен… бәрібір сізді тауып алып, бақылап тұрғандай сезінеді екенсің. Мұндай үшінші назар ұлы художниктерде болушы еді» [2, 186].

Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халықтың басын біріктіріп, тұңғыш елбасы болған Н.Әбішұлының бейнесін барынша шынайы суреттеді, оны қазіргі қоғамнан тыс әкетпей, керісінше сол қоғаммен тығыз бірлікте қарай отырып, күні кеше ғана ел басынан орын алған елеулі оқиғалар арқылы оның образын жасап шығарды. Ең қызығы, елбасының романдағы бейнесі мен шынайы өмірдегі бейнесін бір-бірінен алшақтай қоймаған. Мұның өзі жазушының жасампаздыққа емес, шынайылыққа ұмтылысының көрінісі болса керек.

Автор романда сомдаған бейне  – елбасының бастауымен қазақ елі әлемге танылып, әлемдік аренадан өз орнын алады. Елдігін көрсетті, ерлігін танытады. Бір жағы қаламгер осы роман арқылы тәуелсіздікке қол жеткізуді мүмкін емес санағандардың өзегіне өрт болған, олардың жалған сенімін жоққа шығарған тұлғаның алға бастау қабілеті мен ел басқарудағы шеберлігін қарапайым халық санасында өшпестей із қалдыратынына оқырманның да көзін жеткізеді.

Арқалаған дүние жайлы бұла мұң, жүрегiне жағып Прометейдiң от-шырағын, жастарды қалғытпай, қарттарды алжытпай, сананы сiлкiп, түйсiктi түртiп дабыл қаққан, көкiректiң көзiн ашқан, өнердiң өрiнде өскен, философия патшалығында өмiр кешкен, адамзаттың қамын жеген, адам үшiн құрбан жаным деген, заманға заңғар мұзарттан қараған, айтқан сөзi әлемге тараған менiң гимн-ұраным, даңғыл-дауылпаз үш қанатты қыраным!… Әлемдi шарлап, ақыл-ойыңмен барлап, шарықтап шалқып ұша бер талмай, рухы тектi, үш жүректi, құдiреттi үш қанатты, Қыраным!» [3].

Бұл толғаныстың қаншалықты жүрекжарды екені айтпай-ақ белгілі. Елбасына мұншалық сүйсіну, алғыс айту автордың да адам тану қабілеті мен адамгершілігінің асқақтығын танытса керек.

«…Елордамыз Астана әлемдiк гуманизмнiң кiндiк төрiне айналып бара жатыр. «Дағдарыс жайлы толғаныс» – деген өлеңiмде:

…Кiлт бiреу өмiр сүретiн,

Достасып әлем жаңылмас.

Назарбаевтай еркiн бiлетiн,

Әзiрше дана табылмас, – дегенiм де бүгiнгi өмiрдiң бiр көрiнiсi…

Назарбаевтың елдi барынша ұзақ басқаруына қай жағынан да жағдай жасау арқылы бiз Қазақстанның кемел келешегiне, берiк болашағына жағдай жасаймыз, әрқайсымыздың еңселi ертеңiмiзге негiз қалаймыз. Тiптi, әйтеуiр сайлау өткiзу керек қой дей бермей, елдi әуре-сарсаңға салмай Елбасының өкiлеттiлiгiн ұзартудың заң шеңберiндегi қандай жолдарын болса да қарастырудың артықтығы жоқ дер едiм…» [4].

Сонымен, Д. Досжанның «Ақ Орда» романы бүгінгі қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, әлі ізі суымаған тарихты арқау еткен алып туынды деп айтуға әбден лайық туынды. Романды тудырған заман талабы. Сол заманда өмір сүріп жатқан замандас бейнесі тек көркем кеңістікте ғана өмір сүріп жатқан образ емес, шынайы өмірде де аты тарихта алтын әріппен жазылатын кемел тұлғалардың бірі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Досжан Д. Ақ орда. –Астана: Елорда,2005. – 528 б.
  2. Ақыш Н. Д.Досжан шығармашылығы жайлы. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. 2001-2011.- 640 б.
  3. “Үш қанат” (философиялық поэма), “Айқын”, 1 мамыр, 2010 ж.
  4. “Елорда – Елбасының еренғайып ерлiгi” // “Егемен Қазақстан”, 17 маусым, 2009 ж

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑