banner-top12

Поэзия uffTv-0jn_0

Қосқан уақыты Мамыр 1, 2019 | 77 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жүрегімді байлаған жүрегіңе

photo_2019-04-30_23-14-36

Зирагүл Нұрданбекқызы, 1984 жылы 1 маусымда ҚXР-ның Күнес ауданында дүниеге келген. Орта техникум бітірген. Аудан, облыс, автоном жағынан өткен айтыстардың бірнеше дүркін жүлдегері. 2015 жылы атажұртқа оралған. ҚазірТалдықорған қаласы, Көксу ауданында тұрады.  2016 жылы өткен  республикалық “Тіл дамыту” байқауының терме жарысында бас жүлдe иеленген. 2016 жылы обылыс көлемінде өткен “Қалқасы еді xалықтың” атты ақындар айтысында Зылиха Тамшыбайқызы атындағы арнайы жүлдемен марапатталған. 2017 жылы Мұқағали әндерін орндау шеберлігі бойынша   2-ші дәрежелі жүлденің иегері. 2018 жылғы Көксу ауданында өткен Астананың 20 жылдығына арналған “Елім менің еңселім” атты  айтыстың бас жүлдесін еншілеген.  2018 жылы “Ел іші, өнер кеніші» деп аталатын ауыл арасындағы жас композиторлар арасындағы ән байқаунда “Аман бол ана” атты әні екінщші орынды жеңіп алған. Сондай-ақ, аудан, обылыс көлемінде өткен байқаулардың бәрінде жүлдемен оралып жүр.

 

Өмір ғой бұл

Мендегі жүрек сені сағынады деп,

Қалды ғой ол сөзің сандырақ боп.

Ақылдым деп ойланбай айтушы едің,

Ал бүгін ойладың ба ақымақ деп ?

 

Сен жайлы жазбасам да ән менен жыр,

Айтылатын таусылмай аңгіме бір.

Армандарым қаншама көзін жұмды,

Қауашақ жая алмай тұр қалған көңіл.

 

Гүл үзіп берем деуші ең қыраттардан,

Онсыз да жүруші едің ұнап маған.

Табиғатты сүйетінімді білетінсің,

Ақ туын адалдықтың құлатпаған.

 

Бәрі қиял, бәрі жалған шындығы жоқ,

Мұңлы жүрекке нұрлы тұнды тілек.

Мен саған өкпе артпаймын білетінім,

Онсыз да өмір ғой бұл сұмдығы көп . . .

 

Ене  

Қасиетті бір есім ене деген,

Ене десе жүректен өнеді өлең.

Енем келсе қыдырып отауыма

Сәлем салып иіліп түрегелем…

 

Қолтығымнан демеген өрлегенде,

Өрелі елдің салты бар өнегеңде.

Жан-жарымның ардақты анасысыз,

Өз анамнан айырып кем көрем бе?

 

Мейіріңіз теңіздей терең еді,

Өміріңіз қиын күнді елемеді.

Ардақ тұтып өсірдің,ардақты ана,

Жүрегіңде әлдилеп немереңді.

 

Көп тағылым жұқтырып көргенді елден,

Қанат қақтым ізгілік өнген төрден.

Ертеңінен келіннің алаңдаймын,

Жақатпай өз енесін кердеңдеген.

 

Танығанда оң менен солымызды,

Жаратқанға жаямыз қолымызды.

Орда болып отауым күні ертең,

Әже болу бұйыртсын жолыңызды.

 

Әже болып отырсам жаны нұрлы,

Өмірімнің болмас еді әні мұңлы.

Сіздің ғана арқаңыз аялаған,

Қызыңдай еркемін әлі күні.

 

Тыңда  балам

Өмір деген мінген соң көлікке аман,

Бар мен жоққа басасың көніп қадам.

Бабалардың жаттамай тағылымын,

Үйір болдың телефонға неғып балам?

 

Кетпесін намысың мен сырың жатқа,

Дінін үйрен, халқыңның тілін сақта.

Даналығын далаңның үйренбестен,

Құл болып барасың-ау қуыршаққа.

 

Тапталмасын жігерің өсер шақта,

Ерме балам ақымақ, есерсоққа.

Қазақтай текті атаның ұрпағысың,

Ұл бол ұлтың үшін түсер отқа.

 

Үшам десең қанатың талмаса екен,

Алдыңнан қырсық орап шалмаса екен.

Кешегі нар бабаңның лағыл жыры,

Күл болып күресінде қалмаса екен.

 

Шығатын биігіңе бұлт қонбасын,

Ұл өсер ұлықтаумен ұлт ордасын.

Арманыңа биік боп адалдығың,

Əлсіздікті бойыңа  жуытпағың.

 

Жат болып кетем бе деп жақының жүр,

Тірлікте бар адамның қадірін біл.

Өмір өзі үйретер қалғандарын,

Тыңда балам аналық ақылым бұл……

 

Ананы  ансау

Көшеде жалғыз келем қам көңіл,

Кім білсін енді  қанша қалды өмір.

Айналып сағынышқа күн ертең,

Көзімнен ғайып болар бұл өңір.

 

Дәл мендей жанары жастанған,

Келеді күбірлеп бір жас қадам.

Кездестік қайдан ғана қапияда,

Мұңсыз ба екеумізден басқа адам.

 

Солай ол да маған таяп келді,

Қарайды жанарымен аяп мені.

Сырласып кеттік біз таныстардай,

Сырмақ қылып сырларын жаяды бері.

 

Дауа таппай сағынышына санасынан,

Асылын іздеп елдің арасынан.

Мейірімге шөлдеген бір жан екен,

Айырылған таяу күнде анасынан.

 

Анасын аңсағанда жас жүрегі,

Көз жасы мөлдіреген тас тіледі.

Аяулы айтылғанмен жылы сөздер,

Асылым деп аялап кім ас береді.

 

Жаралған ана жүзі жарық нұрдан,

Өшкен ай, жарық сәуле жанып тұрған.

Сағынып мен де жүрмін жан анамды,

Көз жасым күн құрғатпай тамып тұрған.

 

Құстың да қуанышы бағында екен,

Ананың ақ жүрегі лағыл екен.

Екеуміз жыладық ұзақ тұрып,

Тағы кімдер анасын сағынды екен…

 

Балалығым қайдасың?!

Көктем болып келе жатқан шағымда,

Қоңыр күз кеп ұя салды бағыма.

Өткен күннің елестерін іздеймін,

Елегізіп ескі күнді сағына.

 

Қайда қалды балалығым гүл мүсін,

Көкірегіме ұялатқан жыл құсын.

Әкешімнің қыстауында қыдырып,

Баяғыдай сайран салып жүрмісің!

 

Елік күндер, ерке күндер баяғы,

Болып қалды қу тірліктің аяңы.

Талпынумен, кеудемдегі бір үміт,

Пәк құшағын құзар шыңға жаяды.

 

Талпынамын бірдем тыным ала алмай.

Балалықтың шәрбатына қана алмай.

Сүйеніш қып келем үзбей әнімді.

Ғайып болған балалықты таба алмай!?

 

 Күнеске  сағыныш

Үкілеп өсіргенмен Күнес мені.

Соңымнан бақытым боп ілеспеді.

Армандап өскен орта, құт мекенді.

Көп болды сағынышпен күрескелі.

 

Жете алмай құшағыңа гаухар далам,

Жанарым жас баладай жаутаңдаған.

Құдыретіңе тәуба етем құзырына,

Қиялымды өзіңе арқандаған.

 

Ессіздер өрбітседе өсек мейлі,

Сені ойламай таң атып, кеш өтпейді.

Қырыңнан қуат алған жауқазындай,

Сағынышым бүр жарып шешектейді.

 

Толқыныңдай толықсып бұйра жалбы.

Жаным жайнап бір ғажап күйге оранды.

Тарам-тарам тауыңның қойнауына,

Менің бала дәуренім сыйға қалды.

 

Сендей жер жоқ әлемде жазы бөрте.

Жазылған өзің жайлы аңыз ерте.

Жүрсем де қиыр жайлап, шалғай қонып.

Өзіңді сүйіп өтем абыз өлке…

 

Қандай бақыт

Қандай бақыт өзіңе кездескенім,

Белгілі қыран құстай құзда өскенім.

Жүрегімді байлаған жүрегіңе,

Мендегы сағынышты сезбеп пе едің. . .

 

Қандай бақыт өзіңе тіл қатқаным,

Сезініп сезіміңде қымбат барын.

Бірге жүрген бір күнім тым қадірлі,

Әлемнің аралағандай гүл бақтарын . . .

 

Қандай тәтті, дыбысың жаным деген ,

Жанарыңнан сөнбейтын жалын көрем.

Мен енді қалған ғүмырмда,

Өзіңнен махаббаттың балын емем. . .

 

Қандай бақыт өзіңе еркелеуім ,

Сүйіп-құшып сенің де ентелеуің.

Әлемнен әзер тапқан бақытымды ,

Қарашы бүл тағдырдың келтелеуін . . .

Зирагүл Нұрданбек қызы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑