banner-top12

Айтарым бар 46d329b108de8307447a498d852996db (1)

Қосқан уақыты Қазан 20, 2017 | 399 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Латын қарпіне көшу – құлдық санадан құтқарады

Егеменді ел болғалы сыртқы саясатымызды да, ішкі саясатымызды да өзіміз шешіп жатырмыз. Соның бірі кирилл әліпбиінен латынға көшу болмақшы. Әліпби ауыстырудың саяси да, экономикалық та мәні бар. Бұл – бірінші кезекте құлдық санадан құтқарады. Егемендік алғанымызға 26 жыл болса да «өз мемлекетім, өз мемлекеттіктілім бар» деп басты көтере ұстап, кеудені керіп, қазақша сөйлеудің орнына, әлі күнге дейін кейбір министрлер мен депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер орысша сөйлеуге әуес. Осылар балаларын орыс мектебіне беріп жүр. Қазір орыс мектебінің 50 пайыздан көбі қазақ балалары. Бұлар – басқаны зор, өздерін қор санап жүрген құлдық санадағы қазақтар.

Екіншіден, біз қазір әлемдік интеграцияға кіруге талпынып жатырмыз. Ал қазіргі уақытта әлем халқының 80 пайыздайы латын графикасын меңгеріп, әлемдік ақпараттардың 70 пайызы осы таңбамен таратылады.

Үшіншіден, латын әліпбиі – жаңа технология, әлемдік өркениет тілі болып тұр. Кез келген ел өзінің ғылыми жетістігін әлемге осы жазумен таратады. Басқаның жетістігін де осы жазумен оқиды. Әлемдік өркениеттен қалып қоймайық десек біздің де латынға көшкеніміз дұрыс.

Ендігі мәселе – тіліміздің үндік, тілдік ерекшелігін барынша өтей алатын, оны дұрыс жеткізе алатын, ғылыми-техникалық прогреске икемді әліпбидің ең оңтайлы бірыңғай стандартын мұқият әрі тиянақты енгізу болмақ.  Кезінде Ахмет Байтұрсынов ұлттық әліпбидің төрт өлшемін белгілеген еді. Олар: жеңіл әрі тілге орамды болуы, таңбаның аздығы мен жазуға икемділігі, жазу процесінде ықшамдылығы мен ыңғайлылығы, үйренуге оңай болуы. Осы төрт өлшемді басшылыққа алғанымыз дұрыс. Әрі компьютер тақтасындағы латын таңбасынан шықпау керек. Бұл қай елге барсаң да кез келген компьютермен еркін жұмыс істеуге ыңғайлы болады. Бұл тұрғыда ұсынылған екі нұсқаның апострофтармен берілген екіншісі, «бір әріп – бір дыбыс» нұсқасы көңілге қонымдырақ. Дегенмен бірді-екілі диграфты да қолдануға болады.

Соңғы нұсқада екі дыбыс бір әріппен берілген түрі бар екен. Олар: Hh – Xx, Hh; I’I’ – Ии, Йй дыбыстары бір әріппен берілген.  Мысалы «Хабар», «Һәм» сөздерін «Habar», «Ha’m» деп бір әріппен жазсақ тіліміздің үндестігі бұзылады. Сол сияқты «Ай», «Би» сөздерін «Ai’», «Bi’» деп бір әріппен беру де тіл үндестігіне қайшы келеді. Сондықтан «Хх», «Hһ» әріптерін кириллицадағы сияқты жеке-жеке қалдырған дұрыс. Ал «Ии-Jj», «Йй-J’j’» деп белгілеген дұрыс болар еді.

Екінші нұсқада жақын үндес дыбыстар «А – Ә», «Г- Ғ», «О – Ө», «Н – Ң» апострофпен берілген. Бұл дұрыс. Ал кейінгі кезде «Қ» әрпін латынша «Q» деп белгілеп жүрміз. Латын әліпбиінде де «К» әрпі бар. Сондықтан «Ққ» әрпін де апостроф арқылы «K`k`» деп белгілесек, латындағы «Qq» бос қалады. Бұл әріппен «Жж»-ді белгілеуге болар еді. Енді қатар тұрған үндес үш әрпіміз бар. Олар: «У – Ұ – Ү» әріптері.  Латында  да  «Uu»  әрпі

бар. Үшеуі үндес жақын әріптер болғандықтан оларды да «Uu»-ға апостроф қою арқылы жасаған дұрысырақ. Сонда «Уу-Uu», «Ұұ-U’u’», «Үү-U’’u’’» болады. Тек бұл жерде «Ү» жасау үшін «U» дың үстіне екі рет дәйекше қою керек.

Екінші нұсқада латынның «Ww» әрпі бос қалған екен. Оны кириллицадағы «Шш» әрпіне пайдалануға болады. Сонда «Шш – Ww» болады. Қазақ тілінде «Ж» мен «Ш» дыбыстары көп қолданылатындар қатарында. Сондықтан оларға жеке әріп арнаған дұрыс. Ал «Чч» дыбысы қазақтың төл сөзінде қолданылмайды. Тек шеттілдер мен, шетелдің азаматтарының аттары үшін ғана керек. Сондықтан оны ағылшындар сияқты «Чч-CHch» деп белгілеп, диграфты қолдану керек. Бір әріп диграфпен белгіленсе қиындық тудыра қоймас. Сонда латын әліпбиімізде 35 дыбыс, 36 әріп болып шығады.

Латын әліпбиіне өту шетелдіктердің де қазақ тілін меңгеруіне оңайлық тудырады. Сондықтан олардың тілімізді меңгеруге ынтасы артатын болады. Сол кезде олар орысша емес, қазақша амандасатын болады.

Соныменмен  ұсынған нұсқа былай болып шығады:

Кирилл  Латын

  1. Аа – Aa
  2. Әә – A’a’
  3. Бб – Bb
  4. Вв – Vv
  5. Гг – Gg
  6. Ғғ – G’g’
  7. Дд – Dd
  8. Ее – Ee
  9. Жж – Qq
  10. Зз – Zz
  11. Ии – Jj
  12. Йй – J’j’
  13. Кк – Kk
  14. Ққ – K’k’
  15. Лл – Ll
  16. Мм – Mm
  17. Нн – Nn
  18. Ңң – N’n’
  19. Оо – Oo
  20. Өө – O’o’
  21. Пп – Pp
  22. Рр -Rr
  23. Сс – Ss
  24. Тт – Tt
  25. Уу – Uu
  26. Ұұ – U’u’
  27. Үү – U’’u’’
  28. Фф – Ff
  29. Хх – Xx
  30. Һһ – Hh
  31. Цц – Cc
  32. Чч – CH ch
  33. Шш – Ww
  34. Ыы – Yy
  35. Іі – Ii

Қазақ халқы ежелден тілі, жазуы бар сауатты халық болған. Күлтегін бабаларымыз тасқа руникалық жазумен тарихын жазғанда, қазіргі «сауаттымыз» деп жүрген халықтарда жазу түгілі сөздерін де дұрыстап құрап айта алмайтын еді. Руникалық жазуымызды Х ғасырға дейін пайдаланып келдік. Тек, Ислам дінін қабылдағаннан кейін араб әліпбиіне ауыстық. Мүмкін келер ұрпақ еврейлер сияқты көне жазуымызды қалпына келтіріп, пайдаланар. Ал, қазірше латынды пайдалана тұрайық. «Qolyn’ bolsyn, latynk’arpi» демекпіз.

 

Назрахмет ҚАЛИ,

зейнеткер. Алматы қаласы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑