banner-top12

Айтарым бар no image

Уақыты 14 мая, 2012 | қосқан shalqar | 764 рет оқылды

0

КӨШТІ КӨЛІКТІ ЕТЕМІЗ ДЕСЕК…

Жалпы оралман аталған өз бауырларымыздың отанға оралуы сөз болғанда бір милиион қандасымыздың келгенін мақтаныш ететін кезіміз көп. Рас, нәтиже бар. Дегенменде сол жеңіс пен жеміс те бодаусыз болған жоқ. Күні бүгінге дейін осы отан топырағындағылардың әр бір тыныс-деміне дейін қадағалап, алыста арманмен әлі де болса бес миллион қазақ жәудірей қарап отыр. Өкініштісі соңғы жылдардағы солар отырған елдердегі түрлі асмалассияның тереңдеуіне байланысты олардың ұлттық болмысының жойылу қатері де күн санап күшейіп келеді.

Елімізге оралған қандастарымыздың оң үрдістерімен бірге теріскейлік бетіне телміріп, ертеңіне шығар жол іздесек  оның да айтары аз емес. Бұл жағынан алғанда ең әуелі оралмандарды Қазақстан Республикасының аумағында əлеуметтік-экономикалық сұраныстарға сəйкес оңтайлы қоныстандыру тетігіне көңіл бөлінбегенін де жасыра алмаймсыз. Шын мәнінде негізгі басымдық елге этникалық қазақтарды көбінен тарту міндеті болды жəне уəкілетті мемлекеттік органдардың күш-жігері оларды тіркеу, қоныстанған өңірлеріне қарамастан біржолғы мемлекеттік қолдау шараларын

көрсету жөніндегі іс-шараларға ғана бағытталды. Бұл келген оралмандар мен олардың отбасыларының əркелкі, басым түрде оңтүстік жəне батыс өңірлерге (əсіресе Оңтүстік Қазақстан жəне Маңғыстау облыстарына) қоныстануына жəне шоғырлануына əкеп соқты.

Екіншіден, оралмандардың көшіп келу квотасын белгілеу кезінде жүйелі көзқарас болмады, квотаның мөлшері көші-қон ағынының көлемін жəне мемлекеттің келіп жатқан оралмандардың көп санын мемлекеттік қолдау, қаржылай көмек шараларымен қамту ниетін ескере отырып, өзгеріп отырды.

Үшіншіден, қоныс аудару іс-шараларына бөлінетін қаражаттың елеулі артуы (жылына 16 млрд. теңгеге дейін) заңнаманың жетілдірілмеуі бюджет қаражатын мемлекеттік органдар қызметкерлері тарапынан да, иммигранттардың өздері мен үшінші адамдардың тарапынан да талан-таражға салуға əкеп соқтырған көптеген сыбайлас жемқорлық көріністері қалыптасты.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінің этникалық қазақтарды көшіріп əкелу іс-шараларына қатысуының заңнамалық бекітілген тетіктері болмады. Бұл олардың келген орнында бейімделуі мен қоғамға ықпалдасуы процесін қиындата түсті.

Бесіншіден, Тəуелсіздік жылдарында халықтың көші-қоны саласындағы уəкілетті орган төрт рет ауысты. Осыған байланысты, кадрдың, соның ішінде мемлекеттік органның басшылық құрамының жиі ауысуы шешімдер қабылдаудағы сабақтастық пен бірізділік қағидаттарының бұзылуына əкеп соқты. Бұл ретте уəкілетті органның көші-қон саясатын іске асыруға құзыры бойынша қатысатын басқа мемлекеттік органдардың қызметімен үйлесу мүмкіндігі жеткіліксіздік танытты.

Осы және басқада әр түрлі келеңсіздіккер салдарынан қазақ көші дағдарысты күйге тап болды.

Ендеше, тоқыраған көшті көлікті ету үшін қандай шараларды қолға алғанымыз оң болар еді?

Халықтық ұсыныс-пікірлердің ауаны бойынша азаматтық сараптамамен оңтайлы саналатын көзқарастарды ортаға салсақ, төмендегілей талап-тілектер ерекше ескерілуі керек деп ойлаймыз:

Біріншіден, келген қазаққа ғана ие болудай жұмыс шеңберінің аясын барынша ұлғайтып этникалық қазақтардың өтініштерді шетелде тұратын орындары бойынша Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріне беру мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл ретте этникалық қазақтар шыққан елдердегі ол қызметтерді білікті кадрлармен толықтап, өздерінен де өкілдер отырғызып, ұлты қазақ адамдардың кедергісіз жұмыс бітіруіне барынша қолайлы жағдайлар жасау қажет. Өркениетті елдер репатрианттардың өз елдеріне қоныс аударуын ең алдымен шет елдерде ұйымдастырады. Оларда  Отанына  көшіп келгісі келетіндердің барлығы алдын ала тізімделеді. Сосын барып,орналастыру мәселелерін толықтай шешіп алып барып қана шақырады. Біз де солардың озық тәжірибелерін орынды пайдалануымыз керек.

Құзіретті органдар бірінші кезекте шетелден Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері арқылы келіп түсетін қазақ ұлты өкілдерінің өтініштерін  қарау, бұл ретте дипломатиялық өкілдіктер оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініштерді қабылдау кезінде оларды əлеуметтік-экономикалық əлеуметті дамыту талап етілетін басымдық өңірлерге қоныстануға бағдарлау қажет. Оралмандардың көшіп келу квотасына қосу жөніндегі аумақтық комиссиялары тиісті шешімді олардың сол өңірдегі талап етілетін кəсібінің, білім деңгейінің болуына жəне т.б.қарай қабылдауы қажет. Отанына оралғаннан кейінгі жұмыс, оқу жағдайы кедергісіз болуы қажет.

Жоғарыдағы іс-шаралар аясында шеттегі қазақтың рухани өміріне көмектесу мақсатында олар тұрған елде немесе елімізге келетін үйірмелері арқылы екі ел арасындағы әр түрлі мәдени байланыстарды тереңдету керек. Ол үшін ең әуелі шет елдегі қазақ мәдени орталықтарының қызметіне қаржылай қолдау көрсетіп, нақты жұмыс атқара алатын беделді органға айналдыру қажет. Өркениетті елдер шет елдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасап келеді. Жоқ дегенде Израиль мен Германияның озық тәжірибесіне сүйеніп,  «Ұлттық көші-кон қорын» құру арқылы да біраз  мәселені шешуге  болар еді.

Екіншіден, оралмандардың көшіп келу квотасы бойынша жəне квотасыз тарихи Отанына оралу құқықтарын қорғау, олардың əлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында оларды мемлекеттік шекарадан өткен кезде заттары мен мүліктерінің санына қарамай кедендік баж салығынан босататын жеке нормативтік құқықтық акті əзірлеп, қабылдау қажет. Сонымен қатар бұл жайында «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына оларға барынша тиімділк жасауды көздеген тиісті толықтырулар енгізу қажет.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдында  оралмандарды өңірлердің əлеуметтік-экономикалық сұраныстарына сəйкес оңтайлы қоныстандырудың аса қажеттілігі сынды кезек күттірмес мәселе күтіп тұрғанын да ерекше атаған жөн. Осыған орай қоныстану өңірлеріне қарай сараланған жəрдемақылар (қаржылық көмек) төлеуді енгізу керек. Атап айтқанда табиғаты қаталдау Солтүстік өңірлерде (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан жəне Павлодар облыстары) қоныстанатын оралмандар үшін біржолғы жəрдемақы мөлшері қалыпты кезеңдегіден екі есе көп болу. Орталық бөліктегі өңірлерде (Атырау, Маңғыстау, Қызылорда жəне Қарағанды облыстары) белгіленген көлемнен 1.5 пайыз жоғары болу. Оңтүстік өңірлерде (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары, Алматы жəне Астана қалалары) – өлшемді норманы негіз ету керек.

Бұл жобаны жүргізу үшін тек қана мемлекеттік көші-қонға жауапты мекемелер ғана емес, обылыс, аудан, ауыл әкімдері сынды жергілікті әкімшіліктердің де өзіндік заңдық жауапкершілігі болуы қажет. Осы арқылы оралмандардың тұрғын үй және де басқада жер телімдерін тегін пайдалануына жол ашқан жөн.

Төртіншіден,оралмандарға ақша қаражаттарын банктердегі тұлғалық шот арқылы жəне тек қана оралмандардың жеке басын куəландыратын құжаттарын – оралман куəлігін не болмаса Қазақстан Республикасы азаматының жеке бас куəлігін немесе төлқұжатын көрсеткен кезде ғана төлеу тетіктерін белгілеу. Бұл шаралар сондай-ақ оралмандардың Қазақстан Республикасының азаматтығын дер кезінде алуға мүдделігін арттыруға, қос азаматтыққа жол бермеуге, сондай-ақ бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл нормалар қайта қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңда көзделген бабтар бойынша жүзеге асуы қажет.

Бесіншіден, оралмандардың Қазақстан Республикасына келуіне бақылауды күшейту жəне оларға мемлекеттік қолдау көрсету шараларын жетілдіру үшін қолданыстағы заңнама шеңберінде: оралмандарға тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат мөлшерін қоныстану өңіріне (солтүстік, орталық жəне оңтүстік) қарай саралай отырып, қазіргі нарық қажетіне сәйкестендіру;  қолданыстағы елді мекендерде бос жатқан, иесі жоқ тұрғын үйлерді қалпына келтіруді, сатып алуды барынша пайдалану, оларды жан саны тығыздығы аз шекара өңірлердегі халық санын арттыруға пайдаланып жаңа елді мекендердің бой көтеруін де қарастыру қажет. Осы арқылы оралманның баспаналы болуы мен отан іргесін бекемдеудің шарасын қатарынан қарастыру керек.

Алтыншыдан, Қазақстан Республикасы зейнетақы мəселелері бойынша екіжақты келісім жасамаған шетел мемлекеттерінен келген зейнет жасына жеткен оралмандарға заңнамаға негізделе отырып белгілі мөлшердегі зейнетақы тағайындауды жүзеге асыру  қажет.

Жетіншіден, оралмандардың қазақстандық қоғамға ықпалдасу дəрежесін арттыру мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта қарау қажет. Мүмкін болғанда оның бағдалламаларын жетілдіре түсуді көздеген жөн.

Сегізіншіден, оралмандарды қазақстандық қоғамға ықпалдастыру ахуалын жақсарту үшін оралмандарға арналған бейімдеу орталықтарының жəне де тек мемлекеттік қана емес, мысалға, жеке мекемелер, қорлар, басқа да коммерциялық емес ұйымдар нысанындағы мемлекеттік еместерінің санын арттырып, қызметтерін қолдау қажет. Міндетті түрде мұндай орталықтарда қоныс аудару квотасына енгісі келетін əрі орта жəне жоғары білімі жоқ біздің құқықтық жүйемізден бөлек елдерден, мұсылман елдерінен келген оралмандар бейімдеу курсынан өтуге тиіс, жəне де бейімдеу курсына психологтың жұмысы кіруге тиіс, ол оралмандардың бейімделу барысындағы проблемаларын айқындайтын болады, бұл олардың ортасындағы күйзеліс және торығушылық сынды көңіл-күйді болдырмауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың құрылымын жəне олардың құзыреттері мен уəкілеттіктерін айқын түсініп-білуі үшін оралмандарға арнап бұл орталықтарда көші-қон полициясы, прокуратура, əкімдіктер, əлеуметтік қызметтер қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылуға тиіс. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен міндеттерін үйретуге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Міндетті бейімдеу курсынан тек білікті жəне жоғары білікті репатрианттар ғана босатылуға тиіс. Жоғары білікті оралмандарды тарту үшін жеңілдіктер мен жəрдемақыларды тек ақшалай түрде ғана емес, Қазақстанға келе салысымен тұрғын үй беру түрінде де қарастыру қажет. Осы арқылы зиялы қауым өкілдерінің баспанасыздығын болғызбау керек.

Тоғызыншыдан, оралмандардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында оралмандарды Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігін əзірлеу қажет.

Оныншыдан, оралмандардың Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған тəртіппен алу құқықтарын толық қамтамасыз ету, сондай-ақ көші-қон полициясы мен басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына барлық мүмкін болатын шарттарын жою мақсатында азаматтықты рəсімдеу үшін қажетті құжаттар тізбесінен оралмандарға қатысты оларды тарихи Отанына келе салысымен тұратын жерінде меншік құқығында тұрақты тұрғын үйі əлі жоқ екеніне қарамастан, бірден тұратын жерлерінде тұрақты тіркелуге міндеттейтін мекен-жай анықтамасын алып тастау қажет.

Онбіріншіден, оралмандар елімізде атқарылып жатқан әр түрлі оң үрдістер – «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді баспана-2020», «Дипломмен ауылға!», «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» сынды баянды бағдарламалардан да игіліктене алатын болуы керек. Әсіресе олардың жеке кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарын жүргізуіне мемлекеттік несие беруді ерекше қарастырған жөн.

Он екіншіден, шеттегі қазақпен болған әр түрлі еңбек келісім шартын іске асырып, олардың уақыттық еңбек жолымен ҚР-да тұрып қайтуына да белгілі жағдай жасау керек. Еңбек шартымен келуші жұмыскерлердің осы отанға тұрып қалуды қалаушылары болса олардың талап-тілегін де ерекше ескеру қажет.

Он үшіншіден, оралмандардың құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру жəне оралмандар мен шетелдік қазақ диаспорасы мəселелері жөніндегі тұрақты байланыс пен зерттеуді тереңдету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан «Оралмандар жəне шетелдік қазақ диаспорасы мəселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган» немесе арнайы инситут құруды ойластыру керек. Кемінде Көші-қон комитетінің жанынан «қазақ диаспорасы бөлімі» ашылуы керек.

Он төртіншіден, аталған орындардың бәрінде шетелден келген қазақтарға уәкілетті жұмыс атқара алатын солардың ішінен шыққан зиялы қауым өкілдерінен арнайы мамандар болуы қажет.

Міне осындай оңтайлы мәселелер оң шешім тапқанда ғана қазақ көші көліктене түседі деп ойлаймыз.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан Жазушылар Одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі

 




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑