banner-top12

Жолдауды қолдау no image

Қосқан уақыты Қаңтар 18, 2013 | 777 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ЖОЛДАУДЫ  ТОЛҒАУ  

 

2013 жылдың қарсаңында «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау жолданып, алдағы қырық жылдың қырқасына көз салдық. Бұл – жаңа саяси бағыт, еліміздің даму болашағын – «Дамуға бет бұру» кезеңі деп атасақ та болады.

Бұған дейін 1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясын белгілеп, алдыға жылжыдық. Бұл уақытты – «Аяқтан тұру» кезеңі деп атасақ та болады. Себебі, бұл кезеңде жас мемлекеттің дүние жүзі қауымдастығына кірігуі, өзін жаңа мемлекет ретінде қоғамдастыққа таныта білуі керек болды. Ол үшін: мемлекеттің іргесін қалау, нарықтық экономикаға көшу, әлеуметтік мемлекеттің негізін қалау, қоғамдық сананы өзгертіп алдыңғы 50 елдің қатарына қосылу керек еді. Бұның бәрін орындау үшін қоғамды әлеуметтік сілкініске ұшыратпай конституциялық әрі саяси реформалар жасау міндеті тұрды. Бұл үшін, «Алдымен экономика – содан соң саясат» қағидасымен жылжып отырдық. Енді «Қазақстан-2030» бағдарламамызды бажайлап қарасақ, міндетіміздің көп мөлшерін орындап қойған екенбіз. Ары қарай осы бағдарламамен жүре берсек, ол дамуға емес, тұсауға айналуы мүмкін. Сондықтан «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық.

Келешекте қайда барамыз, әлемдік қауымдастықтың қай тұсында боламыз деген сұрақтарға жауап беру керек болып қалды. Ол үшін не істеу керек, экономиканы қай бағытта дамытамыз, қандай саяси реформалар жүргізу керек деген сияқты сұрақтарға жауап табу керек болды. Сондықтан да «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын қабылдадық. Бұған дейін табиғи байлықтарымызға иек артсақ, енді бұл жеткіліксіз. Инновациялық қадам жасау мезгілі жетті. Экономикадан бастап кадр саясатына дейін өзгерістер енгізілуі керек болып қалды. Әйтпесе дамыған 30 елдің қатарына қосыла алмасымыз белгілі. Осындай жағдайда мемлекетіміздің ішкі, сыртқы дамуын 2050 жылға дейін белгілеп алдық.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында туу мен көп балалы болуды ынталандыру туралы айтылған. Дұрыс. Мемлекеттің мемлекет болып тұрақтап  қалуы үшін халқының санының да маңызы жоғары. «Көп қорқытады, терең батырады» деген. Біздің жеріміз кең, халқымыз аз. Бұл жағдай көптеген елдің көзқұртына айналады. Қазіргі жеріміз бұдан әлдеқайда көп халықты сыйғызып, асырай алады. Қытайдың жері 9,6 млн. шаршы шақырым, халқы 1,5 миллиард. Ал Қазақстанның жері 2,7 млн. шаршы шақырым, халқы 16 млн. Демек, Қатайдың жері Қазақстаннан 3,5 есе көп болса, халқы 100 еседей көп. Қытай өлшемімен өлшесек қазақ жері 400 млн. халықты сыйғызып, асырай алады. 400 млн. демей-ақ Қазақстан халқын 100 миллионға жеткізудің өзі ұлкен арман. Бірақ халықты көбейтеміз деп кім көрінгенді кіргізе беруге болмайды. Бірінші кезекте сырттағы қазақтарды тездетіп жинау керек. Екінші кезекте өз ішіміздегі өсімді қолдап, ынталандыру керек.  Ынталандыруды қалай жүзеге асыруға болады.  Алдыңғы кезекте  ана  мен  баланың  денсаулығына  басым  көңіл

 

бөлу керек. Ол үшін ана мен балаға байланысты емханалар мен ауруханалардың бәрі тегін болғаны абзал. Оларға керекті дәрі-дәрмектердің де бәрі тегін болуы шарт. Тіпті, жеке емханалар мен ауруханаларға мемлекет субсида беріп ана мен балаларды тегін емдетсе де артық болмас еді. Одан кейінгі жағдай, бала өскен соң олардың балабақшаға, мектепке баруы бар. Бұл мекемелер бізде әлі жеткіліксіз. Балабақшалар мен мектеп санын көбейту керек. Көп балалы болуды ынталандырудың тағы бір жолы – балалы болған аналардың орташа жалақысын бала күту кезінде төлеп отыру. Қазір жұмыс орны босанғанға дейін екі ай, босанғаннан соң екі ай ғана жалақысын төлейді. Қалған уақытта бала 3 жасқа толғанша ақысыз еңбек демалысы беріледі. Бұл кезде аналардың зейнетақы жинақтаушы қорына бір тиын да түспейді. Сондықтан көп балалы аналардың зейнетақысы аз болып қалады. Көптеген әйелдер осыны ойлап та көп балалы болғысы келмейді. Бұл үшін мемлекет бұған дейінгі ана мен балаға берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақыны сақтай отырып, «Ана қорын» құрып, балалы болған кездегі ақысыз демалыс кезінде баласы 3 жасқа толғанша осы қордан орташа жалақысы төленіп, зейнетақы жинақтаушы қорына ақша аударылып тұрса, кейін зейнетақысы да керек мөлшерде жиналар еді. Бұл, отбасылардың көп балалы болуын ынталандыра түсері сөзсіз. Әрі әр елді мекенде туылған балалардың санын есепке алып, оларға 2 жасқа толғанда балабақшадан орын беріліп тұруын қадағалау керек. Осындай шара қолданса әр әйел көп балалы болудан қашпайды.

«Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламада: «Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз» делінген. Әрине, жеке емханалар мен ауруханалардың болғаны дұрыс. Бірақ бұлардың бәрін, немесе көп бөлігін жекешелендіріп жіберуге болмайды. Жеке емханалар мен ауруханалар ақылы болады. Бізде әлі де төмен табысты отбасылар басым. Олар ақылы емханалар мен ауруханаларға бара алмайды. Қазір Қазақстанда 10 пайыздайы шіріген бай, 10 пайыздайы сіңірі шыққан кедей деп есептеледі. Қалғандары орташа табыстылар. Ақылы ауруханаларға орташа табыстылардың өздері әрең емделеді. Ал кедейлер тіпті жолай алмайды. Ақшасы барлар ақылы бөлімге кезексіз, кез келген уақытта жата алады. Ал, ақшасы жоқтар ақысыз бөлімге жату үшін айлап порталды күтуге мәжбүр. Айлап порталды күтіп жүргенде ауруы асқынып кетеді, тіпті кейбіреуі о дүниелік те болады. Қазіргі уақытта бұрынғы мемлекеттік ауруханалардың жартысы, кей жерде жартысынан көбі ақылы бөлім болып кеткен. Сондықтан ақысыз бөлімнің орны қысқарған. Бұлай кете берсе халықтың басым көпшілігі аурушаң болып кетеді. Халқының басым бөлігі ауру мемлекет – әлсіз мемлекет болады. Сондықтан бұрынғы мемлекеттік ауруханалардағы ақылы бөлімді ақысыз бөлімге қайтару керек. Жеке емханалар мен аурухана ашқысы келгендер өздері ғимарат салғандары, не жалдағандары дұрыс. Ал мемлекет жеке емханалар мен ауруханалар ашуға, оларға жаңа ғимараттар салуға, жұмыс істеуіне жағдай жасаса болар еді.

 

«Қазақстан-2050» Стратегиясында 2013 жылдан бастап мәслихат арқылы ауыл әкімдерін сайлауды бастау туралы айтылған. Кейінірек аудан, облыс әкімдері де сайлау арқылы жұмысқа кіріспек. Әкімдерді сайлауды жан-жақты ойластырып, тиянақты дайындалып, әкімдерді сайлау мен алып тастау механизмдерін жетілдіріп барып қана қолға алу керек. Молдавия, Грузия, т.б. республикалардағы «бөлініп шыққандарды» назарда ұстау керек. Біз де әкімдерді сайласақ осындай жағдайларға ұшырамау жағын ойластыруымыз керек. Бір кездерде Қазақстанда да автономия құрамыз дегендердің болғанын есте ұстаған абзал. Сондықтан, келешекте, әкімдерді сайлағанда аудан, облыс халқын дүрліктіріп автономия құрамыз, не басқаға қосыламыз дейтіндерге қандай тосқауыл қоямыз, қалай тоқтатамыз алдымен осы механизмдерді депутаттар жан-жақты ойластырып шешіп алуы керек. Автономия мен бөліну жайында сөз бола қалса оларды іштен де сырттан да қолдаушылары табылары сөзсіз. Әкімдерді сол елді мекеннің халқы сайлағанмен, мемлекеттің бөлшектену хаупі туған жағдайда оларды жедел түрде алып тастауды Президенттің құзырында қалдыру керек. Ондай мәселе көтерген әкімдерді сатқын ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс. Автономия мен бөліну туралы сөз Н.Назарбаевтың тұсында көтерілмеуі де мүмкін. Бірақ, келешектегі президенттің тұсында болып қалуы ғажап емес. Сондықтан бұл туралы заңды осы бастан шегелеп, шегендеп тастау керек. Бұл болашақтағы ұрпағымыз үшін керек. Сондықтан әкімдер сайлауына өте сақтықпен келген дұрыс. Әйтпесе, дін бостандығы туралы заңды ойланбай қабылдап алып, енді секталарға толық тыйым сала алмай отырғанымыз сияқты, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңды да ойланбай қабылдап алып, әкімдердің бассыздығына тыйым сала алмай жүрмейік.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс екендігі айтылған. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып 1989 жылы қабылданды. Өткен ғасырдан 11 жыл, бұл ғасырдан 25 жыл, сонда 36 жылдан кейін ғана қазақстандықтардың 95 пайызы әрең мемлекеттік тілде сөйлейтін болады екен. Онда да сөйлеп кетсе. Қазақ тілін тегін үйретіп, т.б. жағдайлардың бәрін мемлекет жасап жатыр. Бірақ нәтиже шамалы. Неге? Себебі қазақ тілінің Қазақстанда қажеттілігі, қолданысы жоқтың қасы. Мемлекеттік тілді білмесең де кез келген жұмысқа орналаса бересің. Кез келген құжатыңды алып рәсімдей аласың. Қазақстанда тұрып жұмыс істеу үшін қазақ тілін білудің керегі жоқ, орыс тілін білсең болғаны. Оны Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүрген шетелдіктердің ісінен аңғаруға болады. Және олар да бұны жақсы пайымдап алған. Қазақстанда қазақ тілі дамуы үшін оның қажеттілігін арттыру керек. Қажетсіз затты ешкім керек қылмайды. Сондықтан, «мемлекеттік жұмысқа орналасу үшін, мемлекеттік тілді білу керек» деген шарт қойса ғана қазақ тілін меңгереді. Әйтпесе 36 жылдан кейін ғана емес, 360 жылдан кейін де ешкім мемлекеттік тілді білуге талпынбайды.

 

«Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді  латын  қарпіне,   латын  әліпбиіне   көшіруге   кірісуіміз   керек»

делінген. Дұрыс. Қазір әлем халқының 80 пайыздайы латын қарпін қолданады. Ресейдің кейбір ғалымдары да латынға көшуді қолдап жүр. Бұл – дүние жүзілік интеллектуалдық ортаға кірігу үшін керек. Ұялы телефон, компьютердің бәрі латын қарпінде. Қазір бастауыш сыныпта оқитын немере-шөберелеріміздің өздері Егемендік алған соң кірген бұл заманауый техниканың құлағында ойнайды. Бізге тек, өзімізге тиісті қаріптерді қалай таңбалайтынымызды шешіп алу керек. Оларды асты-үстіне дәйекше, құйрықша қойып таңбалаймыз ба, әлде екі-үш таңбамен бір дыбыс беретіндей етіп қабылдаған дұрыс па? Меніңше болғанда, өзімізге тиісті дыбыстарды екі-үш әріппен бір дыбыс беретіндей етіп қабылдағанымыз дұрыс. Бұл ойды Президентіміз Н.Назарбаев та Жаңа жыл қарсаңында отандық жетекші телеарналар өкілдерімен кездескенде де айтты. Егер өзімізге тиісті дыбыстарды дәйекше, құйрықша қойып белгілесек, кез келген компьютерді қолдана алмаймыз. Оған өз таңбамызды кіргізу керек. Ал, латын қарпін қолдана отырып қана өз дыбыстарымызды қабылдасақ, кез келген ұялы телефонды, компьютерді кез келген елде жүріп қолдана алар едік. Латындағы «w» қарпі жеке тұрғанда қазақша ешқандай дыбыс бермейді. Осы «w» қарпін сәйкес қаріптің алдына қойып жазса болып жатыр. Мысалы «ә» қарпін «wa» деп, «қ» қарпін «wk» деп, «ң» қарпін «wn» деп, т.т. белгілесе компьютерге де, басқа да заманауый техникаларға қосымша қаріп кіргізбей, кез келген елде жүріп жаза берер едік. Латын әліпбиіне көшу – заман талабы.

 

Назрахмет  ҚАЛИ

Зейнеткер, Алматы қаласы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑