banner-top12

Ислам тағылымы zBwWUElo9Igf3tpI-lg

Қосқан уақыты Сәуір 19, 2016 | 709 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

М.Әуезов шығармаларындағы имандылық

Қазақ елі өз егемендігін жариялағалы халқымыздың рухани қазынасының тарихи тамырларына, олардың нәр аларлық жалпыадамдық, діни және ұлттық құндылықтарына деген қызығушылық, ынта мен талап бұрын болмаған дәрежеге көтеріліп келеді. Өркениетті елдердің қатарына қосылуды, әлеуметтік өмірді гуманизациялауды ниет тұтқан мемлекеттің мақсаты тұлғаның қадір-қасиетін көтеріп, қазақ халқының рухани мәдениетін түлетіп, одан әрі дамытуды, жеке адамның бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттердің қалыптасуын көздейді. Ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағылымы үшін аянбай еңбек еткен кемеңгер жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы адамгершілік, имандылық қағидаларға толы. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев бұл туралы ойын былай баяндайды:
«Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш ата заңында баянды етілген адам құқығы, әлеуметтік әділеттілік тегіне, нәсіліне, діни нанымына қарамай адамдардың теңдігі ар-ождан бостандығы тұрғысындағы принциптерімізге Мұхаң мұратының үндесіп жатқандығы анық. Гуманист ретінде ол адамның адамға жасайтын қысастығын, зорлығын жан-тәнімен жек көрді, ол нағыз ойшыл ретінде ізгіліктің ғайыбы түсінік емес, әлеуметтік ұғым екендігін терең бағамдады. Сайып келгенде миллиондардың рухани дүниесіне дендеп енген оның эпикалық, эстетикалық және адамгершілік мұраттары – көпшіліктің қазынасы, ұлттың баға жетпес мұрасы Мұхаңның бір ұлағаты осында.» [1: 3]
Имандылық пен ізгілікті серік етіп, адамның адамшылдық қасиеттерін шығармаларына негіз еткен жазушы өз ойларын, дүниетанымын зерттеу мақалаларында өрбітіп отырады. Солардың бірі “Адамдық – негізі әйел” атты мақаласы. Бұл мақала туралы белгілі ғалым Б.Майтанов былай дейді:
«“Сарыарқа” газетінің 1917 жылғы 5 қыркүйектегі санында жарияланған “Адамдық – негізі әйел” мақаласында семинарист М.Әуезов неғұрлым күрделі философиялық ой сілеміне түседі. Сол уақыттағы ресми баспасөз тілінде араб тілінен енген салахият (қабілет, шама), инсаният (адамшылық), мархамет (құрмет), тарақият (өркениет) сөздерін іргелі ғылыми-этикалық ұғымдарды саралауға қолдану бар. Абай әсерін қатты сезініп, орыс, әлем жазушыларымен оқымыстыларының, мұсыманшылықтың ізгілік идеяларымен танысқан жас ғалым жалпы адамзатқа тән терең кісілік мәселелерін таңғаларлықтай бейнелі оралымдар арқылы талқыға салғанда өзі сипаттап беретін өмір суреттеріне көзқарасы, оны қабылдау, қорыту тұрғысынан ұлттық психологияның айшықты мезеттерін айқын танытады.» [2: 22]
М.Әуезов бұл мақаласында негізінен адам өмірінің өткінші жалған екенін, дүниеге берілу ешқандай пайда әкелмейтінін және дүниедегі адамшылдықтың негізі анадан басталатыны туралы ой толғайды. Бұл ойлары Абайдың қарасөздерімен сабақтасып жатады. Мақаланы тақырыптан әріден бастап, өмір туралы философиялық ой толғайды:
“Адам баласы қызықты ғұмыр кешірмек боп қуанып , үмітпен өсіп, жылдан жылға қызуы басылып, суынып, ақыры кейін өледі. [3: 7]
Неліктен?”, бұл жерде жазушы өз ойларын ерекше оралыммен беріп отыр. Оның “адам баласы қызықты өмір кешіреді” демей, “адам баласы қызықты өмір кешірмек болып қуанып, үмітпен өсіп” – деуінің астарында ұғынған адам үшін үлкен мән жатыр. Себебі адамды алдыға қарай жетелейтін болашаққа деген үміті мен қызығушылығы, ол – өссем, жетілсем, байысам, ұрпақ өсірсем деген бірінен соң бірі бітпейтін тілек, армандар. Сол армандардың жетегінде жүріп, өмір жалғандағы қызығы кеткен қарттықтың жеткенін, дәм-тұзының таусылғанын байқамай қалады. Ол туралы жазушы былай дейді: “жылдан жылға қызуы басылып, ақыры кейін өледі.” Адам қанша қызық өмір сүрсе де оның ақыры, соңы өлімге әкелетіні хақ нәрсе. Ал бұлардың себебі неліктен екенін автор кейінгі ойларында саралап баяндайды. Ол “неліктен адам баласы қызықты ғұмыр кешірмек болып қуанып жүріп өмірінің аяғында қызуы басылады? Бұл барлық адамға тән нәрсе ма?” деген сұрақтарға жауап іздейді.
«Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы. Барша дүниедегі пайда-мақтан әуелі басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп, неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп аталады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы”
[3: 7]
М.Әуезов адамдардың өмір жолын екі түрге бөледі бірі – хайуани салахият (қабілет, шама), яғни, хайуан тектес өмір, екіншісі – инсаният, яғни, адамдық жолы. Тіршілік қамын ғана ойлап, сонымен ғана өмір сүру, ақыл парасатқа жүгінбей, тек ішсем, жесем, ұрпақ қалдырсам деп өмір сүру, біреуден артық болсам деу хайуанға да тән нәрсе. Алла тағала адам баласын олардан әлдеқайда артық жаратты, ақыл мен сана берді. Бұл туралы дана Абай былай дейді:
“Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.” [4: 22]
Ал адамдық жолы деп жақсылық пен ізгілік жолын айтады және бұл ойларын Толстой хәкім, Абай және пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаис саламның сөздерімен дәлелдейді.
“Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хакимдердің айтуында, екінші марқұм әкеміз Абайдың: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген мақалы да, һәм пайғамбар ғалайс саламның: «Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген» деген хадисі де көрсетеді.” [3: 7]
Ойшыл өзінің өмір туралы толғаныстарына дәлелді жүрегіне жақын адамдардан іздейді. Себебі бұл адамдар оның дүниетанымымен, сенімімен, дінімен жақын, бір арнада тоғысатын ұлы адамдар еді.
Абай ауылының тәлім-тәрбиесін сіңірген М.Әуезовке “Толстой кәпір емес кәпір өзің” деп жырлаған Шәкәрімнің Л.Н.Толстоймен хат жазысқаны жастайынан белгілі. Орыстың бүкілресейлік діни орталығы Л.Н.Толстойдың діни таным, көзқарастары және исламға бүйрегі бұрғаны үшін оны шіркеуден аластады. Діннен безген адам ретінде үкім шығарды. 1949 жылдың мамыр айының соңында М.Әуезов Толстойдың усадьбасы Ясная полянаға арнайы ат басын бұрады: мақсаты адамзат ақыл-ойындағы алып тұлғаның бүкіл әлемге белгілі мекен-жайын көзбен көріп, осы жермен тығыз байланысты тыныс тіршілігін жанымен сезініп қайту еді. Толстой өзінің танымы мен діни сенімі туралы былай дейді: “Менің танымым Мұхаммедтік… Ол өзінің тұлғасы жағынан православиялық шіркеумен салыстырғанда едәуір жоғары тұрады.” [5] дей келіп, ол өзінің Е.Векиловаға жазған хатында әрбір саналы адамның келіп тірелер жері ислам діні екендігін баяндайды. Ойшыл ғалым жазушыдан өзінің діндес бауырын танып, оның дұниетанымын жүрегіне жылы тартады.
Дана Абайдың сөздерін келтіре отырып, тек әкенің ұлы болған өзімшіл ұрпақ болмай, адамның ұлы болып адамшылдық қасиеттерді бойға сіңіруге шақырады. Ойымен де, өлеңдерімен, рухымен де Абаймен туысып кеткен жазушы оны баршаның әкесіндей көреді. Сонымен қатар, діндар мұсылман ретінде сөзін пайғамбар хадисімен растайды. Шындығында, ислам діні жақсылық жасау, жамандықтан алыс болуға шақыратын дін екенін пайғамбарымыздың мына сөздері арқылы дәлелдеп көрсетеді: “Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген.”
М.Әуезов адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның шыққан ортасымен байланыстырады. Ол ойын былайша суреттейді: “Әуелі адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның шыққан ортасы бір сурет жасап беріп, соған өзі киген тонын кигізеді. Сонан кейінгі ол адамның өмір жолында көретін жақсы, жаман үлгісінің бәрі жамау, ия бояу болады. Жә, сол адамшылығымызға үлгі салатын ортаның көп түрлі-түрлі істерінің ішіндегі бізге ең әсерлісі қайсы?” /3:8/, – деген сұраққа жауап іздеп, “адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Бұлай болғанда өмірінде әділет, мәрхемет, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың харекеті үй іші мен от басынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек адал ниетті қамқор тууы мүмкін бе?”, – деп ой түйеді. Шындығында, адалдық пен ар-ұят ананың сүтімен, үлгі-өнегесімен бала бойына тарайды. Ананың сіңірген тәрбиесінен келешек тұлға – адам қалыптасады. Өзі киген тонын баласына кигізіп, оның болмысына әсер етеді. Тек отбасынан, ғайбат-өсектен аспаған ана болашаққа қандай ұрпақ дайындайтыны айдан анық. Сондықтан да қаламгер өз ойын былай аяқтайды: “Мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің хәлін түзе!”
Еліміз елдігін алып, өз алдына шаңырақ көтерді. Қазақтың көк байрағы көгінде желбіреп, ел тынысы кеңейген тұста алдынан әртүрлі мәселелер шықты. Қайтсек ұлтымыздың, еліміздің беделін көтереміз, тіліміздің абыройын сақтаймыз, халықтың бойына имандылықты сіңіреміз деген ой зиялыларды жиі мазалауда. Бұл мәселелердің себебін әр жақтан іздеп шарқ ұрған ағаларымыз Мұхтар Әуезовтей дана ағаның жоғарыдағы сөздеріне мән берсе, сол мәселелердің шешімі де себебі де табылғалы тұр.
Ең алдымен, қыздарымызды қырық үйден тыйып, бойына имандылық, адамгершілікті сіңіріп, олардың болашақтағы ең ұлы міндеті – ана болу екенін сезіндіруіміз керек. Ананың мойнында қандай маңызды жүк тұрғанын жастайынан түсінген, иманды да ибалы қыз өз арын сақтап, тәнін жалаңаштауды сән көрмей, арақ пен темекіге үйір болмас еді. Сондай білімді де иманды аналар болашаққа адамгершілігі жоғары, ақыл-парасаты мол, иманды ұрпақтарды әкеліп, тәрбиелеп өсірері хақ. Сондықтан, мешел болып қалмас үшін ең алдымен бесігімізді түзейік.

——————-
1. Майтанов Б. М.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері (1920-30) жылдар // М.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлер Алматы 2004
2. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы 15 том. Алматы 1984
3. Абай Қара сөз. Поэмалар. Алматы 1993
4. Толстой Л.Н. Письмо Векиловой Е.Е. Ясная Поляна 1909, март.

Сарбала Айнұр




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑