banner-top12

Салт-дәстүр 15

Қосқан уақыты Наурыз 1, 2016 | 1  100 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Күй

«Күй – бұрын-соңды құлақты біткеннің құлағымен тыңдап, жүректі біткеннің жүрегімен сезіп көрген дыбыс, ырғақ, үн, әуен біткеннің сонау алыс асқарда тұрған қожасы» (Белгілеу дәптерден)

Күйден басқа өнерді Аллатағала дүниежүзіндегі барша халыққа ортақ етіп таратқан екен. Ел біткеннің арасынан азғана дарын иелері құдайдың жарлығымен жаралып өз-өз  заман, кездерін өлеңмен өрнектеп, суретпен бейнелеп… деген секілді өнердің әрбір түрімен өзгеге жарық сыйласа керек. Ал «КҮЙ» – деген, құдіреті басым өнерді құдай тек қазаққа ғана еншілепті.

 

Күй – сөз емес, өлең емес, сурет емес.

Күй – деген, өлеңмен өрнектеуге келмейтін, сөзбен кестелеп бедер-түрі кемитін, суретпен бейнелеп өң-бейнесі жетпейтін сондай жоғары сезімді қос ішекпен жүрекке жеткізген, қанға сіңірген, сүйектен өткізген «сөзсіз, тілсіз, өңсіз» сиқырлыдан сиқырлы аламан асқақ әсерлі әуен. Әуен болғанда да сезімнен жұмсақ, уақыттан жүйрік, қайғыдан қатты, жаладан ауыр, жаннан тәтті, шындықтан ащы, жаһаннан кең, көрден тар, көзден өткір, көкіректен көреген, ойдан терең о дүние мен бұ дүниеде ұқсастығы жоқ орасан бір оқшау дыбыс – ырғақ.

Бұрын-соңды құлақты біткеннің құлағымен тыңдап, жүректі біткеннің жүрегімен сезіп көрген дыбыс, ырғақ, үн, әуеннің сонау алыс асқарда тұрған қожасы. Күйсіз болса қазақтың өмірі қараң. Күй құдіретін сезінбеген, күй сиқырына ұрынбаған, одан ляззат алмаған қазақ баласы әлемде біреу бар десе мен сенбеймін. Өйткені күй адамның еркінен тыс сүйегіне сіңетін, қалауынан тыс қанына жететін күңіреніп тұрған күрделі сарын. Самарқау, жабарқау, жарық жарқын жандүниеңді тербеген жаңа да тың әлем. Күй алтыннан қымбат, ардан таза, әдемі, әсерлі, әшекейлі саз.

Ол – атаңдай ақылды, әжеңдей әңгімешіл, әкеңдей әлді, анаңдай ардақты, сүйгеніңдей сүйікті, ұлыңдай ұлықты, ұрпақтай мәңгі бақи өшпейтін суыққа тоңбайтын, ыстыққа күймейтін, сұмырай сұмның айласына көнбейтін мәнді де мақсатты мәдениет. Мәжіліссіз, мәсілиқатсыз келісетін шынайы  шын мәлімет.

Ел аузынан: Ертеде ел арасында күйшілігімен атаққа шыққан Нұрқожа атты екі өнерпаз жігіт болыпты. Өнер сүйгіш Тыңдарман көпшілік соның бірін жүрген жерін   қызыққа бөлеп жүретіндіктен «Қызықты Нұрқожа» ал енді бірін он саусағына он алтын жүзік салып жарқылдата күй тартатын серілігіне байланыстырып «жүзікті Нұрқожа» атандырған екен. Соның Жүзікті Нұрқожасы бірде ел аралап жүріп иен далаға келеді де атын шалғынға тұсап өзі күй шертуге отырады. Дәл осы сәтте таңертеңнен бері өкшелеп аңдып келе жатқан атақты ұры күйшінің атын босатып міне салып тасырлатып шаба жөнеледі. Сонда ұзақ та тәтті күйге балқып отырған күйші атын алып  шауып бара жатқан ұрының артынан:

–         Ой, ақымақ, көркөкірек бейшара! Ат керек болса үндемей дыбыс шығармай ұрлап алып жүре бермейсің бе. Мың жылқы да қайта оралмас қайран күйімді үздің ғой – деп айғайлапты. Қазақ үшін күй осындай бағалы, осындай қымбат. Былайша айтқанда астыңдағы мініп жүрген алтын ерлі арғымақ аты арындаған жалғыз күйдің үзілуінен арзан…

Есімдегіден: Менің атам Бәкей деген кісі он саусағынан өнер тамған зерделі кісі болды. Мен домбыра шертуді сол кісіден үйрендім. Бірде үйлеріне барсам атам тамылжыта күй шертіп отыр екен. Кіре амандастым. Ол кісі сәлемімді алмады. Тек күй біткен соң ғана басын көтеріп:

–         Балам, сен мынаны түсін. Әманда намаз оқып отырған адамға намазы мен күйі аяқтағанша амандаспаған абзал. Өйткені біреуі құранына сіңіп, енді біреуі тәтті күйге балқып отырады. Екеуіне де берген сәлемің бөгет болады – деп еді. Иә, адам баласы үшін бір-біріне сәлем беру деген орындамауға болмайтын дәстүр, жазылмаған заң. Әйтседе күңіреніп тұрған күйді үзсең ол асқан қиянат.

Ел аузынан: Бұрын ұрпағы жоқ бір азамат мойнына бұршақ салып Алладан ұрпақ жалғайтын ұл беруін тілеп жалбарынған екен. Алла бір ұл беріпті де ұлын тілсіз меңіреу етіп жаратыпты. Сосын ұлының меңіреу екенін білдірмеу үшін әкесінің тыңдау қабілетін қайтарып алып қойыпты. Меңіреу ұл өсе келе әкесіне құлақ кіргізу үшін әрекеттеніп ертелі кеш әкесіне жалықпай күй шертіп береді екен. Кейін баласының әрекеті іске асып әкесі бебеулеген әсем күйді ести бастапты да баласы сөйлей бастапты. Сөйтіп құдіретті күшті күй әуені саңырау әкеге құлақ, меңіреу ұлға тіл сыйлапты-мыс.

Иә, күй – құдайдай құдіретті, құлдай елпек, сәбидей пәк, сәлдедей ақ, сәлемдей жеңіл, сәуледей жылдам.

Иә күй – Күйедей қара, көңілдей нәзік, көрпедей жылы, теңіздей терең, таудай биік, жаудай қатал.

Күй – қос шек, қу шанақтан төгіліп бір кеткенде: Қаңқылдап, саңқылдап, қоңырлап, мамырлап, тамтұмдап, алқылдап.

Тыңдаушыны –

Ұйытып, еліктіріп, еркелетіп, ерітіп, елжіретіп, жылатып,

Күй –

Қалықтап, шарықтап, қарқындап, жарқылдап,

Тыңдаушыны –

Тасытып, жасытып,

Қуандырып, шаттандырып,

Мақтандырып,

Күй –

Қомданып, жорғалап,

Ұшып,

Сорғалап, шымырқанып,

Шырқырап, шырылдап,

Тыңдаушыны –

Емексітіп, екілендіріп, ертіп, шың басына шығарып, шыңырауға құлатып барып түбіне жеткізбей қанатына қондырып, қайта өрлетіп белгісіз бір әлем дүниесіне қарай бастап кетеді де ептеп төмендете, төмендете, әкеліп орнына отырғызады. Сосын өзі алыстай, алыстай түсіп үнсіз үзіледі. Сондай көзіңді ашып, есіңді жисаң сай салаңнан тер ағып, сора-сораң шығып жылап отырасың.

Иә күйдің шыншыл, күйден мұңшыл, күйден міншіл, күйден үншіл, күйден мықты, күйден құтты, күйден сұсты, күйден жарық, күйден анық, күйден алып нәрсе  жалғанда біреу де жоқ. Менің күйден алған ұлағатым ұшан теңіз, күйден үйренген өнегем үйілген қазына, тапқан табысым тау төбе.

Менің жазған өлең сөздерім бірде өткір кекшіл, бірде нәзік ерке ойшыл, бірде ащы шыншыл болып келсе ол менің мықтылығым емес күйден алған ғаламатым.

Күй туралы толғауымды мен осылай аяқтадым. Бұдант ары күй туралы сөйлеуге сірә менің тіл дарыным жетпеді.

Байыт Қабанұлы, Ерденет қаласы, Моңғолия

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑