banner-top12

Әдебиет FEDL1580_новый-размер

Қосқан уақыты Қараша 26, 2018 | 250 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

                   Менің түйсігім

Біздің ой 

Жүрмейміз босқа сандалып,

Жүрмейміз босқа шаңдалып.

Бос күлкіге алданып,

Құр атақты малданып.

 

Жарқ етіп өткен жасыңда,

Алынбас текке асу да.

Біздің де ой жүр мұң кешіп,

Мұң шеккен жанның қасында.

 

Балаша сырын ақтарып,

Балаша мәз боп, мақтанып.

Жаны жайсаң жақсыдай,

Біздің де ой жүр шаттанып.

 

Жыланның көрген табанын,

Бір ашпайтын қабағын.

Біздің де ой жүр обырдың –

Бітей алмай-ақ аранын.

 

Жүргендерге сенделіп,

Ел айтқанды жөн көріп.

Біздің де ой жүр ашынып,

Біздің ой жүр дем беріп.

 

Көкірегі шер болған,

Екі көзі көр болған.

Соқырларда, әттең-ай,

Қандай жақсы көз болған.

 

Болмаса егер берері,

Алтынның не керегі.

Мылқауларға біздің ой,

Тіл болғысы келеді

 

Түсінбейді басқа жан,

Дұшпаны көп жасқаған.

Біздің ойды білмейді,

Жақсылыққа бастаған.

 

Жазылмаса жыр болып,

Шаң басса да кір болып.

Көргені жоқ біздің ой,

Еш пендеге құл болып.

 

Талай пәле қуыстық,

Талай біздер жұлыстық.

Жығылсақ та, жықсақ та,

Ит жығыс боп тұрыстық.

 

Болмасын деп қырқысу,

Болмасын деп жұлқысу,

Біздің ой жүр тіленіп,

Күллі әлемге тыныштық!!!
Көк және мен 

 

Көк түрікпін, мен деген- көк бөрілі,

Көкті тіліп жататын өктем үні.

Жалғыз ғана сиынам көк тәңірге,

Шашыраған әлемге көкте нұры.

 

Жаным да көк, секілді, қаным да көк,

Жанарымнан тұрады жалын бөлек.

Көк езуге білмейтін жағатсуды,

Ақиқаттың алдында арым да көк.

 

Көк өзенім, көк көлім, тауым да көк,

Шалғынымда көк орай, нуым да көк.

Көк қыраным қалықтап көк аспанда,

Желбіреген аспанда туым да көк.

 

Азын-аулақ бар білем көк құйыным,

Көбеңсіген жылқыдай көкке иінім.

Көйлегім көк, көңіл көтеріңкі –

Тұрған кезде қолымда көк тиыным.

 

Домбырамның күй қылып көк шанағын,

Сезімімнің жыға алмас от қамалын.

Ән саламын алаңсыз әуелетіп,

Тақымымда ойнаса көк шолағым.

 

Сезінгенге секілді, қаным да көк,

Еркіндікті түсінер жаным бөлек.

Көк аспанға байланған кіндігімде,

Өшпе деймін рухыма, жалында тек!

 

Қоңырау

Сағыныштың оты жанды қарыды-ау,

Көрінгенде ақ бас шыңды Тәңір тау.

Жылқысында болушы еді атамның,

Үні алыстан естілетін қоңырау.

 

Табиғаттың тыңдатқандай сап әнін,

Оятайын түсінігін сананың.

Сыңғырлаған тұнық дауыс бояусыз,

Симфониясы секілденіп даланың.

 

Жіберетін өрісіне ойланбай,

Түсінбеуші ем құдырет деп бұл қандай.

Қайсы маңда жүрсе дағы жылқысы,

Табатынды бір ғажабы сандалмай.

 

Көңілінде еш алаңдау болмайтын,

Бар сенімін қоңырауға арнайтын.

Жылқыларын қасқырдан да, басқадан,

Сол қоңырау киесіндей қорғайтын.

 

Атам қайтты жетпісінде өмірден,

Құлазыдық ақылдан да, көңілден.

Ғұмыр берген тағдырыңа не шара,

Ерік беріп көз жасыңа төгілген.

 

Ессіздіктің ебін тауып кім емдер,

Қызғаныштың қызыл иті телмеңдер.

Жылға жетпей қоңырауды киелі,

Ұрлап кетті, ақылы шолақ, ел недер.

 

Қасиетті қасырет қой танымау,

Санамызда сан ойлармен жаңылды-ау.

Керектігін білмеппіз ғой атамның,

Көзіндей боп қалатынын қоңырау.

 

Ақыл айтар атам да жоқ бұл күні,

Тірліктегі қымбат екен бір күні.

Сыңғыры өшті қоңыраудың дәл солай,

Келмейтіндей мәңгілікке енді үні.

 

Қарттарым- ай, қастерлеген аймағы,

Кетті сиреп, көне көздер қайда әні.

Баяғыдай шаттығы жоқ ауылдың,

Беріктік жоқ, бұзылғандай қаймағы.

 

Содан бері өтті талай жыл аунап,

Қырау түсті самайға да қылаулап.

Санамдағы сол бір кездер тұр әлі,

Шіркін! Күнім, қайтар ма едім бір аунап.

 

Қалған өлкем жастығымның тұғыры,

Әкететін баурап жанды тұнығы.

Содан менің құлағыма келеді,

Қоңыраулы жылқылардың дүбірі.

 

Салтанат Солтанкелдин




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑