banner-top12

Оқырман хаты Фаузия

Қосқан уақыты Қазан 14, 2013 | 956 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЖАҚСЫ ҰСТАЗ –  ШАМШЫРАҚ

 

Саметова Фаузия Төлеушайыққызы, Қайнар университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы (2012 ж.), қазақ мектебінің 3, 4, 7, 9 сыныптарына арналған «Орыс тілі» оқу-әдістемелік кешендерінің авторы, «Digital books» электрондық кітапхана, электронды мектеп порталының құрастырушысы, «Балдырған» мектепке дейінгі интерактивті бағдарлама авторы, «Қайнар университетінің хабаршысы», «Қазақ өркениеті» ғылыми журналдарының редакторы, «Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің хабаршысы» (Қырғызстан), «Цветной мир» (Ресей), «Преподавание по всем предметам начальной школы» республикалық әдістемелік журналы редакциялық кеңестерінің мүшесі.

 

Жас жеткіншекке білімнен нәр беретін. Соңынан жүздеп шәкірт еретін. Баланың білгеніне мәз болып күлетін. Оқушысы топтан озса, бақытқа кенеліп жүретін. Өзге үшін күйетін. Мамандығын сүйетін. Үйретуден жалықпайтын. Жалақысы жетпесе де, тарықпайтын. Болар баланы сонадайдан анықтайтын. Қанша қиындық болса да, қамықпайтын. Жыл өткен сайын шарықтайтын. Ол – ұстаз.

Ұстаз болу үшін үлкен жүрек керек. Жұрттың баласын жақсы көріп, солардың болашағына сеніп, әр тентекті тәрбиеге үйретіп, олардың санасына сәуле құйып, білімнің қайнар бұлағынан сусындату әркімнің қолынан келмейді. Ол тек үлкен жүректі азаматтардың ғана қолынан келеді. Мұғалім аса жоғары сабырдың иесі болуы қажет. Ол өзі еккен білімнің жемісін жылдар бойы күтеді және сол білімнің далаға кетпеуін, еңбегінің еш болмауын қадағалайды. Қысқасы, ұстаздық екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ.

Біздің елдің қазіргі уақытта алдына қойған негізгі мақ­сат­та­рының бірі жас ұрпаққа саналы білім беріп, ғылыми технологияны игерту болып отыр. Сондықтан қазақстандық жас ұрпақ­тың кемел келешегінің саналы білім мен тағылымды тәлім-тәрбие алуда екені не­гіз­гі мақсат-мүдделердің біріне айналды. Осыған орай өскелең ұрпаққа қазіргі қоғам талабына сәйкес сапалы білім беру, оларды әлемдік бәсекеге қабілетті маман, кәсіп иесі етіп оқытып даярлау мә­селесі педагог алдындағы өзекті мәселе.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған дихан да, мал бағып терін төккен шопан да, ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан да, Фаузия ханым айтуы бойынша: өз біліктіліктілігін арттыру әр мұғалімніңбасты мақсатына айналу керек. Тек қана білімді шыңдай келе, асқақ биіктерге қол жетізуге болады.

Білім беру саласының әр сатысының қызығы мен қиынын басынан кешкен кейіпкеріміз ғылымға үлкен тәжірибе жинақтап келіп отыр. Мен білім берудің барлық сатысында қызметтер атқардым: балабақша, мектеп, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институтта – мектепке дейінгі және бастауыш білім беру орталығының меңгерушісі, интернаттық және арнайы білім беру ұйымдары орталығы меңгерушісі, білім берудің мазмұны және әдістері кафедрасында оқытушы, Ұлттық пікір-сайыс орталығының жаттықтырушы–үйлестірушісі, Қайнар университетінде – оқытушы, шет тілдер факультетінің декан орынбасары, Ғалым хатшы, проректор. Осының барлығы қара тер еңбек арқасында. Заман көшінен қалып қалмау үшін, әлі де біліктілігімді арттыру жолында қойған мақсаттарым көп.

Мақсат қоя білген – арманына жетеді. Адал жұмыс жасаған соң – еңбегің бағаланса деп ойлайсың. Отандық ғылымның ешбір мемлекеттерден кем емес екендігі ақиқат. Қазіргі таңда еңбек еткен адам далада қалмайды және мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі, соның бірі – жыл сайын өткізілетін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атты конкурс. Осы атаққа ие болдым. Марапаттар жастарды белсенділікке, іскерлікке тәрбиелейді де жетелейді, сонымен қатар, бұл оқытушыға біліктілігін арттыруға, басқа мемлекеттердің білім саласымен танысуға, білімін тереңдетуге, озық тәжірибені ендіруде мемлекет тарапынан ұсынған үлкен көмек деп есептеймін.

Осы сыйлық арқасында  Францияда халықаралық семинарға қатысып, көрші Қырғызстан Республикасының Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде тәжірибе алмасып, Ресей, Украина, Чехия, Италия  мемлекеттерінде өткен конференцияларға қатысып, білімімді жетілдірдім.

Қазіргі таңдағы алынып отырған мемлекеттік білім беру саясатының басты бағыты – адам ресурсы. Адамзат қауымын білім және ғылыммен қамтамасыз ету – қоғам дамуының негізгі мақсаты. Ғылымның әр саласында білім мазмұны мен көлемі қауырт өсіп отырған бүгінгі күні жан-жақты дамыған азаматтарды қалыптастыру. Инновациялық білім беру жүйесі арқылы интеллектуалдық ой өрісі дамыған жас ұрпақ тәрбиелеуді одан әрі жетілдіру және тарих ағымына ілестіру қағидаға айналды.

Жаhандану заманында білім алу – ғылымның іргетасы және мемлекет дамуы­ның алтын қазығы екенін ескере отырып, Қайнар университетінің  профессорлық-оқытушылық құрамы интеллектуалды азамат  қалыптастыру, қойылған міндеттер бойынша  жас­тар­дың дүние­та­ны­мын өзгертіп, олар­дың жаңаша ойлау қабілетін арттыруға, білімге деген құш­тар­лығын оятуға, отансүйгіштік қасие­тін одан әрі дамытуға, бәсекеге қабілетті азаматтар­ды даярлауға өздерінің жеке үлестерін қосуда, сонымен қатар, жастарды ел экономикасын, мәдениетін алға тартатын күш ретінде орнықтыруға да атсалысудамын.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз ал­дына дербес ел болғаннан бері білім бе­ру­дің жаңа технологиялары жаппай иге­рілуде. Осыған орай әрбір азамат ком­пьютер мен электронды құрал-жаб­дық­тарды жетік меңгеруіне, әлемдік ғаламтор жүйесіне еркін енуіне мүмкіндік жасалып жатыр. Қазіргі таңда еліміздің оқу орындарында жаңа технологиялармен оқыту жаппай қолға алынуда. Қайнар университетінде электронды оқытуға көшуге эксперимент басталу алдында екеніне көз жеткіздік. Университеттің өзінің электронды кітапханасы, электронды оқу залы құрылған. Бүкіл университетте оқытатын барлық мамандықтар бойынша оқытылатын пәндерінен әдебиет, оқулықтар электронды қорға жиналды. Қазіргі таңда планшеттер алынып, сол электронды кітапхана қорына заманауи гаджеттердің кез-келген түрінен енуге мүмкіндік әбден қарастырылған.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындап, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта, бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі», – деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, адам бойындағы ең асыл қасиеттер – ізгілік пен білімділікті қалыптастыратын мұғалімдеріміз аман жүрсін.

 Бәтима Қабдолданова




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑