banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Мамыр 3, 2014 | 594 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Мемлекеттік тілді меңгеруге қажеттілік тудыру қажет

 

«ХҚКО» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы Алатау бөлімінің мемлекеттік тілге қосқан үлесі – іс қағаздар мемлекеттік тілде жүргізіледі, шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі айналымы 100%-ға жетті. Орталықтың мемлекеттік тілді дамыту мәселесін регламенттейтін заңнамалық және құқықтық актілерге сәйкес, құжаттардың сапасыз аударылуын, қызметкерлердің мемлекеттік тілде құжаттарды сапасыз дайындау жағдайларының алдын-алу және болдырмау, әр қызметкерінің мемлекеттік тілдегі құжаттарды өз бетінше әзірлеуіне жағдай жасау мақсаты көзделді. Енді әр қызметкер құжаттарды мемлекеттік тілде өзі дайындауға тиіс, ал мемлекеттік тіл маманы құжаттарды тек редакциялауға тиіс.
Алмалы ауданының филиалы болып тұрған кезімізде Іс жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, нақты шаралар қабылдау мақсатында, 2007-2009 жылдарға арналған бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген курстарына тартылған қызметкерлердің қазақ тілін оқып-үйренуін ұйымдастыру қамтамасыз етілді. 2008 жылғы 1 қыркүйектен бастап басқарма және мекемелер қызметкерлерінің мемлекеттік тілді оқып-үйрену сабақтары басталды. Қызметкерлерге қазақ тілін оқыту үшін, келісім шартпен мұғалімдер қабылданды.
2010 жылдың 29 қыркүйегінде «Ана тілі ардағым» атты әдеби-өнер интеллектуалдық сайысына қатысып, ХҚКО аралығында 3 орынды иемдендік.
Басқармада, мекемелерде аталмыш айлыққа байланысты «Ана тілді білу – парыз» тақырыбына семинар сабақтарында дәріс оқу, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты өзге ұлт арасында пікірталас түріндегі дөңгелек үстел, «Мемлекеттік тілді меңгерудегі өзекті мәселелер» тақырыбына мекемедегі құжаттарды мемлекеттік тілде толтыратын қызметкерлер арасында пікір алмасу тәрізді әр түрлі шаралар өткізілуде.
Орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес, мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту, тіл саласындағы заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді орындау барысында атқарылған жұмыстарына әр тоқсан сайын тексерістер жүргізіледі. Мекеме қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеруді одан әрі ұштай түсу, біліктілігін арттыру, тіл оқыту сабақтарының әдістерін жетілдіру, сол арқылы әр қызметкердің мемлекеттік тілді білу деңгейін барынша арттыру басты назарда ұсталады. Кемшіліктер атап көрсетіліп, оны жоюға нақтылы көмек жасалды. Бұл шаралар бөлім бастығының қатаң бақылауында, алдағы уақытта да жүйелі жүргізілмек.
ХҚКО жеке құрамының мемлекеттік тілді орталықтың іс қағаздарында қолдана білуі, сондай-ақ мемлекеттің тіл саясатын насихаттау және қызметкерлердің оқу барысында алған білімдерін нығайту мақсатында Мемлекеттік тілді дамыту тобы ХҚКО бойынша «Іс қағаздарын толығымен мемлекеттік тілге көшіру туралы» мәселелерін шешті:
– орталық басшылығы нақты хаттама шешімдерін қабылдай отыра, мемлекеттік тілді дамыту мәселелері жөнінде жедел кеңестер өткізеді;
– орталық басшылары бөлімшелер бастықтарынан кеңестерде, отырыстарда мемлекеттік тілде сөз сөйлеуді талап етеді.
ХҚКО іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу барысында келесі ұсыныстарды енгізу орынды деп есептейміз:
– ХҚКО кадр іріктеу жұмыстары кезінде мамандардың мемлекеттік тілді білуін қатаң ескеру;
– мемлекеттік тілді жетік меңгерген және мемлекеттік тілдегі құжаттарды дербес әзірлейтін қызметкерлерді моральдық және материалдық ынталандырудың тиімді жүйесін жасау;
– жиналыстар мен жұмыс бабындағы мәжілістерді, ресми кездесулерді мемлекеттік тілде жүргізу үрдісін кеңейту.
Сөзімді қорытындылай келе, келесі бір мәселені айта кетуді жөн көріп отырмын. Мемлекеттік тіл туралы қоғамдық-саяси пікір айтылып, мемлекеттік деңгейдегі алғашқы қадамдар жасалған 1989-1997 жылдармен салыстырғанда, соңғы жылдары қоғамдық сана көп өзгеріп, барлық салада, соның ішінде біздің жүйеде дерлік қозғалыс пайда болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі әлі де ресми тілдің ықпалында, ығында болса да, әйтеуір алға жылжуда. Ұзақ жылдар бойы орыс тілі өркениетке, жақсы тұрмысқа жету құралы болды. Орыс тілін жетік білетіндерді өзіміз алға оздырып отырдық. Бүгін, кімге болса да бірден қазақша сөйлеп кетпеді деген сыңайда өкпе артамыз. Жылдар бойы қалыптасқан адам санасын өзгерту оңай емес, кезінде орысша бір ауыз сөз білмеген қазақ орысшаны жетіскеннен үйреніп пе? Қажеттілік тудырылғаннан кейін, ұзақ саясат жүргізілгеннен кейін үйренді. Сол сияқты, қазақ тіліне деген сұраныс, қажеттілік, ешкім ештеңе жасамаса, өзінен өзі туа сала ма? Қазіргі Қазақстандағы басым болып тұрған орыс тілі өзінің қазақ тілінен табиғи артықшылығы арқасында басым болып тұрған жоқ. Ұзақ жылдар бойы арнайы жүргізіліп келген саясаттың жемісі екені белгілі. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оның шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналдыру үшін бізге де сондай тегеуірінді саясат керек. Тегеуірінді саясат заңмен қорғала отырып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заңды негізге ала отырып жүргізілуі тиіс. Тіл мәселесі айғайлап ұрандатумен немесе ту ұстап, көшеге шығумен шешілмейді. Тіл – нәзік, табиғи нәрсе, ол ұтымды жолдармен, сауатты саясатпен шешілуі керек.
Біздің міндетіміз – елдіктің ерекше бір белгісі – мемлекеттік қазақ тілінің қоғамда лайықты беделін көтеру.

Әсел Бекдайырқызы,
«ХҚКО» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы
Алатау бөлімінің қызметкері.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑