banner-top12

Жолдауды қолдау imgpreview

Қосқан уақыты Ақпан 16, 2013 | 1  062 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЖОЛДАУДЫ  ҚОЛДАУ  МЕМЛЕКЕТТІК  ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ  ДЕ  МІНДЕТІ

Президенттің жыл сайынғы Жолдауын халық тағатсыздана күтеді. 1992 жылдан бері жолданып келе жатқан бұл жолғысы 16-Жолдау болды. 2012 жылғы Жолдауда әлеуметтік-экономикалық жағдай негізге алынып, 10 бағытта жасалды. Келешектегі іс-әрекет таяп келе жатқан дағдарысты негізге ала отырып жасалғаны байқалды. Сондықтан бұл жолы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын, зейнеткерлердің зейнетақысын көтеру туралы сөз болмады. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметкерлердің өз қызметін жауапкершілікпен орындауы керек екені айтылды. Сондықтан Жолдаудағы 4-бағытты: «Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру» деп атаса, 5-бағытта: «Арнаулы комиссия кандидатураларды білімі мен кәсібилігі, жоғары моральдық сипаты, бастамашылдығы мен тапсырылған учаскедегі жұмысының табыстылығы өлшемдері бойынша іріктейді» деп атап өтілді. Бұл – халықтың сеніміне ие болмаған мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істей алмайды дегенді меңзейді. Себебі, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы мемлекеттің беделін не өсіреді, не түсіреді.

Қай елге барсаң да, кеденнен кіргеннен шыққанша мемлекеттік қызметпен жолың түйіседі. Мемлекеттің адамдарға деген көзқарасы кеденінен кіргеннен шыққанша адамға деген ілтипатынан, сол елдің адамға деген қызметінен көрінеді. Егерде мемлекеттік қызметкерлер өз жұмыстарын адал, әділетті, дәйекті, сапалы орындаса мемлекетке деген көзқарас та дұрыс қалыптасады. Ал егер мемлекеттік қызметкерлер жұмысын тиянақсыз, әділетсіз, сапасыз орындап, бір құжат беру үшін пара алғысы келіп алақандары қышып тұрса мемлекет парақор, жемқор ретінде танылады. Тек шетелдіктерге ғана емес, өз халқына атқарған жұмыстар да адал, әділетті, сапалы болуы керек. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы, іс-әрекеті – мемлекет қызметінің айнасы болып табылады.

Осыған байланысты, ҚР Президентінің 2010 жылғы 19-наурыздағы №954 Жарлығына сәйкес, 2011 жылдан бастап «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі» енгізілді. Бұның мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының тиімділігін бағалау. Осы арқылы мемлекеттік орган қызметінің даму өлшемдеріне әсер ету дәрежесі айқындалып, оның ұйымдастыру жүйесі бағаланады. Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалауда: әділдік, дәйектілік, ашықтық, жариялылық қағидаты ұсталынбақ. Егерде осы қағидаттар жүзеге аспаса мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалау объективті болмайды. Ал тиімділік көрсеткіштері ретінде: әділдік, дәйектілік, ашықтық, үнемділік, салыстырмалылық, толықтық талаптары қойылмақ. Бұның бәрі сапалы орындалуы керек. Сапасыз істің түп  нәтижесі  болмайды.  Сондықтан   сапаны   бағалаудың   көрсеткішіне:

 

белгіленген уақытында толықтай орындалуы алынып отыр. Әрине, толық, әрі уақтылы орындалмаса жұмысты сапалы деуге болмайды. Бұлар мемлекеттік жұмыстың жалпылама көрсеткіші болады.

Кез-келген мемлекетте жеке және заңды тұлғалар бар. Адамдарға деген көзқарас, жұмыс істеу дәрежесі осы тұлғаларға қызмет көрсетуден айқындалады. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының сапасына қанағаттана ма, тапсырысы уақытылы орындала ма, қызмет көрсетудің қолжетімділігі қандай, шағымдарды қарау мен қанағаттандыру үрдісі қай деңгейде шешіледі, мемлекеттік қызметкердің өз жұмысын атқарғандығы әдептілігі мен ықылыс-ниеті қандай, электрондық форматта қызмет көрсету деңгейі қандай, осының бәрі мемлекеттік қызметтің көрсеткіші болып табылады.

Мемлекеттік қызметте істейтіндер бұқара халықпен кездесуден қорқатын сияқты. Әсіресе, әкімшілік қызметтегілер халықпен кездеспеуге тырысады. Мысалы, қаланың аудандық Әкіміне жолығу үшін алдын-ала жазылу   керек.    Ал,  жазатын  адам   неше   түрлі   сылтау   айтып   Әкімге

кіргізбеуге тырысады. Ана сұрақпен ана орынбасарға, мына сұрақпен мына орынбасарға барыңыз деп сілтеп жібереді. Ол орынбасарлардың да бұқара халықты айдың қай күні, қай сағатта қабылдайтын уақыты жазылған. Бірақ сол уақытта барсаң, көбінесе орынбасар не «жиналыста» болады, не «ауырып» қалады, т.б. сылтау шығып халықты қабылдамайды. Сөйтіп, келесі кездесу келесі айға қалады. Келесі айда қандай сылтаумен қабылдамайтынын әкімнің өзі біледі. Бұндай әрекеттер министрліктің де, агенттіктің де, департаменттіктің де қызметкерлерінен кездеседі. Халықпен кездеспеудің сылтауын іздеп тұрады. Бұл –  мемлекеттік қызметкерлердің халыққа қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасының төмендігін көрсетеді. Сондықтан халықпен кездесу уақытында мемлекеттік қызметкерлердің орнында болуын, қабылдауын қадағалау керек. Мемлекеттік қызметкерлердің халықпен кездесуден қорықпағаны абзал.

Қазіргі уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) ашылды. Бұл туралы да Президент өз Жолдауында айтып өтті. Оның жұмыс атқару аясын кеңейту керек екені назарға салынды. Мысалы, Алматыдағы бұл мекемелер қазір 135 мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Бұның ашылуы халық үшін пайдалы болды. Бұрынғыдай әр құжат үшін, әр мекемеге жүгіріп жүрмейді. Келешекте ХҚКО-ны әрбір ауылда ашуға тырысу керек. Себебі, ауылдағылар бір құжат алу үшін 200-300 шақырым алыстағы ауданға жүгіруге мәжбүр болып жатады. Бұл – кемінде бір, кейде екі күнді алады. ХҚКО әрбір ауылда ашылса халықтың әрі уақыты, әрі қаржысы үнемделер еді.

ХҚКО-ның ашылуы мемлекеттің халыққа деген табысты қамқорлығы деуге болады. Сонымен бірге бұл ұйым мемлекеттің халыққа қызмет көрсетуінің айнасы болып, халықтың мемлекетке деген көзқарасын айқындайды. ХҚКО-лар жақсы жұмыс істеп, елдің ісін дәл мерзімінде, тиянақты атқарып берсе  «мемлекет халық үшін жақсы жұмыс істеп жатыр»

 

деп,  жаман  болса  «мемлекет  халық  үшін  дұрыс  жұмыс  істемейді»  деп бағалайды. Сондықтан ХҚКО-ның жұмысын жақсартуға тырысқан дұрыс. Кей кездерде «құжаттарыңыз толық екен» деп қабылдайды да, келесі күні «тағы мына құжаттарыңыз жетіспейді» деп қайтарып жібереді. Бірден қандай құжаттар керек екенін айта алмай қалады. Осындай жағдайларда халық ренжіп жатады. Себебі, әркімде артық жүруге уақыт табыла бермейді.  Сондай-ақ, дайын құжатты аларда да терезенің алдында Кеңес кезіндей кезек жиналып қалады. Бұл да кері әсер етеді. Бұның бәрі, біріншіден, 2005 жылы ашылған ХҚКО-ның әлі жас ұйым болғандығынан болса, екіншіден, бұл ұйымның қызметкерлерінің істі толық меңгере алмай жатқандығынан болар. Себебі, ХҚКО-да жұмыс істеп жүргендер бұрынғы әр түрлі мамандық иелері. Олардың ішінде бұрынғы инженерлер де, технологтар да, т.б. мамандық иелері бар. Олардың кейбірі халықпен жұмыс істеу этикасын білмейді. ХҚКО-да жұмыс істейтін мамандарды дайындайтын оқу орындары жоқ. Жемқорлықтың аяғына тұсау салатын бұл мекеме халыққа да, мемлекетке де пайдалы болғандықтан келешегі зор. Сондықтан келешекте, ең болмағанда колледждерде Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін мамандар дайындайтын оқу орнын ашу керек.

Қазір – компьютер заманы.  Ауылда отырып аудан, облыстардан электрондық құралдармен ақпаратты тез алуға болады.  Әрі қазір «электрондық қолтаңба» енгізіліп жатыр. Бұл – халықтың үйде отырып ақпарат алуға, уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Сондықтан, ХҚКО-ларда электрондық форматта жұмыс істеуді дамыту керек. Бұл туралы да Жолдауда ескертілді.

ХҚКО-ның жұмысының сапасы тек өздеріне ғана байланысты емес. Ол – ақпарат беретін базалық мекемеге де байланысты. Базалық мекемелер ХҚКО-ның сұратқан құжаттарын дәл уақытында беруі керек. Базалық мекемелердің кешіктіруінен халықтың шаруасы уақытында бітпей реніш тудырып жатады. Халық, құжатын тапсырған ХҚКО-ның қызметкерлерін ғана білетіндіктен реніштерін соларға айтып жатады. Екі ортада ХҚКО қызметкерлері сөз естиді. Сондықтан, ақпарат беретін базалық мекемелердің жауапкершілігін арттыру керек.

Жолдаудағы айтылғандарды жедел орындау үшін, Президент сол күні түстен кейін Үкімет мүшелері, әкімдер, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» ХДП және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары қатысқан кеңейтілген отырыс өткізіп, әрқайсысына нақты, тиянақты тапсырма берді. Әрі өткен жылдардағы кеткен кемшіліктер жасырылмай ашық айтылды.

Бізде көбінесе тапсырма беріледі, қаржы бөлінеді. Бірақ олардың бақылауы, қадағалануы жетіспейді. Жоғарыдан берілген тапсырманың, қаржының қайда кеткені белгісіз болып қалады. Сайда саны, құмда ізі білінбей кетеді. Осыдан барып жемқорлар ойларына келгенін істеп, қаржыны жымқырады. Сондықтан, біткен әр жұмысқа міндетті түрде баллдық жүйемен баға беріліп отыруы керек. Істелген жұмыстың статистикалық есебін тоқсан сайын алып отырған дұрыс болар еді.     

 

Келешекте мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда қоғамдық ұйымдардың, тәуелсіз сарапшылардың, әр түрлі партиялардың ойын да ескеріп бағаласа объективті болар еді. Тек қана өзінен жоғары тұрған мемлекеттік мекеменің бағалауы шындыққа жанаспауы мүмкін. Қоғамдық ұйымдардың бағалауынан қорықпау керек.

 

Назрахмет ҚАЛИ,

 Алматы қаласы.

2013 жыл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑