banner-top12

Отбасы photo_2019-02-25_14-57-07

Қосқан уақыты Ақпан 28, 2019 | 189 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жарасымды жұп

Алматыдағы Жер кадастры басқармасының геодезия бөлімінде тек қана жігіттер жұмыс істеуі керек деген қасаң пікірді белшесінен басып, тыңнан түрең салған алғашқы қыз Ләззат Әлібекқызы болды. Бұл 2006 жылдың жазы болатын. Университетте оқып жүрген Ләззат дәл осы тек қана ұлдар жұмыс істейтін ұжымға тәжірибеден өтуге келді. Жасұлан Бақытбекұлы да дәл осы кезде жұмысқа жаңа келіп жатқан. Мұндағылар «жалғыз қыз, кілең жігіттер ортасында жұмыс істеуге шыдамас» деп ойлаған. Алайда, Ләззат жігіттер ұжымында «ханшайымдай» жүрді. Ұжымның ұнағаны сонша, университетті бітірген бойда жұмысқа осында келді.

Сыпайы, қазақтың қарапайым қызы ұжымға тез сіңісіп кетті. Кейде, ұжымның жұмыстан тыс уақыттарда бас қосып, бірге демалуы да әріптестердің жақын араласып, танысып, білісуіне әсер етеді. Жасұлан мен Ләззаттың да бір-біріне деген махаббаты ұжымның табиғат аясында өткізген наурыз мерекесінен басталды. «Алма Арасан» шатқалында өткен тамаша мерекеде бір-біріне деген сезімдері білініп, сол күннен бастап екеуі махаббат айдынында қос аққудай жүзе бастайды. Осыдан кейін жұптары жазылмады. Бұрын мән бермеген екен, екеуінің тегі де бірдей болып шықты.Тегі бірдей болуына байланысты да бір оқиға орын алғаны бар. 2007 жылы ұжымда қысқарту жүреді. Директор бәрін жинап алып, қысқаруға ілінгендер тізімін оқи бастайды. «Әубәкіров» деген текті оқығанда, Жасұлан Ләззат қысқарған екен деп ойласа, керісінше Ләззат Жасұланды ойлайды, нәтижесінде екеуі де қысқаруға іліккен екен. Бірақ, жұмыстарына деген махаббат оларды ұжымға қайта әкелді. Осылайша, жақсыны да, жаманды да бастан өткере жүріп, екеуі 2010 жылы шаңырақ көтерді.

«Батыл да «батыр» қыз атанған Ләззатты жігіттердің бәрі ұнатса да, көңілін білдіруге «жүрек жұтқан» біріміз ғана шығатынымыз белгілі. Арада 4 жыл өткенде қолыма тойға шақыру билетін ұстатқанда, мен өзім қатты таңғалдым. Себебі сырттай байқалмады. Мұнысы Жасұлан мен Ләззаттың мәдениеттілігінен болар. Бүгінде арамызда 3-4 қыз жұмыс істеуде. Осы жұптың жолын қуып, бас қосқалы жүргендер де бар. Үлгілі отбасыға айналған қызметтестеріммен мақтанамын»,- дейді әріптесі Айбол Байғожаев ойымен бөлісіп.

Бүгінде, Жасұлан Бақытбекұлы Әубәкіров Жер кадастры басқармасының бас маманы болса, Ләззат Әлібекқызы Әубәкірова жетекші маманы.13 жыл бойы отбасылық өмірде де жұмыста да бірге келе жатқан жұбайлар Айару, Аяулым атты қыздарды тәрбиелеуде.

«Бізді қосқан тағдырымызға және жұмысымызға ризамыз. Бұл жерде жұмыс істемесек бір-бірімізге кездесер ме едік, кездеспес пе едік, кім білсін. Күніне 24 сағат біргеміз, жұмысқа бірге келеміз, бірге қайтамыз, түскі асты бірге ішеміз, қысқасы жұбымыз жазылған емес. Біз бақыттымыз» – дейді өміріне риза болған жарасымды жұп.

Гүлмарал Ерсұлтанқызы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑