banner-top12

Алыстағы ағайын Европа 2017 094

Қосқан уақыты Маусым 18, 2017 | 782 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жақсыны көрмек үшін… Норвегия және қайту жолы Голландия

(Жалғасы.)

Норвегия – Солтүстік Еуропада, Скандинавия түбегінің солтүстік және батыс бөлігінде, Шпицберген аралдары тобында, Ян-Майен аралында орналасқан мемлекет. Шығысында Швециямен, солтүстік-шығысында Финляндиямен және Ресеймен шектеседі. Батыс жағалауын Атлант мұхиты, солтүстік жағалауын Баренц теңізі, оңтүстігін Солтүстік теңіз және Скагеррак бұғазы шайып жатыр.

Норвегия аумағының 1/3 бөлігі солтүстік поляр шарында жатыр, жердің басым бөлігін Скандинавия таулары алып жатыр.

Норвегия ХІІ ғасырға дейін жеке мемлекет болып, 1997-1814 жылдары Дания қарауына еніп, кейінгі 1814-1905 жылдары  Швецияның  отары болып, тек 1905 жылғы референдум нәтижесінде өз дербестігін жариялады.  Қазіргі Норвегия құрамындағы Шпицберген аралының ерекше мәртебелік жағдайы 1920 жылы анықталды. Норвегия теңіздік шекараларының аса ұзындығымен сипатталады.

Европа 2017 087 Европа 2017 089 Европа 2017 094 Европа 2017 099

Норвегия – демократиялы конституциялық монархия болып табылатын мемлекет.

1814 жылы қабылданып, көптеген рет өзгерістер мен толықтыруларды бастан кешірген ел конституциясына сай, корольдің уысына елдің үш билігі бірдей берілген.

Министрлер кабинеті Премьер-министр мен 16 министрден құралады. Үкіметбасыға елдің атқарушы билігі табысталған. Стортинг аталатын ел парламентіне 169 депутат мүше бола алады. Корольдікте көппартиялық жүйе мықтап қалыптасқан. Корольдіктің жер аумағы — 386 960 км2 құрайды. Бұл жағынан келгенде Норвегия Скандинавия елдері ішінде екінші орында.

Норвегияның жер қыртыстарын сөз етсек, солтүстіктен басталған аласа таулар легі оңтүстікке қарай биіктеп, таулы өлкеге айналып сала береді. Мемлекеттің ең биік нүктелері — Галлхейпиген (2469 m) мен Глиттертинн (2452 m) шыңдары боп есептеледі.

Норвегияның ең ірі өзендері шығыста орналасса, батысында қысқа, бірақ ағысты өзендері ағады. Елдің оңтүстік өлкесі келбетті көлдерге бай. Дегенмен жасылмен жан бағатын елдермен салыстырғанда, Норвегияның өнім беретін өсімдіктері жоқтың қасы. Шыңын мұз басқан таулы, қыратты аймақтың бар болғаны 4 пайызы ғана егістікке қолайлы болып келеді. Сол секілді жануарлар әлемі де корольдікте аса мәз емес.

Норвегия жері 19 облысқа бөлінген (жергілікті тілде облысты фүлке атайды). Әр облыс қалалар мен ауылдық округтерден (коммуна) құралады. Оның әрбірі төрт жылда бір сайланатын кеңеске ие.

Халық саны жер аумағына қарай шаққанда аз және қоныстануы да әркелкі. Айталық соңғы жасалған халық санағы бойынша елде 4 миллион 574 мың халық тұрады. Ал осы аз халықтың үштен бірі – бір Осло-Фьорд аймағына ғана шоғырланған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір төртінші норвег ауылдық жерді мекен етеді екен.

Халқының өмір сүру сапасы жоғары, ХІӨ өндіруді жан басына шаққанда дүние жүзіндегі алдыңғы орында . Еңбекпен шұғылданатын халықтың басым бөлігі қызмет көрсету салаларында, сол сияқты өнеркәсіпте жұмыс істейді.
Халқының табиғи өсімі төмен, мұндағы жалпы халықтың құрамында егде адамдардың үлесі көп және адамдардың орта жасының ұзақтығы жағынандүние жүзіндегі ең жоғарғы көрсеткішті аймақ. Осы себепті бұл аймақ өзіне, басқа елдерден қоныс аударушыларды қызықтыруда. Норвегияның сыртқы және ішкі саясатында көші-қон жағдайы аса келелі мәселе болып табылады.

Норвегияның негізгі халқы – германиялық біртекті ұлт. Ал елдің солтүстігінде жалпы саны 20 мыңға жуық саам халқы мекен етеді. Елде норвег тілінің екі түрі кездеседі – букмол  және нюнорск.

Ел экономикасындағы негізгі сала – мұнай мен газ өндірісі. Алайда елдегі энергия көзі осы мұнайдан алынып отыр деу  жаңсақ. Өйткені Норвегия мұнайы түгелімен экспортқа шығарылады. Ал энергияны олар су көзінен алады. Алдағы уақытта оған «этанол» аталатын химиялық қосалқы энергия көзін қосу жоспарда. Бұл дегеніңіз  қалдықтарды қайта өңдеу арқылы оны бензинге араластырып, таза экологиялық энергия шығару деген сөз. Норвегия үкіметі химия технологиясына қатты мән береді.

Дегенмен бұл жерасты байлығын иемденем дегенге дейін Норвегия экономикалық тұрғыда үлкен қиындықтарды бастан кешіргені белгілі. Өйткені 19 -ғасыр  мен 20- ғасыр орта шеніне дейін елдің негізгі экономикалық саласы – ауыл, орман және балық шаруашылығы болғаны белгілі.

Корольдік ежелден теңізшілер елі саналады. Соған орай халықтың үлкен бөлігі жағалауға қарай қоныстанған. Бұл ерте дәуірден-ақ Норвегия жерінде теңіз шаруашылығының кең өріс алғанынан хабар берсе керек. Бұған елде сақталып қалған зәулім сауда флоты мен жоғары дамыған балық шаруашылығы да дәлел бола алады.

Ауыл шаруашылығы Норвегия халқы үшін тиімсіз сала, себебі географиялық жағадайлардың қолайсыз болуы. Мысалы егін егуге корольдіктің таулы, қыратты, құнарсыз топырақты географиясы мен жазы салқын, аса мол жауын-шашынды ауа райы да қолайсыз.

Европа 2017 100 Европа 2017 101  Европа 2017 116 Европа 2017 118

Норвегияның өңдеу өнеркәсібінде алға қойылған салалар — электрометаллургия, радиоэлектроника мен кеме жасау және жөндеу өнеркәсіптері. Бұл салаларға жалпы еңбекке жарамды халықтың 25 пайызы тартылған.

Норвегия жайлы интернет деректері осылай дейді. Енді көзімізбен көргенді баяндасақ, Норвегияның мәдени көрнекті орындары астанасы – Ослода (Кон-Тики Фрам мұражайы, палеонтология, этнография, минералогия, қолөнер бұйымдары, викингтердің кемелері, Мунка мұражайы, Скандинавия тауындағы тау шаңғылы курорттар (Стрюн); өнеркәсіптік туризмнің нысандары (Рерус) және басқалары ерекшеленеді.

Осло қаласында Слоттет патша сарайы; көне норвектік қайық-үй стиліндегі Фрам мұражайы; Фронгер-парк (мүсінші Густав Вигелундтың 150-ге жуық туындысы); Викингтердің кеме мұражайы; Р. Амундсеннің үй-мұражайы; ауылдық сәулет өнерінің жиынтығы бар халықтық мұражай; Акерсхюс (Скандинавия қамалының алынбас қорғанысы туралы ерекше мұражай).

Бізге ерекше әсер қалдырғаны – Викингтер мұражайы болды. Ертеректе, дәлірек айтқанда біздің дәуірдің 1000 жж. викингтер аталатын тәжірибелі қарақшы-теңізшілер тобы Атлант мұхитын кесіп өтіп, Жаңа әлемнің есігінен енген.

Европа 2017 077Европа 2017 081Европа 2017 068Европа 2017 072

Викингтер – норвегтердің, даттар мен шведтердің бабалары. “Викинг” сөзі тура мағынасында “қойнаудан шыққан адам” деп аударылады. Қойнаулар мен шығанақтарда жасырынып жүретін теңіз қарақшыларын осылай атаған. Викингтердің сүйікті істері екеу еді – соғысу және той тойлау. Олар кемемен саяхатқа шығып, жағалаудағы өңірлерге шабуыл жасайтын болған. Жаңа жерлерді басып алып, тұрғындарын өздеріне бағынышты етіп, олардан тұрақты түрде алым-салық алып тұрған.

Викингтердің мифтерінде алғашқыда шексіз кеңістік қана болған уақыт бастауы туралы әңгімеленеді. Содан кейін ғаламның ортасынан алып ағаш – Иггдрасиль, әлемнің негізі, өмір мен тағдыр ағашы өсіп шығыпты. Әлем ағашы бүкіл тоғыз әлемді біріктіреді, ал оның тамырлары үш патшалыққа тарайды деп білген.

Европа 2017 066 Европа 2017 067 Европа 2017 083 Европа 2017 053

Бір патшалықтың ыстық болғаны соншалық, онда ешкім өмір сүре алмаған. Оны отты семсермен қаруланған дәу қорғап тұрады. Солтүстіктегі тамырының астында суық пен мұз патшалығы орналасқан. Ал соңғы, үшіншісі – құдайлардың жарқын патшалығы. Әлемдік ағаштың тамырларын жауыз айдаһар Нидхегг жалықпай кеміре берген. Көне аңыздар мынаны ескерткен: айдаһар ағашты түгел кеміріп бітірген кезде, ақыр заман болады.

Иггдрасиль ағашы адамдар әлемін құдайлар патшалығымен кемпірқосақ арқылы біріктірген. Әлемдер арасындағы осы көпірмен адамдар кейде құдайларға да бара алатын болған. Викингтер қан төгіп құрбандық шалатын болған. Көбінесе құрбандыққа жануарларды шалған. Абыздар кейде мұндай ұлы құрбандыққа құдайлар разы болмақ деп корольді де өлтіреді екен.

Викингтердің жоғарғы құдайы – Один. Ол шайқастардың және өлілер патшалығының құдайы болған, сондай-ақ сиқыршылыққа жебеушілік еткен. Оны қолына балта мен найза ұстаған қатал жауынгер кейпінде бейнелеген. Один жалғыз көзді болған, себебі бір көзін сиқырлы бал қайнарынан бір жұтым даналық алу үшін беріпті.Бастапқыда Один даналық құдайы саналған. Оның аспандағы жоғарғы құдайға айналуы әскери одақтардың нығаюымен байланысты. Ол әскери жасақтардың жебеушісі болды, ал мұндай міндет уақыт өте келе неғұрлым маңызды деп санала берді. Сонымен қатар, адамдардың о дүние туралы түсініктері өзгерді. Құдайдың бір бөлігі аспанда деп шешті олар. Өлілердің бұл құрметті патшалығы шайқаста қаза тапқан ержүрек жауынгерлерге арналған екен

Европа 2017 059 Европа 2017 063 Европа 2017 064 Европа 2017 065

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға өздерінің арғы ата-бабаларының қазіргі қазақ даласынан шыққанына көз жеткізу үшін Норвегиядан бір топ ғалымның келгенін естігеміз. «Норвегия қайда, Қазақстан қайда?» деп таңырқастық. Екі ел арасында қаншама мың шақырым, қаншама тілі-діні бөлек мемлекеттер, түрлі қауымдар жатыр. Дегенмен, ғалымдардың болжамдарына қарап, ойланып қалдық.

Ғылымда қазіргі норвег тілі үндіеуропа тобының герман тармағына жатқызылады. Жалпы, бұл үлкен тіл тобын құрайтын халық­тардың ортақ ата-бабаларының түп атаме­кені туралы көзқарас қайшылыққа толы. Дегенмен, пікірлердің біраз бөлігінің «үндіеу­ропалықтардың арғы ата-бабалары бүгінгі Оңтүстік Ресей, Солтүстік Қазақстан аймағында қауым болып қалыптасып, содан соң жан-жаққа таралды» деген уәжге ұйитыны рас: олардың бір бөлігі – оңтүстікке (үнді-иран тобы), бір бөлігі – Кавказ бағытына, ал басым көпшілігі – батысқа, яғни, Еуропаға қоныс аударды делінеді. Оңтүстікке жылжығандарының біраз бөлігі қазіргі Қазақстан және Орта Азия топырағында қалып, кейін осындағы түркі халықтарының құрамына енген.

Олжас Сүлейменов өзінің «АЗ и Я» кітабында: «Біртұтас протоүндіеуропа қауымы теориясын батыс ғалымдары ойлап тауып, дамытқан; менің болжауымша, әу баста шығыста пайда болған, ежелгі санскрит тілін тудырған бір халық батысқа жорыққа аттанып, еуропалық тайпаларды жаулап, олардың тіл ерекшеліктеріне біршама әсер-ықпалын тигізген. Үнді-иран тармағы мен еуропалық тілдердің морфологиясындағы ұқсастық – сол ежелгі әсер-ықпалдың нәтижесі. Әйтпесе, кеше Гитлер өз нәсілінің тектілігіне балаған «таза қанды арийлік» ұғымы, жалпы «арий» термині – негізінен үнді-иран қауымына тиесілі», – деп жазған-ды.

Норвегтерге қайта оралсақ, олардың (және дат, швед, исланд халықтарының да) «викингтер» деген атпен танымал даңқты ата-тегінің түп мекені жөніндегі пікірталасты жаңағы «бүгінгі Оңтүстік Ресей, Солтүстік Қазақстан аймағында қауым болып қалыптасқан» деген көзқарастың төңірегінен іздеген жөн. Норвегтің әйгілі саяхатшысы, антрополог-ғалым Тур Хейердал лингвистикалық салыстырулар арқылы «викингтер әу баста Каспий теңізі аймағынан, Орал тауларының баурайынан шыққан» деп осыдан талай жыл бұрын-ақ жазып кеткен екен. Тіпті, өзі көзі тірісінде Каспийдің арғы жағасына – Әзірбайжанға барып, ондағы жартасқа қашалған көне таңбаларды зерттеп, Баку маңында тұратын «удин» руының салт-дәстүріне қызығыпты. Викингтердің ежелгі мифтік қаһарманы Один батырдың есімі мен әзірбай­жандар ішіндегі әлгі қауымның атауынан тылсым байланыс іздепті.

Европа 2017 046 Европа 2017 048 Европа 2017 051Европа 2017 057

Әйгілі антрополог-саяхатшының қызы Беттина Хейердал: «Викингтер Тәңірідей табынған Один батыр туралы аңыздарда құз-шыңды, жақпар-жартасты табиғат емес, ұшы-қиырсыз ұланғайыр дала көбірек суреттеледі, сондықтан біз Каспий теңізінен шығысқа қарай көсіліп жатқан аймақты – Қазақстан жерін де зерттеп көруге бел будық», – дейді. Беттина ханым Астанаға ат басын тіреген әлгі ғалымдар тобының құрамында бар. Олар қазақстандық әріптестерімен бірге еліміздегі көне қорымдардан, қорған-обалардан қажетті дерек, ДНК-материал жинап, Копенгагендегі әлемге әйгілі генетикалық лаборатория университетіне апарып, зерттеп-зерделеп, талдап-таразылайтын болған.

«Ал норвегтердің ата-бабасына қазақтардың қандай қатысы бар?» деген сауал тууы мүмкін осы тұста. Түсіндірейік. Бағана «Арийлердің біраз бөлігі оңтүстікке (яғни, Иран, Ауғанстан, Үндістанға қарай) қоныс аударса, біраз тобы Қазақстан, Орта Азия аумағында қалып қойды» дедік. Сол қалып қойған тайпалар көп ұзамай жылнамаларда «сақ», «скиф» есімдерімен атала бастады. Ал бұлардың түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының этногенезінде маңызды рөл атқарғаны белгілі. Ғылымда оларды түркі текті дейтін көзқарас та жеткілікті, бірақ, әзірге қалыптасқан жүйе бойынша «арий текті», дәлірек айтқанда, «иран текті» деген уәж басымырақ. Осы екі ұстанымның ортасынан шығып, «біраз бөлігі иран, біршама тобы түркі нәсілді болған» деген де көзқарастар бар. Әйтеуір бір анығы: сақтар мен скифтердің еуропоид нәсілді – ақұба өңді, көкшіл көзді, ақсары шашты болғаны тарихтан мәлім. Демек, кім біледі, викингтер сол сақ-скифтердің мекенінен солтүстікке көшкен болса, яғни, оған дейін қазақ топырағын қатар жайлаған болса, норвегтермен сәл де болсын туыстық байла­нысымыздың болуы әбден ықтимал.

Викингтер музейінде қойылған заттар да қазақтың тұрмыстық заттарын елестетеді. Өз ата-бабаларымыздың музейін аралап жүргендей күй кештік.

Тағы бір есте қалатын орын – Хольменколлен демалыс аймағы. Ондағы шаңғы трамплині.

Европа 2017 044 Европа 2017 052  Европа 2017 054  Европа 2017 058

Ослодан солтүстікке қарай Хольменколленде – Нурмарк демалыс зонасы бар, ол шаңғы спортының дамыған орталығы (әлемдегі көне Хольменколле трамплині, оның ішінде шаңғы мұражайы бар, онда ежелден қазіргі кезге дейінгі шаңғының түрлерін кездестіруге болады).

Европа 2017 002 Европа 2017 003 Европа 2017 004 Европа 2017 007

Шаңғы трамплинін қарап жүріп, сол маңда желбіреп тұрған Қазақстан жалауына көзіміз түсті. Негізі, Норвегияда үйлердің көпшілігі жалаулар іліп қойған. Біреулері – Норвегияның қазіргі жалауын, енді біреулері викингтердің үшбұрышты жалауларын іліп қойғанын байқадық. Енді теңіз жағасындағы мына үйде Қазақстан жалауы ілініп тұр. Үй иелері кімдер екенін білгіміз келген әрекетімізден ештеңе шықпады. Қақпалары құлыптаулы, теңіз жағалауы арқылы үйдің келесі жағынан барсақ деп айналып жүрсек, көрші үйлердің иттері шулап, үй иелері олай өтуге болмайтынын ескертті. Сонымен ол үй біз үшін жұмбақ күйінде қалды…

Европа 2017 035 Европа 2017 031 Европа 2017 037 Европа 2017 012

Негізі, Норвегияның Қазақстанмен қарым-қатынасы жақсы жолға қойылған. Барыс-келіс көп. Сондай, дипломатиялық немесе іскерлік саладағы, немесе спорт саласындағы байланыстарымыздың бір нышаны болар. 1992 жылдың 2 қаңтарында Норвегия Корольдігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсізідіген мойындады. 1992 жылдың бесінші маусымында дипломатиялық қатынастар басталды. 21 маусым күні 2004 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарғысы бойынша Норвегияның Осло қаласында елшілігі ашылды.

Европа 2017 219 Европа 2017 010 Европа 2017 015Европа 2017 113
Екі мемлекет арасындағы халықаралық байланыстар 2-4 сәуір аралығында 2001 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты Норвегия Королі арнайы шақыртты. Бұл сапарда Қазақстандық делегация Король Харальдпен, премьер – министр И. Столтенберг, Парламент президенті Х. Россьордпен кездесті. Онда Қазақстан Республикасының саясаты туралы лекциялар оқылды. Екі мемлекет арсындағы кездесуде Қазақстанның дүние жүзілік ұйымдарға кіруін және Қазақстанда кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту керек деп осы отырыста Норвегиялық эксперименттер айтылды. Норвегия Қазақстанның мұнай –газ кен орындарын барлауға өз компаниясын ұсынды. Бұл сапарда «Дөңгелек стол» өтті. Ол да Норвегиялық 13 компания ұсынылды, олардың негізгі қызметі мұнай мен газ , теле коммуникация, туризмді дамытуға арналған проектілер және құрылыс материалдары. Мемлекеттер арасындағы, яғни Қазақ – Норвегия қарым – қатынасының басты фундаменті кедесуі өтті. Көптеген құжаттарға қол қойылды, Норвегиялық компаниялар өз қаржыларын Қазақстанға құйды…

Бәлкім, бұл үй осы барыс-келістің нәтижесі, кәсіпкерлеріміздің  бірінің үйі болар, бәлкім трамплин жанынан үй алып тұрып жатқан Лилехамер Олимпиадасының жүлдегері шаңғышы Смирновтың үйі болар…

Келесі күні Осло қаласының солтүстігінде 170 шақырым жерде орналасқан Лилехамерге аттандық. Бар болғаны 22 000 адам тұратын тыныш, кішігірім, жайлы қала – Лиллехаммер 1988 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізумен әйгілі болған. Біз сол кешендерді көріп тамашаладық.

Европа 2017 155 Европа 2017 158 Европа 2017 168   Европа 2017 174

1994 жылғы қысқы Ойындар үшін арнайы құрылған Лиллехаммердегі басты Олимпиада кешені Ойындардың ашылу және жабылу салтанаттарына арналған  50 000 орындық стадионмен қоса салынған екі трамплиннен, Олимпиада саябағынан, фристайл, биатлон, шаңғы жарыстарына арналған ареналардан, 10 500 көрерменге арналған хоккей жарыстарының Сарайынан, жеңімпаздарды марапаттауға арналған салтанатты рәсімдер стадионынан тұрды. Олимпиада стадионына жақын 2500 адамды орналастыруға болатын олимпиада ауылы салынды.

Европа 2017 203 Европа 2017 204 Европа 2017 206 Европа 2017 207

Лиллехаммерден шамамен 50 шақырым қашықтықта орналасқан норвегиялық кішігірім Хамаре қалашығында 10 000 көрерменге арналған конькимен тез жүгіру жарыстарына, мәнерлеп сырғанау және шорт-трекке арналған 6000 орындық сарайлар салынған. Осында, сондай-ақ, осы спорт түрінен жарыстарға қатысатын спортшыларға арналған екінші Олимпиада ауылы орналасты. Лиллехаммердің маңындағы Гйовикте хоккей жарыстары үшін  теңдесі жоқ «Маунтин Холл» – «Тау сарайы» – жерасты мұз айдыны салынды. Сарайда хоккей алаңы, 5 500 адам сыятын көрермендерге арналған залмен қоса, жүзу бассейні бар.Тау шаңғысына арналған трассалар, сондай-ақ, шанашылар мен бобслейшілерге арналған трассалар таби­ғаты көркем жерлерге орналастырылып, барлық талаптарға жауап берді.

Европа 2017 208 Европа 2017 128 Европа 2017 152Европа 2017 172

Осы Олимпиадада жерлесіміз Владимир Смирнов топ жарған еді. Қазақстан тұңғыш рет Лилехамерде Олимпиада чемпионын шығарған. Елбасы сол кезде Владимир Смирновқа былай деп жеделхат жолдаған еді: «Бұл табыс Олимпиадада командасы Қазақстанды тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде алғаш рет көрсеткен біздің республика үшін ерекше маңызды болды. Біз қазақстандық спортшыларға және респуб­ликаның барлық жастарына керемет үлгі болған жерлесіміздің ерлігін мақтан тұтамыз, — делінген Елбасының Владимир Смирновқа жолдаған телеграммасында. — 50-шақырымдық дистанцияда Олимпиада шымылдығының астында сіз спортшының ең үздік  сапалары – жоғары шеберлік пен жеңіске деген ерік-жігеріңізді көрсете білдіңіз. Біз Сізге сендік, Сіз біздің үмітімізді ақтадыңыз. Бұл жеңіс – Сіздің спорттағы табыстарыңыздың тәжі. Сіз тұңғыш Олимпиада чемпионы болдыңыз және бұл Қазақстан­ның ұлттық құрамасы тарихын­дағы тұңғыш Олимпиада алтыны».

Европа 2017 164 Европа 2017 166Европа 2017 200Европа 2017 169

Айта кету керек, Олимпиада құрылыс­тарын жүргізе отырып, норвегия­лық сәулетшілер мен құрылысшылар оларға ұлттық бояу беру, заманауи Олимпиада спортының талаптарына сәйкестікті қамтамасыз етумен қатар, оларды Ойын­дардан кейін спортшылар да, қысқы спорт түріне қызығушылар да толыққанды пайдалануы да ойластырылған.

Соның нәтижесінде қаладағы сол нысандарда түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылса, туристер де қаланы бір көруге асығады. Солардың қатарында біз де бармыз.

Европа 2017 180 Европа 2017 182 Европа 2017 190 Европа 2017 197

Норвег теңізі жағалауына келетін туристердің басым бөлігі жаз мезгілінде келеді екен. Норвегияға жыл сайын 2,84 млн-дай адам туристік мақсатта келеді екен, бірақ Норвегия туризм саласы енжар түрде дамып отырған елдер қатарында көрінеді.

Осылайша, Скандинавияның соңғы нүктесі- Норвегиядағы саяхатымызды Лилехамермен аяқтадық. Амстердам әуежайы Еуропадағы 4-ші ірі әуежай болып табылады. Біз қайту билетіміз KLM әуекомпаниясына  тиесілі болғандықтан, Амстердам қаласы арқылы ұштық. Ол қала жайлы да аз-кем тоқталып өтсек.

Амстердам — Нидерландтың ең ірі қаласы, әрі астанасы.Қала аты Амстел өзенінің бойында орналасқанына бөгенге қатысты аталған. Қала негізі 12 ғасырда кішкене балық аулаушылар елдімекені ретінде пайда болып, бүгінгі таңда 172 ұлттарды қамтитын Нидерландтың ірі қаласы. ABN Amro, Akzo Nobel, Heineken International, ING Group, Ahold, TomTom, Delta Lloyd Group және Philips т.б. сияқты көптеген нидерланд ірі корпорациялары мен банктерінің бас-кеңселері осы қалада орналасқан.

4is7156x54o fXv6FDM0u8I IMG0953A IMG0976A
Нидерланд Алтын дәуірі кезінде Әлемнің ірі сауда кемежайы, қаржы және гауһар орталығы болған. Халық саны  821 мыңнан астам адам. Көлемі: 219,4 шаршы шақырым. Ресми тілі: нидерланд тілі, фризск тілі Валютасы: еуро.

Нидерландтың туристерге ұсынар орындардың қатарында – Патша сарайы, Амстердамның тарихи музейі, Немо мұражайы, Жаухарлар музейі, Қызғалдақтар музейі, «Мадам Тюссо» музейі, Амстел каналдарын және т.б. атауға болады.

Немо мұражайы – Нидерландыдағы балаларға арналған үлкен ғылыми-техникалық орталық. Ол Орталық вокзал маңында, Теңізде жүзу мұражайының қасында орын тепкен. Мұражай алып теңіз толқыны түсті кеме түрінде итальян сәулетшісі Ренцо Пьяноның жобасы бойынша салынған. Ол алыстан да көзге түседі.

Интерактивті мұражай өз қонақтарына ғылым мен техниканың қазіргі әлемін зерттеуді ұсынады. Әрі онда барлық экспонаттарды қолмен ұстауға болады, сонымен қатар тәжірибе жүргізуге, дамба салуға, адам миының жұмысын зерттеуге, ДНК-ның не екенін білуге және жасөспірім кезінде адам ағзасында не болатындығын білуге болады. Қызықтыратын ойын түрінде балалар химия, физика, биология және ақпараттық технологиялар негізімен танысады.

Қызғалдақтар музейі Кёкенхоф қызғалдақтар саябағымен байланысты. Ол – Нидерландыдағы ұлттық патшалық гүлдер саябағы, сонымен бірге ол Еуропа саябағы деп те аталады. Саябақ орасан зор қызғалдақ плантацияларымен, әрі жыл сайын өтетін тақырыптық гүлдер көрмесімен танымал. Қызғалдақтар гүлдеу маусымында саябаққа шамамен бір миллиондай адам келетін көрінеді.

Саябақ ауданы 32 га жерді алып жатыр. Кёкенхофта отырғызылған қызғалдақтар саны адамды қайран қалдырады — жүз сұрыпты 4,5 миллион өсімдік. Саябақ аумағында үш оранжерея орналасқан: біреуінде (Oranje Nassau) нәркес, қызғалдақ, бөртегүл өсіріледі, екіншісінде (Beatrix) — орхидеялар, ал үшіншісінде (Willem Alexander) — раушандар өсіріледі.

Саябақты атақты голланд ландшафт сәулетшілері Зохерлар 1840 жылы жасады. Саябақта көптеген аллеялар, көгалдар, каналдар, тоғандар, гүлзарлар гүлдерден жасалған кілемдер бар. Кафе мен мейрамханалар, сонымен бірге сувенир және гүл дүкендері бар. Ол жерден қызғалдақтың баданасын және басқа өсімдіктердің көшеттерін сатып алуға болады. Бұдан бөлек, саябақта нағыз шынайы диірмен орналасқан. Бұнда саяхатшыларды дәстүрлі голландиялық ұн тарту процесімен таныстырады.

IMG1065A Изображение 3632 Изображение 4928Изображение 5019

Амстел каналдары. Амстердамда Амстел өзенінің қанша каналы бар екенін нақты ешкім айта алмайды. Амстердам кварталдарын жарты шеңбер ғып белбеулейтін Амстелдің бес басты каналы өзара орларлармен байланысты, нәтижесінде қалада атақта су лабиринті қалыптасты.
Амстердамдағы Амстел қаналдары тәуліктің кез-келген уақытында тандандырады. Кешкі және таңертеңгі уақытта күн сәулелері оларды күлгін түске бояйды. Ал күндіз олар жағалаудағы отырылғызған ағаштар суға шағылысатындықтан жасыл болып көрінеді.
Бұл каналдар Амстердамның әшекейлерінің бірі ғана емес, сонымен бірге көшпенді өмірді ұнататын адамдардың тұратын мекені. Каналдарда көптеген барактар орналасқан, және олардың қожайындары өздерін осындай жүзбелі пәтерлерде жақсы сезінеді.

Жалпы, Амстердам жайлы өткен сапарларымыз барысында жазған болатынбыз…

…Қайтар жолда тағы да Германия арқылы келеміз. Берлинде жүргенімізде Мюнхендегі Каюм ағамен хабарласқанбыз. «Қайтарда міндетті түрде үйге соғыңдар, өткенде асығыс кеттіңдер. Асықпай отырып әңгімелесейік» деген соң, қайтарда Каюм ағаның үйіне соқтық. Фатима жеңгей әдеттегідей етін асып, дастарханын дайындап отыр екен.

Европа 2017 345 Европа 2017 351 Европа 2017 354 Европа 2017 359

Қаюм ағаның отбасымен туыстай араласып кеткенімізге біраз болды. Өте мәдениетті, білімді, интеллигенттер отбасы. «Қазақ» десе ішкен асын жерге қояды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Каюм ағамен әңгімелессеңіз айтары көп, оқыған-тоқығаны мол, көргені көп. Ол кісі талай жыл журналист болған (Еуропадағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясы), талай жыл ұстаздық еткен (Германия университеттерінде сабақ берген), ғалымдығы (саясаттану ғылымының докторы), саясаткерлігі (көптеген халықаралық басылымдарда қоғамға баға берген, саяси көзқарасын білдірген мақалалары жарық көрген. Ғаламдық  деңгейдегі үлкен басқосуларда баяндамалар жасап жүр), қоғам қайраткерлігі (Еуропадағы қазақтарды топтастыруда, жастарды сол ортаға сіңіп кетпей, қазақ етіп тәрбиелеуде көп еңбек етіп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргендігі) тағы бар. Біз Алматыдан Мюнхенге барған 9 сәуір күні осы кезге дейін басқарып келген Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының (бұдан әрі – ФЕКА) басшылық қызметін жас ізбасары Швецияда тұратын Мұрат Ермішке тапсырған екен. Сапар барасында кездескен қандастарымыз Қаюм ағаның қайраткерлігін, ФЕКА басшылығындағы ұйымдастырушылық қабілетін, ұйымды заңды түрде өмірге әкеліп, оны жаңа белеске, жоғары деңгейге жеткізгенін айтып жатты. Жастар жағы, сол ағалар салған ізді жалғастырып, ФЕКА-ның қазіргі деңгейін одан әрі көтеруге күш салатындарын айтады.

19400242_1116500251784215_2764326239868963845_o  IMG_093719250521_1116499841784256_8892553025211825935_o17352562_1629470720426956_909549946764714836_n

Расында, Каюм ағаның қайраткерлік еңбектерін біз де көріп, біліп жүргеніміз жасырын емес. Ол кісінің қазақылығын, жүрегі «қазақ» деп соғатынын, басқаны айтпағанда, отбасындағы балаларынан-ақ байқауға болады. Үлкен қызы Өзгежанды бүгінде көзіқарақты бар қазақ таниды деп айтуға болады. Ол қазақтың ұлы қайраткерлерін – Алаш арыстарын шетелдерге таныстырып жүрген ғалым. Бес тілде еркін сөйлейді. Ақындығы да бар. Абайды, Мағжанды сүйіп оқиды. Каюм ағаның екінші қызы –  Мәруа да университет студенті. Өзі оқыған ағылшын-неміс тілді мектептің бітірушілеріне арналған жинақта, өзінің ұлтын қазақ деп таныстыра келе Мәруа өзін және Қазақстан мен қазақ ұлты жайлы түсінік берген. Сол арқылы өзімен қатарлас 100-ден аса жастар мен ұстаздары қазақ жайлы мәлімет алса, келешекте қазақты таныту үшін одан да үлкен қадамдарға баруға ізденіп жүргенін айтады. Ал, кіші қызы Шолпан, алдымен «өзім нағыз қазақ болуым керек дейді. Сосын замандастарыма, бүкіл Еуропаға қазақты танытатын болам» деген арманы бар. Биыл мектеп бітіргелі отырған Шолпан, жаңа өмірін 2-3 айға Қазақстанға келіп, қазақшаны түбегейлі үйренуден бастамақшы. Әрі қарайғы өмірін ол да Қазақстанмен, қазақ ұлтымен байланыстырмақшы.Кішкентай жүректері «Қазақ» деп соққан қандастарымызға, сәт сапар тіледік. Осындай ұрпақ тәрбиелеп отырған Каюм аға мен Фатима тәтедей ұлтжанды жандарға алғыстан басқа айтар жоқ.

16299035_989351941165714_5032269977519153990_n 15036256_936677069766535_761071035227822293_n16422391_996260900474818_1860605372899025556_o Европа 2017 361

Қаюм ағамен әңгімелесе отырып, көп тарихтан хабардар болдық, көптеген естеліктер айтылды. Ағаға енді осы жасаған жақсы істеріңіз бен өнегелі өміріңіз жайлы естелік болар кітап жазыңыз деп қолқа салдық. Қаюм аға да өзінің де естелік жазу ойында бар екенін айтты… Ендігі естімеген естеліктер мен қызықты әңгімелерді ағаның кітабынан оқимыз деп үміттенеміз…

Осылайша Еуропаға сапарымыз аяқталды. Саяхаттай жүріп Еуропа мәдениетінің әлдеқайда алда кеткенін байқадық. Еуропа мәдениеті неге алға дамып кетті? Еуразия (Евразия) – екі бірдей құрлықты біріктіріп жатқан материк. Жер планетасындағы ең үлкені де – осы. Бірі – Еуропа, бірі – Азия. Екі құрлық бір-бірімен тұтасып жатқанымен, екеуінің мәдениеті, дамуы, экономикасы жер мен көктей. Еуропа, Азия түгілі әлемде барлық өркениеттен 100 жылға алға дамып кеткен. Неге?  Ең бірінші себеп, географиялық орналасуы. Еуропадағы мемлекеттер бір-біріне жақын әрі көрші орналасқан. Өзара бәсекелестік, өзара тәжірибе алмасу көп. Білім саласы, мәдениеті жағынан алсаңыз да керемет. Футболдың да ағылшындардың арасында жақсы дамуы, Еуропада әлемдегі ең мықты футбол клубтарының барлығы да осыдан. Одан бөлек Еуропаның географиялық орналасуы өте маңызды жағдайда қалыптасқан. Яғни саяхатшылар арқылы елдің экономикасын көтеру мақсатында түрлі жағдай жасалған. Бір Жерорта теңізі мен Қара теңіздің жағалауында орналасқан елдердің өзі-ақ тікелей халықаралық ынтымақтастықты мәдениет арқылы, адамдардың демалуы арқылы қалыптастырып отыр. Әрбір ел ішкі туризм мәселесін жақсы дамытып алған.  Екіншіден, ең мықты тұлғалардың қалыптасуы және ең мықты өркениеттің болуы да әсер етті. Еврей жұртының ақылдылығы мен Наполеон, Гитлер сынды мықты қолбасшылардың өмір сүруі.  Үшіншіден, әскери техникалар мен халықаралық деңгейдегі барлық қауымдастықтың штаб-пәтерлерінің осында орналасуы. Еуропа, соның ішінде Англия, Франция, Түркия, Испан әскери күштері әлемнің ең үздіктерінің қатарына кіреді. БҰҰ сынды түрлі қауымдастық пен ұйымдардың осында болуы жан-жағындағы елдердің қарқынды дамуына әсерін тигізді. Осының ішіне САКҰ-ны (НАТО) қоса кету керек.  Қазір демалу үшін, білім алу үшін, мәдениетаралық байланыс орнату үшін ең бірінші Еуропаға барасыз. Еуропа – әлемдік деңгейдегі брендке айналып кеткен құрлық. Сондықтан оның мәдениеті 100 жылға алда. Тіпті кішкентай ғана аумақты алып жатқан Ұлыбритания алып айдаһарлы Қытай елін кезінде есірткімен жаулап алғанын білесіз бе? Шағын ғана Германия алып КСРО-ға соғыс ашты. Наполеон бастаған жасақ Мәскеуді отқа орады. Жер бетіндегі ең бай адамдардың да көбісі осында. Тегінде Алашорданың көсемдері Шығыстан гөрі Батысқа еліктеу керектігін, соларға қарай бет түзеу керектігін айтса керек. Ал қазір Шығыс елдерінде еуропалық мәдениетпен өмір сүріп отырған жалғыз ел бар. Ол – Жапония. Мүмкін, біз де Еуропаға қарай бет түзесек, қателеспеспіз…

Сонымен «Өз үйім, өлең төсегім» дегендей, аз уақытта сағынып қалған Алматымызға асықтық.  Аман-есен елге оралдық. 16 күн ішінде Еуропаның 7 мемлекетінде болып, алыстағы ағайындармен арқа-жарқа қауышып, мол әсермен елге оралдық. Австрияның Зальцбург, Германияның Мюнхен, Трир, Гамбург, Берлин, Бельгияның Брюссель, Данияның Орхус, Копенгаген, Швецияның Стокгольм, Упсала, Вастерос, Норвегияның Осло, Лилехамер, Нидерланд Корольдігінің Амстердам қалаларын қамтыған сапарымыз қызықты да мағыналы болды. Сол елдердегі қандас бауырлармен мүмкіндігінше кездесуге тырыстық. Норвегия жерінде де біршама қандастарымыз тұрады. Алайда, олардың ақсақалы Махмұт Башташ ағамыз Түркияда жүр дегенді естіп, кездесе алмағанымызға өкінген едік. Сөйтсек, ол кісі жайлы жаңсақ ақпарат алған екенбіз. Біз елге келген соң артымыздан хабарласып, «Скандинавияның түбіне келіп тұрып қазақтардың жағдайын білмей кеттіңдер. Біздің шаңыраққа Норвегияға келген кез-келген қазақ соқпай кетпеуші еді. Айтулы тұлғалардың да талайы шаңырағымыздан дәм татқан…» деп өкпесін жеткізіпті. Өкпесі орынды, әрине. Біз қуана-қуана кездесер едік, тек ол жерде Махмұт аға жоқ деген соң, кіммен хабарласарымызды білмедік. Швециядағы ағайындар танитын қазақ жастарына телефон шалғанда, олар жұмыстан босамайтындықтарын айтыпты. Сондықтан ешкімді мазаламаған едік…

Алыстағы ағайынның ұмытпаған салт-дәстүрін, қонақжайлығын, бізге деген құрметін көріп, ерекше сезімде болдық. Көп дүниеден хабардар болдық. Еуропадағы ағайынның жақсы тұрмысын көріп масаттандық. Оқыған, білімді, интеллекті жоғары, қазақ атын абыроймен танытып жүрген жастарды көріп қуандық.
Қазақтың ұлттық болмысын сақтап, ұрпағына сіңіріп отырған орта буын өкілдеріне ризашылығымызды білдірдік. «Ұрпағымыз қазақтығын, түп-тамырын ұмытпаса екен» деп шарқ ұрып жүрген азаматтарды көріп қуандық. Ұлтжанды сондай қандастарымыз барда, «қазақпын» деп мақтанар ұрпақтар жалғаса беретініне сендік.
Мюнхендегі Каюм аға, Патима әпке, Мәруә, Шолпан Кесижилерге, Орхустағы Қажи Акпар, Назгүл Аюбилерге, Копенгагендегі Нұр-Арман, Әсем Аюбилерге, Али Ахмет мырзаға, Кылыш Хан Метинге, Зура Халелбекқызына, Вастеростағы Мұрат Ермиш, Ибрагим Құсшы, Зехра Қахриман, Махмутдин Сербес, Байрам Кесер қандастарымызға ерекше алғысымызды білдіреміз.
Аман болыңыздар, алыстағы ағайындар! Жақсы күндерде көріскенше!

Жаңыл  Әпетова




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑