banner-top12

Ақпараттар ағымы photo (5)

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2009 | 722 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

КӨРНЕКТІ АҚЫН ҰЛЫҚТАЛДЫ

2009 жылдың 9-сәуірінде Қазақстан Жазушылар одағында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Қытайда өткен әйгілі ақын, ғұлама, Шинжиаң қазақ әдебиетінің негізін салушы Ақыт Ұлімжіұлының шығармашылығына арналған салтанатты кеш өтті.

         Кешке Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасының бірінші орынбасары Т. Мамашев, Қазақстан Жазушылыр одағы төрағасының орынбасары көрнекті жазушы Берік Шаханұлы және белгілі ғалымдар мен әдебиетшілерден  Тұрсынбек Кәкішев, Зұфар Сейітжанұлы, Зардыхан Қинаятұлы, Жұмәділ Маман, Серік Қапшықпай, Айгүл Ісімақова, Зейнолла Сәнік, Уақап Қыдырханұлы, Нағима Бәйтенова, Мұртаза Бұлұтай және Түркия, Қытай, Моңғылия елінен келген диаспора өкілдері  мен қатар ақын ұрпақтарынан Түркия елінен келген Ақыт Үлімжыұлының қызы Мәстура апамыз бен ақының немерелері арнайы келіп қатысты.

         Кешке арнап бір топ ақын, ақын өлеңдері мен өздерінің арнау өлеңдерін оқыды. Кеш соңы әсем ән мен тәтті күйге ұласып, Қытай елінің мемлекеттік әншісі, әйгілі өнер жұлдызы Күлмән Шүленбайқызы бастаған бір топ өнер жұлдыздары өнер көрсетті.

         Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) Қытайда Шинжиаң қазақ әдебиетінің негізін салуға атсалысқан әйгілі ақын. Оның еңбектері қытай қазақтарына ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі күллі қазаққа кеңінен танымал.

         Ақынның ең алғаш жарық көрген кітабы “Жиһанша Тамұз Шаһ Ұғылы”деген атпен 1891-жылыы Қазанда жарық көрген. 1891-1914 жылға дейін оның Қазан, Орынбор,Семей баспаларында 9 кітабы 17 рет басылған.

         Ақыт шығармашылығы туралы Түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін, тілін, мәдениетін зерттеуші ғалам, фольклор танушы, Қазан университетінің профессоры Н.Ф. Катанов сонау 19 ғасырдың өзінде-ақ “Деятель” журналында алғаш рет мақала жариялаған екен.

         Ақыт Үлімжіұлы 1940-жылы Шинжиаң билеушісі Шың Шысай жағынан Үрімжі түрмесінде жан түршігерлік қинаумен өлтіріліп, көптеген кітаптары мен қолжазбалары өртелген. Белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлы 1972 жылы “Ақыт танудағы алғашқы талпыныстар” атты мақала жазған. Кейін Ақыт тақырыбында көптеген қаламгерлер сөз қозғаған. Моңғолияда “Қажыбаян”, “Жиһаншаһ”, “Ғақылия” секілді шығармалары кітап  болып басылса, Қытайда ақынның төрт томдық шығармалары жиналып, оның екі томы жарық көрген. Ф.ғ.д, белгілі әдебиет танушы ғалым Зұфар Сейітжанұлы Ақыт жайында арнайы еңбек жазып, ақын есімін әдебиет тану ғылымына кіргізді. Қытай, Моңғылия, Қазақстан, Түркия елдерінде ілгерінді-кейінді ақыт және оның шығармашылығы жайында 100-ге жақын әр жанрдағы шығармалар жарияланған екен.

         2007 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының “Атажұр” баспасынан ақынның алғашқы жинағы “Жиһаншаһ” жарық көрді. 2008 жылы “Мұсылман баспа үйінен” Ғазез Ақытұлының “Ақыт Үлімжіұлы” атты кітабы жарық көрді. Ақыт Үлімжіұлының қазірге дейін жарық көрмеген кітаптарының өзі 4-5 томды құрайды екен.

                            ЖЕБЕ ЖЕТПЕС ЖЫР

 

(Жұмәділ Маман Ақыт Үлімжіұлының 140 жылдық мерейтойына арналған өлеңін жолдады )

Әлқисса-аруақты ғұлама ақын Ақыт қажы 1940 жылдың бас шенінде Шинжиаңдағы жүзмыңдаған бейкүнә адамдарды қойша бауыздаған жендет Шың Шысәйдің зынданда Таңжарық Жолдыұлымен қинауда жатып, қапияда ауыр азаппен өлтірілген-ді…

Қаптасада Топан су,

Ай менен Күн шөкпейді.

Басын кессең Бәйтерек,

Тамырынан көктейді.

 

Қайрасаң да қанжарды,

Иманыма өтпейді.

Сұржыландай сұм жалаң,

Мұратыма жетпейді.

 

Өлім емес – өз елім –

Көз алдымнан кетпейді.

Қаным – қалам сиясы,

Сарқылып та кеппейді.

 

– Қырам! –десең, қырыңдар!

Қарғысыма қаласың!

Жебе жетпес жырым бар,

Алсаң жанды аларсың!!!

 

Білем,

         Қорқау – тағдырың,

Шірік томар аз-ақ күн!

Жүрегінде жасайды,

Ақыт қажы қазақтың.

 

Тозақ – түрмең түк емес,

Сезімім сел – азатпын.

Құс жолында құйғытар,

Ақын ұлы қазақтың!!!

 

Қыран – қылыш қанатын,

Арайға алтын малады.

Үзілмей өр шабытым,

Таңжарыққа қалады.

Өлмек түгіл өрлеймін,

Өзіңді де жерлеймін.

Есімімді ертең-ақ,

Ұрпақ әнге салады!

 

Айжан БОДАУБАЙҚЫЗЫ

2009 жыл.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑