banner-top12

Сұхбат Literature-1-landing

Қосқан уақыты Желтоқсан 11, 2008 | 980 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жерленген мұраның жемісі

2008 жылдың 18 қарашасында Дүниежүзі қазақтарының  қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруында өткен көрнекті қазақ қаламгері Асқар Татанайұлының шығармашылығына арналған салтанатты кешке келген құрметті қонақтың бірі, А. Татанайдың ұлы, белгілі ақын, тарихшы Көбен Асқарұлы бізбен,  Асқар туралы     аз – кем әңгімеде болған еді.  

–  Құрметті Көбен аға, Атажұртқа хош келдіңіз. Асқар Татанайдың Қытайдағы Қазақ әдебиетінің тағаннын қалаған алып тұлғалардың бірі ретінде жақсы танимыз, 

1935 жылдары Сарсүмбе қаласында «Алтай газетін» алғаш шығарып, Қытай қазақ баспа сөзінің негізін қалағаны белгілі. Осы басылымның жарық көру тарихына аялдай кетсеңіз?

1933 жылы Шәріпхан Алтай аймағының уәлиі шекара камисарының бастығы болып белгіленгеннен кейін, халық ағарту жүмысына кірісіп, қысқа мерзімді мұғалімдер жетілдіру күрсін ашты.

Сол кезге Асқар алғашқылардың бірі болып, оқуға түскен.

1934 жылы Шәріпхан өзі ашқан мектептен түлеген түлектерін халық ағарту жұмысына салып, әр ру өздері мектеп салдырып балаларын оқытуға бұйрық шығарып қадағалай бастады. Сонымен жер жерден мектеп ашыла бастады. Асқар оқу бітірген кезде, Қазыбек руының салдырған мектебі бітпей қалып, жалғасты оқу үшін Алтай қаласына көшіп барды.  Сол тұста Шәріпхан Сәбеттен бала оқытып тұрады екен, әкем сол жақтан оқуды ойластырып жүргенде, Шәріпхан Семейден баспа машинасын алдырып, Асқар сен осы баспа жұмысын атқарасың, бұл ең үлкен оқу деп баспаның тұтқасын ұстатады.

Сонымен Ахмет Байтұрсынның емлесінде шығатын баспаны алғаш рет Алтайда іске қосты. Сол тұста Сәбетте Ахмет Байтұрсын емлесі қолданыстан қала бастаған болатын.

Баспа машинаны Канабалов деген орыстың үйретуімен, Ғалым Құсайынов деген кісі екеуі алғашында түрлі ұқтырулар мен жарнамаларды шығарып, 1935 жылы «Шыңжаң Алтай газетін» алғаш шығарды. 1938 жылы «Жаңа Алтай» журналын қосып шығарды да, алғашқы баспа технигі, алғашқы бұқаралық  ақпарат құралын шығарушы редактор ретінде де тарихта өз ізін қалдырып кетті.

– Ол кісінің Қазақ ауыз әдебиетін жинаудағы фолкылорлық еңбектерінің өзі ұшан теңіз. Шәкәрімнің қол жазбасы қолына қалай түсті екен?

 Әкемнің Кәрім Дүйсебаев деген ұстазы өзі оқыған мұғалімдер тез жетілдіру мектебінің бастығы әрі мұғалімі болған. Ол 1930  жылы Семей жақтан қашып барған Алаш Орда партиясының мүшесі болатын. Сол кісі әкеме, «Асқар біздің халық ауыз әдебиетінде небір үлкен құндылықтар жатыр, соны тез арада жинауымыз керек. Әйтпегенде көптеген құндылықтарымыздан айрыламыз. Халық ауыз әдебиеті қазір Қазақстанда күйреуге айналды. Себебі: халықты бай кедей деп екіге бөліп алды, оның әдебиетінде екіге бөліп алды.

Буржуазиялық байшыл әдебиет және кедейлердің әдебиеті. Қазір Қазақстанда Буржуазиялық байды дәріптеген әдебиет жоғалуға айналды. Оның ақындары да жоғалатын болды. Мәселен: Мағжан, Міржақып, Шәкәрім бұлар байшыл әдебиеттің өкілдері. Анау Бұқар жыраудан құлдата не бір тұлғалар бар, солардың еңбегін сақтап қалуымыз керек. Соған сен азаматтық тұрғыдан саналы түрде кіріс. Ол сені үлкен ақындық жолға бастайды. Қазір Қытай Қазақ ауыз әдебиетінің қаймағы бұзылмай тұр. Сондықтан бүгінен бастап ат салысып әдебиетке иелік ет» деп қадағалап тапсырған ұстазының өтініші бойынша, гәзетке қызыметке тұрғаннан бастап Қазақтың халық ауыз әдебиетін, халық тарихын жинап, реттеу жұмысын қолға алды.

Халық арасынан қиса, дастаннан бір шумақ өлеңге дейін жинап уақытымен автормен қалай, кімнін ауызынан айтқызып алғанына дейін ашалай жазып сақтап отырды. Сол кезде, Шәкәрімның ұлы Зиятпен танысқан. Зият Тарбағатайдан қашып Алтайдағы Мәми бейсінің ауылына тұрақтаған екен. Зияттың Мәмимен туыстық байланысы жоқ, бірақ кезінде Шәкәрім «Түркі және хандар шежіресі» кітабін жазған кезде, Абақ Керейдің шежіресін Мәмиден алған екен. Сол Шәкәрімнің ұлы Зиятты Бердеш деген кісі шекарадан алып өтіпті.  Мәмидің Ауылына келгеннен кейін Мәми ауылындағы руы арғын Сейтқазы мұғалымның Мүнира деген қызымен шаңырақ құрып, кейін Алтай қаласындағы Бастауыш мектебінің мұғалымы болып қызымет істейді. 1936  жылға дейін «Шынжаң Алтай газеті» не Зияттың бір қанша өлеңдері жаряланған екен. 1936 жылы қайын атасы Сейітқазы Нұртаев Үрімжідегі «Қазақ – қырғыз ұйымының» бастығы болып ауысқанда, күйеу баласы Зиятты бөзімен бірге ілестіре кетіпті. Зият сол кезде, «Мен Үрімжіге қалың қытай мен ұйғырдың арасына кетіп бара жатырмын, онда танитыным жоқ, олай – бұлай жағдай бола қалса, қол жазба кімде қалады. Ойласам сізде болғаны жөн секілді»  деп   әкемнің ұстазы Кәрім Дүйсебаевқа  әкесі Шәкәрімнің 40 беттей қол жазбасын аманаттапты.

1938 жылы Шың Сысай Cовет одағынан қашып келгендерді ұстап түрмелей бастады. 1938 жылы өлкелік үкіметтің орынбасар бастығы Қожанияз ажыны қолға алуына байланысты, Алтайдан бір топ ұйғыр оқымыстыларын қолға алды. Енді Қазақстаннан қашып келген Алаш ордалықтарға ауыз сала бастағанда, әкемнің ұстазы Кәрім әкемді шақырып алып  «Асқар менің енді күнім бітті, барар жерімде жоқ, Шың Сысай ұстауға айналды, алды ұсталып жатыр, естіп отырмын, жанымды бір аллаға тапсырғаннан басқа амал жоқ. Қазақстаннан қашып өткенде оқпен оттың арасынан аман алып шыққан құнды кітаптарымды саған тапсырдым » деп  Ахмет Байтұрсынның «Қырық мысалын»,  Мағжанның «Батыр баянын» және Зияттың аманатын қосып әкеме тапсырып кеткен болатын. Айтқандай Зиятта, Кәрімде сол зобалаңда,  із – тозсыз жоғалып кетті.

– Қытайдағы зобалаң тудырған мәдениет төңкерісінің әңгір таяғы Асекеңеде тигені рас, сол жылдарда көзінің қарашығындай көрген барлық жиған – терген еңбектерімен жазған шығармаларын кемпірінің зиратына көміп сақтапты деуші еді.  Осы жайданда сыр шерте кетсеңіз.

 

         1966 жылы Қытайда мәдениет төңкерісі басталды. Сол жылдың күзінде, Бейжіңде Го Моро «менің бүгінге дейінгі жазғандарымның барлығы, бұржуазияның шатпағы екен», деп өз шығармаларын «Бейжіңнің алаңына шығарып өртеді» деген мақала «Шынжаң газетінде» жарияланыпты.

Осы мақаланы оқығаннан кейін әкем қатты тіксініп, «дүниеге үлкен сұмдық келе жатыр, мынадай болғанда Бейжіңде Го Моро шығармасын өртесе, Алтайда Асқарды шығармасымен қосып өртеп жібереді» деп қам жасай бастады. Сол – ақ екен, «төр көнені жоғалту» деп астау, аяқты шағып талқандау науқаны басталып кетті.

Сонымен бізде кейбір жарақсыз газет-журналдарды, Қазақстаннан шыққан кейбір өртелгенмен ертең қайта табылатын кітаптарды, құңибіңдердің алдында  көзіне көрсетіп өртеп жібердік. Сонымен Асқардың шығармалары өртелді деп жатты.

Сақтауға тистілерін жасыру бізге қатты уайым болды. Қыстай зәре жоқ, үйдің астына көмейік тесек, жер сыз шіріп кетеді деп қорықтық.

Мен кедей – кембағал туыстардың біріне апарып тастайық десем, әкем ода болмайды, әр үйде бірден құңибіңдер бар, ертең олар алып шығып, арамыздан туыстық ажырайды. Не көрсекте өзіміз көрейік деп оғанда мақұлдық бермеді. Сонымен қыстан аман шықтық  1967 жылы көктемде әкем қыстақ бастығына барып, кемпірімнің басына зират тұрғызам деп ұрқсат алып, барлық жиған – терген еңбектерін қара киізге орап, тігіп сабанмен араластырып шешемнің зиратына көмдік.

   1977 жылы 10 жыл 4 ай өткенде қайтадан қазып алдық. Ахмет Байтұрсынның «Қырық мысалы», Мағжанның «Батыр баяны» шіріп кетіпті. «Арқалық батыр», «Сәлиқа – Сәмен» дастандары және басқада барлық еңбектерінің тамтығы сақталып аман қалыпты.

– «Сәлиқа – Сәмен» демекші, қазір «Сәлиқа – Сәмен » туралы  дау – дамай көп, дастан Асқардың қолына қалай түскен?   

Әсеттің:

          Ақында менен сорлы өттіме екен,

          Баспадан бір ауыз сөз берілмеген.

Деген өлеңіне қарағанда көзі тірісінде еш шығармасы баспадан жарық көрмегені белгілі.  1947 жылы Әсеттің «Сәлиқа – Сәмен» дастаны мен бір топ өлеңдері Алтай газетінде» жарияланды.

1941 жылы Асқар тілшілік сапармен Алтайдың Жеменей ауданына барғанда, Әлен уаңның үйіне қоныпты. Сонда Әлен уаңның қызы Заданың қолынан «Сәлиқа – Сәмен» дастанын көріп, жазып алыпты. Ол кезде Әлен уаң Үрімжіде түрмеде, Қадуан Алтайда мырза қамақта болатын.

Зада дастанды өзінің ағасы Қызыр Мамырбекұлы жазған дейді. Алайда 1947 жылы баспаға берілерде редактор Мұқаш Жәкеұлы, Мақат Ақпаев, Мырзақымет Мұқаметжанов, Ғалым Құсайынов және бірқаншасы  «Бұл дастанды Әсет жазған, ел ауызына таралған Әсеттің шығармасы көп, Зада кішкене, не біледі, Қызыр мынандай еңбек жаза алмайды» деп Мұқаш Жәке ұлының алғы сөзімен Әсеттің атында жариялап жіберіпті. Оны әкем көзі тірісінде айтып қарызынан құтылған болатын.

– Ұлттық мұржайда Ғабит Мүсіровпен бірлікте түскен суреті сақталыпты, осы сүрет жайында сыр бөлісе кетсеңіз?

1956 жылы Шынжаң әдебиет көркемөнер бірлестігі құрылды. Осы жиынға Орта Азия әдебиет, мәдениет делегатциясын Ғабит Мүсіров бастап барды.

Осы жиынға Алтайдан АсқарТатанайұлы, Кұнгей Мұқажан және Мағаз Разданұлы үшеуі барды. Сол жиында Ғабитпен кезігіп әңгімелесіпті. Жиыннан келгенде, Ғабит және бір ұйғыр әйел үшеуі бірге түскен сурет әкелген болатын, 1958 жылы стиль дұрыстау басталған кезде, «сен  Ғабитке не дедің ?  не деп әңгімелестіңдер?» деп сол сурет басына пәле болып күреске алынды. Суретті сол кезде үйден алып кетіп сол күйі жоғалды.

Суреттегі ұйғыр әйел ұйғырдың атақты әншісі Паша Ишан екен.

Ол кісіден де сұрап, іздестіріп таба алмадық. Мәдениет төңкерісі кезінде көп суреттерін өртеген кезде, өртеліп кеткен болар, архибінен табылмады.  Кейін Қазақстанға келгенде Ғабит Мүсіровтың мұражайынан іздеп едім, Мемлекеттік ұлттық мұражайда сақталып тұрғаны жайында дерек алып, сол жерден тауып алған болатынбыз.

–         Сіздің Германиядағы екі киіз үй туралы мақалаңызды оқыған едім. Ондада Асекеңнің айтқан деректері бар еді, сол киіз үйдің дерегіне тоқтала кетсеңіз?

1989 – 1990 жылдары болар Қазақстанда шығатын «Парасат» журналында Германиядағы екі киіз үйдің тарихы деген мақала шығыпты. Мақалада Шыңғыс Айтматов 1982 жылы Қырғызстанның Алматыдағы 10 күндігіне келгенде, Қазақ әріптестеріне, «мен жуықта Германияға бардым  ол жерде мұражайда екі киіз үй тұр, қырғыздың үйіме десем Қазақтың үйі екен» депті.

Осы киіз үйдің дерегін іздеген мақала иесі, тарихта қазақтар екі киіз үйді сиға бергенін, оның бірі Жәңгірхан патша Екатернияға үсынған киіз үй екен.

1790 – 1810  жылдар шамасында ол киіз үйді Санпетірборктегі жаздық сарайға тігіп разы болып, Жәңгіргі сарай салдырып ал деп ақша берген екен.

Ал екінші киіз үйдің дерегі одан жарты ғасырдан кейін кіші жүздің атақты байының баласы, Кадет корпысынан оқыған Мұқаш деген кісі Германияға киіз үйдің алтыннан жасалған мәкетін ұсынған екен.

Осы мақаланы әкеме оқып берген едім, әкем Жәңгірдің Екатернияға берген киіз үйі қайдан сақталсын арада 2.5 – 3 ғасыр өтіп кеткен тұрса, бұл 1936 жылы Шың сысай Алтайда Шәріпханға тапсырыс беріп киіз үй жасатып Германияға ұсынған болатын деген еді.

– Бұл күнге дейін қанша кітабы жарық көріп үлгірді? әлде баспа бетін көрмеген шығармалары бар ма?

 

Қазір Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығынан «Ел қорғаны- Абылай» атты кітабын қосқанда 11 кітабы шықты. Басылым көрмеген 3 кітабы тұр. Бірі «Шәріпхан Көгедаев» деген деректі романы, оны Іле халық баспасына беріп қойдым. Басқада басылым  көрмеген қол жазбаларынан екі кітабы тұр.

Алдағы уақытта әкемнің шығармалар топтамасын шығарсам деген ойым бар.

– Қытай қазақтарында Асқарды тұлға ретінде өте жоғары бағалайды, екі дүркін еске алу кешін өткізді.  Ал Атажұрты Қазақстанда қалай әспеттеліп жатыр?

1954 жылы Шынжаңға баспа сөз саласына, әдебиетке көмекке Қазақстан ғалымдарынан Жәрдем Тілеков, Ыбырай Тінекин, Жүнісбеков деген кісілер барған еді.

  Сол кезде ол кісілер әкеммен танысып, Қазақстанға келгеннен кейін «Жұлдыз» журналында Қытай қазақ әдебиетін таныстырып тұңғыш мақала жазыпты. Сол мақалада әкем туралы арнайы тоқталған. Содан бастап аздап –аздап таныстырыла бастады.

1970 жылдары Жәрдем жазған мақала негізінде «Шынжаң қазақ әдебиеті» деп  «Қазақ Советзнциклопедиясына» енгізілген.

1980 жылдары екі елдің жағдайы жақсара бастағанда әкемнің «Тарихи дерек, келелі кеңес » деген кітабы жұлдыз журналында «6 дәптер» деген айдармен толық берілді.

Қазақстан егемендік алғаннан кейін қазақтың ұлттық энциклопедиясының бірінші томында әкемді арнайы таныстырған.

–         Көбен аға әңгімеңізге рақымет ісіңіз ілгері болсын!

                                                                    Құрманбек ӘСКЕРМАНҰЛЫ

2008 жыл.

Тэгтер:




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑