banner-top12

Жолсапар PR20091125220812

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 635 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

       МЕККЕДЕ АЯҚТАЛҒАН ӨМІР

PR20091125220812

Қонақүйге кіре берісте қарсы алдымнан Амантай мен Фархад қажылар шықты. Қабақтары түсіңкі. Сөйтсе, сегізінші топпен келген Өскемендік Кәмен Мамыров деген тарих ғылымының докторы, профессор, бейсенбі күні осындағы халықаралық ауруханада дүние салыпты. 1950 жылы дүниеге келіпті, елінде жүргенде жүрегінен инсульт алыпты, оған қант диабеті қосылған екен. Қысқа сақал – мұрт қойған, мығым денелі, толық жігіт еді. Соңғы кезде Өскеменде діни  мектеп ашып, шәкірттер оқыта бастаған, араб, түрік тілдерін біледі екен. «Қызмет – Саяхат» басшылары елімен, бала – шағасымен хабарласыпты. Екі жақ келісіп, Меккеде жерлеуді ұйғарыпты. Ал, бұл жақта бейсенбіде қайтқан кісіні Жаннатул Муллаға қояды екен, онда баяғы заманнан бері қарай жетпіс мыңдай сахабалар жерленген, әрі Хадиша анамыздың жатқан жері. Ол жігіт қажылыққа екінші рет келіпті.                                                          Тағдыр – ай десеңізші. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай Меккеде қалады. Тілегі қабыл болған бақытты адам екен марқұм десті естіген жұрт. Жас қой, елудің жетеуіне жаңа шыққан. Бәрі бір Аллатағаланың құзырында, хұқында, кімнің қашан қайда аяқталатыныны. Аллаға ғана аян. Сондықтан бес күндік қамшы сабындай қысқа тірлікте алдыңғының аяғынан шалмай, кейінгінің кеудесінен итермей дұрыс өмір сүрген игі. Бір күні түскі тамақ кезінде марқұм Кәмен әйелдермен сөйлескенде: «Осында мәңгілікке қалсам арманым болмас еді» депті дейді. Аллатағала тілегін қабыл еткен шығар. Енді еліне баратын жолды ерте тауысып, артымызда қалып барады.                          Әл – Харам мешітінде күн сайын табыттар тізбектеліп, қағбаны айналуға асығады. Тірілер өлгендерді асықтырады. Жұрт көздерін тігеді де іштерінен дұғаларын оқып, табытпен бақұлдасады. Өлілерді үстіңнен алып өткен сайын Аллатағалам Еліме, Отаныма аман – есен оралып, әулетіме қосылуға жазғайсың деп, жатып кеп жалынасың, жалынышты жанармен Қағбаны аймалайсың, айналасың. Пендеге бір – ақ рет өмір берілген, кетсең қайтып келмейсің. Жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне иек артып қалған арамыздағы қажы шалдарымыз: «Шіркін, Кәмен бақытты жігіт екен» деп күрсінеді.

 

 

ҚАҒБАМЕН ҚОШТАСУ.

 

 

Бүгін желтоқсанның 29-і, Амантай қажының тобы Қағбамен қоштасуға барамыз. Алдыңғы жақта туымызды Асқар көтеріп жүрді. Діни оқуды Түркияда тамамдаған. Кез келген кісіге жәрдем беруге құштар, жаны елгезек, білімді жас. Дін, Құран жөнінде біраз сөз етістік. Құранның Қазақстанда үйретілуі, оқуы, аударылуы қырларына байыппен барыстық. Асқардың бизнесі бар, Қытайға барып тұрады. От басы боп айналысамыз дейді. Бір шайдың арасында Ираннан келген қазақ жігіті Қазақ Әлиден Құран түсірудің жайын сұрап қалдым. Топ ішінен бір ақсақалға Құран түсіріп беріпті. Бүкіл Құранның мәтінін екі – ақ күнде аяқтаған. «Қалай жылдам оқисызба?» деп ем, «Алты жасымнан көргенім Құран ғой» деді. Қазақ Әлидің үні керемет, намазда байқадым, тебірентіп оқиды. Түріктерді таң қалдырды. Қазақ ағайындар оған ризамыз.

Қағбаның айналасында түйме түсетін тесік жоқ, теңіздің шалқар айдынындай тұтас қозғалады. Жасыл күртелі Қазақстандықтар тырналардай тізбектелдік. Араға адам кіргізбеу керек. Өйтпесе, ыдырап, адасып кетеміз, әсіресе қаралар жағы күшті, иықтарымен бір ысырса шетке шығып қаласың. Тек  «сабыр», «сабыр» деп, жан сақтайсың. Аяқтың астында қалсаң шаруа біткені, таптап өте шығады. Төрт айналымнан кейін бесін намазына отырдық. Ғаламат бір тыныштық орнайды. Қағба ортада қалқып тұрғандай, құданың құдіретімен қанат бітіп, қалықтап барып Қағбаның төбесінен, қабырғаларынан, Құран аяттары өрнектелген бұрыштарынан өпсем деймін. Қанат берші Тәңірім деп сыбырлаймын. Құстарға берген қанатты маған неге бермеске?! Құстар мақсатсыз ұшады ғой, ал менде ұлы арман бар.

-Құрметті қажылар, Аллатағала қажылықтарыңды қабыл қылсын. Анадан жаңа туғандай боп оралып келе жатырсыздар. Анау – мынау кемшілік болса… Жидде 80 км. Меккеден, Хауа анамыз Жиддеге түскен екен. Алматы уақытымен сағат 11 – де Жиддеге қарап автобуспен қозғалдық. Сол жақта Сәуір тауы, қалып барады. Алла жазса келесі келгенде шығармыз дестік. Сәуір таулардың тауы ғой, шіркін! Сонау ертегідей ескі, ежелгі ғасырларда дүшпандарынан бой тасалап бір үңгірге сыйған пайғамбарымыз (с.ғ.с) енді дүние жүзіне сыймайды. Қош бол Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған жері, кіндік қаны тамған жері асыл Мекке, тәңір жазса көріскенше қош боп тұр.

 

Өтеген  Күмісбаев

Алматы – Стамбул –

Жидде – Медине – Мекке.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑