banner-top12

Поэзия i (4)

Қосқан уақыты Мамыр 20, 2014 | 1  233 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жеңісхан Бұқарханұлы өлеңдері

Жеңісхан Бұқарханұлы

    Жеңісхан Бұқарханұлы 1974 жылың 23 ші қарашасында Қытайдың Сауан ауданында дүниеге келген. Бижиң партия мектебі мен Үрімжі қалалық кәсіптік универиситеттің  заңгерлік және қытай тілі мамандығын тәмәмдаған. 1999 жылдан бастап ауданда аудармашы, әкім кеңсе бастығы сондай-ақ “ Сауан әдебиеті ” жұрналының жауапты редакторы міндеттерін атқарған.

Жеңісхан Бұхарқанұлының “ Етемін мен тірлікті, әнді мақтан ” атты тырнақ алды өлеңі 1990 жылы “ Тарбағатай газетінде ”  жарық көрді. Болашақ жас ақынның қазірге дейін 100 ден астам өлеңі, “ Ерлік жыры ” сияқты 3 поэмасы, ондаған әңгімесі мен “ Көк соққан ” деген бір повесті  жарияланды. Мұнан тыс сөзін өзі жазған “ ҚҰралайым ”, “ Арасаным ” әндері Шинжаң қазақ теле арналарынан берілді.

Жеңісхан Бұқарханұлы қазыр Шинжаң айтыс зеріттеу қоғамының, Тарбағатай аудармашылар қоғамының, Сауан жазушылар қоғамының орынбасар бас хатшысы міндеттерін де абыроймен атқаруда.

 

Жеңісхан Бұқарханұлы

                                  Бөлтірік мұңы

( поэма )

Құртатұғын қарасаң құз діңкеңнен,

Кер тау биыл тағы да мұз бүркенген.

Тірлік үшін бұғынып осы арада,

Өлекшін бар төлдерің түздің терген.

 

Зілмауыр түн, борап тұр, қар, үскірік,

Үш сөткөлік ұдайы таныс бүлік.

Шыдатпады сұм аштық бөлтірікті,

Бүйіріне кіндігін жабыстырып.

 

Қыйялынан үзілмей тірлік, үміт,

Бір тұрады орнынан, бір жығылып.

Апан іші азықсыз аңырап тұр,

Ұрейлі ұңгір, тым сұмдық сыр құйылып.

 

Маңдайынан туғандай қырсық айы,

Жамандықтың сезіліп бір сыңайы,

Атқақтаған жүрегі тыншымайды,

Сұр бөлтірік тынымсыз қыңсылайды.

 

Орнымен жоқ шаттықтай елес, ұғым,

Тауып зорға апанның тек “ есігін ”,

Бұраң қағып бір сәтте тысқа шықты,

Жолын күтіп “ жолаушы ” енесінің.

 

Қарлы боран жер бетін додаға алып,

Түтіп жатыр, мұндайда қонама құт.

Етектегі қалыпты қалың адыр,

Жұмыртқадай шашылған домаланып.

 

Зұлым боран гулеиді қар ұшырып,

Бара жатыр қысымға ап, жанын сығып.

Сүйір қара, оймақтай тұмсығына,

Кенет келді алыстан таныс иіс.

 

Енесі екен, ия, сәт, азығы бар,

Бір жүреді, бір “ бұғып ”, “ әзілі ” дәл.

Өлжәл үшін тістеген өз сирағын,

Күшіктің жоқ шамасы әзір ұғар.

 

Жетті апанға шолтаңдап, не уақытта,

Шараң қанша жазылған кем бақытқа!?

Бөкең сонда байқұсты бір-ақ білді,

Қайран ана, мәңгілік кем қалыпты, ә?!.

 

Асқақ отыр жандай шын бақыттанып,

Жалт – жұлт етіп жанары жақұттанып.

Шолақ аяқ, қан – жоса денесін кеп,

Бөлтірігі бас салды атып барып.

 

Қос бүйірдің солығын зорға басып,

Жіліншіктен қызыл қан сорғалатып,

Бөлтірігін иіскелеп қыңсылаған,

Емізеді бауырын оң қаратып.

*** *** *** *** ***

Қай күн еді, япыр-ау, осы апанда,

Таң алауы айыққан жоса таңда.

Емес пе еді қызығы өліп көрген,

Ауыр жүгін тағдырдың босатар да.

 

Сонан бір сәт жазылып, сырқат қалып,

Азығына табылған құрсақ қарық.

Бөлтірігін басып ап бауырына,

Өлек шінің жатқан-ды бір шатты алып.

 

Айырарда талшығын сұр аңдардан,

Жыра – жықпыл қалмайтын сылаңдаудан.

Шаршағаны әп – сәтте басылатын,

Сұр күшігін көргенде бұлаңдаған.

 

Ұлып – ұлып салатын ауық “ әнін ”,

( Өр мінезді, қайтер ең тау ұланын!? )

Ерте түсті быйыл қыс қас қылғандай,

Мұзды алаптың қырсыққан қары қалың.

 

Қазан айы туғалы түн баласы,

Аңдар алыс, батып жүр мұңға басы.

Жеті түнде еріксіз тентіреткен,

Күшігі ғой байқұстың – бір баласы!

 

Бұзылғанға кек кернеп дала заңы,

Жанарының от болды қара дағы.

Сұр күшігін асырау қазірінше,

Қырсаулаған бастағы жан азабы.

 

Көңіліне бүгіп ап дұрыс тілек,

Имең қағып кезді адыр тіміскілеп.

Көк жал қайрат басылып ашыққалы,

Хәлі төмен байқұстың, тым мүшкіл ед.

 

Жорта – жорта асқанда сан қырқаны,

Құланиек сағалдап таудың таңы,

Шыққан сайын белеске өліп – талып,

Зорлай берді тәтті үміт алдан тағы.

 

Үміт, сенім аш баста тұрды елестеп,

“ Тілегімді көк тәңір шын берсе ” деп.

Бір күн сынар шөлмектің сырғасындай,

Қып – қызыл боп тұр еді бір кесек ет.

 

Етті көріп қос жанар жана түсті,

Ақ сырайтып, кең ашып ара тісті.

Жей беріп ед алдыңғы жіліншіктен,

Темір шеңғел “ шап етіп ” ала түсті.

 

Жан дауысы “ қаңқ ” еткен шырқырады,

Қаңқылдады, ұлыды, қыңсылады.

Жіберетін түрі жоқ аяғынан,

Текке кетті тартқаны, жұлқығаны.

 

Ашу қысқан аш қасқыр ырсыңдады…

“ Қолға түскен тірліктің құрсын бәрі,

Өзіңді – өзің мерт қылу қандай бақыт ! ”,

Деп долданып, сирағын қыршып алды.

 

Тағат таппай байқұстың қашқан бағы,

Шын қырсықты мәнгілік  жапсарлады.

Қан сауылдап қыршылған жіліншіктен,

Селге кетті дән табу – басты арманы.

Азуында шайналды бас бармағы.

 

Тіршілікте кім жетер арманға ұлы?!

Бәрі несіп, тәңірдің салған күні.

Жан жарасы ғайып боп еске түсті,

Күшігінің апанда қалғандығы.

 

Не қылар ең тағдырдың үкіміне?

Жармасты кеп мұз таудың үсігі де.

Өз денесі болсада бермек болып,

Жеткені сол шолтаңдап күшігіне.

*** *** *** *** ***

“Қой, ұлыма,

Бастама жаман ырым,

Сезе алдың ба заманның “жаңалығын”?

Қазір емге өлкеден табылмайды,

Тегінде аң өретін қара қорым.

 

Балам, қазір тірлікте шерменде көп,

Топырақпен тірлігін көмген бөлеп.

Менше қымбат бәрінен жарық мекен,

Өлмеу керек, сол үшін өлмеу керек.

 

Жәбірге де, қорлыққа жасымағын,

Тұрған кезде бойыңда асыл арың.

Адам деген ындынсыз, жауыз осы,

Жер бетінің тани біл ақымағын.

 

Айтар сөзім өзіңе көңілде көп,

Өмір керек мықтыға, өмір керек.

Өз өмірін қорғауды білмейтұғын,

Ез тағдырлар жауының қолында өлед.

 

Тірлігіңе өзгелер бас иетін,

Жойылмасын көкжалдық қасиетің.

Тауқыметтің бәріне шыдамды бол,

Түсін бірақ бабаңның қасіретін!…”

 

Кекке жанып ежелгі сері жанын,

Бастағандай тағы тың өмір әнін.

Өз сирағын қиылған жіліншіктен,

Деп тұрғандай “дәмін тат, же мынаның!”.

 

Орындалған жандай-ақ арманы анық,

Бір ғанибет іс туды таңғаларлық.

Қансыраған өлекшін ұшып түсті,

Сұр тұмсығы қадалып қарға барып…

*** *** *** *** ***

Ізге түскен ұтылап ала таңнан,

Топ саятшы төгілді қара таудан.

Қан дағымен қуып кеп тауып алды,

Өлекшінді, күшікті дәл апаннан.

 

Қыннан алып қанжарын қылшылдатып,

Бөлтірікті біреуі тұрсын басып.

Жастау бірі бітеудей лезімде,

Өлекшінді іреді ырсылдатып.

 

Соқпайтын топ жүрегі кеңшілікке,

Өлекшінді жіберді өлтіріп те.

Келесі де қолды боп қаңқылдаған,

Беріп шірет төніп тұр бөлтірікке.

 

-Есейгенде соғайық , қорғап тұрып…

-Терісінен алайын қолғап тігіп.

-Тілерсегін қияиын сорлатқызып…

-Сауға қылам төреме жолдатқызып…

 

Осылайша қалғаны дабырласып,

Тұрған кезде бұлардың табын басып.

-Тірі апарам ауылға бұл олжаны,

Кетеді,- деп әлі-ақ күн бауыр басып.

 

Топ ағасы жосыншыл, көшелі де,

Шешені де, білгірі, көсемі де.

Ала қапқа салды да бөлтірікті,

Ішігінің орады етегіне.

 

Ары қарай  “мырс” етіп суық күліп,

Күбірледі көрсетіп күдік қылық.

(Үйге тірі тұмсық аң апармайтын,

Салт істеді қалайша біліп тұрып?!)

 

Буып жатыр қап аузын тырыстырып,

Әлсіз өзі, көрсетіп тұр күш қылып.

-Есейгенде тегіңе қайта салып,

Қандай лззат, жіберсем қырқыстырып!

 

Алдыменен үйір бол босағама,

Асымды ішіп, бола біл дос адамға.

Қыңсылама әзірше, қыңғы неме,

Асықпағын еркінсіп босағанға.

 

Күні ертең-ақ жетіліп, сүйкімденіп,

Қорама үріп шығарсың итім болып.

Қалған анау қандасың азуыңда,

Таланады тағдыры тілкімделіп.

 

Прақты да үйреткен ат қып мініп,

Өз мінезін жіберер жатқа ұқтырып.

Менің ата-бабамды осал деме.

Сан тағыны жіберген бастықтырып…

 

“Тұтқын” жайлы бірі айтып, бірі қостап,

Жоспарлары “мойнаққа” тірі қоспақ.

Ертеңінде-ақ ауылдың балаларын,

Тентек қара ұл кеп жүрді жиы бастап.

 

Ығыстырып бір шетке топ баланы,

Айбар шегіп қанды көз оқтыланды.

Шынжыр тағып, содан-ақ қарғы баулап,

Үлкен шонжар шықпастай ноқталанды.

 

Жаны ашу, білмейтіндей арашаны,

Төбетіне біреуі талатады.

Шалма тастап біреуі атқа салды,

Көрсетпек боп ауылға тамашаны.

 

Жатсадағы осылай күнде жүндеп,

Бөлтірік те бықпады “білмедім” деп.

Ауыр тиді бір жолғы иесінің ,

Сабағаны “ит болып үрмедің” деп.

 

Енесінің табынып тәліміне,

Имеседе жігерін әлі күнге.

Содан тартып зар қағып ұли берді,

Мұңын шағып жаратқан тәңіріне.

 

Ол ұлыса түн бойы тыным алмай,

Ауылдан ит безеді бірі қалмай.

Бөлтірік зауал келтір деді адамға,

Жәбірледі жазықсыз құны бардай

 

Сезінеме осылар бірдеңені,

Қай қорлығы ит болып үр дегені?!

Босаға мен бұралтып күресіннен,

Тіміскітіп көрмекші күнде мені.

 

Тап мынадай қорлыққа тұра алмаймын,

Мен емеспін тұқымы бұралғанның.

Таяғына көніп ем, мазағына,

Қумақ болды жолынан тың арманның.

 

Табиғаттың қоздырып бар азабын,

Тас-талқан қып тастады дала заңын.

Жүгірген аң, ұшқан құс түк қалдырмай,

Құртып жатыр адамдай қара залым.

 

Аузымыздан жырып ап аз күнгі асты,

Ауасын да былғады жаздың жақсы.

Енді міне ит қылып асыл текті,

Босағада бұралтып аздырмақшы…

*** *** *** *** ***

Тауқыметін тауса алмай дертті өмірдің,

Айтқанына көнбеген “ептеп үрдің”.

Қамын жасап әбігер долы жүрек,

Құтылудың, немесе мерт қылудың.

 

Өшіккеннің талайтын ізін барып,

Көкжал қаны бойында, қызынды анық.

Қанжардайын қарымды тұяғымен ,

Құтылды әзер қазықтың түбін қазып.

 

Беталысын тау жаққа бұрып қадап,

Қуғыншыға жалтақтай үзік қарап,

Қарғы баулы жас бөрі ұлып-ұлып,

Қара түнге зарланып кіріп барад…

Эпилог

Ұларлы тау, киелі қоңыр адыр,

Не қылайын жолыққан сорыңа бұл!

Бөрісі жоқ төсіңді доңыз түртіп,

Жуа қаптап барады жоныңа кіл.

 

Сайқалсынып қарайды күліп әлем,

Жынын әзер үйретіп құмырамен.

Шырқы кетіп, шыбарлап шымыр дәстүр,

Шуылға ауып барады тұнық әуен.

 

Досына да, әйтеур қасына да,

Дастарқаны жайулы асыл аға.

Бұл күндері қалтаңмен тілдеседі,

Қорқау үміт көтермек тасын айға.

 

Қиял кешіп, тілейтін қыран несіп,

Ұлыңды айтты ел “араққа құмар” десіп.

Кемсеңдеген тірліктің керуені,

Құмды кезіп барады, бұраң көшіп.

 

Талай-талай таптырған Қажымұқан,

Құра алмады ел арақтан салымды сән.

Қасиетіне мінгізді сайтандарды,

Адыра қап имансыз арыны сан.

 

Сыпырынсаң кірсем деп “жылы жерге”,

Мақұлбайлар мазаны ап сірі кеуде,

“Мысық төре” салтанат құрған кезде,

Шындық сірә тимеді пұлы кемге.

 

Бүгежектік жетілген, мүгедектік,

Дәстүрменен мұқалды тіл өжеттік.

Тізгіндіге қыз түрсе тілерсегін,

Тұмшалайды кеудені бір өзек бұлт.

 

Жоғалтып бойындағы сан асылын,

Сау соқыр жүр қор қылып қарашығын.

Қастерлейтін ұшқанша “қара шыбын”,

Намыс қып жүр бәз біреу ана тілін.

 

Келешегі кетімсек, түнек қара,

Тозаңдаған тағдыры сүзек ғана.

Сенімнен айырылған сенімсіздің,

Бейіс болды мекені “күйек қора”.

 

Киім жарты, тоқпақтай бұрымы жоқ,

Бұраң қаққан бұралқы қылығы көп,

Қысыр жылан секілді қылымсыр қыз,

Кезінде ауыл жүретін қызығы боп.

 

Соның бәрін ойласаң жоқшы болып,

Ұрылады құзарға топшы келіп.

Өзіңді-өзің тынасың өртеп алып,

Жүрекке қара жалын от жіберіп.

 

Күйіктерді кеудеде жатқан толып,

Аластауға бекініп тартсаң жорық,

Әз жаныңа жабысар жамандық кеп,

Аяғыңнан “шап” берер қақпан болып.

 

Ай жасқар айбарына қаратпайтын,

Атой салып, ту ұстар араққа айқын,

Сананы сар тап қылған масылдықты,

Керек бүгін көкжалдар тамақтайтын!

 

Аспан құлап кеткендей, жер жарылып,

Қырқысады қырсық пен енжар үміт.

Кейде менің кеудемде ұлар шу боп,

Арпалысып жатады көкжал ұлып.

 

Жанам деген жандарды көре білсем,

Мешелдерге мес қарын төне кетем.

Жұлқысқан соң өмірдің мерезімен,

Бөрі жүрек ұлуық келеді екен.

 

(соңы)

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑