banner-top12

Әдебиет 108b818d1df2249ce42add390ef4ecac-big

Қосқан уақыты Мамыр 9, 2014 | 1  064 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шығыс шайырларын қазақша сөйлеткен

Түніменен, түніменен тереземді тамшы ұрды,

Түніменен айтып жаттық жан сырды, жан сырды.

Түніменен, түніменен өзің жайлы түс көріп,

Жұмыр басқа мазасыз ой сан кірді, сан кірді,

   

Тереземді ұрмаңдаршы тамшылар

Тереземді ұрмаңдаршы тамшылар.

Осы бір жүрек сырын шертетін сыршыл ән осыдан ондаған жылдар бұрын Мәскеу жерінде туған.  Бір кездері «жұмыр басына сан кірген мазасыз ойлар»  көкірегін кернеген  жас жігіт ол кездері Мәскеудегі  Шығыстану институтының  ізденушісі еді. Елде қалған сүйгеніне деген сағынышын өлеңмен өрнектеп, сезім селіне алдына қойған таудай мақсатымен тосқауыл қоя білген, нәтижесінде еліне «ұлтымның әдебиетін, мәдениетін дамытуға үлес қосам» деген ұлы мұратын арқалап қайтқан Өтеген Күмісбаев еді.

«Ізденген жетер мұратқа» деген осы да. Кезінде Мәскеуден елге зерттеуші болып оралған жас маман – бүгінде жетпістің биігіне шыққан филология ғылымдарының докторы, профессор Өтеген Күмісбаев әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде Шығыстану факультетінің иран және үндітану кафедрасының меңгерушісі. Белгілі ғалымның жемісті еңбек жолы жайлы аз да болса әңгімелеуді жөн санадық.

Бойдағы қабілет қашан да адамның жігерін жанып, осалдыққа бой алдырмай жатады.  Өтеген Күмісбаевтың саналы ғұмырындағы еселі еңбегінің бір қыры шығыстанушылығы десек, осы салада талай дүниелер жасаған ғалым өзінің алғаш ғылым соқпағына түскен сәттерін төмендегідей еске алады.

«Алпысыншы жылдардағы әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі – тіл білетін мамандардың жоқтығынан Шығыс әдебиетінің зерттелмей жатқандығымен тоқайласатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әдебиеттану ғылымының қара шаңырағының сол тұстағы директоры Мүсілім Базарбаев өзі білім алған Шығыстану институтының шығыстанушы ғалымдарымен ынтымақтаса жұмыс жасау мақсатында қазақ жастарын Шығыстану институтына жіберуді мемелекет тарапынан шешкен болатын. Ұмытпасам, 1969 жылдың наурызы болса керек, бөлімге телефон соғылды. Мені Мүсекең шақырып жатыр деді. Құдайым-ау, кеше ғана келіп, кіші қызметкер боп жүрген, Мүсекең мені қайтеді деймін ішімнен. Барсам алдындағы көмекшісі Мария Василевна күте тұрыңыз деді. Бастық шақырса біразға дейін дегбіріміз қашып, басылғанша тіземіз дірілдейтін әдеті ғой. Мұндайда он минутың он сағаттай көрінеді, оның үстіне Мүсекең шақырса ше. Аяғымның ұшынан басып ішке кірдім, директор бір қағазға үңілуде екен. Бір сәтте басын көтерді. Аппақ арғымаққа қазданып, қазықтай отырған Мүсекең өткір жанарымен тұла бойымды бір шолып өтті.

– Сен оқуға барасың ба? – деді.

– Қайда? – деппін.

– Москва, Шығыстану институтына ізденушілікке, – деді анықтап айтып.

– Москва-ға-ма? – дедім қайталап, зәрем кетіп. Бала күнімнен бір көруді армандаған қалаға оқуға бар дейді.

– Кішкене ойланайыншы, аға. Әке-шешем жоқ, жүріп жүрген қызым бар еді, сонымен ойласып келейінші, – деп салыппын. Директор жымиды. Сосын барып тұла бойым жылыды. Ойланып, ойласып келуге ұлықсат етті».

Міне, шалғайға аттанған жас жігіттің «Тереземді ұрмаңдаршы тамшылар» деп жыр жазатын кезі осы тұс болатын. Бүгінде А.Есмахановтың әніне жазылған «Тереземді ұрмаңдаршы тамшылар»  әні барша қазақтың сүйіп тыңдайтын әндерінің қатарынан орын алды. Ендеше, Өтеген Күмісбаевты қазақтың поэзиясы мен прозасына бірталай үлес қосқан сыршыл ақын және жазушы ретінде де мойындаймыз. Бұған ақынның қаламынан туған «Тұңғыш» (1964 ж), «Алақан» (1966), «Менің кішкентай үйрегім» (1968), «Ақбота» (1972), «Ақ шолпан» (1974), «Горный кумыс» (1976), «Степная рапсодия» (1983) атты жыр жинақтары дәлел бола алады. Ақынның «Солидарность», «Литература и ты», «Мы – молодые» секілді Мәскеуде шыққан жинақтарда басылып, шет тілдерге аударылғандары да бар.

Ал қазақ прозасына қосқан «Жапырақтар түсіп жатыр» (1969) мен «Ауылдан шыққан жол» (1975) атты әңгімелер жинағымен  бірге поляк революционері туралы романы қаламгердің жазушылық қырын айқындай түседі.  Тіпті Өтеген ағамыз аудандық газетте әдеби қызметкер болып, еңбек жолын журналистіктен бастағанын ескерсек, оның «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгеруші қызметтерін атқаруы да өзінше бөлек әңгіме.

Десек те, Өтеген Күмісбаев алдымен ғалым. Оның осы саладағы еңбектерін 1969 жылы Қазақстан Респуликасы Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына келген кезінен бастап сөз етуге болады. Сол жылы Мәскеудегі КСРО ҒА-ның Шығыстану институттың аспирантурасына түскен ол арада өткен қырық жыл ішінде қазақ әдебиеттану ғылымына қыруар үлес қосты. 1974 жылы «Тұрмағамбет Ізтілеуов және оның «Рүстем – Дастаны» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 1980 жылдардың соңын ала докторлық диссертация қорғаған ол – бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымында өнімді еңбек етіп жүрген ғалымдардың бірі.

Ол 1969 жылдан 1994 жылға дейін аталған институттың кіші ғылыми қызметкерінен бастап директордың орынбасарына дейінгі аралықтағы неше алуан қызметтерді атқарды. Жетпісінші жылдардан бері ол әдеби-сын мен әдебиеттану ғылымына «Екі перне» (1980), «Тұрмағамбет Ізтілеуов және оның «Рүстем – Дастаны» (1982), «Ортақ арна» (1985), «Терең тамырлар» (1994), «Абай және Шығыс» (1995), «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» (1997), «Иран әдебиетінің тарихы» (2001), «Иран әдебиеті» (2007) және тағы басқа зерттеу монографиялармен үлес қосты.

Осы тұрғыда ғалым қаламынан туған шығармалардың ерекшелігі – қазақ әдебиетін Шығыс әдебиетімен салыстыра зерттеуі. Оның «Екі перне» атты тұңғыш мақалалар жинағына енген зерттеулерінің дені Шығыс поэзиясына арналған. Зерттеуші «Бахрам» дастаны мен «Шахнама» туралы айтып келеді де Абай мен Шығыс жұлдыздарының шығармаларына тоқталады.

Ғалым зерттеулерінде түбі бір түркі халықтарының әдебиетін зерттеу арқылы туысқан түркі халықтары әдебиетіндегі байланысты жүйелі түрде зерттеудің нәтижесінде әдебиеттану ғылымындағы дәстүр және жаңашылдық мәселесі негізге алынды.

 Осы тұрғыда «Иран әдебиетінің тарихы» атты еңбегі – иран әдебиеті туралы қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулық. Ғалым бұл еңбекте парсы поэзиясы мен прозасын қоса сөз еткен.

Прозалық шығармаларын «саяхат», «әйелдер қулығы», «сараңдар мен жомарттар», «ғашықтар жайы» деп жіктей отырып, «Мың бір түннен» алынған ертегілерден бастап «Бахтиярнаама», «Кабуснама» сынды озық үлгіде жазылған туындыларға жете талдау жасалған.

Ғалымның «Иран әдебиеті» атты үшінші оқулығына Фирдоусидің «Шаһнамасының» тақырыбына жазылған қазақ өлең, дастаны арнайы тараумен енген. Ғалым қазақ тілді оқырманға иран әдебиеті, поэзиясы, прозасы туралы толыққанды мағлұмат берген.

«Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» атты еңбегінен қазақ әдебиетінің Шығыс әдебиетімен байланысын көруге болады. М.О.Әуезовтың 100 жылдық мерей тойына орай шыққан.

Өтеген Күмісбаевтың өнімді еңбегінің ендігі бір қыры – көркем аудармашылығы. Ол көркем  аударма саласына да үлес қосып келе жатқан талғампаз тәржімашы. Осы тұрғыда парсы-үнді классигі Әмір Хұсрау Дехлевидің «Жұмбақтың сегіз бағы» дастанын түпнұсқадан аударса, М.Рыльскийдің «Раушан мен жүзім» (1987) өлең-поэмалар кітабын тәржімалады. Осылардың қатарында Р.Ғамзатов пен Вс.Рождественский, Явухулан жырларын қазақшалағанын баса айтқан жөн. (Мақала соңынан белгілі ғалым, аудармашы, ақын Өтеген Күмісбаевтың бір топ дүниелерін оқисыздар).

Міне, әдебиет саласына қомақты қазына қосқан белгілі ғалым алдымен ұлық болған сайын кішік болатын зор адамгершілік иесі деп естиміз. Ұлағатты ұстазы жайлы «Адам баласына Алла тағала бар мүмкіндікті берген. Оны кім қалай пайдаланады өз еркі. «Жалған айтып алдында Туған далам, Төмен қарап түскен жоқ кірпіктерім» дейтін ақын – жаны таза, жүрегі ақ жандардың бірі. Мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермейтінін ескерсек, бұл да ақынның жеке қыры. «Мәуелі ағаш піскен сайын еңкейе түседі» дейді атамыз қазақ. Мен үшін жаратылысынан кішіпейіл, бауырмал Өтеген ағай сол мәуелі ағашқа ұқсайды» деп ағынан жарылады ғалымның бір шәкірті. Ендеше, ғылымның жанашыры, жастардың қамқоршысы болған Өтеген Күмісбаевқа осы тағыңыздан таймаңыз деген тілегімізді білдіреміз.

Мейрамгүл Құрманалиева.

Фирдоуси

(Парсы тілінен тікелей аударған)

 

Дос және достық, әділет, ата-ана жайлы

 

                     * * *

Достық деген жаратылған төзімнен

Қиын кезде бірге болсын өзіңмен.

               * * *

Сұрапты ескі достардан

Сүйейтін кім бар қолтықтан.

Шын досы пейіл ақтарған

Әділет, мейірім жолыққан.

               * * *

Бола ма, сірә мәңгі дос,

Ажырасар күні жылайтын.

Жолдасқа жақсы көңіл хош,

Жүрегін, жанын қинайтын.

               * * *

Достықтан мәңгі не қалар

Көңіл төмендей қалмасын.

Қайырымды ісі таң қалар,

Мейірімді досты жалғасын.

               * * *

Өлілерге жаман сөзді жуытпа,

Олармен дос болғаныңды ұмытпа.

               * * *

Көбейіп жатса достары

Көркейіп кетер береке.

Араға кірсе досқа мін

Қылады біреу келеке.

               * * *

Жақсы дос сағынышқа сақтағаны

Үнінен айналады баққа жаны.

 

Әділеттілік, ізгілік және игілікті іс

 

Әділетті бол, даңқ іздесең

Жетесің бар арманыңа.

Жақсы, жаман бірдей бол сен

Ақылшы бол талғамыңа.

               * * *

Мейірімді адам, біліп қой сен,

Әділетті бол игі ісіңмен.

Ізгілікті біліп жүр сен.

* * *

Айнымай жүр әділ хақтан,

Қуанышты боласың шат.

Сақтанып жүр жын-шайтаннан

Бақыт сыйлар шын шапағат.

               * * *

Шыншыл бол да шындықты ізде

Тәуелсіз бол игіні үзбе.

               * * *

Әділ болсаң бақыттысың,

Кек сақтасаң қауіптісің.

               * * *

Әділетті бол илемейді,

Мұң да сені билемейді.

               * * *

Ақылдыны қуанта біл, жақын бол,

Залымдарды қысатұғын тақым бол.

               * * *

Жомарт жаны бай болар,

Жақсылыққа сай болар.

               * * *

Әділетсізден әділдікті күтпегін,

Артық баға бермейді ғой жұрт тегін.

Ақыл, ұят, көзқарасы болмаса

Шеберліктен ада болса кімде-кім.

               * * *

Жаба гөрме әділеттің есігін,

Құлығыңнан тая көрме несі мін.

Әділсін бе тәкаппарға кешірім.

               * * *

Әділетке бұйрық, үкім келмейді,

Әділ болсаң жаның әсем көлбейді.

               * * *

Егер еркек әділет іс жасаса,

Айқастарда жеңіп шықса тамаша.

                * * *

Кешіре алсаң бола біл кешірімді,

Әділдік қағып тұрсын есігіңді,

Шындық қана бітейді тесігіңді.

               * * *

Әділеттілік, ізгіліктен қашпағын,

Жасырынба ашық па, әлде қас-қағым.

               * * *

Жасай біл тек әділет пен жақсылық,

Қалай болсын, болмасыншы тапшылық.

                * * *

Бұл дүниеде әділ болсаң болғаны

Ашық болсын, жабық болсын сол сәні.

               * * *

Әділдіктен басқа сөзді айтпайды,

Әділдікпен бүкіл жаһан жайнайды.

                           * * *

Биік тұрса әділ үкім, шыншылдық,

Жаның мөлдір бұлақтайын мың жылдық.

                           * * *

Гүлдердей-ақ болмады хош иіс те.

Фаридун, Фаррухболған емес періште.

Әділеттен тапты игі іздерін,

Фаридундей әділ болшы бір керім.

                           * * *

Жақсы болса ұл әкеге жұбаныш,

Жанын мұңнан тазартатын қуаныш.

Әкесіне мейірімі көп болсын,

Әділдігі, қайырымы көп болсын.

Таза киім,таза тағам ішіп жүр,

Әке сөзін көңіліңе тізіп жүр.

Қисық мінез үйренбесін әкеден

Сонда ұлы қашық болар қатеден.

                           * * *

Біле білсең жақының жоқ баладан,

Сезіміңді жаңғыртатын жаңадан.

Жанарыңдай жақын тартып тұрады,

Жүрегіңде болады оның тұрағы.

* * *

Қуаныштың артығы жоқ сәбиден

Арманыңды жалғастырып тұратын.

Әлем үні басталады әлдиден

Мұрагерің ұмыттырмас мұратың.

Перзентіңнің иісіне иисің,

Әп-сәтте сен арыласың күнәдан.

Жан-жарасы азаяды, кеңисің

Қуат алып бала деген данадан.

               * * *

Дүниеде не бар екен жаннан артық,

Сол жанға тең келеді бала-бақыт.

               * * *

Сөзін жерге тастамай ата-ананың

Ата аймалай білсе ғой балапанын.

               * * *

Еңбекпен келеді ғой даңқ, байлық

Сол шыңға ұмтылумен құшақ жайдық.

* * *

Артыңда қалсын жақсы атың,

Даңқты іздеу – мақсатым.

* * *

Игі атыңды жомарттығың қалдырар,

Қазына бұл қашандағы жарқырар.

 

Әке, ана, бала және олардың

жағымды, жағымсыз әрекеттері

Анашыңның ңақыл сөзін аттама,

Жаман сөзге бара көрме даттама.

               * * *

Ана ақылын қабылдама шалағай,

Ана сөзін басшылыққа ал, балақай!

               * * *

Әке ұлын отырғызса зынданға,

Жау гүлінен артық деп біл жынданба.

               * * *

Кеңесін де қадірлей біл әкенің,

Сақтандырып алдын алар қатенің.

               * * *

Қанша батыр болсын, мейлі әкесі,

Кішілерді тыңдау керек жәкесі.

               * * *

Баласына әке разы болмаса,

Түп тамыры тәуір емес ол да аса.

* * *

Әке жанын қайғы, мұңға батырма,

Қанша өкпелеп жүрседағы шатылма.

               * * *

Құштарлық емес, мәңгілік атың қалсын,

Тілегің алға апарып жарқылдасын.

Тірі адам тірлігінен қалыспайды,

Жер астында өлілер алыстайды.

               * * *

Дана айтты: даңқпен өлген дұрыс,

Тірі жауды қуантпай көмген дұрыс.

               * * *

Кімнің егер жүріп тұрса жақсы аты,

Әркімдермен сөйлесу сол мақсаты.

               * * *

Масқара іс қалғанша, қайырымды іс қалсын.

Айлы аспанның астында зұлымдықтар қысқарсын.

Омар Хайям

Сәттен кейін сәт туып өмір өтер,

Жарқ етіп шаттығымен бір тербетер.

Өмір деген түп мәні бұл жаһанның

Оны қалай өткізсең солай кетер.

                       * * *

Мақсаты бұл жаһанның биігі біз

Жауһарлар қазынасының көзі де біз.

Бұл дүние бір дөңелек жүзік болса,

Соның бір асыл тасы, өзі де біз.

                       * * *

 Бізге дейін шапақтар жанып өткен

Бізге дейін жұлдыздар ағып көшкен,

Аяғыңмен таптаған топырақта

Жарқылдап жас жанарлар ғұмыр кешкен.

                       * * *

Қайдан келдік, барамыз қай тарапқа,

Өмір мәні шашылған шартарапқа.

Көкдөңгелек астында қаншама жан

Күлге айналып кетеміз кім қарапты ә?!

                       * * *

Мәңгілік құпиясын сен де, мен де,

Сөздің сырын білмейміз сен де, мен де.

Арамызда перде бар түсіп кетсе

Не боларын білмейміз сен де, мен де.

Күш берсе маған ерек жаратқаным,

Басқаша түзер едім жарап тәнім,

Жасар едім басқа бір ақылды аспан,

Көрер едім махаббат таратқанын.

                       * * *

Құдай-ау, саз балшықтан иледің не істеймін мен?

Тәнімді де жараттың не істеймін мен?

Жақсы, жаман белгілеп істерімді,

Маңдайға жазып қойсаң не істеймін мен?

                       * * *

Шара не өмір қолдан сусып өтер

Ажал жетсе жігерің қанға бөгер.

О дүниенің хабарын кім біледі,

Қайтесің сұрап әуре болма бекер.

                       * * *

Бұл дүние байыды ма мен келгенде,

Бір жапа шегеді ме мен кеткенде.

Опасыз бұл жалғанға және оралып,

Не болам топырағымды тербеткенде.

                       * * *

Жарандар, бұл дүниенің даналығын

Білем деп қиындығын қалады кім.

Жол бермей адастырып қараңғы түн,

Ұйқыға кетті бәрі аяғы мұң.

                       * * *

Бар ғылым жүрегіме болды жақын,

Құпиясы қалмады ақтаратын,

Жетпіс екі жыл ой кештім күні-түні

Ешнәрсе мәлім емес мақтанатын.

                       * * *

Жер жаһанда сен ғана жаратқаным,

Қаншама жүректерді парақтадың.

Жоқ қылдың талай ерін, бұрымдарды

Сараңдай бір сандықта сараптадың.

                       * * *

Оян, сілкін бекерге қайғыланба,

Шаттықта бол бері кел шайхыланба.

Фәни жалған тұрса егер бір қалыпта

Риза болып өтерсің ай бұған да.

                       * * *

Аспани хақ бір мәңгі алаңымыз

Сіздерге бір талану – қалауымыз

Жердің шарын қай тұстан түртсеңдағы,

Бізден алған гауһарлар, қалады із.

                       * * *

Оралған бар ма, сірә ұзақ жолдан,

Қайтадан кім келіпті бұралаңнан.

Қалдырма қазынаңды жер ортада,

Енді қайтып жетпейді қолың оған.

                       * * *

Бұл аспанның астында өмір азап,

Аямайды біздерді өтер қажап.

Дүниеге келмегендер білсе мұны,

Келмейді, бізден олар бақыттырақ.

                       * * *

Бір сырымды айтайын саған ғана,

Адамның азабына болмас пана.

Алла бізді илеген саз балшықтан,

Мәз боламыз азырақ алдағанға

                       * * *

Бұл дөңгелек дүниеден не білеміз

Басы жоқ, аяғы жоқ жегілеміз.

Әйтеуір келіп, кету міндетіміз

Мақсатын кім айтады тегі деңіз.

                       * * *

Әгәр жүрек жетпесе шындығына,

Несіне кешеді екен мұңды мына

Тағдырдың жазғанына көнеміз ғой.

Рас қой келер бәрі анығында.

                       * * *

Бір есік кірсеңдағы, шықсаңдағы

Өлім күтер өзіңді тықсаңдағы.

Бақыт деген қас-қағым ғұмыр кешу

Тумаған бақыттырақ біздендағы.

                       * * *

Жастық шақтың кітабы таяп қалды,

Қайтейін көктем өмір таяқ қалды.

Жастық құсы самғады қай тарапқа,

Өкінішті-ау білмеймін саяқ қалды.

                       * * *

Алла мені балшықтан илегенде,

Сұрамаған өзімнен сүймеген бе?

Күнә жасап өтіппін күш жеткенше

Сол үшін жұмақ маған тимеген бе?

                       * * *

Билей алсам өзімнің тағдырымды

Қайтадан жасар едім жан сырымды,

Жаһанның жоқ етер ем уайымын

Қуаныштан соғар ем әр қырымды.

                       * * *

Тілегім жараспаса жаратқанмен

Құдайшыл қалай болам қаратқанмен.

Тілегі Тәңірімнің менен биік,

Күнәдан пәк емеспін дара өткенмен.

                       * * *

Пәк келіп ек о баста, ластандық

Шаттық еді жүзіміз естен тандық.

Көзге жас, жүрекке от толып кетті,

Ит өмірі біткесін құмға таңдық.

                       * * *

Көңілден, көңілсіздік жынды қылар,

Шырақ жанып тұрғанда шындығы бар.

Адамзат баласынан балшық жасап,

Кірпіштен үйлер құрап, сарай салар.

                       * * *

Екеуміздің деміміз біткен шақта

Бір-бір кірпіш тастайды топыраққа.

Содан кейін басқа бір мүрде үшін

Күлімізден кірпіштер жасамақ па.

* * *

Шебердің қолындағы қуыршақпыз

Шындық сол мұны қалай ұмытпақпыз

Құдірет бізді күнде жіпке тізіп,

Сандыққа тыға салар ұлықсатсыз.

                                           «Көңіл күйі»

 

                                 (Секен Тұрысбековке)

   Көңілдің күйі әлдекімді іздеп шағынған,

   Күй екен керім моншағын мұңның тағынған.

   Жапанда жалғыз қалғандай сезім кешкенде

   Жақсы бір жайсаң жарылып жатса ағынан.

   Нәзіктік, шіркін аққу ғой іші жаралы,

   Жүректің сондай қалтарыстары бар әлі.

   Көмейде сонау қысылып жатқан өксік үн,

   Қанатын жазып, жағаны кезіп барады.

   Көңілің сенің құлдилап шығар құр аттай,

   Жабығып жарын күткендей шығар жырақта ай.

   Көкала дәурен күмбірге қалай сыйып тұр,

   Таулардан таңда еркелеп шыққан бұлақтай.

   Сеңгір ойларды сабылтқан сәнді саз қандай,

   Өзіңді-өзің ұмытып кетсең азғантай…

   Сиқырлы әуен жұбатар тербеп пендені,

   Күй – емші келіп сырқатты сылып жазғандай.

   Домбыра – жаным жақыным болып кетесің,

   Елітіп барам есімді жисам нетесің.

   Қазақ бар жерде домбыра – дастан өлмейді,

   Бір күні сен де көзімнен мәңгі өтесің!

   Тілдесу ме екен тұңғиық әлем ғарышпен,

   Қоштасу ма екен боздаған ана бар іспен.

   Өмір ме, ойхой, өткінші жауын секілді,

   Құдықтың тастай суына қанып нәр ішкен.

   Құлан ба, әлде жеріген жота, қағынан

   Бозжігіт пе екен көз жазып қалған бағынан,

   Саусағың алтын Секендей інім жүрші аман,

  «Көңілдің күйі» тартылмай кетсе сағынам.

                                           

 

                                        Алматыдан басталған ақ отау

 

                        Жайылып жатыр, міне аппақ мата,

                        Айтылмақ қызға қазір соңғы бата.

                        Гүл шашылды үстінде тілек жолдың,

                        Ақ пейіл ата-анада болмас қата.

                        Қалыңдық көздің жасын тия алмады,

                        Оятып әлденені қиялдағы.

                        Жат үйіне жар болып кеткелі тұр,

                        Соңғы рет самғатады ұяңдағы.

                        Көсіліп жатыр гүл мен аппақ мата,

                        Жасаураған жанарды жарқылдата,

                        Біреу күліп, көздерін бірі сүртер,

                        Әлдекімнің жүрегін салқындата.

                        Ананың көмейіне жас тығылды,

                        Еске алып босай берді жас күніңді,

                        Кенже қызы әлі тұр ботадай боп,

                        Алғашқы адым ашқалы ақ тығынды.

                        «Қарағым арт жағыңа  бұрылмағын

                        мәңгі енді басқанікі тұлымшағың».

                        Дүрілдеген әкенің үні үзіліп,

                        Соңғы рет өпті барып құлыншағын.

                        Немерелер менің де барым бүгін,

                        Толқып та тұр қасымда жарым – күнім.

                        Күйеу бала құшақтап алып кетті,

                        Ақ матамен алаңсыз қалыңдығын.

                       

                                         Бөлекке

 

                        Қалқам, мына түріңмен байытпайсың,

                        Дүниеде сараңдықты айыптайсың.

                        Ескегіңді сұраса тегін беріп,

                        Толқында жалғыз қалған қайықтайсың.

                        Жаным, мына түріңмен байытпайсың.

                        Біреулер мал жияды өліп-теріп,

                        Түбінде не боларын көріп келіп.

                        Атымтай Жомарт қызы деймін сені,

                        Жалғыз құртын жүретін бөліп беріп

                        Базбіреу мал жияды өліп-теріп.

                        Бірдеңе жиналады саған демде,

                        Құдай өзі береді көңілі кеңге.

                        Бергеніңнің жартысын алып қалып,

                        Болмағасын сілтедім қолды мен де.

                        Несібе жиналады саған демде.

                        Әлеумет, сыйлаңдаршы сақи жанды,

                        Олардың аты өлмейді бақи мәңгі…

                        Байлығы асқан саудагер әйеліне

                        Жуырда бердің жалғыз сақинаңды,

                        О Алла, сақтай көрші сақи жанды.

                        Жұртты риза еткенді жаратасың,

                        Жомарттықты өзіңе қаратасың.

                        Нарықтың күйіп тұрған заманында

                        Бір көйлегің қалғанша таратасың,

                        Жұртқа ізгілік еткенді жаратасың.

                        Мен де пенде тұрады-ау көсілгім кеп,

                        Жарылқағым келгендей досымды көп.

                        Шыным сол, бірақ саған жете алмаймын

                        Ойлаймын саған қалай қосылдым деп

                        Мен де адаммын тұрады көсілгім кеп.

                        Асып кетті, о сансыз жақсылығың,

                        Бір кісіге болмады тапшылығың.

                        Сонау өткен ғасырдың қызысың сен,

                        Біз білмейтін бардай – ақ бақсылығың

                        Асты-ау, сірә шашымнан жақсылығың.

 

                                          Қарғалар

           

            Тас төбемнен қарқылдама қарғалар,

            Маңдайыма жазылған жыр бар болар,

            Мазамды алма жырларымды төгейін,

            Әйтпесе бас ойда-жоқта қаңғалар.

            Барқылдамай әрі кетші, шырағым,

            Кайбір сенен шығар дейсін қырағы үн.

            Жетістіріп жүргенім жоқ өзім де,

            Самғай алмай жүрген кезде пырағым.

            Қуанайын жасамашы таршылық,

            Өмір деген  өңеш күйген аңшылық.

            Тұлабойды мұздатады сұңқылың,

            Сенен басқа қарғалар да баршылық.

            Босат жолды, қара нүкте,  қайт кейін,

            Сауысқанға бір әңгіме айт дейін.

            Ұғар ма едім бұлбұлдардың қадірін,

            Қара қарға сен болмасаң қайтейін?!

                                                                             Өтеген Күмісбаев




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑