banner-top12

Сұхбат no image

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2013 | 960 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қабай Сүлеймен ұлы: Жаныма жақыны «ақындық» болды

 

 

 

         Ақын Қабай Сүлеймен ұлы Қ Х Р-ның Тарбағатай аймағы Қобық-Сауыр ауданында дүниеге келген.1986-жылдан бастап өлеңдері Ш У А Р-да шығытын түрлі басылымдарда, Қазақстанда шығатын «Алтын бесік», «Шалқар», «Қазақ елі» сияқты газет, журналдарда  жарық көрген. 1990- жылдан бастап Шинжиаң Телевидениясында Телефильм аудару орталығында дыбыс актер болып жұмыс істеген. 2006 – жылы Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан «Ғашықпын саған» деген жеке жыр жинағы жарық көрген.

 

Біз бойымыздағы көп нәрсенің қадір-қасиетіне жете бермейміз. Өзімізде бар өнерге мән бермей жататын тұстарымыз кездеседі. Бұл адамдық қасиеттің «бір болмысы» деп қарауға да болады. Шынына келсек, әрқандай адам баласының бойында кемінде бір ерекшелік болады. Адамды бір-бірімен ұқсатпай жаратудың өзі, соның бір қасиетінің барлығын дәлелдемей ме. Менің түйсігім солай сездіреді. Ал саған қоятын сұрағым:

 

   Адам өз бойындағы Алланың берген талантын (өнерін) сезіне білгенде ғана, өзін көрсете алады дегенге келісесің бе? Сенің бойыңдағы өнер осы түсінікке жауап бола ала ма?

– Әрине келісемін. Өзінің жанына жақын, бойында бар дарынын есті адам болса сезінетіні анық. Мен өз бойымда бар, ең әуелі, ән айтуға даусымның барлығын, сосын ақындықпен қоса прозаға және аздап домбыраға әуестігімді де байқадым. Бірақ менің жаныма жақыны «ақындық» болды. Мен өзімді сол арқылы халықтың алдына шығардым. Бірақ адамдардың кейбірі мұндай түсінікке үстірт қарап жатады да, өз бойында бар керемет қасиеттерінен алшақтап кетеді. Бұл өте өкінішті. Өйткені ондай адамдар өзінің сенімін жоғалтып алады.

Мен өз бойымдағы өнердің Алланың бергені екеніне еш шек келтірмеймін. Сол үшін де менің бұлай айтуым, сіз қойған сұраққа жауап бола алады деп ойлаймын.

 

  Шинжиаң Телевидениясының Телефильм аударып-жасау бөлімінде біраз жыл жұмыс істедің. Өз мамандығыңды таптым деп есептейсің бе? Жоқ, әлде…

– Тапқан шығармын. Өйткені бұл сала менің ақын болуыма үлкен септігін тигізді. Менің бала кезгі арманымның өзі, ақын-жазушы болу еді. Сол талабыма талап қосты. Қанша дегенмен ортаның ықпалы бөлек қой. Мен ауылда жүре бергенімде қандай боларымды елестете алмаймын. Бұл ортаға келмегенімде ұстаз болар едім. Мен онсызда ауыл мектептерінің бірінде ұстаздық ететінмін. Бірақ менің маңдайыма жазылғаны осы екеніне шүбә келтірмеймін. Өзімнің ойлауымша, сол кездегі белгілі ортаның қалыптасқанын, әдебиетке, өнерге деген сыртқы ықпалдың жоғары екенін білдім. Бұл менің бет бұрысыма көмегін көрсетті.

 

   Менің білуімде, ақын ретінде халыққа танылғаның рас. Дей тұрғанмен проза жағынан да өзіңнің  құр жаяу емес екеніңді де оқырмандарың жақсы білетін шығар?

–  Расында мені ақын ретінде жақсы біледі, ол шындық. Бірақ, прозамен де өзімнің бір қырымнан көрінгенім рас. «Жазушының бәрі ақын болмауы мүмкін, бірақ ақындардың жазушы болып кетуі бар құбылыс» дегенді өз басым растаймын. Өйткені, жазушы ағаларымыздың көбінің алғашында өлеңнен бастағаны таңғаларлық емес. Оның біразын білеміз. Мен өзімнің қанымда бар қасиеттерімді қай қырымнан көрсетсем де оқырманын табады деп ойлаймын. Ең әуелі адам өзіне сенімді болу керек. Келсін-келмесін жүгіре берудің қажеттілігі шамалы. Аз болса да оқырманың өз қажетін табатын болса, оған рухани көмегім тисе, соның өзі өнер адамына қуаныш емес пе. Өзіңдегі барды бағалай білу де өнер. Мен өзімді, өзімдегі өнерді бағалай білемін. Өйткені оның киесі бар.

 

   Жеке жыр жинағың жарық көрген екен, қаншалықты сұранысқа ие болды? қазіргі кезде «Шығармашылық кеш өткізу» деген ауқым бар. Бұл расында керек пе? Өзің де өткізген боларсың?

  – Иә, 2006-жылы «Ғашықпын саған» деген атпен жеке жинағым  шығып, өз оқырманын қуантқан болатын. Кітап шығару расында керек. Жиған-тергенің жиналып ел қолына жетсе, ақын-жазушы үшін бұдан артық еш нәрсе жоқ сияқты. Бұл менің өз көзқарасым. Сұраныс дегенде, баспадан 2000 тиражбен шыққан болатын. Біраз уақытқа жетпей толығымен сатылып кетті. Сусаған оқырманымды аз да болса қанағаттандырды деген ниеттемін.

Қазіргі заманның талабы ма, жоқ, ауқым ба, білу де қиын, «Шығармашылық кеш өткізу» деген белең алып бара жатқаны рас. Бағасы халықтың еркінде. Бұл менің түйсігімде керек сияқты. Ол дегенің қазір айтылып жүргендей, «есеп беру» деген ұғымға дұрыс келетін сияқты. Не тындырдың? Не беріп жатырсың еліңе? деген сұраққа жауап болатын тұсы көп. Сол үшін үлкен жағынан бұл керек шығар. Ауқымдық жағында теріске шығармаймын. Ол да үрдіс алып барады. Бір ғана жауап, қазіргі кезде қалтаң көтерсе бәрі де болып жатыр.

Мен де кешімді өткіздім. Қалтамның көтергенінен емес, оқырманыма «есеп беру» керек болғандықтан. Жақсы өтті. Арқамда жүрген бір жүк түскендей болды расында. Қуанам соған.

 

Алда қандай мақсатың бар? Шығармашылықтан  қол үзген кезің болды ма?

Адам алдына мақсат қоя білу керек. Мақсатты жоқ адам болмайды деп есептеймін. Алла ғұмыр берсе қолға алатын талай ісім бар. Мен повест, әңгіме, ессе, естеліктерді өз кезінде біраз жаздым. Кейінгі кезде прозаға қызыға түстім. Бұйырса, алдағы күннің еншісінде ғұмырнамалық роман жазсам ба деген үлкен толғаныста жүрмін. Бәрін Алла біледі. Тағы бір санамда жүрген нәрсе ол – кино. Мына ғаламдық дамудың өте тездеп бара жатқаны адамның да ой-өрісін кеңіте түседі екен.  Аздап сценариилерге қол ұшымды тигізіп жүргеніме де талай болды. Ендігі бір ойым, өз еңбегімді екран арқылы да көрермендерге  көрсету болып жүр. Адам талпынса бәрін де жеңе алады. Ең әуелі өзіне сене білу керек. Мен өзіме сенетін сияқтымын.

2-3 жылдай еш нәрсеге қолым бармай тоқыраған кезім болды. Ол да мезеттік нәрсе екен. Қазіргі ынтамды көріп өзіме разымын. Бұйырып жатса ойда да, қолда да біраз жұмыстар бар халықтың алдына шығатын. Сол жұмыстарыма берекет берсін деп тілеймін.

 

    Балаларыңның тәрбиесі өз қолыңда ма? Мына нарықтық заманда өнер адамдарына шығармашылықпен ғана отыру ауыр түспей ме? Қосымша жұмыстар бар ма дегендей…

    – Алланың бергені екі балам бар. Үлкені өнерде жүр. Кішкентайымыз бастауышта оқиды.Тәрбие әке-шешеге тең. Дегенмен де әкенің орны бөлек. Мен бас болғаныммен, шешелері олардың қасында көп болады. Сондықтан шешенің тәрбиесі көбірек. Бірақ, менің рұхсатымсыз көп нәрсеге кете бермейтіні анық. Сондықтан бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлемін. Нарыққа келсек, расында қиын. Кез-келген елде економикалық жағдайдың бір қалыпта жүре бермейтіні шындық. Ал біздің елде бұл жағы жақсы жолға қойылған. Ол жағынан қуануға болады. Кейде пендешілікпен жетпей қалатын тұстарда налитыным да бар. Ол кезде бәрін тастап саудаға кеткім келеді. Бірақ, қаныңдағы нәрсе бәрібір жібермей жатады. Ол – өнерім. Қосымша жұмыстар бар ма? деген сауалыңа ол да жоқ емес, деген жауап беруге тұра келеді. Өмір бәріне араластыратын сияқты.

  –   Қойған сұрағыма, жылы жауаптар алғаныма рақметтен басқа айтарым жоқ. Алдағы күндердегі жоспарың орындалып, қолға алған ісің тыңғылықты аяқталсын. Шығармашылық табыстарға жете бер!

Сұхбаттасқан   Лаззат ИГІСІН

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑