banner-top12

Поэзия photo_57972

Қосқан уақыты Мамыр 1, 2019 | 452 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

2

Көңіл шіркін тым нәзік ақ торғындай

photo_2019-04-30_23-14-50

Айнұр Оразбайқызы
ҚХР, Алтай өңірінің тумасы. Шинжиаң телевидение институтын тәмәмдап, үкімет саласында жұмыс атқарған. Шинжиаң өлкесінде шығатын газет-журналдарда өлеңдері жарық көрген. Қазіргі таңда Алматы облысы, Көксу ауданында жеке кәсіпкер. “Сезім тамшылары”, “Жүректегі ағыстар” атты жыр жинақтарына өлеңдері енген.

 

Күн астында күйіп жүрген тағдырлар….

Көтерілсе көк жүйектен қызыл күн,

Көрген күні елестейді қыз-ұлың.

Қызыл қолмен қирататын жалғанды,

Қыран елім, қызыл өртке жүгіндің!

 

Көтерілген күннің беті қып-қызыл,

Қызып барып қиылады-ау жіп ғұмыр.

Қыр астында қалып қойған күніме,

Ей, болашақ көктің  Нұрын жүкті қыл !

 

Күн астынан көк аршын бір самғаса,

Сасық  байлық болар еді, далбаса,

Екі ішектей егіз ойлар еңірер,

Егер елде  ерлік-жігер болмаса …

 

Аспан ашық, шығыс тауда күн күрең,

Күл беттеніп, анталайды бұлт рең.

Күрең төбел үйірі аман болса екен,

Гүлін теріп, күнін сүйген жұртым ең !

 

Күреңітті, күннің беті, жаңбыр бар,

Жауатынын хабарлады таңғы ызғар.

Қайтер екен, бейбіт күнде кінәсіз,

Күн астында күйіп жүрген тағдырлар  …

 

Бір үзік…

Жайлауға жете жайып керегені,

Сол жаққа қояды анам кебежені.

Ішіне серке қарын сары май сақтап,

Ақ жарманы үзбейтін өредегі.

 

Мәмә ағашқа әкем ат байлайтұғын,

Қара мосы да сайрайтұғын.

Көрші әже ерулік әкелгенде,

Немересі пысылдап қалмайтұғын!!

 

Үй тігіліп, төр сырмақ салынатын,

Дәл ортаға ашық от жағылатын.

Анам жаққан ақ арша алауында,

Асқақ-асқақ армандар сабылатын!!

 

Бата істеліп, бағылан қайнайтұғын,

Шақырудан көршілер қалмайтұғын.

Абыз қарттар жантайып, таң атқанша,

Екі дүние арасын шарлайтұғын….

 

Жабықтан таң шуағы төгілетін,

Сүт керіп қасқа сиыр мөңірейтін.

Бесіктегі ақ бөпе бетін ашсаң,

Шалықтап, шаңыраққа телміретін!!

 

Кигіз үй түңлігі ерте ашылатын,

Таңғы ырыздық төріңе шашылатын.

Сабада гүрпілдетіп піскен қымыз,

Шарада шалқи-шалқи басылатын!

 

Халқымыз қазына деп балайтұғын –

Үй қорып, ит кәдеге жарайтұғын.

Көрші ауылдың баласы атқа шапса,

Қойшы ата шүйіншілеп шабатұғын!

 

Кешқұрым, қыз бұлақтан су алатын,

Уәделі жігіт атын суаратын.

Көзі шалса, қозы жайған қара бала,

Белгісіз, жымың қағып қуанатын!!

 

Жайлауда бұлақ өмір тұнып тұрған,

Шынайы тіршілігі қызықтырған.

Сендегі бала ғұмыр шебер екен,

Картинасын кеудеме сызып тынған !!!

 

Сұрақ

Туа   біткен тұрмысында болмаған,

Тоғыз жолда “төрем ” отыр жаураған.

Толғап қалса, тобылғы исі келеді,

Өңінде де, түсінде де қалмаған!!

 

Шалқаласа, бұлттан жасап шаңырақ,

Армандары жымыңдайды жадырап.

Тұғыр талға арқа сүйеп көз ілсе,

Анталайді қозы-лағы жамырап!!

 

Мойнын созып Алатауға қараса,

Сағынышы бұлқынады балаша.

Отардағы от ұшқыны бой қарып,

Туырлығын тартқылайды қараша!

 

Малдас құрып бал ұрттаса көшеде,

От кигіздей ой тұнады кесеге.

Көңіл кермек, обырланып жұтқан ас,

Қиға піскен қызылыңа жете ме ??!!

 

Арғымақтың жолын кесіп от арба,

Қараса алмай қамығып жүр отауға.

Құлшылығы құлқынына құл болған,

Бұл не деген қайыршылық, о, тәуба !?

 

Салтанатын артық салған қабырдан,

Қамағында тістенеді қабылан…

Аң серісі, тау серісі  секілді ,

Патша  ғұмыр құлағанда тағынан….

 

Жанарында жанар таудың оты бар,

Жалт қараса сүрінетін тотылар.

Білгің келсе бұққан таудың бөрісін,

Қадамынан, қабағынан оқып ал !

 

Анама қоңырау шалдым

Анама қоңырау шалдым,

жалғанып түр,

Үніне жарқын әлем арбалып дүр !

Бар қырсықтың басынан аттап өтіп,

Шаттығым шарықтап жүр, қолға алып гүл!

 

Анама қоңырау шалдым,

Қарғам деді!!

Бақыттан толқын атты, арман көлі.

Өздігінен құлпырып сала берді!

Мендегі тіршіліктің талған белі.

 

Анама қоңырау түрді!!

Өзгермес қоңыр үнің ысырып мұңды.

Қайсарлығың қызыңа қанат сыйлап,

Кеудемді кернеп кетті жыр ұшқыны!!

 

Анама қоңырау шалдым,

бармын балам, –

Дегенде жанып кетті, бал-бұл ғалам!

Бақытым, аман болшы, жалғыз тілек,

Қайғыға қауашағын жарғызбаған!

 

Бағалай біл

Өмір мәңгі болмайды толған айдай,

Ұшар бақыт болады қолға қонбай.

Адамның адасуы әбден мүмкін,

Сөйлемесе алды артын ойлап алмай.

 

Көңіл шіркін тым нәзік ақ торғындай,

Аямасаң сезілер бақ-сорыңдай.

Пенде жиі күндесе періштені,

Ақыры  шешім таппайды бас жарылмай!

 

Ез тірліктің құлдары есіргенде,

Шама  жетіп тұрса екен кешіргенге!

Жалқы мінез жандардың жапасына,

Көне алар ма үнемі өршіл кеуде !

 

Бойыңдағы ақ патша адалдықты,

Көре білсе көсем көз адам мықты.

Қанға сіңген даладай дарқандықты,

Сезінбесең дей бергін тозаң жұтты!

 

Өміріңнің жоғалтпан пәк арнасын,

Барға сабыр, бағамыз жоғалмасын.

Тіршіліктің құны да құрымай ма,

Әділеттің ақ туы тоналғасын !!!

 

       Торығу

Қолдан шыққан сарай сәні баураған,

Сақтың ұрхын сайтан арбап мүлгиді.

Байлығыңды шайлығымен жаулаған,

Ата жауың астауыңа у құйды…

 

Бауырына тасты басып, мұз емген,

Пенделердің пиғылынан қорқасың.

Қайдағы бір қарғыбауға үйренген,

Қамсыздарды, қансыз ба деп жортасың!!

 

Қара бастың қал-жайына құл болған,

Ездер елдің етек-жеңін бұлғайды…

Тексіздікті жасап алдық біз қолдан,

Ертегілер не айтады біз жайлы?!

 

Айтар олар,  бабаң түрік, неміс пе?

Әйтеу шексіз болып кеттік керісте .

Бәрін қойшы, ұят болды-ау ұрпақтың،

Жолын кестік, жететұғын жеңіске  .

 

Қандыбалақ соғыс өртін өшірген,

Қабыр жұрты қамсыз ұйықтар болса игі!..

Тоқтық сынды топан судай кесірден,

Шүкірліктің көзінде шер толқиды !

 

Адасқанның айыбы жоқ, түзелер,

Ал естілер – тірі өліктей жүнжиді !

Қаз-қаз басып, қала жасап жүрген ел,

Алқам-салқам, тартып отыр бір күйді...

 

Айнұр Оразайқызы

 




2 Responses to Көңіл шіркін тым нәзік ақ торғындай

  1. Аманнұр says:

    Керемет әпкетай қаламыңыз қарымд болсын!👍🌹💐👏👏

  2. Гулнур says:

    Керемет жырлар екен

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑