banner-top12

Поэзия Orazakyn

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2014 | 1  401 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЖАТ БАУЫР ЖЕРЛЕСІМЕ

“Елге кел” деп шақырып,

Шығынға әбден батырып.

Келгендей қып далаға,

Қарсы алдың-ау қатырып.

 

Қазақ демей “мұңғұл” деп,

“Жайын біл тек малдың” деп.

Қуғаның не жан-жаққа,

“Бет-бетіңмен қаңғыр” деп.

 

Жөн сұраса қарт бірде,

Жауап қатып жат тілде.

Келмей жатып дегіздің,

“Атажұрттан таптым не?!”

 

Көшіп келген ауылға,

Бата болмай бауырға.

Кір келтіріп алдың-ау,

Қазақ деген қауымға.

 

Жетер еді-ау асымыз,

Жетсе ықыласымыз.

Немқұрайлықпен бұл,

Бірігер ме басымыз.

 

Бір-бір елге тұлғадай,

Азаматтар, бұл қалай.

Сендер үшін ұялып,

Үнім шықпай тұрған-ай!

 

                  

ҚАЙТА КӨШКЕН ҚАНДАСЫМА

 

Дербес ел боп тағдырмен тайталасып,

Шақырып ек есікті айқара ашып.

“Жылы суға қолымды малмады” деп,

Жөн болмады-ау кеткенің қайта көшіп.

 

Жеткізбеген сан жылдар қолды үлеске,

Алмадың ба әр темір торды да еске.

Қай қисынға сияды, қандасым-ау,

Соңғы көшті жалғауың сорлы көшке.

 

Әбігер боп көп іспен жатқанымда,

Ойдағыдай көңілді таппадым ба.

Атажұртты алыстан аңсап келіп,

Бола ма екен түсе сап аттануға?

 

Шұбырынды шақ па бұл ақтабандай,

Болғаның не аруақтан аттағандай.

Не көрінді тәуелсіз мемлекет боп,

Қазағың ту тіккен жер жақпағандай.

 

Дәмім олқы соқты ма жайғанда алға,

Жоққа жүйрік жетпесе айлам бар ма.

Азды көптей әзірше көрсең нетті,

Барға риза болған ғой пайғампар да.

 

Мөлшер болмай міндеттің шет-шегіне,

Қадіріңе қандасым жетпедім бе?

Жіп таға алмай әуремін себебіне,

Жат бауыр боп шынымен кеткенің бе?!

 

Ер ісі боп келгенің қабылданды,

Жоғалғаным табылып, бағым жанды.

Қуанышым басылмай жатып тіпті,

Қайыстырып кеттің-ау қабырғамды.

 

Жарлы байып, жастардың өспесіне,

Айдарымнан әлі-ақ жел еспесіне.

Ұлың түзеп қатеңді келешекте,

Тағы да елге кім кепіл көшпесіне.

 

Таппай атамекеннен жайлы орынды,

Қостамаймын жатқа қол жайғаныңды.

Ұрпағыңның ойламай болашағын,

Қозғадың-ау, қандасым, қайдағымды.

 

Кететінен келетін жол басқа еді,

Өз еліңнің орны толмас тегі.

Ірге қалап жеке ел боп жатыр едің,

Бір жағына шықсаң болмас па еді?!

Оразақын АСҚАР

 

 

 

Тэгтер:




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑