banner-top12

Поэзия voda_reka_goryi_sneg_ozero

Қосқан уақыты Желтоқсан 20, 2018 | 225 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Мен енді нені түсіндім…

 Сабыр, сабыр бауырым

Жыласаң да ішті өртеген күйіктен ,

Құласаң да асу бермес биіктен .

Сұрасаң да бір Алладан мол байлық ,

Қалталымен тұрса екен деп иық тең ,

Сабыр, сабыр бауырым .

 

Сезімге еріп сағым қуып жүрсең де ,

Көзің көріп қуанышты күлсең де .

Өзің келіп ауылына достықтың ,

Сыйластықтың шын қадірін білсең де ,

Сабыр, сабыр бауырым .

 

Маңдайыңа жазылмаса әкімдік,

Таңдайыңа жыр құймаса ақындық .

Қал жайыңа қарамаса бауырлар ,

Жанашыр боп көрсетпесе жақындық ,

Сабыр, сабыр бауырым  .

 

Кісілігің кісінесе құлындай ,

Кішілігің кетсе үзіліп жұлындай .

Түсінігің тұңғиыққа малтығып ,

Бақыт саған кетсе егерде бұрылмай,

Сабыр, сабыр бауырым .

 

Қолың қысқа болсадағы қадірлім ,

Жолын нұсқа адамға пәк арыңның .

Жадыңда ұста айналайын бауырым,

Сары алтын боп қалатынын сабырдың,

Қанатың боп қалатынын қадірдің .

 

.

Жаңбыр соңы ақ ұлпа қарға айналды ,

Аппақ көрініс болады қандай мәнді .

Аппақ қардай жұтсам да сезім балын,

Қанбай қалды сусыным қанбай қалды,.

Бұрынғыдай шөліркеп таңдай қалды…

 

Өзің едің сырласым, мұңдасым да ,

Сендей қымбат сезілмес құнды асыл да.

Сені сүйіп шөлімді басу үшін,

Жетпейтінін түсіндім бір ғасыр да .

 

Шер аға

Шер аға, шерге толып көкірегің ,

Қамығып қазағым деп өтіп едің .

Өзіңдей он ұл болса арман бар ма ,

Амал не, жалғыз болдың ….

Өкінемін !!!

 

Күн жалғыз, Ай да жалғыз аспандағы ,

Құлады жалғыз Емен асқардағы.

Айдын көл айбатынан айырылды,

” Үйректің өрге жүзбей қасқалдағы”.

 

Бұл өмір шынымен де сынақ құрбы,

Дүние азалы үнге құлақ түрді.

Қазығұрт қандай күйде қайдан білем,

Алатау ағыл-тегіл жылап тұрды…

 

Қайғырып қанша айтсақ та өлең, әнді ,

Біз енді көре алмаймыз Шер ағамды .

Ісіңмен риза етіп ең Ел анаңды,

Жат енді тебірентіп Жер анаңды .

 

Ұлым мен ұшпасын деп қызым оққа ,

Ел үшін түстің қанша қызыл отқа.

Су кешкен етікпенен қайран сабаз,

Шалқысын нұрың енді Ұжымақта .

 

Бұл ғалам зәру сендей Ғажаптарға ,

Сырыңды сыйғыза алмаймын аз ақпарға .

Бақыл бол !

Қайран менің Шер ағам-ай ,

Сен барсың қара ормандай қазақ барда.

 

Ләззат Игісінқызына

Тәтті алманың дәміндей күзде жеген,

Шын достықтың белгісі біздегі өлең.

Лапылдайды жүректен сағынышым,

Басылмайды құрметім сізге деген.

 

Сізге деген құрметім ала бөтен,

Көкорай бел, көк шалғын далаға тең.

Сөйлеспесем көңілім көтерілмей,

Іздемесем жабырқап қалады екен.

 

Болмаған соң жат ойлар бізде бөтен,

Армандардан мен сізді іздеп өтем.

Пенделіктен пейілсіз мезі болған,

Мейірімнің мекені сізде ме екен.

 

Өзіңізден өмірдің сырын ұқтым,

Сіз бар жерде қалады бұғынып мұң,

Ортамызда жүріңіз аман-есен,

Көшін бастап кіршіксіз ұлылықтың.

 

Шіркін мен де ақын болсам ғой

Жазармын деп, жазармын деп ертең бір,

Әлі күнге жаза алмадым көркем жыр.

Басқалардың малдас құрып төрінде,

Маған неге жырламай жүр өртенгір.

 

Менен неге қашқақтайды мол шабыт,

Маған неге ренжиді соншалық.

Абай болып толғанайын деп едім,

Махамбет боп қорамсаққа қол салып.

 

Бақытымды тапсам деп ем өлеңнен,

Өз дертімді жазсам деп ем өлеңмен.

Қара өлеңнің қазынасын таба алмай,

Қайыршының күйін кешіп келем мен.

 

Әттең, әттең не пайда бар әттеңнен,

Бейшарамын шөл далаға тап келген.

Адамдарға қызғанышпен қараймын,

Жаратушым таңдайына бақ берген.

Шіркін мен де ақын болмсам ғой…

2018 жыл 11 қазан, Алматы

Нұрдынбек Нұрасбаев




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑