banner-top12

Ақпараттар ағымы 6

Қосқан уақыты Мамыр 29, 2014 | 1  012 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

«Көк тудың желбірегені!» атты кеш өтті

21 3 4  6 7    11 12 13  16 17  19  Мемлекеттік рәміздер — мемлекетіміздің негізгі құрамдас бір бөлігі. Алтын күн мен қыран бейнеленген көк Туымыз, барша қазақстандықтардың шаңырағы ретінде бейнеленген Елтаңбамыз бізді бүкіл әлемге тәуелсіз Қазақстан ретінде танытты.

Ұрпағына «Туың жығылмасын» деп бата берген қазақ үшін, көтерілген байрақ ерлік пен елдіктің, бірліктің белгісі. Алмағайып күн туғанда, ұлы бабалар дабыл қағып, Ту көтерген. Елім деген ерлер, қашанда Ту түбіне жиналған. Жауға тойтарыс берген. Қуанышта да, осылай болған. Көк байрақ көтерілген жерден мерекенің мерейі үстем болған. Сол себепті мерекелік шара атауы да – «Көк тудың желбірегені!» аталды.

     «Көк тудың желбірегені» әні – сағымды сағынышқа толы, жанды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән.Ол арнайы тапсырыспен жазылған ән емес. Ол атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықтан туған ән. Тарихи отанына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырлардың жүрегінің лүпіліндей естілетін ән авторлары да шетелден келген қандастар.

Сол себепті Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен Рәміздер күніне арналған «Көк тудың желбірегені!»  мерекелік шараның қонақтары шетелдерден келген қандастар болды. Отанның, оның рәміздерінің қадірқасиетін шет жүрген қандастардай ешкім сезіне алмас, сірә! Жастар санасында басты құндылықтарымыз болып табылатын – тәуелсіздік, ынтымақ пен келісім ұғымдарын бекітуге, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге қандастарымыздың әңгімесі арқылы берілетін әсерлі сезімді ешкім бере алмас!  «Көк тудың желбірегені!»  атты мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты да  – қазақстандық патриотизм, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін мақтан тұту идеяларын кеңінен дәріптеу және дамыту, қазақстандықтардың Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға деген терең құрмет сезімін қалыптастыру. Мемлекеттік рәміздердің пайда болу тарихын, олардың мағынасы мен әрбір азаматтың өміріндегі маңызын түсіндіру болды. Шараға қатысқан «Көк тудың желбірегені!» әнінің авторы, ақын Алмас Ахметбек, Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші Тілеубек Қожан, Халықаралық конкурстардың лауреаты, әншісазгер Қажымұрат Шешенқұл, Ираннан келген қандасымыз, зерттеушіғалым Жүсіп Пилтан және тағы басқа қонақтар өздері өмір сүріп келген елдердегі рәміздерді құрметтеудің үлгісін, шет жерлердегі қандастардың жалғыз Отаны- Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағандағы, рәміздерін бекіткендегі бастан өткерген сезімдерін жеткізді. Жастарды елжандылыққа, тәуелсіз елдің ұлттық нышандарын құрметтеуге шақырды.

Кеш барысында жастар  ҚР рәміздері туралы фильмді тамашалап, танымдық слайдтар көрді.  Кеш қонақтарымен емен жарқын сұхбаттасып, өнерпаздардың концертін тамашалап, рәміздер жайлы жазылған өлеңдерді тыңдады.

Ұйымдастырушылар: Халықаралық «Жанашыр» қоры, «ХҚКО» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы, Алматы қаласы Әкімдігі Ішкі саясат басқармасы.

Әсем Күдерова




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑