banner-top12

Этнография no image

Қосқан уақыты Қараша 30, 2012 | 876 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Киiз үйдiң киесi

Халықтық мәдениет, көне мәдениет – бiздiң негiзгi тiнiмiз, түп тамырымыз. Бұл мәдениеттегi көп нәрсенi бабаларымыз табиғатты зерттеу арқылы түйсiнiп, жанына сiңiрдi. Табиғат пен ғаламды таныды да соны өз бойына таңды. Өз өмiрiне көшiрдi.Ал сол бабалардың бүгiнгi ұрпағы, яғни бiз XXI ғасыр табалдырығын қазақтың көне мәдениетiнiң өкiлi болып аттадық. Бiрақ мұны көпшiлiгiмiз аңдай бермеймiз. Қазақ баласының қолынан не келедi? Не келдi? Қазақ баласы екiнiң бiрi тұрмақ, мыңның бiрiнiң қолы жетпеген биiктi бағындырып, ғарышқа сапар шектi. Спортта топ жарды, өнерде қара үздi, бiлiмде көш бастады. Осының бәрiнiң түбiнде халықтық мәдениеттiң күшi, ұлттық мәдениеттiң жiгерi жатыр. Әрине, бұл жөнiнде айтар сөз көп. Бiз бұл тұрғыдағы әңгiмемiздi қазақтың қасиеттi баспанасы, киелi киiз үй төңiрегiнен бастағанды жөн көрдiк. Әлем ғалымдары не айтады?

Жалпы, дәстүрлi баспаналарды зерттеу iсi әлем ғалымдарын ерте кезден-ақ қызықтырған. Зерттеушiлердiң ұзақ уақыт бойы жүргiзген жұмыстары белгiлi бiр баспананың ерекшелiктерiмен қоса сол баспанада тұрған халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүрiн, ақыл-ой парасатының деңгейiн де ашып көрсеткен. Мәселен, Африка халықтарының мәдениетiн зерттеген Тернер «қара терiлi» халықтың баспанасына мән беру арқылы кесек-кесек «олжаға» кезiккен. Және осы еңбегi арқылы оның аты тарихта қалды. Дәстүрлi баспананы зерттеуге елден бұрын ынта бiлдiрiп және өзгелерден оза шапқандардың бiрi – орыстар. Әлемдегi көп елдер «орыстардың фольклортану ғылымы шырқау көкке көтерiлiп, дүниежүзiлiк фольклортанудың тұтқасына айналды» деп бiледi. Бiр Байбуриннiң «Шығыс словяндардың дәстүрлi баспанасы» атты еңбегiнiң өзi көптеген ғалымдарға баспананы зерттеудiң әлiппесi секiлдi көрiнедi.

Сол орыстардан тәлiм алып, ғылыми еңбегiн Мәскеуде қорғаған академик Сейiт Қасқабасовтың көршiлерiмiздiң көшелi методологиясын Қазақстанға «сүйреп» әкелгенiне де бiраз болды. Оның жетекшiлiгiмен бұл тақырыпты қазiр М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кiшi ғылыми қызметкерi Ақедiл Тойшанұлы зерттеп жүр. Киiз үйдiң киесi жөнiнде бiзге түсiнiк берген де осы кiсi. Ақедiлдiң айтуынша, киiз үй бұған дейiн жабық тақырып болмаған. Кезiнде оны Ш. Уәлихановтан бастап, Ә. Марғұлан, М. Мұқанов сынды ғалымдарымыз зерттеген. Бiрақ олар киiз үйдi заттық мәдениет тұрғысынан ғана қарастырған. Ал рухани мәдениет тұрғысынан зерттеу ендi басталды.

Шаңырақ

Киiз үйдегi кеңiстiк – қазақ дүниетанымының тоғысқан жерi. Осында адам дүниеге келедi, үйленедi және соңғы сапарға аттанады. Яғни адамның түздегi тiршiлiгiн қоспағандағы өмiрi осында өтедi. Киiз үй – ғаламның моделi. Бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, киiз үй баспана ғана емес арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелi орын (бұл жөнiнде төменде сөз етемiз). Қазақ үйдiң киесi шаңырақтан бастау алады. Шаңырақ – қасиеттi. Шаңырақ – күннiң символы. Шаңырақ көтерiлiп жатқанда ешкiм сөйлемейдi. Өйткенi ұлы iс атқарылып жатқанда үнсiздiк орнауы тиiс. «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз осының дәлелi. Шаңырақтың төрт күлдiреуiшi – төрт тарапты бiлдiредi. Уықтарды күннiң шашырандысы деп ұғыңыз. Ертеректе шаңыраққа үрлеген қарын байлап қоятын болған. Оның мәнiсi, кұт құйылады деп есептеген. Шаңырақтың астында ошақ орналасады. Ошақ – адамның оты. Шаңырақтың үстiнде Алланың оты маздаса, төменде адамның оты лаулайды.

Есiк пен төр

Киiз үйдiң есiгi әдетте шығысқа қаратылады. Бұл – күннiң сәулесi үйге бiрiншi түссiн дегендi бiлдiредi. Есiкке қарама-қарсы бетте – төр. Төрдегi адам есiкке қарап отырады. Егер ол малдас құрып отырса, оның әкесi жоқ деп есептеңiз. Әкесi тiрi адам малдас құрмайды. Отырудың өзiнiң осындай таңбалық мәнi бар. Төрдегi адам төрелiк айтады. Төрге ақ пен қара түстi сырмақ төселедi. Мәнiсi, төр – ақ пен қараның ара жiгiн ажырата алатын адамның орны. Төрде отырып, билiк айтқандар мемлекет билiгiне дейiн көтерiлген. Мұны Орхон-Енисей жазбасындағы «төр» сөзiнiң мемлекет мағынасында қолданылғанынан байқауға болады. Қазақта: «Едiл үйдiң – есiгi, Жайық үйдiң – жапсары, Түркiстан – ұлы төрiмiз» деген сөз бар. Бұдан не ұғамыз? Бұдан халқымыздың қасиеттi жерiн киелi киiз үйiндей қастерлейтiнiн ұғамыз. Шыңғыс дәуiрiндегi Ақ орда, Көк орда, Алтын орда дегендердiң өзi – кеңейтiлген киiз үйдiң көшiрмесi iспеттi. Ал бүгiнгi Астанадағы Ақорда осы түсiнiктiң заңды жалғасы, халықтық мәдениеттiң бүгiнгi күнге ауысуы.

Сосын төрге қыз бала отырған. Өйткенi, қыз – қонақ. Бабалардан қалған бiр сөз – «Қыз бала – төр иесi, ұл бала – үй иесi».

Керегең кең болсын, екi босағаң тең болсын!

Босаға – екеу. Оң жақ босаға және сол жақ босаға. Сол жақ босағаға кебеже, саба, мес, күбi т.б. қойылады. Сол жақ босағаға келген дүниенi ғалымдар «құт» категориясымен белгiлейдi. Өйткенi жоғарыдағы аталған ыдыстарға айран, iркiт, қымыз, шұбат т.б. құйылады. Демек сол жақ босаға – әйелдiң символы. Дәл осындай түсiнiк әлемнiң бiрқатар елдерiнде де бар. Ал қазақ шұңғыл ыдысты да әйелдiң символы ретiнде бағалайды. «Аяғын көрiп, асын iш, анасын көрiп, қызын ал» деген мақалдағы «аяқ» осындай мағынасы үшiн де мақалға енген. Сол босағадан кiрген дүние сыртқа шықпайды, қапқа түседi. Қазақ мұны «қапқа түскен – қатындыкi» деп бiр-ақ қайырады.

Ал оң босаға – еркектiң символы. Оң жаққа ер-тұрман, ат әбзелдерi, бүркiт т.б. қойылады. Қатты жауын-шашында малдың жас төлiн де оң босағаға кiргiзетiн болған. Оң жақ – аралық меже. Босаға аттап келген келiндi оң жақта қарсы алады. Аяғына «биязы болсын» деп ақсарбастың терiсiн төсейдi. Босағаны пәк болып аттаған бойжеткен аралық межеден өтiп, жанұялық өмiрiн бастайды. Үйленген соң, төсек-орнымен сол жаққа өтедi. Қайтыс болған адамды да қазақ ақ киiзге жатқызып, оң жақтан шығарады. Демек оң жақ бiр әлеуметтiк сатыдан екiншi әлеуметтiк сатыға немесе бiр әлеммен екiншi әлемге өткiзетiн көпiр iспеттес. Олай болса, «Керегең кең болсын, екi босағаң тең болсын!» деген тiлектiң кейiнгi жолдарында әке-шешең аман болсын деген астар жатыр.

Қазан-ошақ

Шаңырақты көтергенде бақанның екiншi ұшы тиген жерге, яғни үйдiң дәл ортасына ошақ орналасады. Ошақ орналасқан соң, қазан асылады. Ал қазан асылған соң мiндеттi түрде оған бiрдеме құйылуы керек. Қазанның бос тұруы жаман ырымға саналады. Құт деген түсiнiктi сарқа құйып алатын символдың басы осы – қазан. Оның бiзге жеткен керемет үлгiсi – Түркiстандағы Тайқазан. Қазақтың қазанды қатын-баламен бiрге атайтыны да осыдан келiп шығады. Қайда көшсе де қазанын тастамайтын ғұрып бүгiнгi күнге дейiн жалғасып келедi.

Қазанды татулықтың белгiсi ретiнде де мансұқтайтын аңыздар бар. Оның бiрi: «жауласқан мың батырдың найзасының ұшы ерiтiлiп, қазан құйылған екен» деп басталады. Олай болса қазанды береке-бiрлiктiң символы ретiнде де тануға тиiспiз.

Бақан, адалбақан

Бақан да еркектiң символы. Бақанды әйел адам ұстамайды. Бақан әлемдi тiреп тұрған нәрсе. Ал адалбақанның рөлi бұдан да жоғары. Төсек-орнымен сол жаққа шыққан ерлi-зайыптылар жастары өсе келе төрге бiр табан жақындаса, адалбақанға екi табан жақындайды. Адалбақан – әлем ағашының символы. Әлем ағашы, әлем бәйтерегi дегенiңiз – Ертөстiк ертегiсiнде айтылатын, самұрық құс қонатын, арғы әлем мен бергi әлемдi жалғастырған ғажайып ағаш. Адалбақанға жақындаған адам – адалдыққа жақындаған адам. Дәл осы жастағылардың денсаулығы сыр берiп, жаны күйзелгенде «Төрiмнен көрiм жақын» деп қиналатыны да бар.

Табалдырықты баспа!

Ертедегi түсiнiк бойынша, әлем үш сатыдан тұрады. Аспан – рухтар мекенi. Ондағы адамдар белбеудi басынан байласа, жердегiлер белiнен, ал төмендегiлер аяғынан байлайды. Табалдырық сол төмендегi әлеммен байланысқа түсiретiн мәнге ие. Мысалы, ертеректе шала-жансар туылып, өлiп қалған малдың төлiн табалдырықтың астына көметiн болған. Түсiктi де сөйткен. «Табалдырықты баспа!» дейтiн тыйымның шығу себебi, мiне, осымен байланысты. Оталмаған мылтық пен қаппаған қақпанды домдау үшiн табалдырықтың астына қойып, бойын таза ұстайтын әйел адамға аттататын болған. Себеп, арғы әлем мен бергi әлемнiң арасындағы қаскөй рухтар мылтық пен қақпанды байлап тастады дейтiн түсiнiк.

Қарғыстың ең ауыры да киiз үйге байланысты

* «Шаңырағың шарт сынып, шандырыңа қадалсын, күлдiреуiшiң күрт сынып к…iңе қадалсын». Мұны кезiнде Радлов жазып алған.

* «Көк шөбiң басылмасын, күлiң шашылмасын». Бiр қарағанда тәп-тәуiр сөз секiлдi көрiнгенiмен бұл қарғыстың салмағы зiл батпан. Бұл – үйiңнiң айналасын жайқалған шөп бассын, оны таптайтын үйiңде адам қалмасын, балаларың, үрiм-бұтағың жойылсын деген сөз. (Ертеректе балаларды «күлшашар» деп те атаған). Бұл қарғысты Моңғолия қазақтарынан Ақедiл Тойшанұлы жазып алған.

А. САНСЫЗБАЙҰЛЫ




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑