banner-top12

Замансөз i.jpg111

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2016 | 696 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жер сатылса қазақ құл болады

 

Бұрынғы ҚР Экономика министрі Ерболат Досаев 2015 жылы 2 қарашада парламентке «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ауыл шаруашылық жерлерін өз азаматтарымызға сатуға және шет елге 25 жылға жалға беруге рұқсат беретін заң жобасын таныстырып, депутаттарға бекіттіріп алған болатын. Оған Президент те қол қойып тастаған еді. Бұл заң 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енуі керек болатын. Заңдағы өзгертулер мен толықтырулар бойынша қазақ жері бәс саудаға (аукционға) түсіп, 25 жылға шет елге жалға берілуге тиісті еді. Министрлік саудаға салу үшін 1 млн. 400 мың гектар жерді дайындап қойғанын хабарлаған. Жердің құнарлылығына байланысты әр гектары 3-4 мыңнан 130 мың теңге аралығында болмақ. Бұл бұқара халық арасында қоғамдық резонанс тудырды. Осыған байланысты Президент те, депутаттар да, Бұрынғы Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев та өз ойларын дәлелдеуге тырысты. Бұлардың сөздерінің түйіні: «Шетелдік заңды және жеке тұлғаларға жер сатылмайды» болып келді. Бірақ-та халықтың наразылығы басылмады. Сондықтан, 05.05.2016 ж. Президент Жер кодексіне енгізілген соңғы түзетуіне 31.12.2016 ж. дейін тоқтау салды (мораторий жариялады). «Заңның жаңа нормаларының мән-жайын тиісті топтарға жеткізе алмады» деген қорытынды шығарып, Қ.Өскенбаевты орнынан алды. Ал Ұлттық экономика министрі Е.Досаев пен Ауыл шаруашылық министрі А.Мамытбековтерді «қызметіне сәйкестігі толық деңгейде емес» деп жариялап еді, Е.Досаев бірден отставкаға кетуді өзі сұрады. Президент қабыл алды. А.Мамытбеков бұл күні үндемей қалған болатын. Біреулер бірдеме деді ме екен, келесі күні А.Мамытбеков те отставкаға өзі сұранып кетті. Ақпараттың халыққа дұрыс түсіндірілмегендігі, бұл салада жеке министрліктің жоқтығынан деп жаңадан «Ақпарат және коммуникациялар министрлігін» құрды. Сондай-ақ, жер қатынастарын реттеу бағытындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне берді. Бұрын бұл Ұлттық экономика министрлігінің құзырында болған еді. Сонымен бірге, Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құрылды. Комиссияның міндеті: барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартып, резонанс тудырған Жер кодексіндегі өзгертуді кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру. 11.05.2016 ж. құрамына Мәжіліс пен Сенат депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялардың, агробизнестің, салалық қауымдастықтардың, ғалымдар мен азаматтық белсенділер кірген 75 адамнан тұратын комиссия құрылды. Комиссияның бірінші отырысы 14.05.2016 ж. болды. Комиссия қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарына құлақ асса дұрыс болар еді.
Билік «жерді бәс саудаға саламыз» дейді. «Бәс сауда» – алдыңғы бағаға үстеме бере отырып қаржысы көптер жеңіп шығатын, байларға қолайлы сауда. Саудаға түскен затты кімнің ақшасы көп болса сол сатып алады. Бәс саудаға түсіп, үстеме ақша бермек түгілі, күнделікті нан-шайын әрең тауып отырған ауыл адамдары екі саусақтарын мұрындарына тығып бос қалмақ. Қазір ауылдағы шаруа қожалықтары шағын-шағын ғана. Олар миллионерлер мен миллиардерлерге бәсекелес бола алмайды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 10 пайыздайы шіріген бай, 10 пайыздайы сіңірі шыққан кедей, қалғандары әйтеуір күнделікті нанын тауып жүргендер деп есептелуде. Жер сатылатын болса осы 10 пайыз байлар сатып алады. Қалғандары соларға құл болып жұмыс істейді. Ал жерді сатып алған байлардың өзі тракторға отырып жер жыртпасы, комбайнға мініп егін ормасы белгілі. Сол жердің халқына жұмыс істеткізеді. Оларға еңбекақыны қалай төлері де белгісіз. Қазіргі көріп жүргеніміздей, жұмыс берушілер елдің еңбекақысын бірнеше айға кешіктіріп беріп жүр. Тіпті кейбіріне төлемей де қояды. Ал жұмысты күніне 8 сағаттан артық істеткізеді. Артық сағат істегендері үшін қосымша ақы да төлемейді. Наразылық білдіргендерді жұмыстан шығарып жібереді. Сөйтіп оларды құлша ұстап жүр.
Жерді сатып алған байлар қаржы жағынан ұтылмайтын болады. Жеке меншік жерді банктерге кепілге қоюға болады. Олар жерлерін банктерге кепілге қойып, несие алып, өздерінің ақшасын шығарып алады. Жылдық несиесін пайызымен қосып есептеп, сатып алған жерлерін жергілікті халыққа жалға береді. Жалақы көлемін банкке төлейтін ақшасы шығатындай етіп есептеп беретін болады. Сөйтіп байдың несиесін халық төлейтін болады. Тіпті, несиесін төлей алмай жатса, жерді банкке тастап кетеді. Алдын ала сатып алған ақшасын шығарып алған бай ештемеден ұтылмайды. Ал несиені қай елдің банкісінен аларын кім білсін. Олар шетелдік банктен алса, жер шет елдікі болып шыға келеді.
Ендігі бір мәселе, жер сатудан түскен қаржы қалай жұмсалады, қайда кетеді? Халық игілігіне жұмсала ма, әлде шенеуніктердің ұры қалталарына түсіп кете ме? Біздегі жемқорлық пен парақорлықтың дамып тұрған кезінде ол қаржы халық үшін жұмсалады деуге күмән көбірек. Егемендік алған 25 жылда Қазақстанда мүлікті жария ету (легализация) науқаны үшінші рет жүргізіліп отыр. Бірінші реткі 2001 жылдың шілде-тамыз айларында болды. Екінші реткі 2006-2007 жылдары өтті. Үшінші реткісі 2014-2015 жылдар деп белгілеп еді, оны 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты. Қарап отырсақ 10 жылға толмайтын уақытта мүлікті жария ету науқаны жүріпті. Осы қысқа уақыт аралығында жиналып қала беретін қандай ұрлық мүлік пен ұрлық ақша? Ол ақшаны қайдан алып ұрлап тыға берген? Бұл жемқорлықпен, заңсыз табылған байлықтарын бірден жария ете алмаған ақша – халықтың ақшасы. Қазір «Панама оқиғасы» шығып жатыр. Панамадағы офшорлық аймаққа ақша тыққан біраз елдердің азаматтарының аты аталуда. Оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар екені белгілі болуда. Қазақстандықтардың қайсысы заңды, қайсысы заңсыз ақша тыққанын уақыт көрсетер. Халық ақшасын ұрлағандардың біразы ұсталып та жатыр. Оған соңғы кездегі ЭКСПО-2017 басшыларының істі болып жатқанын айтсақ та жеткілікті. Басқа ұсақ-түйек шабақтарды санап болмайды. Жерді сатқандағы қаржы жемқорлардың жемсауына түсіп кетпесіне ешкім де кепілдік бере алмайды.
Жер сатудағы биліктің негізгі айтатын уәжі: «Шетелдік заңды және жеке тұлғаларға жер сатылмайды» дейді. Тоқтау салған бір бапта: «Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын береді» деп жазылған. Ал шетелдіктердің жарғылық капиталының үлесі 49 пайыз, не одан да аздау болса қалай болмақ? Демек оларға жер сатылатын болады ғой. Бұл жағдайда Қазақстаннан жер сатып алғысы келген кез келген шетелдіктер үлесі 49 пайыздан төменірек біріккен компания құрып алатын болады. Олар үшін қағаз жүзіндегі компанияның іске асыратын жұмысы маңызды болмайды. Негізгі мақсаттары – жер сатып алу болмақ. Бұндай компаниялардың қаншасы құрыларын бір құдайдың өзі біледі.
«Шетелдік жеке тұлғаларға жер сатылмайды» деу де көңілге қонымсыз. Бұрынғы Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында: «Қандай да бір шетелдік өзіне жер сатып алып көрсін, оның ойынан түк шықпайтынына мен сенімдімін» деген еді. («Егемен Қазақстан», №82, 30.04.2016 ж.). Жер сатып алғысы келген шетелдіктер, біздегі тұрып жатқан диаспоралары арқылы-ақ сатып алып, солар арқылы басқара беретін болады. Ондай оқиғалар әлемде болған. Мысалы, Израиль мен Палестинаны алайық. Бұлардың жері ХХ ғасырдың басында Ұлыбритания қарауында болды. 1918 жылы бұлар да жерді сатуға рұқсат беріп, сата бастады. Осы кезде бұрынғы тұрып жатқан азын-аулақ еврей халқы жерді сатып ала бастады. Өздерінде ақша болмағандарға шет елде жүрген ауқатты еврейлер көмектесті. Әрі шет елдегі еврейлер де көшіп келіп, азаматтық ала бастады. Осы процес 30 жылға созылды. Әбден көбейіп, жердің көбін еврейлер сатып алған соң, 1948 жылы «Израиль» мемлекетін құрды. Ал 20 жыл бойы АҚШ-тың көмегімен күшейген соң 1967 жылы БҰҰ Палестинаға бөліп берген «Газа секторын», т.б. жерлерді күшпен басып алды. Міне, қазіргі Палестина мен Израиль арасындағы сойқан осыдан 98 жыл бұрын жер сатуды бастағанның нәтижесі. Біз қазір жерді сатсақ, немере-шөберелеріміздің 90-100 жылдан кейін палестиналықтардың кебін киіп, «экстремистер», «террористер» атануы әбден мүмкін.
Бұндай қауіп Қазақстанда жоқ деуге болмайды. «Орыс партиясының» құрылу мақсаты Қазақстанда «Орыс автономиясын құру» деп осы ғасырдың басында айтқандары ұмытыла қойған жоқ. Оларды бұл пиғылдан арыла қойды деуге әлі ертерек. Егер жер сатылар болса бұларға дау-дамай туғызуға жақсы сылтау болайын деп тұр. Ауруды елемесең асқынады. Бұны «қаңқу сөз» деп елемей, қапы қалмайық.
Шетелдіктердің жер сатып алуға әрекет ететін тағы бір жолы, Қазақстан азаматтарымен, азаматшаларымен өтірік некеге тұрып (фиктивный брак) солар арқылы сатып алады. Біздің заң бойынша Қазақстан азаматтарымен некеде болса 3 жылдан кейін «Қазақстан азаматы» бола алады. Ал былайғы адамдар 5 жылдан кейін Қазақстан азаматтығын алады. Бұл, екі уақыт та ұзақ мерзім емес. Сондай-ақ, Қазақстанда тұрып жатқан жақын туыстары (баласы, жұбайы, ата-анасы, апасы, інісі, атасы немесе әжесі) бар, бұрынғы кеңестік республиканың азаматтары, ҚР-ның аумағында тұрақты тұру мақсатында келген жағдайда, тұрып жатқан мерзіміне қарамастан ҚР-ның азаматтығын алуы мүмкін. Бұл жағдайдың бәрінде, мемлекеттік тілді білу-білмеуі маңызды емес. Мемлекеттік тілді білмесе де азаматтық беріле береді.
Қазір Қазақстанда 300 мыңдай қытай жүр. Оның 30 мыңдайы Қазақстанның күйеу баласы болып алған деген сөз бар. Ал қаншасы Қазақстан азаматтығын алғанын кім білсін. Заң күшіне енсе, осы қытайлар-ақ талай жерді сатып алады. Оларға Қытай үкіметі қаржы беретін болады. Қазір басқа елден асхана ашқан қытайлықтарға үкіметі қаржылай көмек береді.
Тіпті, бұл уақытты күткісі келмеген шетелдіктер «Қазақстан азаматы» деген құжатты сатып та алады. Жемқорлық пен парақорлық дамып тұрған біздің елде бұл оп-оңай. Естеріңізде болса, осы ғасырдың басында таза қытай ұлтының (хансу) екі азаматы ұсталғаны газетте жазылған. Олар «Қазақстан азаматы» деген құжатпен ұсталған болатын. Өздері не қазақша, не орысша білмейді. Артынан тексергенде құжатты сатып алғандары анықталған. Бұл ұсталғаны. Ал ұсталмағаны қанша екенін бір құдайдың өзі біледі. Міне, осындай азаматтар құжатын көрсетеді де, «Мен Қазақстан азаматымын» деп жеріңді сатып алады. Ал жер сатып алуға ақшасы жоқ қазақтар оларға жалданып, құл болады. Бізде қазір мұнай, газ саласында істеп жатқан жергілікті халыққа 400-500 доллар беріп, өздері 4 000-5 000 доллар алып жүрген шетелдіктер бар ғой. Жер сату мәселесінде де осы жағдай қайталанатын болады. Жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелеріне олар да көңіл бөлмейді. «Көлік көпірден өткенше» деп алдында, әрина, барлық жақсылықты сөзбен үйіп төгеді. Ал бәрін заңдастырып, орнығып алған соң «істегің келмесе жұмыстан шық» деп қарап отыратын болады.
Кейбір дамыған басқа мемлекеттерге қарасақ, пайыздық жағынан жергілікті халық саны көп болса да жерлерін сатпайды. Өз азаматтарына жалға береді. Мысалы, Англия, Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландия елдерінің басын құрайтын Ұлыбритания Біріккен Корольдігінде ағылшындар – 81,5 пайыз. Онда жерге жеке және мемлекеттік меншік аралас. Шет ел азаматтарына жер сатылмайды. Фермерлер жерді жалға алады. Францияда француздар – 94 пайыз. Олар да жерді жеке меншікке беру белгіленгенмен, негізгі тәсіл ретінде өз азаматтарына жерді жалға беру қолданылады. Жапонияда жапондар – 99,4 пайыз. Оларда жер сатуға мүлде рұқсат жоқ. Кезінде өздері жерді сатып алып, «Израиль» мемлекетін құрса да, қазір Израильде жер түгелдей мемлекет меншігінде. Соңғы жылдары жерінен мұнай шығып байыған арабтар палестиналықтарға жерді сатып алып береді деп қауіптенген болуы керек. Жерге жекеменшік жойылған. Ал, шығыстағы ұлы көршіміз Қытайда жер түгел мемлекет меншігінде. 1,5 миллиард халқын жерін сатпай-ақ асырап, артық өнімдерін импортқа шығарып отыр. Демек, жерден өнім алу, жерді жеке меншікке беруге, сатуға ешқандай байланысты емес. Жерден өнім алу, онымен халықты қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына жағдай жасап, жерде жұмыс істеуге мүмкіндік беру, өнімді өткізуді ұйымдастыруға байланысты.
Ал бізде, керісінше, ауыл шаруашылығына кедергі жасауға әуес. Егін егер ерте көктемде, жинар күзде жанар-жағармайды қымбаттатады. Өнімді
делдалдар арқылы арзанға алғызып, ауыл еңбекшілерінің еңбегін еш кетіреді. Мысалы, қазір делдалдар картошканы ауыл адамдарынан 25-30 теңгеге алып, қалада 70-80 теңгеден сатады.
Біздегі билік басындағылар шет елдің осындай халыққа пайдалы жағын «байқамай», билікке пайдалы жағын алдымен көретіні өкінішті-ақ.
«Қазақтар жерін шетелдіктерге 25 жылға жалға бергелі жатыр екен» дегенді естігелі, алдымен қозғалған қытайлар болып тұр. Олар жерді жалдау туралы, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовпен 2 млн. долларлық 10-нан астам келісімге қол қойысып та қойды. Енді Ақмола облысынан жалға жер алу үшін, осы облыстың әкімі Сергей Кулагинмен де келіссөз жүргізбекші. Қытайлар көп өнім аламыз деп неше түрлі химикаттар төгіп, жерлерін құртып алды. Қазір олардың ауыл шаруашылық өнімдері денсаулыққа зиянды болып кетті. Сондықтан әлі табиғи құндылығы жойылмаған қазақ жеріне қызығуда. Жалпы, қытайлар бір кірген жеріне кенеше жабысып шықпай қояды. «Жалға берілген жердің келісімі ұзартылуы мүмкін» деп айтылуда. Ондай жағдайда жалдық келісімді олар ұзартуға күш салатын болады. Американың өзі кіріп алған қытайларды шығара алмай отыр. Ал біздің шығарып жібере алуымыз екіталай.
Шет елге жалға берілген жер, жал уақыты біткенше сол елдің меншігі болып табылады. Сол аумақта өздерінің заңдарын жүргізеді. Ресей Байқоңырды жалға алып отыр. Ол қалада Ресей заңы, Ресей ақшасы, орыс мектептерінде Ресей тарихы, «менің елім Ресей, Президентіміз В.Путин» деп, ресейлік құндылықтар оқытылады. Мол табысты жұмыстың тәуірін де ресейлік азаматтығы барларға береді. Қазақстандық азаматтар екінші сортты адам ретінде есептеледі. Қытайлар да жалға алған жерлеріндегі қазақстандық азаматтарды екінші сорттыға жатқызатын болады.Біз тас санасақ, басқалардың құм сайтынын есте ұстайық.
Биліктегілер: «Қазақстанда игерілмей жатқан артық жер бар. Олар тозып барады. Соларды игеру үшін сату керек. Шетелдіктерге жалға берейік» дейді. Ол қайдағы артық жер? Оны бізге кім әкеліп берді? Кеңес кезінде, колхоз, совхоз болып тұрған кезде, бірде-бір сантиметр артық жер жоқ еді. Қайта, кейбір колхоз, совхоздардың жерлері жетпей, көршілерінен уақытша мал жая тұруға жер сұрап жүретін. Колхоз, совхоз кезінде әрбір шаруашылықта жерге, малға байланысты мамандар болатын еді. Жердің жағдайын агрономдар, малдың жағдайын зоотехниктер мен мал дәрігерлері бақылайтын. Олар жерді органикалық, минералды тыңайтқыштармен құнарландыруды, парға қалдыру, ауыспалы егіс жүйесін бақылайтын. Ауыл шаруашылық техникаларын жаңаландырып тұратын. Шаруашылықта машина мен тракторларды жөндейтін, оларды қосымша бөлшектермен қамтамасыз ететін машина-трактор паркі, жанар-жағармай бекеті болатын еді. Әрбір колхоз, совхозда үйлерді, қора-қопсыны жөндейтін құрылыс бригадасы болған. Ұжым мүшелеріне әлеуметтік қолдаулар көрсетілетін. Мектеп, клуб, ФАП-тар жұмыс істеп тұрған еді. Диқандар дер кезінде тұқым сеуіп, күзде уақытында орып алуға ғана күш салатын. Науқан кезінде жұмыс күші жетіспей, сақпанға жоғары сынып оқушылары мен студенттерді жұмылдыратын. Ораққа студенттер мен солдаттарды тартатын. Кейбір ЖОО-ларда студенттерді бір жылдық комбайын айдауға үйрететін еді. Бұндай студенттерді егін жинауға аттандырып отыратын. Жекешелендіру кезінде бұның бәрі бұзылды. Бір кезде ұжым болып атқарған жұмысты жалғыз адам қайдан істей алсын. Бұл бірден жаппай жекешелендірудің қателігі.
«Артық жер» бірден жаппай жекешелендіруден кейін пайда болды. Елге, мүмкіндіктеріне қарамай пайға жер бөліп берді. Кейбір бала-шағалары есейіп, жұмыс істеуге жарайтын отбасылар жерді игеріп кетті. Ал, бала-шағалары жас, өзінен басқа бас көтерері жоқ отбасылар жерді игере алмай қалды. Жалғыз өзі тракторға, комбайынға отырама, ол сынып қалса қосалқы бөлшегін алуға, жанар-жағармай алуға қалаға жүгіреме, қаражатты қайдан алады? Міне, осындай адамдар жерлерін игере алмай қалды. Әйтпесе қазақта ешқандай да артық жер жоқ.
Жерді жекешелендіру басталғанда, бірден жаппай жекешелендіруге болмайтыны туралы айтылған еді. Отбасының мүмкіндігіне қарай, оларда жерді игеріп кетуге есейген бала-шағалары болса, олар пайларын алып жеке шықсын. Ал, мүмкіндігі жоқтар қазірше ұжым болып, бұрынғыдай істеп тұрсын. Мүмкіндіктері болғанда бірте-бірте пайларын алып жеке шығып отырсын. Сөйтіп, бірден жаппай емес, сатылап жекешелендірілсін деген ұсыныс жасалған болатын. Бірақ оған билік құлақ аспады. «Ура, алға!» деп бірден жаппай жекешелендіріп, жерді бөліп берді. Бұның қате екені енді білініп, ұсақ шаруашылықтарға «бірігіңдер, іріленіңдер» деп жатырмыз. Жалпы, бізде, реформа көп жағдайда, жергілікті жағдайды, халықтың менталитетін ескермей жүргізіледі. Шет елден көргенімізді көшіріп алуға әуеспіз. Мысалы, кезінде «командалық басқаруды» кіргіздік. Шет елде командаға өз партияларынан мамандар тартылады. Ал бізде командаға туған-туыстарын, құда-жекжаттарын, т.б. таныс-білістерін тартты. Сөйтіп бір облысқа әкім болса жандайшаптары көшпелі шегірткеше көшіп жүрді. Бұрынғы істеп жатқан тәжірибелі мамандарды сырып тастап отырды. Жаңадан келген мамандар жергілікті жерге үйренісіп, іспен танысар-таныспас 4-5 жылда әкімді ауыстырса, бұрынғылары кетіп жаңа команда келді. Сөйтіп, бұрынғылар дұрыс жұмыс істеп те қарық қылмады. Нәтижесінде, жұмыстар ақсап, ештеме өндіріліп, тындырылмады. Есесіне жемқорлық пен парақорлықты өршітіп жіберді. Қазір командалық басқарудан бас тартып жатырмыз. Нарықтық экономикаға көшкелі осы сияқты эксперименттеріміз көбейіп тұр. Эксперимент жасауға болатын да, болмайтын да жағдайлар бар. Медиктер эксперимент жасаса адамды о дүниеге аттандырып жіберуі мүмкін. Сол сияқты жерге де эксперимент жасауға болмайды. Жерсіз, елсіз қалуымыз мүмкін. Енді қайтпек керек?
Біріншіден, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру керек. Ұсақ шаруашылықтардың жерді тиімді пайдаланыла алмай отыру себебі: олардың материалдық-техникалық жағдайының төмендігі, агроөндірістік кешенде агрономдардың, т.б. басқарушы мамандардың жоқтығы, болғанның өзінде білімінің төмендігі. Ұсақ шаруашылық жерді игеріп, жұмыс тауып бере алмағандықтан жастар жұмыссыз қалып, күн көру үшін қалаға ағылды. Енді осы жастарға жұмыс тауып беріп, жерді игеру үшін ұсақ агро құрылымдарды ірілендіріп, кооперацияға біріктіру керек. Агроөндірістік басқарушы мамандарды дайындап, іріленген кооперацияға жіберген абзал. Кооперация – мемлекеттік емес, мемлекеттік жүйеге бағынбайтын, жұмыстарын өздері жобалайтын, өзін өзі басқаратын, табысын мүшелеріне өздері бөлетін, басқарушы адамды өздері сайлайтын ұжым болады. Бұндай іріленген шаруашылықтың ауыл шаруашылық техникаларын жаңартып тұруға, өздерінің егістік жерлеріне агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, машина-трактор паркін, жанар-жағармай бекетін ұйымдастырып, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп, т.б. қосалқы шаруашылық ұйымдастыруға мүмкіндіктері болар еді. Ірі шаруашылықтардың бір бөлімі жермен айналысса, бір бөлімі мал шаруашылығымен де айналысуға мүмкіндік алады. Сонда нан мен ет өздерінен шығып, артығын делдалсыз сататындай мүмкіндік ұйымдастыру керек. Кооперацияларға жерлерін кепілге қойып, банктерден несие ала алатын заң қабылдаған дұрыс болар еді. Бұл жағдайда олар қаржыдан да көп қысыла қоймайды. Сол кезде жерді сатпай, шет елге жалға бермей-ақ өзіміз игерер едік.
Екіншіден, бұрын жерді 49 жылға жалға алған, оны игеруге мүмкіндігі бар өз азаматтарымызға жалдау құқығын қалдыру керек. Қазіргі «Жер туралы» заңда өз азаматтарымызға 49 жылға дейін жалға алуға болады. Егер 20-21 жастағы адам оны алатын болса 69-70 жасқа келгенше пайдалана алады. Демек, 49 жыл деген бір адамның еңбекке жарамды өмірі. Осы уақыт аралығында адам отбасын құрып, ұрпақ өсіреді. Отбасын асырау үшін жерде жұмыс істейді. Жерді дұрыстап күтіп, өнім алып отырған отбасыларға жалға алу уақытын ұзартуға мүмкіндік жасау керек. Сонда әкесі алған жерді баласы тағы да 49 жылға жалға алады. Сөйтіп, ол жерге әулет еңбек етіп пайдасын көрер еді. Ал жалға алған жерді жаңадан сайланған не тағайындалған әкім алып қоймас үшін оларды қорғайтын заң қабылдау керек. Сондай-ақ, жерді ұзақ мерзімге жалға алғандарға банктен жеңілдетілген несие беру механизмін ойластыру қажет. Егер шарт бойынша келісілген уақытта несиені қайтара алмаса, жерді жалдау құқығы банкке өтсін. Олар өз қалаулары бойынша мүмкіндігі бар басқа адамдарға жалға берсін.
Қай жағдайда да, 1-2 сиыр, 5-10 қой ұстайтын ауыл адамдарының малдарын жаю үшін, ауылдан шамамен радиусы 5 шақырымдай жерді жалға бермей қалдыру керек.
Жерді сатуға болмайтын тағы бір жағдай, шет елде тұрып жатқан қандастарымыздың көшіп келіп жатқандығы. Оларды мүмкіндігінше, қазақтары аз облысқа орналастыруға тырысып жатырмыз. Дұрыс. Әлі де келгенінен келе алмай жатқаны көп. Олар «елім, жерім» деп келеді. Жердің бәрін сатып жіберсек, олар келгенде қайдағы жерімізді береміз? Олар қандай жерде жұмыс істейтін болады? Оларға: «Жердің бәрі сатылып кетті. Енді жерді алғандарға «құл бол» дейміз бе? Онда оралмандар да азаяр. Тіпті, келушілер тоқтап қалуы да мүмкін. Сондықтан, қандастарымыздың кем дегенде 50 пайызы келіп болмай жерді сатуға болмайды.
Жерді сатуды қолдайтындар «жерді жыртып игермесе, ол құнарсызданады» дейді. Олар қазан төңкерісіне дейін қазақ жері жыртылмай-ақ игерілгенін білмейтін сияқты. Ол кезде жер қазіргіден әлдеқайда құнарлы болған. Қайта, Кеңес кезінде «тың жерді игереміз» деп оңды-солды жыртып жердің құнарын құртты.
Қазір біздің Мәжілісте – 107, Сенатта – 47, барлығы 154 депутат бар. Солардың біреуі ғана, Владислав Косарев қана, жер сатылмасын деп отыр. Қалғандарының бәрі билікті қолдап «жерді өз азаматтарымызға сатайық, шет елге 25 жылға жалға берейі» деуде. Бұл депутаттар халықтың талабын ескерер емес. Бұларды бұрын «халық қалаулылары» дейтін едік. Енді «билік қалаулылары» дегеніміз дұрыс болар.
Қазіргі дау жер туралы болса да, бұны кейбір БАҚ-тар ұлтаралық араздық ретінде көрсетуге тырысуда. Мысалы, «КТК» телеарнасы өзінің 08.05.2016 жылғы сағат 21.00-де берген «Портрет недели» хабарында осындай пиғылда екенін көрсетті. Ал 15.05.2016 ж. «Портрет недели» хабарында комиссия отырысы туралы бергенде, тек «жер сатылсын» дегендерді ғана көрсетіп, қарсы пікірдегілерді бермеді. Осы «КТК» ылғи да қазаққа қарсы әрекет етеді. Бұл каналды жабу керек. Ал «Еуразия» каналы митингіге шығару үшін ақша таратып жатыр деген сыңайдағы көрініс берді. Бірақ берушінің де, алушының да беті-жүзін көрсетпеді. Олар қай жерде берілді, беруші кім, алушы кім ол да белгісіз. Күмән көп.
Жер – мемлекеттің, тіршіліктің негізі. «Жер тағдыры – ел тағдыры» дейтін қазақ үшін ең жанды жері. Жер мәселесі өте өзекті. Жерге байланысты шешім «жеті өлшеп бір пішілетін» нәзік проблема. Жер мәселесінде кең ойлап, жете зерттемей асығыс шешім қабылданбағаны абзал. Жер – ата-бабадан болашақ ұрпаққа берілетін аманат! Аманатқа қиянат жасамайық. Оны сатуға ешкімнің құқығы жоқ. Жер – халықтікі, болашақ ұрпақтікі.
Назрахмет ҚАЛИ
зейнеткер. Алматы қаласы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑