banner-top12

Ақпараттар ағымы апостилирование

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2017 | 465 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Жұмыссыздарды ХҚКО-да да тіркейді

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында: «Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жекеменшіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек. Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет» делінген. Елбасы тапсырмасына орай, ақпараттық-түсіндіру жұмысы басталып кетті.  Бұл жұмыстан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы да тыс қалып жатқан жоқ. Бүгінде халық арасында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы насихат жұмыстары қызу жүруде.

Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәсе­леде қарапайым халыққа көптеген жағ­дай­ларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ.

Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.

Ал оны жүргізу кезеңдеріне тоқталар болсақ, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017-2024 жылдар аралығында біртіндеп енгізіледі деп күтілуде. 2017 жылдан бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі 2024 жылға қарай орташа айлық еңбекақының 7%-ын құрайтын болады. Ол бастапқыда 4%-бен басталса, одан арғы жылы 5%-ға ұлғаймақ. Ал жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі алғашқыда 2%-ды құраса, 2020 жылы 5%-ға артатын болады. Бұл ретте 2020 жылға қарай кірісінің 7%-ын қорға аударып отыратындар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болмақ.

Мамандар сақтандыруды екіге бөліп қарастырады. Оның бірі – негізгі сақтандыру түрі. Оған мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Бұл еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болмақ. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің түрін алып отыр. Мәселен, жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайға көмек көрсету және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады. Екіншісі – міндетті медициналық сақтандыру. Бұған негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын болады. Оған амбулаторлық-емханалық кө­мектер, ауру­ха­нада жатып емделу, жо­ғары технологиялық көмектер кіреді. Бұл – міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін тиімді жоба.

Сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуіне болады. Медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы сол қордан бөлініп отырады. Бұған мемлекеттік емханалар ғана емес, жекеменшік емханалар да кіруге ниет білдіріп отыр. Бұл жүйе жүзеге асатын болса, сақ­тандыру қорынан қаржы шығарып, ем-дом алатын азаматтардың саны артады деген сөз. Өйткені емделуші дәрігерді өзі таңдайтын болады.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жарна төлеуден босатылатын азаматтар да бар. Олардың қатарында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен қатар, «Батыр ана» атағын алғандар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар да бар. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер, мүгедектер, жұмыссыздар, интернат мекемесінде оқытылған тұлғалар, кәсіптік-техни­калық білім беру мекемелерінің күн­дізгі бөлімдерінде, жоғары оқу орын­дарында оқып жатқан студенттер де жар­на төлемейді. Бала күтімімен отыр­ған аналарымыз, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған азаматшалар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызмет және құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторындағы азаматтар босатылады. Мамандар міндетті медициналық сақтандыру арқылы қызмет сапасы артатынын, медициналық материал­дық-техникалық базаның жақсара­тынын айтады.

Азаматтарға айтарымыз, шілде айынан басталатын міндетті медициналық сақтандыруға қатысушы санатыңызды қазірден анықтап алыңыз. Ол үшін жеке куәлігіңізбен  өзіңіз тұратын аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталығына баруыңызға болады. Сіздің ЖСН арқылы жүйеден санатыңызды қарайды, егер мемлекет есебінен төленетін 14 санаттың біріне жататын болсаңыз, онда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап өзіңіз тіркелген медициналық мекемеден тегін ем қабылдау құқыңыз бар екендігін ескертеді. Егер ешқандай санатта болмасаңыз, жұмыссыз ретінде тіркейді, базадағы тізімнен бос жұмыс орындарын ұсынады, қайта даярлықтан өтуді ұсынады. Бүгінгі таңда барлық ХҚКО-ларда Жұмыспен қамту орталығының өкілдері отыр. Оларға жүгіну үшін электрондық кезекпен талон алудың қажеті жоқ. Қайда отырғанын ресепшннен сұрап алып, тіркеуге отыруыңызға болады. 

   Алматы қаласында төмендегі мекенжай бойынша орналасқан ХҚКО-ларда  тіркеле аласыз.

 

Р/с Аудандар Мекенжайы
1 Алатау ауданы «Шаңырақ-2» ш.а.

Жанқожа батыр к-сі, 24

2 Алмалы ауданы Бөгенбай батыр к-сі, 221
3 Әуезов ауданы Жандосов көшесі, 51а
4 Бостандық ауданы «Алмагүл» ш.а.

Қожанов к-сі,9А

5 Жетісу ауданы «Құлагер»  ш.а.

Серіков к-сі, 6а

6 Медеу ауданы Марков к-сі, 44
7 Наурызбай ауданы Тепличная к-сі, 11В/28

«Алматы молл»

8 Түрксіб ауданы Рихард Зорге к-сі, 9
9 Мамандандырылған ХҚКО «Саялы» ш.а.

Аққайнар к-сі, 1

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑